Қоғам және бізТаңдаулы

АЛМАТЫНЫҢ БІЛІКТІ БАСШЫСЫ

ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА

Әлем жұртын алаңдатып, наурыздың белортасында қазақ жеріне де тырнағы іліккен тәждітажал індеті, әсіресе, еліміздің ең ірі қаласы – Алматы жұртын дүр сілкіндірді…

Мемлекеттік қызметте еліміздің үкіметбасы лауазымына дейінгі мол тәлім-тәжірибе жинақтаған білікті басшы, Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ COVID-19-дың таратылуына байланысты қысқа мерзім ішінде қашықтан оқыту форматына дереу көшіруді жылдам қолға алды.

Қазақ топырағындағы әсем шаһардың тұрғындары – елдегі ең жиі шоғырланған, қомақты қауым. Демек, ауадан және жақын қашықтықтан жұққыш кеселдің таралу қаупінің деңгейі – мұнда бірнеше есе көп болатын.

Алматы әкімдігі қала оқушылары мен мұғалімдерін қашықтан оқытуға қажет барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге шұғыл кірісті. Сәуірдің басында дереу қашықтан оқытуды бастау үшін оқушылар мен мұғалімдерге қала мектептеріндегі 10 мыңнан астам компьютер мен ноутбук уақытша қолдануға таратылды. Сонымен қатар, 3 мыңнан астам оқушыға мемлекет бюджеті есебінен компьютер сатып алынды.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ өз бастамасымен бір ғана компьютері бар көпбалалы отбасыларға көмек ретінде қосымша техника бергізді. Бұл жағдай мектепке баратын төрт немесе одан көп баласы бар отбасыларға қатысты еді.

Турасында, айтуға тым оңай осы деректер, іс жүзінде, орасан күш-қуат пен ерік-жігерді талап етеді. Өйткені, жасыратыны жоқ, әлемдік індеттің тырнағына кенеттен іліккенде, еліміздің білім саласы есеңгіреп қалғандай болды. Еліміздің Білім және ғылым минстрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВтің өзі бұған дейін орта білім бойынша қашықтан оқыту болмағандығын және заңда да қарастырылмағандығын; бұған дейінгі техникалық дайындықтың нашарлығын; интернет платформаларының болмағандығын; ұстаздардың цифрлық сауаттылығының төмендігін; интернет желісінің жеткіліксіз әрі әлсіздігін ашық мойындап, каратиндегі 5 млн-ға жуық оқушылар мен студенттерді онлайн оқытуда айтарлықтай қиыншылықтар бар екендігін ашық мәлімдеді.

Білім саласының соңғы жылдардағы қысқаша тарихы мынадай еді: Тұңғыш президент, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осыдан бақандай сегіз жыл бұрын, 2012 жылғы халыққа жолдауында «2020 жылға қарай білім беру ұйымдарының 90 пайызы электронды білім беру жүйесіне көшеді» деп атап өтсе де, бюджет пен өзге де қаржы көздерінің 371 млрд теңгесін «игерген» бағдарламаны 2014 жылы «жауып тастау керек» деп мәселе көтеріле бастады. Өзінің ғарыш спутнигі бар Қазақстан сол мезетте интернет жылдамдығы бойынша әлемдегі елдердің арасында 64 орында тұрған екен.«Қазақстан үшінші жаңғыруы» керек екенін айтып, тез арада цифрлануға бұйрық берген экс-президент Назарбаевтың жолдауынан кейін «Цифрлы Қазақстан» деген бағдарлама «іске қосылып», алдағы 5 жылға жоспар жасалған (Қаржысы 310 млрд теңге, оның ішінде, 141 млрд теңге – мемлекеттік бюджеттен; 169 млрд теңге – квази мемлекеттік сектор бөлінген).

Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВтің өзі COVID-19 басталмай тұрып «кең жолақты интернеттің көп мектептерде төмен» деген болатын. Өйткені, «Цифрлы Қазақстаннан» бұрын (2011 жылы) «Онлайн оқу» мақсатында «e-learning» бағдарламасы «қолға алынып», 371 млрд теңге «желге ұшқан». «е-learning», тым құрығанда, мектептерді интернетпен қамтып, «электронды күнделік»-ті жолға қойып бере алмады. Керек десеңіз, «электронды күнделік»-ті мұғалімдер мен ата-аналар түгілі, мектеп әкімшілігіде көбіне дұрыс пайдалана алмайды. Ал, «Күнделік» қажет, оның ішінде талдау жұмысы бар, нақты қай мектептің білім сапасы жақсы екені көрсетілген. Үй тапсырмасын қадағалау, кері байланыс – мұғалімдер біліктілігінің көрінісі. Цифрландыру үрдісінің кешігуі – мұғалімдердің кінәсі емес, керісінше, кең жолақты интернет көп мектептерде өте төмен, мбит жылдамдығы тым нашар, интернет-провайдерлердің ақысы аса қымбат. Мектептер 100 пайыз бейнекамералармен жабдықталмаған, орталық басқару органына қосылмаған. Енді «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша, 2020 жылы бүкіл Қазақстанды интернет жүйесі түгел қамтуы керек болғанымен, бүгінгі күні қазақ ауылдарындағы 100-ден аса мектептерге интернеттің мүлде бармаған екен.Дегенмен, «ауызды қу шөппен сүрте берудің» қажеті жоқ, Білім және ғылым министрлігінің шалт қимыл, батыл шешімдерінің арқасында барлық өте аз уақыттың ішінде еліміздің мектептерінде қашықтан білім беру бойынша сынама сабаққа 2,3 млн оқушы мен 270 мың мұғалім қатысып, оқушылар мен мұғалімдердің 70 пайызы интернет платформамен жұмыс істеуді меңгеріп алды.

Бүгінгі таңда Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВтың қатаң бақылауының арқасында шаһардағы 266 мектеп, 80 колледждердегі білім беру қызметкерлерінің карантин кезіндегі жұмыс тәртібі үш санат бойынша анықталды:

  1. Әкімшілік-басқару қызметкерлері – басшы, орынбасарлар және техникалық қызметкерлер әдеттегі режимде жұмыс істеді.
  2. Пән мұғалімдері үйде отырып, қашықтан жұмыс істей алады. Бұл ретте олардың жалақысы толық көлемде сақталды.
  3. Ақылы еңбек демалысына шығуға тілек білдірген қызметкерлердің қалауы толық қанағаттандырылды.

Жедел түрде цифрлық ресурстарды пайдалануды үйренген мұғалімдер онлай-сабақ жүргізуді де, қашықтан сабақ жасауды да, видео-сабақтар түсірудің де бірнеше әдіс-тәсілдерін қажетті деңгейде өткізе алады. Қашықтан оқытудың бірнеше форматы ұсынылды, мұғалімдер өзіне қажетті форматты таңдап алады. Тек, интернет жүйесінің жеткіліксіз болуына байланысты қашықтан оқытуды – онлайн-оқумен шатастырмау керек.Типтік оқуға байланысты IV тоқсандағы сағат сандары қысқартылмады және мұғалімдердің жалақыларында өзгеріс болмайды екен. Көптеген күрделі мәселелерде оқушыларға ғана емес, мұғалімдерге де жеңілдік жасалып отыр.

Осынау орасан жауапты шаруаларды, мүлдем таныс емес жаңалықтарды тез түсініп, жылдам меңгеріп, сапалы пайдалануда Алматы қаласының әкімдігі алдыңғы орыннан көріне білді.

Тәжірибелі жетекші, жаңашыл басшы Баақытжан ӘБДІРҰЛЫ тізгінін ұстаған Алматы қаласы  оқушылар мен мұғалімдер интернетті еркін қолдана алуы үшін Кcell, Belline және «Қазақтелеком» байланыс операторларымен бірге әртүрлі тиімді тарифтік жоспарларды іске қосуды тиянақты ұйымдастырды.Ұялы байланыстың осы түрлері арқылы 700-ден астам мұғаліммен 4000-нан астам отбасыға интернет тегін берілді. Оқушылар үшін Balapan және «Еларна» арналарынан 5 күн телесабақ өтуде. Almaty телеарнасы 9-11 класс оқушыларына «Жаратылыстану» мен «Математика» пәндері бойынша арнайы курстар ұсынды т.с.с.

Қай қызметінде де жаңашылдығымен оза шапқан Алматының білікті басшысы Бақытжан САҒЫНТАЕВ: «Қазіргі қиын күндер сынақ қана емес, үлкен мүмкіндік. Ұстазға сенім білдіру керек. Еліміз оқытудың жаңа жүйесіне, білім беру саласы өзгерістің жаңа кезеңіне көтеріліп келеді, оқытудың жаңа үрдісінен бас тартпай, тәжірибемізді толықтыра түскеніміз абзал.Оң жол мен тиімді технология болып табылатын «Қашықтан оқыту» уақыттың өзі ұсынған әдіс. Рас, түрлі гаджеттерге тәуелділік – ғасырдың қауіпті үрдісі деп есептелгенімен, шәкірттерімізді техника құрсауынан бөлек салауатты өмір салтын сүруге дағдыландыруымыз керек» –деп, ағынан жарылды.

Расында, еліміз үшін аса жауапты кезеңде мұғалім оқушыдан шектен тыс есептілік талап етпегенімен, 2019-2020 оқу жылының IV тоқсанында әрбір мұғалімнің білімі ғана емес, біліктілігі де сыналатыны айқын. Ал, Білім және ғылым министрлігі тұжырымының негізгі ләмі: «Білім беру жүйесі өзгереді, басқа жол жоқ. Нақты регламенттер мен стандарттардан гөрі неғұрлым икемді әрі жекеленген стандарттарға көшу керек. Қашықтан оқыту аясында геймификация элементтері, квиздер, цифрлық білім беру ресурстары болуы тиіс» – дегенге сайды…

Кез келген басшының елге еткен ерен еңбегін еселеп, ел игілігіне айналуына ықпал ететін – сенімді серіктестері. Өткен өрелі жылдың ең соңғы күні Алматы қаласының Білім басқармасына жаңа басшы болып тағайындалған Ләззат Әуезханқызы ЖЫЛҚЫБАЕВА– оңтүстік астана жетекшісінің қалың қауымға қадірін асырып, абыройын қорғаған әріптестерінің бірегейі.

Әрбір ата-ана ұрпағының тәлім-тәрбиесі мен білім-білігінің сапасына айрықша құлықты. Сол себепті, біздің балаларымыздың басшысы туралы да тереңірек білгіміз келетіндігі – табиғи заңдылық. Үлкен қаланың бас мұғалімінің еңбек жолына қызыға үңілсем, 1996 жылы Алматыдағы №1 қазақ педагогикалық колледжінде мұғалім болып жұмысын бастаған Ләззат Әуезханқызы директордың орынбасары, Алматы қаласы Білім басқармасында маман және бөлім басшысы болып жұмыс істеген екен. Ал, соңғы жылдары Алматыда білім басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарыпты. Расында, әдеттегі шенеуніктердің біріндей «көшеде жүрген парқырды – әкім бол деп шықырды» дегендей емес, балаларымыздың білім саласының жетекшісі әрбір қызмет баспалдағын еңбегіңмен еңсерген маман екендігін айқын көрсетті.

Өзі де аяулы ана Ләззат Әуезханқызының салмақты сөз, салиқалы уәждері – оның төл кәсібінің кәнігі маманы, білікті басшы, терең тәлімгер екендігіне сенімімізді бекіте түсті: «Қашықтан оқу әртүрлі платформаларда сабақ дайындау ісінің озық үлгілерінің бірі. Онлайн-оқытудың да тиімді жақтары бар: білімгерлер аудиторияда отырғандай әрнәрсеге бір алаңдамай, бүтіндей бар зейінімен оқу материалына ден қояды. Оқытушыға да жақсы жағдай жасалынған: ол қажетті материалдың бәрін(видео, презентация, ментальді карта, ворд т.б.) экранға ауыстыру арқылы оңай көрсетеді. Және бір тиімді жағы кері байланысты барлық қатысушылардан алуға болады. Сұрақ қойып, «жазып жібер» деп тапсырсаң, сол заматта рефлекциясын көре аласың әрі сабақтан тыс уақытта асықпай оқып шығуыңа мүмкіндігің бар, сосын, көпшілікпен бөлісуге хақылысың. Мұғалім төл тәжірибесінде аудиториялық сағаттарға қосалқы түрде классрум, moodle, edmoda бағдарламаларын қолданып, дәріс материалдарын жүктеп, тапсырмалар беріп, аудиториялық сағаттарды үнемдей алады. Алматы қаласындағы карантин кезінде оқу орындары арнайы курс та ұйымдастырып, klassroom, moodle, webex бағдарламалары бойынша курстарды қатар жүргізілді және бұл жақсы тәсіл, бағдарламалар ютуб желісінде де бар».

Еліміздің баянды болашағының кепілі болар балаларымызға қаріп үйретіп, білім беріп, тәрбие сіңіретін әрбір ұстаз өз кәсібінің қатардағы маманы ғана емес, Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВтың сенімді серіктерінің бірі Ләззат Әуезханқызы тәрізді жанашыр ұстаз, білікті басшы, терең тәлімгер болуы керек, деп ойлаймын.

Түркістандық ұстаз Мәриям Тасболатқызы әлеуметтік желіде: «Жүрегі «қазағым», «елім» «тілім» деп соққан отыз жылда бір жарыған министріміз осы болған шығар…»деп жазыпты. Сол айтпақшы, жүрегі «қазағым», «елім» «тілім» деп соққан Бақытжан САҒЫНТАЕВтай басшыға алматылықтар да отыз жылда бір жарыды…

Бәрі – шындық, бәрі – дұрыс, қазіргі кезең: елдің бірлігі мен татулығының туын желбірететін жауапты уақыт.

 

Гүлшара ЖАЗЫБЕК,

Бір топ алматылық ата-аналар атынан.

Алматы қаласы.

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close