ТаңдаулыТүркі жұртында

КӨҢІЛ КҮНДЕЛІГІ

Сапар ЕРГӨБЕК, ХҚТУ-дың профессоры

БАЙГӨБЕК АТАМ МЕН ӘЖЕМ ЖӘНЕ ҚАРАКЕМПІР

Өңірдің сол тұстық шығыс жағы Бетпақтың ұлы дүзі. Оның етегін қарт Қаратау көмкерген. Өзін ықтай жайғасқан, Күнгей қазағына Құдай ырзық, ырыс қып берген Түркістанды қыстың қаһарлы қарлы боранынан, жаздың аптап ыстығынан қалқалағысы келгендей кейіпте. Шәрінің құбыла беті ұлы шөл – Қызылқұм. Ұлы Ана Табиғат Қызылдың ыстығын қалаға өткізгісі келмегендей ұлы құмның жиегін ұлы су Сырдариямен, оның ну тоғайымен әдіптеген. Көк күмбезі көк тіреген Түркістан осы сұлу сурет аясында, осындай ғажайып Табиғат Ана өрнегінің ортасын ала жайғасса да жазғы ыстығы мол мекен. Қысқы қара суығы мен желі, аязы да аз емес.

Е-е-е, осындай Тәңір сүйген мекенде, киелі Түркістан жерінде дүние есігін ашқан менің Байгөбек атам мықты ғой. Бәлкім мықтының мықтысы. Мықты болғандықтан да тағдыры түспегір бәндәсінә аумалы-төкпелі күй кештіріп, өмірлік жолы да қалыптан тыс ойқы-шойқы болып өрнек табатын болса керек. Содан да болар кейде тым қату қабақты болып, қатты мінез көрсетіп қалып та жататыны. Мықтылық пен қаттылық, қаталдық қабыса келіп бір бойда үндестік тауып жататын болуы керек бітімі бөлек  ерлерде. Біздің әулет адамының барлығы қазақтың ежелгі аталарындай көк көз сары болса да би атам қара кісі болыпты. Бәлкім нағашы жұртына тартқан. Ел-жұрт та соған орай «Қара би» атаған екен.

Күндердің күнінде атам Түркістандағы билік істерінен кештеңкіреп келіп, аттан түсіп, Ергөбектің қоржын тамының көлеңкесінде шәй ішіп отырғандарға келіп қосылады. Аты ерттеулі қалпы терін күтіп, байлауда қалады қаңтарылып. Сыр жағасы мен Иір көлдің иініндегі жазғы қапырық ыстықтың беті қайтып, бесін ауып қалған кез болса керек шамасы. Жол жүріп, шөліркеп келген атам, жерге жайылған мата дастархан басына жастық шынтақтап, жантая кетіп, ыстық шәйге емініп тұмсық тықса керек. Ыстық жердің қазағы «Уды у қайтарады» деп ыстық шәйге көбірек дем береді ғой. Атам байғұс үш-төрт-ақ кесе шәй алып үлгерді-ау шамасы. Қазан басында кешкі ас қамымен жүрген қатындар шу ете түседі:

– Ойбай, ұры келді! Ұры тиді жылқыға. Ойбай желідегі сауып отырған биеге баспалап барып қалды, – десіп. Оқыс шудан басын шалт көтеріп, жағдайды байыптаған Байгөбек сабырлы қалыппен:

– Ұры екені әбден анықталсын. Босқа шулай бермеңдер! – деп жұртты тыйып тастайды. Ондағысы ұры діттеген малына мінсін. Қайда қашып құтылар дейсің. Сәйгүлігіміз сай тұр ғой. Адымын аштырмай, әкелеміз ғой қайырып дегендік еді. Сүйдейді де ұрыны бақылай бастайды. Оның сөзінен өзінің қайратына, қаңтарулы тұрған атына сенгендігі көрініп-ақ тұр еді. Оның сөзі де ісі де нық сеніммен үндесе қабысып мығым шығып жатыр еді. Оның сабырлы қалпы біздің үйдің өзге адамдарына да әсер етіп,  іс ақырын үнсіз күтіседі. Бірақ бәрін дағдарған бір түрлі беймаза күй меңдеп алған. Үркек күймен үрейлі іс күтілуде. Ұрыны бақылап отырған би оның желідегі биелерге таяп қалғанын ескеріп, атына қарай ақырын қозғала бастайды. Сөйткенше болмай ұры жігіт бір биенің желідегі бас жібін кесіп жіберіп, жайдақ биеге қарғып мінеді. Ұры «шуу» дейді. Бие заулай жөнеледі. Би атам да сәйгүлігіне сарт етіп қона кетеді. Өзгеше бір беймезгіл тартыс, беймәлім бәйге біздің үйдің іргесінен басталады да кетеді. Шалт қимылды шапшаң ұры биенің бетін тез түзеп Түркістанға салады. Атына заты сай, астындағы аты да сай қуғыншы соңынан салады. Ә, дегеннен-ақ жайдақ бие оза шауып алға түседі. Қашқанның алда, қуғанның артта болатын әдеті дә. Одан кейінгісін бір Тәңірдің өзі біледі. Атама салсаң кәзір-ақ қуып жетпекші. Жетіп сазайын бермекші. Ауылдан құйрлық тістесіп дегендей жарыса шауып шыққан екі қылқұйрықтың Көктен тілегенін Құдай жерден берді ме беймәлім, әйтеуір екеуі де былай шыға кеудесімен суылдаған желді жарып, ырақаттанып көсіле шапты шабын керіп. Байгөбек бидің аты күнделікті суыт жүріспен суытылып жүрген бабындағы ат деуге болады. Ал түнде ауыл маңындағы жайылымда, күндіз күні бойы байлауда болатын сауын биеге не жоқ десеңізші, сонша суырылып. Заты ұрғашы болса да, әлденендей жануари бір түйсік тұлпары түпзатына тартқызып, бойын құштарлық кернеп, құлағын жел суылдатқан бір шабысты аңсатқандай ма қалай. Жайдақ, сауын биеге міне шапқан әумесер ұрыны көп ұзатпай-ақ соғып алам ғой деген ойы алдындағы бие алыстаса алыстап, жақындаса жақындап әуре етіп келеді. Ауылдан шығып Түркістанды бетке алған екеу ұзақ шапты. Ымырт үйіріліп, қараңғы түсе бастады. Жарықсыз, сұрғылт, көмескі кейіпте туған ай жарығы молайып нұрлана түскен. Бие де, биеге мінген ұры да алда келеді. Кәзір жетем, кәзір жетеммен ентелей шауып, шарасы таусылған Байгөбектің көкірегін кеуілінен шыға қоймаған атына деген ыза кернеп келе жатты. Әбден ашуға мініп, атына қамшы баса түскен. Егесінің ашу ызасын жан жүрегімен сезіп келе жатқан аты да барын салып келеді-ақ. Сол сезіммен, кінәлі көңілмен шапқан ат ашудан талағы тарс айырылардай болып келе жатқан егесін биесіне, жайдақ биеге кенедей жабысқан ұрысына жеткізді-ау әйтеуір. «Әб-бә-се», деп қабағы қарыс жабылып, қаһарлы кейіпте келе жатқан Байгөбектің көңіл тоңы жібігендей болды. Ұрыға төніп келіп, дойыр қамшысын аямай сілтеген. «О, тоба!» дойыр қамшыны қапысыз сілтеп, қарақшыны топ еткізіп түсіріп, допша домалатам деп ойлап келе жатқан ол көз алдында жалт етіп өте шыққан уақиғаға қайран қалды. Заулап келе жатқан бие үстіндегі қарақшы қазақ зып беріп бие бауырына аунап түскен. Жүзі ай сәулесіне жалт еткен. Иесінің ұрыға сілтеген дойыры бие арқасын осып өткен. Таяқ өткен жануар ышқына шапқан. Би атымен тағы да артта қалған. Тағы да атына қамшы басқан. Түнгі даланы дүрүлдетіп, Түркістанға да таяп қалған. Қаланың қалыңына кірсе, қара үзіп кетерін ойлаған Байгөбек те ышқына түскен. Егесінің көңілімен жан дүниесі қабысып келе жатқан аты екінші ірет қуып жетеді. Осы жолы қапы қалмасқа бекініп келе жатқан ол соққыны дәлме-дәл бергісі келіп, қамшысын барынша нақты сілтеуге тырысады. Қайратты қолдағы қаһарлы қару қапысыз сілтенеді. Өкінішті-ақ. Бұ жолы да шалт қимылды шапшаң ұры лып етіп жайдақ бие бауырына түсіп үлгереді. О, Тоба! Ол бие бауырында шауып барады. Ұшып келе жатқан бие бауырында ол да ұшып келеді. Кезі келді дегенде лып етіп ат арқасына қайта қонады.  Әбжыландай ысқырған дойыр  ауа қармайды. Түнгі әлемді сәулесіне шомылдырып тұрған ай қайта-қайта қапы қалып дағдарған атама жаны ашып, тілеулес кеуіл танытып, ұры жүзіне күміс сәулесін себеді. Таяқ жеген бие қайта ытырылады. Ара алшақтайды. Атам атына қайта қамшы салады. Құйрық тістесе шапқан екі аттылы түнгі Түркістанға алашапқын қалпы келіп кіреді. Бірақ қаланың шиыр-шиыр тар көшесіне кіргесін түздегідей көсілу қайда. Кібіртектей түсіседі. Әйтсе де алда келе жатып, қалаға алдымен іліккен ұры атамды адастырады. Ұрысынан айырылып, дағдарған би қала көшелерін біраз аралап, амалы таусылып қайта шығады. Ауылды бетке алады. Жолда ұрыны қуып жетіп, соққыға алған жерлерін бағамдап, шолып келе жатады. Өйткені бір қуып жеткенінде, атбауырына түскен ұрының тақиясы, екіншісінде кебісі түсіп қалғанын аңлап үлгерген. Түн іші болса да Байгөбек діттеген жерінен ұры заттарын тауып алып қайтады. Түз баласы үшін түннің күннен, түнгі даланың күндүзден айырымы аз болғанға ұқсайды ма қалай.

Ой үстінде келе жатыр. Ой азығы – бүгінгі ұры. Ай сәулесіне жалт еткен жүзі. Оның әрбір қимылы. Өзі соққы дарыта алмай, қапы қалып қажыса да оның әбжілдігін еріксіз мойындап, тамаша қылып, сүйсінгендей бір оғаш күй тауып. Онысына өзі де таң қалып. Қарақшы қазақтың  ғажап қайраты мен көз ілеспес жылдамдығы бір бойында әдемі үйлескен деп қояды ішінен ол туралы ойын қорытқандай болып. Бүгінгі қазақ қарақшылығы, барымтасы мен ұрысы кешегі елі үшін атқа мініп, толарсақтан саз кешкен ерлердің, ауыр қол ерткен батырлардың санада жаңғырығып тұрған аңсарлы жалғасындай екенін ойша саралағандай.

Желмен жарысқан жүйріктігін жан баласына сездірмей, сыр ғып сақтап келген биесін бір сәт еске алды. «Астыңдағы атыңа сенбе…» деген осы екен-ау деп ойлады. «Қарашы, бір тап келген қарақшының тақымында кетті, соның дегеніне көніп, соған мал болып… Қайтсін байғұс, заты мал ғой», – деп тағы қойды. «Күйсіз, күтімсіз сонша шапқанын қарасайшы, қолтығын сөгіп, шабын керіп. Жарықтық жылқының нағыз пырағы екен ғой. Мақұл пырақ болмай-ақ қойсыншы», – деп ойлады биесін қысадағы Мұқамбет Пайғамбардың жұмақтағы жылқысына теңегенін өзіне-өзі ерсі көріп. Күпірлік санап. Сөйтіп, «Дүлдүл ғой, нағыз дүлдүл», – деп қойды. Онысы Әзірет Әлінің талай ғазауат майданында серік еткен сәйгүлігі екенін де ойға алып, өзінен-өзі жымиып күлгендей болып қояды. Бір жағы қолды болған биесін қимай, бір жағы оның бөлек бітімі мен болмысын тап басып таныған жігіттің қапысыз діті мен қазаққа ғана тән мал танығыш сыншылығын тағы да мойындағандай болып. Әлденеге өзін қолайсыз сезініп. Бәлкім, кездойсоқ кез болған, қаңғыған қарақшының ерлік қайратының алдында өзін дәрменсіз танығандай. Онысына өзі ыза болып, кеудесіне қыжыл түйіп.

Арада жыл өтті. Түркістанның кісі құжынаған базары. Мал базары. Жігіттерімен базар аралап, көген жағалап келе жатқан Байгөбек қалт тоқтап, тұра қалады. Көп ішінен ұзын бойлы, артық етсіз сіңірлі келген бір жігіт етене танысындай жылы ұшырады. Елден ерек тұлғасы ерен қайратын танытып тұрғандай. Байгөбек жігітті бақылап біраз тұрды. Көз алдына түнгі дала, дала төсінде дүбүрлетіп, құйрық тістесе шапқан екі ат, соққыдан жалтарып бұлт еткен, ат бауырына аунап бара жатқан жігіттің ай сәулесімен жалт еткен жүзі келді. Ойы анықтала түсті. Қапысыз сол деген ойы нық сенімге ұласты. Жігіттеріне оны екі қапталдан қамауды бұйырды. Өзі қарсы алдына барып тұрды. Ол шамданып:

– Әй, алдыма кесе көлденең тұра қалғаның не? Сен өзі көген көріп жүрсің ба, кісі көріп жүрсің ба?! Бері қарама ары қара. Маған қарама, малға қара, – деді.

– Иә, дұрыс шамалап тұрсың. Мен мал емес, кісі іздеп жүрген жанмын жарқыным. Іздегенімді таптым. Жоғалтқан ұрымды таптым. Сол ұрым сенсің, – деді. – Сауын биемді, сәйгүлік биемді мініп қашқан сенсің, – деп нықтай түсті. Істің байыбына енді барғандай болған ұры қабағын керіп, жүзін құбылтып, қатты таң қалған кейіп танытып:

– Апырай, күнгейдің елі бәлеқор келеді деуші еді. Сол ырас екен ғой. Түркістанның топырағына аяғым тиіп тұрғаны осы, –деп кеудесін керіп, талтайып тұра қалған, келсең кел, көріп алайын деген кейіп танытып. – Өмірі аяқ басып көрмеген жерден бәле жабысады деп кім ойлаған. «Бәле қайда деме, бассаң аяқ астында» демектің мәнісі осы екен ғой, – деп аспай-саспай, бетінің бір тамыры да жыбыр етпестен жауап беріп. Саспайтын да себебі бар екен. Ол теріскейлік атышулы ұры, қандыбалақ қарақшы болып шығады. Кіші жүз тама ұруының жігіті екен.

Сүйтіп, Түркістанда сот болып, ай жарығымен бір көрген жігіттің сол ұры екенін дәлелдеген Байгөбек жеңіп шығады. Билер кесімімен биесінің өтеуін алады. Оған керегі намысқа шауып, ұрының қылмысын мойнына қою. Би деген атына, қайратына ылайық іс етіп, өзін мойындату. Ел алдындағы абыройы мен мәртебесін өсіретін жеңіске қол жеткізу. Сөйтіп уақыт әуені мен қазақы пайым талабын орындау. Әйтпесе дүлдүл жануарының әлдеқашан келмеске кеткенін жақсы біледі ғой.

Шіркін, сөйткен Байгөбек бақытсыз, бақсыз бір бейбақ еді-ау. Сырты бүтін, іші түтін бір жан еді-ау. Сыртынан қарап тон пішсең, Байгөбекте бәрі бар. Сымбат қандай, сән қандай. Ағып бір тұрып, ол сөйлеген сөз қандай. Бедел қандай, бой қандай. Ол ортаға салған ой қандай.  Әттең, әттең-ай, Алла ісіне не шара ай. Бәрін өзім істеймін, бәндәм бір -бірінен көреді деп бәндәсінә істеп қойған ісін-ай…

Атаммен бірге оның ауыр тағдырын арқаласқан жан, жар дегендегі жалғыз қатыны, аяулы жары болды. О да болса атама берген Тәңірдің бір сыйы, кешірімінің бір бөлшек мәзірі болар бәлкім. Тұтас өмірде кешпесе де. Атамды, атаммен бірге сүрген өмірін сонша қадірлеп, сүйген әжем сол күндерге қанша қажыр, қайратын жұмсады десейші. Қарғыс қамыты еңсесін езген еріне қорған бола білген ғой менің асыл әжем. Ол атамның мына жалған аталатын шетсіз-шексіз әлемдегі жалғыз түйір жарығы, жүрегіне мейір тұнған жары, өртенген өзекке, күйген көкірекке мақабатпен суғарылған сабыр суын сеуіп өткен жалғыз жұбанышы болды. Ол оның еркек басымен арқасын тіреген тірегі, ыйығын сүйеген сүйеніші еді. Содан да ол оған бәрінен жақын, бәрінен қымбат еді.

Шөлмек – шыны, мың күн сынбайды. Бір күн сынады. Әжем де сынған. Қайтпас, қайсар ана уақыты жеткенде морт сынып, бақилық болған. Тәңір тағдыр талайыңды қалай тартса да әйтеуір бір ақыр хақ. «Өзекті жанға бір өлім» дә. Сүйтіп Байгөбек бұл пәнидегі жаңғыз жұбанышынан да айырылады. Оларды қосқан – өмір атты тағдыр талайы. Оларды айырған – өлім атты Тәңір тажалы.

Атамның ауыр тағдырынан өзіне мол үлес  олжалаған әжеме тірі күнінің өзінде де бұ дүниесінен гөрі о дүниесі көп жеңіл көрініп қиын қылған шығар. Жаның тек осы жайда ғана жай табады деп, қоймай қол бұлғап, үнемі өзіне шақыратын да тұратын тірілік қана болып өткен болар әжемнің әр күні. Бұ дүниенің ауырлығы о дүниенің жеңілдігі дейді ғой. Бұ дүниеде сіз тартқан тақсірет о дүниеде сіз мәңгі татар бейіш ырақатының дәмі болар бәлкім. Ылайым солай болғай әже!

Өмірі қайнар бастауынан бүлінген Байгөбек байғұс, тағдыр талайы маңлайын тағы да тайқы етіп, атақты бетпақ қатын Тәтішке үйленеді. Тап бір құдіреті күшті Құдайдың да бір ұрғанын қайта-қайта ұра беретін болғаны ғой дегендей ой ойлатып, кісіні асылыққа жетелейтіндей. Бәлкім сүйікті серігінен орта жолдан өте айырылған атам тағы да әжемдей өмірсерік іздеп, сергелдең күй кешіп өтуді өзіне артық көрген болар. Өмірсерік іздеуді артық көрген Байгөбек жолсерікке жолыққан. Қанша қалғаны Бір Аллаға ғана мәлім қалған ғұмыр жолсерігі. Онысы – сол сәттегі Тәтіш, кейінгі – Қаракемпір.

Бір беташарда Тәтіш әжемізді жаңа түскен келінге таныстырып:

– Тұрғызып қойған келідей, кептіріп қойған терідей Қаракемпірге бір сәлем – деп, о кісінің сұмдық суретін сомдап, сәлем салғызған екен ауыл ақыны. Сол сырт сұлбасына қарап, ел оның есімін ұмытып, тек Қаракемпір атап кеткен екен. Жаңағы сөздерден оның өте кішкентай әрі өте ұсқынсыз кейпі аңғарылады. Қап-қара, тері тақілеттес бір жапырақ бетіне әрбірін Тәңір өзі тостақтай етіп, қорқынышты, қарағанда өңменіңнен өтетін өте үлкен екі көз берген екен. Құдды бір түн әлемінің қорқынышты құсы байғұс байғыз дерсің. Жо – жоқ сені шошытып, өзі сенен шошып, үркіп ұшып кететін түн құсы емес, түбіңе жеткенше жаныңнан шықпайтын адам, адами болмыс – мыстан. Иә, мыстан кемпірдің нақ өзі Қаракемпір. Ежелгі қазақ жырларындағы бар бәлекет бастаушысы, жаманат қызметшісі мыстан кемпірдің тап өзі. Ол жақсылықты ниет еткен елді де, елді соңынан ерткен ерді де орға жығушы.

Бұл шамамен қызылдардың қазақты жүндей түтіп, тентіретіп, қайта-қайта аштан қырып жатқан кезі болса керек. Қайсысы екенін Құдайым білсін. Әйтеуір заманында ыстаршын, би болып, азуын айға білеген атам сонша божып, осындай қатын алған. Бәлкім, ол қазақтың «Мың күн жұмақтан, бір күн жалған» деп әр сәтін қадірлеген, қымбат тұтқан тірлік құнына қолын сілтеген. Сүйтіп ол Тәңірдің өзіне берген сыйы тірлік бетіне түкірген. Мүмкін ол өзін солай жазалаған.

Байгөбек бидің дәуірлеген дәурені өтіп, мәнсіз дәудірлеген, күйсіз күйкі күні кесе керек. Оның биік билік көңілі, дала бекзатына тән тәкәппар талғампаз танымы, көңіліне жақпағанға көрсетер қатал қабағы мен суық жүзі, кірпияз да кіді мінезі бәрі, бәрі адыра қалғаны да. Адыра қалдырған уақыт, опасыз мезгіл, қашанда да қазаққа қайырсыз соққан замана дүлейі. Атамның, атам қазақтың заманасының қырын келгені ғой бұл. Қырын келгелі қа-ш-ан… Күннен күн ауырлап… Қазақтың күннен күн, айдан ай, жылдан жыл бетер дегені осы…

Байгөбектің бір досы оның Тәтішті алғанын қош көрмей, жанашырлық бейіл білдіріп:

– Бұлқанша байға шықса да пұшпағы қанап көрмеген, еш жерге сыймаған, ешкіммен шығыса алмаған, сан байдан шыққан бәле ғой бұл. Оның үстіне сықпытына сыны сай, қатып қалған қатыбас әрі өзі шығанға шыққан бетпақ. Бекер алдың-ау бауырым, – деген екен досы үшін шын күйзеліп. Кәйтсін енді. Байгөбектей ер көңілді азаматтың басын қадірлеп, болмысын бағалап айтқаны ғой. Оның үстіне жасамыс тартып қалған Тәтіштен басқа жастау қатын алса әлі де болса, Құдай беріп, ұрпақ сүйіп қалар ма екен деген қазақы оймен. Сонда тағдыр талқысынан әбден қажыған атам:

– Ырақмет, сенің маған деген кеуіліңді, ар жақтағы ойыңды жақсы шамалап тұрмын-ау. Сенің сол бауырлық бейіл, достық кеуілің үшін ырақмет. Басқа амалым болмай тұр. Амал дегеніңнің өзі де адастырып тұр ғой адамды. Амалдауға амал болмай тұрған жоқ па осы күнде, – деп тақпақтағандай болып, таусыла сөйлеп. – Бұ қатынның пұшпағы қанамаса қанаусыз кетсін со қалпы. Құдайдың сүйдіргенін сүйдік, күйдіргеніне күйдік. Дегеніне көндік. Көнбеске тағы не шара, – деп тағы да күйіне сөйлеп, бұрын көпке аша бермейтін ішін ашқандай болып. – Енді маған керек емес одан іштеңе, десем асылық бола ма, болса да амалым жоқ тағы да. О, қазынасы кең Құдай, кеңдігін оның қайтейін. Өзгеге кең, маған тар пейіліңе не дейін, – деп күңірене толғап кеткендей болды Байгөбек досына жан жарасын, бұ дүниеден баз кешкен жадау кеуілін жайып салып. Содан сол торыққан қалпы отырып, ашынды дауыспен: – Байдан бай қоймаған салдақы болса да, қанша жерден көкбет, бетпақ болса да мен осы қатынға тоқтадым. Оның үстіне заманның сыйқы  мынау,   қырылған елдің жайы анау. Елде не сән қалды, ерде не сын қалды?! Елдің ертеңі болсын әйтеуір. Бірақ қазақ «Жыртық үйдің Құдайы бар» дейді. Жыртық үй – қазақтың өз үйі, елі, елінің күйі. Ол қашан да жыртық. Оның қашан бүтінделерін тек құдіреті күшті бір Құдай ғана біледі. Сондықтан да қазақтың жыртық үйінің Құдайы елді қинаса да, сынаса да ертеңге сүйрейді.Демек, достым, елде бар ертең, бірақ, менде болмай тұр ертең. Себеп, өртенген менде ертең,  – деп сөзін өзіне тіреп, ауыр толғап аяқтаған еді. Ол елі үшін, өзі үшін жадап жүдесе де, қанша қажыса да өз биігінен табыла алған еді.

Сүйткен би сәлден соң-ақ уақыттың әуенін еске алып, еңсесі езіліп, нар тұлғасының көркі кетіп, шөккен  қалып танытты.  Досына қарап пәс көңілмен, жасыған жүзбен:

– Мына қатын Тәтіш Түркістанның базарында түбіт түтіп, сатып ақша табады екен. Сол ақшасын жеп, күнелте тұрайық, ар жағын тағы көрерміз, – деді. Ол өз жауабынан өзі шошыды. Досы үрікті. Бірақ айтты. «Айтылған сөз– атылған оқ» бүгінге жетті. Түрлі ойға жетелеп. Сандалтып сананы… Сандалған сана – қазақ санасы…

Уай, дүние-ай, десеңші, ер сенделген, сана сандалған… Қазақтың ірі, алпауыт жігіттерінің совет заманында қайраты қайтып, мүжіліп, жасып, күйкі бір келбет тапқанының көрінісі ғой бұл. «Жүн жеп, жабағы тышып». Совет қазақтың қаншасын аштан, жаппай жаназасыз, мүрдесіз өмірем қаптырды десеңізші. Кім ойлаған. Жаназа мен мүрде  өлімнің сәні мен салтанаты екен ғой. Қалың елім, қазағымның қырғынына насаттанған қанқұйлы совет – Құдайдың құдіретімен өлмей қалған аз қазақтың ұлттық болмысы мен бітімінің, мінезінің жаназасын шығаруға қол жеткізген билік.

Қазақ – «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деп, жаңа түскен келіннен береке,  ұрпақ жалғастығын, әр жаннан жақсылық күтіп, әр таңын үмітпен атырған ел. Ақ үмітінің, әр үмітінің демеуін хақтан күтіп…

О заманның қазағы шамасы келсе күллі қазақтың, келмесе ұрулы елінің барын түгелдеп, жоғын жоқтаған ғой. Сонда қазақ со заманда «Әр қазақ – менің бауырым, әр қазақ – менің жалғызым» деген ұғымға бүгінгі заманға қарағанда анағұрлым жақын келген-ау. Бәрі болмаса да көбі. Әйтеуір бүгінгі қазақ болмысынан биік, санасы сергек көрінеді маған. Жанында қазаққа деген жылуы бар. Сол себепті де ежелгі бабаларымыз сондай сезім мен сенім арқасында ұлы қағанаттар жасай алған… Сондықтан да Төлепбай жарықтық бір күні сол кездегі біздің әулеттің үлкені, ауыл егесі іретінде жұртымызға Қаракемпір келгелі не жақсылық болды, басымыздан не жаманшылық өтті деп саралағандай болып, замана тезін, уақыт ауыртпалығын жеңгесінің аяғының құтымен бағамдағандай болып, Қаракемпірге қатты ашумен:

– Сен бізге бақ боп келмедің, сор боп келдің. Сен кімнің басын жалмамадың, ей, қара пәле! Алдымен байың Байгөбектің басын жұттың. Би тәтемнің басын жұттың сен қақпас! Сен келгелі пәленше көкем кетті, түгенше көкем кетті, – деп, біраз ағаларын, әкесінің інілерін, біздің әулеттен Қаракемпір келгелі қайтыс болған біршама кісілерді атап айтып қатты сөгіпті. – Сен алғаш келгенде, бір уыс болған қара пәле, ұзақ жүрмес, өзі-ақ өлер деп ойлап ек. Қателесіппіз. Құдайға жазыппыз. Әлі жүрсің сен пәле. Жұртымыздың жақсысын жалмап, талай асылдың басын жұттың ей, сен қара пәле, – деп жеңгесін жерден алып, жерге салып, таусылып сөйлеп қатты ұрысыпты. Сонда Қаракемпір қап-қара боп күйген, үйітілген тері тақілеттес бетінде байғыздың көзіндей болып орналасқан екі көзін қайнысының өңменінен өткізе қадап тұрып, кісі шошыр мыстан кейіпте:

– Ей, ауыз-ғанәң-ә-әс-сиейін мұрынбоқ! Дұрыс айтасың, жаңағы жұрттың бәрін мен жалмадым. Құдай алған жоқ, мен алдым. Мен жалмадым. Сонда менің құдай болғаным ғой, ә. Олай болса, енді сені жұтамын, өй, ит мұрынбоқ! Сені де жалмаймын. Көр де тұр, осы айтқаным келеді әлі. Қайтсем де сенен кейін өлемін. Сенің де басыңды мен жұтамын, ит мұрынбоқ! – деп қайнысына тап-тап берген екен. Қанша Қаракемпір, қара пәле десе де, кісіге қуыс үйінен қара шәй татырмайтын, өзі де оңайлықпен ас ішпейтін, ас ішсе жасырып ішетін, ертегілер елінен тіріліп келген тірі мыстандай болса да, өзінің тағдыр тепкісімен өмір өткізіп келе жатқан күйікті бір жан, Алланың мейір-шапағатынан ұмыт қалған бір бәндәсі едім ғой мен де дегендей ашынды кейіп танытып, күллі күйкі тағдыр наласының, бәлкім құдіреті күшті Жаратушыға деген наласының ащы запыранын қан-жынымен қайнысына құсса керек. Сонша жойқын әрі тосын шабуылды күтпеген қайнысы қатты шошып:

– Тіпә-тіпә, бетің құрсын, қара пәле – деп жасып, жабығып отырып қалыпты. Мүмкін жеңгесінің жан жарасына зер салып, бұл да да осындай күй кешіп, онысын сезіне алатын кеуілі жарым жазған екен-ау, оны кім білген деп, әлде мыстанда да сондай болмыстың болғаны ма дегендей таңданыспен ой кешті ма кім білсін.

Шешем айтып отыратын, алдымен таңданып, соң абысынының әруағына налығандай жабыңқы қапалы көңілмен:

– О, тоба, тұп-тура Қаракемпірдің айтқаны болды да қойды. Бұ Құданың құдіретіне не шара. Айтса айтқанындай-ақ Мөлепбай қайнағамыз да кемпірдің алдында кетті, – деп.  -Пұшпағы қанамаған, ұрпақсыз, жалғызбасты кемпірдің ауылды басына көтеріп бақырып, Құдайдың құтты күні зарлап, жан жағына жаудырып отыратын қарғысын Құдай қабыл қылып қойған ба, періште «Әумин» деп қойған ба, әйтеуір, өзі айтқандай о қайнысының да басын жұтып кетті ғой. Осыдан кейін о кемпірдің тілеуін Тәңір берді демеске не шара?! Тұп-па-тура әкеңнің алдында, бір апта бұрын қайтты да жұрт Әмірбектің шешесі өліпті дегеннен гөрі «Сәрсен байдың жеңгесі өліпті» десіп, ел ырғын ағылып, әкең байғұс інілерімен қосылып, жақсылап шығарып салып-ақ еді жеңгесін. Кәйтесің, Алланың ісіне амал бар ма?! Алланың әр ісі өзіне мақұл ғой. Келесі аптада әкең де жөнеп берді жеңгесінің артынан. «Өліктің артын өлік басты» деп ел тіксінді. Сүйтіп ол әкеңді де өзімен бірге жетелеп ап кеткендей, ойдағырда жалмағандай болды ғой. Кейде осы біз со кемпірге не жаздық деп те қаласың, Алланың ісін адамнан көріп. Бәлкім, қанша күтіп, мәпелеп қарасаң да жібімеген таскеуіл, ерімеген мұзпейіл себеп. Әйтеуір атам алыпты демесең, көп те тұрмаған, ұрпақ та бермеген әйел қаймана қазақ қалып болады да қояды ғой, алған шалы өлгесін. Әйтсе де, әжелеп, асты-үстіне түсіп, Әмірбек пен Жұлқар бақты ғой, тумаса да туғандай болып. Жетім байғұсты бала ғып алдым деп, ас-су бермей көп ешкісінің көтіне салып қойса да. Қаракемпірдің көп ешкісінің көтінде аш сенделген Әмірбек, өлместің амалын тауып, өрісте ешкі еміп өссе де. Әсіресе ана Жұлқар байғұсты күнде таяқтап, сабайтынын айтсайшы. Қуаты қайтқанша ұрып жүрді. Оның үстіне Әмірбектің күнде мыйын жеп:

– Айналайын балам, саған мына маңқытайдың қызын Құдай қай күні, қалай жолықтырды екен десейші. Менің балама. Құдайдың менің сорыма кез қыған бір бәлесі дә бұл. Бұл саған түпкілікті қатын болмайды. Қатын болып жарытпайтын бәле ғой бұл, балам. Қоя бер мұны. Өзім басқа тәуір қатын әперемін. Таңдап жүріп әперемін. Балам, мен десең, әжем десең қоя бер бұ қатынды, қоя бер, – дейді де жатады. Сондай күндердің бірінде Қаракемпірдің сөзі өтіп кеткен ба, әлде шынымен шешем тағы бір қатын әперер деп көңілі сеніп қалған ба, кім білсін, әйтеуір  Әмірбек байғұс, өзі де тым жас қой ол уақта, ақ, қараны айыратын шама қайда, ауылды басына көтеріп, байбалам салып жатқан кемпірге қосылып, қатты ашумен:

– Сен де бір бәле болдың ғой маған. Осы менің әжемнің, жалғыз кемпірдің жайын жасай алмайсың. Не істеймін мен сені?! Бір кемпірдің тілін таба алмадың, тілін тауып, жағын жаба алмадың, – деп келінін таяқтап жатқан кемпірге қосылып, еш кінәсіз Жұлқарды сабап,  – Кет, құры да құры, төркініңе кет, – деп, үйден қуып жібереді. Біз ауылда жоқпыз-ау деймін. Ойбұй, мына Әмірбекті-ай, ана кемпірдің сөзіне еліккені ғой. Қайта-қайта қоймай айта бергесін. Оның үстіне күндіз-түні бір тоқтамайтын кемпір айқайынан да қатты қажыған болуы керек. – Қайда барсаң, онда бар, – деп қуып жіберіпті. О байғұс қайда барсын. Төркіні Шәуілдірде. Түркістан мен Шәуілдір екі арасы бірталай жер ғой о заманда. Көлік деген атымен жоқ заман емес пе, сәбеттің соғыстан кейінгі жылдары. Содан байынан бір, кемпірден екі таяқ жеген Жұлқар жылап-жылап Сырға, тоғайға кетеді. Сондағы тапқан амалы ауыл малы болады. Қорыққан Жұлқар ауыл малын ес тұтып жүреді. Кешке малды жанұшырып қақпайлап, ауылға қайтармай қояды. Ауылға мал қайтпағасын, малын іздеген жұрт шұбырып тоғайға келеді. Елмен бірге Әмірбек те келеді. Істің байыбына барған ел аң-таң боп қалысады. Жарының жайын, жан далбаса күйін көрген Әмірбек те аңтарылып қалады. Жарына жаны ашып. Жұлқардың жайын көрген ел жап-жас келіншекке жаны ашысып, не істерлерін білмей дағдарысып тұрады. Жылаған Жұлқар, мұңайған ел. Әмірбек түрлі ой кешіп, іші астаң-кестең болып тұрады. Өзінің не істегенін ұғады. Жұлқардың жалғандағы жалғыз қорғанышы өзі ғана екенін сезінеді. Жаны жүдеп, көзіне жас алып келіп, қатынын құшақтайды. Жүзін төмен салып. Оған  ағыл-тегіл жылап, Жұлқар қосылады. Күйеуінің кешкенін көріп, көңілі босап. Бейкүнә төгіп көз жасын. Артынан бәрі қайта қауышқан екеуін орталарына алып, қуанысып, күлісіп, малдарын айдап, түнделетіп ауылға  қайтады.

– Е, не айта беретіні бар, соның бәріне де, біріне де тырс етпей шыдады ғой Жұлқар. Бұ не көрмеген Жұлқар, – деп, шешем ертегілер елінің елшісіндей болған Қаракемпірден келінінің себепсіз көрген, шексіз қорлығын айтып, со жағдай тап бір бүгін болып жатқандай болып, Жұлқарға жаны ашып отырып қалады. Ойымен ескі уаққа ұзап, бір пәс алыстап. Сосын әңгімесін қайта жалғап:  – Олар Әмірбек екеуі кемпірдің әр қылығына төтеп берді. Төзді. Іші де тысы да мыстан кейіпті кемпірді, өздеріне қатысы шамалы адамзатты осылай, барынша мәпелеп бақты. Міні соның арқасында мына шиеттей бала-шағаны басы Көпен, Әндиша болып, Көпенге ұқсатып екінші ұлды Төпен қойып, Құдай берді ғой оларға. Сүйтіп өсіп-өніп отыр екеуі, – деп, – Әуелі Құдайлап, – отырады. Құдайды қайта-қайта аузына алып. – Біз әрқашан қоңсымыз. Бірге тұрған есебі. Қайнысы да, мен де кемпірдің әр сөзін қайт қылмай, қабағына қарап жүрдік қой. Қолымыздан келгенінше айтқанын орындап. Ырас, кейде әкең де Қаракемпір бүкіл ауылды ащы зарлы айқай мен қарғысқа бөлеп жатқанында шыдамай:

– Ей, қара пәле, сен неге сонша айқайлай бересің, сонша зарлап, елді басыңа көтеріп? – деп қалатын. Ондайда жеңгесінің де жауабы дайын. Әкеңді көсе деп, көненің ыдысы тысы жып-жылмағай жылтыр келетін шанашқа ұқсатып, «Шанаш, әй, Шанаш» дейтін де отыратын. Қаракемпір «Шанаштап» онан әрі айқайға басады.

– Әй, Шанаш, мен неге айқайламаймын. Айқайлаймын. Мына ел-жұрт естісін деп айқайлаймын. Жұрт ойласын. Жалғызбасты кемпірге тінейлер күн бермей жатыр деп ойласын деймін, ей Шанаш, – деп одан әрі өршеленіп кететін. Содан әкең, ашуы шапшаң, қайтымы тез жазған:

– Саған бұ жалғанда дауа болмас, бетің құрсын қара пәле, – деп қоя салатын. Дауасыз жеңгесімен өмірі бітпес даулы жанжалға кірмей сытылып шығып.

– Содан өзімше ойлаймын ғой, – деп отырады анам, Байгөбек атам мен Қаракемпір жөніндегі әңгімесін аяқтап, мыстан болмысты абысыны жөніндегі ойын өзінше қорытқандай болып. – Өзімше өткеннен түйгенім ғой, – дейді ойланып отырып. – Ондай  Алласы аналық ғұмыр сыйламаған, перзент сүйіп тәні иімеген жанның жүрегі де жан баласына жібімей, кенезесі кеуіп өтеді екен-ау деп мына жалғаннан. Мүмкін, кеуілінің қалауынсыз жер басқан тірілігіне де, өзі үшін шын жалғаншы болған жарық дүниеге де, айнала өңге жұртқа да үздіксіз өкпелі күй кешіп. Аллаға да, адамға да қара қазандай болған өкпесі, күннен-күн, жылдан-жыл  қарайған кеуілі тас болып қатып, айналасындағы ұрпақты адамзатқа алдымен өштеседі-ау деп. Онсыз да Тәңір сүймей жаратқан ұсқұнсыз жүзі қурап, тәні солып, жаны қара тілеулі болып. Қарғысын қарша боратып. Неге екенін  қайдам, әйтеуір онысын Құдай қабыл қылып, ақыр-аяғы өзін бағып-қаққан адамдарға да зияны тиеді екен-ау деп ойлаймын ғой, кейде бәндәлік қылып. Олай демей кәйтейін, әкеңнен ерте айырылып қалдық қой. Сосын айтам да далбасалап. Әйтпесе бәндәнің әр ісі, дүниеге келмегі де, кетпегі де Алланың дәргейіндегі мәселе дә… – Анам ойланып отырып қалады. Жүзін мұң шалып. Ерінің беймезгіл өлімі бүгін өткендей өзегін өртеп…

 

18 маусым 2019 жыл.            Түнгі сағат 12 ден 51 минут кеткен уақыт.

 

ӘКЕ ҰРУХЫМЕН СЫРЛАСУ

 

Өрт оқиғасы әсіресе әкем Сәрсенге ауыр тиіпті. Баспана мәселесін ауыл аймақ бірлесіп шешкен болуы керек. Асарлатып жай салып беріседі ғой о заманда. Ел іргесін сақтап келген ағайынның  ынтымағы бар ғой о күнде. Десе де үлкен бір үйдің қажетіне қанша дүние керек десеңізші. Әжем Сейдінді күйіктен шалықтатып, сандырақтатқан да сол керекті қу дүние ғой. Біреуден сойыс, біреуден сауын сұрапты. Ергөбек ұстаның қайын жұрты божбандар бай, дәулетті кісілер екен. Көмек қолын созса керек. Бірақ:

-Ана Сәрсенің шаруаға жарап қалыпты ғой, бізге қозы қайыруға берсей, – депті. Қайын жұртынан жәрдем сұрап отырған Ергөбек қарсы жауапты қайдан қайырсын. Келіскен. Содан әкемнің өле-өлгенше бір бітпеген бейнетті тірлігі басталады да кетеді. Бай нағашылары қозының көтіне салып қойған жиендерін, шаруаның қиюын келтіреміз деп жүріп, естерінен шығарып алғанға ұқсайды ма қалай… Әкем үнемі шешеме айтып отырады екен:

-Е.., сен не көрдім дейсің, әке-шешең қасыңда, жақсылы-жаманды, заманына қарай  аштылы-тоқтылы асырады да, әйтеуір. Ең бастысы өз үйіңде өстің. Ал менің жөнім басқа. Мен  жетімдік көргенім жоқ, жоқшылық көрдім. Көп жоқшылық көріп өстім. Алдымен қозы бақтым, сосын қойға өттім. Баламын ғой, азанда азанымен ештеңе іше алмаймын. Батпайды. Көбіне кешеден қалған ащы айран болады. Содан да іше алмаймын-ау шамасы. Түскі бір ыстық асқа, сорпа-суға өліп жетем. Кешке шаршап келіп, ұйықтап қалам. Қайтіп шаршамайын, малды жаяу, жалаңаяқ бағамын. Үстімде де ұятты жерімді амалсыз жапқан бір дамбалдан басқа түк те жоқ. Тікенді жерге таяғымды тығып, тікенсіз жерге секіріп бағам. Сілем қатып ұйықтап жатқан мен байғұсты кім ұята қойсын. Елеп-ескерусіз жатып қалам ғой. Сөйтіп жүрген күндердің бір күнінде Түркістанға базаршылап кеткен нағашым мені де ескеріпті. Маған:

– Мә, Сәрсен-әй, мынаны киіп ала ғой, – деп, ине жіптен жаңа шыққан көйлекті ұсынғанда, мұндайды өмірі көрмеген басым, өз көзіме өзім сенбей:

– А-а-а?!– деп аңырып, қатты дауыстап, айқайлап жіберіппін ғой. Шынымен маған ба деп сенбей, содан да өте қатты таң қалғаным ғой, -деп, үнемі айтып отырады екен. Себебі бала Сәрсен ойынша бұл көйлек оқиғасы болуы мүмкін емес, ақылға қонбас, үш түгіл жүз ұйықтаса да түсіне кірмес жәйт еді. Оның үстіне қанша жыл қой көтінде өткен уақыттан соң болған-ау шамасы. Әлде қорыққан мен қуанған бірдей деген осы ма екен. Қайтсе де Сәрсен марқұм қуанатын нәрсеге қуана алмаған. Керісінше қатты шошыған. Әбден арыған, жүдеген бала жанының сасқалақ әрекетінің жадау көрінісі ғой бұл. Бәлкім көңілі көптен қуаныш көрмей қатып қасаңданып, қуана алмайтын дәрежеге  жетті ме екен. Иә, содан өзіне ешкімнен ештеңе дәметпейтін, жылышуақ мейір күтпейтін, таскөңіл бала боп өскен ғой, әкем марқұм. Әй, қазекем-ай, елуді еңсеріп, егде тартқан Ергөбектің ертеңіне сеніп, бүлдіршіндей бір қызын, бауыр еті баласын қолынан жетектетіп жіберуге ерлігі жеткен ел, сол қыздан туған,қарғадай қалпы, туған үйінен жырақта, тірі жетім халін сүріп жүрген жиендерінің бір мезгіл көңілін көтеріп, Мұхаммет пайғамбар мен Әзіреті Сұлтан бабаларымыздың «Жетім көрсең, басынан сипа» дегеніндей арқасынан қағып, басынан сипап қоюға шамалары жетпегені-ай… Әттең, бір қапы дүние- ай…

Әкемнің осылай басталған өмірі үнемі қиындықпен өріліп отырғандай көрінеді. Оның үстіне орыс патшасын тақтан қуып, оның орнына отырған қызылдар үкіметі де жұртты жарылқай қоймағанын, керісінше олардың елге сор болып, бәлелі, сан салалы апат болып келгенін бүгінгі тарихтан жақсы біліп отырмыз. Қызыл үкімет өзінің туын еңбекшілердің осы уақытқа дейін қанаушылар тарапынан төгілген қаны деп қызылға бояп алып, өздері қан-қасап қырғын жасағанын, еңбекші елдің, әсіресе қазақтың қанын судай ағызғанын, «Тасты жапалақпен ұрсаң да, таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақ өледі», дегендей, Қазекем байғұс қайда жүрсе де, қалай жүрсе де патша заманында да, ақ пен қызыл қырқысында да, «Қайда барса да, Қорқыттың көрі» болып, сансыз қырғынға ұшырағаны көрінеді. Жаңа өкіметтің қазақты түп тұқиянымен жер бетінен жоюға бағытталған бүкіл құйтұрқы, сұрқия да зұлым саясатын «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын», «Байларды, молданы қойдай қу қамшымен» секілді сырты таптық саясат, таптық күрес сияқты ғана болып көрінетін ұран сөздерге сыйғыза білгені көрінеді. Больщевиктердің ақылы мен айласының асқаны сонша, солардың айтқанына көніп, айдауына жүріп, нұсқап үйретуімен саясат зұлымдығына белшеден батқан аталарымыз «Аша тұяқ қалмасын» деп, «Байларды қамшымен қойдай қуып» еді, қазақтың өзі қойдай қырылып қалды, «Дін – апиын, Құдай жоқ» деп, құдайсыздар қоғамын құрып, басты азғырушы ретінде «Молданы қамшымен қойдай қуып» еді, қазақ қайда жүрудің жөн екенін білмейтін адасқақ елге, дінге, иманға, иманды ұрпақ тәрбиелеуге  бас ауыртпайтын мәңгүрт тобырға айналды. Бұл қазақтың қолына балта беріп, өз тамырын өзіне шапқызу, өз өркенін өзіне отату еді. Иә, өз тамырын өзі шапқан да қазақ, өз өскінін өзі отаған да қазақ!

Осындай аласапыран оқиғалардың зардабын менің әкем де алдымен бала болып, кейін есейген жігіт болып көппен бірге көрді, бастан кешірді. Әрине, менің әкем көп қара танымайтын қазақтың бірі іретінде кеңестік саясатты тамырында тани алған жоқ. Бірақ көп жайды көзі көрді, кеуілі таныды. Амал нешік… Қалқоз болды. Канал қазды. Арқасына қалып    (кесек құятын) арқалап, жалға жұмыс істейтінін көрсетіп, қаңғырып Тәшкенде де жүрді. Шешеме:

-Е, мені не көрмеді дейсің?! Сарттардың үйінің астын үйінің ішінен қазып, топырағын сыртқа шығарып, оны ылай қылып жатқызып, кесек қылып құйып, қайтадан ішке кіргізіп қалап, үй астынан үй істеп беруші едік. Бұ қу тірлік үшін не істемеді дейсің мені?! Беті аулақ, қазақты қынадай қырған аштықты да, сұрапыл соғысты да көрдік. Әйтеуір аяғы қайыр. Шүкір, жұрт жаман емес кәзір, тойынып қалды ғой,- деп айтып отырады екен.

Әйтсе де соғыстан кейінгі жылдары елдің тез тойына қоймағаны аңғарылады. Шамасы тойыншылық та ала-құла болса керек. Біздің үй бірен-саран қоңсыларымен шәй ішіп отырған сәтте әкем шешеме бұрылып:

– Бибайша, жақын арада бір қой сойып, ауыл-айналаға құран оқытып жіберейік, – дейді. Сонда әкемнің Сүлеймен атты бір ақполат(Қоңырат ішіндегі кіші ұру)қоңсысы отырып:

– Сәрсен, сол соятын қойыңды ертерек сойшы. Етке бір тоймасам болмады. Тіпті ет жемегеніме көп болды. Содан тырнағым да қурап кетті, – деген екен. Қандай ауыр жағдай. Қысылса да еттің дабысын естігесін шыдамай айтып қалса керек. Оның үстіне етті көп жейтін қазақ ағзасы «Аш қарын жұбанар ма майлы ас жемей», деп Абай атамыз айтқандай құры шай мен нанға шыдас бермей жүрсе керек.

Жұрт әкесі жайлы әңгіме айта қалса, аузы-аузына жұқпай мақтап ала жөнеледі емес пе. Неге өйтпесін. Өйткені ол қазақ оның әкесі ғой. Әр қазақ тек қана жақсы әкеден туылғысы келеді. Бұл – біздің ұлттық ерекшелігіміз. Біржағы бұл біздің ұлы ұлыстың жалғасы екендігімізді көрсетеді. Ұлттық мақтаныштың қандай үлгісі болса да ұлы ұлттық, ұлы ұлыстық бастаулардан негіз алары даусыз. О, тоба, сонша мақтанғаным не қылғаным, сақалды басыммен! Тап бір өзге жұрттың бәрі бір жаман әкеден туып, сарнап, зарлап әкесін жамандап, атасын сөгіп отырғандай. Иә, бұл ең алдымен жалпы адамзат баласының жақсылыққа құштарлығы, тек жалаң мақтан сүйгіштігі емес. Қазақ әлбетте, Абай бабам айтқандай, бұл мәселеде алдыңғы қатарда тұр. Қариялар кейде айтып қалып жатады: «Е, мақтағанды, мақтанғанды кім жек көрсін. Бәндә ғой. Он сегіз мың ғаламды жаратушы Алла Тағаланың өзі өзін мақтағанды қалайды. Шайыр Шәдінің: «Хақиқат Кәләм шәриф – Хақ кәләмі» дегеніндей, қасиетті кітабы Құранның әр сүресін өзін мақтаудан, ұлықтаудан бастайды емес пе. Оның қасында бәндә кім, бәндә не тәйірі», деп. Сонымен мен не істеймін. Әкемді қалай мақтасам екен, әкеммен қалай мақтансам екен. Әлбетте, менің әкеме осының ешқайсысының қажеттілігі жоқ. Ол Алла Тағала берген ғұмырын сүрді, ел қатарлы соғысты, советтік отанын қорғады. Елге оралып, елмен бірге еңбек етті. Бір Алла деп ұмтылған еңбек сүйгіштігінен болар ертелеу қордаланып, малданды. Сәрсен бай атанды. Өлшеулі өмір өткен соң, мәңгілік мекеніне аттанды. Бірақ ертелеу аттанды, соғыс зардабы шығар. Әйтсе де бәндә айта береді, дұрысы – жазмыштан озмыш жоқ. Тағы дұрысы артық жылтыратуға ұмтылмай-ақ, шешемнің әкем жайлы сыр болып шертілген, бес-алты, шынайы өмірлік әңгімесінің басын қосу. Бітті. Сол жетеді.

Әкем шешемнің сипаттауынша денесі ортадан төмендеу, көзі тұздай көк, өзі сап-сары, жазғы қырық күн шілдеде қып-қызыл боп жүретін, көрген кісі орыс десе – орыс, неміс десе – неміс, бірақ өзі қазақ кісі екен. Шешем айтып отыратын:

– Әкең байғұс қу жетімсіздікте өсіп, қатып қалған қатты кісі еді. Шақырған жерге, асқа, тойға бару дегенді білмейтін. Айтсаң қиналатын. Кейде отырып ол мінезінің себебін де айтатын: «Е, сен не білесің. «Шымшық семіріп, батпан болмас, кедей семіріп, байбатша болмас» деген. Мен бес-алты мал бітті екен деп байбатша бола алмаймын. Мүмкін менің балдарым болар байбатша, аманшылық болса… Құдай қаласа… Менің көргенімнің, бастан кешкенімнің жөні бөлек қой, сен оның бірін де көрген жоқсың, бірін де білмейсің ғой. Саған Құдай көрсетпесін. Көрмей – ақ та, білмей – ақ та ғой», деп. Көрген теперішімнен қатып қалғанмын ғой дегенді ұқтырып. Бірақ, бір жақсы жері әкең марқұм ешуақытта қазанға араласпайтын. Аз салдың, көп салдың демейтін. Не салсаң да жұртпен бірге жеп, күліп-ойнап отыратын. Бір күні әкеңнің бір қатары біздің үйге келіп түсті. Әдетімше кіріп-шығып жүріп, қазанға ет салып қойдым. Мейманмен отырып шәй іштік. Бір уақта, шәйден соң әкеңнің әлгі қатары қайтқалы жиналып жатыр. Мен:

– Ау, жол болсын. Неге жиналып жатсыз? Қазанға ет салып қойдым ғой. Асылған етті жеп аттанбайсыз ба? –  деймін ғой баяғы. Ол болса:

– А, не дейді Құдай-ау! – деп, кәдімгідей қопаңдап қалды. Әкеңе қарап, – Мынауың үндемегесін… Қайдан білейін, – деп қайта жайғасып жатыр. Ондағысы үй иесінің қазақ салты бойынша келген қонаққа құрмет көрсетіп; «Тұр, қатын! Пәленшекең келіп қалған екен. Қазан көтер, ет ас!» деп айтпады ғой дегені. Бұл да бір үй иесінің мейманға көрсететін ізеті, сыйлағаны болады. Қазақ қонақ жайлылығының көне жолы. Үй иесінің мұндайда қатынына қазан көтер демеуінің өзі де көп жайды аңғартады, – дейді шешем. – Менің бұл келісімді үй иесі қаламады-ау деп ұққан қонақ шәйдән кейін осылайша шаруасы барлығын, асығыс екенін айтып қозғала бастайды. Ал үй иесі қазан көтер деп айтса, қонар қонақ дастархан басында үнсіз келісіп отыра береді де шын асығысы шаруасын айтып аттанып кетеді, – деп түсіндіріп баяндаушы еді анам Бибайша.

– Е, ол кісі айтпайды. Асылған етті сізбен бірге отырып жей береді, – деп айттым әкең жарықтықтың мінезін. Құданың құдіреті, әкең жарықтықтың үй иесі еркек құсап ондай шаруамен іш уақытта жұмысы болған емес. Кейде өзіне айтам.  Жұрт құсап мейман келгенде «Дастархан жай. Шәй әкел. Ет ас» деп айтсаң кәйтеді деп. Сонда әкең байғұс іренжіп сөйлеп отырған маған қарап бір күліп алып:

– Әй, қоя берші соныңды. Жүдә ойыма келмейді. Онан да өзің істей берсейші, соның сәнін түзей бермей-ақ. Істеп жүрген тірлігің ғой, – деп құтылатын. – Кейде ойлаймын, – дейтін шешем әкемнің осындай мінездерін әңгіме қылғанда, – со қылығы со сорлының өлеріне көрінді ма деп. Не айтса да, тіпті балдар жайлы айтқанда да:

– Көрерсің, – дейтін, – Мына балам несібелі, мал тапқыш болады. Ал анаусы  бәрінен денесі ірілеу, қарулылау болады, – дейтін  оларға қарап отырып. Тағы да – Көрерсің, – деп қайталайтын. – Мына үлкенінің есі еркелікпен көп жүріп, кеш кіреді, – деп айтатын. Байғұс бір ірет те «Көрерміз» деген емес. Құдіреті күшті Құдай өзі айтқызбай тұр дә. Құдай аузына салмаса қайтесің. Содан да шығар, кім білсін бар ауыртпалықты маған тастап, ерте кетіп қалды ғой жазған, – деп Тәңір ісіне тобадан танбайтын анам бір мезгіл шалының ұрухына жар назын артқандай да болып жатады.

Анамның жүзінен өздерінің, шалы екеуінің бірге өткізген күндерінің өздерінше қызықты сәттерін еске алып, кейде марқайып, кейде бір сәт жүзін мұң шалып қалып жататынын аңлаймын.

– Әй, қу бәндәлік-ай десеңші. Әкең қайтыс болғанда бір қаңлы кісі «Сәрсен деген бір байымыз бар еді сол мына салынып жатқан кантраксия салығын ауырлап, кенеттен қайтыс болып кетті», – деп өсек таратып жіберіпті. – «Кантраксия салығынан шошыған ғой. Жүрегі жарылып өлді», – деп нақтылай түсіпті. Елге  тарала берсін дегені ғой.

– Естіп жаман жаным ауырды. Қатты қапа болдым. Содан бері  қаңлылар әңгіме бола қалса, жаным шошиды. Өздерін сондай жек көрем. Түгел қақиып қатып қалған қақатұяқ бәле болады. Жүдә жек көрем өздерін деп, – деп, күйеуі қайтыс болғанда ауыр, айып әңгіме айтып қалған бір қаңлы жігіті үшін тұтас қаңлы руын жақтырмай қатты ренжіп, сөгіп сөйлейді шешем. Қазақтың «У ішсең ұруыңмен», дейтіні немесе орынсыз әрекет пен сөлекет сөз үшін «Еліңе сөз келтірме», «Жұртыңа жаманат шақырма» деп отыратынында да үлкен мән бар екен-ау, деп ойлаймын. Әр азамат ақырын жүріп, анық басса, аузын бақса алдымен өзінің, асса ұрулы жұртының абыройы екен-ау.

–Апа-ау, қаңлының бір жігітінің сөзі үшін бүкіл бір ұрулы елді кінәлауға, жек көруге болмайтын шығар, ол бір жеке адамның мінезі мен бітім-болмысынан туындап жатқан мәселе ғой. Ол бір ойы олақ, сөзі орашолақ неме дә. «Біреу тауып айтады, біреу қауып айтады» деген де осындай-осындайдан шығады дә, – деп анама басу айтып, қаңлы жұртына араша түскен болам.

Шешем осы жайды үнемі еске алып, көп күйініп, қайталап айтып отыратын:

– Әкең обалы не керек еш уақытта үкімет салығына наразы болып әңгіме айтқан адам емес. Қайта керісінше қатты қолдап отыратын, – деп әкемнің салыққа қатысты айтқандарын еске алып әңгімелейтін. Әкем өмірде көргені көп, түйгені мол адам іретінде үнемі:

– Үкімет салықты бекер салмайды, кәзір алады кейін міндетті түрде қайтарып береді, деп сеніммен айтып отырады екен… – Мына елге сатып жатқан зайымдары да сол ғой. Кейін қайтарады. Құнын жоймайды. Арасында ұтысы да бар. Үкімет сұраса беру керек. Бекерге сұрамайды ғой. Сосын ең аяғы ел ел болу үшін де үкіметтің дегенін орындауы керек емес пе бұ жұрттың?! – деп сауатсыз, қара танымайтын кісі болса да, елдің салық саясатын өзінше тәп-тәуір түсініп, онысын елдікпен ұштастырып әңгімелейді екен.

– Әкең жарықтықтың сондай мінезі бар еді. Туырлығы бар еді. Өз шаруасына пысық, бірақ пайда көздеп біреудің үстінен әңгіме айтуды ол жазған білмейтін еді ғой. Оның сол туырлығынан ғой, әлгі әңгімені айтқан қаңлы бейбақ өзінің атын да ұмытып қалыппын өзі, сол сорлы қайтыс болғанда, бір сұмдық қарлы боран болып, жұрт бір -біріне қарауға шамасы келмей, оң жақта жаназасыз, жерлеусіз апта жатыпты ғой сорлы. Қысы жұмсақ дейтін Қызылдың құмы да сондай мінез көрсетті ғой сонда, – деп анам мұндай жағдайда Табиғат ананың да өзінің адал ұлдарын қолдап, шамасы әруағын сыйлайтынын өз пайымымен түсіндіріп, жеткізуге тырысатын. -Адам қиянатқа құмар болмауы керек. Әкеңнің не жазығы бар сонша масқаралап. Қиянат ешкімді ешқайда жібермейді деуші еді. Ырас екен. Мен соны білдім, – деп ойлы жүзімен көп жайды аңғартқысы келіп, «Тоба, тоба», – деп бір сәт күбірге ауысып жататын. – Тәңірге тәубә, Тәңірге мың қата шүкір – деп үнемі әдеті бойынша көйлегінің омырауын қолымен қысып ұстап құлшылық, ризашылық белгісін танытып, – Менің қолым жағамнан еш уақта кеткен емес, кетпейді де. Құдай біледі деп айтайын – дейтін әдетінше көкке қолын көтеріп – Оны әкеңнің әруағы атқан ғой. Басқа не дейсің бұны. Ауырып, үйде жатып өлген адамға да тыныштық бермей. Бұл сорақы нәрсе, дозақы нәрсе. Адамға да, Алланың берген ақ өліміне де тіл тигізу бұл. – Шешем күйіп отырып, шалы үшін күйініп отырып. – Сондағысы өзінің салықтан жалтарғысы келгені, салық төлеуден қашқандағысы. Салықтан кісі өліпті деп шығарсам үкімет шошып бәлкім салықты тоқтатар деген жаман ойы сол баяғы. Сасық ойы. Қысқа ойлылығы ғой. Үкімет ойыншық па екен. Бір кісі салықтан қайтыс бопты десе қоя салатын. Ойының сонша шолақтығын айтсайшы. Енді не болды ал, өзі өліп, жұрт  көме алмай әуре. Өлген кісінің көмусіз апталап үйде жатуы таза сұмдық қой. Құдіреті күшті Алла аманатқа берген жанын алған соң адам баласы жер қойнына тездетіп тапсырылуы керек-ақ қой. Беті аулақ! Түңлікті үйден тысқары! – деп анам Бибайша тағы да қолын жағасына апарып, «Тоба, тобалап» жататын.

Әкемнің өзі айтпақшы, иә, оны да маған шешем айтады ғой, ол кісі қысқа ғұмырында не көрмеген десеңізші. Алапат аштық жылдары екен. Қазақтың кең даласынан шұбырған аштар Сыр бойындағы қалалар мен ауылдарды басып қалса керек. Әйтеуір, осы жақтың елі, Сыр жұрты егін егуші еді ғой деген жан далбаса да баяғы. Әсіресе Ақмешіт пен Түркістанға ағылған елде есеп болмағанға ұқсайды. Олардың өзі сүйікті Арқа жерінен сұлу Сырға дейін созылған мыңдаған шақырым жолды сорлы қазақ өлігімен өрген аштардың соңғы сапарының мүсәпірлері еді.

Дауылпаз ақын Сұлтанмахмұттың:

Мен қазақпын, қазақпын деп,  мақтанамын,

Ұранға Алаш деген атты аламын.

Мен қазақпын, сүйгенім қазақ өмірі

Мен неге қазақтықтан сақтанамын, – деп елін сүйген өр рухпен, ұлттық мақтанышпен жырлағанындай, қазақ жұртының даңқты күндері көп болғаны, дүниені дүрүлдетіп өткен бабалар жолы қария тарихтан жақсы мәлім. Сондықтан да Сұлтанмахмұттай мәңгі боздақ, алау ақын:

Ер Түрік ұрпағымын, даңқы кеткен,

Күншығыс, Күнбатысқа дабысы жеткен.

Кіргені есік, шыққаны тесік болып,

Европаңды тітіреткен.

Кешегі хан Шыңғыстың ұрпағына

Талай царь, талай князь тәжім еткен, – деп, сол талай дұшпанның талағын тарс айырып, отты жырын төгеді. Бірақ мен ақынның «Мен неге қазақтықтан сақтанамын» деген жолдарынан еріксіз күдіктенемін. Ақын жүрегі әлденеден секем алып, сескенді ме екен?! Иә, оның нәзік жан әлемі сезіктенетін, елінің ертеңінен қаупайлайтын, күдікті жәйттер белең алып келе жатыр еді. Халықтар түрмесі болды деп, орыс патшалығын сынайтын қызылдар, елді сансыз совет түрмесіне айналдырды. Патшалық жолда қалды. Қазақ халқын миллион-миллиондап қырып, қылмысын әлемнен жасырды. Алдыңғы қазақты атып-асып, қорқытып жасырды. Кейінгі қазақтың көзін байлап, кеудесін езіп, тұншықтырып жасырды. Советтен өзге адамзат баласын осынша қырған, оны кәрі құлақ, көне көз тарихтан жасырған үкімет, Құдай біледі, жербетінде жоқ-ау. Үріккен сананың үрейі өзінің төл мәдениетін өзгеден төмен танитын, тағдыр-талайлы тарихын талақ еткен ұрпақ төлдетті. Кәрі жұртымыз – Қазекем тарихының күңгірт жері көбейді. Сондықтан да болар-ау жоғары оқу орнын филолог болып бітірген Зікеңнің – Зікірия Жандарбектің Түркістан тарихшысына айналып кетуі. Зікең аштық жылдары Арқадан ауып шұбырған қазақтың Түркістанға жетіп жығылғанын, қырылғанын, қаланың өлікке толғаны соншалық, кеше ғана атақты Аллаһу көтерілісін қан-қасап қылып басқан қызыл әскер гарнизонының, қаланы ашқазақ өлігінен тазарта алмай, қала сыртына тасып тастауға шамаларының келмей жатқанын айтып, көмекке әскер сұрап жоғарғы жаққа жеделхат жолдағанын және өздеріне азық-түлік сұрағанын айтады.

– Сонда, – дейді, Зікең тарихшы, – Түркістан гарнизонында шамамен үш мыңдай жауынгер болса, сонша адам қала сыртына шығарып тастауға үлгермеген қазақ өлігінің санын өздерің шамалай беріңдер. Оның үстіне, көмуге, жерлеуге емес, тек шығарып тастауға үлгермей жатыр. Олар қазақты жерлеу қажет деп таппағаны да күмәнсіз деп, сеніммен айта аламын, – дейді, Зікең ойланып отырып, сосын ойын қайта жалғап:

– Абай бабамыздың «Қалың елі, қазағы…» солай сиреді дә. Солай сиреткен, сиреткен емес, отаған ғой, – дейді, жұртының жайына жүрегі жылап отырған тарихшы қазақ.

Жалпы сол жылдардағы Сыр ауылдарына аштан өлейін деп жетіп, бір дорба тары талқанға сатылып, біздің елдің жігіттеріне – аталарымыз бен көкелерімізге қосылып, өмір бойы қалып қойған әже, апаларымыз да аз болмаған. Бірақ, біздің кемшілігіміз әлде балалығымыз солардың ешқайсысын әңгімеге тартып, өткенін сұрап, білуге ұмтылмаппыз. Балалары да жарытып ештеңе айта қоймайды. Шамасы олар жан ауыртар өткендерін ортаға салып, әңгіме ете бермесе керек. Демек, көңілдері жан жарасының бетін ашып, қанатуды қаламаған. Сондай аштар қатарында жеткен бір жігіт пен қыз біздің үйге аялдайды. Айтулары бойынша бағыттары – Тәшкен. Бірақ о заманда онда жету де оңай емес. Өйткені өздері мұнда аштан бұратылып әрең жеткен ғой. Жігіт қызды қарындасым деп таныстырып, біздің үйдің кісілерімен сөйлесе келе, оны жарты қап  бйдайға сататын болып шешеді. Сол кездегі қазақ қызының қалыпты құны бір дорба талқан, не жарты қап бидай болғанға ұқсайды ғой. Атам Ергөбек қызды сатып алып, әкеме қосады. Қыз ағасы Тәшкенге жүріп кетеді.  Мүмкін бұл да жөн шығар. Өзі аш адамға сүйретіліп Тәшкенге жету қайдан оңай болсын. Енді қыз ағасы алған азығымен жетіп алады дә. Бұл әкем байғұстың өзінше түйген ойы.

Сөйтіп, әкем аштық жылдары алғаш солай үйленген екен. Бұл қайбір үйленіс дейсің. Әйтеуір үлкендер талабымен, сондай аласапыран бір уақытта еш қызықсыз, сүйіскен жүрек, айтысқан серт, алысқан қол дегендей, қай ғасырда болса да жастарға, от жүрек жастыққа тән сырлы да нәзік, тәтті сезімсіз үй болу, отан болу. Оның аржағында қазақтың қанына сіңіп кеткен, қазақпен бірге туатын, қандай жағдайда болса да ұрпақты болу, ұрпақ жалғау, өсіру – ол қандай жағдайда, қалай үйленсе де еш күмәнсіз оның бәндә ретіндегі, қазақ ретіндегі бақытының қайнар көзі болып қала береді. Оның үстіне қазақтың жаңа үкімет тұсында, «еңбекшілдер» билігі арқасында жетім қозыдай құны болмай, миллион-миллиондап қырылып жатысы анау. Сондықтан ән қайда, сән қайда. Кең даланы сүйіспеншіліктің сырлы сезіміне сазды әуенмен бөлеген ғашықтық әні мен үйлену салтының сәні ол тұста адыра қалған ғой. Адамзат қоғамының қымбаттысы – адам, адамның ең қымбаттысы, тәттісі – жаны, жанын Алланың аманаты ретінде қастерлеп сүретін қадірлісі – өмірі, бәрі, бәрі адыра қалған…Адыра қалдырған… «Халықтық өкімет» адыра қалдырған… Бұл ғасырларға созылған қазақтың болжалды, жоспарлы қырғындарының бірегейі, ірі нәтижелісі еді. Бірақ соңғысы емес еді. Сондықтан да Кеңес дәуірінде қазақ советтік фольклорында мынандай халықтық жырлар жырланған:

Қазақ, өзің – қазақ,

Тұратын жерің – Созақ.

Көрген күнің – азап,

Баратын жерің – тозақ, – зор налыс, күйінішпен жырланған қарапайым, бірақ өте шыншыл жолдар. Бұл жолдардың шыншылдығы, қазақ өмірінің шынайы шындығымен өрілуінде. Сұлтанмахмұттың өр рухпен «Мен қазақпын…» деп қазақ жұртының ұлы күндерін аңсап толғайтын мадақ жыры:

– Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен, – дейтін Жұбан ақынның мұңлы, сырлы әуеніне ұласқан. Жұбан жұртын солай жұбатқан. Советтік ақын советке сеніп елінің өткеніне солай салауат айтқан. Советтік елінің ертеңіне солай сенген.

Әкем жарты қап бидайға алған әйелімен тұрып жатқанына да екі-үш, бәлкім бес-алты күн өтеді. Сол уақытта әкем әлденеге келіншегінің жүріс-тұрысынан секем алғандай болып қалады. Келіншегі ауық-ауық Сыр жағасындағы шағын белшелерден ары асып барып қайтып жүреді. Қалажайы жоқ, дала қазақтың солай дүзге шығатын әдеті дә. Әкем де алғашында солай жориды да қояды. Бірақ, жаңа түскен жас келіншектің түзге шығуы жиілеңкіреп кетсе керек. Әрі ыңғайсыз, әрі күдікті көріне бастайды. Көңіліне күдік ұялаған әкем келіншегін аңдуға мәжбүр болады. Бұл өзі бір ең оңбаған, жексұрын қылық қой. Келіншегінің келесі түзге шыққан сәтін күтіп, соңына түседі. Сөйтсе… О, сорлы қазақ, Құдай сорлы қылған қазақ, Тәңір өзі тастөбеден ұрып, тағдыр талайын тас талқан қылған қазақ… Әкем өз көзіне өзі сенбей, қалшиып тұрып қалады. Белдің астында қыз Тәшкенге кеткен ағасымен құшақтасып қатты жылап отыр екен. Аңырып тұрған әкем сәлден соң барып есін жыйып қыз ағасына тап береді. Жетіп келіп :

– Ау, сен қайдан жүрсің? Тәшкенге кеткен жоқпа едің? – деп мына жағдайды әрі түсінбей әрі таңырқап тұрғанын жасырмай сұрақтың астына алады. Жылап отырған екі жас ұсталып қалғандарына еш өкінбейтін сыңай танытып, отырған орындарынан бей-жай, сүлесоқ көтеріледі. Сұраққа тез жауап бере қоймай, басын салбыратып, состыйып  тұрады. Сәлден соң барып, жігіт әлденеге кінәлі кісідей қыйбыжықтап, жүзімен жер шұқып әкеме:

– Сәрсен, біздің тірлігіміздің бұлай болғаны да дұрыс болды-ау. Бәрібір ертелі-кеш ашылатын әңгіме ғой бұл. Сен кеш бізді. Егер кеше алсаң, – деп жұмбақтап кеткендей болады. Әкем түкке түсінбей аңырған қалпы. Әулие Құрбан Атаның тұқымы ғой. Өгіз туып жатыр десе  сенетін. Мұсылман айтты десе сенетін.

– Біз сенің алдыңда айыптымыз. Күнәміз үлкен күнәһармыз. Енді аржағын өзің білесің, кешсең де, кешпесең де, – деп тоқтады қыз ағасы. Қызда үн жоқ. Жүзін төмен салған қалпы ағасының жанында тұр. Әкем сол аңырған қалпы:

– Ау, не айтсаң да түсіндіріп айтшы. Өлтірсеңдер де айтып өлтірсеңдерші. Ең аяғы әкесі өлгенді де естіртеді ғой, – деп, өзі түсіне алмай тұрған мәселенің ашылып айтылуын қалайды. – Әлде осы уақытқа дейін Тәшкенге кете алмай, ауыл айналып, тығылып жүргеніңді айтамысың?! Әлде Тәшкенге тіпті де барғың келмей қалды ма? Қарындасыңның қасында түпкілікті қалғың келді ме? – деп қайнағасын сұрақтың астына алады. – Түсіндім, – деді әкем бір уақытта, жағдайды түсіне қойғанына қуанып қалған сыңаймен, – Тәшкенге кетсем, қарындасымды қайтып көрем бе, көрмеймін бе деп уайым жеп жүрсің ғой. Оның да дұрыс бір есептен. Онда жүр, жайыңды жәкеме айтайық. Енді сен о кісілердің құдасысың ғой. Қалсаң қаларсың. Қайтеді? Бірнәрсе ғып күн көрерміз дә, Ең бастысы қарындасыңның қасында боласың, бауырыңмен бір тұрып-бір жүресің – деп әкем өзі пайымдап тұрған жобасын айтады. Осы кезде жігіт еңкілдеп жылап қоя береді. Оған қыз қосылып тағы жылайды. Жігіт жылап тұрып:

– Сәрсен – ау, қалай түсінбейсің?! Қандай ақ көңіл, аңғал жан едің?! Сәрсен сен сонша жақсы жігітсің. Біз сонша жаманбыз. Қайтейін енді мына жалғанның басқа салғаны сол болса?! Бұл менің қарындасым емес, Сәрсен, – деп ол бір уақытта қатты айқай салды. Қуатсыз айқай құмығып, қарлығыңқы барылдау болып шықты, – Сәрсен, – деді қайтадан қайталап, – ол – менің қатыным. Қарындасым емес қатыным ғой! Құдай сорлы қылған соң қайтесің?! Менің Тәшкен кете алмай жүрген себебім сол, – деп екеуі онан әрі жылай береді. – Сорлы болдық қой. Қайтейік енді. Екеуміз жастай, сүйіп қосылған едік. Қимай кете алмай жүрген жоқпын ба, мен оны. Күнде түнде бұта-бұтаны паналап, – деп, ағыл-тегіл ақтарылып, сөйлеп тұр жігіт, жылап тұр жігіт. – Рахмет сендерге, әйтеуір өлмей, ілініп-салынып елдеріңе жеттік. Жақсы қарсы алдыңдар. Барларыңмен бөлістіңдер. Құдайдың құтты күні, құтсыз күні, е, қазақтың күнінің құты қашқалы қашан… Ағылып жатқан аш қой, қайтеміз демедіңдер. Алланың нұры жаусын сендерге. Бірақ сол Алланың нұры бізді қазақты ұмыт қалдырғаны несі?! Алланың нұрынан қазақ адыра қалғалы қашан… Біз де сол Алланың құлы емеспіз бе…Алла өз құлына өзі неге мұнша қаһарланды екен…Ақылым айран, дүние ойран Сәрсен… Сөйткен сендерге біз опа бермедік қой. Өз қатынымды өзім қарындасым деп саттым ғой. Екеуміз солай келістік. Бүйткенше Арқада аштан өлгеніміз артық еді. Бұратылып жатып аштан өлсек те, жұбымызды жазбай, құшағымызды ашпай, сүйіскен жүрекке сызат түсірмей, қауышып жатып өлуіміз керек-ақ еді, ал, енді не болды десейші…Дүние төңкерілді… Қазақтың төрткүл дүниесі төңкерілді. Әттең қапы дүние ай… Біз олай ете алған жоқпыз. Аштық бізге дегенін істетті. Біз оның дегеніне көндік. Айдағанына жүрдік. Аштықтың айтқанын істедік, Сәрсен! Біз бір Құдай қарғаған жұрт болдық қой бұ күнде. Жұртымыздың осындай опасыздығы көп болған соң бізді Құдай ұрып жатқан шығар, – деп сөйлеп жатыр, жылап жатыр. – Е, енді ана үлкен кісілерге не дейміз біз, не бетімізді айтамыз. Ар қайда, ұят қайда…Ақыр аяғы қазақтың ары да адыра қалды ғой. Атың өшкір аштық алдымен қазақтың арын жалмады ғой… Еліміздің өлгені өліп, өлмегені арсыз, имансыз ел болып өмір сүру керек пе енді… Өйткен елде, өмірде-тірлікте не қадыр, не қасиет болады… – деп тоқтады-ау бір уақытта. Жан күйзелісінен ағылған жас жүдеу жүзін жуып жатыр. Бұл оның ар жасы болып, аштықтың азабымен арынан арылған бетін жуып, ар дарытқысы келетіндей.

Әкем Сәрсен істің мәнісін енді аңлап, аңыруы күшейді. Тіпті аузы аңқиып кетті. Мұндай оқыс ой басына мүлдем келмепті. Біреу тас төбесінен қос қолдап тұрып ұрғандай күй кешіп, есеңгіреп ұзақ тұрды. Бұрылып барып, бір жерге, топыраққа жалпыйып отыра кетті. Талай ауырлықты бала күнінен көріп өскен сорлы басы дәл осындай күйді бастан кешем деп пе.?! Ол үнсіз ұзақ отырды. Қарғадай басымен ауық-ауық күрсініп қояды. Қайтсін енді… Ол бәрін түсінді. Қатынды да қимайды. Көңілі, жас тәні қимайды. Бес алты күн болса да, керемет үйлескен, ұштасқан ғашықтық болмаса да, жар төсегінде қауышып, бүйірін жылытып, жас жанына жылу, жас тәніне жүректен желі тартып жатқан құштарлық сезімін сыйлап еді. Өзімнің некелі жарым болды деп иемденіп құшқаны біреудің, аштықтан сандалған сорлы қазақтың басыбайлы, сүйген жары екен. Жан жарын жарты қап азыққа сатқызған, жан жарын алты күн азық еткізген о, опасыз жалған, сұмырай сұм дүние! Сенің сұмдығың қашан таусылар екен, қазаққа құрған қанды қақпаның қашан ашылар екен! О, Тәңірім, ұлық ием! Сенің қаһарың неге төнді төбесіне қазақтың! Сен тағы не көрсетер екенсің мына сорлы қазаққа, мендей сорлы бәндәңә. Көрсетпеген нең қалды осы күнде. Бірақ мен өзіңнің рақымыңнан ешқашан күдер үзген емеспін, үзбеймін де. Түбі бір рақымың түсетінін білемін, сенемін. Бәрін істетіп отырған атың өшкір қу аштық қой, мынау. О, қаңғырған қазақ жұрт! О, қынадай қырылған қазақ жұрт! Оның қабырғасы қайысты. Жаны күйді, күйінді. Өзінің жағдайына да, мына екі мүсәпір мұңлықтың шарасыз халіне де. Ол жас болса да, жастайынан тағдырдан теперіш көріп өссе де, жанының жұмсақтығын сезді, сезінді осы сәт. Ол өзгенің сорынан өзіме бақ қаратып, қыдыр дарыта алмаспын, деп ойлады. Ол бір шешімге келді. Шешті де қайта ойлады. Өзін өзі сонша зорлап, иіп сындырып ойлады. Оның ойы өмір бойы ауыр бейнетпен буыны қатқан Сәрсеннің жаны да бейнетпен, адал еңбекпен таза өскенін көрсетті. Менің кәзір қолымнан келетіні мына екі қумаңлай сорлы қазаққа бақ сыйлау ғой. Ешкімге айтпай өз қолыммен қайта қосып, аттандырып салсам болды деп ойлады. Ар жағын өздері шешеді. Пешенелеріне жазғанын көреді. Өмірлері бар болса, тағдыр жазуында бар болса, аман-есен мұраттарына да жетер. Құдай қаласа болады солай, деп түйді. Күндерін Құдай тауыспасын. Онсыз да күні таусылып жатқан қазақ аз емес. Көп, өте көп. О, зұлмат дүние! Бар зұлматын қазақтың төбесіне төккен дүние! Ол осындай батыл шешімге келді. Ол бұған дейін мұндай кесімді шешім жасап көрмеген жас еді.

– Көтер басыңды! – деді ол жігітке орнынан ширақ көтеріліп, әлденеге өзін жеңіл сезініп, – Бауырым, болар іс болды. Бұл да бір бүгінгі өмірдің ойраны да. Саған жүдә ауыр. Маған да жеңіл емес. Бауырым, – деді қайтадан жігітке, әйтеуір бір қаңғыған қаймана қазаққа қарап тұрып, – Біз қазақпыз, біз бауырмыз. Сондықтан біз ешкімге ештеңе демейміз. Мен солай шештім. Себебі бұл жағдай бұл ауылда тек маған ғана қатысты. Тағдыр екеумізге жүк салған екен. Сен де қайыспай көтер, мен де көтерем, Құдай басқа салғанды. Елді дүрліктіріпкерегі жоқ. – Балаң жігіт Сәрсеннің сөйлеген сөзі, дауысы нық сенімді, қайратты шықты. Жаңа ғана торығып тұрған жүзі, тұздай көк көзі мейір шуағын шашқандай жылы. Ол жігіт пен қыздың көз алдында, әпсәтте қатты есейіп кетіп еді. Өйткені ол өмірдің бір өткелінен өтіп, бір асуынан асып тұр еді осы сәт.

– Кел, бауырым, ауылымызға келгеніңде қатты суық қабақ танытпасақ та, құшақ жайып қарсы алмап едік. Бәріне аштық қаһары, аштық заһары кінәлі. Енді төс түйістірген бауырлық пейілмен құшағыма алып, бауырым деп шығарып салайын екеуіңді. Алла алдарыңнан жарылқасын, – деп Сәрсен екеуін алма-кезек құшақтады. Одан мұндай батыл да, есті шешімді күтпеген көзі жасты, көңілі шерлі қос мұңлық қатты қуанысып, Сәрсенді  үлкен ризалық пейілмен құшақтасып қоштасып тұрды. – Алла алдында ризамын. Бұл ырзай Алла дегенім. Бұл жолдарың болсындегенім. Алла амандықта жолықтырып жатса, туған бауырдай болып қауышайық…

Сәрсен бұған дейін бастан кешпеген күй кешті. Қатты толқыған кеуілден денесі дірілдеп кетті. Сөйлеген сөзі де жан күйзелісін танытып дірілмен шығып жатты.

Олар осылай қоштасты. Екі жолаушы Сырдың қалың тоғайын жарып, жоғары өрлеген жаңғыз аяқ жолға түсті. Аршындап адымдау қайда, бір-біріне сүйеніп, жай жылжып барады. Арттарынан қарап тұрған жанның жаны жасып, бауыры езілгендей. Жас Сәрсеннің жүрегі сыздады. Бірақ өзінің дұрыс істегенін ойлап көңілі марқайды. Ол олардың артынан ұзақ қарап тұрды. Тоғай арасындағы бұралаң жол бұрылып, оларды көзден жасырды. Олар солай көзден кетті, көңілден кеткен жоқ. Көңілде қалды олар өшпес із салып…

– Әке! Арада көп жылдар өтті. Мен сіздің ұрухыңызбен тілдескендей күй кешіп отырмын. Осы әңгіменің бәрін маған шешем жырдай қылып жеткізді. Бүгінде ол да жоқ. Бақилық болды. Оны өзіңіз де біліп жатқан шығарсыз әке! Анамның ұрухы өзіңіздің жаныңыздан мәңгілік мекенін алған болар бұ күнде. Алла хақтығы қалай ақиқат болса, екі дүниенің барлығы да солай хақ деп білемін. Демек өмірден кейін өмір бар. Сіздер сол өмірде біргесіздер. Тірлігінде жаныңызда көп жүре алмаған жан анам енді мәңгі жаныңызда. Әке мен сізге осы әңгімедегі әділ азаматтық шешіміңіз үшін ризамын! Өйткені оқиғаның өзге арнаға бұрылып кетуі әбден мүмкін еді-ау. Менің аталарымның бірі, сіздің бір бауырыңыз, жақын ағаңыз менің білуімше сіз жасаған ерлікті жасай алмапты. Ол кісі де сіз секілді болып, аш қазақтың қатынын алған. Ал күйеуін Тәшкеннің жолына салып жіберемін деп жетектеп, ертіп кетіпті. Ал маған жақын туыс атамның жанында жары болып қалған әжеміз, сіздің жеңгеңіз, сатып алған күйеуінің сөзіне, сіздің ағаңызға өмір бойы сенбей өтіпті. О, жалған ай десеңізші. Менің анама жайлап қана, жасырып, сыр қылып шертеді екен әжем сол қасірет күндерін…

– Е, бұл кісі қатты қатал кісі ғой. Маған әшейін айтады. Менің бұрынғы күйеуім жазғанды Тәшкенге шығарып салдым деп. Оны өлтіріп тастады ғой бұл, – деп, бір күрсініп алып, сөзін қайта жалғап, – Қайдан… Бұ кісі оны тірі жібермейді ғой. Мен білем ғой мұны…Бұл оны анық өлтірді. Білем мен. Білем, – деп, көзін жасқа шылап отырып қалады екен. Тағдырдың жазуына қанша көнсе де әжем алыс сағым күндерін аңсап, тәтті елес етіп емес, ауыр, емі жоқ сырқаттай жүрек сыздатып еске алатын болса керек. Сонда бәрібір бұрынғы күйеуі, бәлкім шын сүйіп қосылған сүйген жары еске түседі-ау қоймай-қоймай. Мүмкін түсіне де ауық-ауық кіріп тұрар. Мүмкін ол мүсәпір өзін атамның өлтіргенін сонда айтар әжеме. Иә, айтады ғой… Әйтеуір, әжем байғұс оны атамның өлтіргеніне нық сенімді болған. Бірақ өте зор, алып денелі, түсі суық, қас қабағы жалбыраған, бетіне кісі қарауға қорқатын, оның үстіне өзі де жасырмай қай жерде қалай кісі өлтіргенін айтып отыратын күйеуіне ештеңе айтпай, бар сырын ішке бүгіп өтті ғой әжем марқұм.

Менің атамнан өзге де талай қазақ аш қазақтардың қатынын сатып алып, түн жамылып, оның күйеуі мен баласын қуып жетіп өлтірген, азғантай арзымағыр астығын қайта алып қайтқан зұлмат аштықтың оқыйғалары құлағымызда бар. Көп емес, бірақ бар. Ол аш қатын сол ері мен ұрпақ ұластырар ұлының аман қалуы үшін сатылған, ол өзін өзі сатқан… Кей көркөкірек сорлы аш қазақ қызының сол ерлігін бағалауға діті жетпей, Құдай өзі сорлы жаратқан қумаңлайда қайдағы діт, аштықтан қалтақтап, сүйретіліп зорға жүрген қайратсыз қазаққа қаскөйлікпен қару сілтеген. Неткен сұмдық! Неткен әділетсіздік! Бұны қазақ қазаққа істеген. Өлтірген де қазақ, өлген де қазақ. О сұм дүние! Әйтеуір сенің қай кезде де қазаққа істеген, қазаққа істеткен сұмдығың көп. Менің жаным соны сезеді. Өйткені мендегі мені мен етіп тұрған жан да, жанның жайы тән де, тәнді жүрекпен жылжытып тұрған қан да қазақ. Сондықтан да қызылдардың қазақ қырғынына перзенттік жаным, жүрегім күйеді, күйінеді.

Әке! Сізге осы адал пейіліңіз, кеуіліңіздегі жан тазалығы үшін де разылығымды перзенттік мақтанышпен, сіздің ұлыңыз болу бақытына ие болған мақтанышпен тағы да білдіремін. Әке сіз жасаған әділетті бір шешім бүкіл өміріңіздің бақыт желісі болып тартылған. Әке сіз өзіңіздің тағдыр тақтаңыздағы жазуға ылайық дүниеден ерте озсаңыз да. Әке Алла Тағаланың сүйіктісі Мұхаммет Пайғамбар да көп жасамаған.

Әке сіз оны – аш қазақты өлтіруге әрекет еткен жоқсыз, тіпті ойыңызға да алған жоқсыз. Астығыңызды да кері қайырып алған жоқсыз. Жолазық болсын деп шештіңіз. Сіз оларды қайта қостыңыз. Бақсыздарға бақ, бақытсыздарға бақыт сыйладыңыз. Әке бұл – ерлік. Бұл – сіздің ер азаматтық ерлігіңіз. Әке мен сізді осылай мақтаймын. Әке мен сізбен осылай мақтанамын.

 

ӘКЕМ ҚАЙТЫС БОЛҒАН КЕЗДЕГІ ОҚИҒАЛАР

 

Көп қиындық көріп өскен әкем соғыстан соң шаруашылықтың малын бағып, тез дәулеттенеді. Сәрсен бай деген атағы шыға бастайды. Сондағысы елудің үстіндегі қой. Қой санының аз болуы әкемнің қошқар бағуымен байланысты болыпты. Қалың қошқар мен ұрғашы малды қатар ұстау мүмкін болмаса керек. Сондықтан қоңсы қойшыларға өтініш етіп, қойын соларға қосып жүреді екен. Есесіне ешкілері көп болыпты. Шешем сол күнде төрт жүздей ешкіміз болды деп отыратын. Қазақтың «Есің кетсе, ешкі жый» дегені мол тәжірибемен айтылған әңгіме ғой. Соғыстан кейінгі елдің, әсіресе біздің үйдің есін кіргізген ешкі болса керек. Қызылқұмда, кең далада қораға да кірмей, бөлек жатып, бөлек өріп жүретін көрінеді. Кейде желдеп жайылып, қатты ұзап кететін де күндері болады. Ондайда апталап, айлап үйге келмей, түз тағысындай болып құмды ен жайлап жатады екен. «Әлде қатты алыстап, Мұрын Қарақ тауына өтіп кете ме қайдам, әйтеуір ұзақ уақыт қайтпай қалады. Бірақ хабарын ұзын құлақтан біліп, естіп отырамыз. «Сәрсеннің ешкісі пәлен жерде жайылып, түген жерде жүр екен» дегендей ел өзі айтып жатады. Содан қойшы, әйтеуір бір күні өздері келіп тұрады. Жаңылмай үйді тауып… Құдай береді де қалады. Құмда отырамыз. Егіп, жеп жатқан көгөрүшіміз, қауын, дарбызымыз жоқ. Біздің қауынымыз да, дарбызымыз да ешкі. Дереу біреуін соямыз да, қазанға со қалпы тұтас сала саламыз. Сүйтіп бұқтырып жейміз де жатамыз. Жедің демейді ғой ешкі жарықтық. Бой бермейді. Өршеленіп өсе түседі ешкі деген. Қазақтың «Тарта жесең, тай қалады. Қоя жесең қой қой қалады. Қоймай жесең нең қалады» деген мақалы жалпы үнемге айтылған болар. Бірақ, маған соның ешкіге қатысы жоқтай көрінеді. Керісінше ет жеуге келгенде қасқырдай құлық танытатын қазаққа тайын тарта жегізетін, қойын қоя жегізетін осы ешкі жарықтық па деп қалам. Сонда деймін-ау, ешкі өзі өсумен бірге өзге түлікті де өсіретін, есі кеткен елдің есін солай жыятын мал десе болады-ау өзі, – деп шешем ешкі жайлы тамсанып айтып отырған әңгімесін салмақты оймен сабақтайды. Қазақ бастан кешкен қаншама қиын жағдайда да ешкінің қадірлі де берекелі мал болғанын ел тұрмысымен қосып әңгімелейді.

Қой мен ешкіден басқа ірі мал әр түлігі бес-алтыдан болса керек. Осының өзі уақтысы үшін мол байлық болғанға ұқсайды. Күні кешеге дейін қисапсыз малмен өскен қазақтың байлық, барлық туралы ұғымы кеңес дәуірінде байлықты барлықпен, барлықты байлықпен шатастырып, осылайша әбден жүдеп, ұсақтап кетсе керек. Себеп… Себеп көп. Себептің басы – совет. Кәмпеске, қалқоз, алапат аштық, қажыған елдің ішінен пайызға-процентке жау тауып, жоспар орындаған НКВД ойраны, соғыс. Советтің сансыз ойранынан ойсырап шыққан елдің қалғанын соғыс жалмаған. Елдің соғыстан тұралап шығып, әлі әл-ауқатының орнына келе қоймай, сенделіп, төмен тірліктің созылып тұрған уақтысы-ау шамасы. Жалпы жұрттың жағдайы солай болып, бірен-саран ғана ел азаматтарының ісі оңалып, малдана бастаса керек. Соның бірі менің әкем болыпты. Сөйтіп ел малсыз, әкем малды болған соң «Бай», «Сәрсен бай» атай бастаса керек.

Әкем төтеннен бір дерт келіп, үш күн ғана жатып қайтыс болыпты.

– Әкең аяқ астынан ауырды, бұрыннан өзінің үйреншікті болған ескі демікпесі бар еді. Оны да сол шаруашылықтың жұмысы деп, Құмда құдық қазып жүріп тапқан ғой. Бірақ өз шаруасын өзі жасауға шамасы жетеді. Оның үстіне күнде азанда ұзамай, ауыл айнала жайылатын атын алып келіп, ерттеп, өзім қолтығынан демеп, атқа отырғызып жіберем ғой. Малын жайып келеді өзі. Сол демікпе кеселінен бір ел аралап, емшілік етіп жүрген тәуіпке көрініп, тәп-тәуір болып қап еді. Кейін суық тигізіп алып, қайта қайталап қалды ғой. Сонысын көрсетем деп, көрінем деп, Шіңмент барып, бір бұзыққа алданып, бар ақшасынан айырылып қайтты да қайтып емделмей қойды. Әкең байғұс қанша жерден көрмегені жоқ десек те, бес жыл соғыста жүріп келсе де, мал саудасы мен шаруасына пысық болды десек те кісіге сенгіш, аңғал адам болған екен ғой. Қанша дегенмен дала қазақ қой. Қазақы далалық мінез, аңқаулық қой оған опық жегізген – деп шешем әкем бастан кешкен сол оқиғаны күйініп отырып әңгімелеп еді.

Облыстық па кім білсін, әйтеуір қаладағы бір үлкен аурухана ауласында пып-пысық бір жігіт:

– Ассалаумағалейкүм! – деп амандасып, әкемнің шаужайына орала кетеді. Жабысып хал-жағдай, ауыл-елдің амандығын сұрап, әкемнің іші-бауырына кіріп, тоқтамай сөйлеп есін шығарады.

– Уағалейкүмүссәләм, – деп әкем де қалбалақтап қалады. Бұл жігіт бір жерде бәлкім дәм-тұздас болып, мен жыға таный алмай ұят болып тұр-ау деп ойлап. Ана жігіт жылмаңдап, әкемнің ана жағынан бір шығып, мына жағынан бір шығып, амандық саулығын сұрап, қилы-қилы қызық әңгімеге ұластырып, басын айналдырып, баурап алады. Ақырында әкемнің жүрген шаруасының жайын біліп, жанашырлық кейіп танытып:

– Бұ жерде көрінетін таныс бырашыңыз бар ма еді, – деп сұрайды. Әкемнің «Жоқ» деген жауабын алған соң, – Онда болды. Менің таныс адамым бар. Үлкен быраш өзі, деп, Мұндайда таныс адам болмаса болмайды. «Кісідегінің кілті аспанда» деп, быраш деген қаймана қазақтың бәрін бірдей көре береді дейсіз бе, көрмейді. Көрсе де дұрыстап қарамай, ауруханаға жатқызып емдемей, жәй дәрі жазып беріп қайтара береді дә. Одан адам жазылушы ма еді. Жатып емделіп, аурудан ада-күде арылып шыққанға не жетсін. Таныс болмай болмайды. «Жауда да болса, бір үйің болсын» деп бекер айтпаған ғой  деп, қамқор көңіл көрсетіп бағады. –Айтпақшы, ауданыңыздың облысқа жолдаған қағазы бар ма еді. Жолдама қағазды айтам, – деп тағы бір жоқты сұрап, тағы бір қиындықтың басын қылтитады.  Әкем шарасыз халде басын шайқайды. Басқа не істесін енді. Әкем байғұс алдымен ауыл ауруханасына көрініп, сатылап келуді қайдан білсін. Бар көңілі үлкен жерге барып көрінсем, күннің көзін бір шөкім бұлт басса болды сыр-сыр етіп, ысылдап шыға келетін өкпе сырқатынан, үздіксіз ентіккен демікпеден, дәрменсіздіктен Құдай құтқарса құтылсам, деген жан далбасамен сандалып әйтеуір үйден шығып жүре берген адам да менің әкем Сәрсен. – Жарайды, ештеңе етпес. Қағаздың жайын да өзі іреттеп береді ғой. Бәрін өзі бітіреді. Сөйтпесе де болмайды ғой енді. Сізді қайдан Қызылдың құмына қайта сандалтсын. Өзіңіз сондай үлкен кісісіз. Қой, ұрыста тұрыс жоқ. Мен кәзір барып, жұмыста бар ма, жоқ па соны біліп келейін, – деп ауруханаға кіріп кетіп, біраз аялдап қайта шығады.

– Болды. Өзі бар екен жұмыста. Жағдайыңызды айттым. Алып кел деді. Бірақ, – деп жан-жағына қарағыштап, өзінің әр сөзі мен ісіне құпиялық мән беріп, сыр сақтап сөйлеген кейіп көрсетіп: – Қаражатын алдын-ала бермесе болмайды деп жатыр. Оның да аржақта беретін адамдары бар көрінеді. Бастықтары ғой. Маған алып кел деді. Бар жағдайыңызды жасаймын деп жатыр. Ауруханаға жатқызып, өзім емдеп жазам дейді. Ақшаңыздың аужайы қандай еді өзі. Жаңа сұрамаппын да ғой, – деп әдемі ақкөңіл кейіп танытады. Қаланың жалаңаяқ ышпанасының әртістік қойылымы сәтті шығып жатса керек. Әкем бар жан-тәнімен сеніп, халқы құжынаған қаладан таныс тапқанына, бауыр тапқанына қуанып қалыпты. Қазақ қой. Бір-бірін бауырым деп өсіп, бауырлық бірлік сезімі елді ұйытып тұрғанда дүниені алған қазақ қой. Сол қазақтың ұрпағы ғой менің әкем. Сол бауырлық сезімде, күдік атаулыдан ада  сенімде, қуанышты қалпы қалтасындағы бар ақшасын санап береді. Бауыры әкемді ыждахаттап аурухана аузындағы ағаш орындыққа отырғызып:

– Осы жерден тапжылмаңыз. Мен кәзір қайтып келем. Өзім алып кірем ғой бырашқа, – деп ғимаратқа кіріп кетеді. Содан әкемнің сол бауыры ізім-қайым жоғалады. Бауыры отырғызып кеткен ағаш орындықта оны күтіп бір сағат отырады. Жоқ. Екі сағат отырады. Жоқ. Жағдайды түсініп дағдарған әкем амалсыз ішке кіріп, ғимаратты аралап, «жанашыр бауырын» әркім-әркімнен сұрастырып, таппай сандалып қайта шығады. Әлбетте үлкен қаладағы үлкен ғимараттың  есігі жалғыз емес қой.

– Оның үстіне ондай бәле басқа есік болмағанда да, аурухананың кез келген жерінен тесіп шығатын нақ албастының өзі дә, – деп Биекең жарықтық, – Қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді. Құдайдан да иманды адам қорқады шырағым. Иман, ол – ұят, ол – ар, балам. Имансыз – арсыз. Ол қайдан Құдайдан қорықсын, қорқытатын иманы, ары жоқ қой оның, – деп далалық мұсылманшылық пәлсапасына салады. Анығы бала кезінен құлағына сіңген қазақы, далалық сопылық ілім. Әзіреті Сұлтан ілімі. – Адамды адам етіп тұратын нәрсе – иман. Ол – адамның бұ дүниедегі тірлігінің де, о дүниедегі болмысының да жалғыз тірегі. Құдай біледі деп айтайын балам, – деп толғанысын жалғайды. – Қазақ содан да кісі қайтыс болғанда ең алдымен «Иманды болсын» деп тілек тілейді. Бата жасап бетін сыйпайды. Сондықтан да қазақтың ең ауыр сөзі «Имансыз» деп тілдеу болған. Олай тілдеген адамның қолында өлетін болған бұрынғы қазақ. Ал бүгінгі елдің көбі сиіп сөйлейтін қатынның «Иманыңа-әссиейін» дегеніне екіншісінің «Иман тапсаң сиерсің» деп жауап бергенінің кебін киіп жүр.

– Содан, – дейді Биекең жарықтық шалының Қызылқұмнан үлкен шәріге жасаған сәтсіз сапары жайлы әңгімесін аяқтауға бет алып, – әкең қалтасындағы қалған-құтқан тиын-тебенін теріп, елге әрең жетті ғой. Содан кейін ол быраш та, тәуіп те іздемеді. Қайтып сөз де қылмады. Шамасы өзінің сақалды басымен бала құсап алданып, опық жеп қалғанын қатты намыс қылса керек. Кеуіліне алып, қатты ауырлаған ғой. Кәйтсін енді, -деп шешем өз әңгімесін өзі ауырлап, шалына жаны ашып, ауыр күрсініп қоюшы еді…

Иә, осылайша Қызылдың ыстық құмына табанын, аптабына жүзін күйдіріп өскен құла дүздің құландай қазағы қаланың ысқаяқ ышпана қазағының торына тұтылып, жебесіне жем болады.

– Бірақ мынаусы басқа кесел болды. Құдай біледі, деп айтайын – дейді шешем әкемнің соңғы сырқаты жөніндегі әңгімесіне қайта оралып. – Арнайы қожа шақыртып, тамырын ұстаттық. Әлгі қожа әкеңнің тамырын ұстап отырып:

– Сәрсеке, Құда қаласа үш күнде тәуір боп кетесіз. Уайым қылмаңыз. Жақсы болып кетесіз,  – деп аттанып кетті.   Ойпырмай әлгі қожаны-ай. Бәрін біліп тұрып, айтпай кеткен екен. Әкең тұп-тура үш күнде қайтыс болды, – деп шешем әрі іреніш, әрі өкініш сапырылысқан екі ұдай сезіммен әңгімелейтін. – Әкеңді өле қояды деп тіпті ойламаппын. Сөйтсек оған «Әспі» деген жаман кесел келген екен. Ондайды кім көрген. Өмірі көрмеген нәрсені біз қайдан білейік. Кейін сүйегіне кіргендер «Сәрсекеңнің арқасы қарайып кетіпті. Әлгі әспінің, со бәленің белгісі ғой» деп айтысты бізге. Сонда бір-ақ білдік қой әкеңе не болғанын, – деп шешем кейде дағдарған кейіпте сөзін жалғайтын:  – Әйтеуір арманда боп айтамыз да. Әйтпесе бұрын білгенде не қыла қоятын едік. Біздің қолымыздан не келеді дейсің. Туырлап келген ажалға бәндә не істесін. Алланың ісі дә… Сосын   Құданың құдіреті,  – деп анам өзгеше бір тылсым әлемді әңгіме еткісі келіп, өзге бір кейіпке енетін. Жүзіне өлім әлемінің құпия сырына деген таңданыс пен құдіретке мойынұсыну бояуы қатар еніп:  – Жан деген бір шөкім ғана көк жалын екен. О, тоба…  «Шыққан жан жақсы көрген адамына ғана көрінеді» деуші еді бұрыннан. Әмірбекке көрінді. Өзі Әмірбекті жүдә қатты жақсы көруші еді. Оны бір жұмысқа жұмсағанда да «Әміржан Құда қаласа бітіріп келеді ғой тапсырған жұмысты, айналайын», деп інісін қатты қуаныш қып, шырайланып күтіп отырушы еді жарықтық. Сосын көрінген ғой. Маған көрінбеді. Мен де басында отырмын ғой. Ештеңе сезгем жоқ,  – дейді анам ағынан жарылып. Жарының тәніндегі Алланың аманаты  – жанының көк жалын сықылды болып шығуы туралы әңгімесін аяқтап. Бұл әңгіменің дерегін, әкемнің жанының кеудесінен бір шөкім ғана болып шығып, көкке көтерілу жайын енді көкемнен сұраймын:

– Көке, әкем қайтыс болған кезде басында бопсыз. Айтып беріңізші. Біздің Биекең «жан, көк жалын» деген әңгімелер айтады – деп. Шешемді айтқаным ғой. Әмірбек көкем әңгімешіл кісі болмаған соң, болған жайды, әкемнің ақтық сапарын бар ықыласын салып, бірақ әрі қысқа, әрі нұсқа етіп қана айтып беріп еді.

– Сәрсекең жарықтық жан тапсырарда түк қиналған жоқ. Тек бетін сол жаққа әнтек бұрып «Ы-ы-ы» – деп барып, иегін сәл көтергендей болып, «Үф-ф-ф» – деді. Сол сәтте аузынан бір көк жалын бұрқ ете қалды. Мынандай ғана көк жалын, – деп көкем оң қолының бас бармағының басы мен балаң үйректің ұшын түйістіріп, кішкентай ғана  жүрекше суретін түзіп. – Мүмкін, – дейді көкем жарықтық ойланып отырып, – біз біле бермейміз ғой. Ілімсіз өстік, қайдан білейік. Ескі ілім түгілі бүгінгі мектепті де дұрыстап оқи алмадым ғой мен. Жетімнің жайы қашан да белгілі ғой. Оның үстіне «Заман қандай, заң сондай» деген тағы бар, – деді өзінің жетімсіз жетімдік өмірі мен уақыт әуеніне барлау жасағандай әрі сол уақыт тежеген ескі ілімнің адам баласын рух әлемімен байланыста, жаратылыспен сабақтастықта тәрбиелеп келгенін тұспалдағандай болып. – Қазақ айта беретін жаның да, әруағың да сол көк жалын-ау деймін шамасы. Кеудеден шығып, көкке көтеріліп кететін.  «О дүние», «Ана жай» дегеніміз де со жақта болғаны ғой сонда. Біздің ел әруаққа бағыштап құран оқығанда да сол әруақтармен байланысын үзіп алмай, жалғап отырғысы келгені дә. Алладан бұрын әруақтан медет тілегендей болып «Әруақ, Құдай жар босын» деп жататыны тағы бар. Дұрысы медетті Бір Алладан тілеп, әруақтан сұрайтыны дәнекерлік болар. Көп нәрсеге дітіміз жете бермейді ғой. Ілім болмағасын діт қайдан болсын. Тек қазақы долбар дә біздікі өзімізше топшылап қоятын өстіп кейде-кейде. Иә, Құдай өзі кешірсін…

Қазақта жасы келіп қайтқан кісілер үшін болуы керек, өлген кісінің басына мал байлау,  қабымен дақыл астық, не бидай не жүгері қою, жаназаға жыйылған көпшілікке қолма-қол ақша тарату, орамал беру, жыртыс жырту, мәйітті үйден шығарып жатқанда теңге шашу секілді жәйттер болған. Мәйіт үйден шығарылып, қайтыс болған кісінің бауырлары мен ет жақын ағайыны жерлеу рәсімімен ауыл сыртындағы қорымға бет алғанда, қалған жұрт құран оқып ас ішуге отырады. Мәйіт оралып барған кебіннен өзге текемет, ақ киіз, сыртынан жабылған кілем молдаға не мешітке кетеді. Кілем үстіне қойылатын мата-кешек – қазақтың мың жылдық дәстүрімен, ұлттық үлгіде, арнайы «сыртқы үй», «ішкі үй» деп бөліп, мәйіттің мәңгілік мекені  – көрдің өзіне көрік беріп қазатын,  марқұмды ақтық сапарға құрметпен шығарып салу ісіне бар ықыласын салатын ел жігіттерінің үлесі. Олардың өзін «Пәленшекеңнің жайын қазуға пәленше сен барасың,  түгенше сен барасың» деп, ауыл ақсақалдары бөледі. Жауапкершілікпен жүктейді. Оларға ешкім «Көр қазасың» деп дүңк еткізіп қойып қалмайды және кім көрінгенге, көлденең көк аттыға айтпайды. Ет жақын ағайынға, тілекші туысқа айтады. Осы әңгіменің барлығы қайтқан кісіге көрсетілетін ізет пен құрмет іретінде, әр кісінің жүзін қаза қайғысының көлеңкесі жауып тұрып, сабырмен, айқайсыз, ақырын ғана сөйленіп, салмақпен орындалады. Ал қазір көр қазу ісімен тұрақты түрде, қазыналық не коммерциялық үлгіде тағайындалған жігіттер айналысады. Яғни көр қазу, мәйіт жерлеу олардың жұмысы, күн көріс көзі. Олардың қайсысынан қай қайтқан кісіге, оның жерлену ісіне, рәсіміне ізет сұрарсың. Марқұмның жетісі өткен күні оның тірлікте киген киімдері мәйітті ақ жуып, арулап шығарып салған кісілерге өзінің белгіленген тәртібімен бөлініп беріледі. Бәлкім бұл үрдіс – тірінің өліні – жақынын жадында жаңғыртып жүруі үшін. Ал қалғаны  марқұмның тірлігінде біліп, білмей істеген күнәларының өтеуі үшін. Бұ дүниенің емес, о дүниенің қамы. Тірінің емес, тіріге беру арқылы жасалатын өлінің қамы. Өліге деген тірінің тілегі. Жақынының өлілердің шетсіз шексіз мәңгілік әлеміндегі мәңгілік өмірі үшін. Дұрысы әруақтар әлемі мен жақын жанның әруағы үшін, әруақ разылығы үшін болар. Мүмкін тіріден өліге одан әруаққа айналып үлгерген жақынының әруақтар әлемінде жүзінің жарық болуы үшін шығар. Жайы жәннәтта болсын деп тілек тілеу де сонымен байланысты болар.

Әкемнің інілері анамыз Бибайшаға:

– Не істейміз? Сәрсекеңнің басына мал байлап, жаназаға жыйылған жамағатқа ақша таратамыз ба?  – деседі. Анам:

– Мейлі, солай болса болсын. Өзінің арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп тапқан малы ғой, өзінен аямайық!  – дейді. Кейін өзі:  – Құдай аузыма салған шығар, әйтеуір солай деппін. Мына шиеттей бала-шағаны қалай асыраймын. Ертеңгі күніміз не болады, Кәйтіп күнелтеміз деп әсте ойламаппын, –  деп айтып отыратын. Сонымен әкемнің інілері қолда нақты ақшалай қаражат болмауы себепті бір жерден қарызға ақша көтеріп әкеліп даярлап та қояды. Басына мал да байлайды. Ақша таратуға келгенде екі ұдай пікір туады. Аларман топ Алланы естен шығарып, алдымен Аллаға, сосын ағайынға аманат қалған балаларды да ескермей:

– Сәрсеннің малын қалай шашсаңдар да жетеді ғой. Ақша тарату керек, – деседі. Қазақтың «Өлім бардың малын шашады. Жоқтың артын ашады», – деуі осындай-осындай дәстүрлі оқиғалардың салдарынан қалса керек. Бұл адам табиғатының, адамның адамға деген қаталдығы. Мүмкін мәйітке мал не керек, кебінге кенеп табылса болды-дағы десер қатал қауым. Ал артта қалған ұрпақ камын Құдай жесін. Қазақтың Құдай есіркесін дейтіні сол болса керек. Әркімнің күнін Құдай елітсін, деп қоятыны тағы бар. Сөйтіп бар шаруаны Аллаға артқан қазекем, «Таңғы тамақ тәңірден» деп мақал да шығарып алған. Сол сәтте көтен ағайындар қатты қайрат көрсетіп, ындыны кеткен аларман топты тойтарып тастайды. Олар:

– Ау, ағайын! Бұлай демекке қалай дәттерің барып тұр. Құдайдан қорықпайсыңдар ма. Алды сегіз жаста, арты алты айлық төрт бала,  – деп ашына сөйлескен көтендер кесімді сөздерін де айтысады. – Мына балдардың алдын он сегізге толтырып алыңдар да алатындарыңды сосын ала беріңдер!

Мына айтылған сөздің шындығы мен туралығынан көпшілік әжептеуір тосылып қалады. Әйтсе де бәрінің ойын онға, санасын санға бөліп сансыратып тұрған нәрсе Сәрсеннің көген көз төрт ұлы емес, Сәрсен байдың малы еді, ағайын елдің көзіне құрт болып түсіп, діңкесін құртып тұрған. «Еншісі бөлінбеген қазақ» дегені сол да. Сөйтіп қалайда алуды ниет етіп келген, алмаққа көңіл беріп  қойған жұрт та бірден берісе қоймайды. Қиыннан қиыстырып жол табуға тырысып:

– Онда, ең болмаса атұлын беріңдер!  – дейді. «Атұлы» деп отырғандары ата ұлы дегендері. Оның мәнісі жаназаға жиылған көпшілік қауым ішінен әр рудың үлкеніне, сыйлы азаматарына үлес беріледі.

Сонымен әкеміздің басына мал байланып, дақыл қойылып, атұлы берілген. Жаназа оқылып, жол-жоралғысы жасалып, жамбасы жерге тиген. Құран оқылып, ас ішілген. О жайға көшкен әкеме, бұ жайда қалған бізге тілек тіленіп, бата жасалған. Сөйтіп шиеттей бала-шағамен үй шаруасындағы жұмыссыз әйел – анам Бибайша алдағы күнін Алладан тілеп, әр істің ақырын сабырмен күтіп қала берген. Иә, Бір Алла тағдыр өзіңнен…

 

 

ӘКЕМ ҚАЙТЫС БОЛҒАННАН КЕЙІНГІ КЕЙБІР ОҚИҒАЛАР

 

-Әкең өлген соң түзде қонып, түзде өретін ірі қара мен жылқының көбін ұры алды. Ешкім алды сегіз жаста, арты алты айлық төрт жетімнің  малы ғой демеді. Дүние, малға келгенде жұрт Құдайын ұмытып, иманын тәрік етеді екен. Әйтеуір өрістен үйге күнде келіп тұратын уақ малға еге болып қалуға тырыстық. Сүйтіп үкіметтің малын өткізіп, өзіміздің жекеше малмен жиекте, Тасжүректе тағы біраз отырдық. Жұрт жиек деп шетсіз-шексіз ұлы құм Қызылдың ел жақ шетін айтады. Сыр жағалай қонған елдің оң жақ беті дайра, дайраны жағалай біткен жиделі, тораңғылды қалың тоғай, сол жағы Қызылқұм, – деп құм ішін, оның дара әлемін, мал баққан қазақтың құтты қонысы, құт мекені болғанын, әсіресе кешегі кеңес билігіне дейін құмды қалың қоңырат елі сәні мен салтанаты әдемі үйлесіп, ырыс, несібе ордасы етіп жайлап келгенін әңгімелеп кетеді. Бүгінде ойлаймын, әруағыңнан айналайын жан анам, бар әңгімеңді, естігенің мен көргеніңді, көңілге түйгеніңді маған айта беріпсің ғой деп. Мүмкін басқа балаларына да айтқан болар. Кім білсін. Бірақ анамның ағаларыма әңгіме айтып отырған сәттерін еш елестете алмаймын. Бәлкім мен ең кіші ұлы, кенжесі болуым себепті де үнемі дерлік жанынан табылып, өзі де жанына жақын тартып, сыр сұхбатымыз да мол болды ма екен.

– Ойымыз, өзіміз отырған жұртта әкеңнің жылын беріп, елге, Түркістанға көшу. Әкеңнің айта беретін Күйікасарына, Қызыл шаруасына бала-шағасын апару. Тірлігінде тірлік талабымен табан тірей алмаған ауылына балалары, отаны барса рухы да бізбен бірге барады ғой әкең жарықтықтың. Иә, сүйтіп әкеңнің әруағы разы болсын деп, солай оның ұрпағын ұрулы еліне жеткізейін деп ниет қылдым. Өзі қауыша алмаған жақын туыстарымен, бауырларымен балалары қауышсын дедім. Осыны әкең үшін, әкеңнің әруағы үшін Тәңірден тіледім. Сол үшін де әкеңнің жылын жылына жеткізбей бердік. Күзде бердік. Одан ары ассақ, жыл толтырсақ қыс түсіп кететін болды. Шиеттей бала-шағамен қыс ауасында қайдан көшейік.

– Сонымен солай, ерте күнді кеш қылмай дегендей әрекетпен әкеңнің жылын өткіздік. Айнала жұрт тегіс жыйылды. Әкеңнің жылы әсіресе саған ауыр тиді, – деп, анам Бибайша әңгіменің арнасын маған қарай аударады. – Сен өте толық болдың. Оның үстіне бала болып кісі жатырқағанды да, мазасызданып жылағанды да білмейсің. Бар болғаны бір жастан жаңа асып жатқан уақтың. Аюдың қонжығы секілденіп, жиылған жұрттың аяғының астында қорбалаңдайсың да жүресің. Ана Бекең байғұсқа көтертіп қоям.

Үлкен ағам Берсінбекті бала күнімізден үлкеніміз деп құрмет тұтқан қалыбымыз болу керек бәріміз сауғазылап «Беке» дейтінбіз. Соған анамыз да үйреніп, өз ұлын бізбен бірге «Беке» деп атап кетіп еді.

– Ойым сенің жұрт назарынан аулақтау болуың. Саған ит тиіп қала ма деп қорқам ғой. Көтеріп ойнатып кетсе деймін. Бірақ Бекең оны түсіне қоймайды. Бала дә. Әрі ол сенің салмағыңа ұзақ шыдас бере алмай:

– Апа, балаңыз жаман ауыр. Шаршап кеттім, – деп, жерге түсіріп, босатып қоя береді. Қайтсін енді өзі бар болғаны тоғыз жаста ғана, оның үстіне өзі жүдә жұқа болды. Негізі өзінің шыбығы жіңішке ғой. Ал сен болсаң қас қылғандай, ебедейсіз еңбектеп, назар аударған кісі болса болды мені көрдің бе дегендей ыржиып күлесің де жүресің. Содан көпшіліктің назары саған ауып, кейбірі сенің қылығыңды:

– Әй, мына баланың пейілі әкесін жалмайтын пейіл емес қой. Ақпейіл бала ғой мынау, – деп сөз қылысып та жатысты. Кейбіреулері:

– Аумаған қазақы күшік қой мына бала. Жүріс тұрысы да қопал, өзі болбыр бос болады. Со қалыпта, ақкөңіл, аңқау кейіпте аяғыңның астында арсалаңдап ойнап жүретін, – деп күліп, көп сөз қылысады. Осылайша қазақы қараңғы көңілмен бәлкім ежелгі ескі ұғыммен мені әкесін жалмаған бала болды ғой деп қорытып қойған ойларын өзгерткісі келді ме не анамның қаяулы көңілін, маған қатысты ішкі күдікті ойын сейілткісі келді ме кім білсін, әйтеуір мені ортаға алып, қылығымды қызықтап көп сөз қылысыпты.

– Сонымен не керек, – деп анам әңгімесін әрі жалғап, – әкеңнің жылына жыйылған жұрт тарқай салысымен ес-түссіз жатып қалдың. Қатты назарланып қалғаның анық. Аурудан шарылдап жылауың керек қой. Жоқ, жыламайсың. Еш қимылсыз, тырп етпей, көтерілген қызудан қып-қызыл болып үн-түнсіз жаттың да қойдың. Тек аздап ыңқылдап қоясың. Жаныңа батқан аурудың әсері ғой. Кейін ыңқылды да қойып, сұлық түстің. Қатты шошыдым. Бірақ не істерімді білмеймін. Айдалада, Қызылқұмда отырған шағын ауыл адамының қолынан не келе қойсын. Қолға түскен адамға түкіртіп, түрлі қазақы ем-дом жасап әбігерге түстік те қалдық. Бірақ одан еш қайран болмады. Сол сұлық жатқан қалпың. Әр істің есебін Тәңір өзі табатыны ырас қой. Сенің жарығыңа қоңсының сен қатарлы баласы да қатты сырқаттанып қалыпты. Қоңсымыз жас бала болатын. Қанша дегенде еркек емес пе. Әйтеуір бір жерден көлік тауып келіпті. Мәшине. О заманда мәшине деген қайда, жүдә аз еді ғой. Үйде әкеңнің асына алыстан келген, әлі қайта қоймаған адамдар да баршылық. Соның бірі сонау Сырдың арғы бетінен, аудан орталығынан келген әкеңнің туған қарындасы, қайын сіңлім Қалампыр еді. Әпшең ғой. Шамасы сенің сырқатыңның бет алысынан қатты секем алған-ау, маған:

– Әй, Бибайша, сен бізге алаңдамай-ақ қойсайшы. Бірдеме ғып қайтармыз әйтеуір. Тірі жанбыз ғой. Ағам болса кетіп қалды. Енді саған бала, адам қымбат қой. Сен мына көліктен айрылмай, Жаратқанның өзі жеткізіп жатқанда жармасып, сыйысып Сінтірге (орталыққа дегені),  жетіп асайшы, – деді. Ауруханаға дегені ғой. Содан: – Иа, Пірім! Иа, Жаратқан бір Алла! – деп сені алып, Сінтірге жүріп кеттік қой. Сінтіріміз кәдімгі Көксарай. Кейін Шәуілдір сапқозының орталығы болды. Бұрын отырған жеріміз. Малдың жайымен  Құмын талай жайлағанбыз ғой. Сінтірің сәбеттің тоқсан ұрулы елі бас қосқан жер. Жоқ жұрт жоқ. Орысың да, орманың да сонда. Біз отырған Тасжүректен Сінтірің бірталай жер. Біз пәлен шақырым дегенді біле бермейміз. Еркектер жақсы біледі ғой. Дегенмен елу-алпыс шақырымың жай шығады-ау. Қоңсының баласы көлікке құлындаған дауысы құраққа жетіп, шарылдап жылап мініп, сол тоқтаусыз шыңғырған қалпы түсті-ау. О заманда тас жол деген болушы ма еді. Тек қара жол. Соған орай көлік те жай жүреді. Әй жеттік-ау әйтеуір, шарылдап шыңғырған баламен таласып. Сен бір дыбыс шығармай сол сұлық жатқан қалпың. Түнделетіп жеттік Сінтірге, ауруханаға. Сені көрген орыс доқтыр:

– Мына баланы несін әкегенсіңдер. Өліп қаған бала ғой мынау, – деп бірден қатты айтты. Жүрегім тас төбеме шықты. Онсыз да қорқып келе жатқам ғой. Өзі қазақшаға судай неме маған іренжіп көп ұрысты. О заманның орысының бәрі қазақшаға судай болушы еді. Жалпы Шәуілдірдің орыс біткені әлі күнге сол қалпынан айнымай қазақша сайрап тұр ғой әлі. Оған не дей қояйын, үндемей шарасыз халде тұрмын. Іштей қазақтың «Шықпаған жаннан үміткер» деген сөзін ойға алып, өзімше өзіме тірек еткендей болып, сені емдеп көруін өтіндім. Орыс быраш:

– Өліп қаған бала ғой несін емдейміз оның – деп маған ұрсып, бұрқылдап жүріп ем- домын жасап жатты әйтеуір. Сол дәтке қуат та мен үшін. Маған керегі ұрысса да саған уколын салып, дәрісін беруі ғой. Түнді ұйқысыз өткіздім саған қарап. Сен болсаң со қалпы тырп етпей жатсың. Тек оқтын-оқтын ауыр ыңқылдайсың. Дәрінің көмегімен бір уақытта ыңқылың басылып, ұйықтап та кеттің-ау деймін. О тоба! Таң атып қалған кез еді-ау деймін, алдымен жәйлап қана бір көзіңді аштың сықсыйтып. Жүзіңе қадалып, төне қарап, жүрегім дүрсілдеп кетті. Сосын, сәлден соң барып екінші көзіңді аштың. Жер дүние жарқ ете қалғандай болды. Бүкіл дүние мен үшін менімен бірге томсарып, саған, сенің көзіңе қарап тұрғандай болған екен-ау сол сәт. Дереу орыс бырашқа жүгірдім қуанып. Ол келіп сені көріп тұрып, бір рахаттанып күліп алды да:

– Міні, бала деген осындай болу керек қой. Ойпырмай, ана баланы-ай, таңатқанша жағын бір жаппады-ау. Шарылдады да жатты. Бүкіл больницаны басына көтеріп. Өзі де ұйықтамады, өзгені де ұйықтатпады, – деп шаттанып сөйлеп жатты. Өзі өлдіге балаған баланы өлімнен арашалап қалғанына мерейленіп тұрса керек… Сүйтіп сен жазылып шығып үйге қайттық. Алда көш қамы.

Біздің үйдің малынан бөлек біршама үй жандықтары болыпты. Олар қазақы төбет ит, тазы және мысық. Ірі сүйекті, қалың терілі, жоталы келетін қазақы төбет ит қысы жазы сыртта. Ешқандай ерекше күтімді керек қылмайды. Үйге сүйресең де кірмейді. Табалдырықты қасиет тұтып сыйлайтыны сонша, сен есікке жақындатып сүйреген сайын жаны қалмай шошып, қатты бұлқынып, табанымен, тырнақтарымен жер тіреп сызып, жұлқынып артқа шегініп, қалайда есебін тауып сытылып шығып қаша жөнеледі. Тіпті есік алдына да бейсар жақындай бермейді. Қызылқұмда, кең далада отырған үйлердің иттері, бұрынғы текті төбеттері тамақ құю ұмыт қалып, қарыны қатты ашып қалған жағдайдың өзінде де үйге жақындамай, алыстан өзін көрсетіп, олай бір өтіп, былай бір өтіп, өзінің ұмыт қалғанын еске салғандай болады. Ит екем деп кез келген жерге тұмсығын тығып, салақ қатындардың ауыз үйде жуусыз, ұмыт қалдырған ыдыс аяғын жалап, сұмпайы сұғанақтық көрсетуден бойын аулақ ұстайтын, таза, зат ит қой қазақы төбеттер. Оның үстіне қазақтар «Баланы бастан, қатынды жастан» деген тәрбиелік мақалын итіне де қолданып келген. Үйіме ит етемін, асыраймын деп, күшік әкелген қазақ бәрін тәрбиеден бастаған. Күшіктің құлағы мен құйрығын үй босағасында тұрып кескен. Әсіресе құйрығын. Қазақы, ірі денелі, болмысы бостау болатын аңқау күшікті қаннен-қаперсіз қалыпта, міндетті түрде жүзін үйге емес түзге қаратып, құйрығын табалдырық үстіне қойып отырғызады. Табалдырық үстіндегі құйрықты өткір балта  шарт еткізіп шауып түскенде қатты шошыған күшік құйрығын табалдырықта қалдырып, отырған орнынан атып кетеді. Қатты шыңғырып, қаңсылаған қалпы қора-қопсының бір қуысына қашып тығылады. Сол қуыстан құйрығының ауруын басып, бойын меңдеп алған үрейден арылып барып бір-ақ шығады. Содан о байғұс өле-өлгенше табалдырықтан қорқып, «сыйлап, қасиет тұтып, қастерлеп» өтеді ғой. Біздің үйдің сондай бір алпауыт итін көршіміз ағашы мен бұтасы қалың тоғайда жолықтырып, жабайы шошқа екен деп атып алыпты. Арнайы келіп:

– Өзі сонша ірі әрі үйден алыста, тоғайда жүрген соң қайдан білейін, тұп-тура шошқа, шошқа болғанда да дәу қабан кәдімгі. Күнде кешкіріп қалып еді. Содан да болды, бір жағы. Кешіріңіздер енді. Бір әбестік болды, әбден ұят болды – деп қайта-қайта кешірім сұрап кетеді.

Келесі ит – қазақтың ежелден ұстап келе жатқан аңшы иті – тазы. Терісі жүқа, денесі тарамыстай тартылып сыйдыйып қалған, қарны қабысқан, бұты шидай болып келетін оның күтімі де қиын. Ол – шын мәніндегі үй жануары. Жазы-қысы егесінің қасында. Бір жатып, бір тұрады. Түнде дәрет қысса, қыңсылап белгі беріп, егесін түрткілеп жүріп, қоймай ұятатын да сол ит. Ол да соған ылайық еш іренішсіз тұрып түзге шығарып келеді. Ерінбейді. Сүйікті иті үшін тәтті ұйқысын да қияды. Ұйқымды бұздың, мазамды алдың деп сөкпейді итін. Менің әкем де сол итің жаман деген кісінің қолында өлуге бар көп қазақтың бірі еді. Әкем мен шешем екеуінің көп жанжалының да басты себепкері осы тазы болады.

– Сондай қиын – дейді шешем. – Қанша дегенде жануар ғой ит дегенің. Өзінің бір иісі болады. Соған шыдай алмаймын. Жазда киіз үйде, қыста қыстауда бір бөлмеде жатамыз. Жаурауық жазған ғой тазы дегенің. Үйде, жылы жерде болмаса болмайды. Содан қайтесің, амал жоқ аяқ жағымызда жатады. Кейде шыдамай сөйлеп қаласың. Ондайға әкең шыдамайды. Оған ешуақытта итің жаман деуге болмайды. Оның үстіне өзі тумысынан мінезі шапшаң кісі. Дереу шақылдап шығады. Бір-екі салып қалып та үлгереді. Қайбір қатты ұрады дейсің. Бопса қылады ғой әшейін. Ашуының алдыңғы зәрін алу керек тә. Өзі соғыс мүгедегі. Жарымжан жазған ғой. Қайдан қатты ұрсын. Қолынан жараланған. Оң қолының бұлшық етін оқ жұлып кеткен. Қуаты жоқ. Өзі «Қолым шымырлап, ұйыйды да тұрады» деп отыратын. Қу соғыстың бәлесі ғой оң аяғының да сан еті тұтас оққа жем болған байғұс қой. Әйтпесе өзі тым қайратсыз кісі болмаған. Мінезі де, қимылы да шалт, шапшаң кісі. Сол әбжілдігінің арқасы ғой, – деп шешем айтып отырған әңгімесінің бағытын басқа жаққа бұрып кетеді кейде. – Дүниеде жараған бурадан қауіпті мал болмайды, келеге жан жуытпай, екі көзі қып-қызыл болып, аузынан ақ көбігі ақтарылып, тілін сала-құлаш қылып шығарып алып, көрінген жанды қуа жөнелетін бәлесі бар. Қуып жетсе, беті аулақ, адамды шайнап та өлтіреді, астына басып езіп те өлтіреді. Келесін қызғанған бәлесі ғой. Ескі әңгімелерде олардың аттылы кісіні қуып жетіп, ат үстінен жұлып алып, төсіне салып мыжғылап өлтірген жайлары да айтылып қалып жатады. Сондай жараған бураның бірі тап солай әкеңе де жолыққан. Ат үстінен жұлып алып төсіне салғанда әкең жарықтық бұлт етіп екінші жағынан шығып үлгерген. Содан сытылып шығып, әйтеуір құдай сақтап құтылып кеткен. Ондайда қазақтар бурадан қашып бара жатып, сырт киімін шешіп, бураның жолына лақтырып үлгереді екен. Әкең де сүйткен болар. Сонда жараған бура сол киімді төсіне салып мыжғылап, жынын басады екен. Әлде әкең сытылып шыққанда, әкеңді езіп жатырмын деп жерді езгілеп жатты ма екен кім білсін. Бұл соғысқа дейін болған, ескі оқиғаның сүрлеуі ғой. Әкеңнің денсаулығының да дұрыс кезі дә. Өзі көп айтып отырушы еді. «Немістің дызотын жардым» деп. Онысы бар қаруын сайлап алып, сәбеттің әскерін оқпен, отпен қарсы алатын темір жамылғы, тас қамал  көрінеді. Әкеңнің әбжілдігі ғой сол баяғы. Бораған от пен оққа қарамай, әлгі немістің дызотына жетіп, жарып жүргені. Денесінде сау-тамтық жоқ, әсіресе аяқ пен қолдың бұлшық еттерін сонда оқ жұлған ғой. Сөйтіп жеңісті гөспитілде қарсы алыпты. Онысы неше түрлі жарақатпен жатқан жаралы жауынгерлердің жайы екен. Содан да ауасы ауыр болып, жаралы жан шарасыз шыдап жататын көрінеді. Кәйтсін енді, көнбеске амалы қайсы. Алапат соғыстың салдары да. Әкең әйтеуір өзінің «дызот жарған» әңгімесін айтқанда кәдімгідей көңілі көтеріліп, арқаланып кететін еді. «Мені ордінге ұсынған. Көресің әлі, артымнан ордін келеді», деп отыратын. Со бойы кемеді, со ордіні құрғыр. Құрсын, кемей-ақ қойсын. Оны қайтеміз біз. Әшейін әкең байғұстың кеуілі дә. Соған қарап кесе кесінші деп кәдімгідей Көктен тілейсің ғой. Еліне еткен ерлігі де, ер болып еткен еңбегі де ғой. Ерлігін де, еңбегін де елінің елегенін қалайды да бұ бәндә, – деп алыста қалған бірақ сол ауыр күндерді бастан кешкен өздері үшін еш ұмытылмайтын соғыс күндерін, «тылдағы майдан» аталған еңбек күндерін еске алып түрлі әңгімелер айтады. Бірақ шешем со жолғы әңгімесін қайтыс болып кеткен шалының отаншыл, жауынгерлік сезімін анасына алданған перзент көңіліндей көріп, өзі де кәдімгідей жүдеп, жүзі солғын тартып, пәс көңілмен, мұңлы аяқтап еді.

– Содан айтпақшы, әкең итінің ашуымен келіп, мені бір-екі салып қалады дедім ғой, -деп Биекең марқұм қайтадан тазының әңгімесіне оралады.

– Сөйтеді де сыртқа шығып кетеді. Жәй ұрса да әп-әжептеуір іренжіп, үйде отырып қалам. Әкең қалай тез ашуланса солай тез басылады. Қайтымы тез, дереу ұмытып үлгереді. Түк болмағандай салдырлап, әңгімесін айтып жүре береді. Онан гөрі менің мінезім қаттылау, қайтуым қиын. Әкең сыртта шаруа жайғап біраз жүріп, үйге кіреді біруақта. Мен со бойы томсарған қалпы әлі отырам. Ол әлдебір шаруаның жайын сөйлеп даудырлап жүреді. Менің тарапымнан жауап бола қоймайды. Сонда ғана әкең жағдайды пайымдап:

– Ойпырмай, сол ашумен әлі отсың ба ей?! Түһ, борай көкірек ай! Қайтпай отыр екенсің ғой әлі қалшиып, көгеріп, – деп менің елімді біраз мазақтап алады күліп. Күйеу ғой. Күйеулердің әдеті ғой қайын жұртын әжуәлап жүретін. Оның үстіне расында да біздің елдің адамын көкірек келеді деп жатады жұрт. Соған қарағанда шынымен де борайлар ашуы қаттылау, мінезді болып келетін болса керек.

– Қой енді, қоя ғой. Қайтесің енді, басқа амал жоқ қой, – деп әкең мені сабырға шақырған әңгімеге көшеді. – Тазы деген сол. Жылы, жайлы жерде жатпаса болмайды оған. Жайы болмай қалады. Жайы болмағасын күйі кетеді. Күйі кеткесін аң алмайды. Аң алмағасын тазының сәні бола ма. Ол аңшы. Оны Құдай солай жаратқан. Сен білмейсің ғой, тазы деген жарықтықты бұрынғы қазақтардың қалай қадірлегенін, тіпті атақты алғыр тазыны бір қыздың қалыңына балаған күндер де болған. Ой, заман ай, десейші! Ол да бір қазақтың рухани сәні мен елдік салтанаты дәуірлеп тұрған уақыт та. Айтқаны болып, атқаны тиіп, жер дүниені меңгеріп, ат үстінде алшиып отырған заманы да қазекемнің. Қыран құс ұстап, алғыр тазы жүгіртіп, жүйрік ат баптап, саятшылық жасап, кең далада шалқып, көңіл құсын құйқылжытып жүргенді аталарымыз қандай жақсы көрген десеңші. Солай қатын, аңшылық, саятшылық – қазақтың сәні. Сондықтан тазыға да, оның егесіне де тыныштық бер қатын, – деп сөзінің соңын әзілге бұрып аяқтап, – Ашуды қой! Шыда, – деп күледі. О, жатқан жерің жай боғыр жазған!

Азанда азанымен атқа мініп, мал өргізуге шығатын о кісі тазысын да тастамай ерте шығады. Күндегі әдеті осы. Ол да өздігінен қала қоймас. Арнайы қалдырам деп байлап кетпесең. Аңға үйренген байғұс байлап кетсең буынып өлер. Өздері құр қайтпайды. Құдайдың құтты күні қойаң әкеледі де тұрады. Көбіне-көп әкеледі. Түк жолықпады деп жалқы қойаң әкелетіні ілуде бір болады. Сүйтіп әкең тазысы екеуі бір-біріне әбден үйреніп, етене болып алған еді. Содан ғой әкең өлген соң біз адам баласы оны Сырдың арғы бетінде қорымда қалдырып, бергі бетке атамекенге көшкенде тазысы егесіне адалдығын көрсетіп жанында қалғаны. Бұрынғы қазақтың адалдықты итпен балап «Иттей адал екен» деп айтуы да тегін емес қой. Әкең қайтыс болғаннан кейін тазысының көңілі құлазып, жалғыздық күй кешіп жүргенін жүріс тұрысынан аңғартып, сенделіп селсоқ құлық танытып, бей жай қалыпта жүрді де қойды. Балдар мен бірге өзге иттер секілді асыр салып ойнамайды. Ежелден ит пен бала бірге ойнайды ғой. Содан да болу керек қазақтың «Боранда ит пен бала құтырады» деп жататыны. Әлде аңшы ит болған соң ойынға көңілі көп тартпай ма қайдам, біз  қатындар жете біле бермейміз ғой, әйтеуір маған әкеңнің сол иті бала мен баладай болып ойнамай, дертті хал көрсеткендей, бейтап болып жүретіндей көрінетін де тұратын. Мен ойлаймын өзімше қаяулы көңіл, жесір сезіммен: «Осы байғұс, атасы ит болса да, мына балдардың, менің балапандарымның жәкесін сағынып жүр-ау» деп. Итке, жарымның адал досына қарап тұрып, жүрегімді мұңлы сағыныш торы торлайды. Ол егесін, екеуінің бірге Қызылдың құмына күнде, азанда-азанымен мал өргізген күндерін, егесі екеуінің мал жая жүріп жасайтын аңшылық күндерін қимай -қимай еске ала беретіндей, жануарлық діті жеткен жеріне дейін жетіп, ыстық жүрекпен аңсайтындай көрінеді.

Әй, қазекем ай… Иә, қария жұрт Қазекем өзінің ежелгі жануар досы ит баласын кеуіл әуеніне орай, кейде адалдықтың, адамға берілгендіктің көркем бір үлгісіндей танып бағаласа, сүйтіп «Ит – жеті қазынаның бірі» деп қорытса, кейде жерге тығып, өлердей жек көргенін тағы да итке балап жатады ау. Сүйтіп… содан «Ит баласы тұра азар» деп шорт кесіп, шолақ түйеді-ау.

Сен ауруханада жатып аман-есен жазылып шыққан соң көш қамына кірістік. О кезде құмнан дайраға дейін түрлі қазақы көлікпен: ат, түйемен, арбамен жетіп алып, Сыр суынан қайықпен өтеміз. О заманда бүгінгідей заулаған жол, дайраны кесіп, сызып өтер көпір қайда. Осы Түркістанның батыс жақ бетінде, шамамен бүгінгі «Абсабат» пен «Балтагөлдің» тоғысқан тұсы болуы керек, дайраның бір жаюат жерінде қайықшылардың өткелі болатын. Арғыбеттің қазағы бергі бетке со жерден қатынайды. Сыр тоғайының ағашынан шабылған, кішігірім кеме дерлік алып қайық тұрады жағада. Атақты Сағынтай қайықшы тұрады қайықта. Насаттанып, ақ қалпағын алшайтып, алшысынан киіп. Жағадағы жұртқа шекесінен қарап. Шекесінен қарамай қайтсін арғыбеттің бар жұрты, Түркістанның базарына салатын бар малы бір Сағынтайдың қайығымен өтсе. Шәрідегі шаруасы, саудасы біткен қазақ қайыра, Құдайдың құтты күні қайта өтіп жатса… Екі шетте ескекшілері, Сағынтай ортада айқайлап бұйрық беріп, жанды да, малды да өзі жайғастырады. Жақындағанда байқадық, ел қалың. Малы бар, жаны бар қарағұрым көпшілік. Амал жоқ, қайықшы қайнағаға жақын барып жолығып, көшіміздің жайын айтуға тура келді. Арғы бетке өткен соң да жол ұзақ. Қас қараймай Күйікасарға, Қызылшаруаға ілігу керек. Қайық арғы жағадан жаңа қайтып, кәзір ғана мал тией бастаса керек. Жағдайды біліп, жүк көлемін, мал санын бағамдағаннан кейін о кісі:

– О, жамағат, – деп айқай салды. – Бері қараңдар! Мына бала – менің келінім. Анау-мынау емес, күйеуі үйде жоқ болса да, қой сойып күткен келінім. Жол жүріп, тарығып келе жатқан басым құдайы қонағын Құдайындай күткен келінімнің жайған дастарханын ұмытпақ емеспін. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деген ағайын. Айтпағым осы келіннің мал-мүлкі салынбай мына қайық жүрмейді де, жүзбейді. Мына шөгеріп қойған түйелеріңді тартыңдар! Тарт сыртқа! Алып шығыңдар! – деп шөккен түйелерді тұрғызып, сыртқа шығарғанда қайық солқ-солқ етіп көтеріледі. Сөйтіп жағада тұрған көпшілік біздің жүк пен малды жаппай қаумалап, қайыққа тасый жөнелді. Ара арасында өздерінің де малдарын қосып жатыр. Күдіктенген қайықшыға күлісіп:

– Келініңнің малы, келініңнің малы, – десіп қойысады. Сөйтіп қайықшы қайнағаның жолаушылап жүріп, ауылға соғып ішкен бір шайы елге қой сойып күткен болып тарап кетіпті. Ырзалық бейілмен әңгімелеп, елге таратып жүрген де өзі. Өйтетін де себебі болды өзі. О кісі алдымен Әмірбектерге соқты. Ол да ауылда жоқ еді. Оның үстіне асырап алған шешесі – абысын елге қаттылығымен аты шыққан атақты Қаракемпір. Келген мейманды байқап, дастархан жайды ма, жаймады ма деп сыртынан байқастап жүріп едім. Келінім Жұлқар шәй қоюға сыртқа шыға қоймады. Кемпірден бұйрық болмағанын ұқтым. Келіп қарасам, кемпір екеуі әлі хал сұрасып құры отыр. Амандасып боп, абысынға:

– Қайныңызды ертіп біздікіне жүрсеңізші, Жұлқар да бірге босын, маған көмектеседі ғой, – дедім. Қаракемпір жарықтық менің сөзімді ұнатып, қутыңдап қонақ қайнысын біздің үйге бастады. Үйде дайын, пісулі тұрған ас та жоқ еді.  Жұлқар дереу самаурынды сыртқа сүйрей жөнелді. Өзім де тез қыймылдап, малдың майына шелпек, бауырсақ пісіруге кірістім. Бүгінгідей емес, біз бар ауқатымызды қойдың майына пісіреміз ғой. Әрі дәмді, әрі тоқтығы жүдә күшті болады. Әйтеуір ұят бомасын деп, асығып-үсігіп жүріп шәйімізді де, шелпек, бауырсағымызды да дастарханға уақтылы жеткіздік. Мейманымыз жазғы ыстықта жол жүріп шаршап, шөлдеп те, ашығып та қалған екен. Алдына қойған асымыз асып берген еттен кем болмады-ау шамасы. Терлеп-тепшіп бауырсақ пен шайды мол алып отырды. Әлден уақтан соң барып, демін алғандай болып, жайланып отырып, маған қарап:                            – Келін шырағым, нелдің қызысың? – деп сұрады. Мен елімді айттым. Ол кісі қайта сұрады:

– Е, Борай де. Борайды білеміз ғой. Онда кімнің қызысың?

– Нұрман деген кісінің қызымын,- дедім. Жүзінен дағдарыс көрдім. Әкемді таный алмай отырғанын аңладым. – О кісіні жұрт біле бермейді. Біртоға момын жан ғой. Бірақ ел ісіне араласып, сөз ұстаған ағасын ел біледі. Старшын, би болған Құрманбайдың інісі ғой әкем.

Осы сәтте жастықты шынтақтап, демін алып отырған қайықшы басын шалт көтеріп, тіктеліп отырып:

– Ә-б-бәсе, әйтеуір бір жеріңде бір нәрсе бар екенін байқап едім. Атақты Құрманбай бидің қызы екенсің ғой, – деді. – Мен қателеспеппін. Бойыңда бидің қаны бар екен ғой балам. Дастархан жаюдың жайын, кісіге ас берудің мәнісін біледі екенсің. Шырағым, өркенің өссін, – деп қайықшы алғысын жаудырып, батасын бере-бере аттанып еді.

Қайыққа жүгіміз тиеліп, малымыз артылып болып дайраның бетінде ырғалып, қозғалып бара жатқанымызда оқыс уақиғалар болды:

– Әй, тоқта! Тоқта деймін, тоқта –деп, «тоқталап» алыстан айқайлап, атын борбайлап, қансорпа қылып сүмектетіп, бір қожа жігіт жетті жандәрмен далақтап. Ананың сықпытынан шошыған жұрт ошарылып, ескекшілер ескегін доғарып, қайықшы қайығын қаңтарды.

– Әй, не болды, сонша бақырып? – деп Сағынтай қайықшы оған қадалды.   – Тыйыштық па, не болды сонша сабылып?

– Тыйыштық, Сәке, тыйыштық. Сәрсен байдың үйі көшіп бара жатыр деп есітіп…

– Е,көшсе несі бар? Иә, көшіп барады. Оның саған не қатысы бар, – деп енді қайықшы аңтарылды.

– Сәрсекең көзінің тірісінде маған «Олай-бұлай болып жатсам, мылтығымды аларсың» деп еді. Содан сол Сәрсекеңнің үйі көшіп бара жатыр деп естіп…

– Өй, сен де, – деп қайықшының түсі бұзылды. – Сөзің құрсын сенің. Өтірікті де қыйыстырып айтсаң қайтеді. Тірі кісі болса мақұл. Қайтқан кісінің әруағын сыйламайсың ба. Құдайдан қорықсаң қайтеді. Артында қалған шиеттей бала-шаға анау. Олардан алуды емес, беруді ойлау керек. Мұсылманның баласы. Өзің қожасың… Дінді де қара емес, қожа бұзады ғой өстіп… Өй, сен де, – деп қайықшы қатты қапа кеуілмен кері бұрылды:

– Тарт! Қозға қайықты! – деп ескекшілеріне қатты бұйырып, айқай салды. «Өлем, Алла», – деп қарғанып-сіленіп қожа тұр. Оны танымаймын емес. Таныймын. Бірақ біздің шалмен етене араласқанын аңламаппын. Құмда отырғанымен ауылымыз да бір емес. Бөлек. Өзі үш күн ғана ауырып, төтен келген аурудан кенет қайтқан кісі. Менің шалыммен олай сөйлесе қоюы күмәнді-ақ. Әйтсе де әкеңнің аты аталып, мынандай сұрықсыз сөз қозғалып қалған соң амал жоқ. Мен артымызда әкеңнің атына қатысты бөтен әңгіменің, сұраулы сөздің қалғанын қаламадым. Есімінің ел аузында таза аталып жүргенін жөн көрдім. Мен алға аттадым:

–  Көке, -дедім қайықшы қайнағаға қарап, «Мұсылман айтса, сен»- деген. Сөзіне сенейік. Ініңіз шынымен солай деген болса, оның лебізін қайт қылмайық. Әруағы ыразы болсын. Беріп кетейік мылтықты. Мына жалғанның жалғандығы анық қой. Жалған айтса бала-шағаның садақасы. Бұ дүниеде себепсіз, о дүниеде сұраусыз, жауапсыз ештеңе болмайды дейді ғой.Ана жайдағы жауабын өзі береді дә – деп өз шешімімді айттым. Енді қайықшы маған іренжіген,сұраулы жүзбен дағдарған қалып танытты. Өңінен:«Қожа сөзінің жалғандығы анық, бірақ амал не, қалай шешсең де өзің білесің.Мал иесі өзіңсің ғой», деген ой ұқтым. Теңделген жүк арасынан қорабымен тығылған су жаңа мылтықты суырып алып, жансебіл қожаға ұсындым. Қуаныштан екі езуі екі құлағына кетіп ыржыйған қожа елпелектеп, қалбаң-қалбаң етті.

Қалбақтаған қожаны жағада қалдырып, қайығымыз қайыра қозғалды. Осы сәтте күні бойы Берсінбек тапжылтпай, зордың күшімен ұстап отырған әкеңнің тазысы жан дауысын шығарып қаңсылап, қатты бұлқынды. Қаңсылаған дауысы құраққа жетіп, өзі көкке шапшыды. Бекеңнің де назары қожа мен әке мылтығына ауып, тас қып ұстаған қолы да босаң тартқан ба, қалай.Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, оның қолынан зып етіп шығып, ытырына қашқан тазы  қайықтың биік жақтауынан бір-ақ қарғыды. Шыныменен егемді тастап  кеткеніміз бе деген аласапыран оймен аласұрған, жандалбаса күй кешкен тазы өзін суға атты. Терісі жұқа, судан, суықтан қарадай қашқақтап жүретін, үнемі күтіммен, баптаумен жүрген байғұс өзін-өзі ұмытып, жандәрмен ұмтылып, Сырдың қара күздегі суық суына күмп ете түсті. Заты жүйрік, шапшаң жануар ғой, қайықтағылардың көбі не болып, не қойғанын аңламай да қалды-ау. Байқағандар:

– Кетті, кетті, тазы кетті, – деп шуласты. Тазының бұл кетісінің мәнісін жалпы жұрт қайдан ұқсын. Тазы қылығының байыбына қайдан бара қойсын.

– Жәкемнің тазысынан айырылып қалдым, апа, –  деп, балам қайық шетіне тұра ұмтылды. Суда артқа қарай жанұшырып жүзіп бара жатқан әкесінің сүйікті аңшы итін көріп, еңкілдеп тұрып жылады. Жанына жақын тартып жүрген бала ғой. Әсіресе әкесі қайтқалы бері жәкесінің көзіндей көріп жүрген бір сәби түйсік тазыны оған сүйікті етіп еді-ау. Сол бала көңілмен иттен әкесінің көзіндей көріп жүріп, айрылып опынған сезіммен өкініп жылады деп түйдім.

– Қой балам, жылама. Ол енді қайтпайды. Оның бар арманы егесі ғой. Ол егесіне кетті. Ол әкеңе кетті балам. Ол енді  жәкеңнің жанында болад, балам,- деп, баламды жұбатып тұрып жыладым. Ағыл-тегіл, үнсіз, ұзақ егілдім. Егіліп тұрып, әкеңнің итіне сүйсіндім. Оның егесіне деген ғажап түйсікті, ыстық сезімін бағаладым. Адалдығын мойындадым. Оны жануар болса да, адамзаттың көп ұрпағынан зият таныдым. Адамзаттың көбісі бір-біріне сендей адалдық, сендей тазалық өрнегін көрсете алмайды-ау деп ойладым. Ойым алдамапты. Әкеңнің тазысы аң аулап, өзіне азық етіп, ұзақ уақыт, тіпті өле-өлгенше егесінің басында болыпты. Жылы үйде, аяқ жағымызда жататын байғұс бір егесі үшін, бір соның кеуілі үшін қыстың боранына да, жаздың аптап ыстығына да көніпті.

Анам жыр ғып айтқан дала аңызынан мен ұққан сыр… Ол егесі үшін бәріне де шыдапты. Ол бәлкім сүйікті егесінің түбі бір осы қабірден – жұрт кіргізіп кеткен, адамдар жайғастырып кеткен жер астынан шығарына, тазысын мейірленіп құшақтарына, алдына алып, алақанымен аялап сыйпап, жүнін тарап бауырына басарына сенді. Ол егесі екеуінің осылайша ұз-а-ақ отыратынына сенді. Иә, солай олар ұзақ отырып сырласып, сағыныштарын басқаннан соң ғана әлбетте, баяғыша Қызылқұмға, ондағы қалың жынысты сексауыл тоғайға аңға шығады ғой. Ол осылайша тәтті қиялға, сан түрлі суретті, уақиғалы ойларға берілетін. Арманды, өзі үшін арман ғана болып қалған ойымен, қиялымен өмір сүрді ол жаз, қыс, күз, көктем егесін күзетіп. Әсіресе қыста, Қызылқұмда сирек те болса боп тұратын боранды түндер мен үскірік аязды күндерінде егесінің ыстық құшағын аңсайтын. Саяттан соң олжалы болған егесі шат-шадыман болып, өзінің тер исі сіңген тонына бұны құдды бір сәбидей орап, өбектеп жүретін сәттерін ойлай беретін. Жо-жоқ, ол егесін күзеткен жоқ, ол оны күтті. Әні-міні шығады деп күтті. Ол егесін әлгі жерден тұздай көк көзі жалтырап, қызыл жүзі арайланып шыға келетіндей көретін. Бірақ ол егесі жақын жерде болса да кешеуілдей беретініне таң болатын. Таң болып тұрып, үміт ететін. Таң болып тұрып сенетін. Үнемі үмітпен күтетін, күтетін сеніммен, үздіксіз… Ол оны күтумен ғұмыр өткізді. Егесінің басында жатып-жатып, бақилық күй кешті күтіп-күтіп… Сөйтіп ол адалдық пен айнымас достықтың символына, қазақы ұғыммен түйсек: Ұлы құм – Қызыл мен Ұлы су –Сыр жұртының өшпес аңызына айналды. Адам мен адамның арасындағы емес, жо-жоқ, адам мен жануар арасындағы адал берілгендіктің, айнымастықтың сертіне айналды. Бірі қара жердің қойнында, бірі бетінде. Арасы тік адым топырақ қана. Олардың ақ, адал достығы оларды қосады ғой…  Қосты да ғой бүгін бәлкім… Олар – айнымас достар кәзір бірге ғой. Жүрген шығар пейіште нұры шалқып… Аңға шығар ма екен бір сәт сейілдеп… Жо-жоқ, о жақта сейіл болар, бірақ аңшылық, саятшылық болмас. Бәлкім, о жайда Алланың сүйікті құлдары – достарға теңсіздік болмас, теңдік болар. Теңдік жүрген жерде құрмет жүрер, мәңгілік бақыт пенен шаттық жүрер…

– Күйікасардағы Қызылшаруаға кештетіп әрең іліктік. Ағайынмен, әкеңнің туысқандарымен қауқылдасып қауыштық. Мәре-сәре болыстық. Селасар (Беласар дегені ғой) қайнаға қоржын тамының бір жағын бізге босатып беріп, өздері: шал, кемпір, бойжетіп отырған қыз, бала мен келін бір жағында қалды, – дейді шешем әңгімесін онан әрі жалғап. Буылған, түйілген теңдерді шешкенде тағы да таң қалдық. О, Құдірет… О, тоба…

Бұрынғы жұртты білмеймін. Бүгінгі қазақ көшкенде мышығын көлікке отырғызбайды. Ескі қонысқа қалдырып кеткісі келіп тұрады. Соған қарағанда жершіл жануар көш көліктің артынан дербес қозғалып, егелерінің жаңа қонысын жазбай, жаңылмай табатын болуы керек. Неге екенін қайдам, қазақтың мышықты асырауын асырағанмен көңілі қалай бермейтінібайқалып қалып жатады. Әйтеуір ықыласы кемшін. Әлденеге жақтырмай, әсіресе мышықтыңбөлек пыйғылы жөнінде құдды бір оның ішіне кіріп шыққандай боп әңгімелер айтады. Ең бастысы әрқашан ұрпақ өсіруге, өсіп-өнуге құштар қазақ мышық үйде бала көп болса мені жұлмалайды, жүнімді жұлады деп, баланың болмауын, одан гөрі өзін мәпелеп, сылап-сыйпап отыратын жалғыз ілікті шал мен кемпірдің қолында тұруды қалайды екен деген қазақы аңыз сыпатты әңгімелер айтып, мышық пыйғылы жөнінде түсінік қалыптастырған. Ырасында көзбен көріп, қолмен ұстайтындай жәйт емес. Тұспал бір пәлсафа. Әйтеуір мышық қазақ өмірінде иттей қадірлі орын ала алмағаны анық. Ғасырлар бойы бірге тұрып, қазаққа қызмет етіп келсе де. Біздің үй де сол ұғым, сол дәстүрмен мышықтарын жақсы көріп тұрса да көлікке салып алуға кеуілдері тартпаған, жүректері дауаламаған. Оның басты себебі мышық қосылған көштің жолы болмайды деген ұғым бар. Не көлік бұзылады, не беті аулақ, «тіпә-тіпә», көлік аударылуы да әбден мүмкін. Сонда деймін-ау, бұрынғы нағыз көшпелі қазақтар не істеген?! Бәрі мышықтарын жұртта қалдырып, өз мышықтарынан өздері қаша көшіп отырған ба?! Біздің үйдің барыстай шұбар мышығы қазақтың осы мінезін білген. Олардың өзіне деген опасыз пыйғылын дөп басып таныған. Жан жүрегімен сезінген. Сезінген де беймаза күй кешкен. Жүрегінің басына сары жалқақ запыран ұйыған. Ашуға булығып, қайтсем де көштен қалмаймын деген қайтпас шешімге келген. Ұлы бабасы шерінің қайсар қалыбын тапқан. Сөйткен де мінезі үлкен болғанмен өзі кіші, есебін тауып, теңделіп жатқан жүк арасына зып берген. Сүйтіп таңның атысынан күннің батысына дейін теңдеулі жүк ішінде сапар шеккен. Қызылқұмды артқа тастап, Сыр суын кешіп өткен. Егесінің туған жері, балаларының ата қонысы Күйікасар асқан. Ұзақты күн көшкенде оның ойы туған үйінің түтіні, тезек жаққан әдемі иісі болды. Сол иістің бір бөлігі қазір де өзі оралған текеметпен, өзімен бірге келе жатыр деп, ол мейірлене ойлап қояды. Бар ойы – осы үй. Ол осы үйдің, өзіне жақын жандарының, сүп-сүйкімді сәбилерінің суретін түзіп жатты. Көз алдынан өткізіп. Өздерінің иісі қандай әдемі… Жұпар аңқыған… Олардың ойыны қандай қызық. Кейде тіпті қыйындап кетіп те жатады. Мұны мыжғылап, олай сүйрейді, былай сүйрейді. Мейлі… Балдардың онысы бұған ұнайды. Ұнамай қалып жатса да шыдайды ғой. Көш жаңа қонысқа жеткен соң бұл үй тағы да от жағады. Қазан асады. Үйді жанған оттың, отынның, асылған еттің әдемі иісі алып кетеді. Көңілді балалардың күлкісі кернейді. Қандай ғажап. Қандай әдемі сәттер десеңші… Әр үйдің ең тәтті сәттері болуы керек осы сәт… Бұл осы сәтті сүйеді. Егелеріне осындай сәтті көп-көп тілейді бұл… Сондай сәттерде бұл не істейді? Бұл осы үйдің балдарымен ойнайды ғой тағы да. Ойнай береді ғой… Осындай әдемі сәттерді көңілінде сурет қып түзіп, сұлу, аңсарлы көріністер тізбегін жасап жатты ол ойында. Иә, ол сүйтіп біздің үйді, біздерді ойлап жатып  жан тәсілім етті. Біздің тілекшіміз болған біздің үйдің шұбар мышығы біздің үйдің көшінде, біздің үйдің жүгінде тұншығып жатып бақилық болды.

Шешемнің теңді шешіп, жүкті ашып көргені, оған «О, тобалатып», жағасын ұстатып жатқан шынайы достық жолында жан берген мышық мәйіті еді. Тағы бір тілекшінің Көкке тартқан мәңгілік сапарынан анамның жүрегі сыздады. Бірақ Алла ісіне не шара. Тәңірге тек тоба ләзім. Сүйтіп біздің үй қос жануар –жандосынан осылай, бірінен тірілей, екіншісінен өлідей айырылып еді.

Жалғасы бар…

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button