Қалам-Жүрек

БАҚҰЛ БОЛ, БАР ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰРАНБЕГІ…

 

Тоқтады таза, сұлу ғұмыр бүгін,

Жоқтады бүкіл қазақ тұғырлы ұлын.

Баянсыз тұрлауы жоқ тіршілікте,

Бейсенсіз батады енді бүгінгі Күн.

 

Бейсенсіз апта да өтер, ай да, жыл да,

Өлшейік ой ауыр ма, қайғы ауыр ма?

Әуелі жақсыларын жоғалтыпты,

Қор болған қарасаң да қай қауымға.

 

Жүректен өшпеген соі Бейсен әлі,

Қимайтын сезімдеміз бейсаналы.

Көңілде Бейсені жоқ жандар ғана,

«Иманы жолдас болсын» дей салады…

 

Әуелден «Иманы оның жолдасы» еді,

Жүрегі — Мейірімнің ордасы еді.

Имансыз, Мейірімсіз, Махаббатсыз,

Біз білген Бейсен Бейсен болмас еді.

 

Жігітті хан мойындап, сыйлаған ел,

Құдайы сүйген құл деп илана бер.

Себебі, ол — ғұмыр бойы бар қазақтың,

Қайғысын жүрегіне жинаған ЕР!

 

Адамның көмірі көп, аз алтыны,

Бір келер әр жандыға ажал түбі.

Білгенге сынақ, қайғы, айықпас дерт —

Алланың сүйген құлын тазартуы.

 

Қан жылап жүрегіміз, жай туламай,

Келіп тұр ажал жайлы айтуға орай.

Тазарған күнәсінан шын Мүмінге,

Рақымды Раббысына «Қайту да оңай».

 

Дауысың тыңдағанға ұнамды еді,

Әр ісің, қарекетің құнарлы еді.

Ұлы айда құран түскен Хаққа қайтқан,

Бақұл бол, бар Қазақтың Құранбегі!

Балғынбек ИМАШ,

Филология ғылымдарының кандидаты.

P.S. Бейсен ҚҰРАНБЕК ағамыздың отбасына, жақындарына, қазақ халқына қайғырып, көңіл айтамыз.

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close