Қоғам және бізТаңдаулы

НАЛА

Айнұр Бұлақбай @ainur_bulaqbai

(Болған оқиға ізімен)

1-бөлім

Рысбек түн ортасы ауа есін жиды. Басы солқылдай əкетіп барады екен. Қолын көтермек болып еді, икемге келер емес.

«Ыыыымм, не болды өзі?» есі кіресілі-шығасылы тағы талықсып кетті. Ұйықтап кеткен екен, түс көрді.

Түсіне күлімсіреген Алуа енді. Баяғы қалпында, жымиып қойып, бұны шақырғандай қол бұлғайды. Қолын соза бергенде оянып кетті. Терезеден түскен күн шуағына көзін аша алмай, өң мен түс екенін ажырата алмай, тағы біраз жатты. Ес жия беріп өзінің еденде жатқанын ұқты.

Миы шағылғандай болған соң,ілбіп орнынан қозғала бере, қасында шашылып жатқан дəрілерге шатқаяқтай құлады. -О, соқыр Құдай! Мынау немене тағы?-деп қарғап-сілей  орнынан тұрды. Асханадан мұздатқышта тұрған су ішіп, кеуерсіген тамағын жібітті. Миы шағылып кетердей болғасын, кранның суын ағытып жіберіп, иығына дейін суға басын тығып жіберді. Сəл де болса өз-өзіне келгендей болды.

«Не болды өзі?» басын ұстаған күйі орындыққа отыра қалып, кешегі күнді есіне түсіріп əлек.

Еее, кеше өлмек болған екен ғой. «О, тоба?! Сонда мен не өлмегенмін ба?» Жан-жағына таңырқай қарады. Бетін ұрып көрді, шапалағы батады. Терезеден қарап еді, көшедегі жүйткіген машина мен адамдардың жүгіре басқанын көрді. Жоқ, өлмепті.

Кеше жұмысына бармастан арнайы супермаркетке барып, бір бөтелке арақ пен қасындағы  дəріханадан димедрол* дəрісін сатып алды.

Үйіне асыға кірген ол арақты стақанға толтыра құйып, бір уыс дəріні аузына салғанын біледі. Ащы суды жұқ көрмегендей, тағы толтыра құйып, артынан қылқылдата жұтқанын біледі. Орнынан ырғала қозғалып, төргі бөлмедегі айнаға барып  өзіне жиіркене қарағанын біледі. Одан кейінгісі есінде жоқ.

 

2-бөлім

Мырзакүл мен Сəрсенбай отау құрғалы ищай десіп көрген емес. Ауданға сыйлы, атақ-абыройы бар оларға бір ғана нəрсе жетіспейді, ол-бала. Бір шаңырақ астында  тұрғанына он жылға жуық болса да, АЛЛАМ баладан зар етіп қойды. Күндіз күліп жүргенмен, Мырзакүлдің таңға жақын көзі ілінеді. Онысын Сəрсенбайға білдіртпей бағады. Жолдасының да жетісіп жүргені шамалы,күйігі-ішінде.

Бармаған жері, көрінбеген дəрігері қалмады, нəтиже жоқ.

Бір күні кешке Мырзакүл Сəрсенбайға өз ішіндегісін айтты.

-Сəрсен, бұлай жүргеніміз жарамас. Азамат басыңды қор етпейін, шаңырақ құрып балалы бол.

Бұндай əңгімені күтпесе керек, Сəрсенбайдың көзі шарасынан шыға жарына қарап қалған.

-Мырзаш, не айтып тұрсың? Ау, бұл не дегенің? -Сөзіме құлақ ас. Дұрысы-осы. Мен өлмеспін. Төркініме оралайын. Мені сыртқа теппес. Сенің бағыңды байламайын.

-Қой, қайдағыны айтып тантыма!

-Сəрсен, менің шыным-сол!

-Тəйт! Естігім келмейді сөзіңді! Осы жерден бітті! Аллам бермесе, тағдырымызға жазылған. Не көрсем сенімен көремін. Ешқайда бармайсың! Жібермеймін!

Сəрсен Мырзакүлді құшақтай алды. Қос мұңлық бір-бірін құшақтап егіліп жылап тұрды… Түн терезесінен айдың сығалаған сəулесі бұларға ұрлана көз тастап,алыстан ұзақ қарады…

 

Сол түннен кейін бір ай болды,Мырзакүлдің мазасы жоқ. Таңертең ерте тұрады, жүрегі айниды, асқа зауқы соқпайды. Көңілшек болып барады. Келіншегінің өзгеріп жүргенін Сəрсенбай да байқады. -Түнімен тамақ жейсің, əрине, асқазаныңа ауыр. Ертең дəрігерге көрінші, гастрит шығарсың…

Оны жартылай тыңдаған Мырзакүл  тоңазытқыштан түсте сатып алған тұздалған қиярды ала бергені сол еді,

-Тоқта, жатарға қиярың не, шырағым-ау?

-Білмеймін, қатты жегім кеп барады, сілекейім шұбырып,-деп, сөзін де аяқтамастан бүтіндей қиярды кіршілдете соқты.

-Сенің мынауың жарамайды. Ертең дəрігерге барамыз.

Сəрсенбай ертесіне Мырзакүлді емханаға əкелді.

Емханаға имене кірген оны жолдасы машинасында күтетін болды. Бірер сағаттан соң шыққан жарының түрін көрген Сəрсенбай:

-Не болды?

Көзі қып-қызыл болған Мырзаш біразға дейін айта алмай жылай берді.

-Ау, не дейді? Жаным-ау, қорқытпашы.

-Сəр-сееен, білесің бе?

-Нені?

-Сен бар ғой сен…

-…

-Сен жақында əке боласың!

-Тү-сіііін-бе-дім?

-Сен-əке, мен-ана боламын!

-Қоооойшы, рас па? -Ып-рас. Дәрігер мынадай дəптер ашып берді.

Қолындағы баланың фотосы бар кəртішке дəптерін ұстата берді.

Сəрсенбай состиып отыр. Қолындағы дəптердің суреттерін салалы саусақтарымен сипап қойды.

Мырзакүл жолдасына қарап еді, жолдасының жүзін жас жуып  кетіпті.

-Құдай бар екен!

 

3-бөлім

Мырзакүл айы-күні жетіп  ұл тапты.

Сəрсенбай есімін «ырысты, берекелі болсын» деген ниетпен ұлын Рысбек деп қойды.

Рысбек не киемін, не ішемін демеді, ата-анасы барынша тəрбиелесе де, еркелігі басымдау-тын. Мектепті жақсы бітірсе де, қаладағы менмін деген оқуға əкесі жетектеп əкеліп түсірген. Студенттік кездер жігіт Рысбекке рақат күндер сыйлағаны сөзсіз  еді.

Сəрсенбайдың тəртібіне мойынсұнғанмен,шалғайдағы əкесінің жетіп кеп əңгіртаяқ ойнатпайтынын білетін студент Рысбекке бұл жақта ешкім бетіне келе қоймады.

Сабағына түзу барып келеді, кешке жігіттермен қала көшелерін кезеді. Əне-міне дегенше, оқудың биыл соңғы жылы. Содан ба, əлде көше кезіп, кештен кеш қалдырмай қуалағаны тым зеріктіріп жіберді ме, думанды ойын-сауықтарын сап тыйған.  Кейінгі уақытта қыздар жататын жатақхананы торуылдауды шығарды. Оның жайын қасындағы достары да біледі. Екінші курстың студенті Алуаның қыр соңынан қалар емес. Алуаның бұған қайрылмай қойғаны жігіттік намысына тиді ме, бəрін қойып, қыздың жүретін жолына дейін жаттап алғаны сонша, күнде алдынан күтіп алуды əдетке айналдырған. Кешке жатақхананың алдында тұрғаны қылқиып.

-Ау, Алуа, Рысбек соңыңнан қалар емес. Барлық қыз осы серіге қолы жетпей жүрсе, саған жол болсын?!-деп, бөлмеде бірге жататын Мақпалдың сөзіне қыз бір жымиып қойып, сабағын оқып отыра беретін. -Рысбек жалпы, саған ұнай ма?

-…

-Осы сен жымиып-ақ өлтіресің адамды, айтшы, ұнатамысың?

-Білмеймін,-деп иығын қиқаң еткізген Алуаны Мақпал құшақтап алып:

-Ай, қу қыз-ай, сен де кет əрі емессің оған.

Есігі қағылды.

-Иə, кім бұл?

-Алуа, сыртта саған келіп тұр.

-Кім?

-Кім, кім?! Төлегенің де.

Жатақхана қыздары Рысбекті танып алған.

-Шыққым кеп тұрған жоқ.

-Шығып таза ауа жұтып кел.

 

Алуаның шыққанына Рысбек сəл таңырқаса да, қатты қуанып кетті.

Алуа-талдырмаш келген, аса бойшаң да емес, шашын үнемі өріп жүретін, көп сөйлемейтін, əр кез күлімдеп тұратын, бидай өңді, аһ дегізетін сұлу болмаса да, жігітті өзіне тартып тұратын  сүйкімділігі бар, биязы қыз.  Сондықтан болар, 3-4-курстың тісқаққан пысықай жігіттері Алуа артынан біраз жүгірген болды. Оған пішту деген Алуа жоқ, өзімен-өзі сабағына барып-келуді ғана білетін.

Рысбекті ə дегенннен-ақ ұнатқан. Университеттің сыбай-сылтаң серісін бұны ұнатып қалады деп үш ұйықтаса да  түсіне кірмепті. Кездесуге шақырғанына қашқақтап жүргені де сол, қуыршағына айналамын ба деген ой жəне  өзінің небəрі екінші курс оқитыны.

Мақпалдың итеріп шығарып жібергеніне жүрегі атша тулай имене басып сыртқа шықты.

Не керек, Рысбек екеуі қыз бен жігіт болып жүре бастады.

Бір күні Рысбек Алуаны би кешіне шақырды. Ақаңнан сілтеңкіреп жіберген Рысбек сол түні қыз абыройынан мойнына жүктеп тынды. «Үйленемін, үйтемін де бүйтемін» деген жігіт қыздың арын аймандай етті. Қыз жылады, кеш, болар іс болды… Ертеңіне істеген қылығына ұялған болу керек, Рысбек жатақханаға келмеді. Қыз да сабаққа бармады. Бірнеше күн өтті. Қыздың жүзі солғын тарта бастағандай. Ботаның көзіндей мөп-мөлдір тұнық көздерін мұң басқандай.

Кешке кездесуге келген Рысбекке жүзін төмен салған күйі:

-Рысбек, менің аяғым ауыр.

-А?

-Мен жүктімін

-Ммм. Мен əзір  үйленуге дайын емеспін.  Мен  дипломымды алғалы тұрмын.

-Қалай сонда?

-Ммм, ойланып көрейін. Бұлай болады деп ойламаппын. Мүмкін, құтылу керек шығар одан. -Не-ме-не?-жалт қараған Алуаның көзі Рысбекті тесіп жіберердей еді.

-Ата-анамды хабардар етейін,-деп, тайсақтай жауап  берген жігіт сол кеткеннен мол кетті. Қайтып оралмады. Нәзік Алуаға да бəрібір секілді болатын. Сол кездесуден кейін  Алуа нық шешімге келген.

 

Рысбек əлгіндей жаңалыққа шын сасқандай. Басы қатты. Не істесе болады? Үйлену жоспарында жоқ. Дипломды алып, аулына барып жұмысқа  тұру. Бұл хабарды əке-шешесі білсе ше? Жо-жоқ, айта көрме! Əкесі үйден қуып, анамның талмасы ұстап жүрер. Бұның отбасына тіпті жат қылық. Ауданға абыройы аспандап тұрған ата-анасын бір күнде менің жоққа шығарғаным болмас.  Сонда Алуа не болмақ? Ойлап қараса, пəлендей сүймейтін де тəрізді.  Егер сүймесем, аяғы ауыр болып қапты деп алуым керек пе? Қой, бойжеткен бірдеңесін ойлап табар. Ақымақ емес. Өлімнен ұят күшті. Əке-шешемді ұятқа қалдырғым келмейді. Ойды-ой қуып, қалай қалғып кеткенін білмей қалды.

Көзді ашып-жұмғанша диплом алатын да уақыт болды. Қолына құжаты тиген соң, Рысбек алды-артына қарамай аулына тартты.

Ата-анасының қуанышында шек жоқ. Келген күні-ақ ақсарбас жасап қой сойып, ауыл-аймақты шақырып, көл-көсір той болды. Дипломды жігітті əкесі таныстарын жағалап жүріп жұмысқа тұрғызды.

 

Араға екі-үш жыл салып қызметі де өсе бастады. Мерейі үстем бола бастаған соң ба, көкірекке нан пісетіндей дəрежеге жеткен. Е, олай болмағанда?! Ауданда беделді қаржыгер. Ішкені-алдында, ішпегені-артында. Баяғы Алуа естен шыққалы қай заман, тіпті ондай оқиға мүлде басынан өтпегендей…

Анасы бір күні шай үстінде баласының сыбай-сылтаң жүргенін құптамайтынын айтты.

-Сөз байласып жүрген қызың бар ма?

-Не қылды?

-Балам, шүкір, жұмысың бар, үй-жайың бар, ешкімнен кем қылмадық. Біз барда тойыңды қылып, қызығыңды көріп кетсек, əкең екеумізде не арман?!

-Ой, мама, асықтырмашы…

-Мен де, əкең де келіннің қолынан шай ішкіміз келеді…

-Түүүу, мама…

-Балам, үйленер уақытың болды.

-Ммммм. Жарайды, мен жұмысымнан қалдым. Кешке дейін,- деп, Рысбек жүре сөйледі.

Анасының сөзін жолда қайта есіне алды. Негізі, ұнатып сөйлесіп жүрген қызы бар. Оған үйленуге сөз салмай жүрген себебі,Үрзияның оқу бітіргенін күтіп  жүр. Үрзия десе дегендей, үріп ауызға салардай дөңгелек жүзді, сыпайы, көзі тостағандай. Рысбек əзілдессе, басын оң жағына қисайта жымиғанда, бетіндегі шұңқыры айқындалып өте ажарланып кетеді. Рысбек сəл ренжітсе, ұртын томпайта, тостағандай көзін төңкере қарағаны да жарасымды.

 

Рысбек анасының өтінішін жерге тастамады. Өзінің көптен ұнатып жүрген Үрзиясын шаңыраққа келін етіп түсірді. Сүйгенінің шымылдықтың ар жағында үлбіреп отырғанын көргенде, жігіттің бақыттан басы айналды. Ата-анасы дүбірлетіп той жасады. Той соңында вальс билеген қос ғашық шын бақытты еді. Ақ көйлек киген қалыңдығын құшып тұрып құлағына «Мен сені сүйемін. Мен ең бақытты жанмын» деп сыбырлай сөйледі. Үрзия да жолдасына еркелей басын сүйеді.

Үрзияны жұмысқа тұрғызған ата-енесі екі баласының жағдайын жасаумен жүр. Келіншек те тəрбиелі отбасынан шыққандығы көрініп тұр, таң атпай ерте тұрып, ата-енесіне ас-суын дайындайды. Үйді тап-таза етіп ұстайды. Жұмысына да, үй тірлігіне де үлгеріп жүр. Рысбектің əке-шешесі келінінің жақсы екендігіне көздері жетіп, АЛЛАҒА шүкіршілігін айтып қояды.

Үрзияның аяғы ауырлағанын естігеннен-ақ енесі оның асты-үстіне түсіп бəйек. -Қызым, не жейсің?

-Ештеңеге зауқым жоқ.

-Қой, саған аш болуға болмайды. Не жегің келеді, ұялмай маған айта бер. Жердің түбінде болса да тауып беремін.

Үрзия сыпайы ғана басын шайқайды.

-Мына жемістерді саған əкелдім. -Мама, несіне əуре болдыңыз.

-Жаным-ау, əуресі несі? Ешқандай қысылма.

-Рақмет.

Келін мен енесінің ортақ тіл табысқанына Рысбек те дəн риза еді. Үрзия барған сайын жағдайы нашарлай берді. Дəрігерлер де диагнозын қоя алмай əуре болды. Айы-күні жеткенше аурухана есігін тоздырумен болды. Толғағы басталғаннан Рысбек келіншегін əйелдер босанатын  үйге лезде жеткізді. Дəрігерлер Үрзия қаралып жүргеннен-ақ кесерово жасалатынын ескертіп қойған.  Шұғыл қозғалған ақ халаттылар келіншекте ота жасайтын бөлмеге əкетті.

Рысбек күтуден басқа амалы жоқ екенін біліп, сыртта қалды. Бір уақытта ата-анасы да жетті.

-Папа, мама, үйде отыра бермедіңдер ме? Өзім хабарын беретін ем ғой.

-Ой, балам, шыдай алмадық. Жүрек құрғыр дүрсілдеп, бір орында тағат таппадық. -Мына жерде асхана бар, шай ішіп алыңыздар.

-Ой, Құдай, шайыңды қоя тұр, қызымның халі қалай болып жатыр екен? Оны білмей жаным жай таппас. -Жарайды онда. Мен жұмыс жаққа барып келейін.

-Осында боламыз. Бара бер. Хабарын айтамыз.

Рысбектің де жүрегі орнында емес-тін.

Жұмысына барғанмен тағат тауып отыра алмады. Байыз таппай аудан шетіндегі өзен жағасына кетіп қалды.

Өзеннің арнасынан аса толқындардың шапши тасып, бетіне су бүріккендей болды. Есіңді жи дегендей… Асау өзен де Рысбекті тыншыта алмады.  Жігіт əйелдер босанатын үйге қайтып барды.

Ата-анасы бір-біріне бүріскен күйі дəлізде отыр.

-Не болды? Не хабар? -Əзір ештеңе айтпады.

-Ау, кіргендеріне екі сағат болды ғой. -Балам, адамнан адам шығу оңай ма? Сəл сабыр сақтайық,-деп анасы баласын сабырға шақырды. Əкесі бұйығы күйі отыр. Қабағы түсіңкі. Іштей уайымдап отырғаны көрініп-ақ тұр. Бес сағаттан астам уақытты итеріп салған бұларды сұмдық хабар күтіп тұр еді.

Бастары салыңқы шыққан дəрігерлер анасы мен баласын да құтқара алмағандарын, баланың шетінеп кеткенін, Үрзияныңкөп қан жоғалтқаннан ота бөлмесіндегі керует үстінде көз жұмғанын айтып көңіл айтты. Күткен үшеудің төбелеріне жай түскендей еді… Сəби де, келіншек те жоқ… О, Құдаааай, бізге көрсетерің осы ма еді?! Анасының ащы даусы тұрғандардың тұла бойын тітірентті.

Шақалақ пен келіншегін жер қойнына тапсырғалы бүгін бір апта болды. Рысбек өз-өзіне келе алар емес. Өзін қоя берші, анасына обал болды. Дімкəстау шешесі жиі құлай беретін болды. Бір күні таңертең əдеттегідей тұра беріп еді, анасының дəлізде құлап жатқанын көріп шошып кетті. Барып əкесін оятты, екеуі дереу жедел жəрдем шақыртты. Анасының жүрек талмасы ұстап о дүниеге кете барыпты. Жəрдемшілер тамырын ұстап кеш қалғандарын айтқанда, атпалдай екі азамат еңіреп жылай берді, жылай берді. Жер томпайтқан анасын енді көре алмайтыны анық. Рысбек тұрған аулынан безіп кеткісі келді. Дем шығарғанда, іштегі шері у болып сыртқа  шығады. Кеудесін кере демалса да тас түйін түйнек шығар емес. Əкесі де бұның ар жақ, бер жағы. Қанқұса болып жүр. Əйелі кеткен шаңырақ оңа ма? Екі еркек жөнді тамақ ішпегелі қай заман?! Туған-туысқандары, көршілері тамақ істеп, асқа шақырады. Оларды қашанғы жағалай бермек?!

******

Үрзия мен анасының асын бірге берді. Бір жылдан бері байқап жүр, əкесінің күйі кеткен. Ыңқыл-сыңқылы көп. Жиі ауырады. Дəрігерге көрін десе, врачыңды атама дейді. Қайтсін, көңілі тоғышар.

Əкесін қоярда-қоймай жүріп емханаға алып келді. Қан қысымы жоғары екен. Дəрігердің күтім қажет екенін шегелеп тұрып айтқанда, қос еркек үнсіз бас шұлғи сыртқа шықты.

-Балам-ау, несіне əкелдің? Бұлардың айтқанын мен білмейді ғой деймісің?! -Папа, сенің бұлай жүргеніңді қаламаймын. Күтім десе, күтін. Үйде бол. Менің тапқаным екеумізге жетпей ме?

-Сəл шыдайын. Зейнетке де аз қалды ғой. Үйде отырсам жынданып кететін түрім бар. Үйдегі барлық зат анаңды еске түсіреді. Қайтейін…

Əкесі емхана  алдында тұрып көзін жасқа  шылап алды.

-Қой, папа, бұнымыз жарамас. Жүр, үйге барайық. Жақсылап бүгін ет асайықшы,-деп оны машинаға отырғызды. Жұбатқан түрі. Əйтпесе өзінің де жүрегі аузына тығылып тұр.

Кешкі дастарқан үстінде əкесі ұлына үйлен деген ұсыныс айтты.

-Балам, менің барар жерім белгілі. Көзі тірімде келін əкеліп, шаңырақ құр.

Рысбек ішіп отырған сорпасына қақалып қалды.

-А?

-Не естісең, сол. Үйлен.

Əкесінің бір сөзді екені бесенеден белгілі. Айтты ма, кесіп айтады. Қылтың-сылтыңыңа суық көзімен бір атады. Одан кейін жерге кір, көрге тығыл, өзің біл, айтқанын орындау керек. Үйленуден əбден жүрегі шайлыққаны сондай, ондайды мүлде есіне алған емес. Өмірі Үрзиямен, анасымен бірге кеткендей… -Пап, екеуміз-ақ тұра берейікші. Үйленгім жоқ.

-Жоқ, мен саған қатын болмаймын. Ұрпағымды көзі тірімде көргім келеді.

Түні бойы аунақшып шықты. Əкесінің сөзі құлағынан кетер емес.

Арада бір жыл өтті. Бұдан кейін əкесі бұл тақырыпты еш қозғамады. Ауруы асқынып, екі күннің бірінде аурухана мен ақ халаттылардың қолына түсе берді. Халі нашарлай берген əкесін бір еңбек  демалысында курортқа апармақ болып шешкен-ді. Кеш… Үлгермеді. Ауруханаға түскен əкесінің өлігін құшты. Үрзия мен анасынан соң араға екі жыл салып Құдай əкесін алды. Не қалды Рысбекте? Дым да… Өз үйінде өзін қоярға жер таппай, сатуға қойды. Қалаға келіп, тəуір қызметке орналасты. Сырт көзге жағдайы жаман емес. Сырт көзге ғана…. Ішіндегі уы барған сайын асқынып барады. Кешке келгенде, досы-арақ. Ішеді, рақат, у-зəрін қайтарғандай болады. Мастығы жазылса, күйігі қайта жүрегін тұншықтыра түседі.

Бір күні мықтап шешім шығарды.

****

Күйіктен құтылудың бір ғана жолы бар, ол-өлім. Иə, өлімнен  дұрысы жоқ.

Түндегі жоспарын таңертең орындамаққа супермаркетке асықты. Қылқиған ұзын мойынды сатып алған ол, жолай дəріханаға соқты.

-Сəлеметсіз бе, қарындас?

-Қайырлы күн! Айта беріңіз

-Менің ұйықтай алмай жүргеніме көп болды.

-Ұйқысыздық болар мазалап жүрген.

-Солай-ау деймін. Соған қандай амалыңыз бар?

-Мына дəрі ем болады. Бірақ дəрігердің рұқсатынсыз сатуға болмайды.

-Оу, қарындасым, қарлығашым, құтқара көр мен сияқты пақырды. Ұйықтамағаныма бір апта болды. -Дəрігер рұқсатын əкеліңіз. -Бір ұйықтап тұрамын да барамын.

Ұсқыны адам аярлық Рысбекті дəріханашының да жаны  ашыған болу керек, қолына бір түйірін ұстата  берді. -Қарындас, қайыр қылсаңыз бүтін етіңіз. Мынауыңа менің ұйықтай алмасым анық.

-Жоқ, аға, бір түйірінің өзі бірден ұйықтатады.

-Ааа, солай ма? «Қырсық-ай, бермеуін қарашы мына қыздың?!» есік алдына шығып ойланып тұрды да тағы да екі-үш дəріхана жағалап, бір қорап димедрол сатып алды.

Үйге асығып кірген ол, миына шегелеп алған ойын іске асырмаққа бекінді. Арақты стақанға толтыра құйды. Пəшкілеп əкелген дəрілерін бір уыс етіп алақанына салды. Кеудесін кере бір демалып алды да уыс дəрісін аузына лықа толтырды. Артынан арақпен қылғытты. Ішкен стақан араққа қанағаттанбай, толтыра құйып, өңешіне қылқ еткізді. Қалған дəрілерді алақанына ұстай, айнаға қарап тұрып ішуді ұйғарды. Тəлтіректей тұрып, қонақ бөлмедегі айна алдына барды. Өзіне жиіркене əрі сұлықсыз қарады. «Бітті, бəрі де бітті. Қош  бол, сұрықсыз да қызықсыз менің өмірім!»деп шайқала тұрып, айнадағы келбетіне сұқ саусағын шошайта сөйледі. Оң алақанындағы уыс дəріні аузына апара бергені сол еді, басы айнала жерге гүрс етті.

 

Терезеге көз алмастан қарап тұрып, бүкіл сүріп өткен соқпақ жолын киноның лентасындай көз алдынан зу етті.

«Тоқта! Мен таң ата түс көрдім. Алуаны көрдім. Ол неғып жүр? Оны неге көрдім түсімде? Мені шақырғандай қол бұлғайды».

Су-су шашын қолымен умаждай орындыққа отыра кетті. «Сонда қалай? Əлде…» отырған жерінен жын ұрған бақсыдай атып тұрды. Киімдерін киер-кимес көшеге шықты. Аялдамадан келген автобусқа секіріп мінді. Бағыты-Алуа оқыған университет. Оқу орны баяғыдай емес, алыстан мен мұндалап тұр. Сымбаты сымдай тартылып қала көркін ажарландыра түскендей. Өзгеріпті. Бас корпусына барып, архив бөлімінің қайда екенін сұрады.

-Архив осы корпуста

-Рақмет.

Университет алдындағы кезекшінің нұсқаған кабинетіне имене басып кірді.

-Сəлеметсіздер ме?

-Сəлеметсіз бе?

-Кешіріңіз, сіздерде шаруам бар еді.

-Тыңдап тұрмын.

Əшкиін мұрнына түсіре киген жас қыз күлімсірей қарады. -Сіздерде осыдан он төрт-он бес жыл бұрын оқыған адамдардың тізімі болады ма?

-Əрине

-Маған филология бөлімінде оқыған Құрақбаева Алуа жайлы мəлімет керек еді.

-Онда мына қағазға ректордың атына өтініш жазып кетіңіз.

-Аааа. Жарайды, жақсы.

Қағазға тез-тез жазып, қолын қойып қызға беріп тұрып:

-Бар үмітім сіздерде. Тауып беріңіздерші.

Жалынышты үні мен аянышты түрін көрген қыз да:

-Қолымыздан келгенше іздеп көреміз.

-Рақмет. Рақмет.

Үміт отын жаға шыққан есікті қайта ашып:

-Қарындас, қашан келейін

-Ертең таңертең тоғыздан өте келе берсеңіз болады.

-Рақмет, қарындасым!

Университеттен шыға ауаны кере тыныс алды.

Қаланың базарына бару үшін автобусқа отырды. Ендігісі-жөні дұрыс киім алу.

Өз-өзіне қарамағалы қашан?! Шашы мен сақалы өсіп кеткен. Тамақты да жөндеп ішкен емес. Орталық базардан костюм-шалбар алып, қалғанына шаш қидырып, дəмханадан ас ішті.

Ертеңгі күнге үмітін жамыла ұйықтаған Рысбек ештеңе сезбестен таңертең бір-ақ оянды. Университетке студенттермен қатар кірген ол есігін аша қоймаған архивтің алдында тапжылмастан кешегі əшкəсті* қызды күтті. Уақыт та өтіп болмайды.  Осы кезде оның ойын дəлізді тық-тық басқан өкше дыбысы бөліп жіберді.

-Сəлеметсіз бе?

-Қайырлы таң! Ерте келіп алыпсыз ғой.

-Иə,-еріксіз жымия,-кешегі Алуаны таптыңыздар ма?-деп,

есікті сытырлата ашқан қыздың артынан ілесе кіре берді. -Тоқтаңыз. Күте тұрыңыз. Қазір өзім шақырамын.

«Құдай-ай, кісідегінің кілті аспанда,- деген. Мына жап-жас қыздың өзінше болуын-ай, дамның жаны мұрнының ұшында тұрғанда» Рысбек жанын қоярға жер таба алар емес. -Кіріңіз. Үстел үстіндегі жатқан папка ішінен сарғыш тартқан бір қағазды суырып алдына қоя бергенде, жүрегі атқақтай соғып қолына алды. «Құрақбаева Алуа. 17.07.1983 жылы туған. Туған жері: Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылы.

Факультеті: қазақ тілі мен əдебиеті.

Түскен жылы:2000

Бітірген жылы:2005

Мамандығы: қазақ тілі мен əдебиеті пəні мұғалімі».

Пойыз алды-артына қарамай жүйткіп келеді. Дүдүк-дүдүк, түдүк-түдүк… Рысбектің жүрегі де пойыздың жүрісіндей:дүдүк-дүдүк, түдүк-түдүк. Ұйықтар алар емес. Бар ермегі-терезеден қазақтың жалпиған жазира даласына қараумен келеді. Түнде алыстағы шамдардың жарығын қызықтаумен болды.

Пойыздан түскен соң ауылдың автобусына отыра бергені сол еді, жылпос таксистер сарнап тұр екен: «Нарынқол, Нарынқол, бір орын». Қасына барып: -Сол ауылдағы үйге дейін жеткізе аласыз ба?

-Бауырым, əңгіме жоқ, ақысын берсең болды.

Автобустың билетін тапсырып, мықшыңдап тиеп қойған заттарын түсіріп, таксиге салды. Құр бармайын деген ниетпен Рысбек екі дорба базарлық пен сыйлықты лықа толтырып ала шыққан.

Алып-салып əурелеп жүргені- сол дорбалар.

Такси жүргізушісі Алуаның үйін білетін болып шықты. Барғанша ол туралы біраз мағлұмат алды.

Мектепте мұғалімдік қызметте көрінеді. Əкесі былтыр қайтыс болып, анасымен тұрып жатса керек. «Ұлы бар» дей бергенде, Рысбектің даусы ышқына:

-Кімнің?

-Кімі несі? Жаңағы Алуаның

«О, Құдай! Сен соқыр емес екенсің! Сен бар екенсің! Мен екен соқыр! О, көрсоқыр мына жаман пендеңді кеше гөр!» іштей айтқан тəубесі бетін шылаған көз жасымен қоса шығып жатыр  еді. -Ау, бауыр, саған не болды?

Гүр ете қалған рульде отырған жолсерігіне:

-Ештеңе, ештеңе,-деп, көзін жеңімен сүйкелей сүртті.

 

Ауыл ортасындағы ақшаңқан үй алдына жете беріп:

-Міне, Алуаның үйіне де келдік. Заттарын түсірісе беріп, қолын қысып:

-Ал, бауырым, жол болсын!-деді де, машинасымен əп-сəтте көзден ғайып болды.

Үйге кіре алмай сыртта біраз тосылып тұрды. «Шешінген судан тайынбас» деген сөзді бір қайталай, қақпа алдына жақындай берді. -Кім бар?

-Бұл қайсың ей?

-Сəлеметсіз бе?

-Амансың?

-Алуаның үйі ме екен?

-Иə

-Кірсем бола ма?

-Ау, мойның созғанша кірсеңші

Жүзін төменшіктей басып қақпадан ішке ене берген Рысбекті есік алдында отырған апаға беттеді.

-Сəлембердік, апа!

-Сəлем алдық. Иə, кімнің баласысың?

-Жоқ, апа. Мен бұл ауылдан емеспін.

-А? Не дейді?

-Мен бөтен қаладан Алуаны іздеп келдім.

-Алуа жұмыста. Қазір түсте келіп қалар. Жүр үйге кір.

-Апа, мен осы жерден күтіп отыра берейін.

-Ау, қай қазақты көрдің қонағын далаға қоқитып күттіріп қойған?

Рысбек үнсіз апаның соңынан үйге енді.

Апаның шай қойып жүргені, дастарқан дайындап жатқанын көзінің астымен бағып отыр. Көмектесуге ұялыңқырап отыр, көмектеспеуге тағы қарап тұра алмады:

-Апа, мен сізге көмектесейін

-Қой, қазір кірген қонақты үйімде мықшыңдатып қойып не көрінді маған?! Отыр, шырағым. Өзімнің істеп жүрген тірлігім. Қысылма, бауырсақтардан ала бер.

Алуаның анасы өзінің анасын еске түсіре берді. Неше жылғы шерменде болып қатқан түйнек лыпып тамағына тіреліп тұрғандай. Апаға білдіртпей жылап отыр.

-Балам, кел, ыстық шайдан ала отыр.

-…

-Өй, не болды?

Рысбек отырған орнында еңкілдеп жылады-ай келіп…

Тоқтай алса-шы… Аузында тұрған жарты бауырсағы анасының пісіретін бауырсағын аңсатқандай, əрі қарай кетпей  таңдайында тұр.

-Өййй, балам, жүзің мұңлы көрініп еді, бəсе… Жылап ал, кейін айтарсың,-деп тұра берген ананың қолынан ұстай маңдайын тигізе:

-Кешіріңізші, мені…. Кешіріңізші, оңбай қателестім. Оңбаған болдым. Тағдыр қателігімді кешірмеді, бар байлығымнан айрылдым, көрсоқыр болыппын. Көр-со-қыыыр!

-Еее,-деп, қатты күрсінген ана,-шырағым, сені танымасам да шырамыттым….

Қателеспейтін адам бар ма?! Мен кешірермін, анамын ғой, Алуа да кешірер, балаң қайтер екен деп отырмын…

Адамның басы-АЛЛАНЫҢ добы! Біз де аз күйзелмедік. Қан-сөл жоқ қызым бізге ештеңе айтпастан қалада жүре беріпті. Қызым түсіме кіріп, айтпай жетіп барғанда бір-ақ білдім ғой. Қызым мықты екен, қанша ұрыс-жанжал болды үйде, шыдап бақты. Өсекті құлағына ілмеді. Əкесі қайда барады, қанша ашуланса да кешірді. Ұлын туғанда бір жылдай қасымызда болып, оқуын қайта жалғастырып бітіріп келді…Ой, азапты күндер өтті ғой… Қарабет болғаным сондай, көшеге шығудан қалдым. Туысқандар да сырт айнала бастады. Мен көнем ғой, əкеге қиын екен. Сол кезде тапқан ауруы дендеп, былтыр жер қойнына алып  тынды ғой, уһ…

Алуаның анасы үһілегенде, үй күңіреніп кеткендей болды. -Қой, шырақ, тұр, шай қояйын. Балалардың келетін уағы болды.

Етегін қаға тұра бергенде есік алдында Алуа бұларды тыңдап, жылап тұр екен.

-Өй, қызым, қашан келдің?

-…

Бұл сөзге жалт қараған Рысбек босағаға сүйенген Алуаны көрді. Көздері көздеріне түйісті. Көзбен арбасқан олардың ойын тек өздері ғана оқи алатын еді.

Рысбек жылап отырып Алуадан кешірім сұрады. Алуа мінезі өзгермепті, бір жымиып қойып:

-Болар іс болды. Екеумізді де тағдыр аямапты. Маңдайымызға жазылғанды көреміз де… Сөйлеп отырып та байыптылығынан жаңылған жоқ.

Сол екі ортада баласы да үйге кіре берген.

-Апа, бұл кім?

-Азамат, келдің бе? Кел, қонақпен амандас.

-Ассалаумағалейкүм!

-Уағалейкумассалам!

Қолын ұсына беріп, баласы тез тартып алды.

-Сіз мені тастап кеткен əкесымақпысыз?

-…

-Апа, неге кіргіздіңіз? Шығыңыз үйден! Көргім келмейді!

-Азамат!

-Апа! Бұл адам кетсін үйден! Біз неге керек боп қалдық бұған?

-А-за-мат! Тоқтат осы жерден!

Ызаға булыққан жасөспірім есікті тарсылдата далаға ытқып шықты. Азаматтың да ішкі шері бар еді. Барлық достары əкелерін мақтаныш еткенде бұл үнсіз қалатын. Сабақтан қайтарда да талай баланың мазағына шыдай алмай, мұрнын бет қылған күндерін қалай ұмытар?! Кішкентайынан намысшылдығы басым Азамат əкесі болғанын, келгенін қалайтын. Арманы орындалғаны бар болсын, оны көргендегі іштегі шер сыртқа ыза болып шықты.

Қора артына барып солқылдап жылап отыр. Əжесі келді қасына: -Балам-ау сол! Кішкентай жүрегіңнен сенің!-деп шашын таралай бастағаннан əжесін тас қып құшақтап алды.

-Еее, пенде қатесіз болса, баяғыда-ақ жұмақ толар еді-ау…Періште болар ма едік, кім білсін… Адам өз қатесінен сабақ алады. Ол байғұс та өмірдің  теперішін аз көрмепті… Ата-анасынан, баласы мен келіншегінен бірдей айрылыпты. Балам, іздегені- жүрегіне иман нұры ұялағаны болар?! Қалай ойлайсың, құлыншағым?!

-Əжетай, сен дүниедегі ең, ең керемет адамсың. Жəне керемет ұстазсың!

-Өөөй, ботақаным-ау, айттың-ау сен де… Ал менің ұстазым-өмір!

Жүр, үйге кір, жаурап қалдың. Ет те пісіп қалған болар…

Екеуі бір-біріне сүйене үйге қарай аяңдады.

*****

Алуа мен Рысбек анасының ақ батасын алып қалаға аттанды.  Қастарында 14 жасар Азамат та бар. Əжесін қимай қоштасып барады.

Үшеуі қалаға келген бойда пəтерлерін сатып, Рысбектің аудандағы бұрынғы ата-анасы тұрған  шаңыраққа келді. Үйдің өтпей жүргенін жақсы нышанға балаған олар, кішігірім жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кіріп алды. Əке-шешенің отын қайта түтеткен Рысбек адасқан бақытын тапқандай еді.

Арада бір жыл өткенде шаңырақта əлди үні жаңғырып, қыз бала дүниеге келді. Алуа қыз босанғанда, машинасын от алдырған Рысбек ауылдың төскейін бетке алып тура тартты. Бағыты-ата-анасы жатқан зират. Томпиып жатқан жерді құшақтай жылаған Рысбек -Папа, мама, Үрзия, кешіріңдерші мені?! Үміттеріңізді көздерің тіріде ақтай алмасам да, өлгенім-тіріліп, өшкенім-жанды. Папа, Мама,  Үрзия! Мен қызды болдым! Алуаны бақытты етемін! Ант етемін!

Арада екі жыл өткен. Азамат-11-сынып оқушысы. Дырдай жігіт. Алла қаласа, биыл бітіреді. Арманы-инженер болу. Кішкентай Сəния былдыр-былдыр сөйлеп, апыл-тапыл жүріп жүр. Алуа болса, үшіншісіне аяғы ауыр. Рысбек отбасы үшін бəріне даяр. Байлығы-жары мен балалары екенін шын ұққан. Жұмыстан соң үйге асығып тұратын əдет тапқан.

Осы айдарда

Back to top button