Қоғам және бізТаңдаулы

ТӘРБИЕНІҢ 10 НЕГІЗІ

Өз балаңа қатал тәрбиеші болмау үшін не істеу қажет? Балаға жауапкершілікті қалай сіңіреді? Оларға жақсы көретініңді қалай білдірген абзал? Психолог Юлия Гиппенрайтерден ата-аналарға 10 кеңес.

 

  1. Өмірлік траекторияны құбылтуға қорықпау

Көп адам менен – бала үшін ертеден кешке дейін жұмыста болатын ана, әлде күндіз-түні үй тірлігіне жегіліп, үнемі шаршап жүретін ана жақсы ма деп сұрайды. Кейбіреулер не өзіңді жетілдір, не баланы таңда деп те шарт қояды.

Шын мәнінде баламен үйде отырып ішіңіз пысатын болса – жағдайды өзгерту керек болғаны. Егер толық жұмыс күніне жұмысқа шығып, балам қайтті деп алаңдасаңыз, балам анам тастап кетті деп маған ренжіді-ау деп қапалансаңыз – тағы да айтам, жағдайды өзгертіңіз. Мәселе, жұмыстан бас тартуда емес. Бұл жердегі таңдау – шығармашылық пен ойлылықты талап етеді. Сізге қандай жұмыс керек? Жұмысқа жегілу уақыты қаншаға созылсын? Жан дүниенің сұранысына алаңдау керек. Соған сай жұмыс іздеген абзал. Ананың көңіл күйі – ең басты жол көрсеткіш.

Егер жаны мен ақылы өзара келісімге келсе, адам бақытты өмір сүреді. Өз бойыңыздағы ешбір сезімді басып тастамаңыз. Бала деп, күйеу деп, жұмыс деп ештеңеден бас тартуға болмайды. Ана сезімтал болуы тиіс. Әсіресе, өзіне. Не асүй, не қоғамда жарқырап жүруге тиіспін деген таңдау болуы шарт емес. Соны түсініңіз. Ондай таңдаулардан арылыңыз. Мұндай арылу – өмірді шын сезімдермен сүруге көмектеседі. Ерік-жігеріңізді жанып, өзгеруіңізге себепші болады. Нар тәуекелге барудан қорықпаңыз. Өмірлік траекторияларды құбылтудан шаршамаңыз.

  1. Ғажайыпты күтпеу

Бірде бір ана менен: «Егер әкесі жұмыстан баласы ұйықтардан 15 минут бұрын келсе, олардың қарым-қатынасын қалай жақсартуға болады?» деп сұрады. Олар қарым-қатынас орната алады. Бірақ 15 минутта балаға ешкім әке болып үлгермейді.

Баланың санасында анасы, әжесі, әпкелері, апайлары, күтушілері қалады. Солардан сіңген мінез, образдар, ойлау әдеті, өмірді тану бейімділігі қалыптасады  – бірақ әкесінің емес. Балаға көп дүние айтылған сөзбен қона бермейді. Бала бақылап барып сіңіретін дүние баршылық. Әсіресе, ет жақындарының қарым-қатынасын бақылап отырып көп құбылысты жанына сіңіреді. Кейін есейген соң сол қарым-қатынастарды өз өмірінде тірілтеді. Сондықтан, өкінішке орай, егер ұл бала әкенің толыққанды тәрбиесін көрмесе, әкесі балама деп уақыт таппаса – бала өскенде әке болудың не екенін білмей қалады. Бұл жағдайдан ғажайып күту бекер.

  1. Баламен ойнау үшін өзіңізді қыстамаңыз

Мектепке дейінгі баланың бар қызығы – ойын. Қанша уақыт ойнағаныңыз маңызды емес. Маңыздысы бірге ойнаған ойынның сапасы. Өзіңізді күштеп ойнамаңыз. Бала бәрін сезеді, естиді, сіздің ішіңіз пысса, оған да қызық емес боп қалады. Екеуіңізге де қызық болатын ойынды табыңыз.

Бірге ойнайтын ойындардан бөлек, бала өзі жеке қалып ойнап үйренуі тиіс. «Өзім істедім», «өзім ойлап таптым» дегені ары қарай «мен ойланып отырмын» дегенге ұласады. Бала үшін ойлана алмайсыз ғой. Сондықтан үнемі «біз бірге» бола бермесін, «мен өзім» деген де болсын. Баланы еркіндікке шығару керек. Әрдайым анасына сенім арта бермесін. «Мен не істеймін?», «Не ойнасам екен?» деп қиналмасын. Өзіңізді абайлап ойыннан шығарып тастауды үйреніңіз. Бала ары қарай жалғыз қалып ойнай берсін.

Ата-аналарға баланың іс-әрекетіне қатысты «біз» деп сөйлеуіне болмайды. «Біз бала бақшаға барамыз», «біз екінші сыныпқа көштік», «біз мектепке баратын болдық» деу ағаттық. Мұның арты «біз универге түстік» болса, таң қалмаңыз. Бала қай жерде «анам екеуміз», қай жерде «мен» барын түсінсін.

  1. Баланы тәрбиелемеңіз

Ата-анасы нені маңызды деп тапса, сол тұрғыда баланы тәрбиелейді. Бала қалай сөйлеуі тиіс, өзін қалай ұстауы тиіс, оның өмірін қалай ұйымдастырған жөн деп кете береді. Әрине, балаға қауіпсіз өмірді қамтамасыз ету ата-ананың парызы. Кей жерде баланың қауіпсіздігі үшін шектеп ұстау керек болады. Жолдан дұрыс өтіп үйренуін, алтыншы қабаттың терезесінен құлап түспеуін қадағалау керек-ақ.

Уақтылы тамақ ішіп, ұйқыға жатуын қадағалау маңызды. Түбекке үйретіп, оны да сіңіреміз. Ал жан тыныштығы үшін балаға мұның бәрі аз. Баланы түсініп үйрену – оның нені қалайтынын түсіну, қай жерде қиналғанын, қай жерде не ұнамайтынын, нені армандайтынын, ол үшін не маңызды екенін білу қажет. Балалар өз тілегін аяқ астынан айта береді: «ұйықтағым келмейді», «балмұздақ жеймін», «жұмысқа кетпеші» деген сияқты. Осы қалауы мен қаламайтындарының бәрі ата-анасының «осылай істе» деген талабының астарын көрсетеді. Біз оны тәрбие деп атаймыз. Біз үшін бала уақтылы тамағын ішіп, ұйықтауы тиіс. Бізге жұмысқа кету керек. Оған не керек? Бәлкім, менің сөзім тік айтылған болуы мүмкін: баламен рухани байланыс орнатқыңыз келсе – тәрбиелей беруді доғарыңыз.

  1. Үнемі сіздікі дұрыс бола бермесін

Көбіне ата-аналардың тәрбиесі іс жүзінде – үйретуге саяды. Біз айтамыз: былай істе деп. Егер бала олай істемесе, түзетеміз. Яғни, оны басқарамыз. Ең дұрыс деген жағдайда табандылық танытасыз: «Оқы, оқы және оқы – бұл өзіңе керек». Теріс жағдайда – қорқытамыз: «Күні бойы компьютерге тесіліп отырсаң – алқаштар сияқты тәуелді боп қаласың…». «Жаман оқысаң – мектептен қуып шығады, аула сыпырып жүресің». Біздің берген тәрбиеміз балаға бізге қажетті пішін береді. Ал сын, қорқыту, жазалау сол пішінді қатырады: «Олай істеме!», «Былай істе!».

Бала қателесіп қалса, дереу түзетуге асығамыз: «Есепті қалай есептейтінін білесің ғой, оны өтіп едік қой». Ал сіз алыңыз да әдейілеп қателесіңіз. Бірінші сыныптың баласына: 2+5=6 деңіз. Бала ата-анасының қателескенін көріп қалай қуанатынын көресіз. Баланың үнемі басқарылатынына, қысым көретініне еті үйреніп кетеді. Ондай бала өзін – жоққа балайды. Балаға ақыл айтпаңыз – онымен бірге ойнаңыз. Бала туа салысымен оның бойында өте көп дені сау энергия қайнап жатады. Бала көп жағдайда өз бетінше дамиды. Бір жастағы бала – тұлға. Оның танымын сыйлау керек. Оған өз қалауын анықтауға мүмкіндік беріп отыру қажет.

  1. Тоқтатпаңыз – қалаған жағына жүрсін

Бала бақшадан қалып бара жатсақ, балаға асығыс колготкиін кигізгіміз келеді. Ол былқ етпейді. Басқа бірдеңе ойлап отырады. Себебі, ол қазір не болатынын біледі. Киіндіреді, бала бақшаға тапсырып кетеді. Ата-анасы қайда кететінін де біледі. Оны пішінге салу басталады. Бала не қалайды? Өзі не істегісі келеді? Кішкентай боп тұрғанда сұрап қалыңыз, ол сізге бәрін айтады. Кейін кеш болады. Жасөспірім кезде бала сізден бүкіл қызығушылығын тығады. Ол өзінің тәрбие нысаны екендігіне бой үйретіп қойған. Ол өз өмірінің негізін қалаушы субъект еместігін сезеді.

Баланың құлшынысын, қызығушылығын көздің қарашығындай сақтау, дамыту ата-анаға парыз. Өзін іздеп табу мүмкіндігінің болуы – бақытты адамның құпиясы. Бала үнемі бірдеңе қалайды. Оның қызығушылығын тудырған нәрсені ұсынып отырса, ол бақыттың жолына түседі. Балаға өзін табуға мүмкіндік беріңіз. Қорықпаңыз. «Ойбай, мынау өзін қайдан іздеп кетті?» демеңіз. Барсын. Екі жасар бала әлі «с» деген дыбысты айта алмас, бірақ ол «өзім білем» дегенді айта алады.

  1. Қатыгез әлемді айтып қорқытпау

Анда-санда менен: «Осы сіз үнемі гуманизмді насихаттайсыз, баланы құрметтеу керек дейсіз. Ал біздің қоғамда зорлық-зомбылық, қатігездік, аярлық басым. Егер үйдегі бала ақ мамықтай болып өссе, ертең мектепте таяқ жемей ме? Мектепте ылғи басып-жаншып, бұйрық беретін жүйе екенін ұмытпадыңыз ба?» деп сұрайды.

Мұндай сұрақтарға берер жауабым бар. Баланың жаны сау болған сайын ол үйден түзге үлкен дайындықпен шыққанмен пара пар. Баланы неғұрлым көбірек түсініп, құрметтесе, ол өзінің қызығушылығын дұрыс жүзеге асырса, оның өзін табуы неғұрлым жақсы көрініс тапса, соғұрлым оның қатігездікке қарсылығы тез дамиды. Және керісінше: егер баланы қаталдықпен тәрбиелесеңіз, ол әлемге қадам басқанда соғұрлым әлсіз, осал бола береді.

  1. Сезім туралы айтуды ұмытпаңыз

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, көңіл күй зиятының дамуы баланың келешекте қиын жағдайларға төтеп беруіне себепші екен. Баланың бойынан көңіл күй зиятын дамыту үшін тіл табысу кезінде көңіл күй сөздігін қолдану қажет.

Қандай көңіл күйде тұрғаныңызды сипаттап отырыңыз. Баланың көңіл күйін айтыңыз. Әр түрлі қобалжу, сезім, толқудың бәрін өз атымен атаңыз. Баланың көңіл күйін тыңдау керек. Дауыстап айту қажет. «Осыны қалап тұрсың ба?», «ренжіп қапсың ғой», «жыладың ғой», «сен балмұздақты қатты жегің келді, мен тыйым салдым, сен сол үшін ренжідің» дегендей.

Балаға өзі туралы, оның көңіл күйі, қобалжуы, неге қобалжығанын айтып беріңіз. Баланың ызақорлығын, ашуын, манипуляциясын оның сезімдерімен байланыстырып айтып отырыңыз. Бірақ оны өзіңіз ашуланып айтпаңыз. Түсіністік таныта отырып айту керек. «Неге мені тыңдамайсың, а? Екеуміз келістік қой…» деп сұрамаңыз. Бала мұның жауабын білмес. Ал сіз әңгіме ауанын логикалық деңгейге көтеріп, оның көңіл күйін құлыптап тастайсыз.

Оған деген ыстық ықыласыңызды жеткізуді ұмытпаңыз: «Киінуден бас тартқан сайын мені ренжітесің», «Саған бүгін балмұздақ әпере алмайтыным жаман болды, ренжіме»… Аздап қалжың араластырсаңыз, өте жақсы болар еді.

  1. Ескерту жасай бермеу

«Сен уәде беріп едің ғой!» Бұны ескерту дейді. Өте зиян нәрсе. Балаға бірден тыйым салудан гөрі ақырындап ереже енгізген дұрыс. Ережені саудаламайды. Талқыламайды.

Бала: «Ұйықтағым келмейді» дейді. Оның көңіл күйін түсініңіз. «Ұйықтағың келмей тұр ма? Біздің ерте ұйықтайтын ережемізге наразы болып тұрсың ба? Кейбір ережелер қиын-ақ. Бірақ ереженің аты ереже. Оны бәріміз орындауымыз керек». Осылай әңгімелесу өмірді жеңілдетеді.

«Ойыншықты тек туған күнде сыйлайтынымды білесің ғой». Бұл да ескерту. Балаға бірдеңе керек болды ма, келіссөз жүргізбеңіз. Оның сөзін терістемеңіз. Тек шектеу қойыңыз. Миын ашытып, тыйым сөз айтпаңыз. «Ойыншықты қалап тұрғаныңды түсінем. Саған өте керек. Қазір менің мүмкіндігім болмай тұр. Бірақ саған керек екені есімде болсын».

Ережеден бөлек, баланың құқы барын ұмытпаңыз. Бала шын керек қылған затына қол жеткізбесе, ол ереженің бәрін бұзады. Дауласады. Өтірік айтады. Тығылып әрекет жасайды. Егер ата-анасы баланың құлшынысы мен құқын құрметтесе, бала ата-ананың ережесін құрметтейді.

  1. Шынайы өмірді гаджетпен толтыра бермеңіз

Қазіргі технологияның бір ерекшелігі олар дереу кері байланыс орнатуға арналған. Яғни, гаджетпен өскен бала өзінің қалауы дереу орындалмаса, түсінбейді. Тағы бір ерекшелік: гаджетпен байланыс тән тұрғысында шектеулі.

Гаджет ұстаған бала саусақпен бірқатар манипуляция жасайды. Қаншама ақпарат алады. Бірақ соның бәрі заттардың физикалық әрекеттесу табиғатын ашпайды. Жаңа технологияның тағы бір ерекшелігі: компьютерлік ойындардағы көңіл күй мен әлеуметтік желідегі қарым-қатынас шектеулі, белгілі бір шекке, пішінге тұсалған.

Ата-ана шынайы өмірдің байлығын, ғажабын, оның ауқымын түсіндіруі тиіс. Гаджетте осының қай тұсы шектелгенін ажыратсын. Балаға гаджет бермеген кезде оның бос уақытын белсенді өткізуге тырысыңыз. Сонда бала гаджет бере алмайтын бос кеңістікті қарым-қаныаспен толтырып үлгереді.

Заттармен тікелей байланыс, қимыл-қозғалысты талап ететін әрекеттер, ата-анасымен сөйлесу – осының бәріне ерекше көңіл бөлу керек. Әлеуметтік желіде маңдайдан иіскеу, басынан сипау, ананың айналайыны жоқ. Баланың көңіл күйін бөлісу маңызды. Шынайы өмірдің қадірін сезіндіру маңызды. Сонда мектепке барған бала гаджеттен гөрі балалармен ойнағанды таңдайды. Гаджетпен ойнау уақыты неге шектеулі екенін түсінеді. Саналы бала өзі-ақ телефонда жарты сағаттан артық отырғысы келмейтін болады.

Юлия Гиппенрайтер

Аударған Шынар Әбілда – журналист, аудармашы. Психология, мотивация, өзін-өзі тану тақырыптарын зерттеуші.

@shinarabelda

 

 

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button