Қалам-ЖүрекТаңдаулы

АЛМА АПАЙ

Адамның өз өміріндегі ғаламат ғажайыптарым деп санайтын дүниелері болуы заңды…Олардың сырт болмысы сан түрлі болар, ал ішкі мазмұны – сол адамға ерекше рух сыйлайтын қайнар көз… Мәселен, ол бір адам болуы немесе алапат арынды сезім болуы мүмкін, сол сияқты ол бір жәдігер, жадында жүрген ойлы естелік, бір сөзбен айтқанда, адам өміріне арқау болатын құндылықтар мен ғажайыптар.

Өмірімдегі ғаламат ғажайыптарымның бірі – Алма апай! Біз оқыған кезде Қазақтың мемлекеттік университеті, бұл күнде әл‑Фараби атындағы Ұлттық университетте оқыған шәкірттерге де, ғалым әріптестеріне де өте жақсы таныс есім. Біз үшін, апайдың алдын көріп, тағылымын алған, дәрісін тыңдаған әр шәкірт үшін, бұл есім – бренд әрі бірегей ұғым. Алма апайдың мерейтойында профессор Т. Кәкішев ағай жымиып: «Студенттер Алма апай деген соң, біз де осылай атап кеттік» деп өз сөзін тебірене бастап, өз сөзін Алма апайдың мектебі деген ойымен астастырып еді. Апайдың өзі «Тұрсынбек ағай» деп аса құрметтейтін ұстазымыз солай дегені: «демек, «Алма апай»деп атаудың өзі апайдың ұстаздық болмысын айқындайтын, халықтың сүйіспеншілігін білдіретін шынайы есім болып бекіген екен‑ау» деген тұжырым жасауыма ықпал етті.

Сонымен, өмірімдегі әлемімнің әйдік кереметтерінің бірі ретінде таныстыратын ғажайыбым – Алма апай… Менің бүгінгі міндетім – өзімнің өмірімдегі ғажайыбым деп таныған Алма Қыраубаеваның жанында жүрген алтынға бергісіз сәттердегі озық ойлы келбеті мен ұлт ұрпағының болашағына жасаған ерен еңбегін таныстырып өту. Шындыққа тура қарайтын болсақ, Алма апайды мен меншіктене алмаймын, себебі ол кісі – «Менің Алма апайым» деп мақтанышпен айтатын әр шәкіртінің, «ежелгі әдебиетті зерттеуде қазақ ғылымында өз соқпағы бар ғалым» деп танитын әріптестерінің, «халқымыздың бірегей перзенті» деп есептейтін адамдардың және оның еңбектерін жете танып, «қазақ деген ұлттың ұлағатын танытқан біртуар жан» деп есептейтін адамзаттың Алма апайы. Оқып отырғанда: «Осы кісі артық айтып кеткен жоқ па?» деген ой келуі мүмкін оқырманның басына…. Бірден айтайын, артық айтып отырған жоқпын, әр шәкірт, әр адам, тіпті адамзатқа қатысты ой түйгенде айтар ойымның салмағын безбенге тартып, мағынасын зерделеп барып айтып отырмын.

Әлқисса, Алма апайды ең алғаш көрген кезім1983 жылдың 2 тамыз күні екен. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ауызша емтихан. Жазбашадан өткенге шүкірлік қылып, барымды салып ауызша емтиханға дайындалып келіп отырмын. Кезегім келіп аудиторияға кіргенде келісті, келбетті екі апайдың отырғанын көрдім. Оларға зер салып та қарамадым, бар ойым билет алып, дайындалу. Аты‑жөнімді тіркеп алған бидай өңді апайдан қасындағы апай бірдеме сұрап, жазып алып жатты. Өз кезегім келгенде апайлардың алдына барып отырдым. Енді аңдасам, екінші қараторы апайдың өңі келісті, сөйлегенде үні өте жағымды екен. Бойымдағы қорқыныш, абдырау сезімдері жоқ болып, сенімділік пайда болғандай болды. Билеттегі сұрақтар емес, сол тақырыптарға қатысты ерекше сұрақтар бере бастады. Өмірге қатысты, өзіндік пікіріңді айтуға мол мүмкіндік береді екен, өзімді еркін сезіне бастадым. Жырдағы кейіпкер ретінде сен қандай ой түйер едің дегенде, еркінсігенім сонша, шабыттанып өлең жолдарын төгіп жіберіп ем: «Өлең де жазасың ба?» деп сұрады. Қазақ тілінен сын есім түрлерін мәтіннен тауып, талдап біткен соң: «Егер мұғалім болсаң, тап осы тақырыпты ерекше қызықты етіп түсіндіріп берер ме едің?» – деді.  Мен мектепте екі жыл аға пионервожатый болып істегенмін. Сол істегі тәжірибемнің іске асқаны, дереу сын есімді кейіпкерге айналдырып, шағын қойылым ретінде рөлдерге бөліп көрсеттім. Ол кезде менде: «Бұл емтихан ерекше болды‑ау»деген ой болды, ал қазір қарап отырсам, ұстаз ойы мен сынағы терең мақсатты болған екен.

Бес жыл студенттік кезеңде Алма апай біздің топқа куратор болды. Әрқайсымызды белгілі бір бағытта ұштап, баптап отырды. Студенттің бар жағдайына қанық боп, ғылыми ізденісі мен тұлғалық болмысының қалыптасуына ықпал етті. Бізге анамыздай кеңес беріп, досымыздай сырласты. Маған шығармашылықпен айналысып, көбіне әдістемелік бағытта ізденуіме кеңес беріп отырды. Үшінші курста біздің группаны өзін‑өзі басқаруға көшірді. Сырттай бақылағаны болмаса, группа ішіндегі мәселелерді өзіміз шешетінбіз. Апай үшін де, біз үшін де ең қиын кез – 1986 жылдың желтоқсаны болды. Сол күндердің аязды ызғарын аялы алақанымен жылытқан, жолымызда кездескен қиындықтарға қаһармен кейіпте қарсы тұрып қорғап қалған Алма апай. Ұсталып, оқудан шығарылған әр студент үшін жаны ауырды, оны жазбаларынан байқауға болады. Біз осы аласапыран кезінде ұстаз қолдауы мен қамқорлығын қатты сезіндік…Студенттік күндер артта қалды. Жолдамамен әр қиырға сапар шектік, мен отбасыммен Алматы облысының Жамбыл ауданы, Кенен Әзірбаевтың балалық шағы өткен Мәтібұлақ ауылында еңбек жолымды жалғастырдым. Хат‑хабар алмасып тұрдық. Апай Айман атты студентінен хат жіберетін. Бір күні Жамбыл облысына кетіп бара жатқан апай үйіме келді. Өзінің мектеп ашатынын, соған шақыра келгенін айтты. Қатты қызықтым. Сәбиіме алты ай ғана болғандықтан бара алмадым. Келесі жылы келгенде, апай енем мен атамның алдынан өтіп, мені өз мектебіне шақырып келгенін айтты. Үлкендердің келісім алып, біз апайдың Гуманитарлық қазақ мәдениеті мектеп‑лицейі жұмыс істеп жатқан Қаскелең өңіріндегі Жандосов ауылына келдік.

Университет оқытушысының мектеп директоры, мектеп мұғалімі ретіндегі тың бейнесін танып‑білдім. Мектеп мен көріп жүрген мектепке ұқсамайтыны өз алдына, мектеп жұмысының бағыты да мүлдем өзгеше…

Нағыз өмір мектебі. Мен үшін де, өзгелер үшін де. Мен мұғалімдік тәжірибемде дәстүрлі емес, қалыптан тыс сабақтарды өткізетінмін, ал мектептің қалыптан тыс болуы – менің өңім түгілі түсіме кіріп шықпаған дүние. Мектеп қызметі, мұғалім мен шәкірт психологиясы, қарым‑қатынасы, мұғалім имиджі, білім берудің тың бағыттары, ерекше әдістемелік ізденістер… Мен сияқты дәстүрлі мектептің ағымына ілесіп, қалыпты мұғалім болмысын сіңіре бастаған ұстаз үшін қызықты әрі қиын тірлік…

Алма апай мектеп алдында он күн дайындады. Жандосовты аралап жүріп, менің әр шәкіртіммен таныстырды. Жүзінен еркелік пен мейірім төгіліп тұрған Мақпал бикеш, өмірге ересектер көзімен үңілетін Ділдаш бикеш, жанарында ақыл мен сүйкімділік тұнған Назгүл бикеш, салмақты Нәзира бикеш, жаны таза, жүрегі аппақ Жәния бикеш, қашанда байсалды, сыпайы Шәміл мырза…Осылай он үш шәкіртіммен алдын ала жүздестім. Үйге оралған соң маған әрқайсысына «Үшбу хат» жазу тапсырылды.

Әдістемелік жұмысты зерделеу басталды. Мектептің әдіснамалық негізі, еуропалық ғалымдар мен мектептердің білім тәжірибесін қарастырдық. Этнопедагогика мен алаш арыстарының білім беру, ағарту жұмыстарына қатысты еңбектерін талдадық.  Мектеп тұжырымдамасымен танысып, жұмыс бағыттарына диагностика жасауды міндеттеді. Сабақ беру әдісінің ерекшеліктерін ашып көрсетуді, оқушы қызығушылығын ескеріп, оқыту мен оқып‑үйрену әдіс‑талаптарын айқын көрсетуді тапсырды. Бес жылдық студенттік кезеңдегі әдістеме жұмыстарына қатысты ізденісім мен университетке алғаш тапсырған кездегі «қызықты сабақ үлгісі» не үшін керек болғаны енді белгілі болды. Қарқынды еңбек басталды.

Осы жақында әлеуметтік желіде Азамат Битанның «Жыламаған ұстазды еске алу» деген жазбасы жарияланды. Төтенше жағдай кезіндегі қиындыққа шағымданған Алматы облысының мұғалімінің бейнежазбасына қатысты туған ой екен. Өз постында Алма апайдың тәуелсіздіктің қиын‑қыстау кезеңінде мектеп ашып, тың бағытта жұмыс істегенін ерлікке бағалаған. Расында, ол бір өте қиын кез еді. Мектептегі әр жұмысты ұйымдастыру, мектептің шаруашылық істері мен қаржылай қамтылуын қамтамасыз ету, Алматыдан келіп жұмыс жасайтын мұғалімдердің жағдайын жасау, әр оқушының отбасымен қарым‑қатынас жасап, психологиялық қолдау көрсету, білім беру үдерісін өз мәнінде жүргізу т.б. шаруаларды шешу оңай шаруа емес. Оған бұрын‑соңды бұндай жекеменшік мектеп көрмеген әміршіл‑әкімшіл жүйе шапанын шешпеген әкімдер мен әкімшілік талабы, кеңестік дәуірдің «бәрі неге тегін болмасқа?» деген бірегей пікірін ұстанған даулы көзқарастарды қосыңыз. Аттап басқан сайын алдын орайтын кедергілер… Соның бәрінен заңға сүйеніп, біліктілігімен жол таба білген Алма апай. Ауылды жер, ата‑аналардың көбісі оқу төлемін жасай алмайды. Басты мақсат – білім беру болғандықтан төленбеген ақыға кешіріммен қарап, демеуші қарастырды. Өз ортасынан іскерлік шешім болатын шешім іздеді. Бұл жерде қолөнер сабағының мұғалімі Зиба бикеге салмақ түсті. Сабақта жасалған заттарын, пісірген тәттілерін сатып, сонан түскен азын‑аулақ қаржыны мұғалімдерге айлық есебінде ұсынды. Азамат Битан айтқандай, Алма апай жылаған жоқ, қайта қиындықтан шығудың қайсар ізденісі мен жігерлі шешім табу жолдарын көрсетті.

Алматыдағы американдық мектептен тәжірибе алмасудан өтіп жүргенімде бір шетелдік мұғалім менен: «Директор ханым оқушылар үшін «Қуаныш мектебін» ашамын деп еді, шынымен, оқушыларыңыз мектепке қуанышпен келе ме?» деп сұрады. «Иә» деген жауапты ести сала, оған қалай қол жеткізгенімізді білгісі келді. Осындай сұрақ көкейінде жүрген адамдар келіп, сабақтарға қатысып, оқушылармен сөйлесіп, шындыққа көздерін жеткізіп қайтатын. Алма апайдың мектебі еркіндік пен сенімге толы, өмірге дайындайтын нағыз шуақты «қуаныш мектебі» болды.

Әңгіме мектеп айналасында болғандықтан, оқырман ойлауы мүмкін: «Ұстаздың жан‑жақты қырын ашамын деп ойлап, тек мектеп туралы айтып кетті‑ау» деп. Сол мектеп апайдың болмысын сомдауда шешуші рөл атқарады.

Алма апай – шын мәнінде ұлы ғалым. Бұған дәлел – өзі тұжырымдамасын жасап, іс жүзінде жүзеге асырып, үш жыл сынамадан өткізіп, ғылыми негіздемесін бекітіп кеткен авторлық мектебі. Ғалымның педагогикалық, психологиялық, эксперименттік тәжірибе зертханасы болғаны да айдан анық. Мектепте рейтингтік жүйе – балдық жүйеде бағалау енгізілді. Ғалым дуальді оқыту тәжірибесін мектеп ісіне де қолдана білді. Мектепте университет ұстаздарымен бірге, ғылыми бағытта ізденушілер, университет студенттері де сабақ берді. Олар өз ой‑тұжырымдарының қаншалықты нақты екенін, қалай қабылданатынын тәжірибе жүзінде көріп, өз пікірін нақтылауға мүмкіндік алды.  Апайдың өзі  мектепте оқушының ежелгі әдебиет мұраларымен таныс болмауы ертеңгі студент үшін орны толмас кемшілік деген пікірде болды. Ежелгі әдебиет мұралары бойынша ғылыми зерттеулер мен ғылыми еңбектерді оқушының жас ерекшелігіне сәйкес ұсыну мүмкіндігін болжап, өз мектебінде сынамадан өткізді. Лицейдің 6,7,8‑сыныптарында «Ежелгі әдебиет» пәні, бастауыш сыныптарда «Тілашар» пәні оқытылды. Бұл пәндерден Алма апай өзі берді. Яғни тақырыптық ұсынылым, материалды сұрыпталуы, тапсырмалар дерлік ғылыми‑педагогикалық қағидаттар негізінде талапқа толық сай болды. Тәжірибе қорытындысында «Сорос» қорының қолдауымен «Ежелгі әдебиет» оқулығы жарық көрді.

Бұл мектеп тәуелсіздіктің алғашқы кезінде өмірге келген ұлттық мектеп моделі еді. Мектептегі білім беру үдерісі қазақ халқының ұлттық құндылықтарына, алаштың озық ойлы ақиықтарының кемел ойлары мен педагогикалық ұстанымдарына негізделген. Сонымен қатар, оқушының тұлғалық, танымдық қалыптасуына ықпалы зор «Ислам мәдениеті», «Әдеп», «Әлемтану», «Елтану» сабақтарын енгізді. Негізі баланың жас ерекшелігіне қарай кейінірек «Шығыс мәдениет», «Батыс мәдениеті»тақырыбындағы тағылымдық‑талдаутәжірибе сабақтарын енгізу жоспарланған. Алма апай мектептегі ұстаз бен шәкірттің өзара қарым‑қатынас мәдениетін ерекше үлгіде қалыптастырған. Ұстаздар мен шәкірттер  – мырзалар. Бұл оқушының өзін ұстазымен тең тұлға екенін, ер‑азаматтық жауапкершілікті сезінуіне жол ашады. Ал қыз балалар – бикештер. Оларға сабақ беретін жас мұғалімдер бике атанса, жасы үлкен, түйгені мол кісілер – бибілер. Алма бибіден өзге денешынықтыру сабағынан беретін Бақытжан бибі болды.

Мектепте сәлемдесу ерекшелігі болды. «Оқушылардың қолдарын түйістіріп, иығымен қағысып түрлі қимыл жасауы мәдениетке қайшы, жалпылдап сүйісіп, құшақтасып жатқаны да өздерінің жасына жарасымды болғанымен, өрескел көрінеді екен. Балаларды болашақ ел мәдениетін танытатын өкіл ретінде мәдениетті қимыл‑қозғалысқа дағдыландырсақ», ‑ деп ұсыныс тастаған ұстаз педагогикалық кеңестің бір отырысында ұзақ талқылау, түрлі ұсыныстарды қорытып барып, шешімді оқушылардың өз таңдауына ұсынды. Сонан кейін мектепте жаппай қолын жүрегіне қойып, сәл басын иіп «Армысыз!» деп амандасу дәстүрге айналды. Апайдың түпкі мақсаты өскелең ұрпақтың жан‑дүниесіне үңіліп, рухани мәдениет бұлағының уызына жарыған, білімді, сенімді, батыл, іскер, діңі берік, білікті тұлға – «Қазақы құбылысты» даярлау еді. Бүгінгі күнде Димаш Құдайбергеновті көрген сайын апайдың «Қазақы құбылыс» формуласы ойыма оралады.

Апайдың «Тілашар » сабағы кейде домбыра үнімен өрілетін. «Балалар, аманбысың, шырақтарым, Майысып көлге біткен, құрақтарым» деген қоңыр үні домбырамен үйлескенде заманынан қарай тілі қойыртпақталып шыққан бастауыштың бикештері мен мырзалары домбыра шерткен Алма бибісіне жатғаламшарлықты көргендей таңдана қарап, үзілісте жанына барып, домбырасын ұстап, шертіп көріп, сұрақтарын қойып жататын. Періште жүректер алдында Мүтәліп ақынның қызы, Жамбыл әулетінің келіні, яғни аңыз адам, университеттің профессоры отырғанынан мүлдем хабарсыз.

Жыр‑термелерді нәшініне келтіріп шырқайтын Алма апай қырғыз әндерін әуелеткенде елітіп тыңдайтынбыз. Н. Оразалин ағай адамзаттың алыбы Ш. Айтматовтың мерейтойында Алма апай ән салғанда көзіне жас алып, ерекше тебіренгенін айтады. Апайдың дауысында тұма тазалық, бұлақ сыңғыры мен түркі дүниесінің күмбірі бар еді.

Алдынан білім алған әр шәкірті «Менің Алма апайым» деп мақтан тұтатын, ежелгі әдебиет арнасын зерттеп, ашып, ұрпақ игілігіне ұсынған ғалым, қазақ педагогикасына өзінің ұлттық мектеп моделін ұсынып, тәуелсіздіктің алғашқы 1993-1996 жылдарында ұлттық үлгідегі өз мектебін ашып іскерлік танытқан, білім беру ісіне тың бағытта «Авторлық мектеп» технологиясымен үлес қосқан педагог, қазақ мәдениеті мен қазақ өнерінің алтын қорына Жамбыл жырларын жинақтап, орындап жазғызып кеткен Алма апай – өз ұлтының ғана емес, озық ойлы адамзаттың мақтанышы болуға лайық тұлға.

 

Айсұлу ҚАСЫМБЕК,

ұлағатты  ұстаз,

Алматы облысы

 

 

Осы айдарда

Back to top button