Алаш тағылымыТаңдаулы

ҒИБРАТТЫ ІЗ

БЕЙСЕН
Топырақ салу үшін жердің басына барып, мәйітті күтіп тұрған туысыма телефон толғадым да:
– Қасыңда Бейсеннің інісі бар ма?-дедім.
– Иә, жанымда тұр,-деді ол.
– Онда телефонды соған бер, – дедім. Ол берді.
– Алло!
– Сәлем Әсет! Шындығын айт, мен саған көңіл айтуым
керек пе, әлде сен маған көңіл айтуың керек пе? – дедім. 4-5 секунд үнсіздік орнады. Жүрегі езіліп, жылап тұрса да, ол өзін бір сәтке жинап алды да:
– Иә, дұрыс айтасыз. Негізі мен сізге көңіл айтуым керек. Досыңыздың
иманы саламат болсын. Құдайдың қазасына шара жоқ. Бекем болыңыз, – деді.

БІР БОЛМЫС. DASMAN
2005 жылдың қаңтары болатын. Жұмыста отырғам. Бастық кабинетіне шақырды. Бардым. Бастық жағымды бұйрық берді. Ақпан айында АҚШ-та Қазақстанның ән-күй өнерінің күндері өтеді. Құрманғазы оркестрі түгел барады. Соны ТВ-дан насихаттау керек. Біздің каналдан АҚШ-қа сен барасың. Концертті түгел түсіріп, келген соң оқиға жайлы репортаж жасайсың. Бүгін елшілікке барасың да виза аштырасың деді. Кабинеттен қуанып шықтым. Бір аптада визаны тас қылып, айтылған күні әуежайға таң атпай барып, командаға қосылдым. Орындыққа барып жайғастым. Маған қарсы сымбатты, ұзын денелі, жылы жүзді бір жігіт қарап отыр. Мойнына ХАБАРдың бейжигін асып апты. Маған қарап:
– Ақшаңды алдың ба? – деді.
– Жоқ. Қандай ақша?
– Ана жерде Мәдениет министрлігінің өкілі отыр. АҚШ-қа баратын
команда мүшелеріне жолпұлын таратып жатыр. Бір аптаға 600 доллар береді. Бар да тиесілі ақшаңды алып ал. Айтпақшы танысып қояйық. Менің атым Бейсен. Бейсен Құранбек. Хабардың тілшісімін деп қолын созды. Осылайша таныстық. Бұған дейін – шетелге командировкаға шыға беріп әбден ысылып алғаны көрініп тұр. Жол бастап, бәрін түсіндіріп, маған үйретіп жүр. Осылайша ертесіне Вашингтоннан бір-ақ шықтық. Бір апта жұбымыз жазылмай АҚШ-та бірге жүрдік. Аңқылдаған ақжүрек екен. Бірақ ерекше қабілеті көрінбеді. Қатардағы журналист боп жүрді. Бір аптаның ішінде жап-жақсы дос боп қалдық. Елге келгесін де ара-сыра хабарласып хәл сұрасып тұрдық. Бір күні соқсам Алматыда емеспін. Қызметім өсіп Талдықорғанға басшы боп көшіп кеттім деді. Осыдан соң мен оны тіпті ұмытып кеттім десем де болады.

МЫҚТЫНЫ МОЙЫНДАУ
2013 жылдың 1 қаңтарында Тараздағы кластасым телефон толғады.
– Сәке, кеше «Қазақстан» каналының жаңа жылдық хабарын көрдіңіз
бе? – деді.
– Жоқ. Мен мүлде ТВ қарамаймын ғой. Не бопты сонша?
– Баяғы Бейсен досыңыз қатырды. Риза болдым оған!
– Не деді сонда?
– Ол хабарды аяқтап тұрып: «Негізі бүгін мына студияда Ғалым Боқаш
сияқты басы алтын азаматтар, маңдайлары жарқырап, жұртқа шабыт сыйлап елді құттықтап тұруы керек еді. Өкінішке орай олар мұнда жоқ. Енді ондай мықтылар болмағасын мен сияқты жаман-жәутіктер амал жоқ осылайша елдің алдына шығуға мәжбүр» деді. Мына бала нағыз топырақ сипат мұсылман екен деп таңғалып бас шайқадым, – деді.
– Сонда Бейсен өзінен мықтыны елдің алдында ашық мойындап,
онымен қоймай Ғалымның атын эфирден өткізіп жіберген бе? Мүмкін емес. Цензурада отырған таракандар Ғалымның атын естісе инфаркт алып, жүрегі қысылып, өліп кетуші еді ғой. Ол мұны қалай жасады? Мүмкін емес!- дедім сене алмай.
– Иә, тура солай деді. Өз құлағыммен естідім. Сенбесеңіз өзінен
сұраңыз,- деді.
– Құреке, құдай ақы деп айтайын. Егер Бейсен расымен де солай десе,
онда бұл бала тегін болмады. Бұл бір қасиет қонған әулие болуы керек. Келешекте мұның моласына түнеген әйел Байбөрінің бәйбішесі құсап Алпамыстай ұл табады,-дедім.
– Әулие болса әулие шығар. Елдің бәрі мықтының тірсегін шайнап,
өзінің атын шығара алмай тыраштанып жатқанда, бұл бала миллиондаған елдің алдында тұрып, өзін жасырып, Боқаштың абыройын асырды,-деді.
– Қазір өзімен тілдесейін, – дедім де дереу нөмірін таптырдым. Сол
заматта Бейсенге тіке толғап кеп жібердім.
– Алло, бұ кім?- деді бірден танымай. (арада 6-7 жыл өтіп кеткен еді)
– Бұл мен Шәнжархан!
– Әй, сен тірісің бе? – деп таңғалды. Сөйттік те, шұрқыраса жөнелдік.
– Бейсен, саған соққан шаруамды айтайын. Сен кеше эфирден солай да
солай депсің ғой. Сол рас па? Ғалымның атын қалай өткізіп жібердің? Соны өз аузыңнан сұрайын деп ем.
– Сен қайдасың?
– Ұзынағашта, үйдемін.
– Онда мен бүгін Алматыдамын. Сені көрмегелі жеті жылдан асыпты.
Келсей шәй әшейік. Бәрін айтып берем,- деді.
– Болды, міне шықтым.
Екі сағаттан соң кафеде шәй ішіп отырмыз.
– Сәке, кеше қатырдым. Жаңа жылдық қарбаласты барынша
пайдаландым. Қаптаған хабар. Цензура бәрін қарап тексеруге мұршасы келмей қалды. Кассетаны апарып бергенде басшы: «Бейсен, бәрі норма ма? Ішінде артық-ауыс әңгіме кетіп қалған жоқ па?» деді. Бәрі норма! Уайымдамай эфирге қоя беріңіз,-дедім. Осылайша Ғалымның атын өткізіп жібердім. Страна должен знать своих героев! – деп рақаттанып бір күліп алды.
БОЛМЫСТЫҢ АШЫЛУЫ. DASEIN
Осы кездесуде мен мүлде басқа Бейсенді көрдім. Бұл баяғы ортанқол журналист емес еді.
– Талдықорғанда тұратын болсаң Алматыда не істеп жүрсің?
– «Айтуға оңайға» келем.
– Оның саған не керегі бар, бастық болсаң? Құр босқа уақытыңды
алады.
– Маған қазір елге тез танылып алу керек боп тұр.
– Оның не керегі бар? Ақылды адам атақ пен даңқтан қашпай ма қайта?
– Дұрыс айтасың, маған атақтың түкке керегі жоқ.
– Онда?
– Маған танымалдық арманымды жүзеге асыру үшін ғана керек.
– Қандай арман?
– Сәке, ТВ-да жүріп елдің ахуалын беске біліп алдым. Билікке де жақын
барып көрдім. Мен бармаған ел қалмады. Әбден тәжірибе жинадым. Осының бәрін қорытып бір ойға бекідім. Халықтың жауы надандық екен. Рухани ілімнің сәулесі болмаса, жұртымыз құр мал-дәулетпен ел боп кете алмайды екен. Қара басымның қамын жасап болған адаммын. Материалдық жағдайым толық шешілген. Есі дұрыс еркек елдің қамын жеу керек екен. Жас болса 40-тан асып кетті. Қартайып барамыз. Өлгенше бір істі тындырып кету керек болып тұр. Жастардан ерік-жігері мықты жаңа буын жасап шыққым келеді. Жоспарын миымда түзіп қойдым. Бірақ қазір қоғам қараңғы. Танымал адамды ғана тыңдайды екен. Көрмейсің бе, қалың бұқара ғұлама ғалымды емес, атағы шыққан дилетант әншіні тыңдап, соған табынып жатыр. Бұл өте қауіпті тенденция. Сондықтан жұртқа танылып алайын, сосын надандыққа қарсы майдан ашамын. Үміті жіңішкеріп, жігері мұқала бастаған елге қайрат сыйлайтын бір істі бастаймын.
– Сонда қалай майдан ашасың? Рухани концепцияң бар ма?
– Бар. Ең әуелі былай етемін. Кітап жазамын. Ол кітапта мынадай
нәрсе болады,-деп кітабының мазмұны туралы айта бастады. Үнсіз тыңдап отырмын. Шыны керек, бұл жарамсыз жоспар болатын. Практикалық жағынан мүлде жарамсыз кітап болғалы тұр. Ал, ол кезде бұл істі адвокат Абзал Құспан қолға алып, жұмыс жүріп жатқан. Бейсен сөйлеп болғасын:
– Бейсеке, ниетіңіз тамаша. Бірақ идеяңыз нашар,-дедім.
– Неге? Несі жарамайды?
– Себебі ол олай емес, былай болуы керек,- деп сары кітаптың
концепциясы жайлы айтып бердім. (Ол кезде ең бірінші кітап енді қолға алынған) Ол тапжылмастан екі сағат мені мұқият тыңдады. Сосын бірнеше минут үнсіз отырып қалды. Бір кезде:
– Дұрыс, Сәке! Сенің вариантың ұнады. Қашан қолға аласыңдар?-деді.
– Қолға алғанымызға 15 күн болды. Материал жинап жатырмыз.
Қасымдағы екі жігіт келсе жолықтырып, материалдармен таныстырайын.
– Келістік.
Осылайша қол алысып тарастық. Бұл бұрынғы DASMAN емес еді. Бұл ашылған БОЛМЫС болатын. Мұны экзистенция ғылымында болмыстың «DASEIN» түрге ауысуы деп аталады. Яғни адам болмысының аутентикалық формаға ауысуы. Нағыз, шынайы, Құдай қалаған иләһи сипаттағы түрінің тысқа жарқырап шығуы. Болмыс мұндай құдіретті түріне ену үшін міндетті түрде өзін өзі трансценденция жасауы керек. Яғни, өз мүддесін, қара басының қамын шетке ысырып, елдің қамын жеуге бел байлап, соның жолында ЖАУАПКЕРШІЛІК арқалағанда болмыс автоматты түрде DASEIN формасына ауысады. Болмыстың мұндай түрі кез келген оқиғаға жан-жүрегімен, бүкіл жұлын-жүйкесімен, денесіндегі әр тал клеткасына шейін шынайы араласады. Сол кезде қараңғы аспанда жаңа жұлдыз жанғандай қоғамда қызық құбылыс басталады. (Ол құбылыс кейін Айтуға оңай және ҚАРЕКЕТ деген атпен тарихта көрінді) Осылайша мен DASMAN (көптің бірі) Бейсенмен емес, DASEIN БЕЙСЕНМЕН танысып, үйіме көңілді оралдым.

ЖОБАМЕН ТАНЫСУ.

Арада үш ай өтті. Мұхит пен Айбек кітапты жазу үшін менің үйіме
келді. Үйілген кітаптың арасында үшеуміз қисса жинап жатырмыз. Бейсен Алматыға тағы келді. Шақырды. Бардым. Әңгімелесіп отырмыз.
– Айтпақшы жігіттер үйде. Қаласаң үйге барып, жобамен жақын
танысуға болады,-дедім. Ол кезде Бейсен өзінің ескі жобасын әлі де қимай бір екі элементін көңілінде сақтап жүрген. Ол қипақтап тұрды да:
– Негізі миллион ісім бар. Уақытым өте тығыз. Сонда да барсақ
барайық. Бірақ кешке дейін қалаға қалайда қайтуым керек. Ертең монтаждарым бар,-деді.
– Ендеше үлгерейік. Кеттік.
Түстен кейін Бейсен біздің үйден бір-ақ шықты. Бибім оны көріп талып қала жаздады. Бұлай тез келеді деп күткен жоқ. Ал, Айбек пен Мұхит мәз. Шәй-тамақ ішіліп болар болмастан Бейсен кітапты көрсетіңдер деді. Таныстыру басталды. Іші пысып отырған Айбек пен Мұхиттың құдайы берді. Екеуі екі жақтан отырып алып қиссаның құдіреті туралы жарыса баяндайды. Ақжүрек Бейсен әңгімеге қанбай қызыққа бата түседі. Сағат түнгі үш болды. Ол әлі отыр. Таңғы беске таман шаршап құлады. Монтажы жайына қалды. Таңда шәйға шақыруға мансардаға көтерілдім. Жігіттер оянып, көрпе төсегін жинап жатыр екен. Бейсен басы салбырап ортада көңілсіз отыр.
– Бейсеке, не болды, мазаңыз жоқ қой?- дедім.
– Бүгін мына жобаны 100 пайыз мойындадым. Өткенде сен айтқанда
сырттай сынсам да, іштей өз концепциямды қимай кетіп ем. Енді соған ұялып отырмын. Все-таки тақсыр көрген адамсыңдар. Ілімнің аты ілім. Құранның аты Құран! Мына екі көмекшің сұмдық екен. Таң атқанша мені таңғалдырудан шаршамады. Осы әңгіменің бәрін бала кезден әжемізден тыңдап өстік. Бірақ соған осылай мән беріп, ғылыми анализ жасап көрмеппіз. Бір өзімнің ұрандап шаба жаздағаныма қысылып отырмын,- деп күлді.
Бәріміз төменге түстік. Бибім түске ет асайын ба деді. Қайдағы ет асқан. Ол өте асығыс. Монтажы бар. Шәйдің өзіне әрең қалып отыр. Бірақ шәйің етке бергісіз супер болсын дедім. Солай болды да. Дастарқан басында рухани әңгіме қайта қызды. Сағат 12 болды. Бейсен басқа әлемге өтіп кеткен. Көңілденіп көсіліп соғып отыр. Бибім мені шақырып алды да: Кәне, сен асығыс дегенің. Ендігі ет пісетін уақыт болды. Құр босқа мені ұятқа қалдырдың. Мен енді тез-тез палау пісірем деді де палауға кірісті. 2 сағаттан соң палау келді. Әңгіменің темпі түскен жоқ. Ол тіпті алдына ыстық палау келгенін де байқамады. Бұқар палауы мен күрең шайды сораптап қойып әңгімені соғып отыр. Бір кезде сағат төрт болғанда барып Бейсен сағатына қарап ысқырып жіберді.
– Әй, жігіттер, сағат төрт болыпты. Масқараааа!!! Менің бүкіл жұмысым
жайына қалды. Қалаға барайық. Менімен бірге жүріңдер. Қалаға жеткенше тағы да сұхбат құрайық. Сосын сендерге керек-жарақ кітаптар әперем,- деді. Үшеуміз оның көлігіне жайғасып алдық. Ол ашылған үстіне ашыла түседі. Көзді ашып жұмғанша қаладағы кітап дүкеніне келіп жеттік. Бейсен ішке кірді де:
– Қандай кітап керек, бәрін алыңдар. Бағасына қарамаңдар. Елдің игілігіне
жарайтын не кітап бар, бәрін алыңдар,-деді. Екі нөкерім көздері жайнап шыға келді. Қалың кітаптың ішіне аш қасқырдай жалаңдап кіріп кетті. Бір кезде кітаптарды тау қылып үйіп қойды. Бейсен ақшасын төледі де:
– Мен жұмысқа кеттім. Кітапты тезірек бітіріңдер. Бұл енді бәріміздің
жобамыз! – деді де кете барды. Біз кітапты арқалап үйге қайттық.

АТ ҚОЮ

Кітап жазылып бітті. Бірақ аты жоқ. Метрикасы алынбаған бөпе құсап, алғашқы кітабымыз электронды кейіпте кампутарда мөлдіреп тұр. Бұл іске Бейсен асқан ұқыптылықпен кірісті. Тіпті өзінің әйелі босанғанда қызының есімін қоюға дәл бұндай жауапкершілікпен келмеген шығар! Ол кітаптың атын қоямыз деп Талдықорғаннан арнайы менің үйіме келді де:
– Асықпа, Сәке, асықпа! Бұл мәңгілікке қалатын жоба. Қалай болса
солай, өзімбілемдікке салынуға болмайды. Мозговой штурм жасау керек. Көзі ашық достарыңның бәрі кітапқа ат қоюға қатыссын. Қандай есім бар – бәрін ортаға тастасын. Сосын ішінен ең мықтысы сүзіліп шығады,-деді. Соның дегені болды. Бәріміз жан-жақтан жамырап, ойымызға келген атауларды ортаға лақтырып жатырмыз. Елуге жуық есім тізімге енді. Ертесіне келісім бойынша Дидахмет ағаның алдына барып тізімді тастады. Жазушы ағамыз көп ойланып жатпастан:
– Мына «Әлдиден эпосқа дейін» деген ат көзіме оттай басылды. Кім
қойса да мына атауды қатырыпты,-деп атаудың астын сызып, парақты кері қайтарды. Бейсен сол атауды мәңгіге бекітті.
Әлдиден эпосқа дейіннің презентациясы Ғалымдар үйінде өтті. Ол кезде бізде түк те тәжірибе жоқтын. Оның үстіне ешкімге сөзіміз өтпей бишара боп жүрген кезіміз. Ол істі де Бейсен өзі қолға алды. Шараға Мекемтас ағаны ертіп әкелді. Осылайша кітап ресми жолмен жарыққа шықты.
СМАРТФОН
2013 жылдың шілдесінде кітап басылып шықты. Рухани бөпелерін
«перзентханадан» шығарып алуға Бейсен Талдықорғаннан, Абзал Оралдан арнайы ұшып келді. Кітапты көліктен түсіріп, қоймаға кірпіштей етіп қаладық. Бірінші қорабын жыртып, су жаңа кітаптың иісін иіскеп көріп жатырмыз. Кешке кішігірім той болып, атап өттік. Ертесіне Бейсен мені көлігіне салып алды да бір жаққа барамыз деп ызғыта жөнелді.
– Қайда барамыз?
– Әзірге айтпаймын. Тосынсый болсын.
Мен ештеңе ұқпаған күйі үнсіз отырмын. Кенет көлік үлкен дүкеннің алдына келіп кілт тоқтады. Түс, кеттік, – деді.
– Қайда?
– Сосын айтам. Бейсен тез-тез қадамдап, алып ғимараттың телефон
сататын бөліміне кіріп кетті. – Ал, Сәке, телефон таңда.
– Не үшін? Менің телефон алатын жоспарым жоқ.
– Ондай жоспар менде бар. Кітаптың құрметіне сізге көрімдік,-деді.
Сөйтті де сол кездегі су жаңа САМСУНГ ГАЛАКСИДІ (С-4) таңдады. Бағасы удай. Оған қараған Бейсен жоқ. Бүкіл асай-мүсейін түгендеп алды да смартфонды сатып алды. Сөйтті де:
– Ал, Сәке құтты болсын. Енді үйіңізде ноутбукке байланып
отырмайсыз. Мына кәрәматпен кез келген жерде кітапты жарнама жасап жүре бересіз,- деді. Осылайша Шәнжархан пақыр ойламаған жерден күшейіп шыға келді. Бөз көйлектің де үш күн буы бар деген. Бір ай бойы су жаңа смартфонды жастығымның астына жастап ұйықтап жүрдім. Ол кезде ондай смартфонды әкім-қаралар әрең ұстайтын. Біреу ұрлап кеткен жоқ па деп түн ортасында оянып, сипалап тексеріп қайта жататын түндерім де өтті. Ол смартфон әлі істеп тұр. Қазір ортаншы қызым сол смартфонмен он лайын сабақ оқып жүр.

ҚҰДАЙҒА ҰҚСАЙТЫН АДАМ.

Бір күні Тәңірі тағала Дәуіт пайғамбарға тіл қатты:
– Әй, Дәуіт!
– Ләббәйк Алла!
– Дәуіт, сен неге маған ұқсауға тырыспайсың?
– Уа, Тәңірім, мен саған қалайша ұқсай алам? Сен түр-түсі, мекен-
мысалы, шет-шегі жоқ құдіретті Құдай емеспісің?-деп таңғалды.
– Иә, дұрыс айтасың, Дәуіт! Бірақ мен шексіз мейірімдімін. Сен де
маған ұқсап мейірімді бол. Мен жомартпын. Сен де жомарт болуға барыңды сал. Мен әлсізге болысқанды сүйем. Сен де солай ет. Мен 18 мың ғаламды мінсіз басқарып тұрмын. Бірақ тұрған жерімді ешкімге көрсетпеймін. Тұрағым мәңгі құпия. Сен де тіршілікте жүргенде солай ет. Қанша жерден жапырып жақсылық қылсаң да өзіңді көрсетіп мақтанушы болма. Өзіңді құпия ұста. Ел сені түсіңе қарап емес, ісіңе қарап танысын,-деді.
– Уа, шексіз рақымды ИЕМ, өсиетіңді ұқтым,-деді Дәуіт…

2014 жылы күзде қалада жолықтық. Керек-жарақ алам деп мені ертіп супер- маркетке кірді. Магазин аралап жүрміз. Кенет:
– Сәке, сен бір науқас қыз туралы пост жазып акция ұйымдастырғансың
ба?- деді.
– А, иә. Торғын Қалелова деген келіншек ауырып қапты. Кореяға барып
емделуге біраз қаржы керек екен. Соған көмектесу үшін МЫҢ ТЕҢГЕ деген акция жариялап пост жаздым. Шамасы бар жұрт жаппай мың теңгеден ғана аударса – керекті қаржы жиналады. Тек жалқаулығыңды жеңіп, банкоматқа ерінбей барып мың теңгені шотына аударып жіберсең жетіп жатыр деп жаздым.
– Бәсе, жұмыстағы қыз-жігіттер кеше осыны әңгіме қып отыр екен. Сен
оны танисың ба?
– Жоқ, өмірімде көрмегем.
– Солай де, қызық екен,-деді де банкоматтың алдына кеп кілт тоқтады.
Онда елден біз де қалмайық. Жұмыс істеп пұл тауып жүр деген атымыз бар. Мен де асарға қатысып, мың теңге аударып қояйын. Ұятты. Шотын айтып жібер, – деді.
– Жақсы, – дедім де Торғынның есеп шотын дауыстап оқи бастадым. Ол
сандарды тез-тез терді де кнопканы басып кеп қалды. Сөйтті де теріс айналып кетуге айналды. Мен сәл тұрдым да дызт деп шыға келген тілдей қағазды суырып алдым.
– Сәке, қайтесіз ол қағазды. Тастай салыңыз.
– А, иә,- деп қағазды тастап жатып ақшаның сомасына көзім түсіп кетті.
Квинтацияда «100 мың теңге аударылды» деп жазылып тұр.
– Бейсеке, сіз қателесіп кеткен жоқсыз ба? – дедім аузым ашылып.
– Жоқ, Сәке, бәрі дұрыс. Бұл әңгіме осы жерде қалсын. Ешкім білмесін,-
деді де шығып жүре берді.

БҰЛАҚ ІЗДЕГЕН АДАМ.

Бейсен сөзінде тұрды. Дүркіреген атағын тек елдің игілігіне жұмсады. Бұлақ көрсең көзін аш деген кредоны мықтап ұстанды. Қысым көрген талантты кісіні «Айтуға оңайдың» студиясына шақырып, өнерін елге паш ету арқылы қысымнан құтқарып қалатын. Бір күні аса талантты бір танысым хабарласты. Өз саласының майталманы еді. Надан басшылары таланттың тірсегін қию үшін қорқаулар сияқты оны жан-жағынан қамап келе жатты. Ол менен көмек сұрады. Дереу Бейсенге жолықтырдым. Ол мұндай қорлыққа шыдап тұра алмайтын. Айтуға оңайдын бір хабарын дереу соның саласына қарай бұрып жіберді. Ана дарынды жігітті сол хабарға эксперт етіп шақырды да бүкіл талантын елге танытты. Аз уақыттан соң ол қысымнан құтылып, жұмысында қауіпсіз позицияға бекініп алды. Ол қазір елдің игілігіне еңбек етіп жүр.
2014 жылы «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабын жазып жатқанда негізгі материалды этнограф Болат Бопайұлынан алдық. Бірақ Болат ағамыз жұмыссыз қалып, қаржылық қыспаққа түскен еді. Іске тағы да Бейсен араласты. Бүкіл беделін салып Болат ағаға арнайы штат ашып, шұғыл түрде жұмысқа алып, жоғары жалақы төледі. Болат ағаның төтемен жазылған бүкіл қолжазбасын кирилл әрпіне түсіретін арнайы адам жалдап кампутарға тергізді. Теруші қызға өз қалтасынан жалақы төледі. Осылайша ғалымның еңбегі жарыққа шығып кетті. Бейсен қазақ халқы жан-жақты дамыған сауатты жұрт болуы керек деп бүкіл саладағы таланттарды жұртқа танытып насихат қылудан шаршамайтын. Тіпті «Айтуға оңайдың» форматына келмесе де қиыннан қиыстырып жарыққа алып шығатын. Бір күні қаладағы жақын туысымның үйіне барып шәй-тамақ ішіп отырдық.
– Аға, сіздің кәсібіңіз не? – деді Бейсен. Ағамыз:
– Мен каратемен шұғылданам. Басқа жұмысым жоқ. Бүкіл өмірім тек
спорт залда өтеді, – деді.
– Әне саған керек болса! Окинаваға барып сабақ алдыңыз ба?
– Иә, Окинавадағы сенсейіме жыл сайын барып, екі апта ұстаздың
үйінде жатып жаңа каталар үйреніп келем.
– Мәссаған, анаң қара! Мен де бұрын айкидомен шұғылданғам.
Окинаваға барып сенсейден сабақ алғам. Кейін қолым тимей тастап кеттім. Нағыз қазақ жігіттеріне керек бекзат өнер. Мұны ел білуі керек. Мен сізді хабарыма шақырайын. Өнеріңізді паш етейік.
– Маған жарнаманың керегі жоқ. Залым онсыз да толы. Каратеге
қызығатын жастар жетеді.
– Жоқ, оны көріп отырмын. Жарнама сізге керек емес, жұртқа керек.
Елдің танымы кеңісін. Сіз өзіңізді емес, елді ойласаңызшы. Қарапайым болам деп елдің алдына шықпайсыз. Соның кесірінен қара халық надан боп қалады. Ол дұрыс емес. Басқа жұрттың жақсысын елімізге таси берейік те, – деп қолқа салып отырып алды. Спорт залға әбден үйреніп, студия десе мазасы қашатын ағам қанша қашса да табанды Бейсен оны ақыры көндірді. Осылайша жапонның бекзат өнерін меңгерген қазақ жастары Айтуға оңайға топырлап барып елге насихат жасап қайтты.

ЖҮРГЕН ЖЕРІ ТОЙ

Аузы дуалы бір қазақ Бейсенге «балам, жүрген жерің той болсын!» деп бата беріп, сол батасы өтіп кеткен болса керек. Соңғы жеті жылда Бейсенмен 5-6 рет үлкен тойда бірге болдым. Бейсен барған жерде той ішінен той пайда болады. «Ойбай, несін айтасың, Бейсен де осы тойға келеді екен» деген дақпырт шыққаннан-ақ елдің толқуы басталады. Олар расымен де осы бір таңғажайып адамды жақыннан көріп, суретке түсу бақытына қол жеткізе алар ма екенбіз деп қобалжиды. Бейсен кіріп келгеннен-ақ елдің назары тамадаға емес, Бейсенге ауады. Бір кезде оған сөз беріледі. Болды, содан кейін ол орнына қайта барып отыра алмайды. Себебі онымен суретке түсетін адамдар Лениннің мавзолейіне кезекке тұрғандай ұзын-сонар кезекке тұрады. Ол бер жағы. «Баламның аузына түкіртіп алам» дейтіндер өз алдына бөлек жамағат боп бұрышта жиналып тұрады. Ал содан соң сол жерде салт-дәстүр басталады. Біреу бөпесінің түріне, біреу аузына түкіртіп қырылып жатады. Кейде қызды қыздымен оның соңы тұсаукесерге дейін кетіп қалады. Той біткенде ол да тік тұрып, елмен бірге суретке түсіп бітеді. Аса «ақылды» бір кісілер оған типа жаны ашып: «Бейсен, сен кім болса сонымен суретке түсе берме. Қадірің кетеді. Өзіңді биік ұста» деп талай рет ақыл айтты. Бейсен ондай ақылды құлағына қыстырған емес. Оның қарапайым халыққа жақын болғаны сонша – екінің бірінің қолында Бейсенмен түскен суреті жүреді.

ҚАЗАҚ РЫЦАРЫ

2014 жылы шет тілін тілін үйрену үшін үш айға Еуропаға кеттім. Бір күні сабақта сыни пайыммен ойлау жайлы әңгіме болып кетті. Пол есімді мұғалім маған қарап:
– Осы сен Дэвид Аттенборо деген кісіні танисың ба?-деді.
– Танимын.
– Кім ол?
– Ана ВВС-де деректі фильм түсіріп жүретін табиғаттанушы ғалым ғой.
– Иә, қазір әбден қартайды. Бірақ әлі де сол ісімен шұғылданады.
Англияның әрі сыншыл әрі міншіл капризный жұртының улы тілі соған ғана жүрмеді.
– Қалайша?
– Себебі ол өз ісіне өте адал болған ағылшын азаматы, елдің көзін ашып,
ғылым таратуды мақсат тұтқан тұлға. 50 жылдан асса да сол кәсібінен кетпейді. Қай бір жылы Британияның патшайымы оны ескі дәстүр бойынша «Англияның мүддесіне адал болғаны үшін» деп рыцарлыққа қабылдады. Расымен де солай. Біреу-міреу британдық мінезіне салып «Аттенбороның да мынадай минустары бар» дей берсе кез келген ағылшын «Шат ап, плиз!» деп, міншіл мақаудың аузын жауып тастайды,-деді.
Егер осы өлшемге қазақ қоғамын салатын болсақ сынға ұшырамай бірауыздан рыцарлыққа қабылданатын жалғыз адам Бейсен шығар! Ұлт пен ұлыстың мүддесіне дәл бұлай адал қызмет етіп, дәл бұлай жанкештілікпен елге еңбек сіңіріп, елдің бәрін мейіріммен бауырына басқан әзірге жалғыз тұлға – Бейсен! Жаназасына қоғамдағы барлық қабаттың өкілдері түгел қатысты. Осының өзі Бейсеннің ешқандай не діни, не саяси, не басқадай идеологияға ұрынбай адамсүйгіштік қасиетіне қаншалықты берік болғанын анық көрсетіп берді.
ҚАЗАҚТЫҢ ДОСЫ ҚАЗАҚ
Бейсен «қазақтың жауы қазақ» деген сыңарезу топас мәтелді иттің етінен бетер жек көретін. Ол осыны керісінше жүзеге асырды. Елдің бағына туған адам көрсе болды, ұлтына, жынысына, таныстығына қарамастан соның керегіне жарағысы кеп тұрды. Қайбір жылы ақылды бір азаматты кей оңбағандар жала жауып, орға жықты. Саяси астары болғандықтан ол іс елге білінген жоқ. Жазықсыз жан бес жылға сотталып кетті. Бірақ Бейсен оны танымайды. Өмірінде көрмеген. Істің мән-жайымен танысқан соң нақты қадамға барды. Бір күні мені қалаға шақырды. Кешке бір үйге кіріп шығамыз деді. Мен ілестім.
– Қайда бара жатырмыз? Не істейміз?
– Пәлен деген кісінің үйіне барамыз. Оны бір оңбағандар жазықсыз
отырғызып жіберіпті. Соның бала-шағасына соғым сойып әкеле жатырмын. Сен маған жылқының етін тасуға жәрдем бересің. Бірақ елге жария қылмайсың. Мақұл ма? – деп менен сөз алды. Әлгі үйге жеттік. Машинасын ауласына кіргізді де вагондай қара джиптің багажын ашып «ал, Сәке, тасиық!» деді. Құдай-ау, не деген мол ет еді анау! Екеуміз мықшыңдап жарты сағатта әрең тасып біттік. Жылқы емес, піл сойып әкелген сияқты. Шошаласына сыймай кетті. Әйел, бала-шағасы таң тамаша болып екеумізге қарап қапты. Соңынан бір-екі кесе шәй іштік. Отбасы Бейсенге дән риза. Ең қызығы – Бейсен осы салтын 4 жыл үзген жоқ. Жыл сайын қара күзде тауда жүрген бір жылқыны жалп еткізіп сояды да әлгі азаматтың үйіне апарып тастайды. Сотталған отағасы 4 жылдан соң босанып отбасына оралды. Бейсеннің ерлігіне тәнті болды. Екеуі ағайынды бауырлардай дос-жаран болып кетті.

ҒИБРАТТЫ ІЗ

Бейсен маған бір күні бүй деді:
– Неге мына қиссалар мен миғражнаманы аудио кітапқа
айналдырмаймыз?
– Өй оның бас ауруы көп. Бір кітапты ең кемі екі апта оқисың. Супер
студия болу керек. Мына жүрісте оған шама жоқ,-дедім.
– Мен бәрін табам. Сен тек келіс.
– Әй оған арнайы әртіс жалдау керек.
– Жоқ, Сәке, ондай сылтау жарамайды. Өзің оқисың. Қазір елдің көбі
ақпаратты оқып емес, құлақпен тыңдап алады. Сондықтан мына шаруаны тез тындыру керек. Созып жүргенде не сен, не мен өліп қалуым мүмкін. Өлім айтып келмейді. Ажалға үнемі дайын жүру керек. Бір істеп тастасақ мәңгіге қалады. Рақатын ұрпақ көреді. Сондықтан дені-басымыз сау кезде мына шаруаны шұғыл бітірейік, – деп мені көндірді. Арада апта өтер-өтпес үйге келді.
– Ал, дайынсың ба? Студия әзір. Сені күтіп тұр. Шарты мынау: екі апта
сол жақта дыбыс режиссерінің үйінде жатасың. Отбасыңның бүкіл ішіп -жемі мен шығынын өз мойныма алам. Қиссаларды түгел оқып шықсаң болды,-деді де мені алып кетті. Екі сағаттан соң Тұздыбастаудағы үлкен үйдің ауласынан бір-ақ шықтық.
– Дяд Аман! Міне қиссашыны алып келдім,-деп мені қақпаны ашқан
Амангелді ағамен таныстырып жатыр. Сосын үйді аралап көрсетті. Екінші қабаттың бір бөлмесі студия екен. Дыбыс жазатын су жаңа аппараттың жеті атасы сыңғырлап тұр. – Ал, мынау жататын бөлмең. Қарның ашса төменге түсіп ас-суыңды дайындап өзің іше бересің. Шаруа толық бітпей үйіңе қайту жоқ. Ұқтыңыз ба, Сәке!
– Иә, ұқтым,-дедім де сол жерде қалдым. Бейсен ішім-жемнің жеті
атасын ас үйге үйіп төкті де кетіп қалды. Осылайша мен екі қабатта үлкен үйде екі апта «қамауда» жаттым. Аман аға кешке жұмыстан келеді де маған кітапты оқытады. (ол кезде бойдақ еді. Қазір әйелі, екі ұлы бар) Даусымның тембірі кетіп, шиқылдай бастаса дереу тоқтата қояды. Осылайша 15 күн дегенде «Қисса сүл-әнбия» мен «Миғражнаманы» оқып бітірдім. Біттік деп Бейсенге хабар бердік. Ертесіне ол көңілді оралды:
– Бұл тарихи сәт! Мұны ресторанда атап өту керек. Большевиктер
жойған рухани мұрамызды мәңгіліктің сандығына аман-есен салдық. Енді оларды интернет заманында сайтан да жоя алмайды. Кеттік кафеге,-деді қуанып. Осылайша «САНЖАК» деген түріктің ресторанына алып барды. Үшеуміз отырып тойладық. Арада екі ай өтті.
– Алло! Сәке үйдесің бе?
– Иә!
– Онда тысқа шық. Келіп қалдым. Қиссанның көкесін енді мен
тыңдатайын саған,-деді Бейсен. Тысқа шықтым. Машина пыс етіп тоқтады. Шаттанып отыр екен. Амандастық. Тойотасының есігін ашып, кел қасыма отыр. Тыңда мына кәрәматты,- деп дискіні алды да мафонның астына сүңгітіп жіберді. Адамның бүкіл ой-санасын ғайыпқа жұлып әкететін құдіретті бір әуен ойнай жөнелді. О тоба! О, Құданың құдіреті! Лә иләһа илла Алла! Өз даусымды өзім танымай қалдым. Аман аға спец эффектінің жеті атасын өте шебер қолданыпты. Сапасын кинодан бетер қылған. Тұп-тұнық дыбыс. Темаға қарай құбылып тұрған неше түрлі маңызды әуен. Арқа басың жыбырлап кетеді.
– Ал, не дейсің енді, батыр?! Ризасың ба?
– Дән ризамын, Бейсеке!
– Одан бөлек 200 дискіге көбейтіп, қаржысын төлеп, бір дорбасын ала
келдім. Мә, мынау сенікі,-деп бір пакет дискіні ұстатты. – Сыйға таратсың ба, әлде сатып пұл қыласың ба өзің білесің. Ең бастысы мен миссиямды аяғына дейін атқарып шықтым. Енді мұны тарату сенің міндетің,-деді жүзі бал-бұл жайнап. Сол күні ет асып, үйде өзіміз аудиокітапты жудық. Қазір бұл өнімдер ТЕЛЕГРАМ каналында тұнып тұр. Кез келген адам тегін тыңдап, қаласа тегін көшіріп ала алады. Тыңдаған жанның жан-жүрегі құндылыққа толып, көкірегі хикметпен байып шыға келеді. Каналға тіркелген мың-мыңдаған кісілер осы үшін бізге сансыз алғыс жолдап жатыр. Бірақ олар осы рақат пен нығметке Бейсеннің жанкешті еңбегінің арқысында қол жеткізгендерін қайдан білсін?!

УАҚЫТТЫ ЖЕҢГЕН БЕЙСЕН

Философияда ең қызық тақырыптың бірі – Адам Болмысы мен Уақыт факторының бір бірімен байланысы. Жауапкершілік алмайтын қорқақ адамның болмысы онтологиялық уақыттың түрмесінде тұсауланып тұрады. Яғни, жан-жануар мен шөп-өсімдікке берілген табиғи уақытқа тәуелді боп қалады. Ондай кезде 24 сағаттық тәулік адамды жан-жағынан сығып, еш нәрсеге үлгертпей әбден діңкелетеді. Бастаған ісін аяғына дейін тындыра алмай пенде пақыр шашылып қалады. Ал, саналы түрде тарих алдында жауапкершілік арқалаған адам онтологиялық уақыттың құрсауын бұзып, параллел жатқан феномендік уақыттың ішіне енеді. Болмыс феномендік уақыттың ішінде ашылғанда 24 сағаттық тәулікті керіп уақытты созып жібереді. Мұны уақыттың ішіндегі уақыт деп те айтады. Бейсен тура солай істеген адам. Ол бір тәуліктен үш тәулік, бір жылдан бірнеше жыл жасап алған таңғажайып тұлға. (Мысалы миғражға ұшқан пайғамбар сияқты) Менің осы ойыма бір де бір таныс қазақ қарсы дау айта алмас еді. Себебі ол сияқты қисапсыз шаруаны қатар атқарған адамды әлі ешкім көрген жоқ. Өзі Жетісу арнасының білдей бастығы. Оның мың-миллион қол қоятын қағазы бар. Сонымен бірге аптасына бақандай бес рет Айтуға оңайды жүргізеді. Оның қандай күрделі жұмыс екенін редакторлар өте жақсы біледі. Талдықорған мен Алматының арасы 300 км. Ол осы аралықты ары-бері күн сайын кесіп өтіп, екі каналға қатар қызмет етеді. «Қазақстан Барысы» деген жарысқа одан басқа жүргізуші жарамады. Одан бөлек елдің ішінде атқарып жатқан лента қию, кездесу, интервью, семинар, тағысын-тағы толып жатқан қисапсыз шаруасы және бар. Тап-таза логикаға салып, тұп-тұнық рационалды таныммен қарасаң Бейсеннің мұншама жұмысты қатар атқаруы мүмкін емес. Ол ол ма, мына қызыққа қараңыз. Саят аға қамауда жатқанда ол кісінің үлкен ұлымен танысып, отбасымен жақын туыстай араласып кетті. Болмаса Саят ағаны өмірінде көрмеген. 2015 жылы күзде ағаның үлкен ұлы үйленетін болды. Құдалыққа баратын беделді кісілер іріктелді. Сол кезде Бейсен «Құдалықты өзім бастап барам. Келінді өзім түсірем» деп ұйымдастыру ісіне белсенді араласты. Сол кезде бір нәрсеге қайран қалып едік. Альтруистік мінезіне емес. Оған үйреніп кеттік қой. Бұл бала мына құдалық пен тойға қалай уақыт жеткізіп жатыр? Себебі Жетісудағы жұмысы да, Айтуға оңайы да қатар айналып жатыр еді. Ол екі жақтың да тойы мен құдалығына бастан-аяқ қатысып, тойды тарқатып, құдаларды риза қылып қайтарып, сосын барып үйне оралды. Жі:іттер «осы біздің Бейсен бір уақытта бірнеше жерден көрінуге қабілетті кереметті әулие емес пе?» деп әзілдеуші еді. Бұл менің өзім куә болған бір ғана оқиға. Ал Айтуға оңайдың ішінде мұндай оқиғаның нешесі айналып жатты. Кейде жағдайы жоқ кейіпкерлерін үйлендіріп, қалың малын жабуға атсалысып, құдалығына өзі қатысып кете беретін оқиғасы өз алдына бөлек әңгіме. Осыншама қыруар шаруаны атқаруға 49 жыл ғұмыр жете ме? Ақылға салып қарасаң ол бар жоғы 49-ақ жыл ғұмыр кешті. Атқарған ісіне қарасаң 490 жыл өмір сүрген адам сияқты. Онтологиялық уақытты сағыз сияқты созып ойнаған бұл адам расымен де кім болғаны сонда?

ЖАУАП ТАБЫЛДЫ

Дін алаңында «пайғамбарлар неге философ болмайды?» деген сұрақ бар. Бұл сұрақты көбіне атеистер қояды. Олар пайғамбар мен грек ойшылдарын салыстырып: «ақылды адам деп пайғамбарды емес грек ойшылдарын айту керек! Бүкіл философиялық категорияларды солар жасап шықты. Ал пайғамбарлар тек жамағат жинап, уағыз айтты. Өркениетке түк те үлес қосқан жоқ» деп батыл пікір білдіреді. Бұл сұраққа діншілдер де өз уәждерін айтып тартысып жатады. Бейсен дүние салған соң осы сұрақтың жауабы табылды. Оның туған інісі универде философиядан сабақ береді. Бірақ өзі философияға аса қатты қызықпайды. Кейбір субъективті ойтолғауына қарап, күліп те аламыз. «Әй, сендер маған күлмеңдер. Өздерің Франклды оқып алғалы тіпті мені менсінбеуге көшіпсіңдер. Мен енді ойды солай толғаймын» деп қойып әңгімесін соға береді. Әлгі құйтырқы сұраққа біздің Бейсен бірінші мағыналы өмірімен, екінші ғибратты өлімімен тамаша жауап берді. Ол құрғақ термин жаттап, жансыз ой толғап, ақылды көрінуге тырысатын жасанды жолды таңдамады. Ол «бүкіл адам баласын бауырым» деп құшағына басатын МЕЙІРІМ мен МАХАББАТТЫҢ сара жолын саналы түрде таңдады. Рухани әлемінен бауырмалдық сезімін тоқтаусыз өндіруге бел байлады. Жан-жүрегіне жеккөру сезімін жолатпауға барын салды. Кісі баласын діни ұстанымына, саяси көзқарасына, таңдаған өнеріне қарап алалаудан аулақ болды. Қас тақуалар сияқты ішіндегі осы мейірім мақамын ұстап тұруға өмірін арнады. Мұндай адамдар пайғамбарлар салған ізгілік соқпағына тез түседі. Пайғамбарлар философиямен шұғылданбайды. Олар философияның тууына алғышарт дайындайды. Мұндай ізгі жолға ілуде біреу иә түседі, иә түспейді. Түссе ол кісі қоғамды қопарып жібереді. Қазір де қараңыз. Бүкіл оқу орындарында қаншама адам философияны оқып түрлі терминді жаттап, ой ойнатып, сөз аунатып әуре. (мәдени өнім бермейтін импотент интеллектуализіммен айналысатын білгіштер айналамда өріп жүр) Солардың қоғамға ықпалы мен Бейсеннің ықпалын таразының басына салып ойша тартып көріңіз. Жауабын өзіңіз табасыз. Бейсен кеткенде не болды? Қазаға қайғырмаған қазақ қалды ма? Бәрінің іші опырылып түскендей мәңгіріп отырып қалды. Себебі, бүкіл халық бейсаналы түрде Бейсенді арқа тұтып, келешекке үмітпен көз тастаушы еді. Мұндай рухани биіктікті бағындырған адамға сұлу философияның не керегі бар? Міне, біз Бейсен сияқты бола алмадық. Жүрегіміз суық, мінезіміз қатты, құшағымыз тар. Ендігі жерде мұндай таңғажайып адамның өмірін талдап, таңдаулары мен шешімдеріне қарап: «болмыс, онтология, феномен» деп пәлсапа соққаннан басқа қолымыздан не келеді?

БЕЙСЕННІҢ СҮНДЕТІ

Бейсен «Отбасы хрестоматиясының» көрінбейтін мүшесіне айналды. Осы жобаны жарыққа шығару жолында барын да, малын да аямады. Тіпті қасымдағы нөкерлерім түрлі кедергіге ұшырағанда пессимизмге салынып, жігері мұқалатын. Сол кезде оларды шарыққа салғандай аяусыз қайрап, дем арасында өткір қалпына қайта келтіретін. «Кейінгі ұрпаққа осы істерің ғана шырақ болып сақталады. Қалғаны өткінші. Шегінбеңдер. Бұ кітаптар сендерге екі дүниеде визитный карточка қызметін атқарады» деп қамшылайды. Сосын әр кітап жарыққа шыққанда ресторанға шақырып, кішігірім той жасап беруді салтына енгізді. Сосын 200-300 кітапты багажына салып алып, кітап сатып алуға жағдайы жоқ ақжүрек кедейлерге оларды жыл он екі ай тегін таратып содан рухани рақат алады. Осы әдетінен төсек тартып жатып қалғанша жаңылмады. 2020 жылдың қаңтарында шыққан «Экософия» кітабына ғана араласа алмады. Сәл түзеліп тұрып кеткенде оны да салтанатпен атап өтіп, мұқтаждарға тегін тарататын сүндетін қайтадан қолға алушы еді.

ТӘҢІР ЖОЛЫ – АҚЖҮРЕК

Мұсылманшылықта «пайғамбар сүндеті» деген түсінік бар. Дінге ұйыған момын бүкіл өмірінде пайғамбарға еліктеп, ісін де, сөзін де Расулдың амалына ұқсатуға барын салып бағады. Сүндет ұғымы ашыла түсу үшін «Миғраж оқиғасындағы» мынадай детальді мысалға аламыз. Алланың елшісі Тәңірі тағаланың дәргейіне қонаққа барады. Ұлық Алла:
– Әзиз досым, маған қандай сыйлық әкелдің? – деді. Пайғамбар:
– Иә, Алла!!! Дүниеден ұлықтығыңа лайық ештеңе таппадым. Өзімнің жан жүрегімді алып келдім, – деп жауап берді. Алла тағала:
– Менің де күткен сыйым – осы. Таза жүрек, кіршіксіз көңіл, кең пейіл – Мен үшін ең үлкен сый, – деді.
Сиярдағы осы аңызды шын деп сенсек, о жақта барлық момынды осындай сұрақ күтіп тұр. Әр момынның құлшылығы мини-миғраж есебі. Хадисте де: Намаз-момынның миғражы деген. Егер о жақта да Бейсенге дәл осындай сұрақ қойылатын болса ол да сүндетке сәйкес: «Уа, Тәңірім! Таза жүрегімді, кіршіксіз көңілімді, кең пейілімді ғана ала келдім» деп жауап беруге толық ақылы деп ойлаймын. Себебі Бейсен Шәкәрімнің:
Тәңір жолы – АҚЖҮРЕК,
Сайтан деген – қиянат.
Ақжүректі ертерек
Ескер дағы қыл әдет! – деген өсиетін өмірлік ұстаным етіп алған еді.

СОҢҒЫ СӨЗ

Бейсеннің жамбасы жерге тигенде қабір басында бола алмадым. Мыңдаған ақжүрек адам карантиннің кесірінен оны соңғы сапарға шығарып сала алмады. Топырақ салу көп адамға бұйырмады. Бірақ осы кедергі көңіліме дық салмады. Неге? Жауабын Хазреті Мәулана Румиден табасыз. Ол: Құдайдың достары өмірден өткен соң, олардың моласын қабірстаннан іздеп әуре болмаңдар. Олар ақжүрек момындардың көңіліне жерленеді, – деген еді. ӘУЛИЕ Руми рас айтады. Бейсеннің моласын іздеп керек емес. Ол Қазақ ЕЛІНДЕГІ миллиондаған момынның кіршіксіз көңіліне барып орнықты. Мұндай мекенде оның қабірі саламат сақталады. Болмысы ешқашан жоғалмайды. Тәуелсіз Қазақстанның соңғы 30 жыл тарихында елдің мұндай әзиз құрметіне әзірге Бейсен ғана лайық боп қалды.

Естелік авторы: Санжар Керімбай.

Осы айдарда

Back to top button