Қоғам және бізТаңдаулы

ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС, ҮЙРЕТУДЕН БАЛАҒА

Мұғалім мінбері

«Бүгінгі сабақтың тақырыбы: Зат есім. Тақтаға қарап, бүгінгі күнді, тақырыпты жазып алыңдар», — деп, ауладағы кішкентай балаларды жинап алып, темір гараждың бір шетін тақта қылып, бала күнімде мектеп ойнатынмын.  90 жылдары бізге үлгі боларлық адамдар болса, ол ұстаздарымыз еді. Бастауыш мектепте сабақ берген Сәуле апайымның әр қимылын, сөзін қайталап, бала күннен бүлдіршіндерді оқытуға кірістім. Сәуле ұстазымның мейірімі, оқушыларына деген жанашырлығы, әрқайсымызды алтындарым деуі маған әсер етпей қоймады.

Бойжете келе армандар ауысып, журналист, адвокат, әсери қызметкер, есепші боламын деп мың құбылдым. Жалпы мектепте оқушының өзі, ата-анасы білмейтін қабілеттерді ұстаздары ашады. «Бұлақ көрсең, көзін аш», — демекші, мұғалімдерім мені талай бәйгеге қосып, түрлі қабілеттерімді аша түсті. Алғашқы әскери дайындықтан сабақ беретін ағайымыз сапта жүру және ән айту сайыстарына қатыстырып, күллі сыныптың бойында патриоттық сезімді дарытқанда – бәріміз еліміздің тәуелсіздігін қорғар әскери адам болуға бел буынған едік. Газет беттеріне мақала жазып, журналист болам дегенде, тарих пәнінен сабақ берген Зухра ұстазымның заң саласындғы айтқан ақпараттары менің адвокат болуға деген құлшынысымды оятты. Ұстаздарым оқушыларына сабақ беріп, жаңа нәрсені үйретуден еш жалыққан емес.

Алайда қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Қуаныш апайымның әр іс-шараға қатыстырып, өлең шығартып, әдебиет әлеміне жол сілтегені, қазақ тілінен олимпиадаға қатыстырып, ана тіліме деген құрметімді арттырғаны менің дұрыс таңдау жасауыма септігін тигізді. Неге дұрыс таңдау? Себебі қазақ тілінің мұғалімі ретінде тек пәнді меңгерте қана қоймай, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолында қызмет етіп келе жатқанымды мақтан тұтамын.

Осыдан 15 жыл бұрын оқушы кезімдегі талай шығармамның тақырыбына тиек болған мемлекеттік тілдің дәрежесі, қолданылуы сынды мәселелер бүгінде күн тәртібінен түспей келеді.

Неге?

Ұстаздардың тілді үйрету әдістері тиімсіз бе?

Қоғамда мемлекеттік тілге деген қажеттілік жоқ па?

Заң әлсіз бе?

Сұрақтар көп, жауаптары да берілген. Бірақ нәтиже жоқ.

Неге?

Себебі, тілді үйреткенмен, сананы түзету қиын. Мемлекеттік тіл үйренумен ғана шектелмейді, ол мемлекеттік идеологиямен тікелей байланысты. Яғни,  тіл — нақты идеологиялық құрал болу керек. Оны ұлтшылдықпен шатастырудың қажеті жоқ.

«Ұстаздар қазақ тілін дұрыс үйретпейді, құзіреттері жетпейді, тиімді әдістеме жоқ», — дейітіндер де бар. Тегін мектепте берілетін сабақты оқығысы келмейтін баланы ұрып оқытамыз ба?  «Мемлекеттік тіл менің алдағы болашағыма еш қажеті жоқ», — деген оқушының сөзін естігенде баз кешіп кеткің келеді. Ащы да болса, шындық. Қазақ тіліне қатысты ұранды сөздерді айтқаннан, нақты қарапайым көзге көрінбейтін механизмдерді іске қосу керек сияқты.Мәселен, элита баратын «Сәтті» ресторанында  жұмысшылар тек қазақ тілінде қызмет көрсетеді. Бұл тікелей ресторан басшысының талабы. Бұл әрбір азаматтың өз деңгейінде бизнесінде, қызметінде қазақ тілінің көркеюіне үлес қоса алады деген сөз. Яғни, бас қатырғысы келмейтіндер көп.

Қазіргі қоғамдағы: «Ағылшын тілін білмесең, бәсекеге қабілетті маман болмайсың», —  деген түсінік мектептегі сабақта ғана емес, қосымша ақша беріп, ағылшын тілі мұғалімін қуып жүріп ағылшын тілін үйренуге әкеп отыр. Сонда ағылшынның орнына қазақ тілін қойып айта алмаймыз ба?  Айта алмаймыз, себебі қажеттілік жоқ.

Қазақ тілін оқушыларға үйретуде ешқашан жалыққан емеспін. Алайда кейбір факторлар мемлекеттік тілдің өз деңгейінде қолданылуына кедергі келтіріп отырғаны анық. Басты фактор – мемлекеттік тілге деген қажеттіліктің жоқығы. Қажеттілік туындамай, іс өнбейді, тіл дамымайды. Бірақ қол қусырып отырудан аулақпын. Десе де, қазақ тілін меңгерту жолында аянбай еңбек етуге дайынмын.

 

№27 мектеп-лицейінің

қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Хамитова Айгерим Тауасаровна,

Нұр-Сұлтан  қаласы

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close