Гүлжазым

ҚАЛҚАН ҚАРУЫМ, ЖАН ДӘРУІМ – ЖАЗУ!

Қарапайым өмірде жазуды қажет етпейтін жандар болса, ол – ұлкен өкініш…

Себебі жазудың адам үшін маңызы өте зор, десек те осы мәселеге мән бермей, керек етпейтінімізге қынжылу керек. Жаңа бір Айымның: «шабытым келмесе жаза алмайды екенмін…» дегенін оқып қалдым. Тап солай…. Құр жазу керек екен деп, жаза салу да мүмкін емес. Иә, адамның қалқаны мен қаруы, қиналған шақта жанының дәруі – ой, соның қағаз бетіне төгіліп түскені – жазу. Олай болса, ойымның мән мағынасын ашып қарасақ…
Алысқа бармай ақ, өзімнің өміріме сүйеніп айтар болсам, жазу – қасиет пен киеге толы құбылыс. Бұрынғы кездерде мектеп баласын күнделік жазуға міндеттейтін. Алайда жазудың маңыздылығы туралы басын ашып айта қоймағандықтан ба, мен соған еш қызықпадым. Бірақ апай қабырға газетін шығаруға материал таппай қиналса, мен мойныма алып жазып келемін. Тақырыпқа қажет өлең қажет десе ізденіп, ойдан шығарып жазып беремін. Қуанып кеткен мұғалімім (биология пәні маманы) енді аннан мыннан алып сценарий құрастырмай, қалай болу керегін айтып,қара сөзбен, өлең сөзбен тұтас шараның жүргізілу сценарийін жазғызып алатын болды. Мен де іздене жүремін, бұрын көркем әдебиет оқысам, енді танымдық әдебиеттерге көштім. Жазу деген түк қиын болмады. Тек жоспар құруды білмедім. 5-сыныптан басталған жазғыштықтың жоспармен нақты болатынын тек 10-сыныпта түйсіндім.
9-сыныпта дос қызыма бір хат бердім (өкінішке орай, ол жоғалтып алыпты). Ол өз өміріме қатысты хат еді, болашаққа хат. Сол күні қой кезегіне бардым (әкем миына қан кетіп, ауырып қалған, қыз да болсам, шаруашылық мойнымда). Суық күнде мал баққаным емес, кинодан қалғаным жаныма аяздай батып барады. Жаураған соң, аттан түсіп, кішкене жүгіріп алып, қайта мінбек болғам. Алайда жаураған қолдарым икемге келмей атқа ебедейсіз қылық жасадым ба, көлігім мені бір тепті де қашып кетті. Суық күнде, айдалада қалдым малмен бірге жаяулап… Солай төрт бес сағат өтті, ауыл клубының дыбыс күшейткішінен киноның желісін тыңдап қоямын. Ауылға қарай малды қайырыпкелемін,алдымнан түсі суық, есек мінген ақсақал шықты, жетегінде менің атым. Түрі сұсты, қорқып кеттім. «Сенікі ме?» дегендей ым қақты, басымды изедім. Түсіп, менің мінуіме көмектесті де, кетіп қалды (кейін білдім Ахмет деген шешен екен). Ел малын бөліп алды, үйге келіп, малдарды жайғаған соң, ұйықтап қаппын. Түн ортасында оянып кеттім, ертеңгі сабаққа дайындалу керек. Бүгінгі қиындықты ойлап едім, «болашағым қалай болар екен?» деген сұрақ қылаң берді. Сонан «Болашағыма» хат жазып, бар ойымды жиып, үш сұрақ қойдым: бірі – болашақтың қандай болатыны, екіншісі – менің жеке өмірім қалай қалыптасатыны, үшіншісі – мен отыз қырық жылдан кейін тап осы күні не істеп жататыным жайлы… Ертеңіне Гүлшатқа тапсырдым. Кездескенде сұрап жүремін, менде дейді… Тек осы бес алты жыл төңірегінде ғана жоғалтқанын айтты. Шамамен үш сұрақты білемін, кейінгісін ұмытқанмын.

Сонымен, болашақ біз көргендей болды: жауап бар. Жеке өмірім де Аллаға сансыз шүкір айтарлық. Ал үшіншісі….

Мұғалім болған соң – жазасың! Жазудан кенде болмадық. Жазғышгүл ретінде мектеп сценарий жазуға аудан сценарий мен шаралардағы әкім сөзін жазуға қолданды. Бір күні бір жерде бір келіншек маған: «Сен көп жазу жазатын жерге жұмысқа барасың» дегені. Үш күн күлдім. Мына жазып жүргенім аздай… Әлгі қыз айтқан жер баспахана болып шықты, мен оқулықтар жаздым, көп тым көп.
Үшінші сұрақ жауапсыз қалды. 2019 жылы 17 нен 18 ші қаңтарға қараған түні, әлгі оқиғадан тура қырық жыл өткен түнім, атақты бір жанның кітабын аударған түнім, соңғы парақтар. Күнделіктерінің соңғы беттері… Таңғалдым, таңғалмасқа шара жоқ….Оқиға болған күн де, жазып отырған кезім де, хатқа жазған үшінші сұрақ та бір күнге келіп тұр. Ұмытылған сұрақ еске түсті: тоғызыншы сыныпта жүрегім тарсылдап: «отыз қырық жылға жетем бе, жетсем сол күні не болады екен?» деген сауалдың жауабы берілді. Тура қырық жыл өткенде мен осындай іс жасап отыр екенмін… Бәрі де жазудың арқасы: жазылып сұрақ берілді, жаза отырып, жауап алынды…

Қорыта келе айтарым, жазу – қасиетті дүние. Жазған кезде ерекше құбылыстар орын алады. Жазған адамның еңбегі мәңгі қалады. Жазған адам өз еңбегін қалқан да, қару да етеді, жазу – тәннің де, жанның да дәруі. Жазыңыздар, жоұ дегенде өзіңіз туралы жазыңыз, ол да болашақта керек болады. Жазу із түзсіз кетпейді.

АЙСҰЛУ ҚАСЫМБЕК,

ҚҰРМЕТТІ ҰСТАЗ

P.S Гүлжаз Қарыбектің жазу өнері курсы негізінде жазылды.

Осы айдарда

Back to top button