ТаңдаулыТүркі жұртында

ТАҒДЫР

Әңгіме

Жаздың жаймашуақ күндерінің бірі болатын. Университет студенттері барлық емтихандарын тапсырып, демалысқа шыққалы жатқан, тіпті мемлекеттік емтихандардың өзін де. Яғни, әркім өз болашақ тағдыры жайлы толғанып, азды-көпті жоспар құра бастаған шақ. Араларында замананың тамырын тап баса білетіндері де аз емес еді: міне солар қаладағы тірліктерін «реттестіріп» те үлгерген. Әйтсе де ондай пысықайлар достарынан жұмыс орнын жасыруға мәжбүр болды. Лаж жоқ, біреу болмаса біреуі мұндай «әділетсіздікке» төзе алмай, тиісті жерлерге шағымдануы да мүмкін ғой… Сондықтан барынша сақ болған жөн…

Ал, Рауфтың жөні алабөтен. Тұтас университет бойыншаайтуға тұрарлық ең ғажап студенттердің бірі еді. Бес жылғы оқуын кілең үздік бағаға бітірді.  Өзі Бакудың тумасы болатын. Бірақ соған қарамастан, техникалық факультет деканатына барып, өзін шалғай аудандардың біріне жіберуін сұраған жалғыз түлек сол ғана болған шығар, сірә. Оқырман көкейінде «Рауфтің «көкесі» болған жоқ па, неге ол ендеше өз болашағын сол кезден қамданбады?» деген сұрақ тумасын. Бәрі сіз ойлағандай емес. Оның ата-анасы, тіпті бүкіл әулеті шеттерінен қызметкер, ауқатты адамдар еді.  Мәселе жігіттің өзінің өзгеше ойлылығында болып тұр емес пе?!. Рауф өмірдің қиындықтарын көріп, қарапайым адамдардың кебін киіп көргісі келді. Бар болғаны сол ғана. Негізінен ол кез келген жұмысты дөңгелетіп әкете алатын еңбекқор жан: бала кезінен шалбарын өзі үтіктеп, жалпы нендей мәселені болсын өз күшімен шешкенді жақсы көріп өсті. Яғни, оның үлкен өмірдің есігін де солайша өз бетінше қағып көруді ұйғаруы заңдылық секілді көрінді. Міне, оның шалғай өңірге сұранғаны да сол болатын.

Рауфтың ерекше бір қасиеті — көркем әдебиет десе, ішкен асын жерге қоятын. Кітап оқығанды жақсы көретіні сонша, өз қатарластары арасында тап ондай кітап тауысқан ешкім жоқ шығар. Оның қаланы тастап, қойнаудағы ауылға сұрануы да өзі оқыған кітаптардағы өмірдің түрлі қиындығына қарсы тұрған кейіпкерлерге ұқсағысы келуінен екені сөзсіз. Меніңше, мінезі сондай қайсар жігіттен басқаша нәрсені күту мүмкін емес шығар.

Әрине, оның өтініші де сол сәтте-ақ қабыл алынды. Деканаттағы жауапты азаматтарға бұл тіпті таптырмас олжа болды десе болғандай. Өйткені жұрт керісінше, ауылдан қашып, қалада қалуға ұмтылатын барынша. Әйтпесе, шынтуайына келгенде астанада жалғыз орын бос болғанның өзінде ол Рауфқа тиесілі болатын. Себебі ол жақсы оқыды, ешқашан тәртіп бұзған емес,  факультетте де оған құрметпен қарамайтын адам жоқ-ты. Әйтсе де, амал нешік, өз қалауы солай болды…

Десе де, тап болған жері Рауфтың көңілінен бірден шықты. Айналасын тау қоршаған ауыл, тас-тасты бойлай аққан өзен күркірі… Таң бозынан оятатын құстардың ғажап әнін айтсаңшы… Қала берді қалың тұманның өзі…  Маңайдағы тіршіліктің бәрі жаңадан келген жігітпен жасырынбақ ойнағысы келгендей… Ал, қалың тұман сол тіршілікпен арадағы шымылдықтың рөлін атқаруды өз мойнына алғандай… Көзге  ештеңе көрінбейді-ау, көрінбейді… Біз сөзбен айтқанда, бәрі керемет.

Тек бір нәрсе ғана болмаса…

Оқып жүргенде Рауф бір қызға өлердей ғашық болып қалды… Қыз да кетәрі еместей көрінді. Әйтсе де, ұялшақтық дейміз бе, әлде жалындаған жас жүректің сол бір жанға келгенде тілі байланып қала ма… жетпей қалды ма…әйтеуір қос ғашық бір-біріне ләм демеген күйі оқуды бітіріп, көзбен қоштасып қала берді… Міне, қайда барса да Рауфты жегідей жеп бара жатқан сол сезім.

Қыздың аты Жәмила еді. Сондай биязы, сөйлеген сөзі мен жүріс-тұрысынан алған тәрбиесі  менмұндалап тұратын керім қызға Рауф та қатты ұнайтын. Жігіт оны сезбеді емес, сезді. Сондықтан өзіне курстағы қанша қыз-қырқын көз салса да, жүрегі тек осы Жәмила деп соғатын. Басқалар да қос ғашықтың жайын білді, себебі соқыр болмаса, басқа адамның арадағы ол сезімді көрмеуі мүмкін емес еді… Алайда Рауф өзіне Жәмиланың қаншалықты қажет екенін тап қазіргідей терең сезініп көрмепті.

Бәлкім, көз көрмес, құлақ естімес жаққа кетіп қалсам, бәрі басылар деп ойлағаннан ба… Әйтсе де, керісінше алыстаған сайын ол сезім бұрынғысынан да күшейіп кеткен тәрізді. «Неліктен бұлай болды?» — деп сұрады ол іштей, бірақ жауап таба алмаған соң шарасыздың күйін кешті…

Солай күндер зулай берді. Көптен күткен демалыс та келіп жетті. Өзі де әрең жүр еді, жұмыстан босаған күннің ертесіне жігіт «астана қайдасың?» деп тартып отырды. Қара шаңыраққа, ата-анасына, әсіресе Жәмиласына деген сағынышын сөзбен жеткізе алмастай…

Әуелі ата-анасының қолқасы, одан кейін өзінің қалауы, содан соң Жәмиланың да лезде келісе кетуі Рауфтың отау құру жоспарын тездетіп жібергендей. Солайша демалыстан кейін жұмыс орнына жігіт жалғыз өзі емес, Жәмиласымен бірге оралды. Ал бұл Рауф арманының орындалғаны емей немене?!.

Жас жұбайлар жаңа өмірдің есігін бірге ашқандарына сондай қуанышты еді. Ендеше, жаңадан құрылған жас отауда бәрі ойдағыдай болуы керектей. Әйтеуір, жастар солай ойлады. Сондай сезімде жүрді… Алайда, бәрі де бір-ақ сәтте өзгеріп сала берді. Осындай бақытты күндердің бірінде ойламаған жерден Жәмиланың халі күрт нашарлады. Жанұшыра ауруханаға жеткізгенде бір-ақ білді, сүйікті жары жазылмас дертке душар болыпты…

Махаббатқа толы қайран күндердің бұлайша тез өте шығарын кім білген. Рауф әрі қарайғы Жәмиласыз өмірін қалай сүрерін тіпті елестете де алмады. Сондықтан ойлана келе, оның шешімін Ұлттық әскер қатарына кетуден тапқандай болды. Әскерден елге оралғанда оның ата-анасы да бұл өмірмен қош айтысқан екен… «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, Жәмиланың күйігі аздай, оған ата-ананың қайғысы да қосылды.

Бірақ, қайғырғанда қайтеді, тірі тіршілігін жасайды емес пе, Рауф ауыр мұңын еңбекпен жазайын деп, астанадағы жоба бюроларының біріне жұмысқа тұрды. Сауатты әрі тәжірибелі  инженер болғандықтан, ұжымға тез сіңіп, көп ұзамай ол ортаның да құрмет-қошеметіне бөленді. Сондықтан ең қиын деген жобаларды оған тапсырды. Тағы біраз уақыттан соң ол негізгі бөлімнің басшысы боп тағайындалды.

Кілең жас қыздар мен келіншектердің ортасында жұмыс істеу оңай болмады. Білім мен тәжірибеден бөлек, мұндай ұжым басшыдан мұқияттылық пен басқарушылық өнерді талап етті. Рауфта бірақ соның бәрі табылғандықтан, қашанда жоба құжаттарын асқан жауапкершілікпен тексеріп, қалт жіберген жерлерін қызметкерлеріне ескерте отырып, кейбіріне кеңес берсе, кейбіріне шешуге өзі көмектесіп те жіберді. Бөлім басқалардан осы жағынан өзгерек болды. Рауфтың қызметі де бюро басшылығы назарынан тыс қалмады. Әйтсе де, әріптестер үшін оның бәрінен бұрын басқа бір нәрсе қызық болды. Ол — «осындай адам қалайша әлі күнге үйленбей сүрбойдақ жүр?» деген сұрақ еді. Жасы анау-мынау емес,  45-ке келген еді өзі де ол шақта. Шынында, осындай білімді әрі көркем мінезді азаматтың жүрегін жаулап алатын бір әйел затының табылмағаны ма, қалай? Бірақ бірде-бір адам бұл сұрақты өзіне тіке қоя алған жоқ.

Бөлімнің әр қызметкерін бейжай қалдырмаған осы сауал соңында ашық талқыға да түсе бастады. Алайда әңгіме осы тақырыпқа келіп тірелген сайын, неге екені белгісіз қызметкерлер Шовкеттің жүзінен бір ерекше құбылысты байқайтын. Басында оған ешкім мән берген жоқ. Бәрі оның қай кезде де өсек-аяңнан бойын аулақ ұстайтынын білетін. Дегенмен көңіл-күйінің кұрт өзгеріп сала беретіні көзге анық көрінетін және қызметтестердің бәрін сол нәрсе қызықтырып сала берді.

Шовкет бөлімде бұрыннан жұмыс істейтін, ұжымды өзінің қарапайымдылығымен, әсіресе адамдарға байыппен қарайтын мінезімен баурап алды. Бюро басшылары да, қатардағы жұмысшылар да оған сол себепті еріксіз «сіз» дейтін. Жұмыстағы жолдастары оның жасынан тек оқуға ғана көңіл бөліп, қарт ата-анасына қарайласып, сондықтан тұрмысқа шықпай қалғанын білетін. Сөйтіп жүріп бір күні ол қалай өзінің жастық шағы өте шығып, 42 жасқа толғанын да аңғармай қалыпты. Бір жағы өзі осы тағдырына көндіккен де секілді. Азаннан кешке дейін жұмыста, қол босаса тек үйіне керек-жарағын алуға базарға ғана бас сұғады, сосын ас үй. Бірсыдырғы өмір ағыны тұрмыстың салтына айналған. Бүгінде басқа өмір оның арманы түгілі, үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін секілді.

Десе де Рауф басшы болып келген күннен бастап, Шовкеттің бойында бір өзгеріс пайда болды. Көңілі біртүрлі алабұртып, баяғыда қалғып кеткен бір сезімдер жылт еткендей болды. Бірақ оған өзі мән бергісі келмеді. «Қойшы, жылт етпе сезім де бір, кімде болмайды дейсің?..» дейтін де қоятын.  Рас, Рауф та өзі секілді жалғыз, өзі секілді ақылды, байсалды еркек. Алайда ол осы жасында отбасын құруға талпынар ма екен? Басқалар не дейді? Өзім ше?… Жоқ, оның да, менің де дәуреніміз өткен. Жо-жоқ, атай көрме… Енді бәрі кеш… Шовкет осылай өзін ақылға жеңдіріп тастайтын, бірақ жүрегі басқа бір нәрсені айтатын.

Бір қызығы, тап осындай ой мен сезім Рауфтың да кеудесін тырналап жатты. Күн сайын жұмысқа асығып тұрады. Оның тек жұмысқа деген қызығушылық қана емесін өзі де іштей сезетін. Жұмыс уақытында Шовкетпен жиі ұшырасып қалатын және ондайда неге екені, жанарын онымен түйістіруден алып қашатын. Көзінің бар сырды жайып салатынынан қорқады екен ғой сөйтсе. Өйткені өзі өмірдің бәрі артта қалды деп ойлайтын. Сондықтан, тіпті қиямет қайым болса да, енді ешкімді сүйе алмаспын деп ойлаушы еді. Жүрек жалғыз, ендеше сезім де өмірде бір-ақ рет оянады деуші еді. Және ол сезім Жәмиламен бірге оянып, сонымен бірге әлдеқашан келмеске кеткен дейтін іштей. Сондықтан ол жайлы мүлдем ойламай, өзін барынша жұмыспен алдандыруға тырысты. Бірақ сөйтсе бәрі бекер екен, Шовкетті көрген сәтте жүрек тұсы шым ете қалды.Сосын ол сезім өзімен өзі оңаша қалған сәтте мұны тауып алатын болды. Және ол күн сайын ұлғая берді, ұлғая берді. Ақыры Рауф кеудесін кернеген ғашықтық сезіміне қарсы тұра алмады.

Әр күн, әр сағат, тіпті әр минут қиынға соқты. Жүрегі атша тулап барады. Ендеше, «мұндай жағдайды тездетіп бір жағына шығармасқа болайды» деді ол бір күні өзіне. Бірақ қайтпек керек? Ең дұрысы Шовкеттің өзіне бұл сезімін айтып салу екенін әрине білді. Әйтсе де, бір нәрседен қатты қорықты. Құпиясын жайып салғанда, қыз бетін қайтарса ше? Рауф сезіміне жауап таба алатынына күмәнді болды. Ондайда тауы шағылып қалмай ма? Бірақ бір жағынан жеңілдеп те қалады ғой. Тым құрыса, өзін ендігәрі бұл сезіммен алдамас еді… Нүктесін қояр еді. Бірақ Рауфтың оған батылы бармады…

Ұйқысыз түндер жігіт ағасының денсаулығына кері әсер етпей қоймады ақыры. Күндердің бір күні бюро басшылығына қоңырау шалып, ауырып тұрғанын айтып, үйде қалуға рұқсат сұрады. Сөйтті де, қалғанын тек бір Аллаға аманаттаған Рауф бір мезгіл тек ұйқысын қандыруды ғана ойлады. Ұйқы да біраз дертке дауа емес пе. Рауф тіпті осы әрекетіне күлімсіреп, мәз болып та алды.

Солай қанша жатқанын білмейді? Бір сағат па, әлде екі ме… Кенет есіктің қоңырауы безектей жөнелді… Шырт ұйқыда жатқан жерінен ұшып тұрған жігіт ағасы аздап басының ауырсынып тұрғанын сезінді… Бірақ «кім болуы мүмкін, кім екен мені іздеп келген?» деп тосылып та қалды. Бір жағынан өзі әрең көз іліндіргенде, ұйқысынан оятып жіберген адамды жақтырыңқырамай босағаға беттеді. Шақырылмай келген қандай қонақ екен, а? Сондай оймен есікті құлықсыздау әрең ашқан Рауф кенет өз көзіне өзі сене алмай тосылды да қалды… Мәссаған, мынау өңі ме, әлде түсі ме? Тіпті сол ойдан көзін қайта-қайта ысқылап та алды… Сасқаннан  есікті ашқанмен, қонағына «кір» деп айтуды да ұмытып, табалдырықта телміртіп қалдырып кетті.

Бір құшақ гүлмен келген Шовкет әуелі не істерін білмей, сілейіп тұрды да қалды. Сосын бар күшін, бар батылдығын жинап:

— Төрлет деп айтуды ұмытып қалғанбысыз? – деді сыңғырлаған даусымен.

Сол сәтте барып түсі емес, бәрі өңінде болып жатқанын шын түсінген жігіт ағасы дірілдеген даусын әрең шығарып:

— Өтінем, кіріңіз!

— Сізді ауырып қалды деді. Уайымдап кеттім де, сосын халіңізді білейін деп келдім. Қалайсыз? – деді ол.

Құдайым-ау, әлемде осынша жағымды, осыншама мейірімді үн болар ма еді, сірә?!.

Рауфтің әлгінде ғана қураған гүлдей құлазып тұрған жүзінде жарқ еткен ұшқын пайда болды. Көңілінде Күн оянды. Шовкеттің келуі Рауфтың өміріне бір-ақ сәтте шуақ шашып үлгерді. Баяғыдан бері қайда жүрді екен бұл…

— Төрлет! – деді тағы да. Келіп тұрған бақыт құсын кім алақанынан ұшырсын… Айқара ашылған есіктен еліктей сұлу қыз ішке ентелей кіріп бара жатты.

Әскеров Фархад Рамизұлы,

Әзербайжан Жазушылар Одағының мүшесі

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close