Қоғам және бізТаңдаулы

ӨЗ ӨМІРІНІҢ СУРЕТШІСІ

Терең тамырлы бәйтерек

ЭССЕ

Қазақстандық қоғамға тұлғалар қажет пе? Әрине, қажет. Тіпті тұлғалардың қажет дәуірі енді туып отыр. Тұлға болмаса өркениетті өмір жоқ. Тұлғаның өз келбеті, тұғыры болады…

Тұлғатану төрт тараптан зерттелуі міндетті. Интернетте Хайрулла Қожабаев туралы жо-жоқ қызметі, зауыт, колледж туралы ақпарат өте көп. Қарапайым оқырман үшін зауыттың бәлен вольттық трансформаторы елең еткізе ме? Әрине, бұл сол саладағы адамдарға қызық болуы мүмкін. Біздің айтпағымыз кейіпкеріміздің Сіз біле бермес бір қыры…

Алдымда тағы бір жаңа тұлға! Жаңа мектеп! Тұлғаны тану! Ол кісі туралы ақпараттарға аз кем көз жүгірте отырып, ой үстінде жүріп алдым… Сұқбатқа қай тараптан түсентінім өзіме де қызық болып тұрғаны. Содан көптен күткен уақыт та таяды. Бекең (Бекжігіт ағайымды айтып отырмын) екеуміз барамыз деп келіскендіктен бір ойым жол бойы Хайрулла ағамыздың «фишкаларын» сұрап алармын дегем. Бірақ қырсыққанда ағай менен бұрын Кентауға жетіп алыпты. Зауыттың алдында Хайрулла ағамызға кірер алдын ғана жолықтық. Қабинетке барар жолда сыбырлап: «Ағай, негізгі қырларын айтсаңызшы» деп қоямын. Ағай да ақылды қулығына басып «өзіңнің сұрақтарыңды қоя бер, сұқбаттың тосыннан өрбігені қызық болады» деді де қойды. Шәкіртін көз алдында әлі де ысылтқысы келетіндей ме қалай өзі?!

Қанша адамның алдынан өттім, кітап жаздым, ысылдым дегеніңмен әр тұлғаға барар жолда, кейіпкеріңнің тереңдігін, биіктігін аңғару үшін қысылып, ойыңды ой торлап, біртүрлі қаймығады екенсің… Тіпті мини стресс аласың десем артық болмас…

Төрт құбылаң тең болса…

Ал, сонымен сұхбатымыз былайша басталды.

– Бірінші мамандығым – суретші, – деп елең еткізді ол кісі мені, –  Алматыдағы Республикалық көркемсурет мектеп интернатында оқыдым. Одан әрі білімімді көркемсурет колледжінде жалғастырдым үш жыл. Соның барлығын да жақсы оқып, «Алтын белгімен» бітірдім. Кейіннен Қазақ көркемсурет Академиясына оқуға түстім. Одан кейін Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінде оқыдым. Екінші мамандығым – мұғалім. Шымкент қаласындағы №15 орыс мектебінде «Изо и черчение» пәнінен екі жыл сабақ бердім.

Мәссаған, өзі шығармашылық адамы болса, қалай өмірін зауытпен ұштастырды екен?!, – деп ойлап үлгергенім жоқ, ағайым әңгімесін әрі жалғастырды.

– Ал үшінші мамандығым – экономист. Алматы қаласындағы Халықаралық Бизнес Университетінің «Қаржы» факультетінің «Қаржы және кредит» мамандығын алдым. Заман талабына қарай, осылай мамандығымды ауыстыруға тура келді. Себебі, мұғалімнің жұмысы ауыр, табысы аз болды. Бизнес саласында жұмыс істеп көрмек болдым. Қазіргі таңда осы таңдауымның жемісін жеп отырған жайым бар.

Енді ғана әлгіндей іштей сұрағыма толық жауап алғандай болдым, Себебі әуелі суретші деген шақта «сурет қайда, зауыт қайда, қарағым?» болып тұрған ойым. Міне, қаржы, экономика деген соң «бәсе, білдей зауыт басқару үшін…» дей бергенімде, ағам мені тағы таң қалдырды. «Төртінші мамандығым басқару бойынша «Басқару менеджменті». Алматыдағы «КИМЭП» те оқыдым. Қарап тұрсам, Хайрулла Қожабаевтың бүкіл өмірі оқумен өткен секілді. Бір басына – төрт мамандық.

Тағы бір таң қалдарғаны, ағамыздың еңбек жолында ерінбей-жалықпай елден ел, жерден жер асып көшпенді өмір кешуі. Бір жыл Қырғызстанда, екі жыл Ресейде, қала берді, екі жылы Ақтөбеде жұмыс істеуге кетсе, қалған өмірі Алматымен байланысты өрбіпті. Алайда ең соңында ол кісі өз жолын өндірістен тапқан. Сондықтан 1998 жылдан бері осы салада тапжылмай жұмыс істеп келеді. Ал өндіріс саласына келуіне түрткі болған адам өзінің туған ағасы Сейдолла болыпты.  Ол ағасы да жай адам емес, «Alageum» компаниясын құрушы, «Кентау Трансформатор зауытының» басты акционері. Елімізге еңбегі сіңіп, экономиканың дамуына сүбелі үлес қосқан азамат. Бір қызығы бірақ, ол кісінің мамандығы да суретші екен. Демек, Қожабаевтар әулеті ең әуелі шығармашылыққа жанықұмар жандар болып тұр ғой.

Айта кету керек, өндіріс орнын басқару оңай шаруа емес. Сейдолла ағамыздың Кентау трансформатор зауыты тізгінін алған жылдар тоқсаныншы жылдар тоқырауының соңғы жақтары болатын.  Соған қарамастан зауытты аяққа тұрғызды.

Хайрулла Қожабаев ағамыздың Алматы қаласындағы «Қазтрансформатор» кәсіпорнында жұмыс істеген тәжірибесі бар еді. «Ол шығынға ұшырап, құлдырағалы тұрған кәсіпорын болатын. Мен соны аяққа тұрғызып, сол жерден өндіріс ашып, жұмыс орнын жетпіс адамға дейін көтердім», – деп еске алады ол жылдарын ағамыздың өзі. Басы қатты басталған алғашқы тәжірибе солайша өз жемісін беріп, кейін келе үлкен кәсіпорынға айналып, қомақты пайда әкеле бастайды. Әрине, ең бастысы абырой әкеледі.

Содан кейін ол кісіге  «Алматы электромеханика зауытын» басқаруға қолқа салады. Себебі кәсіпорын көп шығынға ұшырап, құлдыраудың алдында тұр еді. Алайда өз ісін білетін адамға мұндай нәрсе бұйым болып па, өзіне екінші мәрте артылған сенімді қабыл алып, ұжымды біріктіріп, бұл зауыттың да тасын өрге домалатады. Мінекей, соңында Сейдолла ағасының ұсынысымен Қаратау тәжі Кентауға ат басын бұрады. Бұл 2015 жыл болатын.

– Алғаш Кентауға келген кезде он миллиард теңгенің ғана өнімін шығарып едік. Содан араға төрт жыл салып, былтыр 2019 жылы бұл көрсеткіш 28 миллиард теңгеге жетеді. Бес-алты жылдағы нәтижеміз, жаман емес секілді: өндіріс көлемін арттырдық. Себебі 2015 жылы біз әлем бойынша тек қана бес елге экспортқа шығарсақ, қазіргі таңда елдердің саны 14 мемлекетке жетті. Бұрын экспорттың үлесі он бес пайыз болатын. Ал қазір қырық пайызға жеткізіп отырмыз, – деп тоқталды зауыттың жетістігі жайында Хайрулла Қожабаев.

Әже жүрегінің жылуы!..

Негізі адамның өмірде қандай адам боп қалыптасуы мен нендей жетістікке қол жеткізуі ол отбасында алған тәрбиеге тікелей байланысты. Осы тұста ағамыз өзінің Айжан әжесін сағынышпен және бір сондай балаға тән кіршіксіз сезіммен тебірене еске алды. Өйтпегенде ше? Қазақы дәстүрге сай, туысымен әке-шеше емес, әжесінің бауырына берілген бала немерелерінің арасындағы ең ардақтысы болса керек. Ұлы Абайды Зере қалай өсіріп-жетілдірсе, Айжан әжесі де немерелерінің ішінде осы Хайрулласына ерекше ықыласы ауып, бар білгенін үйретіп өсіреді. Айғайлап ұрыспақ түгілі бір рет те дауыс көтермей, ақырын ғана байыппен ұқтырып түсіндіретін болса керек.

– Қарап тұрсам, бүгінде бізде әжелер институты жоғалып барады екен. Жастардың барлығы қалада, әрқайсысы өз алдына, бөлек-бөлек тұрады. Ал бала үшін ата мен әженің тәрбиесі  бір бөлек. Олардың өмірлік тәжірибесі бар емес пе? Оның үстіне, қолдары да бос. Мен өзім әжемнен көп нәрсе үйрендім. Маған әжем үнемі таза жүріп-тұруды үйретіп, бір нәрсені бүлдіріп қойсам, оны қалай түзетіп, келесі жолы сол қателікті қайталамаудың амалын да айтып отыратын. Мақал-мәтел жаттатып өсірді. Ал, қазақтың бүкіл философиясы сол мақал-мәтелде жатыр емес пе?! Барлық нәрсенің бастауы болады. Адамды ұстап тұратын діңгегі оның алған тәрбиесінде жатыр. Барлық нәрсе тәрбиеден бастау алады. Әжемнің мені таза жүруге үндеген сөздері әлі күнге жадымда. Бертін келе, намаз оқып, Құран, хадистерге көңіл бөле бастадық. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисінде: «Тазалық екі нәрседен тұрады. Ол ішкі және сыртқы тазалық» делінген. Әжемнің сөзімен дөп түсіп тұр. Сондықтан болар, мен әлі күнге дейін, қай жерде жүрсем де сол кісінің тәрбиесін қатты ұстанамын. Мен қалай жүрсем, қарамағымдағы қызметкерлер де солай жүреді. Мен оларға өз білген-түйгенімді айтып, білмегенін үйретуім керек.

 

 

«Берік бітім – батыр болмыс»

немесе Момышұлына ұқсауға тырысу…

Бұл – Хайрулла Қожабаевтай тұлғаның өмірлік ұстанымдарының бірі. Ал, бірлік дегеннің өзі бір адамдай болып, жұмылу дегенді білдіреді емес пе? «Америкалықтар бірінші басшының ұжымға деген ықпалы туралы тәжірибе жасайды. Сол тәжірибеге сүйенсек, басшының ұжымға тигізетін ықпалы алпыс пайыз екен. Сондықтан да кейбір учаскеде жұмыс дұрыс жүрмей жатса, демек, басшысы дұрыс басқара алмай жатыр дегенді білдіреді. Кейін Александр Бектың «Волоколамское шоссе» деген кітабын оқыған кезде осы ойымның дұрыстығына толық көзім жетті», – дейді Хайрулла ағамыз Бауыржан Момышұлының өмірлік көзқарасы өзінің өмірлік ұстанымыммен сәйкес болып шыққанына шаттана, – Ол жердегі әскер жөнінде айтылған нәрселер кәсіпорында да кездеседі. Бізге жұмысқа кірген қызметкерді біз де тәрбиелейміз. Оларды өндіріске, тәртіпке  бейімдеуіміз керек. Ол әбден еркіндікке үйреніп қалған адам. Ал өндірісте еркіндік деген нәрсе аса құпталмайды. Ол жерде барлық нәрсе уақытпен жүреді. Детальдар уақытылы келіп, уақытылы жасалуы керек. Деталь жасалуы үшін оны уақытылы сызу керек. Оны жоспарлау керек, материальдар уақытылы алыну керек. Оған керекті шешім, ақша, басқа да мәселелер уақытылы жүруі керек. Ақшаң болмай қалып, деталің келмей қалса, немесе материалың келмей қалса, деталің шықпай қалады. Деталің болып тұрып, мамандарың болмай қалса да, жұмыс жүрмей қалады. Сондықтан да, барлығы бір-біріне байланып қалған процестер. Мен үнемі айтып отырамын, жақсы маман даярлап шығару үшін үш-бес жыл уақыт кетеді. Ешкім бір жылда дайын маман бола салмайды. Әр мамандықтың өз қыр-сыры болады. Мысалы бізде химиктер де, металистер де, машина жасаушы да, станокшылар да, IT саласының мамандары да жұмыс істейді. Міне, осылардың барлығының басын қосып, бір бағытқа қарай қозғап, реттеп отыру мекеме басшысына жүктеледі. Осындай жүйені құра алса, бизнестегі процестердің барлығын орын-орнына қойып, жүйелі жұмыс істей алса, сол кезде жұмыс нәтижелі болады. Әрине кез келген өндірісте сату жағы бірінші орында тұруы керек. Затты жасап шығару бір бөлек, оны ары қарай тұтынушыға жеткізіп, оның көңілінен шыға білу өз алдына бір мәселе. Көптеген кәсіпорындар осыны ескермей, құлдырауға ұшырайды, – деп тағы бір тоқталды ағамыз.

Мен ол кісіні ұйып тыңдай қалыппын. Бір сәтке алдымда зауыт басшысы емес, бейне қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы отырғандай. Әрине, мен өмірімде Бауыржан атамызды көрген адам емеспін, бірақ маған осы сәт неге екені, қаһарман атамыз дәл осы кісідей болғандай көрініп кетті.

 

Сан – құндақ, сапа – қымбат!

Заман көші… қос робот… сапа белгісі…

Бүгінде қайда барсаңыз да, Кентау трансформатор зауыты жайлы жақсы сөз естімесек, жамандаған адам таппайсыз. Осының өзі көп нәрсені аңғартады. Әрбірден алғанда тіпті бүгінде Кентау десе, жұрт осы бір зауытты қатар ойлайтын халге жетті десем, өтірік емес. Демек, кәсіпорын брендке айналды деген сөз. Ал бренд – сапа белгісі, сапа көрсеткіші болмаған жерде қалыптаспайды. Осының құпиясын іздесек, сөйтсек ол кәсіпорынның тұтынушыны бірінші орынға қоюынан екен.

– Тұтынушыға ең әуелі заттың бағасы тиімді  болуы керек. Тиімді дегенде, ол арзан деген сөз емес, бірақ нарықтағы бәсекелестердің бағасымен салыстырғанда, қалтаға тиімді болуы керек. Әрине, одан бұрын сапалы өнім керек. Алған заты ұзақ мерзімге жарайтын, эксплуатация кезінде қиындық тудырмайтындай болуы керек. Үшіншіден не керек? Затын уақытылы алуы керек. Себебі оның басқа да жұмыстарының уақытылы жүзеге асуы осыған байланысты. Мысалы, май құю бекеті болса, оны тезірек токқа қосуы керек. Жекелеген адамдар үйіне жарықты тезірек қостыру керек. Үлкен зауыттар болса, олар да тезірек іске қосылу керек болады. Сондықтан да біздің мақсатымыз тұтынушының қажеттілігін уақытылы жеткізіп беру. Сол кезде біздің тұтынушылар саны да көбейері сөзсіз. Төртіншіден, тұтынушыға керек нәрсе – сервис қызметі. Оны мен тұтынушымен қарым-қатынас деп атаймын. Немесе кері байланыс десек те болады. Мәселен, тұтынушы бір затты қолданған кезде қандай да бір мәселеге тап болуы мүмкін. Ол мәселеге өндіруші зауыт кінәлі болуы мүмкін. Мысалы бізде бір рет сондай бір ыңғайсыз жағдай болды, жасыратын несі бар. Тұтынушыға трансформаторымызды жіберген едік. Сөйтсек, ол оны күйдіріп жіберіпті. Түгі қалмай, өртеніп кетіпті. Содан олар бізге хабарласып: «Сендердің трансформаторларың өртеніп кетті» деді. «Ол қалай болды екен?» деп, барып тексерсек, олардың жалдаған маманы дұрыс емес екен. Оны қалай дұрыс орнатуды білмейтін болып шықты. Міне, бұл бұдан он шақты жыл бұрын болған оқиға. Қазір біз затымызды әр тұтынушыға жіберген сайын нұсқаулықты жақсылап оқуды тапсырамыз, – деді білікті басшы.

Әңгіменің қызығы әлі алда екен, зауыт таяуда екі робот сатып алыпты. Бір робот дәнекерлеумен айналысады екен. Сонда оның адамнан не артықшылығы бар дейсіз ғой? Мысалы, адам бір трансформаторды сегіз сағат дәнекерлесе, робот небары жиырма-ақ минутта бітірген. Яғни, сегіз сағатта адам бір трансформатор, ал робот жиырма төрт трансформатор дәнекерлейді екен. Әрі жұмыстың сапасы да жоғары болады. Роботтан кейін оны тазалаудың қажеті жоқ. Оны бірден әрлеуге жіберуге болады. Ал адамның жұмысынан кейін оны тазалап, әрлеуге дайындау керек болады. Міне, осындай технологияларды қолдану арқылы біз өнімнің сапасын арттырып жатырмыз. Сондықтан бізге сұраныс өте көп. Дәл қазір төрт айға дейін алдын ала сұраныс жасалып қойылған. Бесінші айға сұранысты қабылдап жатырмыз.   «мен үлгере алмай жатырмын, басқа зауыттарға сұраныс бере беріңіздер» десем, «Жоқ, тек қана осы «Кентау трансформатор зауытының» өнімін аламыз» деп, жан-жақтан хабарласуда. Бір қаланы токпен қамтамасыз ете алатын трансформаторлар да бар. 80 мегаватт 110 киловольтке дейінгі қуатты трансформаторлар бар. Ол дегеніміз бір трансформатор Нұр-Сұлтан қаласына жетеді деген сөз. Екі трансформатор қоямыз. Себебі біреуі күйіп кеткен жағдайда немесе эксплуатация кезінде майын ауыстыру керек болса, барлығы өшіп қалмау үшін екіншісін қосу керек болады.

Тәуір тәлім тазалығы мен теберігі

(Тазалық. Кайдзен жүйесі… Өмірлік өзгеріс…)

2015 жылдан бастап біздің «Кентау трансформатор зауыты» жапонның «Кайдзен» өндірістік басқару жүйесін пайдаланып келеді екен. Ал оның пайдасы не? Біріншіден, сапа, екіншіден тәртіп, үшіншіден тазалық күшейеді екен. Ал Хайрулла Қожабаев үшін тазалық тіпті бірінші орында десек те артықтық етпес еді. Қашан көрсең тап-таза дүкеннен жаңа шыққандай су жаңа киініп жүретін ағамыз сөйтсек тек үсті-басы ғана емес, жалпы айналасынан, өмірден мөлдірлікті іздеп тұрады екен.

– Мен кейде цехтарға арнайы тексеру жүргізіп қайтамын. Терезенің алдында, станоктарда, еденде шаң тұрса, дереу жұмысты тоқтатып, барлығымыз жабылып, сол жерді тазалаймыз. Бұл менің ең басты талабым. Әуелі тазалық болуы керек. Осы зауытқа ең алғаш келген кезде: «Маған ең ауыр, ең лас учаскені беріңдерші» дедім. Ол жерде он сегіз адам жұмыс істейді екен. Барлығын жинап алып, бірінен: «Сіз осы зауытта неше жылдан бері жұмыс істеп келесіз?» деп сұрадым. «42 болды» деді. «Осы жерде ме?» деп сұрадым. «Иә, осы жерге мен 17 жасымда келдім. Содан бері осы жерде істеп жатырмын. Мына станоктың басында тұрмын. Осы жерден үйлендім. Әйелімді де осы жерден таптым» деп, ол кісі мақтанышпен жауап берді. Келесі адамнан сұрадым қанша жылдан бері жұмыс істейтінін. «37 жыл болды» деді ол кісі. Үшіншісінен сұрасам, 10 жыл болыпты жұмыс істеп жатқанына. «Сіздер келгелі осы зауыт осындай лас, шаң-тозаң күйде тұр ма?» деп сұрадым. «Иә, ия» деген жауап естідім. «Сіздердің бүкіл өмірлеріңіз осындай кір-қожалақ жерде өтіп кетіпті. Үйлеріңіз де осындай ма?» деп сұрадым тағы да шыдай алмай. «Жоқ, үйіміз бұндай лас емес» десті олар намыстанып. «Ендеше, неге мына жер лас? Станогыңыздың басы кір-кір? Неге бұлай?» десем, үндемейді. Сосын өзім жауап беруге тура келді. «Өйткені бұл – зауыттікі. Сіздікі емес. Ал бірақ Сіздікі не екенін білесіз бе?  Өмір – Сіздікі! Аллаһ Тағаланың Сізге берген өмірін мына зауыттың қабырғасында өткізіп жатырсыз. Мына кір-қожалақтың арасында жарық дүниеңіз өтіп кетті! Үйіңіз де осындай ма?» дедім. «Жоқ, үйде мұндай емес» деп, қояр емес. «Неге?!» десем, «Үйде әйелім бар. Сол қарайды» дейді. «Дұрыс қой, бірақ мынау – Сіздің екінші үйіңіз ғой! Мейлі, мына кеңсе, станок, зауыттікі болсын! Бірақ осы жерде Сіздің өміріңіз өтіп жатыр ғой! Бұл жер де тап-таза болуы керек! Болды! Біз жылқы мінезді қазақпыз ғой, кір су ішпейтін! Сондықтан да мына жер де айнадай таза болуы керек! Сонда ғана біздің ойымыз да өзгереді, денсаулығымыз да дұрысталады. Ең бастысы, таза жерде ойың да тазарады» деп шорт кестім.

Менің негізгі мамандығым суретші болғандықтан, кейде бірдеңе шимайлауға аңсарым ауып тұрады. Кейде этюднигімді алып, табиғатқа кетіп қалғым келеді. Бірақ мұнда анау айтқандай табиғат та жоқтың қасы. Сондықтан да ғой, менің қазір Праймеризге қатысып, жергілікті әкімдерге де қақсап айтып жүргенім, мұндай тақыр жерде тұра беруге болмайды! Айналаны өзгертуіміз керек! Мысалы, мына зауыттың айналасы да шаң-тозаң, жылқы мен сиырдың тезегінен көрінбейтін. Есіктің алдында қой, сиырлар жайылып жүретін. Көліктерді де қалай болса, солай қойып тастайтын. Ал қазір айналаға тал егіп, көгалдандырып тастадым. Себебі, әсем Алматыдан келген едім. Сонымен шаң-тозаңнан да арылдық.

Осы тұста мен әңгіменің басындағы таң қалысыма қайта оралдым. Оралтқан – ағаның өзі. Суретші адам сурет салатындықтан, ол бәрібір өмірге шығармашылық көзбен қарайды екен. Ол өндірісте жүр ме, жоқ басқа ма, ол жүрген жерінен әсемдікті, сұлулық пен көркемдікті іздеп тұрады. Тіпті сұп сұр жердің өзін түрлі түсті бояумен бояп, өзіне ұнайтын әдемі, ғажап картина салып алады екен. Қала берді, ұнамайтынды өз қолымен өзгертіп, армандаған дүниесін жасап алады. Осындай оймен басқа жаққа кетіп қалсам керек, бір кезде селк етіп оянғандай болдым. Ағамыз арманы мен оны жүзеге асыру туралы әңгімеге көшіпті.

– Ойымдағы дүниелерді сызып қана қоймай, оларды іске асырып та жүрген адаммын. Мысалы, мына жанымызда тұрған «Хантағыны» гүлдендіріп жіберуге болады. Су үзілмейді. Ары қарай не істеуге болады? Ең әуелі ландшафтті дизайнерді шақырту керек. Мүмкін болса, Алматыдан. Ақшасын төлеп, сондай маман алдырту керек. Ол адам бізге бес-он шақырымға дейінгі жердің дизайнын сызып беруі керек. Көп ақша да кете қоймас, бәлкім жиырма миллион кетер. Ең бастысы, әдемі дизайн жасап берсе болды. Тайланд сияқты елдердегідей сарқырамалар, көгалдар, хауыздар жасап тастауға болады. Қолымызда тұрған нәрсе ғой! Он сегіз градус жылылықтағы су да дайын, таудан ағып келіп жатыр. Яғни, қысы-жазы қатпайтын су. Сондықтан, сол жерге жағдай жасап қойсақ, адамдар өздері ақ ағылып келеді емес пе? Ары кетсе, бес-алты жылда бюджеттің ақшасын қайтарып береді. Ал одан кейін де қаншама жыл сол бюджетке қызмет етуге жарайды. Бүкіл ел сол жерге баратын болады. Міне, бұл – бір ғана мысал.

Ал екінші нәрсе, қаланың астына ақырындап су толып келеді. Баяғыда шахта болған ғой. Кейін шахта жабылған соң, қазылған жерлерге кеулеп, су тола бастады. Бұл қала үшін зиянды. Ол суды жердің бетіне шығару керек. Шығарып, қаланың ішімен ағызып жіберу керек. Қаладағы барлық ағаштарды жаңартып, егіп, соларды суарып тұруға пайдалану керек ол суды. Баяғы Кеңес Үкіметі кезінде егілген ағаштар ғой барлығы. Солардың барлығын жаңартатын уақыт келді. Өсімдіктер өсіретін жылыжайларды да жаңарту керек. Өзім Алматыда өстім ғой. Алматыда Весновка, Большая Алматинка деген өзендер бар. Олардың барлығы кішкентай ғана арықтар. Бірақ сол кішкентай арықтарды үлкен өзенге ұқсатып, жасап қойған. Жиналып-жиналып аққан кезде, үлкен өзен сияқты болып көрінеді. Ал бізде ондай арық емес, үлкен өзен ағып жатыр емес пе? Өкініштісі ол өзен жердің үстімен емес, біз тұрып жатқан қаланың астымен ағып жатыр! Және де ол қандай су деңізші, қысы-жазы үзілмейтін, тап-таза су! Міне, сол өзеннен қалаға қарай екі шақырымдық жағалау істеп беріңіздер деп, ұсыныс айтып жатырмын әкімге. Қаланың сыртында осындай жағдай жасалса, халық демалыста бала-шағасын ертіп алып, демалып қайтар еді. Аллаһ Тағала бізге осындай әдемі жерлерді беріп қойған, бірақ біз оның қадіріне жетіп, пайдалана алмай жатырмыз. Міне, мен осы мәселелер бойынша да жұмыс істеймін, – деп түйіндеді ағамыз өз ойын. Мен осы сәтте барып алдымда зауыт басшысы емес, нағыз суретші, нағыз шығармашылық адамы отырғанын көріп, жаным сүйсінді.

Мәуелі ағаш – сәулелі сауап!

(Табиғат жанашыры:  10 жылда  – 5 миллион ағаш!..)

Бұдан кейінгі кезекте, климатты ауыстырмасақ, болмайды. Кентаудың климаты жаман емес, жап-жақсы. Ал мына Түркістанның климаты жайсыз, ыстық. Оған желін қосыңыз. Ең әуелі, халық болып, жиналып, ағаш егу керек. Сол жерде бес жүз мың халық тұрса, соның барлығы ағаш егуі керек. Міндеттемей, халықтың санасын соған жеткізу керек. Қылқан жапырақты ағашты көбірек егу керек. Бес жүз мың адамның әрқайсысы жыл сайын бір-бір ағаш егетін болса, он жылда бес миллион ағаш егіледі екен! Ол жер Бурабайға айналады! Мысалы, Пихта, Қырым шыршасы, кәдімгі шыршаны егуіміз керек. «Бұл жердің табиғатына ондай ағаштар келмейді» деушілер табылар. Ол үшін егетін жердің құнарлылығын арттыру керек. Бір жарым, екі метр тереңдікке дейін құнарлы топырақ салу керек. Одан кейінгі тағы бір ескеретін жәйт, олар аптасына екі рет су ішуі керек. Осылардың барлығын халыққа түсіндіру керек. Қалай егіп, қалай қарау керек екенін. Сосын, ағаштың екі жауы бар. Бала мен ешкі деген. Мен өзім де аулама осындай ағаштарды еккенмін. Жыл сайын егемін, балалар сындырып тастай береді. Мен ерінбей, еге беремін, олар да сындыра береді. Бірақ, өйтіп-бүйтіп, қадағалап, өсірдік сол ағаштарды.

Бірде мен Алматыдағы бір ғылыми конференцияға бардым. Сол жерде Америкалық ғалыммен кездестім. Екеуміз де сол конференцияда лектормыз. Арасындағы кофе-брейкте мен одан: «Сен осы қоршаған ортаны өзгертуге болады деп жатырсың. Біздің Түркістан өте ыстық. Түркістанның ыстығы Марокко, Алжир, Туниспен бірдей. Қатты ыстықта сыртта жүре алмай қаламыз. Ертеңгі күні ол жерге туристтерді алып келеміз дейді. Туристтер шыдамайды ана жерге» дедім. Сонда әлгі ғалым: «Мен Американың шөлейт бір штатына 200 гектар жерге қылқан жапырақты ағаш ектім. Сонда сол жерге жаңбыр көп жауа бастады. Сондай тәжірибе жасап көрдім. Сендерге де солай істеп көру керек» деген ақыл айтты. Біз үшін 200 гектар жер сөз болып па? 200 емес, 5000 гектар жерге ағаш егіп тастау керек! Мен үнемі айтып жүрмін, «Түркістанға зәулім ғимарат салсақ бітті, туристтер ағылып келе береді деген ойдан аулақ болуымыз керек» деп. Жағдай жасалып, климаты өзгермей, ол жерге ешқандай да туристтер келмейді!

 

Ұлық елдің ұлтаны…

(Екі қолға бір күрек іздеп кеткендерді елге қайтару керек)

Осы тұста әңгіме ауанын ағамыз соңғы жылдары жұмыс іздеп, шекара асып кеткен інілеріне бұрды. Қаншама отбасының сол себепті де ажырасып, бала тәрбиесіне кері әсері болып атқанына қынжылды. Осы тұста өз ұсынысын алға тарта кетті.

– Бір «Кентау трансформатор зауыты» бізге жеткіліксіз. Осы қала тұрғындарының отыз пайызы вахталы жұмыс істеп, сандалып, сыртта жүр. Америка, Оңтүстік Корея, Европада жұмыс істеп жүргендерің қаншама. Бәленбай адам Ресейде жұмыс істеп, Тундрада сандалып жүр. Егер осы жерде зауыт, фабрикалар салынса, олар да бұлай сандалмай, өз елінде жұмыс істер еді ғой. Сол бала-шағаның қамы үшін ғой, шет елде безініп, жұмыс іздер кеткені. Кетіп жатқандар Кентаудың адамдары. Түркістандықтар неге кетпейді көбіне. Себебі ауласында тым болмаса, бақшасы бар: соны баптап, сатып, мал бордақылап, күн көреді.

 

Ең қымбат  құндылық…

Ол – тыныштық. Ақша тыныштықты жақсы көреді. Мәселен, Ауғанстанға өмірі ақша бармайды. Неге? Себебі соғыс. Бізге бірде мынадай ұсыныс келді. «Сіздерге, «Alageum» компаниясына Ауғанстанның бүкіл энергетика жүйесін берейік. Соны жасап беріңіздерші, 17 миллиард доллар төлейміз деді! Біз бас тарттық. Өйткені ол жер тұрақсыз. Біз инженерлерімізді ол жаққа қалай жібереміз? Ол жерге он ГЭС салып, бірнеше үлкен трансформаторлар орнату керек. 43 миллион адам өмір сүретін елдің небары 30-ақ пайыз электрмен қамтамасыз етілген. Қала берді, ол жерде ырду-дырду, быт-шыт өмір. Ондай жерге қызметкер жіберу де бір, өлімге итермелеу де бір емес пе? Ешқандай ештеңеге кепілдік жоқ. Сондықтан ең алдымен елімізге тыныштық керек. Жүйе дұрыс жұмыс істеуі керек. Мәселе туындаған сәтте ақ, билік пен халық бірігіп, дер кезінде сол мәселені шешіп тастауы керек.

Тыныштық дегеннен шығады әңгіме, мен өзімнің өмірлік бір ұстанымым бар. Оны әйеліме де айтып қойғанмын. Әйелімнің есімі Ардақ. Біздің екеуміздің арамыздағы нәрсеге үшінші адам араласпауы керек. Бұл қазақи, дала заңы десем де болады. Екі адамның айтқан сырын үшінші адам білмеуі тиіс. Мен онымен ешқашан ұрыспаймын. Себебі, анамның айтқан әңгімесі бар еді. «Балам, мен сенің мінезіңді жақсы білемін. Ертең үйленгеннен кейін мені ұятқа қалдырма. Саған біз барынша тәрбие бердік. Сендер ұрысып-төбелесіп жатсаңдар, балаларыңа зияны тиеді. Соларды ойлаңдар. Барынша сабырлы бол» деп еді маған.

Ал әжем маған қатты ұрса да алмайтын. Бірдеңені бүлдіріп қойсам, шақырып алып, неге олай жасағанымды сұрайтын. Кейде жылап қалатын. Неге жылайды деп ойласам, Мен үш жасар кезімде ол кісінің көзі нашарлап, көрмей қалыпты. Содан алты жыл бойы ол кісіні мен жетектеп жүрген екенмін. Дәретханаға да, басқа жерге де үнемі жетектеп апарады екенмін. «Бір күні кереуетте отырмын. Көзім көрмейді. Бір кезде Хайрулла кірді есіктен. «Апау, апа!» деп, мені іздеп жүр. Мен үндемей отырмын. Шәйға шақырмақшы екен. Іздеп, іздеп, тапаған соң жыларман болды. Сол кезде мен де дыбыс бердім. Мені тауып ала сала, аяғымды сүйіп, қуанғанын көрсеңдер» деген әңгімені жиі айтып отыратын. Ал жылай беретіні, өсіп бара жатқан бізге қарап, өз өмірінің өтіп бара жатқанын ойлайды екен ғой жарықтық…

Өмір мектебін өз бабында бойыма сіңірген қайран асыл әжем, өзіңді әркез іздеймін, сағынамын… Орныңды ешкім де баса алмас… Әттең, өмір-ай деңіз…

Міне, жаңа ғана сөз еткен атағынан ат үркетін кейіпкерім менің алдымда кішірейіп, тең дәрежеде ақтарылып, көзіне жас алды. Бір түйін, менің де тамағыма тас боп түйілді… Бекең «Өй, қосылып жылағандарың не?» деп жұбатқандай боп жатыр. Қайран әжелер институты, қаншама тұлғаны дала қырандары етіп ұшырып жібергендеріңді білмейсіңдер-ау… Сол бір аяулы мектептен, дала заңынан қол үзіп қалдық-ау… Солардың соңғы тұяғы мына менің қарсы алдымда отырғандай…

Тамыры тармақтанып, тереңдеген сайын – алып бәйтерек те асқақтап, биіктей береді. Адамның тағдыры да осыған ұқсас. Тәлім-тәрбиесі кемел, бітім-болмысы берік, кәсіби келбеті көрнекті кісінің қасында осындай орасан сезімде болдым…

Гүлжаз ҚАРЫБЕК,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі,

 Түркістан-Кентау

Жалғасы бар…

 

 

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button