ТаңдаулыТүркі жұртында

ТҮРКІСТАННЫҢ ТӨРІНДЕ – ҰЛЫ АБАЙ мен ФАРАБИ

Қос ескерткіштің де биіктігі – 4 метр, салмағы – 1,5 тонна, тұғыры – 3,5 метр

Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы мен қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына орай, Түркістан қаласында осы қос тұлғаға еңселі ескерткіш қойылды. Салтанатты рәсімге ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты.

Салтанатты рәсімде сөз алған Мемлекеттік хатшы қасиетті қаладағы іс-шараны ұлы даланың ұлағатты тұлғаларына тағзым ету мақсатында атқарылып жатқан игі іске балап:

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Түркістан дербес облыс ретінде өркендеп, тарихи шаһар жасарып, жаңаруда. Түркістан бар қазақтың басын қосып, ел болып бәтуа жасаған тарихи алқап. Осы екі рухани тұлғаға арналған ескерткіштердің рухани астанамыз Түркістанда тұруы әрине заңдылық, әрине қажеттілік. Өйткені бұл ескерткіштер жаңа тәуелсіздік заманында біздің рухани жаңғыруымызға қолдаушы әрі куәгер болады деген үміттен шыққан ниет, шара», –  деген баға берді.

Ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев:  «Біз бұл тойларды Мемлекет басшысы айтқандай, ысырапшылдықпен емес, ынсап пен тәлім-тәрбиенің төңірегінде атап өтудеміз. Бұл – дұрыс шешім. Бүгінгі тұғырға қонған бабаларымыз Абай мен Әбу Насыр әл-Фараби ескерткіштері жаңарған Түркістанның өміршең келбетін қалыптастыруға оң ыңпалын тигізеді деп сенемін», — деп биылғы жылдың еліміз үшін елеулі жылға айналуын тіледі.

Ендеше, бұдан былай Абай Құнанбайұлын көне шаһардағы «Оқушылар сарайы» ғимаратының алдынан, ал Әлемнің «Екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби бейнесін жаңадан бой көтерген «Облыстық драма театр» алдынан көреміз.

Ең қызығы, екі ескерткіштің де авторы бір, ол – белгілі мүсінші Гүлфия Мелдеш. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының мүсіндері монументалды стильде жасалған. Сондықтан болар, қоладан құйылған қос ескерткіштің де биіктігі 4 метр, салмағы 1,5 тонна. 3,5 метрлік тұғырға орнатылған.

«Сарасөз-ақпарат»

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close