Гүлжазым

Сәбит Мұқановты түсіну үшін бір түйеге жүк боларлық тұз жеу керек…

(Қазақ әдебиеті және Сәбит Мұқанов туралы сырласу)

 – Құлбек Сәрсенұлы, әңгімеміздің әлқиссасын  қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың әдеби  мұрасын зерттеуге қалай келгендігіңізден бастасақ…

Бүгінгі таңда әдебиетіміздің өткені туралы көп айтылмайтын боп барады. Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ. Расул Ғамзатовтың бір сөзі бар еді: «егер сен өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атар» деген. Өткен, бүгін және ертең деген мәселелерді ұштаған күйінде бірінен бірін туындатып, өзара сабақтастырып кейінгі ұрпақтың жадына  тұтас  кеңістік   сыйлауымыз керек. Онсыз болмайды. Ахмет Байтұрсынұлы айтпайтын ба еді,  «Бүгін кешенің баласы, ертеңгі күннің атасы» деп. Өткен күнде белгі бар. Өткен тарихты жадымыздан біржолата сызып тастасақ  тарих алдында хас масқара боламыз. Ұрпақ мәңгүрттеніп жүре береді.

Сәбит Мұқанов, менің басты тақырыбым деуге болады. Мен, бұл тақырыпқа қалай келдім?.. Біріншіден, біздің буын, бізге дейінгі буын оқырман  ретінде Сәбит Мұқановқа қарыздар. Өйткені, көзімізді тырнап ашқаннан  Сәбит Мұқановтың шығармаларын оқумен өстік. Сәбең жарықтықтың шығармалары  рухани уызымызға айналған.  Біздің бала кезімізде Сәбит Мұқанов «культке» айналған жазушы еді. Культ дегеніміз – мәдени марапат,  даңқ. Орыстың тәуір ақыны Ярослав Смеляков: «Культ тек жазушыларға ғана жарасады» дейтіні бар. Сталинизм культін әшкерелеген кезде айтқан сөзі. Сәбит Мұқанов шын мәнінде, жазушылықтың эталонына айналған, жазушылықтың культке айналған тұлғасы  болатын. Жазушы   бізше ұлттың көсемі, ұлттың ұстазы  деген ұғымды береді.  Әрине, біздің кезімізде «көсем» сөзін – социализмді құрушы, коммунистік партияны негіздеуші Ленинге ғана айтылды.   Сталинге де айтылған. Саяси тұлғаларға жалған даңқ уақытында дақпыртқа айналады екен де келе-келе қалып қояды екен. Жазушыларға арнап айтылатын «көсемдік» ол да талқыға түседі екен. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы көзі тірі кезінде «ұлт ұстазы» атанған. Әлихан Бөкейханов «ұлт көсемі» атанған. Еміс-еміс көнекөз қариялардан естігенбіз. Сол ұғымдар қазір қайта тіріліп жатыр. Көрдіңіз бе?! Дүние тарих қайталанып тұрады. Мұны  тарих тегершігінің серіппелі қайталануы деп атаймыз. Әлекең Ахаңдар бастаған ұлт  көсемдерін,  ұлттың тұтас  қаймағын сыпырып әкеткеннен кейін біз советтік әдебиетпен ауызданбағанда не істейік, қарағым?! Советтік кезең жазушылары «культке» айналды сол кезде. Әсіресе «культке» айналған жазушы Сәбит Мұқанов!   Жас кезімде Сәбит Мұқановтың зерттеушісі болармын-ау деп, сірә да ойлаған емен. 1970 жылы Алматыға келіп, қазіргі Әл-Фараби атындағы университетке  оқуға түстім. 1975 жылы бітірдім. Университетте жүрген кезде Сәбит Мұқановты 1971 жылы көзімізбен көрдік. Кездестік, қолтаңба алдық. Ол үшін өзімізді бақытты сезіндік.

Мені университетте баласындай мәпелеп тәрбиелеген профессор Бейсембай Кенжебайұлы! Ой, жарықтық әулие еді-ау. Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев… ұстаздардың бір парасы. Осы кісілерден тәлім алдық, тәрбие көрдік. Дегенде, мені, ерекше мәпелеп, әдебиетші ретінде қалыптастырған адам  Бейсембай Кенжебайұлы! Бейсембай Кенжебайұлы Сәбит Мұқановты ұната бермейді. Себебін білмей дағдарамын. Сөйтсем, мәселенің түп негізі әріде жатады екен. Бейсембай Кенжебайұлы  Алашорданың ата жұртта ұлып қалған баласы. Ұлы Мағжан Жұмабаевтың шәкірті, Сұлтанбек Қожановқа іні болған, Нәзір Төреқұловтың тәрбиесін алған адам. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлының көзін көрген, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтармен қызметтес болған, Смағұл Сәдуақасовпен құрдас, аз-кем сыйлас жүрген. Яғни, Алашорданың рухы бұл кісінің сүйегіне сіңіп кеткен. Сүйексіңді қасиет ұмытылмақ емес, қандай қоғамда өмір сүрсе де ұстанымына айналып сүйегімен бірге кетпек. Алашорда рухында қалыптасқан  адам Сәбит Мұқановты қалай жақсы көреді? С.Мұқанов Алашордаға қарсы адам саналады… Бейсекеңнің әңгімесінен Мұқановты  уақытша жазушы ғой деп, қарайтын мінезді байқаймын ұдайы. Мұнысы несі екен? деп, ойланып қоямын. Ол кезде Бейсекең де  тіс жарып, ашылып ештеңе айтқан  жоқ.  Бізді баласынған болуы керек.  Біртіндеп бізді Алашордаға қарай жетектеп жүретін жарықтық.  Сәбит Мұқановтың зерттеушісіне айналам ғой, деп ойламауым заңды емес пе енді?!

Оқуды бітіргеннен кейін Көкшетауға мектепке мұғалім етіп жіберді. Жолға шығып бара жатқан бетімізде  Тұрсынбек Кәкішев кездесіп, министрлікке барып, алып қалды да,  Ғылым академиясына лаборант етіп орналастырды… Бізге Алматыға қалуға рұқсат еткен Оқу министрінің орынбасары іле-шала біз үшін «сөгіс» алыпты. Оны кейін білдік. Біздің сорымызға ұзамай КППС Орталық комитетінің: «Зиялы қауымның айлық ақысын көтеру, оған қаржыны басқа жақтан іздемей, өздерінен қысқарту арқылы әл-ауатын көтеру керек» деген қаулысы шыға келді.  Идеологиялық хатшы М.А.Суслов оны таратып, орын орнына қойып түсіндіріп берді. Міне, осыдан бастап, жалпы Советтер Одағында интеллигенция арасында қысқарту басталды. Қысқартуға Академияға сол жылы барған 4-5 жас іліндік. Танылмаған жастар. Қызметке кім кейін келеді, кімнің ғылыми дәрежесі жоқ солар қысқартылады ғой әдетте… Алматыны қимаймын. Алматы біздің қаламыз, біздің астанамыз. Астана – сендердің астаналарың, шырағым.  Оның үстіне мақалаларым аздап жарияланып, қаламақы алып жаман үйреніп қалыппын.  Содан менің жұмыс іздеп сабылған өмірім басталды. Бармаған жерім жоқ. Күнкөріс қиындады.  Бейсекеңнің «Әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясының» бас редакторы Сұлтан Оразалиновқа тапсыруымен алты  ай теледидарда штаттан тыс тележурналист болып күн көрдім. Экономикалық жағынан қоғамның тығырыққа тіреліп келе жатқан тұсы ма, әйтеуір, Қазақстан ет өндіреді де Москваға  жібереді. Өздері жемейді. Өзіміз де Москваға іс-сапармен барғанда ет арқалап қайтатын заман болды уақытында.  Қазақстанда ет жоқ, бірақ,  дүкендерде жылқының, сиырдың,  қойдың басы сөрелерде домалап жатады.Тиын тұрады. Соны алып, пісіріп жеп күн көреміз. Дегенде бүгінгі күнмен салыстырғанда арзаншылық. Сондай күндердің бірінде мені Бағыбек Құндақбаев Республикалық халық шығармашылық үйіне апарып қызметке орналастарды. Директоры өте бір ажарлы Тәжігүл Серікбаева есімді апамыз. Қызметке қабылдап отырып Тәжігүл апамыздың айтқаны: «Қарағым сені танымаймын. Бағыбек Құндақбаевтың сөзі үшін қабылдадым» болды. Методист етіп қабылдады. Масқара болғанда ол жерге де жаңағы қаулы артымнан қуып жетіп келіп, 5-6 ай істегеннен кейін тағы қысқардым. Әдейі қысқартып жатқан жоқ, қолынан келсе  мені алып қалғысы келеді. Бірақ, КПСС Орталық Комитетінің Қаулысын орындамау қайда? Содан Сәбит Мұқановтың жаңадан музей үйі ашылғалы  жатыр екен. Қаулы алынған.  Директор және ғылым бөлімінің меңгерушісі деген екі штат бірлігі беріліпті. Сәбеңнің тұрған үйін музейге ыңғайлау керек қой. Сәдуақас Дүршінов, Мұрат Тоқбергенов деген екі азаматты Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков бұйрық беріп тағайындайды. Бірақ, жазушының жары Мәриям Мұқанова ол екеуін «қабылдамайды». Мәриям апай да аяулы адам еді ғой, жарықтық. Жыл жүреді штат бірлігінде. Апай үйіне кіргізбейді.  Министр, неге қабылдамайсыз? деп сұрамай ма? «Менің шалымның жазғандарын оқымаған адамдарды мен үйіме жіберіп музейін жасақтағанын қаламаймын» деп жауап беріпті апай. Содан министр Сәдуақас Дүршіновты менің орныма жіберді. Тәжігүл апай:  «Сәбит Мұқановтың музей үйіне ғылыми қызметкер болып барасың ба?» деді. Мұқановтың үйіне қызметке қуана-қуана бардым. 1975-1977 жылға дейін Сәбит Мұқановтың бар кітабын, мемориалдық заттық бұйым-тайымын тізімдеп музей жасақтадық. Мен, Сәбит Мұқанов тақырыбына міне, осылай келдім, қарағым!

– Музейге қызметке келуді әдебиетке келу деп есептейсіз бе сонда?

  Сәбит Мұқановтың музей үйіне келу менің шығармашылық тынысымды ашып жібергендей болды.  Мұқановтың музейі маған шығармашылық құт болды десем жарасар.  Сәбит Мұқанов өзіне ғана жауапты тұлға емес еді. Сәбит  Мұқанов дегеніміз тұтас қазақ әдебиеті, қазақтың  байтақ шежіре тарихы,  сол кезеңдегі  қазақ әдебиетінің  тұтас дәуірі болатын. Музей жасау барысында аңғардық. Елу жыл бойы қазақ елінің алыс, жақын  шетелдермен байланысы, қарым-қатынасы алдымен Сәбит Мұқанов арқылы жүріп отырған. Ол кісі он мыңдай хатын Орталық архивке тапсырыпты. Хатты эпистолярлық жанр дейміз.  Музей жасау үшін, жазушы не жазды, соның барлығын оқып шығу керек қой. Сол хаттармен танысқанда көзімнің жеткені   Сәбит Мұқанов өзі үшін ғана жауапты жазушы ғана емес, тұтас қазақ әдебиеті үшін жауапты тұлға болған. Ол кісінің өзінің замандастарына, аға буынға, кейінгі буынға араша түсіп, бірін  ақтайық, жақтайық деп, бірінде жағдай бар, бірінде жағдай жоқ, бірін соғысқа жіберейік, бірін жібермейік деп, жазысқан хаттар шын мәнінде қазақ әдебиетінің әкесі ретінде сезінген адамның  әрекеті. Басқалай болуы мүмкін емес. Он мың хатпен танысқанда көзім осыған жетті. Әрине, шығармаларын бұрын да оқығанбыз. Әсіресе, эпистолярлық мұрасын  оқыған кезде, Мұқановтың кім болғанын аңғара бастадым. Жақсы көрдім. Мұқанов бірыңғай мадақты тұлға ғана емес, замананың зәйілінде өмір сүрген, тар жол тайғақ кешуден өткен, қоғамдық формациялар алмасқан кезде өмірге келіп, бірін қалыптастыру үшін, екіншісін жек көруге тиіс болған ірі тұлға екенін пайымдадым. Кеңес өкіметін қалыптастыру жолында қазақ әдебиетінің небір алыптарын жек көруге, қаратабан кедей деп, қарапайым, сауатсыз жазушыларын жақсы көруге, тәрбиелеуге  міндетті болған тұлға! Осындай қым-қиғаш қоғам өтінде өмір сүрген, дүниетанымы қарама қайшы, бір тұлғадағы екі түрлі көзқарасты жазушының үйін музейге айналдыруға келіп отырғанымды, мен сездім. Кейде екіұдай ойда отырамын. Бұл мені еріксіз жазушының лабораториясына жетелей жөнеледі. Музейдің жәй ғылыми қызметкері болып отырып, мақалалар жаза бастадым. Теледидардан Сәбит Мұқановтың  өміріне арнап, шығармашылығына қатысты  «Сәбит Мұқанов», «Адасқандар», «Жұмбақ жалау» деген телехабар жасадым.   Алты ай Бейсембай Кенжебайұлының тапсыруымен Сұлтан Оразалиннің қарамағында жүріп тележурналистиканы әпәжептеуір игеріп  қалыппын. Ол маған оңай соққан жоқ. Менің бітіргенім тіл-әдебиет мамандығы ғой. Журналистиканың қыр-сыры бөлек дүние болса да, мен мамандандым. Ол үшін күні бүгінге дейін, өзімді Сұлтан Оразалинге қарыздар сезінемін.  Сәбең жайында жасаған хабарыма Ғабит Мүсірепов ризашылық білдірді. Мен арқаландым. Жылы сөз естіген соң жазушы музейін қалай экспозициялаған жөн? Жазушының әдеби мұрасын қалай зерттеу керек? Көзі тірі ұлы қаламгермен осы бағытта сөйлесіп, кеңесіп жүрдім… Тіпті Ғабеңе соғым әкеліп беріп қолын ұзартқаным, Ғабеңнің  қаржысына соғым жеген кездерім бар… Әрине, бәрі де Сәбеңнің арқасы!

Бүгінгі таңда Сәбит Мұқанов туралы 5 зерттеу кітабым шықты, 200-300 дей мақала жаздым. Шет тілдеріне аударылғандары  бар.  Жазушынының өмірін ғұмырнамалық прозаға айналдырып, деректі ғұмырнамалық кітап жазып жүрген жайым бар.  Бұған дейінгі зертеулерімнің көбісінде жалаң мақтаулар да, ара-тұра сынайтыным  бар екен. Алған тақырыбыма қарай сондай түйін жасаған болуым керек. Бір байқағаным, мақтасам да толық дәлелдеп барып мақтамаған екенмін. «Даттасам» да соны дүниетанымынан, замананың қиындығынан шығарып барып, себеп-салдарын толық ашып барып сынамаған екенмін. Ғұмырнамалық әдебиетте соның барлығын жазушы обаразы арқылы көрсетуге тырысам. Жазушыны мақтау да, сынау да  мұрат емес, дүниетанымына еніп, тағдырын талдау мұрат.

Сәбит Мұқановтың үйіне келуім әдебиетке келу деп есептеймін!

– Сәбит Мұқанов, жетім өстім, кедей таптың жазушысымын дейді. Расында солай ма?

Сәбит Мұқанов мемуарист жазушы. Оның «Өмір мектебі» деп аталатын үш томдық шығармасы қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылатын дүние  деп ойлаймын. Мүмкін түгел қосылар, мүмкін түгел қосылмас. Тарихи-этнографиялық деталь, штрих, шынайы суретке мелдектеген мемуарлық шығарма. Халқымыздың сол кездегі аумалы төкпелі тағдырын, феодалдық, капиталистік, социалистік қоғамның  бар келбетін шығармаларында әдемі берген. Сәбит Мұқановтың бұл шығармаларын оқыған адам, оның кім екенін біледі және де қателесулерін, осындай тағдыр кешуінің себеп-салдарын, бәрін де жобалап пайымдайды. Кезінде Сәбит Мұқановтың ауылына барып әкесінің көзін көрген кісілермен әңгімелестім. Бала кезінде бірге өскен құрдастарымен сөйлестім. Одан басқа, Сәбит Мұқановпен хат жазысқан түрлі елдің жазушылары бар ғой. Солардың бірсыпырасымен кездестім. Қызыл профессура институтында  сабақ берген ұстазы Валерий Яковлевич Кирпотинге барып жолықтым. Ол  90 ға жақындап қалған профессор еді. Сәбит Мұқановтың Шоқан Уалиханов деген трагедиясын орыс тіліне аударған Виктор Шкловскийге барып жолықтым. Бурятияға сапарлап өзін Сәбит Мұқановтың шәкіртімін деп есептейтін Михаил Жигжитов есімді жазушымен үйіне қона жатып сырластым.  Осының барлығынан қорытынды жасап, оның тағдырын толық білемін-ау, деп айта аламын.

Сәбит Мұқанов шынында да тас кедей ме? «Кедей ме» деген сұрақ кейде «тексіз бе?» дегенге саяды. Сәбит Мұқанов текті тұқымнан. Сырымбет таулары Сәбит Мұқановтың арғы аталарының атымен аталған. Арғы тегі бақсы, балгер болған. ХХ ғасырдың маңында әкесі Мұқан Шүкейұлы әбден кедейленіп, жалшылықта жүрген. Қазақта тас кедей деген болмаған. Кәдімгі өлгенінен күнін көріп отыр деген кедейдің өзінің бірер ірі қарасы, мінер аты, сауын сиыры, бес-алты жантығы болған. Бай  ағайын болса малын бағысады, содан ырзық айырады, несібе алады. Сәбит Мұқановтың әкесі жалшылықта жүрді деген сөзді осы ыңғайда  түсінуіміз керек. Сәбең,  сегіз қыздан кейін жылап жүріп көрген перзенті. Одан кейін бір қарындасы болған. Олардың біразы шетінеп кетеді, бойжеткені тұрмысқа кетеді. Өзі «Өмір мектебінде» баяндайтындай біраз уақыт апасының қолына кетіп күн көреді. Қысқасы, Мұқанов ХХ ғасырдың есігін кедей болып ашқан. Ол жылдардағы арпалыс, төңкеріс,  үлкен жылан, кіші жылан, одан кейін ақпан көтерілісі, қазан төңкерісі, тәркілеу… осының барлығы қазақта  бай  қалдырған жоқ. Одан келе 1930 жылдардағы тәркілеу жүрді. Кеңес үкіметі атынан атты, Сібір айдады… Ұрпағына дейін қудалап тұқымын тұздай құртты… Сәбең жазатын Итбай болыстың түп-тұлғасы  Сайым Қыдыров. Романовтардың патшалығының 300 жылдық тойына қатысқан, ел ерекше сыйлаған адам. Сайым тұқымы Сібір асып кеткен деседі. Шерхан Мұртаза кейіпкерінің түптұлғасы Саймасай  болыстың тұқымы бойтасалай қашып Қырғызстанға өтіп кеткен. Күні бүгін Қырғызстанда тұрады…

Е, Кеңес өкіметі атын жамылып бұл қазақ өзіне-өзі не істемеді?! Ұлы Абайды «шынжыр балақ, шұбар төс» бай деп танып, тұқымына зәбір берді, жер аударды. Абай тұқымы Сарыағаш, Шардараға жер аударылған. Баласы Тұрағұлдың мәйіті  Шымкент қорғасын зауытының астында қалған…Одан 1932-1933 жылғы  қолдан ұйымдастырылған ашаршылықты  Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекиннен көреміз. «Қу жақ» атанған Қазақстан басшысынан көретін де ешеңе жоқ сияқты. Шындығында келгенде мұның өзі жоспарланған дүние.  Қазақтар, түрік халықтарының арасында жетекшілікке жаралған, өте белсенді, ақылды халық. Ақылды халықты боданға айналдыру  оңай емес. Қазақ халқын отарлау, көнбесе  қыру, біржолата бағындыру, шоқындыру патшалық Ресейден бері келе жатқан жоспарлы дүние. Коммунистік иделогияның тағы бір көсемі Сталиннің зұлмат саясаты ары қарай жалғаған. Ф.И.Голощекиніміз ол кезде қолшоқпар ғана. Қолшоқпардың үлкені өзіміздің қазақ.  Ашаршылыққа себепкер   өзіміздің қазақ қайраткерлері.  И.В.Сталин,  алдымен ұжымдастыруға Ресей өтсін, Ресейдің тәжірибесінен кейін Орта Азия, Қазақстан, Украина  өтсін деген. Сол жылдары  ұжымдастыру жөніндегі комиссияның төрағасы Яковлевке айтулы қайраткер Т.Рысқұлов хат жазады: «Біз, неге Ресейден кейін өтеміз, Ресеймен бірге өтеміз», деп «табандылық» көрсетеді. Яковлевке, ұжымдастыру мынадай жүйеде жүргізілсе деген шарттар қояды:  «Байлар тәркіленсін, орта шаруа ол да тәркіленсін, ұжымдастыруға қабылданбасын, колхоз құруға  қатыспасын,  өйткені, кедей тапты бұзады. Колхозшылардың қолында бір ірі қара, бес алты жантық қалдырмайық, себебі, жекеменшік психология пайда болады. Колхозға кіру құқы берілсін, шығу құқы берілмесін…» деген сияқты талаптар қойып жазған хаттары бар. Бұл не деген сөз? Халықты қыру деген сөз ғой бұл. Өзі қаршадайынан жетім өскен, оның үстіне «тар жол, тайғақ кешуден»  өткен Сәбит Мұқанов советтік көзқарастағы коммунист жазушы болып  қалыптасты. Кедей таптың жырын жырлады. Сол бағытта еңбек етті. Бірсыпыра дүние қалдырды.

– «Өмір мектебі» жайында айтып қалдыңыз. Трилогия жалғыз жазушының басынан кешкені емес, тұтас ұлттың тарихы мен қоғамдық әлеуметтік тұрғыдан есеюі сияқты сезіледі. Бұл шығарманы «бір дәуірдің айнасы» деп қабылдауға лайық па?

Лайық. Бірінші кітап, түгелімен қазақ даласының тарихы мен этнографиясына құрылған. Төгіліп тұрған поэзия дерлік дүние. Екінші кітаптан бастап, Сәбит Мұқанов советтік саясатқа беріліп сөйлейді.  Әрине, өзін де тұлғалау керек қой. Өзі тұлғаланбаса мемуар сөйлемей қалады. Өзін де ақ гвардияшылармен соғысып жүрген ірі тұлғаға айналдырып сөйлейді. Екінші кітаптан бастап осындай әсірелеулер бар. Үшінші кітап, түгелімен советтік саяси ұстанымда, коммунистік көзқараста  жазылған. 1937 жылға дейін өмір сүрген саяси қайраткерлер, ақын-жазушылардың қай-қайсысын болсын совет үкіметінің көзқарасымен жасады. Ол кезде Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сияқты Алашорда көсемдері, Алашорданы айтамыз Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов секілді Алашордаға жан тартқан ұлтшыл коммунистер де ақталмаған.  Кешегі 1980 жылдарға дейін бұлардың ешқайсысының атын ататқан жоқ. 1991 жылы ақталды. Соған дейін олардың атын ататпайтын. Сәбит Мұқановтың рухани ерлігі дейміз бе, осы қиын тақырыпқа барып, сынап отырып жазса да, осындай қайраткерлердің бар екенін,  кейінгі ұрпақтың есіне салды. Жалпы «Өмір мектебінің» үш томдығы бүгін де керек кітап. Бірінен үйренеді, бірінен жиренеді. Бірінен қазақ халқының үлкен суреткерлікпен жасалған тарихи этнографиялық тарихын көреді.  Екіншісінен саясаттың бұрмаланғанын біліп тартынады. Біздің еліміз осындай қиын-қыстау кезеңнен өткен екен ғой. Сондықтан, біздің тәуелсіздігіміз аса қымбат, оны біз көзіміздің қарашығындай сақтайық деген ойға келеді. Егер, бүгінгі таңда оқитын ойлы оқырман болса…

– Сәбит Мұқановтың сүйекті романдарының бірі «Мөлдір махаббат». Бұл шығарма бастапқыда «Адасқандар» деген атпен жарияланыпты. Жазушы романды тақырыбын өзгертіп, қайта жазу  арқылы не ұтты?

Сәбит Мұқановтың келешекке баратын бір шығармасы  «Адасқандар» романы. Есесіне «Мөлдір махаббат» бармайтын шығар келешекке. «Мөлдір махаббат» деп отырғанымыз «Адасқандар» романының жаңа нұсқасы. Роман, алғаш 1929жылы  жазылып аяқталып, 1931, 1935 жылдары екі мәрте жарық көрді. Біләл Малдыбаев пен Олег Фролих аудармасында «Сын бая» аталып, орыс тілінде жарық көрді.  Шығарма сүйегі Қызылорда да болған оқиға. Сол кездегі «Социалды Қазақстан» газеті  сот процесінің барлық материалын жариялаған. Сотқа қоғамдық айыптаушы болып қатысқан Сәбит Мұқанов бар материалды зерттеп  білген. Бүркіт Әбеуовтің түптұлғасы – Сұлтанек Әбеуұлы! Ол Міржақып Дулатовтың туған жиені. Ол Сейдәзім Кәдірбаев,  Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезовпен жақын қарым-қатынаста болған жалындаған жас жігіт, ақынталап бозбала.  Бәтестің түп тұлғасы  – Бәтима Мақашқызы! «Адасқандар» романын зерттеп жүрген кезімде ХХ ғасырдың сексенінші жылдары барып жолықтым ол кісіге. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпегенін» танып білдім. Бірсыпыра  әңгімелестік. Сәбең, Сұлтанбек пен Бәтесті  бөле деп айтады. Бөле болуы да керек. Оның үстіне жеті атаға жетпеген арғын ішіндегі өтей бұтағынан тарайтын, қыз алыспаған ағайын. Романның алғашқы нұсқасы «Адасқандар» екі жастың таза сүйіспеншілігіне құрылған, адам қызығып оқитын дүние. Кейін, роман қайта жазылғанда жазушының саяси көзқарасы тықпаланды. Мәселен,  Аралбаев Бегайдар деген коммунист кісі «бай баласы» деп жапа шеккен. 1937 жылы айдалып кеткен. Кейін  ақталып шығып, қайтып ұсталып, сотталып репрессияға ұшыраған адам.  Оны коммунистік партияға қарсы үгіт насихат жүргізетін, коммунистік билетті қолдан таратып жүрген  адам ретінде сипаттайды. Ол, әрине, болмаған жағдайлар. Сұлтанбекті  Міржақыптың жиені екенін бетке ұстап,  Алашорданың сойылын соғушы етіп көрсетеді. Мұның бәрі әдемі махаббат драмасына құрылған адами сезіммен бірілетін, екі жастың арасындағы таза сүйіспеншілікке құрылған «Адасқандарды» саяси романға айналдырып жібергенінің дәлелі. Ертеде Смағұл Садуақасов: «Сәбитті өсірмейтін нәрсе әлеумет ісіне көп қатынасуы. Ақындығымен шұғылданып отырмауы, әйтпесе ол талантсыз ақын емес» – деп жазған екен. Әрине, әңгіме бұл жерде Сәбиттің әлеумет ісіне араласуында емес, саяси мәселені әдебиетке орынсыз тықпалай беретіндігінде. Смағұл Садуақасовтың айтып отырғаны міне, осы жағдай. Қайта жазылғанда романның әлеуметтік тынысы кеңігенмен одан жазушы ештеңе ұтқан жоқ.  Ұтқаннан ұтылысы көп болды.

– «Мөлдір махаббаттағы» Бүркіт пен Бәтестің сезімі, өмірге көзқарасы, қоршаған ортасы сол кездегі қазақ қоғамын қаншалықты шынайы ашып көрсетті?

Қай уақытта да  махаббат дүниесі  өнердің бірінші пәні.  Кешегі совет үкіметі тұсында  шаруашылық тақырыбына жазылған өндірістік шығармалар болды. Оларға, Мемлекеттік сыйлық беріп әуре болғанбыз. Замананың  тақырыбын жазды деп халтурщиктің қанжығасына Мемлекеттік сыйлықты байлап жіберу бүгін де бар.   Әуезовтың бір сөзі бар: «Өмірді ықыластана ыстық сүймесе болмайды» деген. Абай: «Махаббатсыз дүние дос, хайуанға оны қосыңдар» дейді.  «Адасқандар» екі жастың махаббатына құрылған қызулы шығарма еді. Романға материал ретінде қызмет еткен өмірлік деректерді әбден зерттедім. Сонда түсінгенім,  бұл шынайы  махаббат, от болып жанып тұрған сұмдық махаббат. Анау Сұлтанбек тірі болғанда ақын не жазушы, қайраткер болатын адам. Ірі ойлап, ірі турайтын адам. Бәтима Мақашқызы махаббат майданында  ептеп осалдық танытып қояды. Екі жас бірін-бірі сүйген. Тіпті ауылында жүргенде-ақ араласып қалған ғой. Ағайындарының ұйғарымымен Мүсәпірге ерге шығады. Мүсәпірдің түп тұлғасы – Мұстафа Көшекұлы. «Еңбекші қазақ» газетінің тілшісі. Талантты сыншы. Бәтима Мақашқызы Мұстафаға тұрмысқа шыққан соң, Сұлтанбекке жолықпай-ақ  қоюы керек пе еді? Қайдан білейін?  Айтуға ғана оңай. Алайда махаббат дүниесі қиын ғой, қарағым қиын ғой.  Жазушы  сол «қиыннан» қызықты роман жазып шығып отыр. Жазушы жанып тұрған махаббатты үлкен шабытпен жалынды етіп жазып шыққан..  Шығарманың сюжеті өмірдің ізімен жүріп отырады. Бұрылып кететін жері де кездеседі. Жазушы өмірді көшіріп жазса несі жазушы?! Бұрылыстың кейбірі Сәбеңнің саяси көзқарасына байланысты. Оны тек махаббат жырына айналдырып жырлауды емес, әлеуметтік сипаттағы роман туғызуды ойлаған. Жалындаған жас жазушы соны жиырмасыншы жылдары  шығара алды. Сөйтіп қазақ әдебиетінде роман жанрының қалыптасуына атсалысты. Мәселе сонда. Роман жарық көрген кезде жас жазушы Ғабит Мүсірепов: «Бұл сықылды көркем шығарманы қазақтың байшылдарының қаламы аз ғана сызды» – деген. Демек «Адасқандар» романы көркем болып көз тартып тұр.  Мұқанов та жас қой ол кезде. 28-29 жастағы балғын. Екі жастың махаббатын қаузайтын жері де соншалықты ыстық сезіммен жазылған.Сосын әлеуметтік сипат беретіні, жазушының дүниетанымы мен ойына байланысты. Алғашқы нұсқасында әлеуметтік сарын екі жастың  ыстық сүйіспеншілігімен сабақтас шығып, телқабыс түсіп  жарасып жатар еді.  Кейінгі нұсқасында Сейдәзім Кәдірбаевты қосып, Міржақып Дулатовты – Жақыпбек деп, Жүсіпбек Аймауытовты –  Мауытбаев деп алып Алашорданың өкілдерін   сынап-мінеңкірейді.  Жазушының құқы. Осы тақырыпты зерттеп, кандидаттық диссертация қорғаған адам үшін «Мөлдір махаббатқа» қарағанда «Адасқандар» аяулы.  Екі нұсқасы да қай жағынан алып қарағанда да ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы қазақ қоғамының келбетін шынайы көрсететін, оқырманның денесін қыздыратын қызықты шығарма. «Адасқандар» романы жөнінде кезінде «Литературная газета» бетінде өзара айтыс-тартыс жүрген. «Мөлдір махаббат» романы жайында кезінде Т.Әлімқұлов, З.Қабдолов сияқты эстет қаламгерлер тамсанып мақала жазған….

– Мұқанов қаламынан туған шоқтығы биік шығармалардың бірі – «Ботагөз». Шығарманың бұлай аталуының да үлкен  мәні бар сияқты. Өйткені, роман соңы «Ботагөздің сөзінде телегей теңіз тарих бар. Ботагөздің көзінде күн көзіндей жарық бар» деп аяқталуы да көп дүниеден хабар береді. Бұл туралы не айтасыз?

– ХХ ғасыр басында әлем әдебиетінде әлеуметтік әділетсіздік, қоғамдық теңсіздік қыздардың тағдыры арқылы берілетін тенденция болған. ХІХ ғасырдағы орыс әдебиеті гуманистік әдебиет. Л.Н.Толстой, Ф.М.Достоевский, Н.В.Гоголь, А.С.Пушкин, Н.С.Лесков, И.С.Тургенев. Осының бәрі алып жазушылар. Әлеуметтік сипатты, орыс қоғамын жан-жақты ашып, адамның ішкі жан дүниесіне дейін еніп кетеді олар. Орыс әдебиетінен әлем жазушылары үйреніп үлгі алып жатты. Ал ХХ  ғасыр басында орыс жазушыларының өзі осы шығармалардан үйренбеді. Аласапыран уақыттың  әдеті ғой, жеңілге жүгіретін.  Тарихшы Н.М.Карамзиннің «Бедная Лиза» деген повесі болған. Қызық өзі, сол «Бейшара Лиза» орыс әдебиетіне ғана емес, бұратана атанған аз ұлттардың жазушыларына да ықпал етті.  ХХ ғасыр басында татар жазышысы Ғалымжан Ибрагимов «Қазақ қызын», Берді Кербабаев «Түркмен қызын» («Шешуші қадам»),  Бейімбет Майлин «Шұғаның белгісін», Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілекті» жазған.  Ал, Сәбит Мұқанов «Жұмбақ жалау»  деген роман жазды. Бұл шығармалардың қай-қайсысы да қазақ қыздарының тағдыры арқылы қазақ қоғамының жаңа кезеңін көрсетеді.  Сәбит Мұқановта бір мінез бар. Жазушы ретінде сәл асығыстық жасайды. Адамның жан дүниесін қазбалау орнына оқиға қуыңқырап, кейіпкерінің қолына күні бұрын қызыл жалау ұстатып жіберуге дайын тұрады. «Жұмбақ жалау» жап-жақсы роман, Қазақстандағы ақтар мен қызылдардың өзара қақтығыс, соғысына арналған толымды туынды. Бұл негізі 1916 жылдың тақырыбы.  Сәбең сюжетті өткір құрады, сөйтеді де соншалық  тартымды ширатып сипаттайды. Бірақ, кейіпкерлерін  ішкі жан дүниесі арқылы берудің орнына саяси оқиғалардың құралына айналдырып ала береді.

Менде, Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалауы» «Теміртасы», «Сұлушашы» бірінші нұсқасында латын әлипбиінде сақталған. Маған, «Жұмбақ жалауды» Бейсембай Кенжебайұлы Сәбит Мұқановтың әдеби мұрасын зерттеп жүрген кезімде, 1981 жылы «Жан жылуы» деп аталатын, Мұқановтың шығармашылық шеберханасы қарастырылған алғашқы кітапшам жарық көргенде, кітапшама көрімдік, байғазы ретінде арнайы қолтаңбамен жазып берді.

«Жұмбақ жалау» романы 1938 жылы Новосібірде басылған.  Новосібір  бұрынғы қазақ жері. 1930 жылдары Мәскеуде КСРО бойынша баспаның басында қазақтың тамаша перзенті Нәзір Төреқұлов отырған. «Күншығыс халықтарының кіндік баспасының» бас редакторы болған. Бас редактор ол кезде директордан да жоғары.  Директор шаруашылық жағын ғана қарайтын.  Нәзір Төреқұлов  Новосібірден қазақ тіліндегі кітаптарды бастыратын баспа ашқан. Қазақтың жері, орысқа кетіп қалмасын, деген болуы керек. Ол жерден «Қызыл ту» деген газет ұйымдастырған. Ғабиден Мұстафин, Абдулла Бұзырбаев секілді  қазақтың бірсыпыра жазушы, қайраткерлері сол «Қызыл Ту» газетінде істеген. Сонда қазақ алфавитімен кітап бастырған. Новосібірде басылған кітаптың бірі – «Жұмбақ жалау». «Жұмбақ жалау» кейін өңделіп, жөнделіп «Ботагөз» болып жарық көрді…

– Бастапқыда «Жұмбақ жалау»  деп жарияланған романның кейін «Ботагөз» аталып өңделуі, өзгеруі жазушы көзақарасының, стилінің өзгеруінен хабар бере ме?

– «Жұмбақ жалау»  үлкен даңқпен келген шығарма әдебиетке. Қазақ сыншылары бәрі мақтап, мақала жазып, «Одақтық» деңгейде үлкен шығарма болып танылған.  Алайда, 1938 жылы Бейсембай Кенжебаев «Әдебиет майданы» журналында «Жұмбақ жалауды» сапасыз шығарма ретінде қатты сынаған. Бейсекең тым қатқыл келді ме, қайдам?! Шығарма   орыс тіліне «Ботагөз» деген атпен аударылған. Орыс тілі арқылы шет тілдеріне аударылды. Кейін «Ботагөз» боп өңделіп жөнделді. Өңдеу, жөндеу барысында роман саясиланды.  Көркемдік көп ештеңе қосылған жоқ. Бірақ, бұл роман қазақ романистері үшін кейінгі буынға үлгі болды. Осы бағытта туған көп шығармалар бар. Бәрінде «Ботагөздің»  ексімдеген елесі жүреді…

Итбай болыстың түп тұлғасы – Сайым Қыдыров. Сәбең жарықтық Сайым Қыдыровқа обал жасаған.  Өзі қай уақытта болмасын ел басқару, елге жағып болыс болу оңай емес. Сайым Қыдыров елге жаққан болыс.  Романовтардың 300 жылдығына барған адам. Фото суреті  «Айқап» журналында жарияланған кезінде. Ондай адам тегін болмайды ғой. Ептеп осындай болыстарға обал жасау біздің әдебиетімізде етек алған кезінде. «Абай жолы» эпопеясында Құнанбайға обал жасалады, білесің. «Қызыл жебеде» Саймасай болысқа обал жасалады.  «Ботагөз» осындай тенденцияның басында тұрған роман. «Ботагөзді»  Қазақстанда Совет үкіметін орнауын көрсететін роман деп айтсақ жазушы ұтылады. Ал, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап  халықтың қазан төңкерісіне дейінгі өмір тарихын берген шығарма, деп қарасақ жазушы ұтады. Өйткені, шыншыл сипаттар, халықтың ашу-ызасы, қазақтың отар ретінде Ресейге бағынуы,  қазақ сияқты бұратана халықтарды халық екен деп қарамауы, осының барлығы жап-жақсы ашылған. Бірақ, психологизмге кенде, саяси бояуы көбірек шығарма.

 – Кеңес үкіметі кезінде Балуан Шолақ бейнесін шынайы бейнелеген жазушы Сәбит Мұқанов десек артық болмас. Осы романның көркемдігі, сол заманмен салыстырғандағы артықшылығы туралы айтып берсеңіз…

 – «Балуан Шолақ» алғаш жарық көргенде «батырлық поэма».  Қарасөзбен жазылған шығармаға поэтикалық жанр атауын беру «Балуан Шолақтан» басталады-ау деймін. Менің ойымша, шығарманың жанры   роман.  Сәбең ат айдаушы бала ретінде бай-бағыландармен ел қыдырып жүріп ХХ  ғасыр басында өмір сүрген  әнші-ақындардың Балуан Шолақ, Ақан сері, Естай дегендей бірсыпырасын көрген адам. Өзі аса талантты адам болғандықтан, бала кезгі көрген білгені жадында қалып қойған. Осылардың образын Балуан Шолақ арқылы жинақтап бергісі келген. Балуан Шолақтың шын аты Нұрмағанбет Бимырзаұлы. Қолы үсіп кеткендіктен Балуан Шолақ атанған. Өзбек ағайын шығарманы «Палван чулак» атап, тәржімалады.  Тілдің туысқан халықтарда өз иірімі болады. Өзбектерде «шолақ» «ақсақ» дегенді білдіреді. Сөйтіп, «Балуан шолақ» өзбек тіліне «Ақсақ балуан» болып аударылды. Алғашқы нұсқасында Кенесары көтерілісіне арналған эпизод  бар. Сол эпизод  Сәбит Мұқановқа  бәле болып жабысқан. 1930 жылдары Кенесарыны жазды деп, біреулер үстінен арыз беріп, сотталып кете жаздағанын қайтерсің?! Сәбеңнің партия қатарынан шығуына себепкер  болған шығарманың бірі – «Балуан шолақ»… Кейінгі нұсқасында Кенесарыға байланысты эпизодты   алып тастады… «Сұлушаш», «Балуан шолақ», «Адасқандар» романдарындағы «ұлтшылдығы» үшін жазушы баспасөз бетінде кешірім сұраған… Шығармаларынан бас тартуға дейін барған… Міне, замана зәйілі дегеніміз! Бір жағы С.Мұқановтың шығармаларын қайта жазатын себебі де осындай жағдайға байланысты.

Әдеби сынның сауатсыздығы ма, әйтеуір уақытында  «Балуан шолақты» М.Әуезовтің «Абай» романымен салыстыра,  шендестіре көтермелей бағалаған. Менің пайымша «Балуан шолақ» әнші, сал, сері өмірінен жазылған алғашқы ғұмырнамалық роман.

– Мұқановтың прозадағы тіл қолданысының шұрайлылығы, өзгеше стилі туралы  айтып көрсеңіз…

 – Орыс әдебиетінде Юрий Олешаны қалай сөйлесе, солай жазатын жазушы атаған замандастары. Жазушының стилі деген мәселе осыдан келіп шығады. Стиль – тіл мәнері, тіл мәйегі жазушының. Қазақ әдебиетінде Сәбит Мұқанов та қалай сөйлесе, солай жазатын жазушы болды. Мұқанов поэзияда соншалықты шешен, көсем ақын емес. Прозада ақынша төгілетін сәттері бар.  Қазақтың байырғы тілін, тіл құнарын мейлінше сақтап жазатын адам. Кейде, сөзге ақынның көзімен қарағандықтан да, сөз табушылық та бар. Мысалы, қазақ, «аққан жұлдыз», деп айтпайды. Қазақ, «құйрықты жұлдыз» дейді. «Жұлдыз ақты» деп хабарлама сөйлемге барады. Оның жөні бір бөлек. Шоқан жайлы шығармасын алдымен дилогия етіп жоспарлаған, одан трилогияға, одан тетрология етіп жоспарлады. Шығарма екі кітабы жазылып,  аяқталмай қалды. Аяқталмай қалған шығармасын «Аққан жұлдыз» деп атағанда тұрған ештеңе жоқ.  Жарасып-ақ тұр. Мұны Сәбит Мұқановтың тіл ұстартуы деп қарасақ жарасады. Тілдік тың қолданыс, сөзге өзгеше өң беріп пайдалану Мұқановта молынан кездеседі. Мұны Мұқановтың тіл ұстарту шаралары деп қабылдаған жөн.

Прозада әуел бастан жазушы тілі және кейіпкер тілі болады. Қарасөзде  осы екеуінің арасы ажырамаса болмайды. Шығармаға әдетте  бірнеше кейіпкер қатысады әлбетте. Сол жағдайда бір-бірінен тілі, мінез-құлқы, іс-әрекеті арқылы ажырап тұрмаса болмайды. Алғашқы кезде Сәбеңнің кейіпкерлерінің барлығы Сәбит Мұқановша сөйлейтін. Жазушы ретінде қалыптасқаннан кейін, әр қайсысына шын прозаик ретінде лайықты «тіл» тауып берді. Ол тіл, кейіпкерін  көркем образға айналдыра алды. Бар шығармасында бір стилді ұстанған жоқ. Мәнер алмастырып отырмаса оның несі жазушы!? Дегенде, Сәбит Мұқановты қазақы баяндаудың жазушысы дер едім. Баяндау құбылта пайдаланса жарасымды жазушылық мәнер.

Сәбең, қазақтың мақал-мәтелін өте көп қолданған жазушы. Алғашқы кезде  мақал-мәтелді халықтық қалыбын бұзбай алатын. Кейін 50-жылдардың ішінде жазған шығармаларында, қазақтың мақал-мәтелдерін афоризмге айналдырып өрнектеп, байытып, орайына қарай құбылтып, түрлендіріп  пайдаланудың да шеберіне айналды. Мұқанов,  өмірде қалай сөйлесе, солай жазатын адам. Мұқановтың тілі – өмірдің өзінен алынатын қоректі, құнарлы, қуатты  тіл.

Прозадағы поэтикалық тілдің тамаша үлгісі Жүсіпбек Аймауытов. Жүсіпбек Аймауытов шығармаларының шыңы – «Ақбілек». 1920-1930 жылдардағы қазақ романының асқан бір үлгісі және қазақ әдебиетінде роман жанрын қалыптастыруға ерекше  ықпал еткен  шығарма. Татар әдебиетінің классигі Ғалымжан Ибрагмовтың «Қазақ қызы» деп аталатын романын Жүсіпбек Аймауытов сынаған. Демек, көңілі толмаған. Ал, Сәбит Мұқановтың «Ботагөзі» тағы басқа шығармалары Ғалыман Ибрагимовтың деңгейінде, өз уақытының деңгейінде деген сөз.

– Біз, Сәбит Мұқановты көп оқыған буын емеспіз. Оқулықтардан да бүгінде көп төбе көрсете бермейді. Сіздер, аңыз ғып айтасыздар. Біздің буынға жетпей жатқан себебі неде?

  – Сәбит Мұқанов өз заманының жазушысы. Әдебиетте мұндай да болады. ХІХ ғасырдағы ағылшын жазушылары өз заманының пролемасын әлеумет алдына алып шықты. Бүгінде қызық үшін ғана оқуға болады.  Орыс әдебиетінің алтын ғасырын қалыптастырған классиктер өз алдына. (Олар қай уақытта да оқыла береді.)  Н.М.Карамзиннің «Бедная Лиза» секілді тұтас ұлттарға ықпал еткен шығармасын қазір ешкім оқымайды. Оқулықта сірә да  жоқ. Міне, осындай шығармалар болады. Сендер Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романын  сүйіп оқисыңдар.  «Махаббат жыры» деп аталатын   очерк типтес шығармаларды да сүйіп оқисыңдар. Бұл да өз заманының ғана шығармасы. Осы шығарма Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған сәтте  мақала жазып қолдағанмын. Өз заманының адамгершілік мұратын  жақсы көтерген «Махаббат қызық мол жылдар» тіпті культке айналған еді уақытында. Тіпті журналист жазушы Жекен Жұмахановтың «Замана билігі», Өтебай Қанахиннің «Жас дәурен»  аталатын шығармасы да недәуір «танаурады» уақытында. «Сұлушаш», «Адасқандар», «Жұмбақ жалау»  бәрі де кезінде культке айналған шығармалар. Бәрібір, бәрі де ертеңге еркін бармайтын шығармалар  деп ойлаймын.  Сәбит Мұқановтың   трагедиясы  осында. Көп шығармасы, саяси оқиғаларды тықпалай бергендіктен, кейіпкерінің дербестігі дұрыс сақталмағандықтан, өткен уақыттың шығармасы ретінде кейінгі оқырманға қызықсыз боп қалады.

Өзіміз де қызық халықпыз. Біреуді жамандау керек болса өлтіріп жамандаймыз. Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек, Ахаң, Әлекеңдерді жамандау керек болғанда қазақ алдына жан салмай «бәйге атындай аңқылдап» аттырып жіберді… Олар кетті. Қасиетті қара орында кім қалды? Сәбит Мұқанов! Енді келіп, жұрт  Сәбит Мұқановқа   «табынды». Қазақ совет әдебиеті бір кезде Жамбылдан басталған. Қазақ совет әдебиеті кезінде Сәбит Мұқановтан басталған. Басқаларының барлығын 1937 жыл сыпырып кетті. Ілияс, Сәкен, Бейімбет олар да кетті. Енді қазақ совет әдебиетін Сәбит Мұқановтан бастамағанда не істейміз?!

1991 жылы Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтың басшылығымен, Алашорда өкілдері бірінен-кейін бірі ақталды. Ол да оңай болған жоқ. Солар ашылып еді, біз бұрынғы өзіміз тұтынып оқып жүрген сүйіп оқитын жазушыларымызды ысырып тастадық. Тіпті, Мұхтар Әуезовтың өзін де. Бүгінде, Сәбит Мұқановты, Ғабит Мүсіреповты, Ғабиден Мұстафинді тіпті ауызға алмайды жәмиғат. Біз, әдебиеттен кекірігіміз азатын уақыт болған жоқ. Алашорда өкілдерінің шығармалары  ХХ ғасырдың 1920 жылдарындағы, әрі кетсе 1930 жылдарға аяқ сала бере аяқталатын процесс. Бірақ, классиктің аты классик. Олар, алдағы уақытта кейінгі буын оқырмандармен бірге жүре береді ғой, деп ойлаймын. Сол секілді, Мұхтар Әуезовтің де, Ғабит Мүсіреповтің де, Сәбит Мұқановтың да, Ғабиден Мұстафиннің де өз оқырманы болады.  Тек, «компьютербас» заманда оқитын ойлы оқырман болсын деңіз…

– Сәбит Мұқанов уақыты өткен жазушы ма? Кейінгі ұрпаққа қай шығармасы қалуы мүмкін?

 –  Қарағым-ай, осы сұрақты әр ыңғайда қайталай бердің-ау. Ал, айтайын керек болса, Сәбит Мұқанов, белгілі бір дәрежеде, уақыты өткен жазушы. Енді Сәбит Мұқновтың бұрынғыдай оқырманы көп болмайды. Өзге әдебиеттермен салыстырғанда да солай. Қызық нәрсе айтайын, Америкада Шекспирді   білмейтіндер көп екен. Демек, жалпы жазушылық ұлттың рухани құндылығына  айналудан қалған деген сөз.  Совет үкіметі тұсында жазушылық идеология қалыптастыратын күшке айналған. Қазір, қазақ қоғамында  идеологиялық ұстаным жоқ. Діни жағымсыз ағымдардың біздің жастарымызды иектеп кете беретіні идеологиялық ұстанымның жоқтығынан. Бұл,  дұрыс емес. Бүгінгі ұрпаққа керекті идеологияны қалыптастыруымыз керек.  Жазушылар, осы міндетке тартылмай отыр. Тарта алмай отырмыз. Бір жағы, кешегі коммунистік қоғамды құлатқан жазушылар ғой. Сондықтан қорқамыз. Өзіміз отырған орынтақтан қорқамыз. Түрлі жағдай бар.

Сәбит Мұқановқа тап бүгінгі көзқараспен қарасақ, белгілі жағдайда өткен заманның жыршысы. Кеңестік кезеңнің аса ірі жазушысы. Өзі өмір сүрген заманамен бірге жүремін деп ЗАМАНАЛАРДАН  артта қалып қойған жазушының бірі деп айтар едім. Олай деу  обал болмайтын шығар…

– Сәбит Мұқановтың алған білімі жайында не айтар едіңіз?

 – Сәбең молдадан білім алған. Ескі білім екі түрлі ғой, қадым және жәдид. Садриддин Аини, Берді Кербабаев, Сәбит Мұқанов бәрі де  қадымды сынап жазған. «Өмір мектебінде» Сәбең  жәдидшіл.  Шындығына келсек, Сәбит Мұқановтың – Мұқанов болып қалыптасқаны  қадымның арқасы. Жаңаша оқу дегенде, Омбы мұғалімдер семинариясын оқып бітірген адам. Ұстазы Мағжан Жұмабаев.

– Мағжан оқытқан ба?

– Иә. Бір жағы Мағжан Жұмабаевтың атқосшысы болған. Мағжанның үйінде тұрған.  Мағжан мен Сәбеңнің арасы қарасаң екі тап өкілі ретінде бір-бірімен қабыспайды. Сәбит Мұқанов бірнеше рет Мағжанды қимастықпен еске алады. Сәбең жарықтық, Мағжанның бар өлеңін жатқа білетін үлкен жадының адамы еді… Екеуінің арасында үлкен идеологиялық шекара тұр…

– Неге?

– Мағжан – ұлтшыл ақын. Ұлтшыл деген сөзден қорықпауымыз керек. Ұлтшыл деген сөзді жаман көрсеткен советтік идеология. Ұлтшыл болмай -ұлтқа перзент бола алмайсың. Сәбит Мұқанов тапшыл. Дүниетаным қайшылығы.

Сәбит Мұқанов Орынбордағы жұмысшы факультетін бірде бітірдім десе, бірде бітірмедім дейді.  Сауатсыздықты жойғаннан кейінгі курс сияқты нәрсе ғой. Сонда оқып жүрген кезінде Орталық атқару комитетінің мүшесі болған. Ол үкіметтің мүшесі деген сөз. Сонымен ол жерде де жүйелі білім алмаған. Дәл осы сәтті Ғабит Мүсірепов «Автобиографиялық  әңгімесінде» ептеп юмормен айтатыны бар. Одан кейін оқып білім алайыншы деп, Ленинград университетіне оқуға түскен. Кезінде түріктекті Бекетов басқарған аталған университет – зиялылық ұясы. Зиялы білім ордасында 1930 жылдары Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Саттар Ерубаев, Тайыр Жароков, Мұқамеджан Қаратаев оқыған. Ана жылы мен Саттар Ерубаев, Сәбит Мұқанов  туралы материал іздеп бардым. Ештеңе таба алмадым. Жас Сәбит бір жыл оқыған да оқудан шығып қалған. Шығып қалғаны біріншіден, білімі аз ілесе алмаған болуы керек, екіншіден  сол кезде «Адасқандарды» жазып жүрді. Жас уақытында шығармашылық қызығына беріліп кетті ме?! Жаңадан үйленген уақыты еді. Бала кезден досы Үмітбай Балқашевқа жазған хатында:  «Үміт бір жыл шыдап оқыдым. Бір жағынан оқу, бір жағынан жазу, бір жағынан тұрмыс ауыртпашылығын мен көтере алмадым. Енді оқуды жалғамай-ақ қоямын-ау» деген ой айтылады. Хатты Үмітбай Балқашевтан алғанмын, менде сақтаулы.  Сәбит Мұқанов  сөйтіп Санкт Петербургтен де  де орнықты білім алды, деу қиын…

Орнықты білімді Қызыл профессура институтынан алған.  Сәбеңе сабақ берген белгілі әдебиеттанушы Валерий Яковлевич Кирпотинге  1987 жылы  іздеп барып, жолықтым. Ол кезде 90 ға таянған қария екен. Нәсілі еврей.  Көп әңгімелестік. Жақсы кісі екен.  Сәбеңді өзінің жақсы көретін шәкірттерінің бірі ретінде еске алып  отырды. Осы институтта Сәбит Мұқанов, орнықты білім алды ғой, деп ойлаймын. Өйткені, жақсы оқымаса аспирантураға қалдырмайды. Сәбеңді 1935 жылы аспирантураға қалдырған. Сол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы, Мирзоян іздеп келіп: «Сіздің ойыңыз  ғалым болу ма,  жазушы болу ма? Егер ғалым боламын десеңіз, аспирантурада қалғаныңыз жөн. Сіз, жазушы боламын деп жүрген жоқсыз ба?! Олай болатын болса, елге келіп Жазушылар Одағын құрмайсыз ба? Жазушылар одағының жұмысын жандандырмайсыз ба?!» деп, елге шақырған. Сәбең аспирантураны тастап, елге келген. Сәбит Мұқановтың қазақы білімі замандастарының көбінен мол. Еуропалық білім жөнінен аздап ақсайды…

– Жазушының өзі түгілі жары Мәриям апай да аңызға айналған кісі болыпты ғой. Жазушы жары,  отбасы туралы  не айтасыз?

Біз, білімділік туралы айтқанда, атадан балаға қалатын дәстүрлі білімді ұмытып кете береміз. Әкеден балаға ауысатын генетикалық сүйегінде бар нәрсені ұмытып кету дұрыс емес. Сәбит Мұқанов өте текті, білімді атаның ұрпағы. Саясаттың солақайлығынан, замананың зәйілінен мінезінде  ұрыншақтық пайда болған. Большевиктік белсенділіктің бәлесі. Саяси ұрыншақтық деу керек  шығар. 1937 жылы партиядан шығарып жібергенде Сталинге жағынып өлең жазып, «көсемнің» туған күнінде баяндама жасап өзінің партиялық билетін қалпына келтірген «жағымпаз»… Бір өлеңі бар: «Мен кіммін деп мақтанамын, Коммунист жазушы Сәбит Мұқановпын деп мақтанамын» дейді. Алғашқы нұсқасында: «Мен кіммін, деп мақтанамын, Мен ұлы Сталиннің замандасымын деп мақтанамын» деген. Сталинді мақтап өлең жазбаған ақын-жазушы жоқ. Бірақ, бүгін қарасаң соның бірі жоқ.Ой, Алла-ай! Осыны, қай заманда да ескеру керек-ау, деймін.

Сәбит Мұқановтың жары Мәриям Мұқанова туралы айтқанда оған дейінгі тарихты да еске ала кетсек теріс бомас. Сәбеңе 22 жасында ағайындары айттырып Рахима Қосшығұлқызы деген қызды алып берген.  Сәбит Мұқанов музейінің директоры  тамаша ақын Әділғазы Қайырбеков, Рахима Қосшығұлқызының суретін  кітаптан  көрсетті. Уылжып тұрған әдемі қыз.   Арыстан деген ұлдары болады. Ол жылдары қазақты туберкулез қынадай қырған. Екінің бірі туберкулезден көз жұма берген. Оны «жіңішке ауру» дейтін болған. Рахиманы осы аурудан қайтты, одан туған бала да ұзамай көз жұмды, дейді Сәбең жарықтық «Өмір мектебі» мемуарында. Сол баланың атын,  Мәриямнан туған бірінші ұлға қойдық дейді. Біреулер айтады, Арыстан Рахима Қосшығұлқызынан қалған деп. Ол жағын білмеймін.

Мәриям апай, еркекшора өскен Омбы жағының қызы. Он бес жасқа келгенше басына бөрік, аяғына  саптама етік киген. Ер балаша киінген. Етігінің қонышында қамшы жүреді. Қамшымен тартып жібергенде бозбала, жігіттердің  өзі тызалақтап кетеді. Әкесі марқұм. Әкеден қалған жалғыз ұл ол да  түйнектен қайтыс болады.  Мәриям апайдың әжесі Зейнеп әулеттің анасы атанған кісі. Әулет түгелімен тыңдап, айтқанына тұратын болған. Жалғыз ұлы қайтыс болған соң, келінін, яки Мәриям апайдың шешесін немере ағайынына  қосқан. Мәриям апай әжесінің бауырында қала берген. Он бес жасқа келгенше Мәриям апайдың шашын әжесі қымызбен жуады екен.

Бұл әулеттің сөз ұстар адамы Абылай қажы, 1937 жылы атылып кетті.  Бай болмаса да, ақылды, парасатты кісі. Байларға жол көрсету үшін жалданып, әйтпесе, көңіл жетерлікпен қажылыққа екі рет барып қайтқан. Енді бір таза зиялы кісі. Ұмытпасам Ленинградта оқыған. Мұртты, шляпалы суретін көрдім. Он бес жасар Мәриямды Сәбит Мұқановқа тең көріп, Зейнеп жеңгесін көндірген, осы Абылай қажы. Бұл еш жерде айтылмайды. Мен, Мәриям апайдың өз аузынан естігенмін.

Абылай қажы 1937 жылы қамауға алынады. Сәбең түрмеде отырған қажыға бармақ болады.  Сәбең үйіне келіп алдымен Мәриям апайды түрмедегі Абылай қажыға жұмсайды… Абылай қажы қызына (Мәриям апайға) «Сәбит келмесін. Зияным тиеді, келмесін!»деп сәлем айтыпты. Шіркін, өзін емес, өзгені ойлаған, инсан адамдар-ай!

Әжесі Зейнеп жайында айтып қалдық. Қартайған Зейнеп Алматыда Сәбит пен Мәриямның қолында тұрады. Отызыншы жылдары қайтыс болады. Қызы мен күйеу баласы ақ жуып, арулап қояды. Қайда қояды? Алматыдан шығар жолда, сол жақ беткейде қорым болған. Соған қояды. Зираты Саттар Ерубаевпен іргелес түседі…

Соғыс жылдарынан кейін ескі қорым  орнына Автостанса жоспарланады. Үкімет мүшесі, Қазақстан жазушылар одағы Басқарма төрағасы Сәбит Мұқанов бір мал жаратып, молда апарып құран оқытып, Зейнеп енесінің сүйегін қазып алып, жолдың оң жағына жаңа ашылып жатқан зиратқа өз қолымен қояды. Қайта жерлейді.

– Үлкен адамгершілік екен. Ал Саттар Ерубаев сүйегі ше?

Саттар сүйегі «Автостанса» астында қала берген. Анасы құсадан өлген. Ағасы 1937 жылдың қуғынында… Кейін қазақтың жорға ақыны Қасымхан Бегманов ырымдап топырақ алып, құран оқытып, әлгі аталған «Ташкент зираты» аталатын қорымға қайта жерледі. Жерлестік. Қасымхан өз қаражатына басына ескерткіш қойды, айналайын!

– Бұл да тамаша азаматтық екен. Әрі қарай Сәбит Мұқановтың отбасына оралсақ…

Арыстан, Марат, Алтай, Ботажан атты  ұлдары, Баян, Жанна есімді қыздары болды. Бақытты отбасы боп тұрды. Ұлдар қайтты. Қыздар бар. Сәбит Мұқановтың айтатын бір сөзі бар: «Менің отбасым, қазақы қалпын сақтаған, урбанизацияға ұшырамаған отбасы» деп.  Екі келіні қазақ қызы. Екі келіні орыс қызы. Екеуі де жақсы жандар. Үлкен ұлы Арыстан. Өнертапқыш. Алматыда ірі зауыттың директоры болған кісі. Арыстанның жары Ғабит Мүсіреповтың қызы Энгелина. Өздері Ғалия дейді. Ғабең, еуропаша қалыптасқан жазушы ғой. Сондықтан, Энгелина деп қойған болуы керек қызының есімін. Қазақы, бірақ орыс тілді, өте жақсы кісі еді, марқұм. Энгелина Ғабитқызының : «Арстюк екеуміз папам мен мамамның қолында сегіз жыл бірге тұрдық. Сегіз жыл бағып-қақтық» дегені бар. Марат Мұқанов жаңа методологияны игерген соны буын тарихшы ғалым еді. Соңына қызықты, ғылыми құнды еңбектер қалдырып бақилыққа аттанып кеткелі бірсыпыра уақыт. Ол Москвада оқып жүрген кезінде Мариям есімді испан қызына ғашық болады. Алмақ болып таныстырмақ ниетпен ата-анасына көрсетеді. Әдемі-ақ еді, шіркін!-дейтін Мәриям апай. Шет елдің қызына үйленуге рұқсат етілмеген. Марат махаббат машақатынан біраз «жынды» суға салынған. Кейін бір татар қызын алды. Ұрпақ болмады. Кейін Мәриям есімді қазақ қызын алды. Сәбит есімді ұл перзент көрді. Сәбит Маратұлы Мұқанов… Қаз МУ-да оқып жүріп, қаза тапты. Мараттан ұрпақ баянды болмады.  Алтай әскери маман болды. Әйелі  Иванова қаласының қызы. Ол қыздар қаласы атанған мекен. Ботажан 1937 жылы туған. Қиын уақыт. Сәкен «Балаңның атын кім қойдың?-дейді. «Ботажан қойдым…» «Неге Бұзаужан қоймадың?» – дейді Сәкен. Эстет ақын Сәбиттей шәкіртінің тым қазақылау болмысын сынағаны болуы керек, абзалы. Ботажан Грузияның орыс қызына үйленеді. Мұрны сорайған, түр-келбеті орыс нәсіліне ұқсаңқырамайтын, Люда жеңгеміз келін болып түскен алғашқы күннен қазақша үйренгісі келіп еріне: «Мамама қазақша сәлем берейін. Қазақша сәлем қалай болады?» деп есендесудің қазақшасын сұрайды. Ботажан: «Бар да: «Мама ақша бер!»десең болғаны дейді. Люда төсектен тұрады да Мәриям апайға барып: «Мама, ақша бер!»-дейді… Мәриям апай: «Мына сорлы бала келін болып келмей жатып ақша сұрағаны несі деп ойланады. «Неге мұқтаж болып сұрап тұрсың ақшаны?» дейді келініне. Грузиялық орыс келін Ботажанның алдағанын біліп санын соғыпты…

«Дүние шіркін, дүркін, дүркін, өтеді бір күн…» Сәбит Мұқановтың балалары өмірден өтіп кетті. Қазақы жатырда жатқандарынан тартып, орыс келіндерінен туған балаларға дейін «шүлдірлеңкіреп» барып, қазақы болмысқа бет бұрды. Бәрі де  үйлі-күйлі, немерелі-шөберелі…

Жазушы жары – Мәриям апай жайында айтқанда Ғ.Мүсіреповтің ол кісіні «Мәриям әдебиеттің анасы» дейтіні бар. Сәбит Мұқановтай жазушыға қызметін бағалағаны. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәриям апай – Ел анасы» дегені тағы бар. Осының баршасы орынды сөз, орайлы бағалау! Менің құлағыма ер Баукеңнің(Момышұлы): «Егер Сәбит аға Мәриямдай сарамжал әйелге жолықпаса ұлылық биігіне жетер ме еді, жоқ па?» деген үні құлағыма келеді. Жақсы жар – жазушының байлығы! Жақсы жар – ұлт байлығы! Жақсы жардан жарамды азамат туады. Жақсы жатырда жатқан бала – ұлттың ертеңі…

– Сталинді мадақтап өлең жазған дедіңіз бе?

– Несі бар? Сталинді уақытында ұлы тұтып, кемеңгер көсем санап жырлаған ақындар Советтер одағында жыртылып айырылатын. Грузияның мықты ақыны Георгий Леонидзе «И.В.Сталин» аталатын эпикалық поэма жазған. Ұмытпасам, поэмасына Лениндік сыйлық алған. Ә, айтқандай Ленин атында Лениндік сыйлық тағайындалғанын бүгінгі оқырман біле бермеуі де мүмкін… Болған сондай сыйлық. Ең биік сыйлық аталған. Әсіресе жазушы ағайындар жолында қырқысып өліп қала жаздайтын уақытында. КСРО басшысы Л.И.Брежнев өзінің кеудесіне тағып алды да Лениндік сыйлықтың қадірі бір күнде оңып жүре берді. КСРО құлаған соң ызым-қайым жоғалды… Біздегі секілді ғой. Мемлекеттік сыйлықты атақты халтурщикке беріп еді, мән-маңызы кетіп тынды… Қазір кімде-кім Мемлекеттік сыйлық алса, «Е, ана классик-халтурщиктен кейінгі жағымпаз, жалдап осы болды деп отыратын болдық!

Сәбит Мұқанов жарықтық, Сталинге өлең арнаумен шектелсе мейлі-ау. Қазақстанның сол кезгі басшысы Мирзоянға кітап арнаған… Жоғарғы кеңес басшысы Елтай Ерназаровқа мадақ өлең жазып, ұстазы Сәкен Сейфуллиннен ұрыс естіген… Көп қой ондай жағдай…  Адами осалдық қой.

– Сонда Сәбит Мұқановты бүгінгі қазақ жазушылары секілді жағымпаз болған деуіміз керек пе?

– Иә, тап солай! Жағымпаз. Кеңестік кезеңнің жазушыларының  бірсыпырасы жағымпаз болды. Сталин өзін культ ету үшін жазушыларды солай икемдеді емес пе?! Тіпті шет ел жазушыларын шақырып, жақсылап қонақ етіп, өзін сырт елдерде мақтататын болған Стекең…

– Қазақстан басшылары болған Шаяхметов, Қонаевты да мадақтап өлең жазған шығар онда?

– Жоқ. Олай етпеген. Сәбиттің жағымпаздығы – замана дерті. Ол кезде заман – қасірет заманы еді. Ол тірі қалу амалы дерлік болатын. Ал бүгінгі халтурщиктердікі нағыз жағымпаздық… Жұртты тура жолдан адастыру амалы… Абай айтпайтын ба еді: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап…»-деп… Оларға басшылықтың қалай сенетініне таңмын. Халтурщиктің күндіз-түні ойлайтыны қарақан басының қамы… Басқа ештеңе де емес. Сәбит Мұқановтың жағымпаздығын олармен салыстыруға болмайды, ойбай! Екеуінің үш қайнаса сорпасы қосылмайды, ойбай! Халтурщиктердікі қатын ойбай, Сәбең жарықтықтікі халықтық ойбай!

Сәбит Мұқанов Сталинге жағымпазданса – жаны үшін, халқы, ұлты үшін жағымпазданады. Есесіне кейде оңдырмай сынайтыны болады.

Онеро де Бальзак өзін француз қоғамының хатшысымын деген. Сол секілді Сәбит Мұқанов та өзінің бар саналы ғұмырын қазақ қоғамына арнаған адам. Ұлтын сүйді, қазағын шексіз жақсы көрді. Совет өкіметі, кедей табы деп жарғақ құлағы жастыққа тимейтін ол туған халқы үшін өз кезеңіндегі басшылардың қай-қайсысымен де ұстаса кетуге, сайыса жөнелуге дайын тұратын. И.В.Сталинді әшкерелеуге, Н.С.Хрущевті сынауға Сәбеңдей атсалысқан жазушы жоқ қазақта. Сол Стекең ұнатып оң жағында ұстаған Ж.Шаяхметовті «Тыңдағы толқындар» романында Шайгөз Амандықов атап, қазақ жерін тың игеру себебімен ту талақайын шығарды деп  қатты сынаған Сәбит Мұқанов! Хрушев Республика басшылығынан Д.А.Қонаевты ығыстырып, орнына И.Юсуповты отырғызғанда қарсы болып сөйлеген, конфликт өрбіген сәтте (Жазушыға салынатын жеке үйдің қаржысын тоқтатып тастағанда), Орталық Комитеттің мүшесі ретінде еркін кіріп, столындағы мәрмәр сауытпен Исмайыл екеңді сұлата жаздаған Сәбит Мұқанов! Өзі қолдап, қорғап жүрген Қонаевты Теміртауда көтерілген жұмысшыларға оқ атылғанда Жоғарғы Кеңесте аймандай қылып сынайтын тағы да Сәбит Мұқанов!

Міне, Сәбит Мұқановтың шын жазушылық, қайраткерлік, кісілік келбеті!

– Қиын да қызық тағдыр екен де Сәбит Мұқановтың тағдыры! Сіз осындай қайшылықты тұлға, қазақ әдебиеті классигі Сәбит Мұқанов әдеби мұрасын ыждаһаттылықпен зерттеп, шығармашылық тағдырын табысты талдап келесіз. Азапты әрі ләззатты шығармашылық процесстің қаламгерлік құпиясын қаншалықты аша алдым деп ойлайсыз?

Әзелден жазушы жұмбақ жаратылыс. Ұлы Абай айтпас па еді: «Мен бір жұмбақ адаммын…» деп. Жазушы, негізі алдымен өзін жазады. Сәбең, кейіпкерлеріне өзінің жан дүниесінен байлық бөліп бере білген ірі жазушы. Жазушы, жұмбақ дедік, жұмбақты ақи-тақи ашып тастау әсте мүмкін емес. Онда, ол жұмбақ болмағаны. Біз, кейде ойын күлкімен жүретін азаматтарды қайғысы жоқ, бақытты азамат деп ойлайтынымыз бар. Бұл сырт көрініс.  Олай емес қой бірақ.  Жалпы адам жұмбақ.  Жазушы, тіпті жұмбақ. Мен жазушының шеберханасына оның дүниетанымы арқылы келдім.  Эпистолярлық, мемуарлық дүниелерін ыждағаттадым, айтқан әңгімелерін, замандастары естелігін жазып алдым. Естеліктер жаздырып Сафуан Шаймерденов  аға екеуміз «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» аталатын естелік кітабын шығардық. Сондай материалдардан «Сәбит тағылымы» аталатын кітап жинақтадық.  Жазысқан хаттары ізімен сапарларға барып, кейіпкерлерінің жан дүниесіне үңіліп, жазушының шеберханасын бірсыпыра аштым. Жазушының өмірін, шығармашылық  тағдырын шеберханасы арқылы зерттеуге жарты ғұмырымды арнаппын. 5 кітабым шықты,  200-300 дей мақала жаздым. Мұнымды Сәбеңнің замандастары өте жақсы қабылдады. Әбділда Тәжібаев, Сәбит Мұқановты көзін тауып жазып жүргенім үшін,  бауырына тартып жақсы көрді. Замандастарының қай-қайсысына да орайын тауып зерттегенім үшін  сүйкімді көріндім.

Зерттей берсе Сәбеңде жазатын мәселе  көп-ақ. Орыс секілді жазушылық мәдениеті ғасырлап қалыптасқан  ұлтта  бір тұлғаны бірнеше адам зерттейді. Бір А.С.Пушкиннің айналасында 700 адам кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған дейтін ана жылдары. Ту бастауынан түсіп Стелла Абрамвичке («Пушкин 1836 жылы..» аталатын кітап жазған) дейін бір сүзіп шыққан еді. Өйткені әдебиеттегі тұлғатану А.С.Пушкинді танудан басталады.  Бір Л.Н.Толстойды Ермилов, Фортунатов секілді бірнеше маман зерттеді. Лабораториялық зерттеушілерді ғана атап отырмын. Бізде бір тұлғаны зерттеумен көп болса бір не екі адам ғана айналысады. Қазіргі таңда Сәбит Мұқановтың бірден-бір зерттеушісі ретінде мойындалған адаммын. Оған бір жағы қуанамын, бір жағы жаным құлазып ызаланады.. .

– Неге?

– Сәбит Мұқановты, неге жалғыз Құлбек Ергөбек зерттеуі  керек? Ергөбектің Мұқановты зерттеудегі жетістігі де, қол жеткізе алмаған кемшілігі де зерттелуі керек.  Мұқановты, бүгінгі оқырманға етене ететін, сүйікті ететін жаңа зерттеушілер шықса, деп армандаймын.

– Шығармашылық шеберхана! Өзіңіз айтқандай бұл – шет ел әдебиетінде бар, әбден орныққан, қалыптасқан зерттеу саласы. Қазақ әдебиеттану ғылымында неліктен дамып кете алмай келеді?

Шеберхананы зерттеу қиын. Шеберхананы зерттеу үш этаптан тұратын дүние. Біріншісі,  шығарманың жазылу тарихы, бір шығармамен шектелуге болады. Екіншісі, шығармашылық шебеханасы. Мұнда барлық шығармасын қарастыруың керек. Үшіншісі, жазушылық психологиясы. Ол үшін адам ретінде де, психология ілімінің әдісімен келуің керек, философиялық тұрғыдан келуің керек. Бұған, тек әдебиетші болу  аздық етеді. Бір жазушының еңбегін қарастыруда осыншалықты азапты бейнетті дүниеге ешкім де өзін байлағысы келмейді. Аз болатын себебі сол.  Маған дейін де қазақ әдебиетінде  шығармашылық шеберхана зерттеудің әп-әдемі үлгілері болған. Филология ғылымының кандидаты, Серік Мақпыров «Ботагөз» романының шеберханасын сәтті  қарастырған. Жап-жақсы дүние. Зәки Ахметов, «Абай жолы» романының жаратылысын, образдар жүйесін методологиялық биікке көтеріп отырып ашқан. Жанғара Дәдебаевтың «Жазушы  еңбегі»  Мұхтар Әуезовтің шеберханасын әдемі ашады. Тұрсын Жұртбай, Талапбек Әкімов те «Абай жолы» романына белгілі бір жанр жүйесімен келеді. Әуезовтің айналасында бірсыпыра зерттеулер бар.  Санк-Петербургте 1980 жылдары «Мейлах зерттеу мектебі» деген болды. Жазушы тағдырын  шығармашылық психологиясы тұрғысынан қарастырудың асқан қызықты үлгісі  болатын. Кудрявцев «Достоевскийдің үш айналымы»  аталатын қызықты зерттеу жазған философ. Жазушы жұмбағын шешуге деген талпыныстың бір үлгісі міне, осы философиялық зерттеу!

– Бүгінгі жазушыларға  Сәбит Мұқановтың несі жетіспейді, нені үйренуі керек?

– Сәбит Мұқанов бар қайшылығымен қазақ әдебиетіндегі жазушылық мектептің ірі тұлғасы. Мұхтар Әуезовтен, Ғабит Мүсіреповтен, Әбділда Тәжібаевтан, Қасым Аманжоловтан үйренетін ақын-жазушылар, Сәбит Мұқановтан да үйренуі керек. Сәбит Мұқановтың  дүниетанымы,  эпикалық ойлау жүйесі мейлінше кең. Бір қоғамның бүкіл тынысын бір романға сыйғызып бере білетін жазушы.  Мұқановтың осы шеберлігі, алымды-шалымдылығын бүгінгі жазушылар үйренсе, шіркін!  Өзі коммунист, белгілі бір дәрежеде Алашордаға қарсы бола  тұра, өзінің ұлтын өлердей сүйген адам. «Коммунист Сәбит Мұқановтың ұлтшылдығы» деген мақала жаздым. «Егемен Қазақстан» газетінде  бір бет боп шықты. Бүгінгі біздің жазушыларға жетпейтін осы болуы мүмкін. Мұқановтың осы позициясын үйренсе жарасар еді…

– Сіздің әңгімеңізге қарағанда Сәбит Мұқановты түсіну қиынның қиыны секілді ғой, аға?

Сәбит Мұқановты түсіну үшін бір түйеге жүк боларлық тұз жеу керек, қарағым!

Гүлжаз ҚЫДЫҚБЕКОВА,

Түркістан қаласы

Осы айдарда

Back to top button