Назым сөз

Әр жүректе жылап жатыр бір – Жалғыз…

 

  • Мәлікова Динара Ерболқызы 1988 жылы 16-қазанда дүниеге келген.
  • Қызылорда облысының тумасы. «Шабыт» Халықаралық фетивалінің лауреаты.
  • Республикалық  әдеби конкурстың «Алтын қалам» иегері.
  • Халықаралық «Махаббат жырлары» мүшәйрасының І орын иегері.
  •  «Қиялыма сия алмаған екенмін…» /2012 жылы/,
  •  «Гүл қауызындағы хаттар» / 2013 жылы/ атты жыр жинақтарының авторы.

 

Бұрын мені сүймегендей жан адам,

Ой ішінен сезім таппай оралам…

Көңілімді қыс кетті ме суытып,

Кім болды екен, тонаған?

 

Бұрын мені құшпағандай бір адам,

Сезім қалды су бетінде жылаған…

Толқынменен тербелгенім есімде,

Ол кім еді ұнаған?

 

Үмітіңді нұр етеді үн деген,

Мен ешкімді тәріздімін сүймеген.

Бір құшаққа құлап барып қурайтын,

Бақытты ма гүл менен?

 

Махаббаттың маздаттым ба шырағын,

Қашан, қай кез, кімге арналды бұл әнім.

Гүлді адамдар бақытты деп ойлайды,

Бөліп алып сыңарын.

 

Көкіректің көзін ашып күн көрер,

Табиғат та тілін жұтып сенделер.

Жұп болуға міндетті екен тек қана,

Жер бетінде пенделер!

 

Тау секілді кеудемізде орман-құз,

Бұл жалғанда, бір арманға қорғанбыз.

Сыздататын, мұздататын сыр бермей,

Әр жүректе жылап жатыр бір – Жалғыз…

***

***

Саусақ пен саусақ сөйлесіп,

Дене мен дене үйлесіп.

Тереңге кеттім шым батып,

Шыға алмай ғажап күй кешіп…

Көзіңмен көзім сырласып,

Түсіндік іштей «ымдасып»…

сұраса біреу айта сал:

«қыз емес маған, жыр ғашық»!

Ерніме ернің еркелеп,

Ебін бір тауып өртемек.

Əуен боп қалқу үшін де,

Адамға аздау шер керек!

Үнсіздігіммен алысып,

Мұңымды жұттың тауысып.

Төзімі түннің сөгілді,

Сезімнің есі ауысып!

Жүрек пен жүрек ұғысып,

Суынып кетпей тұр ысып…

Гүлденіп жатты апыр-ай,

Қызғалдақ-ғұмыр бүрісіп…

Тие алмай жерге табаным,

Желменен жүйткіп барамын.

Тартылып барам теңіздей,

Жарыққа сіңіп жанарым… …

Дидары жердің нұр екен,

Түсім ғой деймін…тірі екем…

Сұлулығым қағып кірпігін,

ғаламды сүйіп тұр екен!…

 

****

Сағынсам да ыстық отқа оранып,

Кездесе алман, ол — анық.

Екеумізді алыстатып сынаған.

Жер мен Көктей аралық.

 

Сен жүретін көшеменен, қаладан,

Сенсіз жүріп соқпағымды қалағам.

Бұрылуға, ұғынуға, хақым жоқ,

Жалғыз болсаң, жалғыз жүріп таба алам!

 

Іздегенде мұң татыған уым боп,

Тіл ұшында күрмелесің жырым боп.

Сен болмаған тағдырымды қайтейін,

Құмырсқадай құным жоқ! Күнә жайлы,

 

Ей, Жарық күн қозғама,

Күнәм жайлы күбірлесін сөз ғана.

Өмір сүріп кетуіме рұқсат ет,

Сүйіп тұрып, сағынайын … аз ғана!

 

****

Кезім жоқ өзіңді жек көрген,

Қызғанып едім ғой көктемнен.

Ол сені сүйеді жыл бойы,

Ол сені менен де көп көрген.

Сырдың бұл сиқырын кім білген,

Қызғанып жүр едім гүлдерден.

Аз ғұмыр жайқалып тұрса да,

Құшақта қуанып үлгірген.

Қызғандым, Сен тұрған қаладан,

Көркіңе сүйсініп қараған.

Көзіңе мен ғана сыюшы ем,

Дәл қазір сыйып тұр бар адам.

Жып-жылы шуағың тараған,

Қызғанғым келмеді ауадан.

Періштем, білем ғой мен оны,

Ауасыз қай маңнан таба алам?

…Қызғанбау үшін де күрестім,

Көктемге, гүлге де тірексің.

Қалада, ауада жүр аман,

Мен саған болайын тілекшің…

 

Ілмектер

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close