ТаңдаулыТүркі жұртында

ТҮРКІСТАН ЖАП-ЖАСЫЛ БОП ЖАЙНАП ШЫҒА КЕЛМЕК

4 жылда облыстың 7700 гектар жеріне көшет егу жоспарланған

Көне шаһардың қысы жайлы болғанымен, жазғы аптап ыстықта саялайтын тал жоқ әрі онда жыл он екі ай жел азынайды да тұрады. Осындай табиғи ерекшелігі оның облыс орталығы мәртебесіне сызат түсіре алмасы анық. Алайда тұрғындар мен қалаға келетін қонақтарға қолайлы жағдай туғызу керектігі тағы бар. Осы ретте облыс әкімі Ө.Шөкеев Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибесін енгізуді жөн санап отыр. Ол қаланы айналдыра қоршай орманды алқап отырғызу арқылы жасыл белдеу  құру. Бүгінде аталған бағыттағы жұмыстар қолға алынып, қарқынды жұмыс басталып та кетті.

Бүгінге дейін қанша түп ағаш отырғызылды? Алдағы уақытта қанша көшет егіледі? Табиғат пайдалануды реттеу басқармасы журналистермен өткізген брифингте осы сауалдарға жауап берді.

ДАНИЯР Сейітов, Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшы орынбасары:

– Жалпы бағдарлама 4 жылға жобаланған. Онда  7700 гектар жерге көшет егу жоспарланған.  Былтыр 2300 гектарға ег, биылға 2400 гектар жоспарланған болатын. Биыл соның 1234 гектарына көшет отырғызылды, қалған 1166 гектар жер егілуге дайын.

Айта кету керек, жалпы қала сыртындағы 7700 гектар алқапты орманға айналдыру мақсатына қазынадан 3 млрд 895 млн теңге қаржы бөлінген.  Бұл алқаптардағы бұталарды суару мен күтіп баптау «Түркістан жасыл аймақ» коммуналдық мекемесіне жүктелді. Жас өскіндерді күтіп баптау жұмыстарына 46 техника мен 454 маман жұмылдырылған.

ӘБУТӘЛІП Құламетов, «Түркістан жасыл аймақ» КММ директоры:

– 2019 жылы 2300 га 1 млн 34 мың дана көшет егілген болса, олардың өнімділігі төмен дәрежеде болған. Себебі әртүрлі технологиялық жағдайлардың әсері осындай жағдайларға алып келген. Қазір ол қалпына келтіріліп жатыр. 2020 ж көктем мезгілінде 1200 га жерге ағаш көшеттері отырғызылған.

Табиғат пайдалануды реттеу басқармасы журналистермен өткізген брифингте бүгінде қаланы жасылдандыру мақсатында сәндік ағаштар емес, жергілікті табиғатқа бейімделген ағаштарды отырғызуға басты назар аударылғанын атап өтті.

Ендеше, шіліңгір шілдеде 50 градусқа дейін ыстық болатын Түркістанға туристер ойланбай келулеріне болады, себебі бұдан былай қалада пана болатын көлеңке ағаштар табылады. Тіпті көп ұзамай, таяу жылдары-ақ Түркістан қаласы жасыл желекті  гүлденген қалаға айналмақ.

«Сарасөз-ақпарат»

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close