Гүлжазым

Профессор Муса Йылдызбен сұхбат

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің

Өкілетті кеңес төрағасы доктор, профессор Муса Йылдыз

«Сарасөз» журналына  сұхбат берді

Мұса мырза, өзіңізге де белгілі, кез-келген елдегі білім беру ұйымының құндылығы мен беделі ондағы оқу нысандарының көптігімен, материалды-техникалық жабдықталу деңгейінің жоғарылығымен өлшене бермейді. Оның ең басты өлшемі – әлбетте, білім сапасы. Сондықтан, бауырлас қос мемлекеттің басшыларының білім ордасы ретінде киелі шаһар һәм рухани астанамыз Түркістанды таңдауының ерекше мәні бар деп ойлаймыз. Осы тұрғыдағы көзқарасыңызды бізбен бөлісе отырсаңыз.

 

Әуелі, менімен сұхбаттасуға ниет танытып, зор ілтипат көрсетіп отырған «Сарасөз» журналының басшылығына ерекше алғысымды білдіргім келеді.

Дұрыс айтасыз, кез-келген білім беру ұйымының құндылығы мен беделін оның материалды-техникалық инфрақұрылымының деңгейімен өлшеу жеткіліксіз. Оның ең басты өлшемі – әлбетте, білім сапасы. Алайда, білім сапасын барынша жақсарту үшін міндетті түрде аталмыш факторлар мен білім беру қызметі арасында өзара тығыз байланыс болуы тиіс.

Оқу ордамыздың сәулет және құрылыс жобасындағы ғимараттар мен нысандардың құрылысы толық аяқталған. Бүгінгі таңда университетіміз материалды-техникалық жабдықталу деңгейі жағынан Қазақстанның көшбасшы оқу орындарының қатарында деуге болады. Білім беру және ғылыми-зерттеу қызметтерін одан әрі дамытып, көпке үлгі боларлық, халықаралық беделге ие білім ордасына айналу бағытында нық қадам басып келеміз.

Университетке Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімінің берілуі кездейсоқ емес. Сонымен қатар, ұлы данагөй бабамыздың есімімен аталған оқу ордасының іргесін Түркістанда қалау ниеті де осы киелі шаһардың тілі бір, діні бір, ділі бір, рухы бір түркі тілдес халықтардың рухани құндылықтарын сонау Азияның, Африканың және Еуропаның шалғай өңірлеріне дейін жеткізіп, ізгіліктің туын биікке көтерген небір ұлы тұлғалардың алтын бесігіне баланған киелі мекен һәм тарихи-мәдени астана болуынан туындаса керек деп ойлаймын.  Түркістан – тағылымы мол тарихымен әлемде өз орны бар тарихи-мәдени орталық һәм білім-ғылым ошағы. Тарихта «түркі ренессансы» деп аталған өркениеттің негізі де, міне, осы Түркістан топырағынан бастау алған.

Қожа Ахмет Ясауидің ілімі мен тәлім-тәрбиелік ұстанымын дәріптейтін оқу ордасын Түркістанда ашу идеясы да – дөп түскен тамаша шешім. Өйткені, Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Қожа Ахмет Ясауи бабымыздың ісін жалғастырушы шәкірттері мен жолын қуушы ізбасарлары жер бетінің түкпір-түкпіріне сапар шегіп, бұқара халықты дана ұстаздың ілімімен сусындатуда ерен еңбек сіңірген. Ендеше, осынау ұлы істі одан әрі жалғастыру ниетімен университетті Түркістанда ашу және оған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімін беру – құптауға тұрарлық маңызды шешім. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев университетіміздің іргесі қаланған алғашқы жылдары «Түркістанда ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті туысқан екі халық арасындағы байланысты нығайтып қана қоймайды, ол Түркістанды түркі әлемінің ортақ оқу ордасына айналдырады» деу арқылы Түркістанның беделін қайта жаңғыртуды қалап, Қазақстанды және өзге де түркі тілдес елдер мен қауымдастықтарды Қожа Ахмет Ясауи мен оның тағылымы мол мұрасының ажырамас бөлшегі саналған білім мен ғылымға баса ден қоюға шақырған.

Осы орайда, оқу ордамыздың іргесі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген көшбасшылық қабілетінің арқасында 1991 жылдың маусым айында Түркістан мемлекеттік университеті ретінде қаланғандығын да айта кеткен жөн болар.

 

Түркі әлемінің ортақ оқу ордасына айналған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ширек ғасырлық тарихында түркі әлемінің рухани құндылықтарын жаңғыртуға нендей үлес қосты және келешекте бұл бағытта қандай іс-шаралар атқарылмақ?

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 25 жылдық тарихында “білім мен мәдениеттің дамуына дәнекер болу” миссиясын адал орындап, туысқан һәм бауырлас Қазақ елімен екіжақты байланысты нығайтуға сүбелі үлес қосып келеді. Құрылған сәттен бастап күні бүгінге дейін түркі әлемінің білім және мәдениет кеңістігінде жұлдызы жарқырай түскен оқу ордамыз, әлбетте, бұдан былай да болашаққа бағдарлы биік мақсаттарға қызмет ете бермек!

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті күн өткен сайын жедел дамып, өркендеп келеді. Бүгінгі технологиялық жаңғыру дәуірінде жоғары оқу орындарының білім мен ғылымға көңіл бөліп қана қоймай, пәнаралық ғылыми зерттеулердің аясында жаңа технологияларды өндіруге және пайдалануға ынталылық танытуы қажет. Сондықтан, оқу ордамызда бәсекеге қабілетті, жаңашыл бастамалар мен жобаларды қолдау қағидасына басымдық беріліп, ғылыми ізденістерді тұрақты жүргізу және толыққанды аяқтап, іске қосу үшін бірізді жұмыстар атқарылуда.

Оқу орнымыздың Түркия Республикасы мен өзге де түркі тілдес елдер мен қауымдастықтар үшін маңызы зор. Өйткені, түркі әлемінің ортақ білім ошағына айналған университетімізде түркі тілдес елдер мен қауымдастықтардан келген жастар білім алып, ортақ тілімізді, тарихымызды және мәдениетімізді оқып-үйренуде. Атақты түркі шығыстанушысы Исмаил Гаспыралының «Ойымыз да, тіліміз де, іс-әрекетіміз де бір болғай!» деген түсінігі аясында еңбек етуге тырысудамыз. Сан алуан тіл мен мәдениеттің өкілдері саналатын студент жастарымыз Қазақстан мен Түркияның осынау ұлы міндет жолындағы тікелей қолдауының арқасында университет қабырғасында етене араласып, ортақ мәдени құндылықтарды бойларына сіңіруде. Қазақ тілімен қоса түрік тілін де меңгеруде. Түркі әлемінің болашағының жарқын болуына бағыт-бағдар беретін жалынды жастарды тәрбиелеу міндетінің оқу ордамызға жүктелуі – біз үшін зор мақтаныш!

Ясауи бабамыздың түркі халықтарын біріктіруші рөлін одан әрі жалғастыру бүгінде университетіміздің басты миссиясына айналып отыр. Себебі, түркі әлемінің түкпір-түкпірінен келген жастар оқу ордамыздан түлеп ұшқаннан кейін Ясауи бабамыздың шәкірттері мен ізбасарлары секілді әртүрлі өңірлерге барып, сол жерлерде Ясауи бабамыздың дара тұлғасын һәм біздерді танытып жатса, өз миссиямыздың орындалғаны. Ендеше, 21 мемлекеттен келген 33 түркі тілдес ұлт пен ұлыстың өкілі саналатын жастардың басын қосып, оларды білім және ғылым нәрімен сусындату – кез-келген жанның маңдайына бұйыра бермейтін бақыт! Күні бүгінге дейін оқу ордамыздан түлеп ұшқан жетпіс бес мыңнан астам шәкірттің түркі әлемінің түкпір-түкпірінде Ясауи бабамыздың салып кеткен сара жолын жалғастырып жатқаны да біз үшін зор мақтаныш!

 

Университеттің бәсекелік артықшылықтары мен қол жеткізген жетістіктері туралы әңгімелеп берсеңіз…

 

Жоғарыда да айтып өткенімдей, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Қазақстандағы өзге де жоғары оқу орындарынан ең басты артықшылығы түркі тілдес елдер мен қауымдастықтардан келген жастарға білім беру міндеті жүктелген жалғыз жоғары оқу орны болуында. Қазіргі таңда оқу ордамызда 21 мемлекеттен келген 33 түркі тілдес ұлт пен ұлыстың өкілі саналатын жастар білім алуда. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда шет мемлекеттердің қатысуымен көптеген жоғары оқу орындары ашылса да,  әлемдегі бірден-бір оқу орнында біздегідей түркі тілдес ұлт пен ұлыстың өкілдері көптеп оқымайды. Міне, осындай бәсекелік артықшылығымыздың арқасында халықаралық мәртебеге ие болып отырған жайымыз бар. Дейтұрғанмен, ақпараттық технологиялардың білім беру үдерісіндегі қолданыс аясын кеңейту және тиімді пайдалану үшін теориялық білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, маман тапшылығы байқалған және мол сұранысқа ие мамандықтарды дамытуға ден қою қажет. Технологияға негізделген оқыту мүмкіндіктерін мейлінше ұтымды пайдаланып, білім беру ісін жетілдіру керек.

Әсіресе, отандық медицина саласындағы ғылым докторларының 50%-ға жуығы біздің университеттің түлегі екенін естігенде кеудеңді ерекше мақтаныш сезімі билейді. Әрине, медицина саласында қол жеткізген осынау жарқын жетістіктеріміз де өзінің лайықты бағасын алып, оқу ордамыздың Клиника-диагностикалық орталығы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Экономика министрлігінің 4 бірдей марапатына ие болды. Атап айтқанда, Клиника-диагностикалық орталығының ұжымы 2016 жылдың қорытындысы бойынша атқарған игі жұмыстары мен қол жеткізген айтулы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Гиппократтың ұлы мұрагері» атағын иеленді. Үстіміздегі оқу жылынан бастап дербес факультетке айналған Стоматология факультетінің де алдағы уақытта өз түлектері арқылы Қазақстандағы һәм түркі әлеміндегі игі бастамаларға сүбелі үлес қосатынына кәміл сенімдімін.

 

ЮНЕСКО деңгейінде 2016 жыл «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жарияланды. Сіздің ойыңызша, бүгінгі таңда Ислам ғұламаларының өмірі мен еңбектері қаншалықты дәріптелуде? (Сондай-ақ, «Қожа Ахмет Ясауи жылы» аясында атқарылған іс-шаралар туралы да азды-көпті мәлімет бере кетсеңіз)

Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың түркі халықтарының рухани дүниесінде сан ғасырлар бойы өшпес ізін қалдырған сопылық ілімінің негізін қалаушы, Арыстан бабтан қабылдап алған аманатты хорасандық алып ерендері арқылы тағылым толы хикметтерінің тілімен төрткүл дүниенің төрт бұрышына жеткізе білген ұлы ойшыл, ғұлама ақын екені баршаға белгілі.

Қожа Ахмет Ясауидің жаққан білім шырағын сөндіріп алмай, Орта Азиядан сонау Анадолы мен Балқан өлкесіне дейін жеткізген ұлы тұлғалардың арасында Қажы Бекташ Уәли, Мәулана, Юнус Эмре, Қажы Байрам Уәли, Гүл баба, Сары Салтук сынды түркі халықтарының біртуар азаматтары болған. Олар ұлттық, діни және адамгершілік тақырыптарында жазған соны туындылары арқылы Анадолы мен Балқан өлкесінде түркілік болмыс пен сананың кең етек жаюына сүбелі үлес қосып, түркі жұртының қонысын едәуір ұлғайтқан.

Бүгінде Ислам ғұламаларының өмірі мен еңбектері жайлы деректерден азды-көпті хабардармыз. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Себебі, түркі әлемінің бірлігі мен татулығына арқа сүйеу қажет болған осы заманда әртүрлі мәзхабтар, жамағаттар, ағымдар және тариқаттар арқылы көрініс тапқан дінге жат іс-әрекеттерді ауыздықтауға шақыратын һәм адамгершілікке, ізгілікке, қоғамдық келісімге үндейтін Қожа Ахмет Ясауи сынды түркі-ислам ғұламаларының пікірлері мен көзқарастарын мейлінше кеңінен танытып, дәріптеу қажет.

Қазіргі таңдағы діни мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік беретін терең пайым мен толымды толғаулардың жиі-жиі талқылануы осы тұрғыдан алып қарағанда өте маңызды. Мол мәдени мұрасымен жаһандық өркениеттің өзегін құраған түркі-ислам өркениеті сыртқы күштердің жоспарлы іс-әрекеттерінің нәтижесінде соңғы жүз жыл ішінде өз болмысы мен құндылықтарынан айрылуға шақ қалды. Сондықтан, Ислам әлемінің осынау қиын-қыстау заманда еңсесін тіктеп, ертеңін сақтап қалуы үшін, әлбетте, рухани қайта жаңғыруға қажеттілік туындап отыр.

ЮНЕСКО деңгейінде 2016 жыл «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жариялануына орай 2016-2017 жылдарын ұлы бабамыздың мол мұрасын дәріптеуге арнап, екі жыл ішінде 410 іс-шара өткіздік. Атап айтқанда, доц.м.а., фил.ғ.к. Мұстафа Татжының жауапты редакторлығымен Қожа Ахмет Ясауидің бүгінге дейін табылған хикметтерінің шағатай тіліндегі түпнұсқалық мәтіндерімен бірге түрік тіліндегі аудармасы жинақталып, «Диуани Хикмет Қожа Ахмет Ясауи» атты еңбек жарық көрді.

Өкілетті кеңес басқармасы мен Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) демеушілігімен «Қожа Ахмет Ясауи» атты сазгерлер сайысын ұйымдастырдық. Жүлделі орындарға ие болған сазгерлердің туындыларын жинақтап, CD түрінде басып шығардық. Жас ұрпақты Ахмет Ясауи бабамыздың өмірімен таныстыру мақсатында ұлы тұлғаның өмірі туралы 16 беттік кітапшаны да кішкентай оқырмандарымызға тарту еттік. Сондай-ақ, зағип және мылқау жандарды да ұмыт қалдырмай, Қожа Ахмет Ясауидің өмірін, еңбектерін, хикметтерін және дереккөздерін арқау еткен һәм арнайы дыбысталған және нүктелі-бедерлі қаріппен жазылған «Ахмет Ясауи» кітабын да жарыққа шығардық.

Тағы да Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) демеушілігімен Қожа Ахмет Ясауидің есімімен аталатын жалпы орта мектептер мен лицейлерде Ахмет Ясауи бұрышын ашып, онда осы күнге дейін жарық көрген ұлы бабамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған еңбектер мен туындылардың нұсқаларын қойдық.

Танымал мемлекеттік қайраткерлер мен белді ақын-жазушылардың қатысуымен «Диуани хикмет» тақырыбында арнайы кездесулер өткізе бастадық. 2016 жылдың 12-қаңтарында өткен алғашқы кездесуімізге Түркия Республикасы Президенті Кеңсесінің бас хатшысының орынбасары мен баспасөз хатшысы, сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес мүшесі доцент, доктор Ибрахим Калынды арнайы шақырдық. Күні бүгінге дейін осындай кездесулердің 16-сын өткіздік.

Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында Стамбул қаласында ашылған түркі тілдес халықтардың этноауылында «Қожа Ахмет Ясауи» киіз үйін тіктік. 2016 жылы сәуір айының 28-30 күндері аралығында Анкарада «Қожа Ахмет Ясауи» атты халықаралық симпозиум ұйымдастырдық. Осы симпозиумның екіншісін осы жылы сәуір айының 25-26 күндері тағы да Анкарада өткізуді жоспарлап отырмыз. 2016 жылы сәуір айының 13-15 күндері аралығында Түркістанда ғылым, спорт және мәдениет саласында «Қожа Ахмет Ясауидің ізімен: жаһандық келісім және ізгілік жолы» атты халықаралық симпозиум өткіздік. Сонымен қатар, Түркияның PTT (пошта, телефон, телеграмма) мемлекеттік мекемесімен бірлесіп, «Қожа Ахмет Ясауи» пошталық маркасын басып шығардық. Ал, 2016 жылдың 22-желтоқсанында Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың суреті бейнеленген күміс естелік тиындарды айналымға шығардық.

Осы орайда, «Қожа Ахмет Ясауи жылы» аясында жарық көрген еңбектер мен туындылар туралы да аз-кем дерек беріп кетсем деген ойым бар. Атап айтқанда, Ремзи Өзчеликтің қылқаламынан шыққан «Ахмет Ясауи» атты екі томдық ойын кітабы жарық көрді. Доктор, профессор Кемал Эрасланның жауапты редакторлығымен «Ясауидің пақырнамасы»; доктор, профессор Неждет Тосунның жауапты редакторлығымен Ахмет Ясауидің «Рисала дар адаби тариқат» және «Рисала дар мақамат-ы әрбағин» атты парсы тіліндегі екі рисаласы (трактаты) «Ясауидің пақырнамасы және парсы тіліндегі қос рисала» деген атаумен жинақ түрінде баспадан шықты. Доктор Хаяти Бидженің «Пір-и Түркістан Қожа Ахмет Ясауи» кітабы және Халықаралық Түркі академиясы мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес басқармасының тікелей қолдауымен «Жойылу каупі төнген түркі тілдері» атты 4 томдық еңбек қалың оқырманға жол тартты. Доктор, профессор Исмаил Хаккы Аксояктың «Ахмед Ясауидің румелилі ізбасары – үскүптік Ата Тухфетүл Ушак» атты туындысы; доктор, профессор Неждет Тосунның Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың өмірі мен шығармашылығына қатысты осы күнге дейін жарық көрген мақалалардан жинақталған «Қожа Ахмет Ясауи туралы таңдамалы мақалалар» атты еңбегі; «Қожа Ахмет Ясауи» атты халықаралық симпозиум мен «Түркі тілдес республикалардың тәуелсіздігіне 25 жыл» атты халықаралық симпозиумның баяндамалар жинағы; доктор, профессор Метин Акардың  «Тайқазан туралы мәліметтер және Ресей серуені» атты еңбегі, «Ахмет Ясауи» (арабша), «Хәкім Сүлейман Ата (Ахмет Ясауидің III халифі), «Абай Құнанбаев және қара сөздері», «Диуани хикмет сұхбаттары», Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары» және «Қазақ батырлық эпостары» атты кітаптар жарық көрді.

Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тағылым толы мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған іс-шараларымыз мұнымен шектеліп қалмасы анық. Алдағы жылдары жұмыстарымызды одан сайын қарқындатып, Орта Азияда, Анадолыда және Балқан түбегінде Ислам дінінің кең етек жаюында елеулі рөл ойнаған Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын мейлінше көп дәріптеуге һәм насихаттауға ден қоятын боламыз.

 

 Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейтін мамандардың жартысына жуығын Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлектері құрап отыр. Университетте теориялық білім тереңдетіліп оқытылғанымен, студенттердің практикалық тұрғыдан өзін-өзі шыңдауына кері септигін тигізетін факторлар да жоқ емес. Мәселен, қаламызда іс-тәжірибеден өтетін телеарналар мен газет-журналдардың жеткіліксіздігі. Ендеше, келешекте университеттің телестудиясын одан әрі дамытып, қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіп, Түркістанның телеарнасына айналдыру деген ниет те жоқ емес шығар?!

Осы күнге дейін оқу ордамыздан түркі тілдес елдер мен қауымдастықтардан келген жастарды қоса есептегенде 75 мыңнан астам жас маман түлеп ұшты. Олардың әрқайсысы өз еліне барып, экономика, саясат, сауда-саттық, қаржы, мәдениет секілді көптеген салаларда әртүрлі деңгейде қызмет атқаруда. Әсіресе, медицина және БАҚ салаларында жұмыс істеп жатқан түлектеріміздің көптігі – біз үшін зор мақтаныш!

Қазақстандағы өзге де жоғары оқу орындарының ең басты артықшылығы – олардың Алматы және Астана қалаларында орналасқандығы. Әйтсе де, кейбір салаларда оларға қарағанда біздің түлектеріміздің саны басым. Сондықтан, алдағы уақытта осы межеден айнымай, теориялық біліммен қоса практикалық білімді шыңдау жолдарын қарастыруға басымдық беретін боламыз.

Журналистика мамандығын бітірген жастарымызды Түркияның жоғары оқу орындарында магистратурада және докторантурада оқуға жібердік. Әртүрлі академиялық ұтқырлық бағдарламаларының аясында көптеген студенттеріміз де барып, тәжірибе алмасып қайтты. Сол сияқты оқытушы-профессорларымызды да Түркияға арнайы шақырып, біздегі университеттердің тыныс-тіршілігімен таныстырдық.

Негізі, университет қалашығында телерадио студиясының жұмыс істегені құптарлық. Мәселен, Манас атындағы қырғыз-түрік университетінің жанынан «Манас» телерадио студиясы ашылған. Сондықтан, жуық арада қаражат тапшылығын шешіп, осы жобаны іске қоссақ деген ойымыз бар. Осы арқылы студенттеріміздің практикалық білімін шыңдауына һәм тәжірибе алмасуына жағдай туғызуды көздеп отырмыз.

Арнайы уақыт бөліп, менімен сұхбаттасқаныңыз үшін Сізге және «Сарасөз» журналының ұжымына шексіз алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, Түркістан халқына да бас иіп, ерекше құрметімді білдіремін.

Сұхбаттасқан Гүлжаз ҚАРЫБЕК

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button