ГүлжазымТаңдаулы

Ер жігітті нағыз мүгедекке айналдыра бастадық…

«Сүйме мені олай!» деп айқайлап жіберді...

Бұрын, отбасылық өмірдің алғашқы жылдары, жолдасымның қатынасы мен күткендей болмай, жиі ұрысатын едік. Қатынасы мен күткендей дегенде, біз, әйел баласы сезімге қатты беріліп, сүйсек құлай кетіп, артынан қайырымын күтетін жандармыз ғой. Сол бір қасиеттің буымен жолдасыммен ұрысқан кезде: «Мен сен үшін бәрін істедім. Қатты жақсы көретінім соншалық, сен студент болып пәтер жалдап тұрғанда әке-шешеме көрсетпей, үйден ұрлап саған картоп, пиязға дейін таситын едім. Ауылдан ақша келмей жатқанда, тек сен қиналып қалмасын деп барымды салып, жетпей жатқанын жеткізуге тырысатын едім» деп бар жақсылығымды тізе бастадым. 

Сонда жолдасым ашумен:

«Сенен кім бір нәрсе сұрады? Жасама! Жасама жақсылық! Мен сенен соның барлығын істеуді сұрадым ба? Сүйме мені олай!» деп айқайлап берген. Ашумен айтса да, маңдайымнан қойып қалғандай болды. Ол жақсылықтың барлығын жігітім менен сұрамай, өзім, өз қалауыммен жасағанымды түсіндім. Жоқ, жігітім де мені жақсы көреді. Алайда, мен сүйем-сүйем деп тым асыра сілтеп, ол жерде мені ешкім күтіп тұрмаса да алысқа шаба беріппін. Сұрамаған жерде көп беріп, адамның мойнына көп қарыз іліппін. Сезімімді менің түбіме жетер дертке айналдыра жаздаппын.

Ал негізі Халил Джебран өзінің «Пайғамбар» атты еңбегінде неке туралы «Ерлі-зайыптылар әрдайым қатар тұру керек. Бірақ, араларында бір-біріне ұмтылатындай арақашықтық болу керек» деп жазады. Ал біз көрген фильмдер көрерменіне сезімнің қолынан бәрі келеді, ол жанкешті, ол құрбандыққа баруға тиіс дейді. Әсіресе, қоғам қалыптастырған сен иіліп-бүгіліп, отбасы үшін жанын берер отанасы болуың міндет деген қате түсінік бар бізде. Қасиетті сезімді өзіміздің қасіретімізге айналдырып, жанымыздағы серігімізге анасындай қамқор болып, өзі шешу керек нәрселердің барлығын өз мойнымызға артып, әлемнің бар жылуын әкеп, алдына тосып, ер жігітті нағыз  мүгедекке айналдыра бастадық. Оның жағдайын жасап өтеміз деп, оны да, өзімізді де әбден шаршаттық. Ал дұрысында ерімізге жабысып алып, оның өмірін сүрмей, екі бөлек әлемде тұрып, бір-бірін сағынып, қуана-қуана қауышатындай кеңістік беру керек.

  • Жаныңыздағы адамды шын жақсы көрсеңіз, оған құлай түспеңіз. Өзіңіздегі уақыт, көңіл секілді ең қымбат ресурстарды түгел бермеңіз.  Жұтылмаңыз. Өмірде қандай жағдайлар болмайды. Ертең сол бергеніңіз бағаланбай жатса, сіз өзіңіздегі бар асылды сол адамға бергеніңізге өкініп, ол адамды жек көретін күйге жетесіз. 
  • Жаныңыздағы адаммен қатынасыңызды шын бағаласаңыз, ішіңіздегі оған қатысты ренішіңізді ұрысып қаламыз-ау деп жасырмаңыз. Әйтпесе, қатынасты сақтаймын деп жүріп алыстап кеткендеріңізді  байқамай қаласыз. Көңіліңізге алған ойларыңызды сабырмен, ақылмен екеуара талқылар алып,  әрі қарай еш сезіксіз жүріп кетуді үйреніңіз.
  • Жаныңыздағы адамды өзіңізге шын лайық көрсеңіз, бір-біріңізден қалып қойып, жете алмай қалмас үшін оның да, өзіңіздің де біліп алып, рухани өсуіне, өз әлемін құруына, достары мен қызығушылығынан тұратын кеңістігінде өмір сүруге рұқсат беріңіз.
  • Ең бастысы, жаныңыздағы адамды шын жақсы көрсеңіз, оның сізге тиесілі еместігін түсініңіз. Бұл өмірде ешкім ешкімнің меншігі емес. Кейде ол адамның  сіздің жаныңыздағы міндеті бітуі мүмкін. Жіберіңіз.

Алайда, ер мен әйелдің арасында қашанда сақталуы керек бірнәрсе бар. Ол – сыйластық. Сыйластық  та сезім. Оның алабұртып басылған сезімдерді қайта ояту қасиеті бар.

Динара БОЛАТ

«Өмірге шексіз ғашық» кітабынан 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button