Таңдаулы

БІЗДІҢ ҮЙ ЖӘНЕ АУЫЛДЫ АҢСАУ…

Сапар Ергөбек, жазушы, ғалым:

Дүниеде ең ауыр нәрсе болса, ол – аманат жүгі… Әсіресе, аманат иесі мәңгілік мекеніне аттанса… Сапар ағамыз өз қолымен табыстаған осы бір құнды дүниесін екі рет оқып үлгерді (осы журнал бетінен). Үшіншісіне үлгірмейді деп біз де ойламадық, өзі де… Өмір ғой, ертеңін ешкім болжап білмейді… Алайда «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деп, ол кісінің артында осындай мұралары қалды… Ендеше, біз бүгін сол Сапар ағамыздың соңғы сапарына аттанбас бұрын табыстаған «Көңіл күнделігінің» жалғасын беруді ұйғардық. Оқырманның да қалауы сол болды.

     «Сарасөз-редакция»

                Анам Бибайша – алты құрсақ көтерген кісі. Әкем мен анамның тұңғыштары Пернекүл есімді қыз бала екен. Дүниеге келген соң бас-аяғы үш-төрт күнде шетінеп кетіпті. Пернекүл әпкеміздің шетінеуі жөнінде анам қызық, бір түрлі оғаштау әңгіме айтады:

– Толғағым  қатты болып, босануым ауыр болды. Содан да болар сол қызды бала екен деп қарамаппын. Шамасы шамам келмесе керек. О гүнде үйде туамыз ғой. Раддом деген қайда о гүнде. Бүгінде ойлаймын, Құдай біледі, со қыз аштан өлді ау деп… Толғақтан сандалып қалған мен байғұс соны қолыма алып қарап, емізбедім де-ау деймін осы гүнде – Анам ойланып отырады. Ойымен сонау-у алыс күндерге ұзап, қасындағы менен сол сәт алыстап.

Екінші перзенттері Пернебек атты ұл бала болады. Демек анамның алғашқы екі сәбиі де дүние есігін перделі ашқан екен. Содан да қазақ олардың есіміне «Перде» атауын қосып атайды. Кейде «Перне» деп те жатады. Анамның толғағының ауыр болуы да бәлкім содан. Пернебек те сәби шағында шетінеген.

– Үй айналып, ойнап қалған бала еді. Шамасы екі жасқа іліккен-ау, білмеймін, әйтеуір аяқ астынан о да шетінеп қалды, – деп еске алады анам. – Әкең көрмегені жоқ байғұс қой. Енді қайтеміз, – деп жылап жүр. Көңіл айтуға келген көпшілік те үнсіз. Жүздерін төмен салысып, салдары суға кетіп отырысып қалған. Құданың құдіреті дә, сол кезде мен әкеңе:

– Әй, қой! Құдайдың бергені жалғыз Пернебек болса не болар дейсің. Құдай берсе тағы туып алмаймыз ба, – деппін. Менде үзіп-жұлып бара жатқан пысықтық та жоқ қой. Әйтеуір Алланың аузыма салғаны шығар. Содан кейін өздеріңді берді ғой Құдай. Сонда ғана ағайындардың үлкені Мөлепбай (Төлепбай дегені) қайнаға басын көтеріп алып, інісіне қарап, зекіген болып:

– Өй, ит! Не болды сонша салбырап?! Келін дұрыс айтады. Құдай қаласа, туып аласыңдар әлі. Бастарың жас, – деді. Еңсесі едәуір тіктеліп қалды. – Бә-с-е – деді қайтадан дауысын созып, – Келіндікі жүдә дұрыс болды ғой,- деді. Сөйтіп көтеріліп қалды інісімен бірге езіліп, не істерін білмей отырған қайнағам байғұс,- деп еске алып отырады анам Бибайша қазақтың бала сүю, ұрпақ жалғастыру жөніндегі ұлттық, мұсылмандық ұстанымын өмір сүрудің өзегіне айналдырған тірлік туралы танымымен сабақтастыра ұқтырып.

– Сүйтіп жылап жүргенімізде берді ғой Құдай мына Берсінбекті. Қазынасы кең Құдай өзі жеткізді. Тәңірден тілеп алған баламыз ғой, аман жүрсін, Алла ұзақ ғұмыр берсін деп, атын Берсінбек қойдық. Оның үстіне құмда қақпан құрып, аң аулап жүретін ауылдас, қарт қақпаншы шал болатын, дым болмағанда сол кісідей көп жасасын дедік. Құдайдан тілеп алғасын ба білмеймін, әйтеуір өзі жүдә мазасыз бала болды. Күндіз-түні қолымыздан түспейді, жылағанын да қоймайды. Бір күні әбден қажыған әкең байғұс шыңғырып жылап жатқан баласын қатты ашумен келіп, қолымнан жұлып алып:

– Мынау бала болмайды. Болмайды бұл! Онан да далаға апарып тастайын мен мұны. Ит-құс жесін! – деп айқайлап, сыртқа алып шығып кетті. Мен үндемедім. Тағат қылдым. Әшейін ашумен айтады да. Өз шаранасын өзі қайдан далаға атсын. Дегендей-ақ әкең ұзамай ішке қайта кірді. Қарасам, о, байғұс-ай, қиыншылықты көп көрген, перзентті кеш көрген, кеуілі жарым жазған ғой, қолындағы шарылдаған шаранасымен бірге еңкілдеп жылап тұр. Негізі әкеңнен менің дінім қаттылау еді, әйтсе де шыдамадым. Әкеңнің мына халін көріп, оны аяп мен де қосылып жыладым. Сүйтіп Тәңірден тілеп алған баламызбен үшеуіміз де жылап жатырмыз. Ой, тоба-ай…

Әкең жарықтық үлкен ұлына іренжігенде қатты кейіп:

       – Әй, сірә да адам болмассың, болсаң да барып-барып боларсың, – дейтін еді. Өзі де жүдә ерке болды ғой. Нақ бір Тәңірден тілеп алғанымызды біліп туғандай-ақ. Сонда да әкең: «Мен кішкене кезімде жемек түгілі дәмін де татып көрмеп едім. Балам көрсін, балам жесін», – деп қантты қабымен әкеп қойды ғой. О кезде басқа тәтті-пәтті деген атымен жоқ қой. Тек қант. Оны да жұрт әлі жаппай жей қоймаған. Аз. Көп үй шәй ішкенде әр кісіге, бала басынадегендей бір-бір түйірден ғана бөліп беретін кез. Әйтсе де әкең сол аз қантты қабымен әкеп, аузын ашып қойды ғой Құдайдан сұрап алған баласына. Берсінбек өзі алып, өзі жеп жүреді. Нан тістегенді білмеді көпке дейін.

Содан да болар денесін тәтті буып, қатып қалғандай көрінеді маған. Денесі шағын ғой, – деп отыратын. – Тым ерке өзі. Сол еркелігін әкесі өлгеннен кейін де қоймады бұл. Бірде мектебінде тәртіп бұза бергесін қатты ашуланып:

– Ос-сорлы қу жетім! Бұзықтық сенің неңді алған, – деп бастап, күйініп, қатты сөгіп– Құдай сорлы қылған сорлы, «Сорлы, сорлы» – дей беріппін. Өзі қу жетіспеушіліктен шаршап жүрген басым жыңғыл шыбықпен шықпыртып сабап, тілдей беріппін. Сонда қолымдағы шыбығымды ұстап алып:

– Апа, мен сорлы емеспін. Артымнан ілескен үш інім бар. Мен неге сорлы болам. Енді бүйтіп айтушы болмаңыз! – демесі бар ма. Қатты айтты. Әлі буыны қатпаған баламнан мұндай жауап, ұтымды уәж күтпегендіктен аузым ашылып, қатты тосылып қалдым. Айтқаны жөн. Мойындадым. Алла аузына салып отырған шығар деп:

– Мақұл енді айтпайын. Бірақ сен де тәртіп бұзып, бұзық бала атанғаныңды қой. Оданда өзің айтқан, артыңнан ілескен үш ініңе аға бол, – дедім. Содан кейін өзін ұрып-соққанды да, тілдегенді де қойдым, – деп анам Бибайша ұлының тауып айтқан сөзін разылықпен еске алып, аналық мейірмен жымиып күліп қоятын. Артынан ойланып отырып:

– Бір жағы балалықпен Арыстың ышпана балаларына қосылып, құрып кете ме деп қорқамын ғой. Беті аулақ, қарғадай бала істі болып ұсталып, сотталып жатса қайтемін. Араша болатын кімім бар менің. Жесір қатын, жетім бала өңкей. Содан бар тапқаным байбалам салып бақырып, қолыма  солқылдақ жыңғыл шыбық алып, шықпыртып сабаймын. Қорыққаннан сабаймын ғой. Қайбір жетіскен тірлік дейсің, –деп шешем байғұс бір күрсініп алып әңгімесін онан әрі жалғайтын:

– Әкең байғұс та өлерін білгендей, балдарды ұрмақ түгілі біреуіне бір түсін суытып, қабағын түйіп көрген жан емес. Бірақ мен ұрсам неге ұрасың деп тағы да айтпайды. Қайта керісінше мені қатты қолдап: – Ұр! Ұр! Ер бала арамза болад. Аяма! Ер бала жауынгер ғой, таяқпен тәртіпке түсіп өспесе бомайд, – деп отыратын. – О несі екен дейім. Әлі толық түсінбейм. Әсіресе «Ер бала арамза болад» дегені несі екен дейім. Шамасы таяқ пен тәртіпке піспеген бала босбелбеу болып, жақын мен алысты ажырата алмас парықсыз болып өседі дегені ме екен деп ойлап қоям кейде. Ер жігіттің ұрулы елінің ортасында өсіп, қазақы бауырмал азамат болып қалыптасқанын қалаған ел ғой бұл қазақ деген жұрт… «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп шешкен бұл ел әрбір қазақ баласының өзі дүниеге келген шаңырақты қастерлеп, жақын жандарын, ұрулы жұртын, Отанын сүюін «Жеті атасын білген ер – жеті жұрттың қамын жер» деп ел қамын жер ер болып өсуін қалаған, қадағалаған. Шешем осылайша өзінің шамасы, діті жеткен жеріне дейін ой жүгіртіп толғанып отыратын.

Бекең жарықтық бала кезінде көп бұзық болғанымен, өте талантты жан болды. Ешкімнен дәріс алмай-ақ тәп-тәуір суретші – художник болды. Тіпті кенепке майлы бояумен портреттік суреттер де салды. Кейін неге екенін білмеймін суретшілікті қойып кетті. Бәлкім ауыл баласын жетекке алар маман ұстаздың болмауы басты себеп. Ол кісі ең болмаса ел қатарлы он жылдық мектепті де бітірмеді. Сегізінші кластан кейін кежірлікпен кежегесі кейін тартып, мектеп табалдырығын тағы аттай екі жыл аттай беруден бас тартты. Іштегі Құдай берген талант кеудені түртіп, сыртқа ұмтылғанда уақтылы қолдау таппай, балалық бұзықтыққа ұласып кетеді-ау шамасы. Махамбет жыраудың «Мен шарға ұстаған қара балта едім, Қайрауын таппай кетілдім» дегені ойға оралатындай. Мектепті тастап, совхозға жұмысқа тұрды. Алдымен жұмысшы болды. Сосын азғана уақыт оқып, тракторист «тырактыршы»  болып кетті. Содан ағам Әмірбектің әйелі Жұлқар өле-өлгенше Бекең қанша жұмыс ауыстырса да тек «Тырақтыршы» – деп атаумен өтті ғой. Бекең техниканың тілін түсінетін шебер механизатор болды. Ерекше қабілет-қарымын танытып, тракторге қажетті тетіктер де ойлап тауып, іске қосқаны бар. Арада көп жылдар өтіп те кеткен. Бекең бір күні менің алдыма Ресейде шығатын «Наука и техника» журналының бір данасын қойып жатып:

– Мына қызықты қара, көр! – деп қояды. Мен түсінбедім. Аңырған қалпы журналды қолыма алдым. Қара деген жеріне қарадым. Бәрібір түк түсіне алмадым. Бір техника тетіктері мен сызбалары берілгенге ұқсайды. Темір-терсекті танудан мүлдем мақұрым басым қайдан ұға қойсын. Бекең менің күйімді көріп, тосылып қалды. Едәуір іренжіп:

– Өй, се-ен де, – деп даусын созып, – Мынау баяғы мен тауып, ашқан жаңалық қой,- деді. Менің де есіме түсе бастады. О кезде кішкентай бала болсам да, құлағымда ескі әңгімелердің қалғанын аңғартып:

-Е-е, сол ма?! – дедім.

– Иә, сол. Россияда, Омскіде бір инженер ойлап тауыпты, – деді. Сәл отырып, – Дәл соның өзі. Мен ашқан жаңалық, – деп тағы қайталап айтты. Көңілінде бір түрлі қимастық қылаң бергендей болды. Үндемей қалдық.

Сүйткен Бекең екі жылғы әскерден кейін өзі сары, көзі көк, шоқтай қызыл советтік милиционер болды да шықты. О салада да жаман болмады. Тез өсіп келе жатыр еді. Бәрін жыйып тастап, Алматы аттанды. Сол баяғы ішін тесіп бара жатқан талант тынжысы тыным бермеген болуы керек. Казгуден бір-ақ шықты. Журфак қабырғасы Бекеңді балалық махаббатпен меңгерген фотография ісіне қайта апарды. Шындығын айту керек, Бекең керемет фотожурналист болып қалыптасты. Ол деректі хатқа түсіретін, фотоқұжатты таспаға басатын журналист болған жоқ. Бекең фотожурналистиканы көркем шығармашылыққа айналдырған, әрбір фотоданасын көркем оймен әдіптеп, эстетикалық талғаммен талғап, сұлулықпен көмкеріп безендіретін эстет фото журналист болды. Ол көп ізденді. Әр күні өзін көркем ой өрнегімен байыта білді. Мамани көркемдік тұрғыда баю, толысу мақсатында Мәскеу Халық университетінде де оқыды. Бекең марқұм бір туған бауырым болған соң асыра мақтап, дәріптеуді мақсат тұтып отырғаным жоқ. Оның шығармашылық шеберлігі, таным биіктігі, көркем ойлы суреткерлігі санаткерлікке ұласқан қалыппен маған осыны айтқызып отыр. Айтылған ойымызды шынайы шындықпен шегендесек: Бекең қазақ фото журналистикасын әлденеше сатыға көтерген, көркем өнерлік сыйпат дарытып өсірген шығармашылық иесі болды. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінде істеген жылдары ақындар мен жазушылардың, жалпы өнер адамдарының, зиялы қауым өкілдерінің тосыннан түсірілген көркем фото бейнелерін түрлі қалыпта: қыймыл қозғалыста, сұхбатта, алқалы жыйындағы дау тартыс, шығармашылыққа шым батқан ой үстінде дегендей сан қырлы сыйпатта өрнектеді. Бұл жаңа көркемдік шешім, әрі шығармашылық жаңалық болды. Көп жағдайда фотосыз шығып жататын  көркем шығармашылық одағының газетіне жаңа мазұн, сұлу пішін дарытты. Екінші жағынан, ол кезде кітапты көп оқитын алыстағы ағайынның түрлі өнер адамдарын жіті тани түсуіне мол ықпал етті. Еліміз егемендік алып, елім деген азаматтар тегіс атқа мініп, тарих, тіл, әдебиет, мәдениет саласының жоғын жоқтап, барын түгендеуге кіріскенде «Ана тілі» атты басылым жарқ етіп, жұртымыздың жүзіне шырай беріп, жүрегін жылытып, жарыққа шықты. Сондай басылымның жұрт күткендей көрікті келбетте, бай мазмұнда шығып тұруына Бекең жасаған, кісіні ел болашағы туралы сан түрлі ойға жетелейтін, газеттің бірінші бетінде жарияланып тұрған коллаждардың әсері, ықпалы зор болды. Сонымен бірге олардан автордың биік көркем шығармашылық ерекшелігі, туған елінің бүгіні мен ертеңіне қатысты әрі перзенттік, әрі қайраткерлік ойлары сәтті көрініс беретін.

        Бекеңнен кейін дүниеге Құлбек келеді. Бекеңнің есімі секілді Құлекеңнің аты да ерекше мағыналы әрі ойлы қойылған деуге болады. Түрлі үлгіде талдап, талқылай беруге болады. Мұнда ата ананың дүние есігін жаңа ғана ашқан перзенттерінің алдымен Алланың шынайы құлы болуын қалаған мұсылмандық пейілдері бар. Сонан соң барып Алланың ақ адал құлының момын бек болуын таныған танымды тілек пен сенім бар. Әкеміздің: «Осы балам, мал тапқыш, несібелі болады» – деп, ерекше бағалаған перзенті осы Құлекең екен. Қазақта «Әке балаға сыншы» деп жататыны бар. Айтса айтқандай Құлекең төрт ұлдың ішінен оза шапқан үздігіміз болды. Әдебиет пен мәдениет, өркениет жөнінде тынбай қалам тербеген озық та ойлы қаламгер болып қалыптасты. Ол – әдебиет тарихы, балалар әдебиеті, әдеби сын саласында мол жеміс беріп келе жатқан әдебиеттанушы, ұстаз ғалым.

Кейінгі екі ұлдың бірі, ағам – Сайрамбек, екіншісі, Құдай өзі кенже қылған мен -Сапарбек. Әке-шешеміздің Көксарайдан сол кезде Сайрам ауданының жайылымы болып тұрған Сырдың сол жағалауының біраз бөлігін қамтып, Қызылқұмға дендеп кіріп жататын Балтакөл жеріне қоныс аударып, біздің Төпеннен бастап, сонда туылуымыздың, соған орай ағама арнайы Сайрамбек деп ат қойылуының бәрінің, бәрінің басты себепкері  қазақтың ұлттық ойыны «Көкпар» болыпты. Иә, кәдімгі қазақтың көкпары.

Біздің үй Қызылқұмда ел күні бүгінге дейін есінен тастамай «Сәрсен құдық» атап келе жатқан жерде отырса керек. Әкем інісі Әмірбек екеуі бір-біріне жақындау отырып қой бағады екен. Үкіметтің малы ғой. Жақын отырғанмен күнде жолығысу қайда. Малдың жайы оған мұрша бере бермейді. Бір күні таңертең әкем шешеме қарап:

– Бүгін малға өзің еге бола тұр. Мен ана Әміржандарды көріп, не тірлік қылып жатқандарын біліп келейін, – деп бар шаруасын шешеме қалдырып, қоңсы қыстауға жүріп кетеді. Шешем үнемі: – Әкең Әмірбекті жүдә қатты жақсы көруші еді. Әрдайым аузынан тастамай, «Әміржан, Әміржан» – дейтін де жүретін. Өзінің алдындағы ағасы Түкібайдан  қалған жаңғыз тұяқ қой қайтсін енді, – деп отырушы еді. Анам Бибайша қайнағасының да қайнысының да атын атай беретін. Себебін кейін білдік. Сүйтсек, қайнағасы жездесі, қайнысы жиені екен. Қызық. Ағайынды екі жігіт ағайынды екі кісінің қызын алыпты.          Інісінің қыстауына асығып жеткен әкем әлдеқайда көшкелі жатқан қарекеттің, көш қамының үстінен түседі. Есік алдында қаңтарылған көш көлік – арба, тиеліп жатқан жүк. Мұндайды күтпеген Сәрсекең жарықтық аңтарылып қалады. Маған айтпай асығыс қайда көшіп жатыр деген ішкі өкпелі сұрақ та шекесіне шақ ете қалады. Әкем тез ашуланатын бірақ қайтымы да тез, шапшаң кісі екен. Сонда да сабыр сақтауға тырысып, арбаның қасына келіп аттан түседі. Шылбырын інісіне ұстатып жатып:

– Ау, Әбеке көш көлікті болсын! – дейді. Сонан соң сәл демін алғандай болып: – Не болды? Тиыштық па?! Қайда қозғалдыңдар? – деп сұрайды. Інісі ұрлығы әшкере болған ұрыдай қызарақтап, қипақтап қалады. Ешкімге айтпай хабарсыз көшуінің бұрыстығын мойындағандай кейіпте төмен қарап:

– Балтакөл жаққа көшіп жатыр ек, – дейді.

– Е, Балтакөл жақта не бар екен, жасырын, қаша көшетіндей, – деп Сәрсекең жарықтық та тақымдап қоймайды. Әмірбек көкем істің соңын айтқысы келмей сипақтай береді. Айтпаса тағы болмайды.

– Ау, айтсайшы енді! Не болды жау тигендей үдере көшіп? Отырған жеріңнен су шықты ма сенің, а? – деп шақ-шақ етеді ағасы.

Сол кезде көкем байғұс амалы таусылып:

– Пәленше ғой, – деп бір балтакөлдік досының атын атап, ағасына қарап, айтсам ұрсады-ау дегендей тосыла береді. –«Бізде көкпар көп. Көшіп кесей» дей береді. – Әмірбек хабарын қиналып жеткізіп, қысылып терлеген маңлайын сүртеді. Сәрсеннің алдымен аузы аңқайып ашылып, інісінің сөзіне сенер сенбесін білмей аңырып тұрып қалады. Артынан дүлей ашу келіп, айқай салады:

– Әй, не деп тұрсың сен! Әй, сенің денің сау ма еді өзі?!- Сосын жан-жағына жалтақтап, әлде кімнен көмек сұрағандай аңтарылып тұрып қалады. Тоқтап барып қайта айқай салады:- Мынау не дейді, ей. О заман да, бұ заман «Көкпар көп» дегенге көшкен кімді көрдің а?  Қай заманда көрдің сен сондай есірікті, а? Ол – сен. Тек қана сенсің. Мен осы жасыма дейін дәл сендей есірікті көрген емеспін. Құдай біледі деп айтайын сендей есерді көрген емеспін, – деп шақылдаған даусы сөзінің аяғында бәсең тарта бастайды. Алғашқы ашумен қанша шақылдағанмен, інісінің кеуілін де ойлайды. «Әу бастан әке- шешеден қатар айрылып, қаршадайынан жетім қалып, қамкеуіл өскен байғұс қой», деп іштей ойлап қояды. Бір уақытта алдында қипақтап, терлеп тұрған інісіне қарап:

– Әміржан, айналайын, – деді жай қоңыр дауысқа көшіп, – «Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегендей  жылы орныңды суытатындай не болды саған? Оның үстіне «Көкпар көп» деп көшкенің бәрі бір ақылға қонбайды балам. Екі үй босақ та ел құсап отыр ек, бір жерге басымызды қосып. Қанша уақыт болды біздің жұрттың тоз-тоз болып жүргеніне. Қайда қалқоз, қайда гес (ГЭС дегені), қайда канал қазу деп. Ауылды айтам. Түркістандағы… – деп үндемей ойланып тұрып қалды Сәрсен. Әсіресе Мырзашөлді игереміз деп өкіметтің дайраға парақот келтіріп, аржағындағы аштық, бержағындағы соғыс дегендей әлі есін жия алмай жатқан елді зорлықпен қопара көтеріп, құдды бір жау шапқандай етіп, кемеге тиеп, Жетісай, Киров асырып, Сырдың екі бетінде отырған жұрттың қалқозын қолмен құлатқанын айтсайшы… Ол қалқоздар сәбеттік зорлықпен құрылса да көпшілігі бұрынғы ауыл, атамекен дегендей ағайын елдің басын қосып отырған жерлерде құрылып еді. Сол қылығымен сәбеттік зорлықшылдар ұрулық, туыстық негізде өмір сүретін қазақ ауылдарының ойранын шығарып еді. Өздері оның алдындағы науқанға ілігіп, сәбеттік ұранмен Шәуілдір каналын қазып, сәбеттік еңбекшілдер қаласын салатын болып Түркістаннан ерте қозғалып кетіп еді. Сөйтіп туған ауылдың түтінінен қатты алыстай қоймап еді. Шәуілдір, Түркістан Сыр жағалап қатар қонған ел болса да атамекенін аңсады ол. Түркістанды, туған тоғайын, ауылын, туған түтінін аңсады ол. Алыс бір күндерге сағыныш жетелеп…

– Мақұл онда, – деп Әмірбек ағасының іренішіне мойынұсынып, арбаға артылған жүгін түсіріп, үйге қайта тасый бастайды. Сонда сонау алыс күндерге, көк күмбезді Түркістанға, Әзіреті Сұлтан әлеміне қиялымен ұзап үлгерген Сәрсенге оқыс ой келіп:

– Тоқта! Әміржан айналайын, осы жерде тоқтай ғой. Ниет қылып артқан жүгіңді түсірмей-ақ қой. Ниет қылып қалған екенсің, ниетіңнен қайтпа, балам. Ниетіңнен қайтарып, бетіңнен қақпайын. Алла алдыңнан жарылқасын. Кім біледі мүмкін біз де көшіп қалармыз арттарыңнан. Оның үстіне Балтакөл біздің ауылдың тұсы ғой. Күндердің күнінде туған ауылға Күйікасар, Қызыл шаруаға да жетіп қалармыз. Көшіңді де тоқтатпа, көкпарыңды да тарта ғой… Амандық болсын. Құдай өзі амандық-есендікпен жолықтырсын, – деп көшке, көш иесі – інісі Әмірбекке, бала шағасына бата беріп, інісінің көшін жолға салып, жүрегінің жартысын жұлып бергендей күй кешіп, ат үстінде салбырап үйіне оралады әкем жарықтық.

Бұл хабарды есітіп шешем күллі Қызылқұмда жалғыз үй қалғандай аңырып, көшкен елдің жұртында қалғандай болып көп жылапты. Өзі де оқта-текте еске алып әңгімелеп отыратын:

– Бір уақта деймін-ау, әкең келіп тұр. Бір түрлі сөлбірейіп.

– Аналар көшіп кетті – дейді. Түк түсінбей:

– Кім?! Қайда?! Қашан?! – деймін. Кеуілім бір жайсыздықты сезгендей абдырап. Сөйтсем, қайтадан:

– Аналар, – дейді күйдіріп. – Әміржандар, – деді-ау бір кезде. Өзі де оңып тұрған жоқ. Қабағы салбырап кетіпті. Жүнжіп тұр. Олардың көшіп кеткенін естіп, жаман көңілім бұзылды. Құдай біледі, үш күн жыладым-ау, – дейтін шешем сол күндерін ойша шолып. Иә, қазақтың «Бір біріңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін», Асан Бабаның «Бір енеден туғандай болыңыз!» деген сөздерін ту етіп ұстаған біздің аталарымыз бен әжелеріміз, әкелеріміз бен шешелеріміз, бауырлар бір-бірін қалай сүйген, қалай шынайы жақсы көре білген. Сол арқылы бар қазақ бір-бірін бауыр тұтқан. Бұл бауырлық сезім де Алла Тағаланың бізге берген асыл нығметі емес пе еді. Бүгін содан не қалды десейші, шіркін… О, тоба! – дейтін менің шешем мұндайда… О, тоба!

Мен осы күнде өзімше ойлаймын: Больщевиктер колхоз – ұжымшар жасаймыз, ұйымдастырамыз деп, елді тоқымдай қып, анда сүйреп, мында сүйреп, қазақтың мың жылдық сынақтан сүрінбей өткен ұрулық туыстық, бауырлық сезіммен өрілген мығым ауылдық ұжымшарын  талқандап шыққан екен ғой деп. Сүйтіп кейінгі ұрпақты туған ауылсыз қалдырған. Қазақтың ауылы түтіннен, ырысты үйден, елі мығым ауылдан тұрған.  Ең бастысы ұйыстырамыз деп, ұйысқан елді ыдыратқан. Біріктіреміз деп бірлікті елдің, бірлігін бұзған. Берекесін алған. Әттең бір қапы дүние ай, десеңші…

Большевиктер билігіне дейінгі қазақ елі жүрегін иманға тұндырып, санасын Әзіреті Сұлтан ілімімен суарып бауырын сүйді, бауыр еті баласын сүйді, От – Анасын – Отанын сүйді. Бүгінгі қазақ елі – Егемен ел. Алар асуы мол. Иншалла… Көкірегін ілімге толтырып, иманды жүрекпен, сарабдал санамен алға қарыштап қадам басса, жоғалтқанын табады ел, өшкенін жағады ел.

ӘМІРБЕК КӨКЕМ МЕН ҚАРАКЕМПІР, СЕЙДІН ӘЖЕЛЕРІМ

         Тәңірге тәубә, менің көкелерім көп болды. Көке демегімнің мәнісі әкемнің інілері дегенім. Туған інісі Дүйсен көкем соғыстан қайтпай қалған. Анам айтпақшы, «Қу соғыста» хабар-ошарсыз кеткен. Одан кейінгісі – кенже інісі, дүниеге еркелеп келіп, со қалпы еркелеп өткен Оразбек көкем. Байжан көкем – әкесі Ергөбектің кенже інісі Жаңабектен қалған екі ұлдың кішісі. Ағасы Тайжан аты-түсін білмейтін неміспен соғысам деп опат болған. Тойжан, Жұмахан көкемдер жеке сөз болды. Исақұл көкем –  Бердіғожа бабамның туған інісі Нұрғожаның тұқымы. Оның да алдындағы ағасын соғыс жалмаған.

Біз бала кезімізден, тіпті есімізді білгелі, «Көке» деп ұлықтаған ағамыз Әмірбек – әкем Сәрсеннің алдындағы ағасы Түкібайдан қалған жаңғыз тұяқ. Ол алты жаста әкеден сосын шамамен он жасында анадан айырылған тас жетім бала еді. Жастай жесір қалған анасы Күмісайды ауыл ақсақалдары көне қазақы салт жөнімен, әмеңгерлік дәстүр жолымен қайнысы Сәрсенге, яғни менің әкеме қосады. Екеуінің некесінен бір қыз бала дүниеге келеді. Оның тілі шығып, өзі жүріп, өзі тұратын, бұрынғылардың тілімен айтқанда үй айналып, ойнап жүрген уақтысында, Күмісай анамыз қызын жетектеп төркініне барады. Ол уақта күйеуге шыққан қазақ қыздары пәлен жылдап төркініне қадам баспайды екен. Оның үстіне әке-шешесі ерте қайтыс болып кеткен, жарым көңіл жан екен апамыз. Сонда да қайтсін байғұс төркінін, елін, әкесінің бауырларын сағынса керек.

Менің нағашы бабам Бақтораздың үш ұлы болған екен. Үлкені атақты ыстаршын, би болған Құрманбай, ортаншы ұл Молдабай, кіші ұл Нұрманбай. Күмісай апамыз Молдабай да қатыны да ерте қайтып, солардан қалған жаңғыз қыз екен. Менің анам Бибайша кіші ұл Нұрманбайдың қызы еді. Құданың құдіретіне не дерсің, сүйтіп мен Әмірбек көкемнің әрі інісі әрі біртуған дерлік бөлесі болып шығамын. Бұл уақта Құрманбай да бақилық болып кеткенге ұқсайды. Сүйтіп ойдағырда апамның төркіндеп бара жатқан жері менің туған нағашы атам Нұрманның үйі екен. Апамыз төркінінде сағынышын басып, аунап-қунап дегендей үш-төрт күн жатыпты. Сонша уақыт ішінде кішкентай әпкеміз жағын ашып, бір ауыз да сөз айтпапты. Нағашыларым әлі тілі шықпаған екен деп іштей ұйғарып қойса керек. Апамыз қызына алдын-ала пәлен күнде қайтамыз деп айтып қойған ау. Соны жадында ұстаған бала қайтар күні азанда-азанымен:

-Апа, бүгін қайтамыз ба? – деп салыпты. Шамасы ауылдан ұзап шығып көрмеген бала үйін сағынып үлгерсе керек. Сонда баланың ап-анық айтқан сөзіне әрі таң қалған әрі сүйсініп мейірленген Нағашы атам Нұрман:

– Әй, мына жау алмағырдың тілі жоқ па десем, тілі бар екен ғой, – деп қалады бала тілін тамашалап. Со күні апам қызын жетектеп Арыс өзенінің жағасын, қалың жыңғылды тоғайын жайлап отырған Есқара ауылынан елге, Түркістанға, одан Күйікасарға қайтады. Нағашыларының ауылынан шыға ауырған қыз, ауылға жете жығылады. Қатты назарланған сәби ақыры шетінеп тынады. Шешемнің әкесі Нұрман жарықтық тұздай көк көзді, шүйкедей сары шал екен. Сол көк көз бала қылығы мен былдырлаған тілін қызықтаған шал мейірімен бүлдіршін балаға оқ болып қадалыпты.

Күндердің бір күнінде менің анам Бибайша үлкен ағам Берсінбекті алып төркініне барып қайтуға жыйналып жатады. Жағдайдан соңынан хабардар болған Әмірбек көкем жүргелі жатқан анама жетіп келіп:

– Төркініңе барсаң өзің бар. Баланы тастап кет. Борайлардың көзі жаман, баланы өлтіреді, – деп қатты қадалып, ашумен келіп әрі жеңгесі әрі нағашы әпкесі Бибайшаның қолынан Берсінбек інісін жұлып алып қалған екен. Шіркін қазақтың бауырлық пейілінің, туыстық сезімінің ұрпақтан ұрпаққа жалғаған өрнегі қандай болған десеңізші. Бүгінгі қазақ сол тым ескі, бірақ тым ыстық қадым көңілінің жұрнағын да таппай, онысына уақытты кінәлап, заман кейпі солай деп, елдік ұрухының жоғалуына, өзге емес өзінің жоғалтуына себеп іздеп. Онда да жоғалтқанын жоқтап емес салғырт, керенау көңіл әңгімесін айту үшін ғана. Бауырлық бейіл мен туыстық сезімге қол сілтеп, келмеске өзі кетіріп…

Кейін көкемнің:

– Шіркін, сол қыз аман болғанда, менің қарындасым болып жүретін еді ғой, мына жалғанда, – деп жатырлас бауырын жоқтаған аңсарлы көңілмен мұңайып отырып қалғанын көргенім бар еді. Сонда оның өңінен шешесінің ел салтын сақтап, әмеңгерлік жолымен өсіп-өніп, өзі бауырлы, аяулы анасының ғұмырлы болуын қалаған алыс бір қаяулы сезім қылаң бергендей болып еді.

Ері Байгөбек өліп жесір қалған Қаракемпір Әмірбекті бауырына басады. Оның бұл әрекеті «Суға кеткен тал қармайдының» кері болған болуы керек. Қаракемпір байы Байгөбекке бала сүйгізіп, ұрпақ өсірген, байы өлгесін балаларының ортасында, ел ішінде отыратын, әмеңгерлікпен қайныларының біріне тие қоюға жасы келіп қалған, орнықты жесір қатындардың қатарынан емес еді. Оған пұшпағы қанап, бар байлықты баламен балайтын, бауырлық сезіммен ұрпақ тәрбиелейтін осы елдің қатарына дым болмағанда бір азамат қосуды Құдай бұйыртпаған еді.  Санасы туыстықпен байланып, тұрмысы тұтас туыстықпен өрілетін ұрулық орта үшін Әмірбекті бала етіп, бауырына басу Қаракемпірдің ағайын ішіндегі орынын нығайтатын бірден-бір дұрыс шешім еді.

Бар өмірін дүниеге ұрпақ әкеліп, соған деген сүйіспеншілікпен өретін қазақ үшін кемпір өмірі ең ауыр тағдырлы тірлік еді. Қаракемпір – адамзаттың бір төлі. Адамзатқа тән бар болмыс, өмірге құштарлық, сүйіспеншілік бәрі, бәрі оған да тән болатын. Сондықтан оның да бақытты болуға толық хақы бар еді. Оның да жас күнінде сеніммен сабақтасқан мол-мол үміті, тірлікке иек сүйеген жастық тілегі болды. Ұсқынсыз болса да жолы болғыш қыз Тәтішті бай алған. Қыз Тәтіш қара қатынға айналды. Бұл да бір бақыт. Қазақы тұрмыс бақыты. Сондықтан да «Біз де қатын болармыз, қапқа тары салармыз» деп талай қыз апаларымыз ол күнді асыға күткен. Қатын болуды, бір үйдің басыбайлы қатыны болуды бақыт бастауы таныған. Өкініштісі, бәрі керісінше болды. Пұшпағы қанамай, байдан байға үміт дүниесімен ұрына берген Тәтіш күн өткен сайын қатыбас қара қатынға, бетпақ Тәтішке, одан біртіндеп, атақты Қаракемпірге айналып келе жатты. Ол осылай өмірге өкпелі болды. Сондықтан да ол адамдар қоғамына іш тартпайды. Өйткені олардың көбі азды-көпті дегендей әрқайсысы өзінше бақытты еді. Қаракемпірдің көңілін қарайтып, жүрегінің басына өшпенділік уытын құятын мәселе де осы болатын.

         Қаракемпір – қазақ. Ол Тәңір талабы болған тумысынан да, бүкіл бітім болмысымен де, жан дүниесімен де қазақ болды. Ол өмірді қазақша бағалайтын. Сол себепті де оның бақытсыздығының салмағы ауыр еді. Ол да барлық қазақ секілді бар бақытты баламен балады, ұрпақпен, ұрпақ жалғастығымен ғана таныды. Сондықтан да ол бір байдан шығып, екіншісіне тиді. Үміт етті. Үміті де қазақы еді. Ұзақ уақыт осылай жүрген ол ақыры бойындағы өмір білтесін, үмітін сөндіріп тынды. Оның бұдан кейінгі өмірі шуақсыз күнкөруге айналды. Ол тірлік. Тірінің тірілігі. Тірлік – Тәңір өзі тоқтатқанша тоқтамайтын тірілік. Оның өзіндік өзгеше сүйіспеншілігі тағы бар. Бұл енді Алланың берген аманат жанының тәттілігімен сабақтасты мәселе. Сүйтіп Қаракемпірдің ендігі өмірі біртіндеп күнгөруге онан тырбың тірлікке айналды. Сондықтан да Қаракемпірдің жанына жақын әлемі адамзат болмады, жануарзат болды. Адамға қыйыны адамзат, жеңілі жануар әлемі. Адамзат сенің жан дүниеңді түсінгеннен гөрі, жалт беріп, жан жараңның бетін ашып, қанын ағызғанды қалап тұрады. Бүкіл ынта ықыласыңды тәрік етеді. Жануар өзіне сен арнаған бүкіл жылы шуақ мейірді, мейірбан бейілді қабыл қылады. Сондықтан Қаракемпір жануарлар әлемін іш тартып, адамдар қоғамында амалсыз жүріп, үнемі зілді кеуілде болып, мәжбүрлі өмір сүріп жүргендей кейіпте болды-ау. Жо-жоқ, ол бәрібір өмірді сүйді. Ол өмірді өзінше сүйді. Ол ешкілерін де сүйді, жанындай жақсы көрді. Перзент сүймеген Тәтіш оларға бар мейірін, ана болып балаға, ұрпаққа, адамзат баласына арнайтын ана мейірін төгетін. Олардың әрқайсысына ат қойып, айдар тағып өбектеп, мәпелеп күтетін. Олармен өзінше сөйлесіп, сұхбат құрып жүретін. Сондықтан ел секілді сол малдардың бірін сойып жеп, бірін сатып пұл қылу, күнгөріске жарату Қаракемпір үшін қыйынның қыйыны еді. Сүйткен Қаракемпірдің қара қазанының қайнауының да, дастарханының мәзірінің де мазасы қайдан болсын.

Қаракемпір Әмірбекті бала қылып, асырап алғанымен, екеуінің ара қатынасы үйлесе қоймағанға ұқсайды. Бала қылып бауырына салып, «Баламдағанмен» Құдай өзі қатырып қойған кемпірдің жүрегі жылып, бауыры жібімеген секілді. Аналық, не әжелік, баласында балалық не немерелік жақындық, жылылық бола қоймаған. Өйткені бауырды жібітіп, жүректі жылытатын қан алдымен аналық мейірге тұнып, ыстық сезіммен келіп құйылуы керек еді. Жүрек жылымағасын бауыр қайдан жібісін. Бір үйде екі жан, екі әлем болып, бірі төрінен көрі жуық жан ғой деп, жұрт ойлаған сайын, көрі алыстай берген, өмірдің ернеуіне шеңгелін салып, тірлікке тістей қатып, жабысып келе жатқан қарт әлем. Екіншісі, әке-шешесінен бірдей ерте айырылған, бала болып еркелеуді, шаттанып ойнап күлуді Құдай бұйырта қоймаған, балалық бал дәурен деген ұғымды сезініп көрмеген, тіпті адамзат баласының кейбір ұрпақтарының еншісіндегі осындай сезімдердің болуынан да бейхабар, қатігез тағдыры қатқан мейіздей қатырған Қаракемпірдің қасында қатып-семіп, бірнәрсе берсе ішіп, бермесе алдындағы Қаракемпір ешкілерінің жуасын ұстап еміп, аштық уытының уын қайтарып күнелткен, ашарық, тырыйған тырық бала.

Тағдыр жарықтық Әмірбекті онсыз да аямай әке-шешеден бірдей айырып, тас жетім етіп жатса, ата мен әже шалы қайтыс болып кетті ғой, арамызда бір үй болып, түтін түтетіп отырсын деп, Қаракемпірге бала қылып береді. О, тоба, бұрынғының адамының анайысын-ай, деп, таң қалмасқа шараң жоқ. Жоқ, бұл анайылық емес, жүрекке тұнған иманнан болар. Еліңді сүйгізетін де, Отаныңды шексіз қадірлеп, бағалауға жеткізетін де сол иман болар. Ауылыңның әр адамын, туған бауырларың мен туыстарыңның әрқайсысын өз орнында бағалап сүйе білу, шынайы жақсы көру де сол иманнан болар. Сол иман, біздің ауылдың үлкендерінің жүрегіне ұялаған иман Қаракемпірдің қамын ойлатқан. Ішімізде бір түтін болып отырсын деп, бауыр еті баласын өз қолдарымен әкеп, тамұқ кемпірдің қолына тапсырған. Қаракемпір сондай қамқор көңіл көрінісін өзіне, қайтыс болып кеткен шалына, оның жадау әруағына деген жанашыр, жарымкөңіл ілтипат деп біліп, баланы мейірмен бауырына алуы керек-ақ еді. Сүйтіп бәлкім, қатқан көңілді аналық не әжелік ықыласпен жүрекке мейір тұндырып жібітуге болар еді. Онда ол мейірбан әжеге айналар еді. Қайтесің. Олай болмаған. Мүмкін де емес еді. Өйткені ол Қаракемпір ғой. Оның бала Әмірбекке жан жүрегі езіліп, еміренгенде, ол қаракемпірлік тұлғасынан айырылып, мыстандық болмысын жоғалтар еді.

Қаракемпір күндердің күнінде, ғайыптан тайып, сүйікті ешкілерінің бірен-саранын қыйып, баласын ешкі сатып кел деп, Түркістанға мал айдағалы жатқан базаршыларға ілестіріп жібереді. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, асырап алған әжесінен әбден кеуілі қалып жүрген көкем, сатылған ешкілердің ақшасын қалтаға басып, қалада қалады. Түркістанның ышпана балдарына қосылады. Олар көкемді өздерінің түрлі ұрлық пен іліп кету, ала қашу секілді ышпаналық істеріне оқытады. Ауылда, сұлу су Сыр жағасында, дайраны екі қапталынан қаусыра қонған, суға еміне біткен тоғайда, табиғат аясында өскен, даладай аңғал бала Әмірбек, ондай суық қол, сұмдық істерге қабілетсіз болып шығады. Аңғал Әмірбекті ышпаналыққа оқытып-оқытып, түк нәтиже шығара алмай, қажыған ұры балдар, соңында оны ұйықтатып тастап, қалтасындағы бар ақшасын сыпырып алып, өзін далаға қалдырып қашып кетеді. Көкем амалсыз, ақшасыз ауылға оралады.

Осы екі арада, ауылда, бізге аңыз болып жеткен үлкен уақиға орын алады. Баласын  күтіп-күтіп, келмесіне көзі жеткесін қаракемпір Ергөбек пен Сейдінге немерелерінің жоғалып кеткенін айтуға барады. Шамасы осы тұста ауылдан жырақтау, бөлек отырған ба қайдам. Немересінің мына хабарын есіткен Сейдін әжем, өзі адуын мінезді кісі, шарт кетіп, шалт қыймылдап, Қаракемпірді жанып жатқан ошаққа сүйреп әкеп:

– Сен одан да маған, жақсыдан қалған жәдігерімді құрттым десейші менің, Түкібайжанымнан қалған жаңғыз тұяқты қырқып келіп тұрмын десейші, маған, асылдан қалған сынықты сыпырып, түбіне жетіп, тындырып келіп тұрмын десейші, маған, қара албасты, пәле!- деп, ойбайлап, бақырып-шақырғанына қарамай, отқа тығып жіберген екен, жарықтық әжем.

Оның бұл әрекетінің ауыр себебі бар. Өзегін өмір бойы өртеп келе жатқан күйігі, өзін ешқашан кешпейтін, кеше алмайтын запыран шері бар. Опырылып түскір аузының оттауы бар. Оттаған өзі, оттатқаны сайтаны. Әрқашан жанынан табылып, отқа итеріп, азғырып… Оттағаны от болып, тұла бойы тұңғышы Түкібайдың опатына айналған. Оның жалғыз тұяғының жетім қалмағына да сол от, сол сайтани сөз себеп. Бірақ оны, сайтани сөзді қабыл қылған да Бір Алла…

Иә, аузына сайтан азғырып сөз салды ма, әлде Тәңір тілеуі солай келіп үндестік тапты ма, кім білсін, әйтеуір менің әжем Сейдін, өрттен соңғы сөзіне қоса, тағы да жаңсақ, тағы да оғаш сөз айтқан. Онда алапат өрттен ақыл алжасқан, жақ жаңылған. Бұ жолы ше… Бұ жолы сайтан азғырған. Түу, мен де айттым-ау… Тап бір сайтан әжемді желкелеп, солай дегізіп тұрғандай. Шындығында да солай болуы әбден мүмкін ау, әжемнің ішіне еніп, санасын сандалтып, сандырақ сөз салып ылғи аузына, өмір бойы опынтып, өзі содан шексіз ләззат алып, әжемнің күйігінен ғажап ырахат күй кешіп… Иә, бүгін сайтан жеңіс тұғырында, салтанат тағында. Оның дегенін көп пенде орындайды. Күні бүгінге дейін орындап та жүр. Қайта сайтан тілегін қабыл қылушылар, сөзін сөйлеушілер бүгін тіпті көп. Көбейе түсуде. Осылайша оның ырқында кетіп, ығын ықтаушылар ертең де өсе түсе ме деген күдікті ой, көңілге қауіп ұялатады. Үйткені сайтанның тілі тәтті, қылығы қызық. Бірақ, ақыры – апат.

Қазақтың діни қиссасының кейіпкері, өзін дінісләм ғұламасы санап жүрген, сопы Бәрсисә да сайтанның қанды қақпанын қауып, азғыруына еріп, дегізгенін деген, істеткізгенін істеген. Тіпті өзі қастер тұтып, ғұмырын арнаған дінін де тәрік еткен. Тәрік еткізген. Сүйтіп Ібілістің азғырынды жемтігіне айналған. Тіпті Толстойдың «Әулие әкейі» де Бәрсисә сопы болмысты тұлға. Ол да оңбай ұтылып, өмірлік ұстанымын тәрік етті. Ырас, жазушы өзінің кейіпкерін табиғат болмысына қарсы ұмтылып, табиғат тылсымынан ұтылған дәрежеде береді. Өйткені өзге уақыт, бөгде кеңістік. Сондықтан да кейіпкер ішкі әлемінің арпалысы, ішке енуші, дегенін істетуші сайтан әрекеті, ібіліс бітімді бейнелер арқылы болады.

Менің әжем де Бәрсисә халінде, Бәрсисә кейіпте күй кешкен. Оған дау жоқ. Түкібай атам отыздың үстіне жаңа шыққан, жастық көңілі әлі басылмаған шағы. Көптен бері армандап жүрген ат жақсысы жолығып, содан қуанышы қойнына сыймай, үйге, есік алдына дейін атпен келеді. Атын олай бір, бұлай бір есік алдында ойқастатып, аттан түспей, жүріп алады. Шаттанып, үйден шыққан анасына:

– Апа, ат алдым қараңызшы. Қандай жақсы ат-ә, апа, – деп анасының жүзіне қарап тұрып қалады. Перзенттік көңілмен анасынан атына мақтау, өзіне қолдау, қолпаштау күтіп. Жүзі нұрланып. Сол сәтте ат жақсысын танып, баласымен бірге сүйсініп тұрған Сейдін әжем өзі де күтпеген, өзі де ұқпаған халде туған ұлына қарап тұрып:

– «Жақсы ат өлімге бітеді деген». Атың жақсы екен, – деген. Құдды бір «Құтты болсынға» тілі келмегендей күй кешкен. Айтқысы келеді-ақ. Бірақ айта алмайды. Аузына сайтан жайғасып алып, жағын жаңылдырып отыр дә, тілінен тартып. Иә, әжем ұлына тұп-тура осылай деген. Қайтесің, тіпті мүмкін еместей… Иә, мүмкін еместі мүмкін етер Ібіліс ісі. Кейде құдіреті күшті Құдайыңның өзі бәндәсін емес, періштесін қолдап кетсе қайтерсің…

Майданға кетіп бара жатқан Ахилеске құшнаш кемпірдің, ол да шешесі болуы керек:

– Бұл майданнан сен оралмайсың. Бұл сенің соңғы шайқасың болады. Енді сен туған жеріңе еш уақытта қайтып оралмайсың, орала алмайсың – дейтіні бар емес пе еді. Ол да ана, ол да менің әжемнің күйкі, күйік халін бастан кешіп тұр.

Жоқ, менің әжем олай дегісі келмеген. Ол өзінің ішіне еніп, санасын меңгеріп алған азғырушы албастының сөзін қайталаған. Айтылған сөз ана сөзі емес, албасты сөзі. Ауызына ала алмайтын еш ана, анаға жат ол сөз, бөгде ой, жатары анық, ана кеудесінде тұншығып, алда-жалда көңіліне келсе күдікті ой…

Әжемнің ойы, ойындағы айта алмаған, айтқызбасы айтқызбаған сөзі:

– Атың жақсы екен балам. «Жақсы ат өлімге бітеді деген». Сақ болғайсың, ботам. Бейбіт күн ғой, тұлпар мініп, ту алатындай емес. Маған сенің қазанат мініп қаза болғаныңнан, жабы мініп аман жүргенің, аман болғаның жақсы құлыным, – деген боса керек. Иә, ол ана. Иә, ол солай деген…

Әттең бір қапы дүние ай… Жүректегі сол тілекті сайтаны салғыласып, тіл ұшынан қайырып, өзінің сайтани тілегін тықпалап тұрса қайтесің. Сайтан ауызға салды, әжем айтты, Құдайы қабыл қылды. Сайтанның сапалағын іліп әкетіп, қабыл қыла қойғанын қайтерсің, жарықтық Жаппар иемнің?! Бәлкім арада ай өтті. Бәлкім жартікеш, жарым жыл жылжыды. Дәл сол сәйгүлік, сол ұлан қазақтың есіріп естен танатын, дүниені тәрік етіп,  жан алып, жан берісетін көкпар майданында опат күй кешкен. Алапат арпалыста Алланың аманат жанын Тәңірісіне табыс еткен.

 

АҒАМ ОРАЗБЕКТІҢ ӘКЕМ МЕН ШЕШЕМЕ ҚАТЫСТЫ БІР УАҚИҒАСЫ

        Анам Бибайша туған қайнысы Ергөбекұлы Оразбекті өмір бойы «Жынды» атап кетті. О кісі «Жынды» десе қайнысы да еш қыжылсыз «Әу» деп үн қататын. Жынды деу себебі жеңге мен қайын арасындағы ежелгі «Жүз жылдық соғыстарға» байланысты. Сол соғыстың бір уақиғасы былай өріліпті: Әкем Сәрсен сол күні де азанда-азанымен үкімет малын өрістетіп, мүмкіндігінше ұзатып жайып кетеді. Бұл күнделікті қалыпты дағдыға айналған жәйт. Шешем мен қайнысының соғысы осы кезде басталады. Көп жағдайда соғыс өршіп, шешемнің қайнысының таяғын жақсылап жеуімен аяқталады екен. Сол күні әкем бір керекті затын ұмытып, соны ала кетейін деп үйге тез қайтып қалады. Бұл соғыс қыймылының әбден асқынып, ауыз екі шарпысудың аяғы нақты жекпе-жекке ұласқан сәті болса керек. Есікті ашып, асығыс кіріп келген әкем аңқыйып тұрып қалады. Тұрып, тұрып:

– Әй, не істеп жатырсыңдар, – деп сұрайды. Таңданыспен сұрайды. Сонда шешем:

– Жасырып, айтпай жүр едім. Жасырғанда не деп жасырады дейсің. Әйтеуір ағайынды азаматтардың арасын ашпайын, бауырлардың бөлініп кетуіне себеп болып қалмайын деп сақтанғаным ғой бар болғаны. Енді амал жоқ. Өзің кездейсоқ куә болып қалдың. Айтайын жағдайды өзіңе. Менің Құдай қосқан қосағым бір өзің болсаң да, бүгінде менің байым екеу. Мына інің мені Құдайдың құтты күні сабайды. Ініңнің таяғын күнде жеп, әбден тойдым. Ар жағын өзің білерсің, тіпті не дерімді де білмеймін. Өзің шешерсің енді.

– Әй, жынды ит-ай, сен-ақ мені күйдіріп өлтіретін болдың ғой. Не істеймін сені. Қашан сенің есің кірер екен. Сенде емес, менде ес болмағаны ғой, ес жоқ қой менде              – деп інісіне қатты қапа болып отырып қалады. Сүйтіп шешем бұған дейін білмеген жәйтті аузына алады:

– Бәріне өзім кінәлімін. Қайтейін енді. Осы байғұс әкеден де шешеден де ерте айырылып, тас жетім болып қалды ғой деп, сені он төрт жасыңа дейін арқалап өсірдім ғой. Содан менде ақыл бар еді деп қайдан айтайын енді. Бар болғаны осы жетім бауырым ғой жыламасыншы деп, жыламақ түгілі қабағына кішкентай бір кірбің түспесінші деп бар айтқаныңды қолымнан келгенінше орындап, өгіздей қылып арқалай беріппін. Арқалай беріппін. Сонша арқалағанда ертең қатынымды сабасын, өзімді күнде сүйтіп қорласын деппін бе, мен. Құдайдың бұ мазағы қашан тоқтайды, қашан сенің ақылың кіреді, жынды ит-ау. Біле білсең, бір сенің кесіріңнен тоқсан қатын алдым ғой мен осы күнде. Қашанғы мен қатын ала беремін. Бірін өзің секілді жынды дедің, бірін көтек, жүргінші жәлеп деп қудың. Қатынды мен аламын, сен қуасың. Білгеніңді істеп қуып жібересің. Осының да бір білгені бар шығар, мүмкін бұнікі де жөн шығар деп, мен үйде жоқ кезде сен қуып жіберген қатындардың артынан іздеп бармай қоя саламын. Бұрынғыдай жас та емеспін ғой осы күнде. Қашанғы жүремін жұрт күйеу болып. Талай жерге келдім ғой. Қанша жыл соғыста жүрдім сандалып. Бір Құдай деп. Елге жетем ба, жетпеймін ба деп. Құдай өзі аман есен жеткізді әйтеуір. Енді біз де ел сияқты еңсемізді көтеріп, ел қатарлы түтін түтетіп ел болмаймыз ба, отан болмаймыз ба, – деп әкем торығып, таусылып көп сөйлейді. Ештен кеш жақсы дегендей інісінің санасына ғайыптан тайып, сандалған бір сана сәулесі түсіп қалуынан үміт етіп.

Інісінің, өзі әрқашан кішкентай көріп жүретін бауырының санасына әкем үміт еткен сана сәулесі өте қоймапты. Әлде, мүмкін жаңа ғана жүріп өткен, жеңгесімен болған соғыс салдары тарқай қоймаған. Әкеме, өзінің ағасына қарап тұрып:

– Ақылыңды өз басыңа шайнап жақ, көті қызыл маймыл. Сен көті қызыл маймылсың, өлсең өліп қал, маймылсың сен, аумаған көті қызыл маймыл, – деп қатты шабынып тұрып айқайлайды. – Маған сенбесең, айна тауып қарасай, көті қызыл маймыл, – деп сөгеді. Шамасы қу жетімсіздікте өсіп, қабырғасы қатпай, буыны бекімей бейнет кешкен әкем денесіне шыр бітпей қатып қалған, шағын денелі кісі ала жаздай Қызылдың ыстығына қақталып, тұздай көк көзі мөлиіп, еріні жырым-жырым болып тілініп, екі беті шиқандай қып-қызыл болып мал соңында қу тірліктің айдауымен салпақтап жүрсе керек, бес жыл соғыста жауды жеңгендей қашан еңбек жеңісіне жетемін деп, қашан малданамын деп. Інісі ағасының сол меһнат шеккен, шаршаулы күйінің суретін сомдап, тілдеп тұрса керек. – Қатыныңның сөзін қолдап, қатыныңа жаның ашып, өліп бара жатсың ғой. Қатыныңның сорасын ағызып, әлі талай сабаймын. Маған десең қазір өліп қал, көті қызыл маймыл, – деп тұздай екі көзі шатынап, онсыз да шашылып қалайын деп тұрған есікті бір теуіп шыға жөнеледі. Әкем болдырған аттай болып, басы салбырап, еңсесі түсіп, ер деп етегінен ұстаған қатынының алдында жер болып, шарасыз отырып қалады. Жоқ-жітік заманда шамасының жеткенінше әлпештеген інісінен ауыр соққы алып, есеңгіреп.

Бауырыңды күйдіретін бауыр-ай, шіркін. Аға деп бір жылы сөйлегені жүрегіңе жылы шуақ мейір құятын. Бетіңнен қауып, арс етіп ала түссе, жүрегің бауырыңа деген жылы сезімнен айырылғысы келмей, қимай зырқ етіп, ащы запыран өтің ішіңе құйылып, заһары ішіңді ірітіп.

 

ЖӘРДЕМ АҚЫ ЖЫРЫ

          Мен дүниеге келген соң алты ай шамасында әкем о дүниелік болыпты. Алла Тағаланың бұйрығы солай болған шығар. Бірақ онымен қазақтың шаруасы болмаған-ау. Себебі мен дүние есігін ашқан ай мұсылманша «Сапар» айы аталады екен. Анам айтып отыратын; «Сапар айының серті болады екен», – деп. Қызығы ай серті әлі туылмаған баланың атынан: «Не әкем сапар, не анам сапар, не өзім сапар», – деп айтылады екен. Серт менің атымнан айтылғанымен әлі туылмауым себепті мен ешқайда ешқандай сапарға шыға алмасым анық. Тек дүние есігін ашар-ашпастан шетінеп, сол арқылы ай сертінің сырын ашып, о дүниеге сапар шегуім бек мүмкін. Анам да солай айы-күні жетіп, мені дүниеге әкелу үшін толғатып отыр. Сондықтан ол кісі де ешқайда жолаушылай алмайды. Қызылдың құмында, қойшының киіз үйінде тек бір Алла деп толғатып отырған анам толғағы ауыр болса, ең бастысы Тәңірдің тағдыр тақтасына жазған жазуы солай болса, толғақ үстінде кенет сапарға шығып, жол жүріп кетуі де ғажап емес. Бірақ ол қайтпас сапар, мәңгілік жолы болмақ. Сондықтан да қазақ аяғы ауыр әйелді «Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде», деп, қабағына қарап, бәйек болып, қатты сыйлаған. Сол себепті де өзге жұртқа сырттай қыз балаға қатал көрінетін қазақ қызына өбектеп, анасын аялаған, ана атын ардақтап, қадір тұтқан.

Сонда біздің үйден шын мәнінде сапарға шығып, сапар айының сертін орындай алатын жалғыз жолаушы әкем болып шығады. Бірақ ол кісі де еш қайда сапар шықпапты. Бір үйдегі бір кісі қатыны босанғалы жатқанда қайдан сапарлай қойсын. Анам айтып отыратын: «Әкеңді жол жүріп кетті деп, ер-тұрманын сыртқа шығарып қойдық. Сапар айының талабын солай орындаған болдық. Елдің айтуы ғой. Бірақ бәрібір болмады. Әкең өліп қалды» – деп, мұң көлеңкесі жүзін жабатын. Алланы қалай алдарсың. Тағдыр тақтасы ше, ондағы Құдірет қаламымен жазылған жазуды қайтерсің. Қазақ оны өмірге етенелеп «маңлайдағы жазу» атаған. Кейде «көресі» деп те жатады. Қазақтың «Көресіңді көрмей көрге кірмейсің» – демегінің де мәнісі осында. Ең ауыры «Сапар айында» дүниеге келген бала не әкесі, не шешесі опат болса, бұ дүниенің есігін аша салысымен-ақ «Ата-анасын жалмаған – жалмауыз бала» атанады екен. Сонда мен «Әкесін жалмаған – жалмауыз ұл» болдым ғой. Иә, мен дүние есігін солай ашқанмын. Жәй аша салмай, ауыр атақ арқалап кеп ашқанмын… Иә, Бір Алла, тағдыр – көресіміз өзіңнен…

Әкем Түркістан қаласының батыс жағын алып ағатын Сырдария өзенінің сол жағалауында отыратын Көлқұдық ауылының тұсында, Қызылқұмның ішінде Тасжүрек деген жерде дүние салыпты. Үкімет малын баққан қойшы ел ішінде қайдан отырсын. Мал жайымен сырттап көшіп жүретін малшы қауымның ежелгі әдеті дә. Баяғы өзімізге етене қазақшылық қой, ол кісі көз жұмғанда ешкім де әкемнің қайтыс болғанын ырастайтын анықтама алып, қағаз туырламаған. Тіпті қажет деп те санамаған. Кейін «пенсия» туралы сөз болғанда сол қағазы құрғырдың керегі мәлім болған. Әкеміздің қайтқаны анық, бірақ анықтама қағазы жоқ. Демек жәрдем ақы да жоқ. Болды. Сонымен іс бітті. Ауыл қазағының надандығы баяғы. Ауыл қазағының ауылдық кеңесі де сол шамада болған-ау шамасы. Әлде «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын». Кеңес үкіметінің ел жұртқа еге болады деген ауылдық кеңесінің сыйқы. Әлде «Жыламаса баласы, емшек бермес анасы». Менің анам да өзін; «Байым өліп, балаларымды баға алмай жатырмын» – деп көрсететіндей көріп, кеңсе аралап, есік сығалағанды ар көрген секілді. Қалай болғанда да Кеңестің кеңес беріп, жол көрсетуі кемшін соққан-ау.

Қаншама қиямет қайымды бастан кешкен қария жұрт қазекем; «Әкесіз, шешесіз жетім – тас жетім, әкелі бірақ шешесіз жетім – сор жетім, аналы жетім – жай жетім», кейде «май жетім» – деп те жатады. Сол айтқандай алдымен Алла Тағала, сонан соң анамыз Бибайша Нұрманқызының арқасында еш жетімдік, жетімсіздік көрмей өстік. Әкесі өлген соң берілетін үкімет көмегі  жәрдемақы, «пенсия» дегенді біз со қалпы көрмедік. Құдай бұйыртпаса қайтерсің. Тек менің төрт жасыма дейін айына төрт сом берілген. Бары осы. Сенсеңіз де сенбесеңіз де өз еркіңіз. Айына төрт сом кіретін үйде үйелмелі-сүйелмелі төрт ұл. Алды сегіз жаста, арты мен алты айлық. Біздің анамыз Бибайша бар қажыр қайратын сол төрт ұлы үшін бойына жыйнаған қайратты ана, сол кішкентай төрт ұлдың ертеңі үшін өрге ұмтылған ерен ер ана, төрт ұлдан өзгенің бәрін ұмытып, тек бір Алла деп алға аршындап адымдаған ана болды ғой.

Анамыз төрт ұлды жетектеп Түркістаннан Арыс көшкен. Дұрысы шешемнің; «Менің енді ішкімге тигім жоқ. Бар ойым осы төрт жетімді ішкімге тәуенде қылмай, күйеуге шығып, көгенгөз қылмай, жатқа жәутеңдетпей бағып қағып жеткізу», – дегеніне қарамай, біздің ұрудың соңғы би сарқыттары – шалдардың; «Келін айта береді. Әлі жас қой. Бәрібір біреуге тиіп кетеді. Одан да өзіміздің бір балаға қосайық», – деп әмеңгерлік салтпен талап етіп, қысымға ала беруінен қаша көшуі еді. Қазақ жесірін жәйдан-жәй қалай жібере қойсын. Бәрін өзі ұйымдастырып, советтік бір қызыл мілисаны жалдаған көлігіне отырғызып, айбат көрсетіп келіп, советтен, заңнан қорқып, әбден зәрәзәп болған тінейлерден қайын сіңлісін балаларымен тартып алып, көшіріп әкетіп, қатты қайрат көрсеткен анамның жеңгесі, түркістандық божбанның қызы Жамал шешеміз   еді. Біз анамызды «Апа», анамыздың жеңгесін ерекше құрметтеп «Шеше» дейтінбіз.

Арыс қанша дегенде қалалы жер ғой, әркім әркімнің айтуымен әлдеқашан ұмыт болған жәрдем ақы-пенсия жайы қайта қозғалады. Анамыз советтік халықтық билік мекемесі қалалық исполкомның есігін ашады. Па, шіркін! Сонда еңбекшілдер мекемесінің қызметкері жетім-жесірді жебейді, кедейді көгертеді дейтін совет мекемесінің қызметкері, больщевик коммунист шенеуніктің анамызға айтқан әңгімесінің сияғы мынау болған екен;

– Апай, қағазыңыз тура емес. Сондықтан біз сізге ешқандай жәрдем ақы шығарып бере алмаймыз. Біздің сізге берген көмегіміз болсын, балаларыңызды түгел детдомға- жетімханаға орналастырып берейік.

Өзі қалалы жер ғой деп көп үміт етіп келген, онда да ел айтып қоймаған соң ғана келген анам үкімет пен партияның, халық қызметкерінің мына жетесіз жауабына қатты іренжіпті. Әлі күнге дейін есімде, үнемі еске алып, қатты қапа болып айтып отыратын;

– Әй, шырағым! Бұ не дегенің сенің а?! Байымды Құдай алып, балдарымды сендер алып, далада қаңғып қалатын, Тәңір өзі берген балдарымнан тірідей айырылып, есім ауып, жынды болатын жайым жоқ шырағым. Бермейтін пенсияңды жүдә бермей-ақ қой. Сенің пенсияңсыз-ақ күнімізді көрерміз. Күнімізді Құдай елтер өзі, – деп шығып кеттім дейтін. Дейтін де үндемей, ойға беріліп отырып қалатын. Бірақ, мен оның жүзінен ешуақытта қажу, дүниеден түңілу табын аңлаған емеспін. Керісінше, әрқашан ертеңгі күнге деген сенім, бір Аллаға деген тоба мен сенім көретінмін. Бүгінде отырып өзімше ойлаймын ғой баяғы: менің анамның орнында өзге кісі, әсіресе біз көрген өзінен-өзі қоқиып, өзін бізден жоғары санайтын европалықтар болса, көпке топырақ шашуға болмас әрине, әйтсе де бәрі болмаса да көпшілігі қуана-қуана келісуі мүмкін-ау деп. Біз – қазақпыз! Қазақ қызының болмысы, аналық терең табиғаты ешкімге, ешкімнің анасына ұқсамаған, ұқсамайды да. Ол – қазақ жұртының анасы. Жары жауға аттанып, жасы жиырмаға жетпей жесір қалған, бар тілегі күйеуінің түтінін өшірмеу болып, тұтас ғұмырын жарынан қалған шақалақ жалғыз ұлға арнаған аналар көп болды ғой бізде. Бізде сондай аналар көп қой. Біз ұрпақ тәрбиесіне өмірін арнаған қазақпыз ғой. Қазақ солай еді ғой…

Совет заманында, обалы не керек әкесі жоқ жетім оқушы балаларға түрлі материалдық көмек мектеп тарапынан беріліп жататын. Соның бірі, жылына бір ірет ағайыңның не апайыңның яғни класс жетекшіңнің дүкенге ертіп апарып, бірсыпыра киіндіріп қайтуы болатын. Жаңылмасам мен бір ірет қана осылай киіндім және алда бұлай киінуден үзілді-кесілді бас тарттым. Себеп… Ұмытпасам екі не үшінші класс оқушысымын. Күндердің бір күнінде класс жетекшім менің фамилиямды атап, орнымнан тұрғызып қойып, оқушыларға-кішкентай достарыма менің әкесі жоқ жетім бала екенімді айтып, салтанатты түрде хабарлады. Сол себепті совет үкіметі, әлемдегі ең әділ  әрі еңбекші елдің халықтық үкіметі мұндай, мен сияқты дегені ғой, жетім балаларды өз қамқорлығына алып, көмек көрсетіп отыратынын кеңес үкіметінің, коммунистік партияның ішкі және сыртқы саясаттарымен әдіптеп ұзақ әңгімеледі. Ұстазымның бұл әңгімесі менің жас бүлдіршін көкірегім үшін, аңғал сәби көңілім үшін өте ауыр соқты. Кішкентай кластастарым маған бірі жаны ашып аяп, бірі мүсіркеп, тіпті кейбірі мені бүгін ғана көріп отырғандай, бұрын танымағандай кейіпте таңданыспен қарап қалған. Нағыз халықтық, әлемдегі ең әділ сол себепті де ұлы совет үкіметі мен партия саясаты әлі дәріптелуде… Мен әлі түрегеліп тұрмын. Қатты қорландым. Намыс оты өршіп, бірақ сыртқа ақтарылып шыға алмай, кішкентай кеудемде тұншығып, кластас бүлдіршіндер алдында жер болдым. Тірідей жерленген мен – кіп-кішкентай оқушы бала, жерлеген -ұстаз. Ештеңеден хабарсыз тақылдап, әлі сайрап тұрған ұстазым менің, ұстазым…

Біздің қазақта бәлкім біздің үйде үлкенге қарап сөйлеуге болмайды деген ұғым құлағымызға әбден сіңген. Тіпті бізбен бірге туған десе де болғандай. Ал ұстазға қарап орынсыз бірнәрсе дей қою мүлдем мүмкін емес. Шамасы қып қызыл болып қызарып не түрім өрт сөндіргендей түтігіп тұрған болуым керек. Бірақ ұстазыма ештеңе дей алмай, мына қорлықтан еңсем езіліп, негізі ынжық өсіп келе жатқан бала болуым керек, басымды жерден көтере алмай, тұғжыйып тұрдым. Бұл сәт, мен үшін өте ауыр өтіп жатқан сәт әрқашан менің есімде… Ешқашан ұмытылмақ емес. Өле-өлгенше…

Ұстаздың өкінішке орай ұстаздық мәдениетінің төмендігі өскелең ұрпақ үшін қандай зиянды еді десеңізші. Бәлкім ол кісі оқыған жан болғанымен, тоқуды Тәңір оған жазбаған шығар. Меніңше осы соңғысы жөнге келеді. Мұндай жан тәрбие маңында жүрмесе  шіркін. Әттең ай, әттең дерсіз… Олар бұл салада әрқашан мол болып келеді. Мінезі ойқы-шойқы, арсың-гүрсің сөйлейтін, білімі шолақ, ең бастысы жан дүниесі бүлдіршін балалар үшін үнемі жабық келетін, көкірегі әуенсіз, топас ұстаздар кеше көп болған. Бүгін де бар. Ертең де болады. Өйткені олар өте өміршең келеді. Озғақ келеді…

Сонымен мені көп алдында осылайша қайта таныстырған ұстазым ұлы іс тындырғандай кейіпте кердеңдей басып, мені советтік қамқорлықпен киіндірмек болып, дүкенге ертіп шықты. Неге екені белгісіз, әйтеуір мен түсіне алмадым, кішкентаймын ғой, менімен кластас өз ұлын да ерте шықты. Иә, мен кішкентаймын, біз кішкентаймыз, бәріміз баламыз. Бірақ, мен бала болсам да кеудеме әлденендей күдік ұялады. Көп ұзамай ақ күдігім шынға айналды. Аудан орталығында орналасқан, жұрт «Жеті қыз» атайтын үлкен дүкен-универмагқа келдік. Шамасы сол зор ғимаратты дүкен-универмагта сататын тауарына сай жеті бөлім жұмыс жасаған. Жеті бөлімде жеті сатушы қыз қызмет еткен. Шамасы соған қарап біздің ауылдың бір дуалы ауыз адамы «Жеті қыз» деп айтып жіберген де сол даңғарадай дүкенге ат болған да кеткен.

«Жеті қыз» универмагында мені жетім бала ретінде үкімет есебінен киіндірген ұстазым, ұлын да менімен бірге, бәндәнің әр ісі Аллаға аян, менің есебімнен киіндірді. Кешегі қазақ баласы, шәкірттер бүгінгі балалардай емес, әсіресе ұстаз алдында өте ұяң, биязы келуші еді. Әйтсе де бала болсам да, ұстазыма қарсы келе алмасам да, маған осылайша елден бөлек, ұстаз жетегінде, «жетім» атты айдармен тегін киіну өте ауыр соқты. Жұрттың бәрі маған қарап; «Жетім, жетім», деп тұрғандай болады. Тағы да қорландым. Бәлкім бүлдіршін бала бойындағы жан тазалығы… О, тоба! Менің бала басыммен қорланып тұрған іске ағайым, ұстазым емін-еркін барып тұр ғой. Иә, солай. Ағайымның өзі аман бола тұра баласын менімен бірге, менің есебімнен киіндіргенін мен түсіне алмай дал болдым. Жо-жоқ, бәрін түсіндім. Бірақ қабылдай алмадым. Менің балалық таза жан дүниеме жат қылық болды ұстаз қылығы. Кішкентай жүрегім ұстаз тарапынан болып жатқан төмендікті, ыластықты, арсыздықты сезінді. Кіршіксіз көңіл жиренді. Ұстаз шәкірт көңіліндегі орны – ұстаздық биігінде қала алмады. Төмен құлдырады. Бала жүрек, таза жүрек биіктеді. Өзінің ұстазынан биіктігін сезінді. Өзінің ешқашан бұлай етпесін, мұндай іс етпесін нық сеніммен ойлады. Бала жүрек бұлқынды. Еңсесін көтерді. Бойын тіктеді. Бала жаны солай сезінді. Өзіне, өзінің адалдығына сенді. Көңілі соны қалады. Кішкентай бүлдіршін бала – ертеңгі ер азамат. Оның бойындағы адами қасиеттер жаратылысы мен туылуында-ақ оған Алла Тағала тарапынан беріліп қойған.

Мен өзімнің ешқашан бұлай етпесіме сендім. Ұстазымнан жирендім. Үйге келген соң болған жайды анама айтып бердім. Өзімнің өзгенің есебінен ешқашан киінгім келмейтінін, бүгінгі бастан кешкен қорлықтың енді ешқашан қайта қайталанғанын қаламайтынымды ашулы жүзбен баяндадым-ау шамасы. Мені салмақты ойлы жүзбен тыңлап отырған анам жан күйзелісімді ұққан секілді. Келісті. Жетімсіз қу дүние жөнінде, қайтсем жеткізем осы балдарға сол жетімсіз жаралған қу дүниені деп жүрген жан қыйналысын әңгімелеп мені үгіттеуге тырыспады да. Көп те сөйлемеді.

– Сүйтсең сүйте ғой балам, – деді. –Солардың көмегінсіз-ақ күнелтіп жатырмыз  Құдайға шүкір, – деді ойланып отырып. Сосын: -Құдай өзі жеткізеді, – деп түйді. Әңгіме осымен бітті. Жүрек қаламаған жәрдем ақы мәселесі осылай шешілді.

Бүгінде ойлаймын; «Шіркін, анамның қайраты-ай… Бір Құдай деген сенімі-ай… Сол қайрат пен сенімінің арқасында біреуден бір тыйын сұрамай, ешкімнен ештеңе дәметпей бар баласын жеткізді менің анам – Бибайша. Туыстарға да туыстарыңды асырап жатырмын деп міндет етпепті. Ауызға да алмапты. «Адамнан сұрағанның екі көзі шығар, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығар» деп өзі айта беретініндей өзін де, балаларын да Алла асырап жатыр деп біліпті. Ақиқаты да сол ғой. Менің анам қандай биік еді десеңші…Менің анам Бибайша иманын ұрухына қазық етіп, әрдайым ар биігінен табылған екен…»

Келер жылы аудан орталығында жаңадан ашылған үш қабатты, зәулім ғимаратты, «Күн көсем – Ленин» есімімен аталған мектепке ауысып кеттім. Ұстаз ұлын,       кластастарымды көп уақыт көрмей кеттім.

Кейін көргенімде қатты таң қалдым. Ұзын бойлы, жауырынды келген өте ірі жігіт болып өсіпті. Бірақ сонысына қарамай тым момын көрінді. Қызық. Әкесі де шешесі де момын емес, пысық жандар бола тұра балалары солай болған. Ол әскерде жүріп, алыста Ресей жерінде опат болыпты. Өкінішті… Әттең бір қапы дүние-ай…

Ұстазымның жиренішті қылығы, бүлдіршін шәкірт менің сонша таң болуым, парталас досымның, қыршынынан қыйылуы бәрі, бәрі мені көп ойландырады. Бәлкім менің ұстазым өз ұлын өзі, өз пейілімен қысқа ғұмырға теліп, байлап қойды ма екен деп ?!

Ұстаздық өре мен азаматтық парыз биігіне,пейіл кеңдігіне ұмтылмаған тақыс әке солай тағдыр соққысын  алды ма екен?!  Кім білсін… Иә, бір Алла тағдыр өзіңнен…

Осындай сәттерде мұсылмандық шығыс жұртының хикаясы делінетін мына аңыз тақілеттес әңгіме еске түседі…

           Баяғыда бір дәулетті шаңырақтың әйелі үнемі қайта айналып соға берген қайыршыны жақтырмай,  Алладан оған өлім тілепті. Қайыршының қайта оралып соғар мезгіліне туырлап, у қосып қамыр ашытып, әп-әдемі, тіпті сүп-сүйкімді тандыр нан пісіреді. Қайыршы да көп күттірмей келе қалады. Әйел арнайы пісірген нанын оған беріп жібереді. Құданың құдіреті дә, қайыршы ол нанды жемей, дорбасына сала салады.   Тіленшілікпен алдым екен деп, отыра қалып қайдан жей берсін. Оның үстіне ол да тірнектеп, қайыр садақа болса да басын қосып үнемдегісі келеді. Бұл – тірлік тауқіметі аталатын өмір, жалпы жаратылыс заңы. Ұзамай көрші қалаға сапар шеккен қайыршы жолда керуені тоналып, арып-ашып, жаяу-жалпы шұбап келе жатқан жолаушыларға жолығады. Олардың бұл жағдайын көріп, жаны ашып кеткен қайыршы олардың біріне дорбасынан нан алып ұсынады. Тарығып келе жатқан жолаушы нанды қарпытып, қатты асап жей бастайды да кенет құлап түседі. Жолаушылар жабылып, қайыршыны қазының алдына алып келеді. Ол болған жайды бүкпесіз баяндайды. Ең ауыры у наннан опат болған жолаушы әлгі әйелдің сапарда жүрген ұлы болып шығады.            

Шіркін өмір, қайран да, қайран тірлік-ай… Дәрісіңді тыңдай білген жанға беретін сабағың  да мол-ау сенің…

(жалғасы бар)

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button