Назым сөз

Серік Сағынтай

Фәни-құс (Феникс)

Серік Сағынтай (Құжат бойынша Айбат Сағынтайұлы Кептербаев) — 1976 жылы 11 желтоқсанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 1992 жылы Қоңырат ауылында Қазыбек Нұржанов атындағы орта мектепті тәмәмдап, Жезқазғандағы О.Байқоңыров атындағы университеттің тарих-шет тілдер факультетіне түседі. 1997 жылы университетті бітірген соң, Ақтоғай аудандық “Арқа еңбеккері” газетіне әдеби қызметкер болып орналасқан. 2000 жылдан Балқаш қалалық “Балқаш өңірі” газеті редакторының орынбасары, облыстық “Орталық Қазақстан” газетінің әдеби қызметкері, облыстық “Балқантау” газетінің Бас редакторы, республикалық «Айқын», «Алаш айнасы» газеттерінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. Қазір республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының Бас редакторы. 2003 жылы “Шабыт” Халықаралық фестивалінде жүлделі 1-орынды иеленген (Әдебиет номинациясы, проза). 2005 жылы “Зерде” қоғамдық қоры ұйымдастырған “Поэзия, менімен егіз бе едің?” атты республикалық жыр мүшәйрасының бірінші жүлдегері. 2009 жылы Жаңаарқа ауданының 80 жылдығына, Жазушылар Одағының 75 жылдығына арнап өткізілген республикалық мүшәйрада 2-орын иеленген. Бұдан өзге облыстық, республикалық жыр додаларының бірнеше дүркін жеңімпазы. «Жазу», «Фәни-құс» атты өлеңдер жинағы, «Қарға» атты әңгімелер жинағы жарық көрген.

Мен бе…

Сен бе…

ОЛ ма әлде кінәлі —

Неге оттан түтін иісі шығады?

Жан өртіне су себетін жан таппай,

Сарқылғанда дүниенің бұлағы —

Қап-қара боп тұтылған күн тәрізді,

Өртенем де кетем ылғи…

Аңызды

есіме алам фәни-құсты, фәниді,

Өзегімді өрт-өкініш қариды.

О, отты жыр, өзегімді қари түс,

Менің атым – Фәни-құс!

Елдің бәрі ақын ғой деп ұғатын,

Қос қанатым өрт жалын боп шығатын…

Жарымы күл, жартысы от денемнің,

Бірақ, оған сенер кім?!

Бақи жаққа күнде барып қайтатын,

Өле алмайтын өзегі өрт өлеңмін!

Лап еткенмін шайтан шашқан шараптан,

Өзін өртеп, өзімді өртеп…

Сан оттан

түтін иісті күл жұғыпты жаныма,

Шайтан шәрі тозақтан

«…Оттан туған»

Өн-бойымды құрсар күш,

Басым кейде күлсалғыш.

Жанып-сөніп, шерді өртеген жүрегім,

Жартысы — күл, жарымы – нұр…

Жыр. Өлім

Екеуінің ортасында сенделген,

Жыр тірілтіп, шер көмген.

Бір бұлаққа келем әлі шөлдеумен…

Жүз өртеніп, тоқсан тоғыз сөнгенмен.

Күлге толып баратқандай өр кеудем.

Лап еткізіп жер-жаһанды жарығым

Мен тұтанған күні неге налыдың,

Мен сөнетін күнді неге жорыдың,

От пен бірге күл жаратқан Тәңірім?!..

Серік САҒЫНТАЙ

Ілмектер

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close