Қоғам және бізТаңдаулы

АЛАШТЫҢ АНАСЫ

Айтулы азамат, мемлекет және қоғам қайраткері

Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтің аяулы анасы,

өмірден көргені мол, түйгені зор мейірбан жан, ардақты тұлға

Ділдә Матайқызы Тасмағамбет келінінің

дүниеден озғанына (21 желтоқсан 2019 жыл) бір жылдан асты.

 

Мыңжан БАЙЖАНИН,

қоғам қайраткері.

Алматы.

 

Алаштың анасы

 

Баяны бес тиынға татымас – бес күн… Ой жинап, орам тапқанша, он екі ай ойқастап өте шықты. Қашанда «Құлыным!» деп, емен-жарқын жарқылдап амандасатын, торқалы тоқсан жасқа тоғыз қадамы ғана қалған Ділдә апам арамызда жоқ…

Қайран, апам!

Аттандыңыз сіз де үнсіз…

(Тәлім-тағдыр сіңірдіңіз сүргінсіз…)

Жүзіңізді көрсетпейді қайтадан,

Жасыл көктем, сары жаз бен күлгін күз…

 

Қайран, апам!

Желтоқсанның ақ таңы…

(Сүріндірді-ау, баянсыздық қақпаны…)

Ызғар соқты қоштасуға қаратпай,

Мұз қатырды, жаумай қыстың ақ қары…

 

Қайран, апам!

Қаралы аспан түнерді…

(Батыр сынды ерсіз мінген күреңді…)

Хазар теңіз алай-дүлей толқыды,

Сезгендейін сұрапыл мен сүреңді…

 

Қайран, апам!

Бағамдаған жолды нық…

(Асыл сөзді арзандатпай, қор қылып…)

Асықтың ба, иттері жоқ ауылға,

Иттері көп ауылдардан болдырып?!.

 

Қайран, апам!

Перзенттерін қимаған…

Жүрегіне мол мейірім жинаған…

Арманы жоқ әр ананың еліне,

Ұлтын сүйген нартұлға ұл сыйлаған!

 

Қайран, апам!

Жүз жылда – бір туылмақ…

(Дәурен өтті дамыл бермей, дуылдап…)

Ананы іздеп, судың бетін сабайды,

Телегейдің шағаласы шуылдап…

 

Қайран, апам!

Тыныш табар шағала…

(Сабыр тоқтап: сезім менен санаға…)

Сағыныштан сарғаямыз біз мәңгі,

Жалғыз ұшқан қыран көрсек далада…

 

*** *** ***

 

Менің ғұмырымда: «Қарының ашып қалған жоқ па, балам?» деп сұраған екі-ақ адам болды: бірі – туған анам Қалдыгүл Ақбалақызы; сосын, Ділдә апам Матайқызы!

Анам Қалдыгүлдің: «Балам, екі нәрседен қорық: Құдай мен қарыздан. Құдайға – жақындай бер, қарыздан – аулақтай бер!» – деген сөзі санамда сақталып қалды; Ділдә апамның: «Бақыт деген жарықтықпен – танысу оңай, табысу қиын; шылқыған шынайы бақты төзімнің – төбесінен, шыдамның – шекесінен табасың!» – дейтін ғибраты құлағымда мәңгі жаңғырып тұр…

Қос аяулымның құсни-хаты, ғұмырлық сөзі…

 

*** *** ***

 

…Қапыда қара қытай індеті інгендей қайқаңдатып, іргеге қамап қойып, тынысымыз тарылып, кеудеміз қысылған бір түні түсіме Ділдә апам кірді. Қазағының жазықсыз жапа шегіп, ұлтының басына күн туғанын мүбарәк рухы біліп жатса керек… Апам жадырай сөйлеп, бірдеңе айтып, жарқырай күледі… Көңілім толып, медеу тұтып:«АпамЖұмақтың биігінде байсалды баян кешіп, бақуат көріп жүр екен-ау…» – деп, мазам қашпай, жүрегім толқып ояндым…

 

 

*** *** ***

…Ділдә апам «Жүйріктің жауы – көп болады» дейтін қазақтың тереңнен толғай төгілткен тәмсіліне айрықша таңданып, риза кейіпте біраз үнсіз қалды да: «Туған ұлтыңның ұшпаққа шығуын, қазақ баласының топ жарып, бәйге байрағын алғанын аңсайсың. Әттең, кәзіргі адам еңсені емес, кеудені тіктеуге құмар…» – деп, бір кідірді…

Тым-тым алысқа Жайықтан асқан жеті қырға көз тігіп, шаң басып, сағымға оранған кешегісін көргісі келгендей: «Құтты шаңырақ, текті табалдырық аттап, термен тазаланып кетер бейнетке батқандықтан емес, тұрмысқа қырсыздау қаланың баласы қырға түсіп қиналғаным ұмытылмады. Тіл білместіңде терістігін татып, талғамын таныдық…» – дегенде, ерекше еміреніп, езу тартты.

 

 

*** *** ***

 

Ділдә апамның ғибратты ғұмырының құстың қос қанатындай шынайы жақсы көрген екі тұғыры: бала мен кітап.Екеуін де жанындай сүйіп, асылындай аялады.

Нәресте-дәрігері кәсібі – талай жетімнің көз жасын сүртіп, «өкіл ана» атануына алып келді. Жесірді демеп, жетімді жебеп, әрдайым қол ұшын созған үлкен жүректі, балажан, ақжарқын, қарапайым, иманы зор, кең парасатты, адамдығы кемел кейуана атанған апамның жақсылығын көріп, шарапатына бөленген жұртты қарасы қалың…

«Кітап оқымағанның – ойы жұқарады, кеудесін ыс басады. Білім де, жарық та – кітапта» – деген болмыс-бітімі, табиғат-тәлімі білімқұмар, кітапжанды кісінің – ойы терең, сөзі шымыр, кеудесі жыр-қазынаға толы, тауып айтқан мәйекті әрбір сөзі мақалдай – мағыналы, батадай – бағалы, өсиеттей – өнегеліболды…

 

*** *** ***

 

…Бірде телеарнаға сұқбат бергенДілдә апам: «…Шалымды (өмірлік жары Нұрғали көкеміз) бақилық сапарғашығарарда «қоштасып, бақылдасып қалайын» деп, Иманғалидан сұрағанымда мені аяп: «Апа, аууырлап қаласыз…» деп, қашқақтағандай болғасын, Әбішке (Нұрғали көкемізді жерлеу жөніндегі комиссия төрағасы Әбіш КЕКІЛБАЕВ) айтып, әйтеуір, лұқсат алдым. Шалым жатқан бөлмеге кіре сала тілім байланып, көзімнен телегей-теңіз аққан жасым сорғалап тоқтамады. Біраз кеудем қысылып, дем жетпей отырып, ақыры, ағылған өксігімді шығардым, қасымда Алматыдағы баламғана болды. Бәрін сол құлыным естіді, сұрасаңдар, айтып берер…» – деп қалды…

Шындығында, дәп сол күні мен Алматыда едім, бірақ, апамның аналық алтын жүрегі – алыстағы баласын асыра аңсап, жанына жақын тартып тұрған екен…

 

*** *** ***

 

Сәуір айының жаймашуақ бір тәуір күнінде Ділдә апам менің туған күніме мол мейірімі кілкілдеп, кемерінен асқан ыстық аналық жүрегімен:

«Сөзіңді ел тыңдаса,

Жүрегінде жылдаса…

Арманы жоқ ақынның,

Мыңжан балам, мың жаса!»– деген шумақ жыр арнапты.

Разы көңілмен, алғысымды айтқанымда:«Балам,мен кезкелген адамға «менің Алматыдағы балам біледі» деп, марқайып отырамын…» – деген әсерлі әңгімесін шорт кесті де, мұңайған кейіппен: «Иә, қарттық келді, уақыт ұзарды, құлыным!» – деді…

 

*** *** ***

 

Матайқызы Ділдә апам – шымыр шешімді, кәміл келісімді, қаламдыға қамқор, алаңдыға қорған,талғамды тұғырда тұр…

«Аман ердің – аты шығады», жұрт жанашырының, ұлт қарашығының, ел еренінің анасы – ердің анасы – елдің анасы болды!

Қазақтың анасынан асып, Алаштың анасыатанды!

Ұлттың анасы абыройынан –Түріктің анасы құрметіне жетті!

…Мөлтілдеген мейірімі телегей-теңіз асыл апам – әрбіріміздің бақиласуға көңіліміз қимайтын, жүрегімізге сағынышымыз симайтын ардақты анамыз!

 

желтоқсан, 2020 жыл,

Алматы.

Осы айдарда

Back to top button