ГүлжазымТаңдаулы

СЕНЕМІН БІР БАҚЫТҚА

ӘҢГІМЕ

Пойыздың тарс-тұрс  еткен дыбысы мен жүрегінің дүрсілі қабаттасып Гүлбануға тыным бермеді. Тіпті, бірімен-бірі жарысатындай. Алатаудың баурайында орналасқан әсем Алматыға пойыз келіп тоқтады. Адам ығы-жығы. Пойыздан түскендер сол адамдардың санын толтыруда. Неткен керемет табиғаттың сұлулығы. Қалай болғанда да, әйтеуір адам айналасындағы дүниені сұлу деп сүйсініп, сұрықсыз деп тіксініп қабылдайды. Алматының сұлулығы – жаныңды марқайтатын, көзіңді қуантатын, тәнті етіп сүйсіндіретін тамаша жердің жәннаты емес пе, шіркін?! Табиғаты мен адамдарының өзі үйлесіп тұрғандай әсер қалдырады. «Келгенім дұрыс болды, арманымның биік шыңына апарар жол ашылды-ау» деп өз ойымен арпалысып тұрған Гүлбану

– «Такси керек емес пе, сұлу қарындас»  деген тосын дауыстан селк етті. Селк етті ме, әлде, тәтті ойларын бұзғанына кейіді ме:

– Жоқ, керек емес, – деп жай ғана ернінің ұшын жыбырлатты. Таңданыспен ұзақ тұрғанын енді байқап, айналасына бөтенси қарады. Иық тірескен адамнан ешкім де қалмапты. Таныс іздей бастап, алақ-жұлақ етіп тұрғанда досы Айна да келіп қалды. Қуанышын жасыра алмай сүйіп амандасайын деп еді, Айна:

– Привет, Гуличка, как дела? – деді

– Жақсы, өзің қалай?

– Быстро-быстро, время нету?

– Жатақханаға барамыз ба?

– Қайдағы жатақхана? Болмады

– Болмағаны несі?

– Неге сұрай бердің қадалып, қазір әркім өз қотырын өзі қаситын заман, тем более, Алматыда…

– Не деп сандырақтап кеттің, Айна? – деп, қолындағы сөмкесін тастай салды. Сол уақытта ар жақтан шәңкілдеген дауыс шықты.

– Айна, уақыт жоқ неғып тұрсың?

– Ал, Гүлбану, күтіп ал дедің, күтіп алдым? Енді өзің бір іс қыларсың, пока!

Аңтарылған Гүлбану тұрған орнында қатты да қалды. Жаңа ғана керемет көрінген дүниенің быт-шыты шығып, сырт айналған досы секілді сағымға айналды. Бойын ашу-ыза кернеп, тұла бойы дірілдеп, көзіне ащы жас тұнды. Тіпті, кері қайтқысы да келді, бірақ, осы жерге табаны әрең тиді емес пе? О, Жаратқан, аз ғана күннің ішінде қалай ғана өзгеріп кеткен?! Не әсер етті екен? Түбінде осындай шикі нәрсе шығатынын біліп едім бұдан. Адамдардың бет-бейнесін сын сағатында таниды екенсің-ау. Егер шын дос болса «Менің мұнан қай жаным аяулы» деп қасымда қалар еді. Достықтың қадіріне жете алмаған санасызға не дерсің деген оймен жыламсырап тұрды. Қашанғы жыласын, көздің жасынан пайда жоғы белгілі. Қойын кітапшасын ақтарды. Осындайда таныс тапсашы. Әжесі бұрын Алматыға көшіп кеткен көршісінің телефонын бергенде елемей сала салған еді.  Бір уақытта тауып алып хабарласты. Жағдайын айтып, жыларман болып еді, дереу келетінін айтты.

Ескілеу жигулимен көршісі келіп тоқтады. Жалпылдап жағдайын сұрап әлек. Бұрын жас болып аңғармаған ба, қара шашын ақ торлап, көрген тауқыметін бетіндегі әжімі айтып тұр. Шиеттей бала-шағасы, ақ борандай азынаған көршінің әйелі есіне түсіп, ол үйде тұра алмайтынын сезінді. Бірден жатақханаға орналастыруын өтінді. Келіспегенде қайда барсын, Алматыны шарлап жүріп, кір-қожалақ жатақханалардың біріне орналастырды да, ақылын айтып қайтып кетті. Бұрынғы досынан бұрынғы көршісі артық болды. Бөтен жер, бір түрлі жағымсыз иіс шығады. Ә, дегеннен-ақ қасындағы қыздар да ұнамады. Қолдарында темекі, дарақы күлкі, бей-берекет сөйлеп қысмынғанды да білмейді. Не болса да бір күн қонып шығуды ұйғарды.

Таңертең ерте тұрысымен бірден басқа жатақхана іздеуге шықты. Алдымен тәжірибе өткізетін газетін тауып алды. Сол жерде жерлес құрбыларымен кездесіп қалып, жағдайының мәз еместігін айтты. Олар бізбен бірге тұра бер деп, жатақханасына апарып жайғастырды. Қуанышы шексіз, құрбыларына дән риза. Үшеуі басы қосылып, шер тарқатысып түннің бір бір уағына дейін ән айтып, талықсып ұйқыға кетеді. Жайна мен Маржан Алматының әсем жерлерін аралатты. Алла Тағала адал адамның ақысын ешқашан жемек емес, себебі, қиналған уақытында жақсы адамдар алдынан шыға келді емес пе.

Бір күні редакцияның тапсырмасымен онкологиялық ауруханаға барып, сұхбат жасап келу керек болды.

  • Онкология?.. Жоқ!

Сол күндер бұл үшін қасіретті еді. Өткен өмірдің ащы уыты көз алдынан тізбектеліп өтіп жатты. Бір кездері осы жерде өзінің үш ай жатқаны есіне түсіп, егілді. Күнгірт бөлме, үш қыз. Өлі тыныштық. Дәрігерлер қатерлі ісік бар деген соң осында келген еді. Ауруын ойласа, ет-жүрегі езіліп, мазасыз күй кешіп, көздің жасына ерік береді. Қасындағы қыздардың бірі Айнұр өте ашық жарқын қыз болатын. Мұның сөйлемесіне қоймайтын. Екеуі бір-біріне әбден бауыр басып алды. Өмір туралы сыр ақтарып, ауруларын ойламауға тырысатын. Бір күні дәрігер Гүлбануды кезекті емін алуға шақыртқан еді. Дәрігерге көрініп келсе Айнұр орнында жоқ. Әрі күтті, бері күтті. Жоқ. Таныс медбикеден сұраған еді, ол үнсіз қолына қағаз ұстатты. Жалма-жан хатты алып оқи бастады. «Гүлбану, саған өмірдегі жақсылықтың барлығын тілеймін, себебі сен сияқты жақсы адамдар жақсылық үшін, бақыт үшін жаратылған. Өмірің шаттыққа, қуанышқа толы болсын. Мен сені әрқашан ең биік шыңдардан көретініме еш күмәнім жоқ. Ауруханада бір тамақты бөліп жеп, көрші төсекте жатып, бір-бірімізге әбден үйренісіп кеттік. Сырласқан күндерімді ешқашан ұмытпаймын. Сенің болашағың зор. Алдыңда үлкен жетістік күтіп тұр. Ол үшін өзің күтініп, денсаулығыңды дұрыста. Егер өмірде сен сияқты адамдар көбірек болса, онда бұл қатал да әділетсіз өмір тек нұрға толы болар еді. Сен жылама. Тағдырдың жазуы осы шығар. Мен саған ана жақта тілеулес болып жүремін. Жаным, алтыным, мен сені қимаймын. Жылама, достым, жылама…

Сәлемнен досың Айнура»

Хатты оқып еңірегенде етегі жасқа толды. Айнұр көз алдынан кетер емес. Құдайым-ау, не қызық көрді өмірден, неге сонша асықтың ол жаққа. Сенің арманың көп еді ғой, алтыным-ау, мені неге тастап кеттің, деп, өзімен-өзі күбірлеп ұзақ жылады. Тамақ батпай күні бойы жатып алды. «Оның ойындағыдай өмір маған қайдан болсын, мен де өлемін, қарғыс атсын сені, өлім, атың қандай жаман еді, талай жас қыршын кетті-ау» деп ауруына налып, жастықтан басын көтермеді. Күндер зулап өтіп жатты. Ата-анамнан ерте айрылғаным аздай мұның не тағы…

Гүлбанудың ата-анасы өмірден ерте қайтқан еді. Байқұс қызға тағдыр қаршадайынан-ақ көрсетіп келе жатыр. Тауқыметке берілмеуге тырысып көп ойланды. Бір ойды үстінде жалғыз бауыры есіне түсті. Оның әкесі де, шешесі де, бауыры да өзі екенін түсінді. Ертең бұл өліп қалса оның жайы не болмақ. Осы жайларды ойлап денесі мұздап кетті. Кенет ойына: «Мен не үшін өлуім керек, мен сол бауырымды ер жеткізіп, қызығын көруім керек. Мен өлмеймін, мен өлмеймін, өлмеймін» деп айқайлап жібергенін сезбей қалды. Сол күннен бастап өзгерді. Өмірге деген құлшынысы артып күле бастады. Ең бастысы – Гүлбануда сенім болды. «Мен жазыламын, мен өлмеймін» деп, күні-түні құдайдан өмір тіледі. Құдай мұның көз жасын көрді ме, бір жағы өзінің өмірге деген сенімі болды ма, әйтеуір, жазылып шықты. Көрмегенім осы жер болсын деген еді.

Енді, міне, сол жерге баруға тура келіп тұр. Аурухананың қасына келіп, ішке кіре алмай біраз тұрды. Адамдарын сырттай бақылап, бір түрлі мүсіркей қарап тұрды да ішке енді. Бастықтың бөлмесіне қарай тартты. Алдында табиғи шашын сарғайтып, бет аузы бояудан көрінбейтін сылқым отыр. Бастықты сұрап еді, жоқ болып шықты. Жоқ болғанына қуанғандай болды. Ертесіне тағы келіп еді, бос емес екен. Онан кейінгі күні келіп еді, уақыты жоқ екен. Әбден сілесі қатты. Болмаған соң орынбасарына барды. Есіктен басын сұғып еді

– Что вы хотите? – деді

– Сәлеметсіз бе, мен газеттен келіп едім, сұхбат алайын деп…

Мұның қазақша сөйлегеніне қарап, менсінбей:

-Уақытым жоқ, деп қысқа қайырды.

Кінәлі адамдай болып шығып кетті. Енді келмеспін деп түйді. Адам өзі қызық қой, бір ой келсе, екіншісі қатар келіп маза бермейді. Есіне балалықтың бұлтсыз аспанында оқыған кітабының авторы түсті. Ол осы Алматыда тұрады, неге содан сұхбат алмасқа. Өз ойына өзі қуанып кетті. Дереу анықтама бюросынан сұрап, мекен-жайын тауып алды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демей ме, алпысты алқымдаған, ажары кете қоймаған сұсты әйел екен. Қуанып тұр, сенер емес. Артынан еріп барып кіре бергені сол еді:

– Что вам нужно? – деген өктем дауыс шықты.

– Сәлеметіз бе?

– Не шаруамен келдіңіз, тез-тез айтыңыз

– Мен газеттен келіп едім, сұхбат алайын деп…

– Уақытым жоқ, немене біздің газеттен басқа жұмысымыз жоқ дейсіңдер ме, алдын-ала хабарласпайсыңдар ма?

Әйелдің дөрекілігіне қарап, жұмған аузын аша алмастан шығып кетті. Жүрегіндегі оған деген тамаша сезімге біреу бір шелек мұздай су құйғандай болды. Ең жаманы үмітін сөндіргені. «Орыс түгілі өз қазағың өңмеңдеп, қазақша сөйлесең жақтырмай қарағанда ыңғайсызданып қаласың. Сосын орысқа несіне өкпелейсің. Орыстардың бодандығынан шыққанменен бұғауынан шыға алмай жүрген қазағым-ай, ертең осының бәрі өз басыңа шоқпар болып тиетінін сезер ме екенсің? Әй, сезбейсің-ау, сезбейсің. «Қазақты өсірмейтін өзге емес, өзіміздің «көзқамандар» екен ғой» деп қатты күрсінді. Оймен келе жатып аялдамадан өтіп кетіпті. Күндегі автобусына емес, өзгесіне мінсе, адамдар бір аяқтап зорға тұр. Амал жоқ, түсіп қала алмады. Автобустың ішінде тұрып мазасы қашты, басы айналып, жүрегі айныды. Тез түсуге асықты. Шыдай алмай жүрегі қысылып, ерте түсіп қалды. Қараса, сөмкесінің аузы жартысына дейін ашық. Жүрегі тоқтап қала жаздады. Тез-тез ашып қарап еді, әмияны жоқ. Мүмкін емес. Ақтарып қарады –жоқ. Ішінде қомақты ақша бар болатын. Жатақханаға аяқ-қолы дірілдеп әрең жетті. Маржан мен Жайна мұның түрін көріп шошып кетіп, не болды, не болдыға басты. Өкіріп жылап жіберді. Әмиянының жоғалғанын еңкілдеп зорға айтты. Жұбатып әлек, қолдарынан басқа не келеді ол байғұстардың. «Өмірім өксумен өтті-ау, не жаздым мен құдайға. Біреуге істегенім алдымнан шықты дейін десем, адалдықтан ешқашан аттаған емеспін. Неге ұрлайды екен осы, ертең желкесінен шығады ғой. Бір күн тояр, екі күн тояр, одан кейін қайдам, бір бәлеге ұшырары хақ. Ақшамның жоғалғанына емес, адамдардың қадірінің қашқанына жылаймын» деп, көз жасын тыя алмады. Бәрі де орнына келер, дегенмен іші күйіп барады. Үйіне телефон шалайын деп, көшеге шықты. Телефон тұтқасын жеңгесі алды да, сайрап жөнелді:

– Айналайын-ау? Қайда жүрсің? – деп мұны сөйлетер емес.

– Әй, анау, Еркебала үйленді. Анау Қазыбектің сұлу қызын әкелді, – деп сампылдап жатыр. Інісі Асылжанды жеңгесі солай атайтын.

– Асылжан үйленді дейсіз бе? Жаным сол! Мен бүгін жетем, -деп тұрғанда, телефон үзіліп кетті.

Ақша адамның өмірінен маңызды емес қой. Ақшасын ұмытып кетті. Сол кезде Қадір ағамыздың өлеңі есіне түсті:

Күлдіріп жылатады өмір,

Көтеріп тұрып құлатады өмір.

Етегің толып еңірегенде,

Қайтадан өзі жұбатады өмір.

Өмір өзінің екі жақтама екенін тағы да дәлелдей кетті. Ертесіне құрбыларынан ақша алып пойызға билет алды. Пойыз ақырын жылжи бастады. Алматы, мен саған әлі талай келем, мұнан кейін өкпелетпессің. Қимастықпен қарап: «Енді жылатпа мені, тәңірім, сенен соны сұраймын» деп іштей күбірледі…

    Гүлжаз ҚАРЫБЕК,

Алматы,

2004 жыл

Осы айдарда

Back to top button