Қажыбек БЕКБОСЫН, ҚР Халық әртісі: «Жастардың бойына ұлттық өнерді сіңіру керек»

– Қажыбек аға, ата-бабадан жалғасқан киелі өнердің көшінде қаншама жылдан бері қара домбыраны ешбір заманауи техникаға айырбастамай, дәстүрлі әннің белді өкілі болып келе жатқан қазақ саңлақтарының бірісіз. Әңгімемізді бойдағы өнеріңіздің түп-тұқиянын тарқатудан бастасаңыз… Себебі оның өре басы аңызға бергісіз заманалар мен бүгінгі ұрпақтың көзі көрмеген қазақтың жақсы-жайсаңдарына апарып тірейтіні сезіледі…

Қ.Бекбосынның отбасы (оңнан солға қарай):
үлкен ұлы Арай, үлкен келіні Жанар, кіші келіні Перизат, кіші ұлы Рауан. Немерелері: Аружан, Еркебұлан, Ардагер, жары Айым

– Білуімше, өнер тұқым қуалайды, жоқ дегенде, жеті ұрпаққа дейін қайталанып келеді. Әкем Құдайберген Бекбосынұлы ауылда кезінде әншілігімен танылса керек. Ол уақытта түрлі мерекелерде ер, әйел болып, қарама-қарсы жұптасып айтысушы еді. Әкем көбіне Бибі ақын деген кісімен айтысатын. «Десең де қара барқын, қара барқын, Білмейді жаман кісі сөздің нарқын» деп айтылатын шумағы есімде қалыпты. Ол уақытта айтыс таңды таңға ұрып жалғаса берген ғой. Сонда мен кіп-кішкентай болсам да, айтысып отырған әкемнің тізесінде ұйықтап қалады екенмін. Негізі, бала күннен құлаққа сіңген дегеннен артығы жоқ қой, өсе келе мен де өнерден кенде қалмадым. Мен туған Ұзынбұлақ ауылында әкемнен де өзге Бәйділда, Мақұлбек, Малдыбай атты айтыскерлер болды. Маған әсер еткен – бірден-бір осы кісілер. Содан 10 жасымнан бастап мен де басқаға білдірмей өз бетімше ән айта бастадым. Ол әндер «Ғалиябану», «Әйкен-айлар» болатын. Өзімше ешкім білмейді деп қоям, бірде әкем Талдықорғанға барып патефон сатып алып берді. Әкемнің мен ойлағандай менің өнерімнен бейхабар емес екенін сонда білдім. Әкем ол арқылы маған өнердің мұхитын сыйлаған екен ғой сонда. Жүсіпбек Елебековтің орындауындағы Абайдың «Сегіз аяқ», Ақан серінің «Құлагер», Дина Нұрпейісованың «Сталин күйі», Кенен Әзірбаевтың «Көкшолақ», «Бозторғай» әндерін мен сол патефон арқылы, қала берді, Қазақ радиосынан тыңдап өстім. Ал Ғарифолла Құрманғалиевтің дауысын естіп, әнге құмарлығым одан әрі арта түсті. «Боз жорға», «Нұржамал», «Нақ-нақ», «16 қыз» әндеріне деген қызығушылығым сол Ғарекеңнің ықпалы арқылы оянып еді. «Боз жорға», «Қоғалы-ай», Шегенің әндерін мен сол 15 жасымнан бері әлі айтып келемін.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевты Астанаға салтанатты шығарып салу сәті

1965 жылы 9 Мамыр күні Жеңістің 20 жылдық тойында ең алғаш рет жұрт алдында домбырамен ән салдым. Сол жылы Алматыға цирк және эстрада студиясына түсіп, ҚазССР Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевқа шәкірт болып қабылдандым. Оқуым аяқталған соң, сол кездегі мәдениет министрі Ілияс Омаровтың бұйрығымен «Қазақконцертке» жұмысқа қабылдандым. Ұстазым Ғарекеңмен өнердегі байланысым 28 жылға созылды. Марқұм дүниеден қайтқанша, яғни 1993 жылға дейін қарым-қатынасымыз үзілмеді. 1972 жылы сол кездегі министрдің орынбасары Жексенбек Еркімбековтің ұсынысымен Талдықорған қаласына ҚазССР Халық әртісі Дәнеш Рақышевтан ән үйренуге жолдама берілген болатын. Менің Жетісу ән мектебіне баруым және Әсет Найманбаевтың «Қысмет», «Ардақ», «Қоңырқаз», «Мақпал» сияқты тоғыз әнін үйреніп, өз репертуарыма қосуым шығармашылық тұрғыдан өсуіме үлкен үлесін тигізді. Аңғарып қараған тыңдаушыға мен Батыс, Арқа, Жетісу әншілік мектебін, халық әндерін тұтас меңгерген әншімін.

Құрманғазы ұлт-аспаптық оркестрімен Башқұртстандағы күндер

– Еңбек жолыңызға табаны күректей жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Осыншама жыл ішінде түйгеніңіз не?

– Маған актер шеберлігінен дәріс берген ұстазым КСРО Халық әртісі Ы. Ноғайбаев үнемі «актер ұйықтағаннан басқа уақыттың бәрінде де жұмыс жасайды» деуші еді. Кейін өзім өнер жолына түскенде соған шын мәнінде көзім жетті. Бұл жерде айтпағым, жалпы, өнер жолы ұзақ, ал адам өмірі қысқа. Сондықтан көп адам діттеген арман-мақсатына толық жете алмайды. Әр адам, әр өнерпаз өзінен кейінгі ұрпаққа, елге үлгі болатын іс, із қалдырғысы келеді. Мысалы, мен үшін Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Дәнеш Рақышев, Жамал Омарова, Рәбиға Есімжанова, Роза Бағлановалар бұдан кейін де тыңдаған адамын риза етіп қуантатын, үйренем деген адамға ұстаздық ететін өнер жолын қалдырды. Мен де өз мүмкіншілігіммен осы қатарға қосылсам – еткен еңбегім, төккен терім зая кетпегені. Әр үйренуші ұрпақ осыларды ұстаз тұтып үйренсе, өнер талабын мықты ұстанса, қазақ ұлтының әншілік өнері өз жалғасын тауып, мағынасын жоғалтпайды деп ойлаймын. Болам деген әншіге бір ұстаз аздық етеді. Жақсының бәрінен керегіңді ала білу керек.

Құрманғазы ұлт-аспаптық оркестрімен Татарстандағы концерт беру сәті

– Сіздің өнеріңізді бағалап марқұм, филология ғылымының докторы Жұмабай Әбіл: «Қазақ әні тірі, ол өлмейді, өшпейді», – деп баға берген екен… –

 – Түркістанға келгеннен марқұм профессор Әбілов Жұмабаймен көрші тұрдым. Өте зерек, өнерге жаны ашитын, түсінігі мол адам еді. Филология факультетінде болатын өнер, әдебиет жайлы, академик Рахманқұл Бердібаев ағамыздың арнайы өткізген конференциясына, туған күнін атап өту жиынына ұдайы шақырып, мен де өз өнерімді халық алдында шалықтатып, әннің әр түрінен айтатынмын. Соның ішінде ұйымдастырушы болып Жұмабай жүретін. Содан алған әсерімен өзінің нық сенімімен ой сезімін білдірген болар. Мен оны «жасанды өнер өтер-кетер, шын өнер халықпен бірге жасай береді» деп толықтырар едім. Алла өнерпаздарға сана берсін.

Петропавл қаласы, 1966 жыл. Студенттік гастрольдік сапарда

– Қазір – дәстүрлі өнердің кемеліне келіп тұрған шағы, алайда төл өнерді жастарымызға әлде де сіңіру үшін не жетіспей жатыр?

– «Дәстүрлі өнердің кемеліне келген шағы» деген сөзіңізге күдікпен қараймын.

– Сонда құлдыраған тұсы ма?

– Өнер сахнада шыңдалып, өнерпаз халықтың сынымен, қошеметімен өседі. Мен білетін өнерпаз атаулы осы жолмен өскен. Қазіргі кезде қадау-қадау шын өнерпаз бар болғанымен, әртіске күнделікті халық алдына шығатын сахна жоқ. Яғни ұдайы концерт беретін, жоспарлы жұмыс жасайтын филармония жоқ. Мен «Қазақконцертте» жұмыс жасаған 35 жыл бойы жылына 230-250 концерт беретінбіз. Қазір облыстық бюджеттен берілетін тиын-тебенге қарап отырған жұмыссыз әртіссымақтар бар. Көзге көрінбеген, құлаққа естілмеген өнерді жастардың құлағына қалай сіңіресіз? Радио-теледидар толған – болымсыз өнер, мағынасыз өлең. Алтын қорда жиналған өнер саңлақтарының шығармасын эфирден күндіз-түні беріп, жастардың бойына таза ұлттық өнерді сіңіру керек. Ұлттық өнермен сусындап өскен ұрпақ өзгенің ешбір жетегіне ермейтіні айдан анық.

1972 жыл. Кезекті концертке шығар алдындағы сәт

– «Қазақтың дәстүрлі әншілік өнері» атты еңбек шығарыпсыз. Алайда таралымы аздау емес пе?..

– Кезінде Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиевтен сабақ алып жүргенде талай әңгіме, армандарын өз құлағыммен естідім. Олардың ішінде айтылмаған сөздер, ұсыныстар қалды. Себебі ұлттың өнері жайында сөз болса, соңынан ұлтшыл деген айдар тағылып, қуғынға түсетін. Талай зұлматты көздері көрген олар содан сақтанатын. Дегенмен, өнер жайында толғанатын ойларын суыртпақтап бізге жеткізетін. Солардан алған үлгім бойынша «Қазақтың дәстүрлі әншілік өнері» атты оқу құралын (кітап) жаздым. Жақында «Халық композиторлары әндерінің тарихы» атты кітапты университет баспасынан басып шығаруға өтініш білдіріп қойдым.

Солдан оңға қарай: 1-қатарда: Нұрипа Омарова, Ғарифолла Құрманғалиев, Әскербек Еңкебаев,
2-қатарда: Қажыбек Бекбосын, Әлмырза Ноғайбаев. 1967 жыл

Р.S. Биыл Қажыбек Бекбосын  70 жасқа толып отыр. Ақыл-парасаттың кемелденер шағы. Абыздықтың басы саналатын жетпіс жасыңыз құтты болсын! Отбасыңызға бақ-береке, деніңізге саулық тілеймін. Қазақтың дәстүрлі ән өнерінің мерейін асырып жүре беріңіз.

Ж.Елебеков пен Ғ.Құрманғалиевтің шәкірттері
Қ.Бекбосын және Р.Тәжібаев. Студенттік жылдар
ҚР халық әртістері Қ.Бекбосын және Қ.Байбосын. 2002 ж.
Түркістан қаласына профессор Құбыш Мұхитовтың келуі
КСРО халық əртісі, Халық қаһарманы Роза Бағлановамен бірге

                                                                          Гүлжаз ҚЫДЫҚБЕКОВА

Back to top button
Close
Close