АРМАНЫНА АСЫҚҚАН ҚЫЗ

Бүгінгі қоғамға әйел тұлғалар қажет пе? Әрине қажет! Тіпті, жаны нәзік болғанымен, тығырыққа тірелгенімізде, қимылы батылдау көрінер ханымдарымыздың әрекетіне қарап, бұл пайымымыздың алдамайтынына сенімдіміз. Тұмар, Зарина, Хиуаз, Әлия, Мәншүк, Ләззат, Сәбира… санамалай берсек, ерік-жігері мықты мұндай батыл қыздарымызды мына заманда да өз замандастарымыздың арасынан кездестіріп жатамыз: Кәмшат, Зылиха, Майшай, Фариза, Аққұштап, Күләш, Марфуға, Гүлшара, Тамара, Алтыншаш, Ханбибі, Оразкүл, Құралай… Олар қару ұстап, атойлап жауға ұмтылмаса да, ұлты үшін, тілі үшін, атадан мирас болған бағалы құндылықтары үшін отбасы күйбенінен сытыла шығып, жарғақ құлақтары жастыққа тимей безек қағып, шырылдап, хал-қадерінше жаңа заманның жаңа келбетін қалыптастыруға үлес қосып жүр. Бұрыннан таптаурын болып, әбден көнсіңген қасаң қағидадан аулақ, жаңа да тың, күрделі міндеттерді мойындарына алып, жадау жандарын жігерлеріне, ширықтыра,  алға ұмтылады. Ендігі қоғам, міне, осы сияқты жандардың түсінігі, ерік-жігері, іс-қимылы арқылы жүзеге аспақ. Осыдан соң бұларды тұлға демей, не дейік!

Тұлға болмаса,  шығармашылық адамдарының арасында бәсекелестік болмайды. Бүгінде елімізде жүзеге асып жатқан әлеуметтік-экономикалық және индустриялық-инновациялық реформалар, «Мәдени мұра», «Болашақ» бағдарламалары, «Интеллектуалды ұлт» жобасы және интеллектуалды ұрпақ әзірлеуге бағытталған мемлекет гранттары — осы пікіріміздің дәлелі. Мұның бәрі тұлғаның жан-жақты қалыптасуына тиісті негіз қалайды. Осындай объективті жағдайларды тиімді пайдаланып, өзін-өзі ұдайы дамытып, жетілдіріп, қамшылап отыратын адамдар біздің арамызда да аз емес. Мен танитын Гүлжаз Қарыбек — солардың бірі.

«Пәлі, мұның қалай? Артықтау емес пе?» деп қылп ете қалатыныңызды ішім сезіп отыр… Несі бар? «Тұлға» деп тек кеңседен шықпай қағаз кеміріп, атақ-абыроймен ұпай жинап, кеудесін орден-медальға толтырған адамдарды ғана айту парыз ба екен?.. Ұлты үшін ойындағысын қаймықпай айтып, оймақтай ойын тасқа қашай жазып, сол пікірі арқылы маңайына жақсы аура қалдырып жатса, соларды «тұлға» десек, несі айып?

Гүлжазды мен студент кезінен жақсы білемін. Шәкіртім. Заман таршылығы тығырыққа тіреді деген жоқ, бауырына басқан нағашысының қолында өсті. Әлденені көкседі, іздеді, үміттенді. Қағазға шұқшиды, жазу-сызудан, шығармашылықтан ләззәт алды.

Оқуын бітірген соң алысқа ұзап, бағын сынап, үлкен қаладан бақытын тапқысы келді, Бірақ ақынын –  Қасымын «баспанасыз қалдырған» Алатау баурайындағы қала мұны жатсына қарсы алды. Дегенмен өжеттігінің, мақсатқа ұмтылуының арқасында әйелдер жорналында табандап тәжірибе жинады, жорнал шығарудың қыр-сырын меңгерді.

Талайға атақ-даңқ сыйлап, танымал еткен мегаполисте жүре бергісі келіп еді, «әй, менің бағым ауылда, топырақ иісі сіңген далада шығар» деп бір күнде шешім қабылдады да, барлығына қол сілтеп, Қылуетте жатып-ақ мәңгілік өлмес хикметтерін жазып қалдырған Хазірет Сұлтанның отаны — көне шаһарға келді. Осындағы аяулы ағаларымен, дос-жарандарымен ақылдаса келіп, дербес жорнал шығаруға бекінді. Ақпарат өнімінің тез тарауы – оның атына да байланысты. Таралымы табалдырықтан аспайтын терминшіл не болмаса шұбыртпалы атаулы басылымдар көп. Бұған керегі – ел көкейіндегі сөз. Сара сөз. Яғни, жорнал аты – «Сарасөз» болмақ!

Кейін бұл туралы бір постында Гүлжаз былай деп жазады:

«Жүрегіңе жылулық сыйлайтын сүйікті кәсібің болғаны қандай ғанибет! Өз-өзіңе бастықсың! Тәтті ұйқыңды қиып, таңғы аязбен алысып, асықпайсың! Ешкіммен киім киіп жарыспайсың. Құндылықтар өзгерді! Біреудің айтқанымен жүрмейсің, есесіне бар шаруаны өзің ұйымдастырасың! Ұйқым қанды дегенмен, бар жауапкершілік өзіңде! Ең бастысы, өз-өзімді жұмыспен қамтып, қала берді, мемлекетке салық төлеп, еліме пайдамды тигізіп отырмын! Шаршасам да, жұмысымнан ләззат аламын! Күллі түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласынан республикалық деңгейде, бәсекеге қабілетті журнал шығарып жатқанымды мақтан тұтамын!».

Өз кәсібіне деген адалдық бұл! Бұдан асқан қандай құрмет, қандай махаббат болмақ!  

Шығармашылық қуаты да, талабы мен таланты да бір-бірімен жарасқан жорналшы осылай өз бақытын Йассыдан тапты. Ал жорналы бұқараның үніне айналып, халықтың нағыз іздеп оқыр басылымына айнала бастады. Таралымы түгенденді, авторлары жоталанды. Белгілі ақын, жазушы, публицист, ғалымдардың өзі «Сарасөзге» мақала берейікші деп, қолдарына қалам ұстап, тың тақырыптарды қозғай бастады. Құлбек Ергөбек, Несіп Жүнісбай, Мыңжан Байжанин, Мариям Әбсаттар, Елдос Тоқтарбай, Қалқаман Сарин… әрқайсысы бір әлем. Ақселеудің «Жұмбағы», Тоқтар батырдың «Бес ерлігі», ұлттық өнім жанашыры Дәулет Сыдықтың «Шұбаты», Жантұрсын шебердің ақылды «Бесігі» — «Сарасөз» жорналы арқылы оқырманға жетті. «Назым сөз», «Сахна сөз», «Насыр сөз» — есте жоқ ескі замандардан сыр суыртпақтап, шежіре шертті. Ең маңызды деген жаңалықтар өңір газеттерінен бұрын «Сарасөз» нөмірлерінен көрініс тапты. Тұтас түркі дүниесінің әдебиеті мен мәдениетін ұйыстырар «Turksoy» ұйымының бағамды істері «Сарасөз» арқылы қалың қауымға жетті. Қадым жәдігерлерін осылайша түпкіштей түгендеп, зерделей зерттеп жариялауы жорнал редакторының біліктілігі мен ой ұшқырлығының ұшқыны болса керек.

Қазіргі журналист – ол жазушы, редактор, сарапшы, корректор һәм дизайнер. Өйткені басылым басшысы елді аузына қаратқан азулы ақын-жазушылардың шығармаларын қаймықпай «түзетеді», сұхбат беруден қашатын сөзге сараң адамдардан сыр суыртпақтайды, жорналдың ішкі мазмұны мен сыртқы сұлулығына үңіледі.  Гүлжаз басшылық еткен жорналға біздің де, суретші Мұрат Шаханбай екеуміздің, титтей де болса үлесіміздің болғанын қазір мақтанышпен айта аламыз. 

Гүлжаз мұнымен тоқтаған жоқ. Енді өзін жазушы ретінде сынап көрмекке бекінді. (Айтпақшы, әлеуметтік желілерден оның бірер өлеңдерін де көзіміз шалып қалған). 

«Басқаны қайдам, биыл мен үшін зорыққан жыл болды, – дейді Гүлжаз бұл турасында. – Оның үстіне өзіме есеп беретін де уақыт келіп қалған екен, мүмкін, менің бұл жазбам әлдекімдерге пайдалы болса – сауабы да сол. Биыл ешкімнің шақырған шәйіне бара алмадым, қоңыраулар мен хаттарға уақытында жауап бере алмадым. Түркістанға келіп кеткен жақын-жұрағатты күтіп алу, шығарып салу істерімен де айналыса  алмадым…

Бір сөзбен айтқанда, ешкіммен ісім болмады. Содан да болар, кейбір кісілер мені «тәкаппарлығы басым» деп деп қабылдайтын көрінеді… Өзімді тани түсейін, кәсіби, тұлғалық жағынан жеке басымды жетілдірейін деп қана ойладым. Өз жүрегімнің ғана үнін тыңдауға бекіндім. Әр адамның ішкі қажеттілігі әртүрлі. Сыртына қарап тон піше салу үлкен әбестік… Құдайға шүкір ішкі фильтрім, интиуициям жұмысын мүлтіксіз атқаруда, сол себепті керегімді алдым, керек емесін отқа тастадым. Оның үстіне жорналшы болған соң қоғамды зерттей жүру әдетім емес пе?! Үйренетін дүние көп-ақ! Менің кейбір жазбаларыма қарап бір құрбым «Білдей бір журналдың бастығысың, оны-мұны жаза берме» деп сақтандырады… Қайтейін, барым осы! Айтпақшы, тәкаппар болатын жөнім жоқ, шыққан жерім де тегім де қарапайым, буына мастанатын байлығым да жоқ. Оның үстіне жұмыс барысында, мамандығымның арқасында талай Жақсымен дастархандас болып сұхбат құрдым, бай-манап та, ғалым да, небір кіл жүйріктер алдымнан өтті. Олардың қарапайымдығына әбдән тәнті болғам! Мұндай ғажап рухани сұхбаттардан кейін шаңның тозаңындай тәккаппар болуға менде құқық жоқ! «Бәрін айт та, бірін айт» журналымның азапты ләззатына мені тағдырым мықтап арқандаған-ақ екен… Мобильді заманда көзсіз жасаған ерлігім болды… Осының барлығымен жағаласып жүріп кітап жаздым десем не дейсіз? Шақырған шәйға бармай, өзіммен өзім томаға-тұйық жүргенім сол қымбат ойларымды санамда пісіріп, қағазға түсіргенше жаным жай таппады ғой… Биылғы жылдың ең ауыр жүгі де осы еді. «Иә, Жаратқан, абырой бер!» деп қағаз қаламымды серік еттім…».

Міне, Гүлжаздың тұңғыш туындысы «Алдаспаны» қолымызда!

Кейіпкері – сөзге сараң, бірақ ішкі түйсігі терең, айтары мол қарапайым еңбек адамы. Текті жанның көкірегінен төгілген түйдек ойларын Гүлжаз әдеби сөзбен кестелеп, көрген-білгені өзгеге де керегі болар деп тәмсілдеп, ғұмырнамалық эссе жазып шыққан.

Жуық маңда Тұранның тылсым топырағындағы «Екі дүниенің есігі» атанған қасиетті Түркістанда «АЛДАСПАН» кітабының «АВТОР. КЕЙІПКЕР. ОҚЫРМАН!» атты тұсаукесер кеші өтті. Автор мен Кейіпкер қатарласа отырып сыр ақтарды, дәстүрлі әнмен, күмбірлі күймен әдіптелер әдемі кештің куәсі болдық,  Сол арқылы Гүлжаздың ішкі әлеміне үңіле алдық!

БЕКЖІГІТ СЕРДӘЛІ

Back to top button
Close
Close