Қоғам және біз

Дәурен Тәңірбергенов: Басты мақсатымыз – жауынгерлік жекпе-жек өнерін дамыту

Түркістан облысында Олимпиадалық емес спорт түрлерінің  дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда өңірде 10 спорт федерациясы жұмыс істейді. Жалпы, бұл спорт түрлерімен бүгінде 3 мыңнан астам спортшы шұғылданып келеді. Әзірге спортшыларға арналған 100 дана спорттық киім-кешек  дайындалуда. Шілде айының соңында спортшыларға киім-кешек үлестіріледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Дәурен Тәңірбергенов бізге берген сұхбатында айтты. Ол Ассоциацияның 1 жылдан астам уақытта жеткен жетістіктері туралы сөз етті.

 

Дәурен Рахымұлы, Олимпиадалық емес спорт түрін дамытуды көздейтін Ассоциация 2020 жылдың 28 қаңтарынан бастап өз жұмысын жүргізіп келеді, хабардармыз. Алғашқы сауалым жаттықтырушылар саны қанша, жалпы бапкерлер жеткілікті ме?

Аталған қауымдастыққа кіретін федерациясында қазіргі таңда 115 штаттағы жаттықтырушы, 70 штаттан тыс жаттықтырушы, жалпы 190-ға жуық жаттықтырушы қызмет атқарады. 3 мыңнан астам спортшы аталған спорт түрлерімен шұғылданса, алдағы жоспарға сай спортшылар санын 5 мыңға дейін арттыру көзделуде. Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы 2020 жылдың 1-қарашасында облыстық Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен 15 штат бірлігі олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша берілді. Ал, биылғы жылдың қаңтар айынан бастап жаттықтырушы 30 штат бірлігі бөлінді.

«Túrkistan Arena» стадионынан қауымдастыққа арнайы кеңсе берілген-ді. Бұл сіз басқарып отырған ұжым үшін қандай мүмкіндік береді?

 Халықаралық талапқа сай спорт ғимаратында бірлестік мүшелері жекпе-жек өнерін жандандыру ісін талқылап, кездесулер өткізу дәстүрге айналған. Сондай-ақ, Олимпиадалық емес спорт түрімен айналысатын спортшылар спорт кешеннің жаттығу залдарында шынығып, оқу-жаттығу шараларын өткізуге мүмкіндік алды. Салтанатты лента қию рәсімінде «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Құрметті Президенті, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Дүйсебаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исабаев пен БАҚ өкілдері қатысты. Кеңсе қауымдастықтың 1 жылдық мерейтойына орайластырылып пайдалануға берілді.

Жоғарыда қауымдастыққа 10 спорт федерациясы кіреді деп атап өттіңіз, олар қандай спорт түрлері?

Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Ассоциациясының құрамында 25 федерация болса, соның ішінде 10 спорт түрі «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің құрамына кіреді. Олар: «Таеквондо ITF», «ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек», «Панкратион және греплинг (AIGA нұсқасы)», «Самбо күресі», «Ушу Кунг-фу», «Муайтай», «KARATE», «Кикбоксинг», «Әмбебап жекпе-жек және спорттық пышақ лақтыру», «Пенчак силат» федерациялары. Жастар арасында бұқаралық спортты насихаттауды жетілдіре түсудің маңыздылығы жоғары. Сондықтан, барлығымыз бірігіп Олимпиадалық емес спорт түрлерінің халықаралық имиджін көтеру бағытында жұмыс жүргіземіз.

Спортшылардың бағындырған белестері мен жетістігі туралы не айтасыз? Артылған үміт ақталып жатыр ма қалай ойлайсыз?

Жыл басынан бері қуанышты жаңалықтарымыз баршылық. Оны біз әлеуметтік желідегі ресми  фейсбук, инстаграм парақшаларымыз арқылы тұрақты түрде жариялап отырамыз. Атап айтсақ, Талдықорған қаласында 24-28 ақпан аралығында самбо күресінен және жауынгерлік самбодан ерлер мен әйелдер арасында ҚР-ның чемпионаты өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған байрақты бәсекеде түркістандық балуандар 7 медаль еншіледі. Оның ішінде 48 келі салмақ дәрежесінде Қазақстанның 12 дүркін, Азияның 6 дүркін чемпионы, әлемнің  3 дүркін күміс жүлдегері Айжан Жылқыбаева жаңа салмақта жеңімпаз атанды. Түркістанның мақтанышына айналған самбошы қыз бұл додада 50 келі салмақта белдесіп, топ жарды. Әрине, алдағы уақытта спортшыларымыздан күтер үміт көп.

Негізінен сортшыларымыз облыстық, республикалық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Бұл спортшыларымыз бен бапкерлердің еңбегі. Олар  ата-аналарының және біздің мақтанышымыз. Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында Самбо күресінен 4-6 маусым аралығында өткен Азия чемпионатында Түркістан облысының спортшылары  ел қоржынын 3 алтын, 1 күміс, 6 қола медальмен толықтырды. Сондай-ақ, шардаралық Құдайберген Данияр 75 келі салмақта панкратионнан Азия және Әлем чемпионатында жолдама алды. Арыстық аруларымыз Аяулым Әбубәкір мен Аяжан Ергентай тамыз айында ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек бойынша  Болгария мемлекетінің астанасы София қаласында  өтетін әлем чемпионатына аттанады.

Бірлестіктің алға қойған мақсаты қандай? Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?!

 Жекпе-жек өнерін дамыту бағытында спортшылар санын арттыру мен оларға жағдай жасау бойынша мүмкіндігінше қолдау көрсетілуде. «Халықаралық Туризм және меймандостық университеті» мен «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер ассоциациясы» арасында меморандум жасалды. Екі жақты келісім бойынша университет ішінен спорт клубын ашу, университет спорт залдарында оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, мектеп спортшыларын аталған университетте гранттық негізде оқыту және жатақханамен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ, Түркістан облысында жауынгерлік өнерді дамыту үшін жергілікті жердің қала, аудан әкімдерімен келіссөздер жүргіздім. Осы мақсатта Сайрам және Төлеби аудандарына іс-сапармен бардым. Басты мақсат – облыс көлемінде Олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту, тәжірибелі жаттықтырушыларды жасақтау мен оларға әдістемелік көмек көрсету. Спортшылардың оқу-жаттығу шараларына қолдау білдіру және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, облыстық, республикалық, Халықаралық жарыстарға баруға жағдай жасау.

Сонымен қатар, басты жаңалықтардың бірі – облыс орталығындағы 7 мөлтек ауданда жаттығу залдарының салынуы жоспарлануда. Оны жүзеге асыру үшін қала әкімдігімен жер беру мәселесін келісіп, инвесторлар есебінен салыну үшін үшжақты келіссөздер жүргізіледі. Әрине, ол алдағы уақыттың еншісіндегі ауқымды жоба. Уақыт сәті келгенде жағымды жаңалықтарымызбен бөлісетін боламыз.

 Сұхбаттасқаныңыз үшін алғыс білдіремін! Жеңісті де жемісті күндеріміз көп болсын!

Сұхбаттасқан:

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button