Назым сөзТаңдаулы

Жұмабай Оспанұлы: «Мінездегі МЕН»

Жұмабай Оспанұлы 1975 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Шалкөде ауылында туған. 1992 жылы мектеп бітірген. Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясын театр және кино актеры мамандығы бойынша және І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған. 2000-2004 жылдар аралығында облыстық Бикен Римова атындағы драма театрында актер болып еңбек еткен. 2004 жылдан бері облыстық «Жетісу» газетінде қызмет етеді. Қазір осы газетте бас редактордың орынбасары. Ақын, ҚР Мәдениет қайраткері. ҚР Ақпарат саласының үздігі. Отызға жуық әннің сөзін жазған. Олардың бірнешеуін елімізге танымал Саят Медеуов, Төреғали Төрәлі, Роза Әлқожа, Нұрлан Албан, Нұрлан мен Мұрат және «Жебе» тобы орындайды. Сонымен бірге Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясы мен «Құлансаз» ансамблінің репертуарында орындалып жүр.

«АЙ-ЗЕРЕ», «ҚАРАЖҰРТ» атты жыр жинағы мен «ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕК, САН САУАЛ», «Мінездегі МЕН» атты публистикалық шығармалар мен «ДӘСТҮРІМ – ДИДАРЫМ» атты этнографиялық-танымдық кітабының авторы.

Отбасылы. Үш ұл, бір қызы бар.

ҚОС ШЫНАР

 Анаңды қадірлей біл тірісінде,
Онсыз алға баспайды бір ісің де.
Бесігіңді күзеткен кірпік ілмей,
Ұйқың тыныш болсын деп түн ішінде.

Әкеңді қадірлей біл тірісінде,
Онсыз алға баспайды бір ісің де.
Күйіңді емес, тартам деп күйігіңді,
Ақыретке кетпесін мұң ішінде.

Жәннаттың кілті анаңның табанында,
Сондықтан қалдырмағын нала мұңға.
Алланың мейірімін ала алмайсың,
Анаңның кірбің тұрса жанарында.

Әкеңнің ақ батасын құрметтесең,
Анаңның ақ жаулығын кірлетпесең.
Алланың разылығы сол емес пе,
Ортасында бүр жарып, бір көктесең.

Қарсы келмей Алланың әміріне,
Тірлікте жет ата-ананың қадіріне.
Өтіп кетсе бәрі де кеш болады,
Алтын күмбез қойсаң да қабіріне!

ӘКЕМЕ СЫР

 Әке, сенің қолыма алып қауғаңды,

Тауға шығып қыр асып, қой бақпадым.

Балалығым қалған сол бір тауларды,

Жүрегімнің түкпіріне сақтадым.

 

Қимай-қимай тау-тасымды, даламды,

Жолға шықтым дәу қаланы бетке алып.

Кішкентайдан қиялшылдау балаңды,

Арман құсы ауылымнан кетті алып.

 

Бір арманның жалын тартып мініп ем,

Елік болып екіншісі қашты алдан.

Осылайша жалғасып бір-бірімен,

Менің өмір жолым солай басталған.

 

Әке, менің – жайған малым өлеңім,

Қамшым – қалам, аппақ парақ – өрісім.

Аман болсам қайта айналып келемін,

Ауыл маған өкпелемес ол үшін.

 

Әке, сенің жалғастырып жолыңды,

Тауға шығып қой бақпадым қыр асып.

Сонда да әке көкке жайып қолыңды,

Маған ылғи бата беріп тұрасың.

 

АНАМДЫ САҒЫНҒАНДА

 Мен бәріне қараймын КЕШІРІММЕН,

Кесіріңнен аулақпын өшігуден.

Мейірімі арқылы АНАМ маған,

Кешіруді үйреткен бесігімнен.

 

Мен бәріне қараймын МЕЙІРІММЕН,

Кей адамға не табам кейігеннен.

Мейірімді санама құйып кеткен,

Айналайын, анашым, пейіліңнен.

 

Мен бәрін де тырысам ТҮСІНУГЕ,

Өкпе-назын үлкеннің, кішінің де.

Мінез-құлқы анамның бар болмысы,

Менің жан-дүниемде, пішінімде.

 

Шынымен анам бәрін кешіретін,

Қарамайтын біреуге өшіге тым.

Алқымына тығылған ашуды да,

САБЫРДЫҢ суын сеуіп өшіретін.

 

Жазғырып та жатпайтын тым өзгені,

Байқалмайтын жүйкесін мұң езгені.

Анама аумай тартып кетсе керек,

Менің жұмсақтығым да МІНЕЗДЕГІ!

 

Ешкімге өкпе айтпаған есіл АНАМ,

Керегем бүтін шүкір, көшім аман.

Мен әр туған күнімде анашымның,

Мейірімді дидарын есіме алам!

 

БАЛАЛАРЫММЕН ӘҢГІМЕ

 Құлындарым!

Балалықтың татумен шырын дәмін,

Еркелеп жүрсің маған бүгін бәрің,

…Білмеймін алда қанша ғұмыр барын.

 

Несібемді бұйыртып атқан әр күн,

Бәлкім ұзақ жасаған қарт болармын.

Сәттеріңе куә боп елге сыйлы,

Шаттанармын, сендермен мақтанармын.

 

Төмен емес, тең ұстап еңсемді елмен,

Мақтанайын шынымен мен сендермен.

Сақта лайым, құдайым ұл-қызымның,

Қылығына өкініп, кемсеңдеуден.

 

Бәрін көріп тұратын Жаратқан бар,

Айтқанымды ақылмен сабақтаңдар.

Жаман үлгі көрсетіп жүргенім жоқ,

Сендер де мені жерге қаратпаңдар.

 

Жүрсеңдер де бай болып, дара шалқып,

Алла алдында иманның бағасы артық.

Биік тақта отырған осы екен деп,

Адамдықты алмаңдар аласартып.

 

Ақылыма көріңдер терең бойлап,

Ар-намыстың қылышын берем қайрап.

Еркелеңдер көтерем, ал бірақ та,

Ессіз болып жүрмеңдер төбемде ойнап.

 

Шырақтарым,

Біліңдер алда талай сынақ барын.

Дақ түсірмей арына адамдықтың,

Адалдықтың төріне тұрақтағын.

Сонда Алла әкеңмен анаң үшін,

Мәңгі өмірде ашады жұмақ-бағын!

 

Құлындарым,

Текке айтып отырғам жоқ мұның бәрін.

Жақсы әке боп қалуға тырысамын,

Кеудемнен шыққанынша шыбын жаным.

…Білмеймін алда қанша ғұмыр барын!

ТЫҢДА БАЛАМ

(үш ұлыма)

 Тыңда балам, тыңда бір сәт әкенді,

Өмір мынау қызықты һәм қатерлі.

Өмір ойын – ойнап жүріп от бассаң,

Тағдыр сенің кешірмейді қатеңді.

 

Әке ақылы ұлға азық, тыңдап ал,

Жаралдың ба өмір өзі сынға алар.

Көкті тіреп тұрса дағы ешкімге,

Зияны жоқ биіктікті шыңнан ал.

 

Тыңда ұлым, тыңда әкеңнің ақылын,

Анық басқын жүрсең дағы ақырын.

Жағымпаздық, жылпостықтан қаш балам,

Ол біздердің санамызға жат ұғым.

 

Адам болып бұл өмірге келдің бе?

Ой-санаңды бос күлкіге жеңдірме.

Жаңылысып, шалыс басып, сүрінгем,

Мен адасқан қисық жолмен сен жүрме.

 

Адам деген қасиетті ұлы ұғым,

Лайлама адалдықтың тұнығын.

Кім баласын жаман болып өссін дейді,

Ақылымды дұрыс түсін құлыным.

 

ЖАҚСЫ АДАМДАР

Сендер аман болыңдар жақсы адамдар,

Жақсы адамдар бұзылмас тас қамалдар.

Табаныңның астында жатады әлі,

Пенделіктен өресі аспағандар.

 

Жақсы көрем сендерді, жақсы адамдар,

Жүрегіңде өйткені аппақ ар бар.

Сендер жайлы шырқалар асқак ән бар,

Күйіп кетсін көре алмас пәтшағарлар.

 

Жақсы көрем сендерді мен неліктен,

Мінезіңмен мызғымас ерге біткен.

Адамдықтың алдында аласарып,

Биік тұрған қашанда пенделіктен.

 

Жақсы көрем сондықтан мен сендерді,

Мен де бір сәт көтеріп еңсемді енді.

Сендер салған адамдық, ардың жолын,

Болашаққа көрсетіп берсем болды.

 

Сендер жайлы шырқалар асқақ ән бар,

Күйіп кетсін көре алмас, пәтшағарлар.

Сендер аман болыңдар жақсы адамдар,

Қарап өссін сендерге басқа жандар.

 

ҚАРИЯЛАР

 Қариялар, сарқылмас қазыналар,

Тарихымсың өшірмей жазып алар.

Қолдан келсе қарттарды ардақтайық,

Асылдың сынығы ғой қазір олар.

 

Қариялар, даналар, өр кемеңгер,

Талай сынын тағдырдың көрген ерлер.

Қилы заман басынан өткерсе де,

Жүрегінің жалыны сөнбегендер.

 

Өткен талай басыңнан заманақыр,

Куә болып оныңа дала жатыр.

Жазылмаған беттері тарихымның,

Көз алдымда азайып бара жатыр.

 

Шежіреден сыр шертіп жатқан удай,

Кеудесі асыл қазына қарттарым-ай.

Ортамызда қарайып жүре берсін,

Қарттарыма қуат бер патша Құдай?!

 

ҚАЙТЫП НАДАН БОЛАЙЫН

 «Атымды адам қойған соң»,

Ар-Иман болды жолдасым.

Көңілге түйген ойдан соң,

Абайдан алдым сөз басын.

 

«Ойға түстім, толғандым»,

Адамға ойсыз құр сән не?

Ой – деген қалың орманның,

Ішінен таптым бір сәуле.

 

«Аспаса ақыл қайраттан»,

Басыңды жарға соғарсың.

Келгенін білмей қай жақтан,

Бәлеге душар боларсың.

 

«Мен боламын демеңдер»,

Кеудені соғып, ісініп,

Болсаңда ірі кемеңгер,

Адамға керек кішілік.

 

«Күн артынан күн туар»,

Тіршілік демін үзбеуге.

Зерделі адам ұмтылар,

Ғылым мен білім іздеуге.

 

Тәңір берген несібем,

Өлең болды толайым.

Абайды оқып өсіп ем,

«Қайтіп надан болайын»!

 

ҚАРАЖҰРТ

 Бесігіңде өспесе де сан алып,

Есігіңнен басталған бал-балалық.

Қасиетті қараша үйдің орны деп,

Келіп тізе бүгіп тұрмын қара жұрт.

 

Қиялыммен көз жіберіп өткенге,

Сағыныштың қоңыр күйін шерткенде.

Бой көтеріп шыға келді әп сәтте,

Біз есейген шағын ғана төрт бөлме.

 

Ә дегенше санамда сан ой қаптап,

Еске түсіп, алаңсыз кез, әйбат шақ.

Тұлымшағын желбіретіп аулаға,

Құлын шағым шыға келді ойнақтап.

 

Мейлі мұны жәй ғана бір түс деңдер,

Ақынға тән қиялилау іс деңдер.

Міне, мынау әжем марқұм қынаға

бояп берген сақам алшы түскен жер.

 

Бәрі қызық сол балалық шақтардың,

Ол күндерді жүрегімде сақтармын.

Мына жерде тесілгенше табаным,

Ләңгі теуіп шаңын бұрқыратқанмын.

 

Әрқайсысы өз ісіне сүйініп,

Жүнін түтіп, бірі ұршық иіріп.

Күншуақта – ортасында әжем бар,

Отыратын төрт-бес кемпір жиылып.

 

Уақытында Алласына сиынып,

Кәрі еменнің бұтағындай иіліп.

Қаза қылмай намазын да оқитын,

Құлшылықтан бір ғаламат сый ұғып.

 

Анау жерге жүгіруге оқталдым,

Қиялымнан есім жиып тоқталдым.

Арқан есіп, алаша да тоқитын,

Қайран әжем, сен де елес боп қалдың.

 

Бүгін міне, сол күндердің бәрі аңыз,

Балғын шақпен сонша алыс арамыз.

Ірімшік, май, құртқа толы қоржыны,

Таудан келіп, мәз қылатын анамыз.

 

Бәрі есімде ұмытылған жоқ әлі,

Ойлап кетсем көзіме жас толады.

Анда-санда торы жорға болады,

Мында тұрған бос қораның қонағы.

 

Малдың бәрі қойлы ауылда, тау жақта,

Сондықтан көп ашылмайды дәу қақпа.

Картошка мен сәбіз ғана өседі,

Жеміс күтіп, ұстамаймыз бау-бақша.

 

Тыным бермей сезім оты лаулаған,

Қылығымен жүрегімді баураған.

Ең алғашқы махаббаттың үйіне,

Жігіт болып шыққам осы ауладан.

 

Алға қарай жетелеумен тәтті арман,

Қол үзгенмін қайталанбас шақтардан.

Балалықтың базарымен қоштасып,

Осы ауладан дәу қалаға аттанғам.

 

Мұның бәрі өткен күндер баяғы,

Қырық асып, орта жасқа таядым.

Төрт бөлмелі қараша үйде өткізген,

Міне, осылай шағын өмірбаяным.

 

Бұл күндері тұрғынымын қаланың,

Еркіндік аз, есептеулі әр адым.

Күйбең тірлік илеуінде келемін,

Қамын ойлап өсер бала-шағаның.

 

Қараша үй – қарашығында көзімнің,

Бәрі уақыт еншісінде – сезіндім.

Дәл бүгінгі балалардың бойынан,

Бал күнімді көре алмаймын өзімнің.

 

Содан болар ауылды көп сағынам,

Сағынам да құлазимын, жабығам.

Бірақ бәрі қайта оралып келмейді,

Амалсыздан уақытқа бағынам.

 

Қандай қиын, оралмайды бала күн,

Қимасамда тастап кетіп барамын.

Енді қашан ораларым белгісіз,

…Қара жұртқа бір бұрылып қарадым!

 

P.S.Ошағыңның жылуынан нәр алып,

Босағаңнан екі ұл, бес қыз тарадық.

Қараша үйдің орны болып қалсаң да,

Қасиетіңмен қадірлісің қара жұрт!

 

Жалғасы «Сарасөз» журналының жаңа нөмірінде

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button