ТаңдаулыТүркі жұртында

«ДИУАНИ ХИКМЕТ» АУДАРМАЛАРЫ ХАҚЫНДА

Түркі жұртының ұлы ұстазы Қожа Ахмет Ясауи ежелгі әдеби, мәдени дәстүрді Құран рухында қайта жаңғыртып, діни-рухани насихаттар шоғырына айналдырды. Оның «Диуани хикмет» шығармасы Алтайдан Анадолыға дейінгі ұлан-ғайыр өлкеде тіршілік ететін түркілер арасына кең тарап, олардың өмір салтының, дүниетанымының, әдет-ғұрпының, тәлім-тәрбиесінің ажырамас бір бөлшегін құрады.

Хикметтер мың жылға жуық уақыт бойы көшпелі және отырықшы халықтардың дінін, тілі мен ділін ахлақи, мәдени негізде қайта сомдап шықты. Қазақ, өзбек, түрік, қырғыз, түркімен, қарақалпақ т.б. түркітілдес елдердің рухани тарихы, таным жүйесі, ұлттық сана-сезімі, этнопедагогикалық көзқарасы «Диуани хикметтен» тамыр тартып жатыр. Осы мәселе бойынша арнайы зерттеулер жүргізген ғалымдардың ойлары бір арнада тоғысады. Қазақ ғалымдары С. Сейфуллин мен Қ. Жұбанов хикметтердің қазақ және жалпы түркі жұртының тілі мен әдебиетіне айтарлықтай әсер еткенін, ақын-жыраулардың өздерін Қожа Ахмет Ясауи жолының өкілдері ретінде танытқанын ашық айтады. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары Орта Азия түркі мемлекеттерінің діни-рухани, әлеуметтік құрылымын зерттеген шығыстанушы ғалымдар В. Басилов, С. Демидов, С. Токарев өздері барған әр үйдің төрінде «Диуани хикмет» кітабы не қолжазбасының ілініп тұратынын, жастан қарияға дейін кез келген адамның хикметтерді жатқа айта алатынын таңғалыспен жазады. Көне шағатай тілі ХХ ғасырдың басына дейін тұтас түркілер арасында кеңінен қолданылғандықтан, осы тілде жазылған хикметтер қолдан қолға көшіріліп таралды. Сондықтан оның қолжазба нұсқалары әлі де жиі ұшырасады. ХІХ ғасырдан бастап баспа саласы жандана бастаған кезде Қазан, Ыстамбұл, Ташкент қалаларында бірнеше рет басылып шықты. Басқа елдерді былай қойғанда, Совет билігінің қысымына қарамастан, Қазақстанның өзінде хикметтерді жатқа білетін, ел арасында мәжіліс пен жиын-тойларда айтып отыратын жандардың шоғыры бүгінге дейін үзілмей жеткен.
Қазіргі кезде Қазақстанның қолжазба қорлары мен музейлерінде сақталған «Диуани Хикметтің» қолжазба нұсқалары 30-дан асады. Ғалымдар бізге белгілі ең көне қолжазбаның Қожа Ахмет Ясауидің жолын ұстанған шәкірті Ахмад Махмуд Хазинидің 1593/94 жазылған «Жауахиру-л Абрар мин амуажи бихар» атты шығармасында келтірілген «Диуани Хикмет» екенін алға тартады. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында хикметтер Қазан (1887–1901), Ыстамбұл (1901), Ташкент (1902–1911) баспаларынан жарық көрген. Қазанда тасбаспадан шыққан хикметтер, шамамен, 150–160 даналық сөзден тұрады. Тынымсыз зерттеулер нәтижесінде табылған қолжазбаларды сараптау- жинақтау арқылы олардың саны екі жүзден асты. Бір айта кетерлігі, түрік ғалымы Метин Акар Сайрам музейінің бұрынғы басшысы марқұм Мирахмад Мирхалдарұлының жеке қорынан алған 55 хикметті 2001 жылы түпнұсқасын сақтай отырып, латын қарпінде жарияласа, ясауитанушы ғалым Нодирхон Хасан 2020 жылы Ташкенттегі «Мухаррир нашрияты» баспасынан 73 жаңа хикметін жарыққа шығарды. Бір өкініштісі, бұлар әлі қазақшаға аударылған жоқ. Дегенмен бұл игі іс келер күннің еншісінде деп білеміз.

Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен мұраларын насихаттауды белсенді әрекет жүргізіп келе жатқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музейі қорында Қожа Ахмет Ясауидің 23 дана «Диуани Хикметі» сақталған. Олардың ішінде, 1978 жылы Алматы қаласындағы кітапханадан алынған, 1984 жылы Өзбекстан Республикасының Науаи облысы, Үшқұдық ауылының тұрғыны Латип Мурашимов өткізген Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің 1904 жылы Қазан баспасынан шыққан бірнеше нұсқасы бар. Бұл хикмет жинағында алғысөзден кейін Ахмет Ясауи мөрі берілген. Қазіргі Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылының тұрғыны А.Махмұдов өткізген хикмет кітабы да 1904 жылы Қазандағы баспадан жарық көрген. Бұдан басқа да Қазанда жарық көрген бірнеше кітаптар бар. Сонымен қатар Ташкентте басылған бес дана хикмет жинағы да музей қорынан орын алған. Бұлардың бәрі ғылыми тұрғыда зерттеліп, тілдік, стильдік ерекшеліктері анықталған.
Хикметтердің орыс тіліндегі алғашқы аудармасы 1901 жылы Ташкентте басылып шыққан «Сборник материалов для статистики Сырдарьинской области» деген жинаққа енгізілген. Аударған Патшалық Ресейдің генералы, Ташкентте қызмет бабымен біраз жыл тұрған Н.С. Лыкошин. Хикметтер “Премудрость Хазрата султана Арифинь. Ходжа Ахмеда Ясави”деген атпен енген. Ол хикметтер кейін Н. Лыкошиннің «Ол жизни в Туркестане» деген кітабында жарияланған. Кітаптың 24 бетінде хикметтердің орысша аудармасы берілген. Хикметтердің орыс тіліндегі аударма нұсқасы Н.Ж. Сагандыкованың аудармасымен толық түрде 2004 жылы Дайк-Пресс баспасынан шыққан болатын.
Ұлыбритания елінің азаматы Джонатан Трапман ағылшын тіліне тәржімаланған Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» кітабын музейдің жазба ескерткіштер қорына тапсырған. Хикметтің ағылшын тіліндегі нұсқасы 2013 жылы жарық көріп, Ясауидің 149 хикметі енген. Кітапшада түркі тіліндегі хикмет нұсқасының екі парағы және кітап соңында діни сөздердің түсіндірмесі берілген. Кітап жалпы көлемі 228 бетті құрайды. Кітап «Диуани Хикметтің» ағылшын тіліне аударылған алғашқы нұсқасы екендігімен де құнды.
UNESCO 2016 жылды Қожа Ахмет Ясауи жылы деп жариялауына байланысты Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті Кеңес Басқармасы «Диуани хикметтің» түрік, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түркімен, татар т.б. тілдеріндегі аудармаларын жариялаған болатын.
Ал «Диуани хикметтің» қазақ тіліндегі ең алғашқы тәржіма нұсқасы 1901 жылы шыққан. Оны Маңғышлау Тынышлықұлы деген кісі аударып, Қазан баспасынан жарыққа шығарған. Бұл нұсқа қазақ тіліндегі тұңғыш хикмет нұсқасы болуымен құнды. Ал 1917-1990 жылдары СССР билігі кезінде хикметтерді зерттеуге тыйым салынғандықтан, рухани мирасты зерттеу, аудару мәселесі мүлдем қолға алынған жоқ. Тек 1990 жылдан кейін сірескен сең бұзылып, хикметтер қарқынды түрде қазақшаға тәржімалана бастады. Осы салаға қатысты арнайы зерттеу жүргізген ғалым А. Әбдірәсілқызының пікірінше, 1990 жылдан бері хикметтердің қазақша 17 аударма нұсқасы жарық көрген. Олардың ішінде М. Жармұхамедұлы, С. Дәуітұлы, М. Шафиғи дайындаған аударма 3 рет қайта басылды. 1990 жылы хикметтер «Даналық жолы» деген атпен кітап ретінде емес, «Орталық Қазақстан» газетінде 27 санында үзіліссіз жарияланды. Аудармашы С. Битенұлы 149 хикмет пен мінәжат бөлімін жолма-жол тәржімалаған. Одан кейін тілші ғалым Б. Сағындықов 7 хикметті таңдап аударып, «Ежелгі дәуір әдебиеті» хрестоматиясына енгізген. «Әзірет Сұлтан» музейінің ғылыми қызметкері Хамит Имажанов 1985 жылдан хикметтерді шағатай тілінен аударуды қолға алып, оны 1991 жылы «Қырық хикмет» деген атпен бастырған. Сонымен қатар Р. Әбдішүкіров 1993 жылы 83 хикметті тәржімалап, Түркістан қаласында жарыққа шығарған. Осы жылы Алматы қаласында ғалымдар М. Жармұхамедұлы, С. Дәуітұлы және М. Шафиғи бірлесе отырып, 69 хикмет пен мінәжатты аударып жариялаған. Кітапта түпнұсқаның кейбір беттерінің көшірмесі, транскрипциясы мен аудармасы, сөздік, түсініктер және пайдаланылған әдебиеттер тізімі орын алған. Бұлармен қатар «Диуани хикметті» аударып, қазақ оқырмандарымен жақын таныстыруды мұрат тұтқан жандар ретінде Әбіраш Жәмішұлы, Абылай Түгелтегі, Есенбай Дүйсенбайұлы, Арсен Ибатов, Зікірия Жандарбек, Светқали Нұржан, Тұрсынәлі Айнабек, Досай Кенжетай, Төрәлі Қыдыр, Қуанышбек Қари мен Ғалия Қамбарбековалардың есімдерін ерекше атап өтуге болады. Аталмыш аудармашылар ішінен Светқали Нұржанның көркемдеп тәржімалаған хикметтері «Ясауи» тобының орындауында жұртшылық жүрегіне жол тапқан болатын. Бұлар кейіннен ақынның «Әулиелер әуезі» және «Қырық хикмет» жинақтарынан орын алды. А. Әбдірәсілқызы хикметтердің қазақ тіліндегі осы көркем нұсқасы жайлы «Аталмыш аударма хикмет түпнұсқасындағы мазмұнды, өлшемді және ең бастысы – рухты өзгертпей жеткізуге тырысуымен ерекшеленеді. Бұл тұрғыдан, С. Нұржан аудармасы ел аузында екшеліп, әнмен айтылып келген хикметтерге тән ауызекі аударма дәстүрін жалғаған деуге болады». Аударма мәтін ел жадында жатталған Ясауидің бір үзік хикметіндегі: «Иллаллада пайда бар, Білмеген құлға не айла бар? Барар жерің қараңғы, Шамшырағың сайлап ал» деген жолдармен табиғи түрде үйлесіп, жалғасын тапқан» деген ой айтады.
Қуанышбек Қари мен Ғалия Қамбарбекова «Диуани хикметті» қазақшаға тәржімалауда ұлы туындының 1893 жылы Қазан қаласында үшінші мәрте жарық көрген нұсқасын басшылыққа алған. Бұл жинаққа 134 хикмет пен мінәжат енгізілген. Ясауитанушы ғалымдар осы аударма нұсқаның түпнұсқаға барынша жақын екенін тілге тиек еткен. Мәселен, Айнұр Әбдірәсілқызы «Қожа Ахмет Йасауидің ақындық әлемі» деген монографиясында «Хикметтердің Қазан (1904) басылымына сүйене отырып жасаған аудармаларында өздерінен бұрынғы авторлардың (М. Жармұхамедұлы, М. Шафиғи, С. Дәуітұлы) аударма мәтіндерін қоса қамтыған Қ. Қари, Ғ. Қамбарбекова еңбегі – «Диуани хикмет» аудармалары тәжірибесіндегі ұжымдасудың өзіндік бір үлгісі. Хикметтердің соңғы қос автор аударған нұсқаларында алдыңғы авторлар тарапынан жаңылыс аударылып келген жолдардың сәтті аудармалары едәуір» деп пікір білдіреді.
Бір «әттеген-ай» дейтін мәселе, тәуелсіздік алғаннан бері «Диуани хикметтің» жиырмаға жуық нұсқасы жарық көрсе де, олар көпшілік оқырман қауымға қолжетімді емес. Себебі баспадан шектеулі тиражбен шығып, кітапханаларға таратылады, не тез сатылып, таусылып кетеді. Сондықтан хикметтердің қазақша нұсқасын көптеп басып шығару күн тәртібінде тұр. Осы мақсатта жоғарыда айтылған Қ. Қари мен Ғ. Қамбарбекова тәржімалаған «Диуани хикметті» қайта жариялап, жұрттың рухани сұранысына жаратуды мақсат етіп отырмыз. Қалаған жан хикметтерден жан, рух, нәпсі, сезім мен өмір, тіршілікке қатысты сан түрлі сауалдарға жауап таба алады деген үміттеміз.

Мұхит Төлеген,
PhD, Қожа Ахмет Ясауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік университеті
«Ясауи» ғылыми зерттеу орталығы аға ғылыми қызметкері.

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button