ГүлжазымТаңдаулы

CIBAR мартини-барында

Лира Қоныс: "Жазушының уақыты өткенге, қазіргі қарбаласқа, үміттің ұшқыны бар келешекке де тиесілі. Адам өмірі ұзақ дегенде жүз жыл шығар, бірақ, жазушылық уақыт ғасырлардың жөңкілісімен өлшенеді"

Әңгіме

Бесін ауа аздап зеріктім. Нью-Йорктың сұрықсыз қарашасы түгесілген, терезенің сыртында көңілсіздіктен басқа дым жоқ. Пәтер азынап тұр, компанияның сөлкебайын өз әмиянындағы қара бақырша қорғайтайтын үй басқарушы шал жерге қар түспей жылу қоспайды. Барға барып, бірдеме ішкім келді. Сейсенбіде қасыңа еретін қара болсайшы. Шашбауымды көтеретіндер табылар ма деп телефонымдағы ұзақ-сонар тізімді түгескен соң испан тілі үйірмесінде тапқан макаолық танысым қолдамақ еді, біраздан соң иті тоңазытқышта үш күн тұрған албырт балығынан уланып, жедел жәрдемге жөнелгенін хабарлады.

Ерқашты болған көтерем айғырша ыңыршығы айналып оныншы қабатқа зорға жететін лифтіні күткенімде ешқайда бармай-ақ, сыртқы есікті күзететін Биномен әжік-күжік әңгімелесіп, үйге оралсам дедім. Егер табылса маған да сондай бір жұмыстың құлағын ұстау керек. Торғайдың ұясынан сәл ауқымдырақ шыны үйшікке жайғасып, тұрғындарды қадағалайсың. Жаңа көйлек-көншек киген қыз-келіншектен тегін мақтауыңды аяп қалмайсың, көздері ақымақтықтан жарқырайтын жасөспірімдерге үнемі қабақ түйесің, әке-шешесіне еріп шыққан сәбилерге, “тәтті ботақан” деп тебірінесің. Рас-ау, өзіңе еш қатысы жоқ, біреу бағып-қағатын, біреу түнде жұбататын болғандықтан көшедегі барлық сәби айтарлықтай сүйкімді ғой. Бұдан басқа, сол үйшікте бұқтырылған шалқан кимчиімен рамен жеуге, көбірек жазуға уақыт табылар еді.

Бино күліп қарсы алғанымен, оның үстінен жасанды маржанмен әдіптелген жылтыр кәстөмді көргенде әңгімемнің өрбімейтінін ұқтым. Түнгі клубтың кемпірқосақ шамымен шағылысатын парша пошымды жамылғы Элвис Преслиге жарасатын шығар, бірақ, түбірі филипин Виноға ерсі. Ол үйшігіндегі екінші орындықты ұсынғанымен, не тізе бүгерімді, не шығып кетерімді білмей оған қарап ойландым.

  • Бино, мына сүртікті қайдан алдың?
  • Жараспай ма?
  • Өзіңе ұнаса кие бер.
  • Силверстон мырзаның сыйлығы.

Үшінші қабатта тұратын сиқыршы Силверстонның әлдебір шоуда қызмет атқаратынын білуші ем, Биноны өзінің ескірген сахналық киімдерімен жарылқапты.

  • Жараспаса шешіп тастаймын!
  • Шешпей-ақ қой.

Ән салатын ортаға мейлі, ал, көшеге осындай киіммен шығатындар “маған қарашы” деп айқайлайтындай, назарға мұқтаждай көрінеді. Бірақ, Виноға бәрібір, ол бүгін бұл кәстөмді әлемде бәрі жақсы екенін айту үшін киіп алған. Хромофобиям жоқ деп білемін, сонда да бұл жылтыр сүртікке қарап бойымнан қорқыныш пен ашулану түйсіктерін сездім. Үйшіктің босағасын аттай бердім де, кері бұрылдым:

  • Бино, маған тездетіп жігіт табу керек!
  • Қандай жігіт?!
  • Ішің пыспасын деп сүйкімді ақ марғау сыйлайтын, әр ымыртта кездесуге шақырып гүл ұсынатын, Ли Сың Гидың дорамаларын бірге тамашалайтын жігіт.

Сыртқа шыға бөріжонданған атпақ көңілдің шоғы сөнгенін,  өзіме әр қадамым айқын болса да, миллиондар маңғыған тынымсыз тіршіліктің көмекейіне жұтылғанымды сездім. Lexington даңғылы арқылы Cibar барына беттедім. Бұл өзі қандай да бір үлкен ғимараттың жертөлесіне қонақтағанымен, джаз ди-джейлері талғамдырақ һәм тапқыр, бамбук бақшасымен әрленген көне испан стиліндегі тып-тыныш мекен еді. Босағадан аттағанымда Butterfly Effect коктейлінің жұпарын аңғардым, бұлар спирттің өткір иісін басу үшін оған лаванда мен бұршақгүлді көбірек қосатын. Осы есіктен енгенде кеудемде ізгі кеңістіктің әлсіз шырағданы әлжуаз жарығын тұтатын, жүдеу тұңғиық пен джаз түндері мені ұрлап, мынау шулы қаладан жасырынып қалар жалғыз жер өзі екенін түсіндіретін. Мұндағы дәстүрлі мантинилер тамаша, бірақ, мені фантастикалық коктейлдер көбірек еліктереді. Өзімді жұғымды кейіпкер демеймін, таңдаулы болуға да ұмтылмаймын, соған қарама-қарсы жағымсыз құлқымды да барынша тұсаймын. Күлемін, жылаймын, қателесемін, сол дағдыммен осында адасып кірген сарай ақсүйегінің келбетімен күңкілдеп отырмын: Сонадайдағы бойжеткеннің топылайын жаратпадым, әсілінде жайтабан сүйретпе үй шаруасындағы әйелге бұйырылған. Анау күлгін шаштың иесіне бір комплектіде гүлді маталар жиынтығы бір рет қана қайталануы заңдылығын мен айту керекпін бе, әлде анау тырна сирақты бокалдарды ысқылаумен әуреленіп отырған бармен бе? Түнде жазамын деген әңгімемнің нобайын еске түсірдім, ол екеуін қалай таныстырып, қалай табыстырғаным жөн? Бойжеткен себет толы алмасын төгіп алды да, бозбала оған көмекке келді. Бес жылдан соң екеуі әуе шарының ішінде, бір караттық… құдай-ау, сол жүзікке қалтамнан ақша шығарып, өзім төлемеген соң қыялдың шексіздігін несіне аяп қалмақпын, көлемі бес караттық гаухар жүзікпен ұсыныс білдірсе… мың бәленбай рет қайталанған, креативтің иісі шықпайтын мына әңгімеден гөрі Биноның бүгінгі кәстөмі жақсырақ еді деп  түйдім. Неткен кепиетсіз, кеспірсіз сағаттар еді.

– Рұхсат па?

Еңсегей, құлансүйекті әлдекім. Cibar-дың жалғыз міні – аздап деміктіретін тарлығында, сондықтан, иін тіресіп жайғасу мұнда оқа емес.

  • Отырыңыз.
  • Қайдансыз?
  • Жергілікті дей беріңіз. Жазушымын.
  • Тамаша.
  • Cіз ішесіз бе? – дедім.
  • Ішпеймін. Ішіп те көрмеген нәрсем.
  • Онда аздап ішіп көріңіз. Шын айтам, жақсы боп қаласыз, – дедім. Оны Манхэттеннің зімбір сырасы қосылатын, жұмсақ әрі нәзік мартинилерімен таныстырғым келді. Әдетте, жақсы мартиниды сөзбен сипаттауға тырысу – ақымақтық, оны татып, ләззат ноталарын басқан соң ғана сезінесің.
  • Рахмет.
  • Мұның дәмін тақуалар да татып көреді деп ойлаймын, әрине, қапелімде қайта оралған Иса пайғамбардан басқасы…
  • Дұрыс айтасыз, мен сол Исаның дәл өзімін.
  • Шынымен бе?
  • Иә.

Түйсігіме сенемін, ол ешқашан алдаған емес. Бұл жолы да еш күмән байқамадым.

  • Жерге қашан түстіңіз?
  • Екі жыл бұрын.
  • Сізді сонша қарапайым деп ойламаппын. Басыңыздағы әлгі тәж… Винчи кескіндейтін… жарық шашатын сәулеңіз қайда?

– Сүметілген ақ шапанды, нұрдан жасалған тақияны, жалпы, пайғамбарлық ережелерді ұнатпаймын.

  • Ал, аспан жақ қызық па?
  • Оны барып көру керек.
  • Қайта оралғаныңызды білетін адамдар көп пе?
  • Сіз бұл құпияны естіген екінші адамсыз.
  • Қашан жарияламақсыз?
  • Адамдардың жанарында өзгенің сенімділігіне күмән келтіретін дабыл белгісін көрдім. Жариялау маңызды ма?
  • Иә, маңызды деп ойламаймын.

Екеуміз де үнсіз қалдық. Интимдік саңылауы бар көмескі жарықты зал, менде барлық джаз табынушылары сүйетін Hanky-Panky, ал, тап қарсы алдымда жаңғақ пен шие қосылған түйе сүті коктейлін оң қолына алған Иса пайғамбардың өзі.

  • Сонымен, жазушымын дедіңіз бе?
  • Жазу мен нағыз үшін өмірдің өзі. Егер жазу болмаса мына әлемде мен де болмайтын сыяқтымын.
  • Бұл өміріңізге жасаған қастандық емес пе?
  • Сіздің көкке ұшып кеткеніңіз қандай шын болса, менің бұл әлемге жазу үшін жіберілгенім де ақиқат.

Осындай сөйлемдер арқылы өзіме от бергім келе ме, әйтеуір ессіздікпен  ылғи өрекпимін.

– Айтпақшы, сізбен кездескен адамның не істеуі мүмкін? Мүмкін, селфилетерміз?

  • Жарайды.

Телефонымның қуаты сөнгенін көрдім. Сосын сөмкемді қолға алып жиналдым.

  • Сіз кетіп барасыз ба?
  • Иә, қайтамын.
  • Ерте емес пе?

Оның жүзіне қарап, әлгінде Биноға өзім баяндаған жігіттің тұрқын есіме алдым.

  • Ерте емес. Себебі, сіз мен іздеген жігітке ұқсамайсыз. Сондықтан, бұл жерде қалғаным – уақытты құр шығындау ғана. Оның үстіне, менің уақытым жұрттыкінен бірнеше есе құнды. Мен – жазушымын. Жазушының уақыты өткенге, қазіргі қарбаласқа, үміттің ұшқыны бар келешекке де тиесілі. Адам өмірі ұзақ дегенде жүз жыл шығар, бірақ, жазушылық уақыт ғасырлардың жөңкілісімен өлшенеді. Құдай сізге жер бетінде екі рет болуға кепілдік берді, ал, маған ондай тағдыр-талай бұйырмаған. Сондықтан, тұзым түгесілмей тұрып жазуға үлгеруім керек.
  • Сау болыңыз.

Көшеге шыққанымда қоңыр-мұнар ақшам көсіліп жатты. Жолай екі тілім пицца алып үйге келдім. Бино жылтыр шапанын әлдебір жейдемен алмастырыпты, қуырылған тауық қанаттарын сататын асхананың логосы бастырылған тегін көйлек оның денесіне қона кетпесе де алдыңғысы секілді жүрек айнытпайды. Бұл жолы лифтіні де ұзақ тоспадым, мені күткендей дайын тұрған сатыға ілініп пәтеріме жеткенімде жағымды леп соқты, сараң үй басқарушы жылу жіберсе керек. Сосын, макаолық тамыр телефон соқты.

  • Сөйтіп, сен маған ренжімедің бе?
  • Мен өзгеге де, өзіме де ренжімеймін.
  • Жақсы.
  • Айтпақшы, барда шүйіркелесетін адам табылды. Иса пайғамбар жерге түскен екен, оның да іші пысып жүр ме, әйтеуір, оны-мұны сөз қып біраз отырдық.
  • Солай ма? Сосын не болды?
  • Оған бірге селфиге түсуді өтіндім. Келісіп-ақ еді, қас қылғандай ұялы телефонымның қуаты түгесілгені.
  • Басыңа селфиден басқа жібі түзулеу идея келмеді ме?
  • Тыңдашы… Илон Маскболса әңгіме басқа, ал, Иса пайғамбармен ортақ не бар, селфиден өзге маңыздырақ..?
  • Иә, дұрыс айтасың.
  • Сау бол.

Лира ҚОНЫС,

АҚШ

Осы айдарда

Back to top button