ТаңдаулыТүркі жұртында

Йалчын Топчу: «Мағжанның немересі, төрге шық!»…

«Атажұртым келіп,

Ататүркім сілкінді!»

Қазіргі қабыралы түркі жұртының тарланы һәм мұқым мұсылманның қорғаныш-үміті Режеп Тайып ЕРДЖОҒАН қазақ бауырларын түркі топырағында қуынышпен қарсы алғанда, дәп осылай деді…

Ал, қасиетті Жұманың құтты күні біздің Түркия Президентінің Бас кеңесшісі Йалчын Топчу мырзамен жүздесуіміздің сәті түсті.

Қызмет бөлмесінің есігінен кіре бере «Мағжанның немересі, төрге шығыңыз!» – деп өзінің оң жағына оздырды. (Мағжан ЖҰМАБАЙ атамыздың рухына – «Фатиха» сауап жазылсын!)

Ә дегеннен, бұрыннан бір-бірімізді танитын кісілер секілді кідіріссіз көңіл, мөлтек сұхбатқа кірісіп кеттік. Қазақтың мемлекет басшысының түрік топырағындағы сәтті сапарын оң бағалап, саяси келісімдердің табысты жүзеге асқандығына балаша қуанды.

Қос бауыр – қазақ пен түрік – екі елдің ынтымақтастығы, тамыры терең тарихы, мәдениеті мен әдебиеті, саяси ықпалдастығы хақында тура екі сағатқа жуық сырластық.

Біздің Анадолыға білім қуып келгенімізге риза болып, түгел түркі халықтарының бірлігі туралы жүрегімізге ыстық, әуезді әңгіме де айтты. Тіпті, күні кеше Халықаралық статус алып, енді екі тілде шығатын (қазақ-түрік) «Сарасөз» журналы үшін қолынан келгенін аямайтынын айтып,  көңілімізді көтеріп, самал желдей желпіді.

Мейлінше мәйім, аса әдепті, сұңғыла мәдениетті тұлға Түркия Президентінің Бас кеңесшісі Йалчын Топчу мырзамен бас қосуымызға себепші болған ғылым докторы Фатма Сөнмез әпкеміз Йассауидің жолын өзі жиырма сегіз жыл (оның он екі жылын Түркістанда өткізген) тынымсыз зерттеп, 500-ден аса ғылыми конференцияларда ірі баяндамалар жасап, адамзат баласына Ұлы Даланың ұлықты перзентті Қожа Ахмет Йассауиді (Әзірет Сұлтан) жақын танытқанын қанағаттанарлық қымбат сезіммен тіліне тиек етті.

Расында, Түркия Президентінің Бас кеңесшісі Йалчын Топчу мырза мен ғылым докторы Фатма Сөнмез әпкеміздің түгел түркінің рухани астанасы Түркістан шаһары мен Қожа Ахмет Йассауидің (Әзірет Сұлтан) болмыс-бітімі, таза табиғаты, иман таразысы, білім-білігі, қасиет-өсиеті, мұрат-мұрасына құрметі мен ықылыасын, ынтықтығы мен ғашықтығын тілмен жеткізу мүмкін емес.

Иә, Түркия Президентінің Бас кеңесшісі Йалчын Топчу мырзаның айрықша ардақтаған Мағжаны да бір заманда таулар мен теңіздерден асып, жырақ жүрген түрік бауырларын сағынып:

«Алыста ауыр азап шеккен бауырым,

Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым,

Қамаған қалың жаудың ортасында,

Көл қылып көздің жасын төккен бауырым.

 

Алдыңда ауыр қайғы жатқан бауырым,

Өмірі жапа шеккен жаттан бауырым.

Түксиген жүрегі тас жауыз жандар,

Тірідей терің тонап жатқан бауырым.

 

Апырмай, емес пе еді, алтын Алтай,

Анамыз бізді тапқан асау тайдай!

Бауырында жүрмеп пе едік салып ойнақ,

Жүзіміз емес пе еді, жарқын айдай!

 

Алалы алтын сақа атыспап па ек,

Тебісіп бір төсекте жатыспап па ек.

Алтайдай анамыздың ақ сүтінен,

Бірге еміп, бірге дәмін татыспап па ек…

 

Алтайдың алтын Күні еркелетіп,

Келгенде жолбарыс боп, жаңа ержетіп,

Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына,

Бауырым, мені тастап, қалдың кетіп.

 

Мен қалдым жас балапан қанат қақпай,

«Ұшам» деп ұмтылсам да дамыл таппай.

Жөн сілтер, жол көрсетер жан болмады,

Жауыз жау қойсын ба енді мені атпай.

 

Қорғасын жас жүрекке оғы батты,

Күнәсіз таза қаным судай ақты.

Қансырап, әлім құрып естен тандым,

Қараңғы абақтыға берік жапты…

 

Апырм-ай, айрылдық па қалың топтан,

Шабылып қайтпайтұғын жауған оқтан.

Түріктің жолбарыстай жүрегінен,

Шынымен, қорқақ құл боп жаудан бұққан.

 

Шарқ ұрып, ерікке ұмтылған Түрік жаны,

Шынымен, ауырды ма бітіп халі?!

От сөніп жүректегі құрғады ма,

Қайнаған тамырдағы ата қаны?!.

 

Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта,

Қайғыдан қан жұтамыз.

Біздің атқа…

Лайық па құл боп тұру?

Кел, кетелік,

Алтайға, ата мирас, алтын таққа!» – деп, мұңын шағып, көз жасын көл еткен…

Құдайға шүкір, бүгінгі таңда еркін де бостан екі ел – қос бауыр – аралас-құралас туысқан жұрттар.

Қымбат қонағын қарсы алған салиқалы сахабалардай Бас кеңесшісі Йалчын Топчу мырзаның жас балаша қалбалақтаған қылығы мен сындарлы сипатына қарап:

«Жаратушы – Жан-АЛЛА,

Жарылқаушым ғаламда.

Мейіріңнен дәметем,

Кірпігімді жабарда.

Әзірейіл төнгенде,

Қарқараға келгенде,

Не қылармын, Құдай-ай!?.

Құл Қожа Ахмет, мақтанба,

Нәпсі-кірге батқанға!

Мақшар Таңы атқанда,

Не қылармын, Құдай-ай?!.» – деген көз жасындай төгілген мөлдір хикметтерімен Жаппарынан рақым-кешірім күткен «Йассауи жолын ұстанатындар нағыз осы кісілер екен ғой» – деп, дән разы болдым…

 

Гүлжаз ҚАРЫБЕК,

Түркия-Қазақстан.

Осы айдарда

Back to top button