Қоғам және бізТаңдаулы

Шораш Дәуітхан Тұяқбайұлы: «Жол туралы заңға әкімдердің жауапкершілігін шегелеп қойған жөн»

Шораш Дәуітхан  Тұяқбайұлы – инженер құрылысшы. Жол саласының ардагері. 1958 жылы 28 мамырда Түркістан облысының Мақтаарал ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген.  1986 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия технология  институтын  инженер- құрылысшы мамандығы бойынша тамамдаған.  Содан бері қаланың бірқатар ірі құрылыс алаңдарында шебер, телім бастығы болған. Сондай-ақ, «Шымкентавтожол» мекемесінде 10 жыл бойы қызмет еткен. Қарапайым маманнан бөлім басшысына дейін өскен. Осы аралықта М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне оқуға түсіп, инженер-жолшы мамандығын меңгерген. 2006 жылы өңірде жол сапасын тексеретін  «Оңтүстікжолзертханасы» ашылған. Кейіпкеріміз осы мекемеде табаны күректей 15 жыл еңбек етіп, 2021 жылы зейнетке шықты. Осындай тәжірибелі, жол саласының білгірімен сұқбаттасуды жөн көрдік.  

Дәуітхан Тұяқбайұлы, республикалық жолдарда емес, көбінесе жергілікті жолдарда кінарат көп. Соған орай әкімдердің рейтингі енді жол сапасымен өлшенбек. Бұны Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты. Жол құрылысының қыр-сырын білетін маман ретінде бұған не дейсіз?

  • Мұның бәрі жол сапасына жауапкершілікті күшейту үшін жасалып жатқан шара деп ойлаймын. Зейнеткер болсам да, осы салаға қатысты жаңалықтарға елеңдеп отырамын. «Көлік туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатқан көрінеді. Сол жерде кепілдік мерзімі бітпеген жолдарға енді мердігерлерді ғана емес, авторлық және техникалық қадағалаудың тең дәрежеде жауапты ету көзделген. Демек, жолға үш жақты бірлескен жауапкершілік енгізілген соң, бармақ басты, көз қысты әрекетке жол берілмейді. Жалпы жол сапасын қамтамасыз ету үшін мыңнан аса нормативтік-құқықтық акт қайта қаралып жатыр екен. Үкімет басшының өзі: «Қазақстан жол сапасы бойынша әлемде 93-ші орында тұр. Жол құрылысын жобалау және салу кезінде жаңа материалдары мен заманауи технологиялар аз қолданылады»,- деді.  Әрине бұл жолдардың сапасына,  мен оларды жөндеу, салу мерзіміне сөзсіз әсер етеді. Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың ұсынысын қолдаймын. Жаңа заң жобасында әкімдердің жауапкершілігін шегелеп қойған жөн.
  • Демек, жол сапасын тексеру, қадағалау, бақылау күшейеді. 3 жыл бұрын Ұлттық сапа орталығы құрылды. Мекеменің мақсат-міндеті белгілі. Ал материалдық- техникалық базасы соған сай ма?
  • Ұлттық сапа орталығы бұрынғы «Оңтүстікжолзертханасы» мекемесінің базасында құрылған. Бұл орталықта мен табан ауыстырмай 15 жыл қызмет еттім. Айырмашылығы – жер мен көктей. Мысалы, 2006 жылы бар-жоғы 6 маман, ескі 2 компьютер, тозығы жеткен 1 көлік болды. Зертхана құрал-жабдығы саусақпен санарлық еді.  Ескі ғимаратта отырдық. Жабыр жауса төбемізден су сорғалайтын. Қазір сол мекеменің аты да, заты өзгерді. Ұлттық сапа орталығына айналғалы техникалық жағынан жаңғырды. Екі қабатты жаңа ғимараты бар. Жертөлесінде зертханасы толығымен жабдықталған. Жылжымалы 3 зертханасы, су жаңа көліктері бар. Құрал-жабдықтарының саны 1 мыңнан асады. Мамандардың саны 20 -ға жетті. Бұл дегеніміз – мекемеміздің қызмет аясы кеңейіп, қолы ұзарып, құзіреті күшейді деген сөз.
  • Жол саласында маман тапшы дейді. Жолдың сапасына бұл қаншалықты әсер етеді?
  • Өте қатты әсер етеді. Мысалы, жол құрылысына тапсырыс беруші жергілікті атқарушы билік, оның ішіндегі тұрғын үй коммуналды шаруашылығындағы мамандардың 90 пайызы жолшы не құрылысшы- инженер емес. Яғни, тиісті кәсіби білімі жоқ. Сондықтан жобалау, құрылыс талаптары мен ережелерін, жалпы заңнамасын білмейді. Тіпті асфальттің не екенін білмейтіндер бар. Ауданаралық жолдардағы ақаулардың басты себебі осыдан деп ойлаймын. Сондықтан жауапты мамандарды оқыту керек. Маман тапшылығын жою үшін мектеп оқушыларына кәсіби бағыт-бағдар беру керек. Бұл саланың мән-маңызы жан-жақты насихатталуы тиіс. 
  • Жолдың сапасына тағы қандай факторлар әсер етеді?
  • Жол салынатын жердің бедері, жер телімінің құрылымы, жол құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмсалатын материалдардың сапасы да әсер етеді. Сосын әлгінде айтқан, жоболаушы мекемелердегі   мамандардың білім-біліктілігіне байланысты. Ережелерге сай жұмыс істеуі, мердігерлердің тәжіриесі, ондағы мамандардың біліктілігі, бір сөзбен айтқанда –  адами фактордың әсері маңызды.
  • Бейнетіңіздің зейнетін көріңіз! Сұқбатыңызға көп рақмет!

    Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button