Қоғам және біз

Менің апам!

 

Әжем Асанбекқызы Бисараның рухына бағыштаймын!

Иманбекова Ғалия.

Алматының әсем табиғатын армансыз тамашалап , қалың ойдың үстінде  келе жатқан мені бебеу қаққан қалта телефонымның даусы селк еткізді. «Бұл кім болды екен? Сонша безілдегені несі?» деп тәтті ойды бұзған телефоныма іштей ренжіген мен сөмкемді ақтара бастадым. Қай тесікке кіріп кеткені белгісіз, бебеулеген сайын адамды састырып табыла да қоймайды-ау бұл шіркінің де. Бір кезде қолыма ілінді-ау, әйтеуір. Бетіне шыққан жасыл түсті қоңырауды саусағыммен сырғытып жіберіп:

-Алло, – дедім шаршаған кейіпте.

– Қалың қалай?.. Бүгін тездетіп ауылға қайтарсың. Апамның жағдайы мәз емес. Сөйлеп жатқанда көріп қалғаның дұрыс болар, – деп күмілжіген сіңілімнің даусы естілді. Сол-ақ екен жаңағы  асқақтаған арман мен қиялдан түк қалмай, көңіл-күйім  нілдей бұзылып сала берді.  Жаңағы  ағаш арасында асықпай армандап келе жатқан тәтті қиялдан түк қалмағандай. Суық  хабардан сескеніп қалған мен қай жерде келе жатқанымды ұмытып, жан-жағыма жалтақтай  қарадым. Қалың адамдар арасынан аялдамаға жақындап қалғанымды енді  аңғарғандаймын.  Бағдаршамның жасыл түсі жанғанда барып адамдар тобымен жағаласа  бірден жолдың арғы бетіне жүгіре жөнелдім.

Сіңілімнің «апам» деп отырғаны әкемнің анасы.  Ұйғыр халқымен аралас тұратын жазиралы Жаркент жерінде әке-шешесінің анасын, яғни әжесін «апа»  деп атайды. Менің де әкем мен шешемнің аналары сексеннен асып кетсе де тірі еді. Таяқсыз тік жүретін әжелеріміз тың болса да, тек соңғы жылдары  атымызды да, өзімізді де ұмытып, шатастыра беретін болған.

Автобус ішінде келе жатқан мен жаңағы хабарға онша сеніңкіремей іштей өз-өзіммен арпалысып келемін. «Мүмкін емес… Қалайша менің апам жағдайы нашарлап қалатындай ауырып қалды?.. Басқа қариялардай еңкейіп те, таяққа сүйеніп те көрмеген,  тіп-тік жүрген апам қалайша төсек тартып жатып  қалды?»  Өз құлағыма өзім сенер емеспін. Ешқашан  қыңқ етіп ауырмаған, ем қабылдамақ түгілі дәрі ішіп көрмеген, өзгелер секілді емес, отырған орнынан тіп-тік тұрып жүріп кете беретін әжемді ауыр халде жатыр дегенге түк иланып тұрғам жоқ. Осындай  екіұдай ойда сабақтан шығып, сіңілім екеуміз лезде жиналып, такси шақыртып түнделетіп ауылға жеттім. Әкемнің үйіне түскен мен әжеме неде болса таңертең барайын деп шештім. Кіре сала жастыққа бас қойғаныммен ұзақ уақыт көз іле алмадым. Қалың ойдың құшағына батқан мен таңға жуық ұйықтап  қалыппын.

Аз ғана уақыт көз шырымын алсам да таңертең ерте тұрып, әжемнің үйіне шықтым.  Әкем мен әжемнің үйі бес-ақ минуттық жер. Қақпадан кіріп келе жатып өз-өзімнен көңілім босап жылағым келді. Әйтсе де «жамандық шақырмайын» деп туыстарыммен салқын ғана амандасып,  түпкі бөлмеге бет алдым.  Әжем өзінің жас кезінде тап-таза етіп ұстайтын  бөлмесінде жатыр екен. Аппақ жайманың үстінде жатқан апамды бас салайын десем, ұйықтап жатыр. Қасында қамқор боп жүрген сол үйде бірге тұратын сіңілім бар. «Тыныш… қазір ғана ұйықтады» деп мазасын алмауымды сұрап тұр. Сонда да жақындап барып жүзіне үңілдім. Шынымен де апам ұзақ уақыт төсек тартып жатқан жандай сұрланып кеткен.  Бозаң тартқан өңінде қан-сөл жоқ болып, жағы суалып қуқыл тартқан.  Сенер-сенбесімді білмей бетіне үңілгенімді сезіп қойды ма көзін ашып алғаны.  «Шошытып алдым ба?»  деп артқа шегіншектей бергенімде  тамағын кенеп дыбыс берді. «Апа-ау, қалыңыз қалай? Бұл мен ғой қызыңыз Ғалия» деп жақындап барып, бетінен сүйдім. Бетіме үңіліп қараған апам  енді таныдым дегендей «А-а, келе ғой» деп бетімнен сүймекке ұмтылды. Бетімді тосқан мен апамның танығанына риза болып құшақтай алдым. Ауыр ойдан арылмаған ішім алай-дүлей болып, еңіреп жіберуге шақ тұрмын.  Әйтсе де соңғы жылдары түрімізді де, есімімізді де ұмытып қала беретін апамның жүрегін ауыртқым  келмеді.  Жаратылысынан кішкентай ғана апамның жүрегі нәзік еді. Болмашы  нәрседен сескене беретін қорқақ та болатын. Содан да болар жасымды сыртқа шығармай, іштей жұтына бердім. «Халім жақсы, аздап ауырып қалғаным болмаса…» деп апам есіне түскен біраз әңгімелерін айта бастады.  Тыңдап отыр деген атым болмаса, жан-дүнием төңкеріліп түскендей әсерде отырмын. «Жанарының нұры сөне бастаған ба қалай? Шынымен де жағдайы ауыр секілді… О, тоба? Сұм ажал шынымен де менің апама келіп жеткені ме?»  деген қалың сұрақтармен бетіне қарап отырған менің құлағыма әжемнің бір сөзі кірсе, бір сөзі кірер емес. Осылайша қанша уақыт отырғанымды білмеймін, әжемнің оң қолын ұстап қасында отыра беріппін. Бір уақытта қарасам, көзі ілініп барады екен. Ақырын ғана қолын көрпесінің үстіне қойып, таза ауа жұтып келейін деп сыртқа шықтым. Сыртқа шыққанымда барып апамның бар баласы жиналып қалғанын байқадым. «Естіген хабарым рас екен ғой. Неге туыстардың бәрі жиналып қалған?»  деген оймен жеңгемнің шәйін ішіп, апамның қасына қайта оралдым.

Менің қайтып келгенімді сезгендей апам да ұйқысынан оянды. Қасына келген маған еркелегісі келгендей «Қолдарымды уқалап берші» деп оң қолын ұсынды. Алдымен оң қолын, содан кейін сол қолын кезек-кезек уқалаған мен әлі де қалың ойдың құшағынан арыла  алар емеспін. «Мына атың өшкір жаман ауру сай-сүйегін сырқыратып жатыр ма екен? Әлде бұрынғы ескі ауруы ма екен?» деп ойлап қоямын. Негізі әжемнің қолдары бұрыннан сырқырап ауыратын еді. Сондай кездері «Қолымның  сырт жағынан қаттырақ қысып-қысып берші» деп өтініш айтатын. Ол кездері қолымыздың күші жетпей жатса «Жарайды, қоя бер. Өзім-ақ қысып жіберейін.  Осы бір қолдарымның анда-санда осылай сырқырайтыны бар.  Жас кезімде үнемі кірді суық сумен шаюшы едім. Содан болар,  осындай ұстап қалатын ауруы бар» деп уқалап жататын. Осыдан басқа әжемнің аузынан денсаулығына байланысты шағым айтқанын естімегенмін.  Шындығында әжем жаздың ыстық күндерінде барлық затты суық сумен жиі-жиі шайып жүретін өте кірпияз, таза кісі болатын. Екі қолынан кезек-кезек уқалап отырған менің ойыма апамның осы салалы  саусақтарымен талмай, барлық еңбегін өзі атқарып жүретін әрекеттері есіме түсіп отырды. «Асыл апам-ай… Осы бір талдырмаш саусақтарыңызбен талай мәрте дәмді тамақ пісіріп беруші едіңіз. Ыдыс дұрыс жуылмай қалса да, суық суға қайтадан бір шайып жатушы едіңіз-ау. Бәрінен бұрын осы қолдарыңызбен жайған өріктің қағын сүйсініп жейтінбіз. Сіздің күш-қуатыңыз кеткелі ол қақты да ұмыттық қой… »  деп терең ойға батып, өткен күндерді еске түсірген менің ойым сонау  балалық шақтың бал күндерін аралап кетті.

Мен ес білгелі апамның үйі берекелі  болып көрінетін. Қашан барсаң да дастарқанын толтырып, бар тәттісін салып шай беретін. Шай бермей қайтармайтын апамның тандырға піскен наны да өзіме өте дәмді көрінетін. Өзімнен кейінгі кішкентай сіңілім де анама көшеден ары-бері өткенде жылап «апамның шәйін ішемін» деп кірмей кетпеуші еді. Өйткені, апамның үйіне келген қонақты шәй бермей жібермейтін қазақ әйелдеріне  тән ерекше тәрбиесі болушы еді. Әрі шәй дайын болғанда «Кел. Менің жаныма отыр. Қыз деген әрқашан төрге отырады» деп  бар қызды қасына шақыратын әдеті бәрімізге ерекше ұнайтын. Осылайша біздер қасқиып әкелерімізден жоғары төрге шығып отыратынбыз. Жалпы, әжемнің ежелден келе жатқан көненің көзіндей болған тәлімі мол тәрбиесі ешкімге ұқсамайтын-ды.  Әсіресе, неше жылдар бұрын о дүниелік болған қайын ағаларының есімдерін тікелей атамай, әңгіме арасында  «үлкен ағам», «кіші ағам», «молда ағам» , қайнысын «тетелес» дейтіні қайын жұртына деген ерекше құрметі екенін ес білгенде түсіндік. Үйлеріне қонаққа бара қалғанда төрге шақырса да орындарын баспай, бос қоятыны біздерді таң қалдырушы еді. Маған апамның өткен ғасырлардан келе жатқан көзі көріп, құлағымен естіген әңгімелері қатты ұнайтын. Мен әңгіме сұрағанда, жас кезінен басынан өткізген небір қызық оқиғаларды майын тамызып тұрып айтатын.  Атап айтқанда, апамның аузынан шыққан мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестеріне ерекше назар аударушы едім. Кейбір сөздерді түсінбей жатсам, дәптеріме жазып алып мағынасын сөздіктерден  қарайтынмын. Кейбірін  том-том сөздіктерден  де таппайтынмын. Есейе келе мағынасын түсініп, оқымаған  әжемнің көкірек көзі ашық, кеуде сарайының қазынаға толы екенін байқадым. Менің сұлу сөзге құмартып, сара сөзді саралап ала білетін тіл маманы болуыма да асыл әжемнің бірден-бір ықпалы болды.  Осындай бір әулеттің қазынасына айналған апамды барлық немересі ерекше жақсы көретінбіз. Ата-анамыздан қысым көре бастағанда «апамның үйіне барамын» деген сылтаумен үлкен үйге жүгіретінбіз.

Әсіресе жаз мезгілі апамның үйі бәрімізге  береке мен мерекеге толы еді. Жазғы демалыс  басталғаннан бар бала сол үйден шықпайтынбыз. Оның себебі, үйдің жан-жағы толған жеміс-жидек болатын. Маусым айының жартысында үйдің артындағы  үлкен  әрі биік абрикос пісіп бастайды. Содан кейін су алатын колонканың түбіндегі өрік піседі. Осылайша бірінен кейін бірі ақ өрік, сары өрік,қызыл өрік, су өрік, тікен өрік, маңыз өрік дейсің бе – бәрі рет-ретімен пісіп, шілдеде үлкен бақшамыз өрік дейтін жеміске толатын. Ол өріктерді апамның сөзімен айтсақ «заманның тыныш кезінде», яғни Кеңес өкіметінің тұсында марқұм  атамыз әкеліп отырғыза берген екен. Алты ұл, бір қызы бар атамыз да балаларым мен немерелерім «бір тойып жесін» деген болар. Шынында да жеті баласынан тараған ұрпағы ала жаздай осы әр түрлі сортты өріктерді армансыз жеп тоятынбыз. Керек десең біздер оны таңдап тұрып жеуші едік. Тіпті әрқайсысына қойып алған атымыз да бар. Әркімнің өзінің сүйіктісі  болатын. Маған көше жақтағы қызыл өрік ұнайтын. Ол жаққа тандыр деген нан пісіретін пештің жанынан өтіп кіресің. Тандырдың жанында мал кіріп кетпесін деп жауып қойған шарбақ тұрады. Мен болсам тандырдың үстінен шарбаққа шығып, ары қарай секіріп  кіретінмін. Дәл осы қатармен егілген бақшаның екінші жартысындағы ең түкпірінде маңыз өрік болатын. Әлгі өріктің басқалардан ерекшелігі – екіге еш қиындықсыз жарылатын, әрі дәні тәтті болатын. Маңыз өрік те кербезденіп асықпай ең соңына қарай пісетін. Ол өрікті апам да ешкімге тиіскізбей, «Айтолқыным келгенде жейді. Вәрине қайнатады. Тиіспеңдер!» деп қызғыштай қоритын. «Ит қорыған жерге өш» демекші, апам  қорыған сайын бала біткен сол өрікке құмар едік. Апамның үй жаққа кеткенін аңдып, қағып болса да жеп кетуге әуес болатынбыз. Жеп тоя бастағанда қайта-қайта барып жуғанға ерініп, ішін жеп сыртын тастай беретін әдетіміз де бар. Жегенін жеп, жемегенін аяғымызбен таптап  ит рәсуа етуші едік. Әжем болса біздің бұл әрекетімізге ұрсып, өз қолымен еккен өріктердің аяқ астында тапталып жатқанына ренжіп, шыр-пыр болып жататын. Балалық әрекетіміз қала ма, қарнымыз әбден тойғаннан кейін апамның сөзін құлаққа іліп, теруге  кірісетінбіз.  Немеренің үлкені мен болған соң апамның «Жеуге ғана келесіңдер ме? Неге ең құрығанда еңкейіп теріспейсіңдер?» деген сөзін тыңдап, теруге көмектесетінмін. Қалың өріктің ішінде жүріп, көздің жауын алатын мөлдіреген бірін аузыңа тығып, екіншісін шелекке салып бақшаның жартысын теріп болғанда жалығасың. Қалың шөптің арасында төгіліп жатқан бұл жемістің бірін терсең, бірі ағаштың басынан түсіп жатады. Арасында тоңқ етіп басыңа да тиіп кетеді. Ондай кездерде «А-а-ай» деп басыңды сипап қойып ары қарай теріп кете бересің. Осындай қызығы да, шыжығы да мол бұл мезгілдің біздің өмірімізде алар орны ерекше болатын. Өйткені, балалық шағымыздың ең қызықты сәттері осы бір сары жемістің дәуренімен тікелей байланысты еді.

Өрік теру науқаны басталғанда апамды таңертең де, түсте де, кешке де бақшадан табасың. Бара салып бәріміз апамды іздейміз. Көрінбесе басынан тастаймайтын ақ немесе жасыл жаулықты іздеп, бақшаны көзіңмен бір шолып шығасың. Өйткені дәл осы мезгілде апам ешқайда бара қоймайтын еді. Шақырылған жерге тез барып келе қоятын. Сосын шелегін алып, өрік теруге отыратын. Үйдің артында болмаса, көше жақтағы бақшада еңкейіп алып  «Обал-ай, обал-ай…» деп төгіліп жатқан жемісті теріп жүрген апамның қасына бара қалсаң, міндетті түрде сені көмекке шақырады. «Аяғыңның астындағы өрікті басып кетпе. Обал болады. Одан да еңкейіп терісіп жібер» деп шырылдайтын апамның сөзінен кейін-ақ отырып теруге кірісесің. Біраз терген соң өзің-ақ жалығып, керегіңді алып тайып тұрасың. Теріп жатсаң үсті-үстіне төгіліп жататын бұл жемістің қазір біте қоймайтынын іштей біліп тұратынбыз. Өйткені мезгілі жеткенде өріктер тоқтамай пісіп, бір айдың ішінде төгіліп қалатын. Таңның атысынан кештің батысына дейін терген еңбегін апам не істейді десеңізші. Күн салқындай бастағанда ыдыс-ыдыста тұрған жемістердің жарамдысын таза ыдыстарға су құйып жуып, үлкен жүзімдіктің астына отырып алып бар тақтайға тізіп қақ жаяды. Тым езіліп кеткендерін қорада тұратын қой мен ешкілерге, сиырларға салады.  Кей кездерде тойып, жемей қойғанда апам жақтырмай, ұрсып жүргені. Өйткені еңбегінің еш кеткенін еш қаламайтын, обал-сауап дегеннің не екенін өте жақсы түсінетін ақылды адам еді менің апам. Жаркенттің шіліңгір ыстығынан жайған өрігі ертесіне-ақ кеуіп қатқан қақ болып шыға келуші еді. Күн қызуы қайтқан кеште апам ол қақты ерінбей әдемі жуылған дорбасына салып, жүзімдіктің жанында тұрған қазандыққа апарып іліп қояды. Кәдімгі құрт секілді сары дорбада төбесі шифермен ғана жабылып әрі қоршалған, жан-жағынан жел соғып тұратын қазандықтың төбесіндегі бір шегеде ілініп тұрады. Сары дорба дегенім  – кезінде әппақ шыттан тігілген, тігісі мықты, жуыла-жуыла түсі оңып сарғайып кеткен ескі дорба. Өзі  ішіндегісімен құшақтағанда кәдімгі ересек адамның құшағы толатындай қолақпандай үлкен еді. Оған бойы биік адам болмаса, мен секілді аласа бойлы жанның жете алмасы анық. Ал балалардың өзі де, қолы да тіптен жете бермейді.  Осылайша әлгі дорба толғанша қазандықта ілініп тұрады. Дорба толғанда жым-жылас болып жоғалып кетеді. Жеміске тойып жүрген біздер оның қайда кеткенімен шаруамыз да жоқ. Себебі ойнап жүрген  шуылдақтарды  кеуіп кеткен өріктер ол кезде  қызықтырмайды да. Ондай дүниенің бар екенін ұмытып та кетеміз. Апамның жайған қағы бар екені жаз өтіп, сары күз келгенде  есіңе түседі емес пе? Жеміс бітіп, сабаққа барып-қайтқанда жейтін ерекше дәм іздей бастайсың ғой. Сондай кездерде жазда жайылған қақты есіңе алып, кепкен өрікке аңсарың ауа бастайды.

Саңғырлап әбден кеуіп «қақ» болып қататын өрік   қыстың күні дәмді болатын. Аузыңа салып жүрсең таңдайыңа жабысып жаздағыдан да тәп-тәтті болып кетуші еді. Шіркін-ай десеңші,  емін-еркін төгіліп жатқанда олай сүйсініп жемейтін шығарсың. Көргенде көзің жайнап тіпті кейде жуып әкелуге де ерініп бір үрлеп қойып  ауызға тығып жібересің. Ауызға салып, екі ұртыңа кезек-кезек домалатып біраз сорып алып, дәмін татқаннан  кейін барып тісіңмен шайнап қылғыта саласың. Сосын барып екіншісіне қол созасың. Дәмі тіл үйіретін қақтың қандай еңбекпен келетінін біле бермейсің.  Жегенімізге мәз болып, апамның берген бір уыс қағын місе тұтпай бәрін алып кеткің келіп тұрады. Апам да келген сайын екі қалтаңа екі уыс қана салып беріп ындыныңды құртады ғой. Сөйтсек бар баласынан тараған әрбір немересіне жеткізу үшін солай уыстап қана береді екен. Ақиқатында әлгі қақтан сұрамайтын адам жоқ секілді. Көршінің екіқабат келіні, алыстан келетін қызы, өзінің төркіні секілді алыс-жақын ағайынның бәрі апамның қағына құмар екен. Қалтамызға салып берген екі уыс қақты місе тұтпай, енді оның қай жерде тұратынын іздей бастайсың. Немерелерінің ішіндегі ең ересегі мен болғандықтан, апамның қай жерге тығатынын  шамалап біле қоямын. Осылайша апамның көзі тайғанда қазандық жақты аңди бастаймын.  Ешкім қалмады-ау деген уақытта зып етіп қазандықтың ішіне кіріп кетіп, үлкен ағаш жәшіктің үстін тінтемін. Бұл биік фанерден жасалған жәшікте кезінде апамның нан пісіретін ұны тұратын. Қазір оның бос тұрғанын білемін. Бойың жете бермейтін биік жәшіктің іші де терең еді. Оған апамның сала қоймайтыны анық. Үстінде тұрған біраз  заттардың арасын ақтара бастайсың. Әрине, сары дорбаны іздейсің. Дөңкиіп жатқан сары дорба тез табылады-ау. Бірақ шандып байлаған аузын шешудің өзі бір азап еді. Кендір жіппен неше мәрте шиыршықтап жабылған дорбаның аузы оңайлықпен ашыла қоймайды-ау. Шандып тұрып байлаған жіпті шешіп болғанша бір көзің үй жақта тұрады ғой. Апам шығып қалып, таяқ жемей тұрғанда тездетіп алатыныңды алып тайып тұру керек қой. Саусақтарың талып, сонша қиналып әзер дегенде шешкен дорбаның аузы ашыла қалса,қуаныштан секіріп кете жаздайсың. Жылдамдатып ашылған аузынан бір уыс емес, бірнеше уысты алып, қанша қалтаң бар соның бәрін толтырасың. Болды-ау дегенде дорбаның аузын өйтіп-бүйтіп жаба салып, ары  қарай  итере саласың. Бетінде тұрған матаны әдемілеп жауып, қазандықтан тездетіп шығып кетуге тырысасың. Осы уақыт аралығында үйден ешкім шықпаса бағыңның жанғаны. Шығып қалса, көрінбей жәшіктің артына тығыла қалып, үйге кіріп кеткенін тосып тұрғаның. Бәрімізді ынтықтырып қоятын сары дорба оңайлықпен таусыла қоймайды-ау. Сары дорбаның түбі көрінбей біздің  де мазамыздың кеткені кеткен. Сөйтсек, бұл сары дорба тек менің ғана емес, бар баланың ындынын құртады екен ғой. Осыған байланысты бір қызықты оқиға өмір бойы естен кетпестей болып қалды.

Ол кезде мен 11-сынып оқитын кезім. Қыркүйек айы басталып , сабақтан қайтқан бетім. Апамның үйіне кіріп, әңгімесін естіп шәй ішейік деп отырмыз. Сыртқа кіріп-шығып шай жасап жүрген жеңгемнің тосыннан ащы даусы естілді. «Апа-а, апа-а! Кетті әне кетті!» деген айғайды естіп бәріміз сыртқа атылдық.

– Ойба-а-ай! Ұрлады, ұрлады! Ұрлап барады, әне!– деп шырылдаған жеңгемнің нұсқаған жағына жалт қарағанымызда, қолдарына ұстаған ауыр жүгі бар үлкен үйдің артына қарай бұрылған баланың басы мен қалқиған құлағын көріп қалдым. Аяғымызға ілінген тәпішкені киіп бәріміз солай қарай жанталаса жүгірдік. Үйдің алдында , терезенің түбінде тұрған ағаштарды  айналып өтіп артына қарай жүгіріп барғанымызда не көрдік десеңізші?.. Бірі бет-аузы сатпақ-сатпақ, мұрнын қорс-қорс тартып, маңдайындағы терін жеңімен сүртіп,  лажсыз жымиып тұрған, екіншісі етпетінен жерде бетін көрсетпей жауып алған екі ұрыны көріп тұрмыз. Шындығында жерде емес-ау, апамның кәдімгі әспеттеп ұстайтын, бар баланың арманы болған сары дорбасының үстінде жатыр. Теңкиіп жатқан сары дорба «мені көрдіңдер ме?» дегендей екі ұрының қылмысын әшкерелеп, көрініп-ақ тұр. Кішкене ғана баланы бұйым ғұрлы  көрмей, жасырынбай-ақ керісінше оны үстіне шығарып алған.

– Әп, бәлем, ұсталдыңдар ма-а ?! Ұрыла-а-р! Қарашы-ей бұларды! Кіп-кішкентай болып ап ұрлық жасап жүргендерін, – деп жеңгем шәңкілдеп даусын көтеріп ұрысты  бастап кеп жібергені. Мен не күлерімді, не ұрсарымды  білмей аң-таң болып қарап тұрмын. Өйткені «ұры» дегеніміз кәдімгі әкемнің өзінен кейін туған екі інісінің ұлдары екен. Үнемі бірге жүретін, аралары  3-4 жас айырмашылықтары бар кәдімгі өзімнің тентек інілерім. Үлкені болса қылмысын мойындағандай мұрнын тартып қойып, маңдайындағы терін сүртіп, басын сипай береді, кішісі болса, теріс қараған күйі дорбаның үстінде жатыр. Түрлеріне қарасаң, дорбаны түсіру үшін біраз тер төккендері байқалады. Көрген жан еріксіз күледі. Үсті-бастары шаң-шаң болған екеуінің де маңдайлары жіпсіп, самайдан аққан тер бетіндегі шаңмен айғыздалып, сатпақ-сатпақ болып шыға келген. Мынадай  көрініске қарап тұрған апам іштей мырс ете қалды. Осыны күтіп тұрған мен:

– Ха-ха-ха! – деп қарқылдап күліп жібергенім бар емес пе. Қалай күлмейін енді?!. Ойбай-оу!..  Бәріміздің есімізді алған сары  дорба!  Сары алтыннан бетер қымбатсың ғой, шіркін! Енді бүгін екі тентекті қылмысқа итермелегенің-ай!..  Менің тосыннан шыққан даусыма селк ете қалған апам:

– Тек-ей! Сонша күлгені несі? Қыз бала да осылай күле ме екен? – деп мені дереу тыйып тастады. Өзі де не айтарын білмеген соң:

– Тұр! Әй, жүгермек, тұр. Жатырсың ғой шалжиып тіпті, – деп жерде жатқан кішкентай інімнің қолынан тартып тұрғызды.  Жерде жатқан орнынан тұрған інімнің басы  салбырап кеткен. Топ-томпақ екі беті ыстықтан ба, ұяттан ба қызарып барады. Іске аспай қалған қылмыстары үшін екеуі де бастары салбырап апамның алдында сүмірейіп тұр.  Ешбір немересін қатты зекіп ұрыспайтын апам бұл жолы да жылы жымиған күйі ақылмен ұрсып жатыр. Ішінен күлкісі келіп тұрса да,  қылмыскер болып тұрған немерелерінің әрекетін қоштамайтынын айқын аңғартуда. Мен болсам, бір қолыммен аузымды басып, екінші қолыммен ішімді ұстап шиқылдап өліп барамын. Күлкімді тыя алар емеспін тіпті. Ішімнен «Ұрлайтын нәрсені тапқан екенсіңдер! Әй, өңшең ақымақтар-ай! Адам өстіп те ұрлық жасай ма екен? Сары дорбадағы сары өрік біткенше ұсталып қаламыз-ау деп неге ойламағансыңдар?» деген ойлармен біраз уақытқа дейін өз-өзіме келе алмай бір рахаттанып күлгенім бар. Тіпті әлі күнге есіме алған сайын қарқылдап  болмаса да бір шиқылдап аламын.

– Жүріңдер! Беті-қолдарыңды жуыңдар! – деп апам екі қылмыскер немересін колонканың түбіне алып кетті. Кетіп бара жатып:

– «Ұрлық түбі – қорлық» деген. Оның барлығын ұрлап жегеннен сендерге мүйіз шыға ма?  Бәрібір ұрлап жеген ас болмайды, – деп әрі ұрсып, әрі ақылын айтып барады. Жеңгем болса:

– Бәлесін-ай ә, мыналардың! Мына ауыр дорбаны  қалай түсіріп алды екен? – деп мықшыңдап сары дорбаны әрең көтеріп бара жатыр. Мен болсам, ұрлықтарын жасыра алмай ұсталып қалған екі інімнің әрекетіне мәзбін. Әсіресе, қайда тығарын білмей, қалай да қылмыстарын жасыру үшін үстіне жата қалған кішкентай інімнің тапқырлығына тәнті болдым.  Немерелері тұрмақ келіндерінің бетінен қатты қағып көрмеген әжем бұл жолы да екі інімнің мына қылықтарын балалыққа балады. Екеуіне ұрысқан болып, бар ақылын айтып, басынан сипаған. Бұл оқиғаны есімізге алған сайын күліп отыратын.  Маңдай терімен жинап қақ қылып жайған сары өрікке қызыққан біздерді үнемі адал еңбекке шақыратын. Қандай қылымысымыз болса да кешіріммен қарап, бәрімізді теңдей көруші еді. Ешкімнің ала жібін аттамауға, адам баласына қиянат жасамауға үйрететін. Кез келген заттың қадірін түсініп, бағалай білуді, ысырапшылдық пен обал-сауаптың не екенін түсіндіре алды. «Ұят болады» деген сөзін аузынан тастамай түзу жүріп, ақылмен іс жасауға баулыды. Айта берсем, апамның көрсеткен үлгі-өнегесі мен салиқалы әрекеті біздер үшін таусылмайтын мектеп екен. Аузынан шыққан әрбір ақылы санамызда ұмытылмас  ұран болып қала бермек. Қашан да «жақсы жүріп, жақсы тұрыңдар» деген ақылын тынбай айтып отыратын апамды мен ешбір жамандыққа қимастан қолын ұстаған күйі бетімді басып ұйқыға кеткен едім.

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button