Сахна сөз

Парасат пен пайым патшалығы

Құрғақ сөз, жайдақ ойды күнде тыңдап жүрміз. Өзін ақын немесе жазушы санайтын «талантсымақтардың» көлгірсіп айтқан әңгімесінен де шаршағанбыз. Біздің іздейтініміз – асқар биіктей маңғаз көрінетін, айтар ойы айқын шынның жүзінен де қаймықпайтын нағыз талант иесінің пікір-пайымы.  Мәрттік те, байыптылық та, байсалдылық та  бір бойынан табылып жүрген сыншы-суреткер Әшірбек Сығай сондай жан. Оның шығармаларын оқығанда, сахна төрінен шегендей жеткізген парасатты ойларын тыңдағанда, міне, осы кемшін тұстың орны толғандай болады. Қазақ театрының арғы-бергі тарихы, ел өнерінің алтын діңгектері, сахна саңлақтарының шығармашылық портреттері, келмеске кеткен асылдардың жауһар бейнелері, бүгінгі замандас келбеті, бір қарағанда үйреншікті де таныс көрінетін осынау лейтмотивті Сығай еңбектерінің сыршыл беттері десек те болады. Бұрынғыдай емес, қазір ел еңсесін түзеп, өнер іздейтін болған, рухани азыққа деген құмарлық бар. Ілгеріде тәж қаланың талғампаз жұрты Хантағының сары баласына – Әшірбек сыншыға қаламгер ретінде сыйластықпен ғана қарайтын, қазір оны тоқсан жыл көрмеген туысындай қарсы алып, хан көтеріп, құрмет тұтады, бір қара сойып, құдасындай күтеді. Олар Әшағаңды көтермелеп жатқан жоқ, еңбегін, елге тигізген шарапатын биікке көтеріп жатыр. Сығайдың есімі естіле қалса, «жерлесіміз ғой» деп иіп, теледидардан шыға келгенде, «бұл жолы не дер екен, енді кімді сойып салар екен?» деп айыздары қанып отырады. Әшағаң да осыны күні бұрын сезгендей, бірде байсалды кейіпке еніп, бүгінгі театр өнерінің тынысы жайлы ағыла сөйлеп, таланттар турасында тартымды ой қозғап жатса, енді бірде еркелеп, балаң күйге түсіп, өзіне ғана жарасымды әзіл-қалжыңға да ерік беріп жатады. Әшағаңмен таңды таңға ұрып қанша әңгімелессең де жалықпайсың. Әңгімені әдемі айтады, образдап айтады, тура ішінде жүргендей күйге енесің. Ауық-ауық желпінтіп қағытып қоятыны тағы бар. «Бұл менің Ақсарыдағы нағашы атамнан жұққан қасиет» деп отырады ол сөз арасында.

Өз басым дәл Әшекеңдей шешен адам көрген емеспін. Сахнада тұрып байсалды кейіпте байыппен әңгіме айта бастағанда зал сілтідей ұйып тыңдай қалады. Білгірдің аты білгір. Ылдидан салса төске озған, ертеден шапса кешке озған жүйрігіміз қамшы салдыратын емес, желмаяша желдей есіп қоя береді. Мың кісіні ауызына қарата бипаз сөйлейтін Райымбек Сейтметтің өзі Әшағаңның шешендігін мойындағанын өз көзіммен талай көргем. Жалпы, осы екі азаматтың жарасымды достығы, ағалы-інілі өнер тарландарының бірі үшін екіншісі жан беретіндей ілтипатқа толы сыйластығы өнер жолында бірге жүріп бірін-бірі күндейтін кейбір азаматтарға үлгі боларлық-ақ. Мейлі үлкен бол, мейлі кіші бол, талантсың ба, екі аға құшағына алып жүре береді. Екеуі де ел ішінен шыққан тума таланттарға бір көзқараспен, бір ғана ақ ниетпен, бір ғана пәк көңілмен, таза жүрекпен қарайды.

Түркістан театрына жиі бас сұғып тұрамыз. Кезекті бір премьерада алдыңғы орындардың бірінде Әшірбек аға да отыр екен. Екі көзі сахнада, иек қағып қана амандасты. Сезімтал жүрегі әртістердің ойынында, табиғи салмақтылығын сары алтындай сақтаған қалпында аса бір ыждаһаттылықпен зейін қоя тыңдап отыр. Жүзінен көрініп тұр, жұдырықтай жүрегі мазасыз жұлқынады. Сәл көңілі бөлінсе, сол сәтте, сол сағатта бір ғажап әлемнен біржола айырылып қалатындай күйде. Сахнада жанын жеп ойнап жүрген әртіспен бірге күледі, бірге толғанады.

Қызығы артында екен. Спектакль біткен соң театр труппасы залға түсуге жүрексініп, сахна сыртында сенделіп жүр. Бір қарағанда зал толы көреремен аҺілеп-уһілеп, қойылым кейіпкерлерімен бірге қара сорпаға түсіп, ішкі жан дүниелерін ақтара риза кейіпте қол шапалақтап, қошемет көрсетіп отырғандай болған. Әртістер әдемі-ақ ойнады, көрермен де разы. Енді Әшағаң мақтайтын шығар деп отырғанбыз…

Зал босаған соң барлық әртістерді алдына жинап алған сыншымыз – сахна сабазымыз Әшағаң ойқастап былай кетті. Айтқаны дұрыс, дәлелі орынды. Ойпар-ай, қалай дөп тауып жеткізіп отыр? Мұны мен де байқаған едім ғой, бірақ дәл Әшағаңдай жер жебіріне жеткізе айта алмас едім деп біз отырмыз. Өткір сын. Естісең жігерің құм болады. Алайда әртістердің ұнжырғасы түсіп отырған жоқ, айта түссе екен деп ынтығатын сияқты. Тыңдаушы ынтық болған соң сарабдал сыншы да шешіле сөйлейді. «Сынды жаза білу қандай ерлік болсы, сол сынды көтере білудің өзі соншама ерлік» деп сыншының өзі жиі айтатындай, әртістердің зейін қоя ықыласпен тыңдауы сол ұмтылыстың айғағы іспетті. Сыншы-шешен сөйлеп отыр. Біз тыңдаушымыз. Драматургия мен режиссура мәселелері, актерлық ізденіс, сахналық қойылым проблемалары – айтылмаған ештеңе қалмағандай. Бірақ тыңдарман актер қауымы да, режиссер Сая Қасымбек те асығар емес. Рухани ұстаздан бірдеңе алып қалуға ұмтылып, аш көзденіп отыр.

Жалпы, Әшірбек Сығай театр өнері жайлы сөз қозғағанда қанаттанып кетеді екен. Мақсаты – ойлы жасқа ой тастау, мүмкін болса ойландыру, реті келсе айтқанына сендіру.

Байқап жүрміз, Әшірбек Сығай тұлғасы жылдан-жылға іріленіп барады. Ол өнер өлкесінде жүзген алып кеме іспетті. Сол алып кеменің жел кернеген желкенін тік ұстап жүрсек дейміз біздер, артынан ерген өнерпаз інілері. Осындай сәтте Қаратау етегіндегі кішкентай қаладан өсіп-өніп келе жатқан үлкенді-кішілі, талантты-талғамды өнер өрендері Әшірбек Сығайдың кемесінде алыс жағалауға – өнер өлкесіне, парасат пен пайым патшалығына  аттанып бара жатқандай көрінеді.

Бекжігіт Сердәлі,

ҚР мәдениет қайраткері.

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button