Қалам-ЖүрекТаңдаулы

Күләш Ахметованың Мұқағалимен кездесуі

«ШӘЙІ БҰЛЛТАРДАН ШӘЛІ БАЙЛАҒАН АЛМАТЫ»

Алып өтіп сапар-күннен

Өлеңімнің жарқылы.

Асуларға бет алдым мен

Қия жолдар арқылы.

Күләш Ахметова

1966 жылғы мамыр айы. Күләш аудан орталығы Ақкөлде өндірістік тәжірибеде жүрген. Бір мекеменің бас бухгалтері болып істейтін Рая деген құдашасының үйінде еді. Анда-санда аудандық, облыстық басылымдарға мақала, өлең беріп жүргені болмаса қаламгерлер ортасынан ауылы алыс Күләшқа аяқ асты хабар келді. Алматыда өтетін Жазушылар Одағының VІ съезіне осы аймақтағы жас жазушылардың атынан қатыстырылады екен. Күләштің қуанышы қойнына сыймады.

Үстіне бар тапқанын киініп, Күләш делегацияға қосылған. Алматыға келген соң ұйымдастырушылар «Алатау» қонақ қүйіне түсірді.

Бұл Күләштің Алматыны алғаш рет көруі. Қала керемет сұлу екен. Бұталары жасыл жапырақтар жамылған ағаштар қаланы одан сайын  көріктендіре түседі.

Қонақүй бөлмесіне сөмкелерін қойып, орналасқан соң Күләш сыртқа шығып, қала келбетін тамашалап тұрған. Съезге келген жерлес ақын Рафаэль Ниязбеков жанына таяды. Екеуі әңгімелесіп тұр еді, анадайдан дабырлай сөйлеп келе жатқан кісілерді көзі шалды.

– Мұқағали келе жатыр, – деді Рафаэль.

Сөйтті де, тағы бір жазушыларды көрді ме, асығыс басып кете берді.

Мұқағалидың атын естігенде Күләш жалт бұрылды. Бейне тау көшіп келе жатқандай… Бұрын соңды Күләш өзі өлеңін жаттап жүретін Мұқағали Мақатаевты көрген емес. Тіпті, бүгін көрем деп ойлаған да емес.

Ақын қонақ үйдің есігіне қарай басып келеді екен. Жанында бір жігіт бар, иығына фотоаппарат асынып алыпты.

Аң-таң болып қарап тұрған Күләшты көрді де, басқышпен көтеріле бере, кілт тұра қалды:

– Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер,

Қырдың желі мойнымды шарпып жүрер, –

Осылай Мұқағали қолын сермеп тұрып, өлең жолдарын оқыды.

Күләш та қарап қалған жоқ:

Алатаудың арда өскен тентегі ме ең,

Қайырымды құрбының нарқын білер ? –

деп жалғады.

Қуанса балаша мәз болып қуанатын, күлкісімен дүниені толтыратын ақын бұны естігенде рахаттана күліп алды. Расында, күлкісі сәбидің күлкісіндей пәк. Риясыз көңілдің белгісі сияқты.

– Өй, батыр бала, батыр бала, – деп, сүйсіне қараған Мұқағали кідірмеді. Жанында еріп жүрген фотограф жігітке бұрылды да:

– Тарт бізді! – деді.

Күләш түсіне қойды, «суретке түсір» дегені екен. Сірә, жетісулықтар осылай сөйлейтін болса керек.

Осы сәт ақын баспалдақпен бір саты төмен түсті де, тағы өлең оқыды:

Мен аласамын,

аласа болсам да  жарасамын.

Өмір сахнасына алған заңды билетім бар,

Заңды орныма таласамын…

Күләшқа бұл да таныс. «Отыз бесінші көктемім» деген атақты өлеңі.

Екеуі суретке түскен соң, Мұқағали ақын Күләштан сұрады:

– Съезге келдің бе?

– Иә…

Ақын ойланып қалды:

– Өлең жазасың ба?

– Иә, ептеп жазамын.

Байқайды, Мұқағалидің жүзін мұң көлегейлеп өтті. Сірә, қыздың өлең жазатынына өкінген, ақындық жолын таңдағаны үшін жаны ашыған сияқты…

Ақын «Жұлдыз» журналында жұмыс істейді екен. «Өлеңдеріңді тастап кет» деді де, бұрылып жүре берді…

ҰЗАТЫЛУ

Ізімкүл мен Несіпкүлді ерте келген Күләш неке қию рәсімі өткеннен кейін өз міндетіне кірісіп кетті.

Сыр елінде жаңа түскен келіннің қолынан шай ішу, яғни, «келін шайы» салты бар екен. Оның өзі  үлкен бір сынақ. Келіннің тірлікке икемділігі, пейілінің кеңдігі, ұстамдылығы, қимыл-әрекетіндегі жарасымдылығы – бәрі-бәрі осы келін шайы үстінде таразыға салынады. Мұндай сынақтан мүдірмей өткен келінге ауылдың үлкендері ризашылығын білдіріп, батасын береді.

Қалыптасқан дәстүр бойынша ауылдың жас-кәрісі жиналған соң дастарханның төменгі жағына жайғасып, Күләш шәй құя бастаған.

Мұндада шәй құю сахнаға шыққан адамның өнер көрсеткенімен бірдей дүние екен. Сүт құйылған құты, шәйнек, сақырлап қайнап тұрған самаурын -оның сүйемелдейтін аспабы тәрізді.

Ауыл адамдарының әңгімесіне құлақ түре отырып, шәй құйып отырған Күләш алдымен сүт, содан кейін шайдың қызылы, соңынан қайнаған су құйылып, орта белінен қызылкүреңденген кеселерді бірінен кейін бірін ұзатып отырды. Етекте ыздықтала құйылып, ырзықтандырылған кесе қол жалғау әдебі бойынша кісіден кісіге өтітіп отырып, сонау төрден бір-ақ шығып жатыр.

Ибалы кейпінен айнымай  сызылып шәй құйған Күләштің күйі кете бастаған. «Шәйің тәтті екен, жақсы кетіп жатыр», «о, айналайын, келіннің шәйі жақсы екен» деген секілді мақтау айтып, үлкендер кесе ұсынған сайын қадала қараған көздерден қысыла түседі. Үстіне киген халаты да қонымсыздау сияқты. Етегін жапса, иық тұсы тартылып кетеді. Иығын ыңғайласа, етегі көтеріледі. Одан қалса, аяғы үйіп қалғандай болады.

Ақ самаурындағы қайнақ су таусыла  бергенде Күләш енді тұрармын деп ойлаған. Алайда, ақ самаурындағы шәй таусылғанда сары самаурын келе қалды. Қайырбектің Хайролла есімді ағасының үйіндегі Күлән абысыны самаурынды ауыстырып қойып кетті.

Ауыл адамдары асықпай, әңгімелесіп отырып шәй ішкенді жақсы көреді екен. Күләшқа осылай екі сағат тапжылмай шай құюға тура келді. Қазақтың «келінді бастан» дейтініосы болса керек. Келінге алғашқы күннен бастап, өз орнын, өз міндетін ұғындырып қою да халықтың даналығы болар.

* * *

Қайырбектің туыстарының шақыруымен күнбе-күн қонақта болып, елде бір апта жатқан соң студент жастар Алматыға қайтуға жиналды.

Күләш әлі де енесімен ашылып бір әңгімелескісі келіп, жаутаңдаумен жүрген. Қонаққа барғанда сый-сияпат ретінде әрбір үйдегі туыстар неше түрлі орамал, гүлді маталар берген екен. Енді сол заттарды сылтауратып тағы да Фатима ананы әңгімеге тартпақ болды.

– Мама, мына маталарды қалдырып кетейін бе, ­- деді ол әдеттегі жұмсақ үнмен енесіне күлімдей қарап.

Фатима ана тағы да қысқа ғана жауап қатты:

– Иә, тастап кете сал.

Қайырбектің Асқар Кіребаев, Серік Әлімбетов, Келдібай Уәйісов деген ақын достары ықылас-пейілдерін аямай қалаға дейін шығарып салды.

Күн боранды екен. Тереңөзектен Қызылордаға дейін олар мәшинемен келген. Қызылорданың әуежайына жеткендері сол, әлдекімнің гүрілдеген дауыспен өлең оқып тұрғанын естіді. Қарап еді, поэзия әлемінің ақтаңгері Мұқағали ақын екен.

Сыбызғыдай сызылтып азалы үнін,

Өкпек желі соққанда Қазалының,

Тосырқама, енде кет бір үйіне

Қазалының кез келген қазағының…

Жан баласын жатырқамайтын ақынның өлеңдерін бір топ кісі ауыздарын ашып  тыңдап тұр.  Күләш пен Қайырбекті жас ақындар ретінде біраздан бері танитын Мұқағали  қуанып  кеп кең құшағына алды.  Өзі Қазалыдан  қайтып келе жатыр екен.

Ұшаққа отырған соң өлең оқу тоқталып, әңгіме басталды. Күләш пен Қайырбектің отау тіккенін естіген ақын айрықша тебіреніп, тілектестігін білдірді. Сөйтіп, біраз үнсіз отырды да:

– ­Қайырбек! – деді ақын. Күләш қарап еді, тура баяғыдай ақынның жүзін мұң көлегейлеп, әлденеге жаны ауырып тұрғандай екен. Сонда да ол сөзін жалғап отыр. Қабағы түйіңкі: – Сен, қарағым, көп қыздың бірін алып отырған жоқсың. Күләш – ақын. Жанып тұрған ақын. Ендеше жыр тағдыры, өлең тағдыры саған аманат!..

Мына сөзді естігенде Күләш жылап жіберуге шақ қалды.

Алматыға жеткен соң Мұқағали ақын Қайырбекті өзімен бірге үйіне ертіп кеткен. Күләш  жатақханаға түнемекке Ізімкүл мен Несіпкүлге еріп, студенттер қалашығын бетке алды…

***

ЖАРҚЫН ЖЫЛДАР

1976 жылдың 27 наурызы.

Қазақ елі қайғылы хабардан қара жамылды. Суық қайғы. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев ұзақ сырқатынан кейін дүниеден озыпты.

«Ақын өтті дүниеден. Көктемде кетті. Ақынның өмірді қимауы сияқты күн райы да жазылмай, қатты суып тұр еді. Енді бүгін ақша қар да ағыл-тегіл еріп, жер беті біз секілді ағыл-тегіл жылап жатыр.

Жыла, жер! Жыла, жаңбыр! Жыла, көктем! Ақиық ақын дүниеден өткен күні…»

Күләш күнделігіне осылай жазып қойды.

Көз жасымен жазды…

Ертеңінде де қайғырған көңілден оқтын-оқтын жыр жолдары, қара сөз төгіле түсті.

«Әркімнің өз Пушкині бар. Менің Пушкинім бүгін өлді…»

Қырық бес жасында осынша даңққа бөленген ақынға қазақ әдебиеті, қалың қауым, қатал биліктің назар аудармағанына, дер кезінде лайықты бағасын бермегеніне, оны сақтай алмағанына өкінді.

Жазушылар Одағы үйінің екінші қабатында өткен, ақынды жерлеу рәсіміне кісі көп жиналды. Азалы залдағы үнсіздікті Моцарттың жан ұшырған реквиемі теңселтіп тұрғандай.

Қазақ поэзиясының қабырғасын қайыстырып кеткен ақиық ақынын туған халқы  күңіреніп шығарып салды.

Бұл 28 наурыз болатын.

* * *

Мұқағали көз жұмғаннан кейін арада бірнеше күн өткенде Күләш түс көрді.

Жазира дала екен дейді. Алдында бесік тұр. Қызылды-жасыл сырланған, қазақи ою-өрнегі бар, әшекейлі бесік. Күләш сүйсініп, көз ала алмайды. Сәл еңкейіп, ішіне қарайды. Сол сәт құлағына Мұқағали ақынның дауысы келеді: «Енді оны сен тербет!» дейді әлдеқайдан зор үнмен…

Таңертең үлкен әсермен оянған Күләш ойланып отырды.

«Ол бесікті тербете алар ма екенмін?..»

Осыдан кейін ол көрген жерде аяп та, аялап та қарайтын ақын ағасының аманатына адал болуға, Алла берген өнерді өмір бойы қастерлеп өтуге шын бекінді.

НӘЗИРА БАЙЫРБЕК

 

Осы айдарда

Back to top button