Алаш тағылымыТаңдаулы

МӘСКЕУДЕН ТАБЫЛҒАН ҚАЗЫНА

Жыр құлагері аяулы Ілияс ағаның, Ілияс Жансүгірұлының өмір жолына, әдеби-шығармашылық қызметіне қатысты мәліметтер жинау мақсатымен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қолдаған, Қазақстан Халқы Ассамблеясының Алматы облыстық өкілдігі ұйымдастырған халықаралық “Ілияс ізімен” ғылыми-танымдық экспедиция аясында Мәскеу қаласына бір топ ғалым, журналист келгенбіз.

Асылында, Ілияс Жансүгірұлы ұлттық әдебиетіміздің өрісін кеңейткен, мазмұнын байытқан, поэзияға формалық-стильдік жаңалық кіргізген, әдебиеттің барлық жанрында өнімді еңбек еткен сан қырлы талант. Уақыт алға жылжыған сайын ілиястанудың ғылым ретіндегі жаңа парақтары ашылып, әдебиет алыбының тұлғасы кемелденіп, өмір жолының құпиясы мол тұстары ашылып келеді. Осы экспедиция барысында да осыған көзіміз анық жетті. Саналы ғұмырында көп жазып, көп еңбектенген қайраткер қаламгердің көзінің тірісінде қырықтан астам кітабы шықты деген дерек барын білетін едік. Бірақ та сол қырық кітаптың біразының атын естігеніміз болмаса, түсін, түрін көрген емеспіз. Қазақстанның қай қиырынан іздесе де табылмаған кітаптар соңғы үміттің гүлі еді. “Үміт соңынан өледі” дегендей Мәскеудің қоймалары мен шаң басқан архивтерінде “бар шығар”, “болуы мүмкін” деген сенімді-үміт бұл ойымызды алдамапты. Сонымен, Мәскеудің Мемлекеттік кітапханасының сирек қолжазбалар мен кітаптар бөлімінде Ілияс атамыздың он сегіз кітабы сақталған. Сол баспадан шыққан күйінде. Жаңа әрі ақшақардай тап-таза. Міне, бақыт! Міне, жаңалық!

Ілияс Жансүгірұлы 1937 жылдың 10 тамызында НКВД-ның шешімімен қамау алынады. Дәл сол күні Қазақстан Орталық комитетінің басшылығы ақынның шығармаларын жариялауға, насихаттауға тыйым салу туралы қаулы шығарады. Қасіретті қаулыға қол қойылған сәттен бастап-ақ дала мінезді ақынның кітаптары туралып, кітапхана сөрелерінде тұрғандары өртеліп, мерзімді басылымға шыққандары қиылып кетеді. Содан кейін Қазақстанда Ілиястың 1926 – 1937 жылдар аралығында жарық көрген кітаптары мен түрлі газет, журналға шыққан мақалалары, фельетондары, сатиралық шығармалары сақталмаған-ды.

1957 жылдың 12 сәуірінде ақынды “халық жауы” атандырған қызыл үкімет Ілекеңе тағылған барлық саяси айыптарды ақтайды. Ақынның толық ақталғандығы туралы шешім шыққан соң туған жұртына өшкен есімі оралып, жариялануға тыйым салынған шығармалары қайта басылып, оқырман қолына жеткен. Десе де ақынның құрастырған әдеби кітаптары, ертеректе жазған өлеңдері мен әзіл-ысқақтық мұралары қалтарыста қалған. 125 жылдық мерейтойы аясында сол із-түссіз кеткен кітаптарды іздестіруге шыққанымызда, ұзақ уақыт аңсап күткен асыл қазына алдымыздан шығып тұр емес пе! Ақ таң атып, қуанышты сәт орнады деген осы.

Мәскеудің бір қиырындағы шағын ғана Химки қалашығының күңгірт тартқан кітапханасының қорынан ақын атамыздың төте жазу, латын графикасымен басылған “Жаңқа” (1927, Қызылорда”), “Жаңа туған” (1933, Алматы), “Жаңа жыр” (1930, Алматы), “Құл” (1934, Қызылорда), “Сықақ” (1929, Қызылорда) сияқты бес кітабы табылды. Осы күнге дейін бұл кітаптардың тек атауларын естіп келгенімізбен, қандай кітап екенін, мазмұны мен сипаты қалай екенін білмеген едік. Оқырманға беймәлім, ғылыми ортаға жаңалық болған бұл кітаптар – ілиястану ғылымы үшін жаңа серпін, тарихи тамыры терең қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа. Қазақстанда өртеліп, құрдымға кеткен қазына шовинистік биліктің орталығы болған Мәскеудің бас кітапханасының сөресінде ұзақ жылдар бойы сақталып келгеніне қайран қаласың. Қайран қалмасқа шараң да жоқ. Өз Отанымызда өртелген қазына-мұра сол бәз баяғы қалпында сақталып тұр емес пе. Осындай сәтте 1921 – 1953 жылдардағы қазақтың саяси элитасының сатқын болғандығын еріксіз мойындайсың. Бірінің үстінен бірі донос жазып, бірін-бірі айдатқан қазақтың түбіне жеткен сол – алауыздық екен. Архив қопарып, тарихи құжаттармен жіті танысып жүргендер бұл сөзімді растайды деп сенеміз.

Мәскеу кітапханасының қорында бұдан бөлек ақынның “Беташар” (1927), “Дала” (1932), “Дала” (1936), “І. Жансүгіров. Шығармалары” (1958), “Жастарға” (1959), “Күйші” (1935), “І. Жансүгіров поэмалары. Х класс үшін кластан тыс оқуға арналған кітап” (1972), “Құлагер” (1974) сияқты да кітаптары бар екен. Мәселен, осы кітаптардың ішіндегі “Беташар” (1927), “Дала” (1932), үшінші рет басылған, автордың қайта толықтыруымен жарияланған “Дала” (1936) жинақтарының жөні бөлек. Ақынның көзінің тірісінде шыққан және тақырыптық, формалық, поэтикалық тұрғыдан өскен, кемелдеген ақындық қуаты байқалған кітаптар болып тұр.

Мәскеуге жолға шығарар алдында ғалымдар бір-бірімізге хабарласып, жоспар жасап алған едік. Сол жоспардың пайдасын көріп отырмыз. Ілияс оқыған ГИЖ (Мемлекеттік Журналистика институты) ғимаратын іздеп, қазіргі М. Ломоносов атындағы ММУ-нің Журналистика факультетіне бара жатқан жолымыздың алдынан Мемлекеттік кітапханасының Шығыс халықтары әдебиеті бөлімі шыға келмесі бар ма?! “Іздегенге – сұраған” деп кітапханаға кіріп, қорымен танысуға рұқсат алдық. Каталог қарап отырған сәтте профессор Мұратхан Иманғазиновтың “Мынаны қараңдар!” деген қуанышты дауысы естілді. Бәріміз оны қаумалай қоршап алып, қолындағы деректерге қарасақ, он сегіз кітап тізімі тұр! Сөйтіп, кітапхананың бас корпусынан оқырман билетін аштырып, Химкиге тарттық. Химкидегі кітапхана бөлімінің жаны жайсаң кітапханашылары туған бір бауыр, туыстарын көргендей елпілдеп жүгіріп, сұрағанымызды алдымызға қойып отырды. Осылай қолымызға тарих қойнауына кіріп кеткен, Қазақстанда “жоқ, өшкен, өртелген” саналатын  кітаптар түсіп отыр. Аштық. Парақтадық. Оқыдық. Сүйсіндік. Қуандық. Басымыздан сол сәттің өзінде-ақ қаншама эмоция өтті десеңізші!

Ақынның “Құл” деген кітабына Жетісудың Қапал, Ақсу, Сарқан өңіріндегі өмір сүрген сөз зергерлері, ескі заманның шешендері туралы жазылған естеліктері, ойлы да, ұтқыр сөздер енген екен. Ал “Сықақ” Ілияс құрастырған сол заманның қуақы, әзіл сөздері кірсе, “Жаңқа”, “Жаңа жыр”, “Жаңа туған” жинақтарына автордың мазмұны да, идеясы да бөлек жырлары еніпті. Елімізге аман-есен жеткен соң, бұл кітаптардың әрқайсысын қазіргі әліпбиге аударып, жеке-жеке  түсінік беріп, сипаттама жазып, оқырман назарына ұсынатын боламыз.

Осы сапар барысында бізге көп көмектескен Т. Белоусова, Н. Леонтьева, Е. Лебедева, Л.Марина, Г.Тимофеенко, Л.Петрова, Е.Чибисова сынды кітапхана қызметкерлеріне айрықша алғыс білдіреміз. Ал, осындай рухани байлықты табуымыз үшін игілікті экспедицияны ұйымдастырған, қаржылай қолдаған Алматы облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайұлына, «Достық үйі» мекемесінің директоры Тәңірберген Қасымберкебаевқа, Талдықорған қалалық Мәслихатының депутаты Руслан Валишановқа және керекті құжаттарымызды дайындап көмектескен Сәуле есімді қос әпкемізге ғылыми топ атынан басымызды иіп, ықыластық көңіл білдіреміз. Заманында Ілияс атамыз «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!» деген екен.

Қазір Петербор қаласына келдік. Ілиястың ең сүйікті қаласы болған, 1934 – 1935 жылдары отбасымен бірге демалуға, саяхаттауға келген жері, жақын досы, орыстың үлкен ақыны Всеволод Рождественскиймен кездесіп, шығармаларын орыс тіліне аударту мәселесін талқылаған жері ретінде әрі осы топыраққа табаны тигені үшін де қадірлі, қасиетті шаһар. Бұл қаладан да өзімізге тиесілі тарих олжасын алып, қоржынымызды толтырып қайтамыз деген сеніміміз мол…

 

 

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

«Ілияс ізімен» экспедициясының мүшесі,

Петербор қаласы

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button