ГүлжазымТаңдаулы

САРАСӨЗДІҢ САҢЛАҒЫ

Сын классигі

Қойнауы аффоризмге толы «Сарасөз» кітабы қолыма тигелі тәтті ойларды құшағыма қысып ұйықтайтынды шығардым. Тағдырым сөз өнерімен тікелей байланысты болғандықтан үнемі ізденісте, оқу үстінде, ой үстінде жүретінім табиғи заңдылық секілді. Сол бір ойлы күндердің бірінде рухани әкем, қазақ әдебиетінің сын классигі Құлбек Ергөбектің «Сарасөз» кітабы қолыма тиді. Емделіп жүргенімнен хабардар болған әкей көңіліңді сұрап барғаным болсын деп ұсынды. «Гүлжаз қызыма! Ауырма, ауырма, ауырма! Өмірді құлай сүй, құлшына өмір сүр! Шаршама, болдырма! Жастық жігер, Алла берген талап Сені шың басына, бақыт биігіне жетелесін!» Ізгі тілек, ағалық жүректен, автор Қ.Е. 8.07.2016ж. Түркістан. Кітапты беріп жатып: «Осыған дейін алпыс кітап жазсам, соның ішіндегі ең тәуірі» деп қызықтырып қойды. Екі бөлімнен тұратын кітап өзіне бірден баурап ала жөнелді. «Сын ғұмыр» – әдебиеттанушы, сыншы ғалымдар портреті, «Сын тұғыр» – әдебиеттану, сын жанры проблемалары.
1970 жылы бозбала алып шаһар Алматыға оқуға келген күнінен бүгінгі күніне дейінгі шығармашылық процессін суреттейді. Әсіресе ұстазы профессор Бейсембай Кенжебайұлының ұлы істерін рухани ерлікке балап, тәппіштеп жазуы тәнті етті. «Егер де дарынды шәкірт көрсе тағатынан айырылатын, талапты жанды мәпелеп баулудан ерінбей-жалықпайтын жібек жанды, жұпар жүректі ұлы ұстаз Бейсекеңнің қамқорлығын, шикілі-пісілі бір мақала жазып, ол радиодан оқылса, мұны әдебиетке жатқызуға болса, онда мен әдебиетке міне осылай келген едім. Бұл – менің әдебиеттегі тырнақалдым! Алғашқы адымым» деп әкей ағынан жарылады. Автор өзінің әдебиетке, әдеби сынға келуін, тұлғаға айналғанын рет-ретімен суреттей білген. Кітап оқымайтын бүгінгі ұрпаққа көркем шығармадан бұрын әдеби сын кітапты оқу неге керек деп ойлауыңыз бек мүмкін.

Жауап, егер Сарасөзді оқымасам, «Абай жолы» романының жарыққа қалай шыққанын, Шәкәрімнің хикаясын, Едіге батырдың жырын, Сұлтанмахмұттың сорын, «Дала уәлаятының газеті» жарыққа қалай шыққанын, «Күншығыс халықтары кіндік баспасын» Нәзір Төреқұлов қалай басқарғанын, ояну дәуірінің әдебиетін, әдебиетіне адал қызмет еткен арыстарымыздың ерліктерін, тіпті, ғалым Б.Кенжебайұлы жасаған қазақ әдебиеті тарихының қалыптасқан жүйесін, 1965 жылдан бастап осы жүйе бойынша жоғары оқу орындары оқитынын білер ме едім… Профессор Б.Кенжебайұлының ерліктерін кеңінен әсерлі жазған Ергөбектің ерлігін мойындамасқа болмайды. Әсіресе біздің буын оқымысты буын емес. Осындай аласапыран сәтте әдебиет тарихын зерттеу мектебінің негізін салушы Б.Кенжебайұлының еңбектерін іздеп, бірін қалмай оқуға ынтызарлықты оятты…

Көрнекті қазақ балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиевтің өсиеті сөз өнерінде жүрген қай-қайсымызға да есте сақтарлық дүние. Оны біздерге аманат етіп жеткізген авторға алғыс! «Баяғыда бір қанішер хан болыпты. Сол хан тарихта атын қалдыру мақсатында бір жылнамашы ұстапты. Хан жорықта, жылнамашы қасында. Жойқын соғыс, төгілген қан, шыққан жан дегендей. Күндердің күнінде жылнамашыны шақырыпты: «талай жортуыл жорықтарды өттік. Қане сен тарихқа кіретін не жаздың?» – деп сұрапты. Сөйтсе жылнамашы дәптері толы «қанішер хан ана елді жаулады», «мынадай кісілерді өлтірді» – деген сыңайдағы тізбелер екен. ханның көңілі толмапты:

-Мұның не, мені сонша қанқұмар қылып көрсеткенің? – деді тікіленіп. Сонда жылнамашы:

-Сіз тек көзіңмен көрген шындықты ғана жаз демеп пе едіңіз?-дейді. Хан тұрып сонда: -Керекті шындық бар, керексіз шындық бар. Бұл – бір. Екіншіден, мәселе – шындықты айтуда ғана емес, қалай айтуда. Осыны жадыңа тұт деген екен»…
Сөзімнің басында айтқанымдай Сарасөзді оқып отырып әр сөзі мірдің оғындай, аффоризмге бергісіз екен деп, бас шайқап өзімнің қойын кітапшама түртумен болдым. Кенет он төртінші рухани ерлікте Б.Кенжебайұлының күнделігін көне заман философтарында жиі кездесетін «Корманный оракул» (Ақыл қалта), Мәшһүр Жүсіптің «Месі» іспетті деп бағалапты шәкірті Құлбек Ергөбек. «Алма өзінің ағашынан алысқа түспейтінін» аңғартты. Ғалымның «Сарасөзі» де осыны меңзейді. Демек, Сарасөз бүгінгі күннің ақыл қалтасы деуге толық негіз бар. Бірнешеуін назарларыңызға ұсынсам артық болмас:

«Ілім-білімін бірінің үстінен бірі арыз жазуға, ақыл-айласын қандасын құлатуға жұмсаған, қыранын тұмшалап, тұғырда ұстап, қарғасын қарқылдатқан қайран қазақтың қара мінезі»;

«Ерлік айқаймен жасалмас. Қарсылықтың бәрі қолға шоқпар ұстау емес. Ерлік – естелік, білімділік. Ерлік – желбуаз қызыл сөз емес, нақты іс-әрекет»;

«Адам баласы өзі біреуден жақсылық көрмесе өзі біреуге жақсылықты қайдан жасасын»;

«Асылында жақсылық, қайырымдылық – адам табиғатынан туындайтын тума қасиет. Әйтпесе, өзі жұрттан жақсылық көруден жалықпайтын, бірақ өзгеге сынық сүйем жақсылық жасамайтын, жасай қалғанда өз ауыл-үйі, жерлестерінен аспайтын, соның өзіне дардай болып жүретін пақырлар, аз ба арамызда? Көп қой, көп! Көп ондайлар! Ол да бір табиғат!»;

«Ойыңды күдікке алдырсаң, бойыңды кірге шалдырасың. Адам табиғаты әралуан. Әсіресе, соңғы кездері адам жаны кісі айтқысыз қасаң тартып кетті-ау. Сондықтан ойды жақсылыққа жеңдіріп жүрейік те, асылы. Қолдан келсе қазақтың баласын алаламай, бөлмей қайырым жасағанға не жетсін?!»;

«Төрде отырғанда кейін келген кісіге артық сәлем бергеніңмен орныңды берме» т.б.

Бір сөзбен айтқанда «Сарасөз» кітабын оқымаған адамның жарты ғұмыры зая кетті дей беріңіз…
Сайыпқыран сыншының «Өлеңсөз», «Дарасөз», «Қарасөз» кітаптары да Сарасөзден бір кем емес… Соңғы жылдары жазушының өнімді еңбек еткенінің айғағы!

ЖАҚСЫ ДӘСТҮРДЕН КӨЗ ЖАЗЫП ҚАЛДЫҚ ПА?
Кітаптың тағы бір тебірентерлік тұсы ұстазы Тұрсынбек Кәкішевтен көрген жақсылығы туралы ерекше толғанады. Құлекеңнің өз сөзі: «Сонау жетпісінші жылдары әрбір редакцияда әдебиетке, журналистикаға жас талапкер алып келу, тұсауын кесу – жақсы дәстүр еді! Сонау жетпісінші жылдары әрбір студентінен болашақ ғалым, ақын, жазушы көру – әрбір ұстаздың бұлжымас дағдысы еді. «Қандай көгенкөздің көзін аштың?» – деп журналистер бір-бірінен сұраушы еді. Қазір қандай екен, сірә? Тұрымтай тұсымен болып кетпеді ме екен? Жақсы дәстүрден көз жазып қалып жүрген жоқпыз ба абайсызда?…» Әрине, бүгінгі таңдағы қоғамның жүрек ауыртар тұсын, бүлкілін дөп бастыңыз! Көгенкөздер қағажу көріп, кімді жағаларын, нені місе тұтарын білмей жүр…
Өз замандастарынан оқ бойы озық тұрған Құлбек Сәрсенұлы түрік халықтарының рухани астанасы Түркістаннан «Бейсембай Кенжебайұлының Түріктану музейін», «Түрік тілдес халықтар кітапханасын», «Түрік халықтары өнер галереясын» ашты. Құлекеңнің өз сөзі: «Түркістанда Бейсекеңнің туркологиялық музейін ашып жатқан ұрымтал тұста шәкірттері жарықтықтың кезінде жәрдем болар деп берген кітаптарын қайтарар… Адал сүт емген азаматтар еді ғой» деген базынасын осындай оралымды тұста жеткізе отырайын… Күллі түрік дүниясына ортақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті студенттерінің бағына орай мәдени ошақтар қалтқысыз қызмет көрсетуде. Атына заты сай Құлбек әкей үлкендерге құлдай қызмет етіп, жасы кішілерге бек болып өз өңірінде мектеп қалыптастырып үлгерді.
«Сарасөз» кітабын оқудың алдында азды-көпті тәжірибеге сүйеніп журнал ашсам деген ойда жүр едім. Алайда журналға есім беру қатты толғантты. Кітапты оқығаннан кейін әсерінен айыға алмай жүрген күндердің күнінде Ұлық Алла санама ізгі ой салып тілім «Сарасөз» деп ұрандады. Ендігі мәселе ұлықсат сұрау керек!.. Құлбек Сәрсенұлы оңайлықпен келісім бермеді. Кітабының атында журнал шыққаны қуантатынын, алайда тағдыры қалай болады деп, ойланатынын айтты. Ұстаздың сөзі мойнымдағы жауапкершілікті еселеп жіберді… Арада 90 күн өткенде ғана келісім берді. 6 желтоқсан, 2016 жыл мен үшін тарихи күн! «Сарасөз – көне Үйсін мемлекетінің Күнби хандығынан тартып, күллі түрік халқының тарихын, кешегісі ғана емес, бүгінін, ертеңін жырлайтын, шежіредей сөйлететін әділ басылым болсын!» деп батасын берді. Міне, содан бері тынбай еңбек етіп келеміз. «Сарасөз» кітабының осылайша «Сарасөз» журналы ретінде екінші ғұмыры басталып та кетті… Міне, журналымыздың жарық көргеніне де 3 жыл толды. Баянды болғай!
Кездікті уақытында қадірлемей, жоғалтып алып, сабы алтын еді деп өкініп жазылып жатқан мақалалар қазір көп. Классиктің көзі тірісінде қадіріне жету мендегі міндеттің бірі. Ергөбек қалыптастырған мектептің белді өкілі болашаққа асыл сөз аманатты арқалап аттанды. Ақ жол тілеңіз, ағайын!

Гүлжаз ҚАРЫБЕК,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Түркістан.

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button