ТаңдаулыТүркі жұртында

ТҮРКІ ТОПЫРАҒЫНЫҢ ТӘЛІМ ТӨРІ

ӨНЕР-БІЛІМ БАР ЖҰРТТАР…

«Өнер-білім бар жұрттар

Тастан сарай салғызды.

Айшылық алыс жерлерден,

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды…»

Ыбырай АЛТЫНСАРЫ.

 

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, академик Болатбек Серікбайұлы АБДРАСИЛОВ пен республикалық «САРАСӨЗ» журналы редакторының сыр-сұқбаты.

 

– Болатбек Серікбайұлы, күллі адамзат бүгінгі таңда дамудың жаңа жол, тың сүрлеулерін ынтыға іздестіру үстінде. Небәрі ондаған жылдардың ішінде күн құрғатпай, біреулер қуана, біреулер жабырқай қабылдаған «жаһандану» үрдісі жайлы, бүгінгі күні, тіпті, ұмытқан сыңайдамыз. Өйткені, технологиялық жаңғыру қарышты қадамдап, ілесуге қауқарсыз халге жеттік. Бұл ұлтымыз үшін қажетті ме, әлде, қауіпті ме?

– Қандай құбылыстың да әралуан қыры болады, әдетте, «медальдың екі жағы бар» деп жатамыз. Сондықтан, сөз жоқ, тұтас адамзат дамуының еркі мен екпінінен кенжелеп қалуға болмайды және қалыс қалғанымыз жоқ. Екінші қырынан қарасақ, әрбір ұлттың қадірі мен қасиеті – өзіндік үні мен тілінде, тамыры мен тарихында, болмыс-бітімінде, білім-ғылымында, әдет-ғұрпында, әдебиеті мен мәдениетінде. Біреулер «батыстың қалыптарын сол қалтқысыз қалпында көшіріп алайық» десе, оңбай қателеседі. Бізге батыс та, шығыс та жат болмай, жыртығымызды жамауға жараса, өзіндік түр-тұлғамыз бен қажыр-киеміз бізді ешкімнің шаңында қалдырмайды. Нанотехнололгиялық жаңғыру мен жаңарудың алдыңғы қатар, алғашқы сапында көріну үшін еліміздің білімі мен ғылымы бірінші міндет болуға тиіс. Қазақ тәлімі мен тәрбиесінің атасы Ыбырай АЛТЫНСАРЫ:

«Аты жоқ құр арбаны,

Мың шақырым жерлерге,

Күн жарымда барғызды.

Адамды құстай ұшырды,

Мал істейтін жұмысты,

От пен суға түсірді,

Отынсыз тамақ пісірді,

Сусыздан сусын ішірді.

Теңізде жүзді балықтай,

Дүниені кезді жалықпай,

Білгендерге осылар,

Бәрі-дағы анықтай,

Білмегенде танықтай,

Біз де бекер жатпалық,

Осыларға таныспай…» – дейді.

– Тізгіні қолыңызға тигеніне бір жарым жылға жақындаған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің нақты қал-қауқарын білсек…

– Күллі түркі ағайын тәу еткен Түркістан қаласында Халықаралық мәртебедегі іргелі білім ошағының от жағуы – мейлінше маңызды шешім, аса қажетті қадам болды. 1992 жылы Қазақ елінің басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен және сол кездегі Түркияның Премьер-министрі С.Демирелдің қолдауымен халықаралық келісім арқылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті құрылды. Екі бауырлас елдің басшыларының Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін түркі әлемнің рухани астанасы Түркістанда құруы – тарихи оқиға, саяси кемеңгерлік, аталарға тағзым деп бағалауға болады. Менің ойымша, ордалы оқу ордамыз – қазақ және бауырлас түрік халқының шынайы достығының символы болып табылады.

Түркі әлемі бірлігінің келешек негізін салатын жастардың мерейі әрқашан биік. Түркі баласының бір жерде, бірге жүріп, қоян-қолтық аралас-құралас ынтымақта ортақ мақсат, маңызды мүддеге жұмылуы – туыс жұрттардың арасындағы аса қымбат алтын көпір.

 

– Алтын көпірдегі бүгінгі аяқалыстың айқын адымы қалай?

Сылдыр сөз, құрғақ деректерді тізбектеп, мақтап-сақтану мақсат емес шығар, өте өзекті мәселе мамандардың жетіспеушілігі мен біліктілік талаптың деңгейі туралы айтқым келеді. Ең алдымен, қазіргідей өркениет қарыштап дамыған қауырт күндері біздің түлектеріміздің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы үшін, біздер студенттерге тек білім беріп қана қоймай, сонымен қатар, кәсіби қарым-қатынас дағдысын, шығармашылық ойлау қабілетін, сыни ойлау дәрежесін арттырып, шешім қабылдауға және өзін-өзі дамытуға үйретуіміз керек.

Бұл мүддеге селбесіп шығатын міндет: біздің университеттерге жоғары білікті мамандарды тарту үшін жалақы деңгейін көтеру қажет. Бұл мәселені шешіміне білім беру гранттарының санын сұранысқа сай нақтылап, құнын арттыру арқылы қол жеткізуге болады.

Мұның өзі түйіні жоқ, тығырыққа тірелген тірлік емес. Мысалы, гранттарды бөлудің қазіргі үлгісі бойынша, абитуриентке белгілі бір университетті таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Ал, грант иегерлерінің көпшілігі Нұр-Сұлтан және Алматыда орналасқан университеттерді таңдайды. Алайда, бұл университеттер барлық талапкердің оқуға қабылдануын қамтамасыз ете алмайды. ҚРБҒМ грант бөлу жүйесінде университет қабылдай алатын студенттердің санын ескере отырып, грант иегерлерін қабылдау жүйесін өзгертсе дейміз.

Тағы бір барлық университетте орын алатын жағдай – жаңа толқынның ескі буынды алмастыруы. Босаған жұмыс орындарын дер кезінде тәжірбиелі, ғылыми атағы және дәрежесі бар мамандармен толықтыра алмайды. Сонымен қатар, егер еліміздегі білім беру бағдарламалары мазмұнының заманауи талаптарға сай келуін жіті реттесек, біздің университетіміздегі кадр дайындаудың сапасын арттыруға да қол жеткізуге бір қадам жылжыған болар едік.

 

– Шындықты жасырмай, өтірікті көпіртпей, тура сөз, тоғаулы ойыңызды ашық айтқаныңызға рахмет. Көкейдегі келесі көмбе сауалымыз: ұстаздық сапасы мен шәкірттің ынтасын үйлестіруге әріптес ел – Түркияның қолғабыс-көмегі қандай дәрежеде?

– Түркияның қазақ еліне деген құрметі ерекше. Меніңше, түркі достарымыз ештеңеден аянып жатқан жоқ. Тіпті, былтыр Елбасымыз негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кКеңес басқармасы ұлы дала ұлағатын ұлықтаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты маңызды мақаланы талқылап, Анкарада  тағылымды жиын ұйымдастырды. Бір жарым жыл бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлама-мақаласының заңды жалғасы ретінде жарияланған мақала – тарихи сананы дүр сілкіндірді.

Анкара қаласындағы ілгері оқу орындарының профессорлары мен студент жастары жиналған алқалы жиында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор Мұса Йылдыз: «Қазақ Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына қандай үлес қоса аламыз, қандай жобаларды жүзеге асыруға болатындығын кеңінен қарастырып, жоғарғы оқу орнымыз екі жылда бір рет Түркология конгресін тұрақты түрде ұйымдастырады. Елбасының бастамасына сәйкес, бұл шараны жетілдіріп, конгресті Астана қаласында ұйымдастыруды көздеп отырмыз және «Архив-2025» жобасы бойынша университет кадрлары айрықша еңбек жасайтын болады» – деді.

Расында, біздің докторанттарымыз ғылыми зерттеу жұмыстарының тақырыптары мен мазмұндарын жұртымыздың жаңғырықты тарихына жақындатуға тиіс. Өйткені, Елбасымыз елеулі еңбегінде қазақ халқының өткен өскелең жолдарын жандандырып, терең тарихқа үңілген даңғылға батыл сілтеме жасайды. Мұндай бағдарламаны Түрік елі 1930 жылдары жүзеге асырған. Бұл – ұлтымыздың болашағы үшін аса маңызды. Дәргейлі дүниедегі түркологтардың әлемдік конгресін шақыру идеясы мен «Архив-2025» бағдарламасы – тұтас түркіні қамтитын ұсыныс-жобалар болғандықтан, көптің көкейіне қонған бастамалар болды.

«Тура биде – туған жоқ» демекші, турасын айтқанда, біздің білім ордамызды және еліміздегі жоғарғы оқу орындарын  әлемдік деңгейге көтеруге мұрсат бермейтін кедергілер аз емес. Негізгі жүйелік себеп-салдарлардың бастысы – университеттерді қаржыландырудың төмен деңгейі. Бізде материалдық-техникалық базаны, оқу зертханаларын және инфрақұрылымды дамытуға мемлекет тарапынан бөлінетін мақсатты қаржы жоқ.

Әлбетте, ғимараттарды, құрылыстарды, жатақханаларды күтіп ұстау – толассыз қаржылық шығындарды талап етеді. Оның үстіне, оқу-зертханалық жабдықтар да үнемі жаңартылып тұруы керек.

Университеттердің бюджеті – студенттердің мемлекеттік грантынан және ақылы негіздегі оқудан түскен қаражат есебінен қалыптасады. Салыстарып көрсеңіз, біздің университеттердің жылдық бюджеті – шетелдік университеттерден әлдеқайда төмен, еселеп аз.

Университеттер бюджетінің шамамен басым бөлігі еңбекақы төлеуге жұмсалатынына қарамастан, оқытушылардың орташа жалақысы басқа елдермен салыстырғанда жетімсіз. Нәтижесінде, жалақының төмендігі – отандық та, шетелдік те жоғары білікті оқытушыларды біздің университеттерде жұмыс жасауға ынталандырмайды.

default

– Дүниежүзілік үрдіске оңтайландырып, біздің ЖОО-ында қайбір жылдары білім алумен қатар, ғылыммен айналысуды да жолға қоюға әрекет басталып еді…

– Ниет бар, бастама бар, ұсыныс бар, бірақ, аяқтан тұрып, атайлап шабуға қауқар жоқ: ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландыру деңгейі болмашы. Университеттердің тек ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсайтын қаржылық ресурстарының үлесі: жалпы бюджеттің 1-5% шамасында ғана. Бұл – мейлінше төмен көрсеткіш, теңізге тамған тамшыдай…

Белгілі білім саласының сарапшысы Роналд Барнетт университеттерді келесі сипаттар бойынша топтастырады: университет 1.0 – білім беретін, университет 2.0 – білім беретін және ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізетін, университет 3.0 – білім беру, ғылыми зерттеу және инновацияны өндіріске жеткізетін университет. Ал, жаңа буындағы 4.0 университетінің қызметі – білім беру, ғылыми-зерттеу, зерттеу нәтижелерін коммерциализациялау және қоғам мәселелерінің шешімін табу. Дүниежүзіндегі жетекші университеттерді 4.0 класына жатқызуға болады.

Қазір Қазақстанда әртүрлі меншік нысанындағы 131 жоғары оқу орындарының басым көпшілігі, біздің ойымызша,  2.0 класына тиесілі, ал, 3.0 класына жататындары – санаулы ғана.

QS рейтингі тізіміне енетін біздің 10 университетіміздің көбі, өкінішке қарай, соңғы үш жылда өз бағыт-бағдарлары мен күш-қуаттарын әлсіретіп алды. Сондықтан, халықаралық рейтингтердегі отандық университеттердің алатын орны да көңіл толарлық емес.

 

– Мемлекеттің дамуы мен ұлттың әлемдік бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін негізгі ұстанымның бірі – білім беру сапасы мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының деңгейі…

– Әрине, ауызды құр шөппен сүртіп, «елдің етегінде келе жатырмыз» деп еңсе түсіруге болмайды. Қазіргі таңда әлемнің барлық елдері университеттерінде дамыту мен кадр даярлау жүйесін жетілдіру мәселелерін мықтап қолға алып, белсене айналысуда.

Шекараның арғы жағынан алатын жаңалықтар мен жетістіктер аз емес. 2017 жылы туысқан Түркия үкіметі университеттердегі инновациялық ғылымды дамыту мақсатында 11 жетекші университетті қолдау жобасын бастады. Санаулы жылдар ішінде Түркия университеттері айтарлықтай жетістіктерге жеткенін байқауға болады.

2013 жылдан бері Ресейде әлемдік деңгейдегі университеттерді құру бойынша жоба сәтті жүзеге асырылып, олардың университеттері әлемдік рейтингтерде тұрақты өсім көрсетіп отыр.

Қытайда 1995 жылдан бастап университеттерді дамыту бойынша бірқатар жоба іске асырылып, соңғы 10 жыл ішінде университеттері әлемдегі ең үздік рейтингтерде алғашқы орындарға суырылып шықты. Мысалы, QS рейтингі бойынша 10 жыл бұрын 100 үздік қатарында 2 университет болса, биылғы жылы 6 оқу орнына жетті.

 

– Еркін еліміздің екінші басшысы өзінің халыққа тұңғыш Жолдауында «Қуатты өңір – қуатты ел» ұранын көтеріп, өңірлерді дамытуға айрықша көңіл бөлу қажеттігін меңзеді.

– Иә, мемлекет басшысы осы жылдың шілде айында 20 озық жоғары оқу орны құрылатындығы туралы жариялады. Осы орайда, біздің жоғары оқу орындарымыз аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаруы керек. Алдымен, университеттеріміз – экономика мен әлеуметтік салалардың барлығы үшін кадр даярлайтын негізгі орта. Сосын, университетте жасалған ғылым мен инновация аймақтың инновациялық әлеуетін арттырады.

Менің ойымша, университеттер ғылым мен білімді дамыту орталықтары ғана емес, сонымен қатар, жаңа идеялар пайда болатын және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешетін интеллектуалды орталықтарға айналуы керек. Ендеше, күшті аймақтарды қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі – өңірлерде мықты университеттер құру.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің басшылығы тарапынан өңірдегі ғылыми әлеуетті дамыту бағытында бірқатар іс-шаралар атқарылды. 2018 оқу жылында магистратура, докторантура, резидентура контингенті 30 пайызға арттырылды. Докторантураға қабылдау екі есеге, магистратураға 1,5 есе артты.

Отандық озық ғылыми зерттеу орталықтары мен институтарымен меморандумдар және келісімдер түзілді.

Кентау Трансформатор заводымен энергетика, ақпараттық технология және киберқауіпсіздік салалары бойынша ортақ технопарк құру мәселесінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл бағытта қазіргі уақытта орналасу жері белгіленіп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Университеттің 2 жас ғалымы Халықаралық ірі компания болып табылатын Scopus (ELSEVIER) тарапынан ұйымдастырылған Орталық Азия үшін Scopus Award-2018 байқауында «Best Researcher in Humanities» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бұған қоса, «Bilig» ғылыми журналының Clarivate Analytics және Scopus секілді алдынғы қатарлы әлемдік ғылыми мәліметтер қорында индекстелуі, «ХҚТУ хабаршысы» журналының ҚР БҒМ тарапынан ұсынылған журналдар тізіміне енгізілуі – айтарлықтай жетістік болып табылады.

Университет ғалымдарының ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесін коммерцияландыру бойынша Ғылым қорының 3 жылдық мерзімге арналған жалпы құны 745 млн., теңгені құрайтын 4 грантын жеңіп алуы – өңір үшін маңызды құбылыс.

default

– Бұл бағытта биылдың өзінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тікелей түрткі, баянды бастамаларымен бірнеше халықаралық басқосулар болды…

Расында, белсенді бастамаларымыздың шоғын үрлеп жатқанымыз жасырын емес. Бүгінде аймақ орталығына айналған Түркістан – түркі жұртының рухани астанасы ғана емес, түркі топырағының тәлім төрі болса дейміз.

Алтын күздің өзіндегі мәселелерге тоқталсақ: Түркістанның кәсіпкерлік саласы мен туризмін дамыту бағытын талқылаған «Қазақстан мен Орталық Азиядағы мәдени және рухани туризмді дамыту мәселелері» тақырыбында форум ұйымдастырдық.Түркістан туризмін түлетуге өз деңгейінде өлшеусіз үлес қосқан жоғарғы оқу ордасында 156 студент «туризм» мамандығында білім алуда. Студенттер өндірістік тәжірибе аясында Түркия мемлекетінің 5 жұлдызды «RIXOS» қонақ үйлерінде тәжірибеден өтуде.

Басқосуға Джордж Вашингтон университеті «Халықаралық туризмді зерттеу» институтының директоры Селени Матуз арнайы келіп, қос университет арасында тығыз байланыс орнатуда меморандум түзу туралы ойды құптады. Екі тарап ортақ келісімге келсе, болашақта білімгерлерге тәжірибе алмастыру арқылы шетел мәдениетімен танысуға жол ашылады. Сонымен бірге келер жылдың сәуір айында өтетін «Қазақстан және Орталық Азияда туризмді дамытудың тенденциялары мен келешегі» атты II Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткізу жұмыстары талқыланды.

Түнеукүні Түркістанның төріндегі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қабырғасында әлемнің 15 мемлекетінен 200-ге жуық делегат қатысқан «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің» ұйымдастыруымен «Білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша ІІІ Орта Азиялық халықаралық форум» өз есігін ашты. Бұл басқосудың көкейтесті мақсаты – білім сапасын қамтамасыз ету мен білім сапасын бағалауда халықаралық аккредиттеудің рөлін арттыру және университеттердің академиялық еркіндігі мен басқарушылық дербестігін кеңейту, әрі сапа мәдениетін қалыптастыру.

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей Білім және ғылым министрліктерінің өкілдері, жоғары білім сапасын қамтамасыз етудің халықаралық және еуропалық желілерінің, шетелдік аккредиттеу органдарының, шетелдік білім беру ұйымдарының (Бельгия, Венгрия, Германия, Нидерланды, Түркия, Ресей т.б.), қазақстандағы ұлттық және басқа оқу орындарының ректорлары қатысып, екі күнге жалғасқан жиын барысында оқу бағдарламалары мен білім алушыларды халықаралық стандарттар бойынша даярлау мәселесі қозғалып, жоғары білім саласын дамытуға оң үлесін қосатын маңызды ұсыныстар талқыға салынды.

Үздік тәжірибелер алмасу мен халықаралық диалог алаңына айналуды көздеген әрі еліміздегі жоғары оқу орындарына зор серпін беретін басқосуда білім беру сапасы мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының деңгейі мемлекеттің дамуына және ұлттың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі екендігі айтылып, университеттердегі білім жүйесін жетілдіруге бағытталған аккредитацияның маңызы, білім саласындағы халықаралық мәселелер ауқымды тұрғыда талқыға түсті.

 

– Сіздің «зор серпін беретін» деген сөзіңіз – құлақтан кіріп, бойды алып тұр, қуатты серпілістің өзі – сергек серпіннен бастау алмай ма?

– Негізі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі бұл өзгерістер алдыңғы қатардағы университет болуға бағытталған іс-шаралар. Менің ойымша, ХҚТУ-дың қарқынмен жүргізіп жатқан күрделі трансформация тәжірибесін – еліміздің барлық университетін дамытуға қолдануға болады.

Университетті әлемдік деңгейге жеткізудің негізгі бағыттарының бірі ғылым мен инновацияны дамыту болуы керек. Жетекші елдердің тәжірибесі көрсеткендей, инновациялық инфрақұрылымның толық циклын құру қазіргі ғылым мен инновацияның дамуына айтарлықтай әсер етеді. Бұл – 3.0 университетін құрудың басты көрсеткіші. Осыған орай 2018 жылдың маусымында технологияларды коммерцияландыру (трансферті) офисін аштық.  Нәтижесінде, оқытушылар мен студенттердің ғылыми белсенділігі артты. Университетіміз ғылыми жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыру бойынша төрт грант  және Дүниежүзілік банктің 130 оқытушыны ағылшын тіліне оқыту грантын иеленді. Сондай-ақ биыл 30-ға жуық ғылыми жоба Түркияның қаражаты есебінен қаржыландырылатын болады.

Ғалымдардың жарияланымдық белсенділігі едәуір артып, халықаралық Scopus базасындағы мақалалар саны 30%-ға артып, 600 мақалаға жетті. Scopus базасына тіркелген Bilig ғылыми журналы жарық көреді. Жалпы, бір жыл ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың университет бюджетіндегі үлесі 2%-дан 8%-ға дейін артты.

Ғылымның және инновациялық инфрақұрылымның толық циклі дамуының келесі кезеңі – ғылыми технопарк құру. Бұл тұрғыда, Түркияның жетекші университеттеріне қарасты техно-парктердің сәтті тәжірибесін атап өту қажет. Университетте түркиялық тәжірибеге негізделе отырып технопарк құру жұмыстары жүргізілуде.

 

– Жаңа ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың төл бастамасымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде маңызды жиындардың ұйымдастырылып тұратындығынан хабардармыз…

– Еліміздің білім мен ғылым саласындағы жаңа басшысының біздің университетіміздің елеулі жетістіктерін ескеріп, іргелі халықаралық деңгейдегі оқу ордасына айналдыру мақсатында жаңа бағыттарды айқындап, нақты қолғабыс жасағанына алғысымыз мол. Оқу ордымыздың тыныс-тіршілігі мен жоба-жоспарлары хақында университетіміздің Өкілетті Кеңесінің төрағасы М.Йылдыз мырзамен тығыз байланыс орнатуын – шынайы жанашырлық, ілкімді іскерлік, зор құрмет деп білеміз.

Университеттің даму Стратегиясын жаңа бағыттармен толықтыру үшін министрлік қызметкерлері мен оқу ордамыздың басшыларынан ортақ жұмыс тобын құру туралы келісімге келдік.

Білім және ғылым министрі университеттің қаржыландыру көлемін екі ел тарапынан арттыру, білім беру бағдарламаларын Назарбаев Университетінің және әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің тәжірибесіне сүйене отырып жаңарту, халықаралық және ұлттық рейтингтерде ілгерілеу, жатақхана құрылысы, грант көлемін арттыру, инфрақұрылымды дамытуға айрықша екпін түсіріп, қамқорлық көрсетуде.

 

– Болатбек Серікбайұлы, сіз соңғы жиырма жылдан астам уақыт бойы еліміздің ең жоғарғы билік құрылымдарында, Білім және ғылым министрлігінде, мемлекеттік басқару салаларында жауапты лауазымды қызметтер атқарғандықтан, біз ырымшыл халықпыз ғой: түркі жұртының жауқазындай желкілдеген жастары жайқалған еларалық еңселі білім ордасына басшы болуыңызға «Жастар жылының» сәйкес келуін – жақсы ырым, жарқын жолға жорамалдадық…

– «Елбасымыздың «Жастар жылын» жариялауы – жастардың әлеуметтік мәселелерінің шешімін табуына оңтайлы ықпал ететін ел тарихындағыы ерекше оқиға. Жастар жылында мемлекет тарапынан жастарға қолдау ретінде көптеген іс-шаралар жүргізіле бастады. Біздің жастарымыз өте дарынды ғой, мәселен, біздің Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде биыл басқа жылдарға қарағанда студенттер белсенділігі өте жоғары. Біз отыздан астам студенттер клубын құрдық. Солардың аясында жас ғалымдар, жас кәсіпкерлер, стартап-жобаларды қолдайтын біраз бағдарламалар жасап, 10-ға жуық стартап-жобалар жұмысқа кірісіп жатыр.

Тізгіндеген бір жыл ішінде университет барлық бағыт бойынша іс-шараларды толық көлемде модернизациялауды бастады. Университетті 2023 жылға дейін дамытудың жаңа Стратегиясы жасалып, ХҚТУ-дың Үкіметаралық өкілетті кеңесі тарапынан қабылданды. Соның аясында 2018-2019 оқу жылында барлық процесті жан-жақты қайта құру жүзеге асырылды. Университет те төрт тілде (қазақ, түрік, ағылшын және орыс) білім беруді дамыту мақсатында «Тіл үйрету» орталығы құрылды.

Білім беру бағдарламаларына Fintech, Big Data, Artificial Intelligence (жасанды интеллект), Blockchain, Cybersecurity (киберқауіпсіздік), Data mining (деректерді терең талдау) секілді жаңа элементтер енгізіле отырып, IT және экономикалық мамандықтар бойынша толық, ал басқа мамандықтар шамамен 30%-ға жаңартылады. Назарбаев университетінің тәжірибесі негізінде Мемлекеттік басқару және экономика жоғары мектебі құрылды.

Алдыңғы қатарлы университет құру міндеті – түркі әлемінің барлық елінің күн тәртібінде. Бұл тақырып жақында университетімізде өткен Түркі университеттері одағының кезекті жиынында талқыланды. Форумға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, сонымен қатар Венгрия мен Өзбекстанның 23 жоғары оқу орнының басшылары қатысты. Талқылау нәтижесінде түркі әлемі университеттерін халықаралық рейтингте бірлесіп алға жылжыту үшін ортақ ғылыми және білім беру кеңістігін құруды қолдады.

Жұмыс берушілермен өзара қарым-қатынасты нығайтудың арқасында түлектерді жұмысқа орналастырудағы жағдай айтарлықтай жетілдіріліп, жұмысқа орналасу деңгейі 76% жеткізілді. Әкімшілік-басқару қызметкерлерінің саны екі есеге қысқарып, коммуналдық шығындар 40%-ға төмендеді. Үнемделген қаражат материалдық-техникалық базаны дамытуға және оқу-зертханалық жабдықтарды 30%-ға жаңартуға мүмкіндік берді, 5 студенттік жатақхана жөндеуден өткізілді. Университет стратегиясында кадрлардың біліктілігін жетілдіру мәселелеріне көп көңіл бөлінген. Қызметкерлердің кәсіби құзыреттіліктерін үздіксіз дамыту мақсатында халықаралық және отандық тәжірибе негізіндегі фасилитация, модерация, коучинг, тренинг, кейсстади, brainstorming және т.б. әдістерін қолданатын арнайы бағдарламасы іске қосылды.

Университетімізде заманауи кампус қалыптасып, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Университеттің дамуы әрдайым екі елдің басшыларының назарында. Қазіргі кезде оқу ордамызда 10 мыңнан астам білім алушы бар. Атап айтқанда, 19 елдің 40 ұлтының өкілдері бакалавриат, магистратура, резидентура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша 11 факультетте білім алуда. Университетте бір мыңнан астам оқытушы-профессор құрамы жұмыс істесе, олардың 5% – Түркиядан келген оқытушылар. Жалпы, ғылыми дәрежелілік 45% құрайды. 6 ғылыми-зерттеу институты, 4 ғылыми журнал жарық көреді. Ыбырай АЛТЫНСАРЫ атамыз атақты өлеңінде:

«…Ат өнері білінбес

Бәйгеге түсіп жарыспай,

Желкілдеп шыққан көк шөптей,

Жаңа өспірім достарым,

Қатарың кетті-ау алысқа-ай,

Ұмтылыңыз, қалыспай!..» – дейді ғой…

Оңтүстік ордамыздың орталығы – киелі Түркістанда бүгінгі таңда, күрделі құрылыстар жүріп, заманауи ғимараттардың бой түзеуімен қатар, білімі мен ғылымының көкжиегі де  жарқырай түсті. Жаңарып-гүлденген қасиетті Түркістанның баянды болашағы әлі алда.

 

– Мән-мағынасы мол сұқбатыңыз үшін көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан Гүлжаз ҚАРЫБЕКҚЫЗЫ,

Түркістан шаһары.

 

 

AНЫҚ АНЫҚТАМА

 

Болатбек Серікбайұлы АБДРАСИЛОВ

 

Сырбаз Сыр елінің кіндік шаһары – Қызылорда қаласында 1958 жылдың 15 шілдесінде дүниеге келген.

Физика пәнінің оқытушысы, экономист.

Физико-математика ғылымдарының кандидаты.

Биология ғылымдарының докторы (1997 ж.).

Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі (1998 ж.).

Қазақстан Республикасының Жоғары мектебі академиясының академигі (2002 ж.).

Халықаралық Жоғары мектеп ғылыми академиясының академигі (2002 ж.).

Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының Құрметті академигі (2005 ж.).

Ресей Жаратылыстану ғылымдары Академииясының академигі (2005 ж.).

Қазақстан Білім беру ісінің үздігі.

Мемлекет қайраткері.

 

ӨРІСТІ ӨМІРБАЯН

 

1979 жылы – Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтын (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) үздік тәмамдаған.

1980 жылы – Мәскеу Экономика және статистика университетінің Қашықтықтан білім беру институтында (МЭСИ) оқып, зерттеуші-тәжірибеші болды.

1980-1982 жж. – Қорқыт атындағы Қызылорда педагогика институтынан КСРО Ғылым Акакдемиясы Биофизика институтына зерттеуші-тағылымдамашы ретінде жолданған (Ресей, Мәскеу облысы, Пущино қаласы).

 

1982-1986 жж. –  Ғылым академиясының  Биофизика институтының аспиранты. (Ресей, Мәскеу облысы, Пущино қаласы).

1986-1991 жж. – Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының оқытушысы, аға оқутышысы, доцент.

1991-1994 жж. – Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогика институтының кафедра меңгерушісі, факультет деканы, институт проректоры.

1994-1996 жж. – Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогика институтынан Ресей Ғылым академиясының Биофизика интитутына  аға ғылыми қызметкер ретінде жолданған (Ресей, Мәскеу облысы, Пущино қаласы).

1996-1998 жж. – Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетінің  ректоры.

1998-2000 жж. – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, профессор.

2000-2001 жж. – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Ақпарат және тестілеу орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры.

2001 жылы– Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Мониторинг пен бақылау департаменті директорының орынбасары.

2001-2004 жж. – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры.

2004-2007 жж. – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің төрағасы.

2007-2010 жж. – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің  мемлекеттік инспекторы.

2010-2012 жж. – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы.

2012-2016 жж. – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры.

2016-2017 жж. – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадрлық саясат бөлімінің сектор меңгерушісі.

2017-2018 жж. – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы.

2018 жылдың 12 маусымынан бастап, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры.

 

ЕСЕЛІ ЕҢБЕК

 

Академик Болатбек АБДРАСИЛОВ – Оңтүстік Корея, АҚШ, Австралия, Голландия, Австралия, Голландия, Ресей елдерінің танымал ғылыми-зерттеу журналдарында 60-тан астам ғылыми-зерттеу жұмыстарын жариялады. 1 ірі монографияның төл иесі.

«Биофизические основы действия тритерпеновых гликозидов дам-маранового ряда на биомембраны и клетки» кітабының авторы (1996 ж.)

– Жанды жүйелердегі ақпараттар беру үрдісінің молекулярлық әрекеттерін зерттеу саласындағы белгілі ғалым.

– Әртүрлі жасушылардың биологиялық мембраналарының жұмыс істеу үрдістерін зерттеудегі молекулярлық аспаптар ретінде антибиотиктерді қолданудың негізін салушылардың бірі.

– Женьшень өсімдігінен алынатын даммаран қатарындағы глюкозиттердің биофизикалық және биохимиялық, антигемолиттік белсенділігінің молекулярлық ерекшеліктерін зерттеуші.

Тәуелсіз Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін дамытуға ауқымды үлесін қосты.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын негізгі әзірлеушілердің бірі.

 

ЫЛАЙЫҚ МАРАПАТ

 

Ілкімді ізденістері мен ерен еңбегі еленіп, еліміздегі еңселі «Құрмет» орденімен (2005 ж.) және Биофизика саласындағы үлкен ғылыми жетістіктері үшін Нобель сыйлығының лауреаты П.Л.Капица атындағы Ресей Жаратылыстану ғылымдары Академиясының естелік медалімен марапатталған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button