Назым сөзТаңдаулы

ТАМШЫ ЖЫР

 

Гүлнұр СОВЕТХАНҚЫЗЫ

 

СЫР МЕН СЕЗІМ ШЫНДЫҒЫ

…Ақын десе көз алдымызға домбырасын безілдетіп жырдан нөсер тудыратын жырау, сахнаға шығып, шашын сілкіп тастап өлең оқитын назыр немесе том-том көңіл термелерін жарыққа шығарған назиралар елестейді. Ақындардың да алуан түрі болатынын бертінде, кейін білдік қой. Солардың ішінде менің жырым жарыққа шығуы керек еді деп мақсат ұстанбайтын, өзін ақын деген құрметті топқа қоспайтын, бірақ, өлеңнің техникасын тап-тұйнақтай меңгеріп, өмірлік пайымын ақ қағаз бетіне түсіретін, өзін қалай да ұйқасы сәтті өлең жазуым керек деп қинамай құдай қалай жүрегіне не салса соны жазатын тағы бір қалам иелері бар. Ең қызығы, міне, осындай сөз зергерлерінің жыры өтімді келеді. Айналасындағы жұрт әлдебір отырыстарда оқыған жерінен есітіп қап, әлеуметтік желінің әлдебір парақшаларынан көріп қап жапа-тармағай дәптерлеріне көшіріп, “көңілдің кейбір кездерінде” жатқа оқып, ауыздан ауызға іліп әкетеді. Өйткені, ойлы оқырман сөзді қинап қолдан құрастырылмаған, жүректен шыққан жырды дәл аңғарады. Жазушылар одағына мүше болмаса да, облыстық газетке бір топтама жыры шықпаса да мұндай авторларға оқырман өзі-ақ ақын деген құрметті атақты әлдеқашан беріп қойған. Міне, біздің Гүлнұр сондай ақындардың қатарында.

Ақынмен танысуды бүгін бастаған оқырман үшін оның жырын таныстырар болсақ, Гүлнұр өлеңдерінде орасан сезім бар: ақ жауын алты күн төпеп тұрса да оты сөнбес, шаршамас сезім; сарыала күздің кірбің қабақты атырабында жүрсе де торықпаған үмітті сезім; көзінде жас болса да көктемнің көгілдір гүлдерінен тәж жасап киіп келер шақтың гүлзада ән шырқайтын терең эмоциялық жасампаз сезім.

“Қуанышым бар менің, жазылмаған жырым бар,

Әлі көпке жететін, айтылмаған сырым бар.

Маңдайыма бұйыртқан бармақтай ғана бағым мен

Тағдырыма жазылған тамшыдай ғана мұңым бар.”

Бұл өзіне тән талант қуаты бар, көркемдік нәрі бар сыршыл поэзия.

Біздің білуімізше, Гүлнұр күллі ақындар түлеп ұшқан сара соқпақ – филология факультетін бітірген жоқ, сөз өнерінің қағидаларынан емтихан тапсырып, теориялық талаптарды орындаған жоқ. Бірақ, Гүлнұр поэзиясында олар толық көрініс табады. Ақынның тақырыпты меңгеруі, образды жеткізуі, көркемдік амал-тәсілдерді ұстана білуі, салыстырулары мен сан түрлі ізденістері оның сөз өнеріне байырғыдан төселгенін көрсетеді. Тағы да фольклорға, екі мың жылдық тарихы бар әдебиетімізге қарыздармыз, біздің автор нәрлі тілді, суреттеу мен ойын жеткізу амалдарын өзі парақтаған әдебиеттің өн бойынан алған, өзі оқыған жырларды байыптап, өзінен АҚЫН жасап шығарған.

Ақын жырларының жанрлық ерекшеліктері сан түрлі. Бұл жырлар ұлттық болмыс бедерінде қазақ поэзиясының жаңашылдық көріністерін, психологиялық коллизияларды, сезім иірімдерін танытады. Мұнда қазақ тілінің шұрайы, сезімдерді дөп басу мен тұнықтық, тазалық бар. Оқырманды еліктіру себебі – сыр мен сезім шындығы қосар келген үйлесімде дей аламыз. Өйткені, ақын өз жүрегінен өткізген шындығын, жүрегіне ұя салған сырын ғана, қыздың көзімен байқалған, әйелдің басынан өткен сезімдерді бояусыз сезімдерін қағазға түсіріп келді. Бірнеше жылдар бойы жазылған жырларды шолғанда ұққанымыз – сонау жылдары бала махаббаттан басталған лирикалық ізденістің бүгінде арналы, кемелді ақын мұратына адалдық мәселелерімен толыға түсуі.

Гүлнұрдың тартпасына тыққан дәптеріндегі жырлардың жарыққа шығатын, оқырмандармен қауыштыратын, әдеби процестегі үлесін анықтайтын кез де келіп жетті. Ақ жол дейік..!

Лира ҚОНЫС,

Филология ғылымдарының кандидаты

 

Арманым кетті қоштаспай

Көңілім күздей, қалтырап тоңып барады,

Жартысын таппай жүрегім тағы жаралы.

Қыс болмай тоңған көңілдің халін түсінем,

Жаныма жалау боп тұрған дос та шамалы.

 

Алай да, дүлей ала да берді-ау мазаны,

Жанымнан безіп, кетердей кезіп даланы.

Лүпілге лүпіл қосылған күндер қалды алыс,

Жүрекке жүрек сенбестей бейне қарады.

 

Тырмыса берді шыққысы келіп мұнардан,

Алдынан бірақ қол соза қоймай шын арман.

Ойпырмай, неге, ұмытты екен әу баста,

Қараңғы жолға алып шығуды шырағдан.

 

Амалы қанша, болары болды, бәрі кеш!

Келеді жолда, шайқалып жандай жарым ес.

Алладан медет сұрай да, сұрай жылар-ау,

Қалғаны мұның сөзін де тыңдап елемес.

 

Сезімі мұңға тұншығып қалды шыға алмай,

Жанар да семіп қалған ба жасқа шыланбай.

Шыныда тұрған сезімі кетті шытынап,

Зікірін салған бақсының жыры ұнамай.

 

Қоңыр күз келді. Көңілді шымқай мұң басты,

Жаздағы әні деуші еді – күзге ұласты.

Бірақ та, бірақ құстармен қайтқан ілесіп,

Қоштаспай арман, қол бұлғап қана қырды асты.

 

Келер-ау көктем, табиғат заңын бұзбаса,

Жаратқан ием жаңаша жоспар сызбаса.

Көктеммен қайтқан арманы келер оралып,

Сол күнге дейін, сыздасын жүрек сыздаса.

2005 жыл.

***

Сезімім сен деп

Сергелдең күйге түсірді.

Ащы жас кернеп

Жанардың отын өшірді.

Жасындай жойқын

Жарқ ете қалған махаббат

Дауылды күндей

Көңілдің көркін көшірді.

 

Айтылмай қалған

Әнім де саған арналды.

Өкініш өртеп

Кірлеген жанның ардағы.

Арғымақ мінген

Қияли қыздың арманы

Тепсеңде қалды,

Аршылмай қалып жан-жағы.

 

Кіршіксіз тұнып

Мөлдіреп тұрған көземде,

Ішімнен тынып

Өксікке бәлкім төзем де.

Айтылмай қалған

Арманның асау сырлары

Арнала жатар

Арнауын тапқан кезеңге.

 

2002 жыл.

 

***

Таба алмай жүрек дауасын,

Өмірден кейде жерінем.

Сырт көзге сондай тамаша,

Бақытты болып көрінем.

Көрінем солай «бақытты»,

Өзімді-өзім алдаумен.

Бақытты болу оңай ма

Үмітке үміт жалғаумен.

Бақытты мүлде жоқ санап,

Алмаймын бірақ ақтала.

Бақытты болған шақтарым,

Баламды сүйген сәт қана.

2007 жыл.

***

Нұр жауған күн,

Көк Тәңірден тамшылап.

Шабыт келді, сезімімді қамшылап.

Тамшыларға таң қалмастан қарадым,

Маңдайларға бұйыртпаған тамшы бақ.

 

Талай арман көкірегімде кетті ұлып,

Тырыссамда көрсете алман тек қылық.

Жаман ойға жібертпеді санамды,

Көк бөріден келе жатқан тектілік.

 

***

Сені іздедім, жаным мұңға батқанда,

Сені іздедім, арайлы бір ақ таңда.

Сені іздедім, сезімімді сабылтып,

Көңілімді қуаныш кеп тапқанда.

 

Сені іздедім, жанарымды талдырып,

Арманыма үміт отын жандырып.

Сені іздедім, күле қалсам, ал егер,

Жылай қалсам, жанды естен тандырып.

 

Сені іздедім түсімде де таппадым,

Тілеп жаттым құба таңның атқанын.

Сені іздедім, еске алып өткенді,

Қуантар деп айтып қызық шақтарын.

 

Сені іздедім, арман-елес мұңымен,

Жүрегімнің айтылмаған сыры ма ең?!

Сені іздедім, неге іздедім білмеймін,

Әлде менің мәңгі шырқар жырым ба ең?!

2002 жыл.

***

Арылмай кейде мұңды ойдан,

Азапты күндер кешемін.

Байланып келген бақыттың,

Күрмеуін қашан шешемін?!

 

Шеше алмай кетсем, әттең-ай,

Күрмеуін бақтың байланған.

Күнді де көзбен көрермін,

Көктемім күзге айналған.

 

Арман да, арман, арман-ай,

Ашылмай кеткен қабағы.

Көретін күнге жетем бе

Жаңбырдан соңғы даланы.

 

Кей-кейде жаннан түңіліп,

Құлқыны болған аранның.

Шұқылап табар ләззатын

Өзегі қалған жараның.

 

Қашқақтап осындайлардан,

Көрер де көзге қараңмын.

Сыйы ма тартқан тағдырдың,

Кебінін кидім сараңның.

2002 жыл

***

Жабырқап жаным,

Жазылмай қалған дастандай.

Жылаймын іштей,

Көзімнен емге жас тамбай.

Қиямын қалай,

алғашқы махаббатымды?!

Көңілді көктем,

Күрең күз келіп басқандай.

***

Сен менің түсімде жүрсің,

Сағым боп мұнарланған,

Сезім боп шұбарланған,

Періште пәк шағымның

Өзіңе құмар болған,

Жаныма сыңар болған,

Елесін аңсауменен

Жалғанып тұрар арман.

 

Сен менің қасымда жүрсің,

Бағым боп көрінбейтін,

Бағам боп берілмейтін,

Жалғанның сараңдығын

Білсе де жерінбейтін,

Ащысын сезінбейтін,

Қанша азап көрсе-дағы,

Жалығып, жеңілмейтін.

***

Ұйқысы түннің бөлінді,

Сезімнің селі сөгілді.

Күрең күз келіп жұбатпақ,

Қоңыр мұң басқан көңілді.

***

Күзгі әуеннің сазынан,

Мұң торлады көңілді.

Өмірімнің жазынан,

Қысы аздап көңілді.

***

Жақсыны көріп тамсандым,

Жанымда жоқты аңсадым.

Көтере алмай еңсемді,

Шаршаудан да шаршадым.

***

Мұңды ойдан енді арылдым,

Жанымның бастым жалынын.

Шынымды айтсам мен сенің,

Сағынғаныңды сағындым.

***

Неге мен сезімге салғыртпын,

Жанарды күтумен талдырттым.

Күні-түн өзіңді ойлаудан,

Сағыныш дертіне шалдықтым.

***

Сезімім сенсіз жалаңаш,

Басқаны бағым қаламас.

Жанымен қанша сүйсе де,

Өзіңдей ешкім бола алмас.

***

Күтемін мейлі, күн санап,

Күтемін иә, сағаттап.

Өзіңмен өткен күндердің,

Мұң дәптерін парақтап.

2013 жыл

***

Сен қалай сезінбейсің?!

Мен сені сағынғанымды,

Моншақ мұң тағынғанымды.

Сені іздеп шар тараптан,

Шарқ ұрып сабылғанымды.

Әлде сен күтіп жүрсің бе,

Мен саған жалынғанымды.

Жоқ, жаным, бұл ойың бола қоймас!

Жүз жерден!

Мен сені сағынсам да,

Мұң моншақ тағынсам да,

Таусылып табанымнан,

Ізімнен жаңылсам да,

Сарғайып сағыныштан,

Күтуден сарылсам да,

Жарылып жаным жүзге,

Тынысым тарылса да,

Жаураған жүрегіме,

Мұз көрпе жамылсам да…

Мен саған жалынбаймын!

2013 жыл

***

Өзіңді көргелі өзгені ұмыттым,

Сол сені көргенім, ең ғажап тұнық түн,

Деміңе тұншығып, сырыңа құнықтым,

Тағы да байландым жібіне үміттің…

***

Сағына берем, сағына берем түсінем,

Сағыныш болып, шықпайсың мүлдем түсімнен.

Жоғалтып алсам, таба алмай сені қалам-ау,

Сағыныш атты сарғыш бұлттардын ішінен.

****

Таң қалма түсіңе жиі енсем,

Аралап бақыттың сарайын.

Түсіңе еге боп тым құрса,

Мұңыңа ортақ боп қалайын.

****

Тамшы ма түнімен әлдилеп тербеткен,

Сол күні… иә, әлгі… жанымнан сен кеткен.

Дәл қазір жаныма сен ғана демеусің,

Тамшы боп тамсаң да, кел, көктем, кел, Көктем!!!

****

Сағынсам қайтем, сағынышыма дауа жоқ,

Бір тәнге ғана байланып қалды, ауа, көк.

Сезімге ғана сиынып жүрген дәл қазір,

Пендеңді Алла мейіріміңмен жазалы ет!

2010 жыл

****

Адастың деме, онсызда жаным, жүдеумiн,

Таластың деме, бағына бөтен бiреудiң.

Санастың деме, салтымен қатал тағдырдың,

Жарасты деме, жаныңа мынау күрең мұң…

*****

Түнерген түрден көрініп түнек,

Мұңайған жүзден, күлкім безінді.

Ары да бері сабылған жүрек,

Шақырып әлек жанға төзімді.

 

Сабырға шақыр, санамды тұман,

Тумасын күдік, шарасыз ойдан.

Жүргенім тірі… бұл да бір күмән,

Білінбей ерек бір сезім бойдан…

***

Сен бар жерде бақыттымын, басқамын,

Қарағанын елең қылмай басқаның.

Қабақ түйген сәттеріңді сүйсемде,

Жанарыңның жалынынан жасқандым.

 

Жанарыңнан от ұшқындап, ерек шын,

Осы тұлға болмысыңмен ерексің.

Сезімімнің патшасы, бек-ханзадам,

Өмірімнің маңызы үшін керексің.

 

Бөлек болмыс, ерек тұлға нар мүсін,

Сен сезбеген сезімдерім сарқылсын.

Қиялымнан жасап алған бейнеңді,

Ханзадам-ау, сен шынында бармысың.

***

Жоғалтып алдым, таба алмай жүрмін сандалып,

Іздеген сені іздерім жатыр жалғанып.

Іздеген сайын көбейіп жатыр жоқтауым,

Көрінген талға қол соза бердім қарманып.

Жоғалған жіптің таба алмай жүріп бір ұшын,

Өмірден мынау, алыстап кеттім, құрысын…

***

Бақыттымын, бақыттымын, алтыным,

Бақытыма тигізбесін қатал тағдыр салқынын.

– Ей, дүние, естимісің, өтінішім бар менің,

Бақытымды тойлайыншы ең болмаса жарты күн.

***

Танымаймын өзімді,

Танымайды екенмін.

Бүгін тағы басқамын,

Өз-өзіме бөтенмін.

***

Ұқпайсың жиі жаным мұң,

Тұтқыны болдым арымның.

Ешкімге айтпай сырымды,

Өзіңді күттім, жарығым.

***

Алматының көктемі емес сағынтқан,

Мен көктемді сағынудан қалғанмын.

Өмір мені сағынудан арылтқан,

Тамырланып кеткен менде қарға-мұң.

 

Сезіміме жауап іздеп келгенмін,

Маза бермей қинаған соң күні-түн.

Сәлемімді сыбырлатып желге мың,

Үзбегенмін нәзігімнің үмітін.

 

Көктем ару көрсетпеді көйлегін,

Қуантатын жылда түрлі сәнімен.

Өкпелепті оған мендей өлеңім,

Муза деген жетпеген соң дәрумен.

 

Аямаңыз, сезімімді себепсіз,

Зәру емес мендегі мұң аяуға.

Бар мұңымды жинап алып керексіз,

Басқа жаққа аттандырам таяуда.

2012 жыл

***

Айтатын іште сырым көп,

Жетпейді әттең, уақыт тек.

Сен мені алдай салмашы,

Бірлігім бітіп қалды деп.

***

Сен менің, сен менің тылсымым тұңғиық,

Сен менің, сен менің арманым тым биік.

Сен менің, сен менің қорғаным қол жетпес,

Сен мені, мен сені қалғанбыз шын сүйіп.

***

Сездірді өмір салқынын,

Жетуге саған талпындым.

Қоштасу қиын өзіңмен,

Ұмытам қалай, алтыным.

 

Көркіңе, қалқам, тәнтімін,

Болмасын жанда жарты мұң.

Өзіңе ғана арнаған,

Жүректің гүлін ал, күнім.

***

Сен жүрген қала сағынышымның мекені,

Сен жұтқан ауа, махаббатымның өтеуі.

Ұмытпау үшін сен сүйген күннің елесін,

Кішкентай ғана сезімің болса жетеді.

***

Қуанышым бар менің, жазылмаған жырым бар,

Әлі көпке жететін айтылмаған сырым бар.

Маңдайыма бұйыртқан бармақтай ғана бағым мен

Тағдырыма жазылған тамшыдай ғана мұңым бар.

***

Тәп-тәттісің қылығың жанды баураған,

Тіліңнен сенің… былдырлап көңіл аулаған.

Бәрінен, ұлым, анаңа сенің ұнайды,

Күлім көздерің өз жанарымнан аумаған.

***

Сағынба мені, сағындым деме сарғайма,

Тағдырдың осы жазғаны шығар маңдайға.

Естелік болып есіңде ғана жаңғырсын,

Тәтті сезімдер татымай кеткен таңдайға.

***

Жап-жаңа әлем… сезімдер бәрі әдемі,

Әдемі әлем, Алланың бізге сәлемі.

Адамзат ғана ұғатын сырын айтқызбай,

Махаббат осы әлемнің жалғыз дәлелі.

***

Уфф…

Жүрегім шаршап кетті,

Аңсап кетті қайғысыз бал күндерін,

Сағыныштың сезгенде салқын лебін.

Қуанышты күндерден жырақ қалған,

Естігенде жастықтың күрсінгенін,

Сезгісі кеп үміттің тылсым демін…

Уфф… жүрегім шаршап кетті…

***

Сағынып жүрсең…

Сағынып жүрсің сеземін,

Демей-ақ қойғын, шыдаймын, жаным, төземін.

Екеуміз бірдей шалдыққан дертке дауа жоқ,

Жүректе жатқан жұлып тастамай өзегін.

***

Кінәлама мазаласам тағы да,

Жазалауға билігің жоқ, әрине.

Сағыныштан еніп кетіп сағымға,

Оралмасам, қош дегейсің бәріне…

***

Бақытты кезім болған,

Тәп-тәтті сезім болған,

Тым нәзік сөзің болды, арман.

Байландың көздеріме,

Сенбедің сөздеріме,

Дедің бе, бұның бәрі жалған.

 

Ағалап еркеледім,

Сымбаттым, көркем едің,

Кеттің бе, бақытымды ерте менің.

Сезімді шерте білдің,

Жанымды өртеп үнің,

Соңына жетпедің-ау, ертегінің.

 

Ғұмырым гүлде менің,

Соңғы рет үндемедім,

Қоштасқым келмегендей, мүмкін.

Хабар ал жағдайымнан,

Иіске маңдайымнан,

Кездесіп қалып жатсақ, бір күн.

***

Сен жоқ болған кездің бәрі алдамшы,

Сен жоқ болған күннің бәрі өтірік.

Бұл тағы да бітпес түстің жалғасы,

Сценаристі күнде алатын екілік.

***

Мұң-жасқа толып армандарымның көзесі,

Түнгі сағыныш… сыр шертер нағыз кез осы.

Іңкәр сезімім сен жаққа қашан жетеді?!

Меңіреу менің махаббатымның егесі.

***

Өзің жайлы таусылмайды шер менде,

Арманыма жеткізбейді-ау, өр кеуде.

Сағыныштың салдары деп білгейсің,

Құшағыңа құлай кетсем көргенде.

***

Беймаза шақ, өліарада жолықтың,

Шындығыңа тік қарауға қорықтың.

Сүйіп жүрген адамыңды бір сәтте,

Сүймей қалу мүмкін емес, соны ұққын.

***

Қиын не бар, үмітіңді үзбеуден,

Сен кеткелі жүрек үнсіз, мұз кеудем.

Түні бойы терезеге телмірдім,

Сенің жаққан жарығыңды іздеумен.

***

Сүйем десең, маған, жаным қиылып,

Сол сәттегі жүрегімнің күйін ұқ.

Сенің үнсіз тұрғаныңа жетер ме?!

Бүкіл әлем сыбырласа жиылып.

***

Өкіндіріп кеткім келмейді, Сізді,

Өкінгеніңізді қаламаймын да.

Жапырақтай сарғайған күзгі,

Сағындырыып жазалайын ба?!

***

Жүрегімде балауыз маздаса мұң,

Тынши алман сен жайлы жазбасам жыр.

Тұмар етіп төріңе ілмей-ақ қой,

Жай ғана болайыншы көзмоншағың.

***

Енді сездім жанымда күз екенін,

Қырық жамау жүректі күзетер мұң.

Көзден жазып, білмей қап жүрмейінші,

Алла жазған бағымның Сіз екенін.

***

Ағаның хаты

Бара алмай жүрмін жаныңа,

Мінезің  асау, білемін.

Өзіңе арнап тағы да,

Гүл сатып алып жүремін.

 

Шынымен сезім жоғы ма,

Хабарсыз кеттің неге сен?!

Хат жазшы телефоныма,

Сағынып өлсін демесең.

 

Телефон түспей қолымнан,

Хат күттім сенен сарылып.

Кездеспей қалсаң жолымнан,

Сол күні жүрем жабығып.

 

Уәдеңнен айнып қалдың ба,

Таза еді-ау, сүттен арымыз.

Аға боп келдім алдыңа,

Сәлемің қайда, сары қыз?!

***

Әнімді көкке алып ұш,

Естілсін даусым алыстан.

Мұңымның аты сағыныш,

Төзімді сен деп тауысқан.

 

Сағыныш көкте, жерде де,

Сағыныш сазы жырымның.

Ренжі, мейлі, өкпеле,

Шындығы осы сырымның.

 

Баяу ма жүрек лүпілі,

Сезе ме ғашық тынысын.

Үмітім болшы үкілі,

Бақыттың атар таңы үшін.

***

Сен жетпей жүрсің жаныма,

Болмысы бөлек бағым-ау.

Байланып мұңның торына,

Мүмкін бе сені сағынбау…

***

Мама

 Сырымды саған айта алмағаным үшін,

Бір көрген мұңды қайталағаным үшін,

Өсірген адал еңбегіңді еш қып,

Қондырған бағыңда жайқалмағаным үшін,

Сен мені кешіресің бе, мама?!

 

Өзіммен өзім боп кете алмай,

Алдыңа қайта келгенім үшін,

Ұлыма жақсы ана бола алмай

Қолыңа орап бергенім үшін,

Жасымды саған көрсеткім келмей

Мұңаяр шақта күлгенім үшін,

Отанасы боп отырар шақта

Желпілдек қыз боп жүргенім үшін

Сен мені кешіресің бе, мама?!

 

Жасаған сансыз жақсылығыңның

бірде біреуін қайтармағаным үшін,

Бүгін Меккеге, ертең Дубайға

апарамын деп айта алмағаным үшін,

Өлең де арнап өзіңе бір рет,

Оқып та беріп қуантпағаным үшін,

Түнің мен күнің алмасып жатқанда,

Қайғымды айтып жылатқаным үшін,

Сен мені кешіресің бе, мама?!

 

Ағарып кеткен əр шашың үшін,

Кешірім сұраймын, мама!

Сен ойлағандай қыз болмағаным үшін,

кешіресің бе мені, мама?

Кешірші мені, мама!

2015 жыл

***

Сенің маған ұнайтының секілді,

Менің саған ұнайтыным секілді,

Сəл өкпеге жылайтыным секілді,

Тазалығы гауһар тастан мөп-мөлдір,

Жанарында жасыны бар өткір бір,

Алғырлығы алмас қанжар тəріздес

Ұл сыйласам деп едім!

 

Бұрымына бақытым деп қарайтын,

Қылығынан күн сəулесі тарайтын,

Əуезді əні əлдилейтін əлемді,

Тек жақсыға жар болуға жарайтын,

Арман болып ақынға да, əкімге

Жалғыз жанды бақытына балайтын,

Ары менен ұятынан сəулелеп,

Иман атты мұнарасын қалайтын

Қыз сыйласам деп едім…

Бір кем дүние!

2015 жыл

 

ШЫНАЙЫЛЫҚ ШАМШЫРАҒЫ

Өзіңе әлі беймәлім, бұрын еш туындысын оқымаған авторды оқу – бастапқыда ойландырады, уақытымды босқа шығындап жүрмейін деп бүгінгі ең маңызды құндылығымыздан ойлайсың, сосын талғам мәселесін сараптап, мынау ақпараттық заманда кез-келген информациямен сананы толтыру үстінде екенімізді еске алып, кіл жақсы дүние талап етесің, жаңа автормен танысу – құдды өзің бұрын барып көрмеген қалаға кіріп келе жатқандай сезім береді. Ақын Гүлнұр Көлбай жырларын оқуға ұсынғанда ең бірінші әдебиетшілік сараптан бұрын қарапайым оқырмандық дағдыммен үрке қарағанымыз рас. Бірақ, біз алғаш сапарға шыққан қала расында ғажап екен, аспаны ашық, күн сәулесіне малынған, түп-түзу көшелері гүлдерге толы әдемі әлем екен. Бәрекелді дедік!

Бірде балалық шақтағы естеліктерімізбен қауыштырып, бірде жүріп өткен жолдарымызда қош айтысқан махаббаттарды еске түсіріп,  кейде қуантып, кейде өкіндірген сезімге толы, сенімге толы бір жыр-бақшасына енгендей болдық.

Тәуелсіздік алған жылдардан бергі жарқын әдебиетімізде ақын қыздарымыз аз емес. Көп болғаны да дұрыс. Қыз баланың бауырына, ата-анасына жақындығы поэзияға да араласса, ұлтына деген жанашырлық болып жетсе, үйінде баласын бесік жырымен тербетіп, ұлтын өлеңімен ұйытса – нұр үстіне нұр емес пе?! Ерекше тоқталатынымыз, ақын қыздарымызға ортақ бір ерлік – намысқойлық. Ол үрдіспен Гүлнұр Көлбай поэзиясында да ұшырасамыз. Төмендегі дыбысты бірнеше қайталау арқылы жазылған өлеңге назар салайық:

“Мен сені сағынсам да,

Мұң-моншақ тағынсам да,

Таусылып табанымнан,

Ізімнен жаңылсам да,

Сарғайып сағыныштан,

Күтуден сарылсам да,

Жарылып жаным жүзге,

Тынысым тарылса да,

Жаураған жүрегіме,

Мұз көрпе жамылсам да…

Мен саған жалынбаймын!”

Өрлік дейміз бе, әлде еркектік дейміз бе, кеше ғана тарихи киноға айналып бәрімізді дүр сілкіндірген Томиристен тамыр тартқан көзқарас эволюциясы дегеніміз міне, осы! Бұл қазақ ақын қыздарының қолтаңбалық табиғаты. Өлеңнің шындық сипаты соншалықты анық болса да, соншалықты тылсым, жұмбақты екенін аңғарамыз. Қорқынышсыз жартастай қайыспас жігер мен гүлдей нәзіктіктің тоғысуы – ақын өлеңдерінің бір сипаты.

Біз оқыған жырлар жәй ғана махаббат лирикасы емес. Ақын махаббатты адам жанының көрінісі ретінде бейнелейді, махаббатты адамдар арасында өзара қолдаушы, қорғаушы күш тұрғысынан да қарастырады. Махаббат туралы ойлар адамзатты ой пайда болғалы бері мазалап келе жатқан шығар, біз адам мен махаббатты бір-бірінен бөліп қарамасақ та, бұл байланыстың сырын ашу, оны қара сөзбен жеткізу көбіміздің қолымыздан келмесіне сенімдіміз, бірақ, ақын жеткізе білген. Оның осы байланыс арасындағы әдемілік пен әсемдікті көретін көзі, оны мөлдір қалпында жеткізе алатын нәрлі тілі, драматизмі бар. Бір тақырып қайталай жырланғанымен, екінші өлең біріншіге, екінші өлең үшіншіге ұқсамайтын тосын, басқаша шешім, басқаша ой, мәселені оқырман әлі көрмеген тұсынан бастап жырлау дағдысы сүйсінтерлік! Шынайылық жымдасқан өлеңдер өзі сезінген иірімдерді оқырманға да сол қалпы ұқтыра алады. “Мұң дәптерін парақтап”, “Тағы да байландым жібіне үміттің”, “Сағыныш атты сары бұлттар”, “Сағындырып жазалайын ба?” секілді сәтті детальдар ақын жырларына романтикалық әуен бере түскен.

Гүлнұрдың әр шумақ өлеңіне өзінің бар ғұмыры сыйып тұрғандай көрінді маған. Поэзиядағы адалдық, шынайылық дегеніміз осы!

Ұлан Еркінбай

Филология ғылымының кандидаты

 

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button