Қоғам және бізТаңдаулы

КӨҢІЛ КҮНДЕЛІГІ

 

(Мұңлы аңсар)

                                                                                        Адам баласы қамшының сабындай

                                                                                        қысқа ғұмырды бір-бірінің көңілін

  қалдырып, қадір қашырумен өткізеді

(автор).

КІРІСПЕ

Бисмилләһи – р – рахмани – р – рахим.

Адам баласы Алла Тағаланың бұйрығымен бұ дүниеге келген соң бәндәлік тірлігін біреуден ілгері, біреуден кейін жүргізіп, қазақша айтқанда қыбырлап жүріп өткізеді екен ғой. Мен де сондай мимырт, күйбең тірлікпен жүріп орта жастан асып, алпысты алқымдап, қазақ төрінен көрі жуық деп қатал қайыратын жасты бағыт етіп, алға ұстап келіп те қаппын.

Жылжып жылдар, құмдай сусып сырғып, қайран уақыт, қадірсіз уақыт өтіпті қайырылмай. Қайтып қайрылмайтынын өзі біле тұра, білдірмей өтіпті. Бәлкім бағалай алмағаныңды біліп, суық кейіп танытып өтсе керек қатал уақыт.

Көптен көңілге жазылып, сыр-сұқбат болып сыртқа ақтарылып шыға алмай келе жатқан, сондықтан да өзімше «Көңіл күнделігі» атап жүрген осы еңбектің бастап жазылуына жүз рет оқталдым. Сан рет бастадым, сан рет тастадым. Осы жолы тағы солай етуге болмас деп отырмын. Өйткені уақыт әміршіні ешкім тоқтата алмасы анық. Бұл бүгін біз мойындап отырған шындық. Сондықтан да таза қазақша бісмілда деп отырмын…

Менің ата-бабаларым, туған туысым, ауыл аймағым, нағашы жұртым осы қазақпен бірге тым арыға бармай-ақ, беріден қайтқанның өзінде де бүгінгі ел Алтын орда атап жүрген Ұлы ұлысты да, талай туысынан ат құйрығын кесісіп, айрылысып құрған хандықты да көрді. Алтыбақан алауыз болып, көрінгенге көз түрткі болып, таяқ жеген патшалық отарлықты да басынан өткерді, ауыртпалығын мойынымен көтерді. Моғол деген жұртымыздың атауына бір әріп қосып жаңа сөз, атау жасап, оны халха халқына ат қылып беріп, монғол атап, Шыңғысхан бабамызды «монғол» деп, «қанішер» деп өзімізге жамандатқызып, өзі онан он есе, тіпті жүз есе артық қан төгіп, қанқұйлы, қасап саясат жүргізген кеңес дәуірін де бастан кешті. Қалың қазақ аталары ұрпағыма  ұлттық ұстаным болсын деп айтып кеткен «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Өзің өлтірмейді, Жат жарылқамайды» секілді құттыбілікті сөздердің құтына да қарамады, білігін де бағаламады. Төбедегіні келтіріп түгел болғаннан, ауыздағыны кетіріп ала болғанды қалады. Өзінің өлтірмейтінін білді, қара көңілі қаламады. Жат жарылқамайтынын білді, жақынды жаны қаламады. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» екенін ескермеді. Ескермегеннен есі кетті. Өзін өзі ескермей, өзгенің езгісіне түсті. Езгіде жүрді езілді, бордай тозды егілді, егіле жүріп еңсесін тіктеді, езіле жүріп ел болды. «Жыртық үйдің құдайы бар» деген осы шығар бәлкім…

Иә, мен туған жердің қазағы – бүкіл қазақтың бөлінбес бөлшегі. Сондықтан да олардың қазақ тарихы көшінде, әлеуметтік өмірінде өзіндік орны бар, болған және бола береді де. Менің нысана етіп алып отырған мәселем, ары кеткенде патшалық отарлықтың аяқ жағымен кеңес дәуіріндегі қазақтың, бір не жақын, туыс бірнеше әулет өкілдерінің бастан кешкен түрлі оқиғалары мен аңыз сипатты әңгімелері десем болады.

Біздің ел Сырдарияның Түркістан жақ бетінде, тоғай-тоғайды сағалап отырады екен. «Еділдің бойы ен тоғай» деп Махамбет жырау жырлағандай, Сыр бойы да тоғайлы, көлді, Тәңір өзі құт дарытқан құтты мекен ғой. Сондықтан да түбі бір, туысқан түрік жұрты қасиетті Сыр үшін бір-біріне қылыш суырысып, найза салысты. Ұтқаны Сырда қалып, ұтылғаны сол ашумен талай дүниені төңкеріп, түрік жұрты төрткүл дүниені меңгерді. Арысын айтпай, беріден қайтқанның өзінде де Өзбек ұлысы екіге жарылып қырқысқанда, ағайын елдің аласысы, көзінің құрты Сыр болды, Сырды жағалай жайлаған, сан шәрілі жұрт болды. Қазақтан ыға көшкен, Шәйбани бастаған «өзағам» түрік жұртының туысы бөлек перзенті, Бабырды ата жұртынан аударды. Бабыр бабам Ауған ауды. Үнді өтті. Ұлы Моғол ұлысының негізін қалады. Айтып айтпай не керек, Қазекем үйінде отырып-ақ талай дүниені өзгертті, өзгеруіне ықпал етті…

Сөйткен Сырдың бір пұшпағы, бір тоғайы мен көлі, Иіркөл мен атауының өзі, бүгінгі бізге мәлімсіз, тарихи оқиғалардан бастау алғаны аңғарылып тұрған, Күйікасар жері – біздің ел қонған құт мекен, біздің ауыл. Сол ел, сол жер кеңес күндерінде уақыт әуенімен үндесіп, қызылдармен бірге еріксіз қызарып, «Қызыл шаруа» аталыпты. Қызылдар құрған қалқоздың аты ғой.

 

КҮЙІКАСАРДАҒЫ БІЗДІҢ ҮЙ ЖӘНЕ ӨРТ УАҚИҒАСЫ

 

Атам, Ергөбек Сыр бойының ен тоғайының ішінде туып, «Тоғай аралаған үйші болады» дегендей, атақты, үйші ұста болыпты деседі. Өз жұрты мен менің әулетімнің әңгімесін көп айтатын анам, қайынатасының арғы өмірін әңгімелей бермейтін. Шамасы қайын жұртының ескі әлемін тұтас танымаса керек. Тек біздің әулет бастан кешкен кейінгі қадау-қадау оқиғаларды ғана сөз ететін. Әулеттің өткені мен кеткенін құрмет тұтып, ұрпағы ғой, біле жүрсін деп маған айта берген болса керек. Үйшілік кәсіп қамымен тоғай аралап кетті ме, әлде қазақы мінезбен сапарлап, ел аралап кетті ме, кім білсін, әйтеуір атам үйінде болмаған күндердің бір күнінде, Тәңір талабымен көктен жай түсіп, қатын, бала- шағасы түгел опат болыпты. Елді «Керегең кең, босағаң берік болсын, шаңырағың шайқалмасын» деген тілекпен үйлі етіп жүрген, үйші ұстаның, жасы жер ортасынан ауған шақта, өз шаңырағы осылайша шайқалған екен. Сонда бұрыннан құдандалы, ауыс-түйісі бар әулет пе кім білсін, әйтеуір елу төрт жастағы Ергөбекке Божбан ата балалары, оның ішінде Жәукімдер он төрт жасар қыздарын тайсалмай тұрып ұзатқан екен. «Мың жерден сыйласты жер болса да,аулақ жүрсін, аулақ…Тәңірім түңлікті үйден тысқары етсін…» деместен, қаршадай қыздарын ер азаматтың басын бағалап, қадірлеп, Тәңір тілеуін берсе қайта өседі, қайта өнеді деп беріпті. Меніңше үйші ұста қалыңдығын  божбандарды қалың малға көміп, малға жығып алмаған. Олай еркін қимылдауға шамасы жете бермесе керек. Жолын жасайды ғой. Мәселе сол дәуірдегі қазақтардың иманында, иманының беріктігінде, ұлттық, діни танымының тереңдігінде болса керек. Сол танымын өзінің ішінен шыққан ғұламасы, Әзіреті Сұлтан ілімімен ұштастырып, өмірінің арқауына айналдыра білуінде деп ойлаймын. Соның арқасында ғана, елу төрт жасында он төрт жасар қызға үйленген ұста өмірінің ертеңін елі де, қайын жұрты да Көк Тәңірінен тіледі. Көк Тәңірі олардың тілегін берді. Атам Ергөбек пен әжем Сейдіннің некесінен бес ұлбір бәлкім екі қыз дүниеге келіпті. Олар Түкібай, Құтыбай, Сәрсен, Дүйсен, Қалампыр, Оразбек еді. Өртте опат болған қыз не әкемнің бауыры не атамның бір інісінің қызы.

Атам Ергөбек жөнінде оның інісі Салықбектің қызы, Дүрия әпкемнің айтқан бір әңгімесі мені тіпті, қатты таң қалдырған еді. Ол кісі әке-шешесі тым ерте кетіп, Ергөбектің қолында тәрбиеленген еді.

– Өз көзіммен көрдім, сөйлескен сөздерінөз құлағыммен есіттім, – деп  айтып отырушы еді жарықтық. – Бір күні біздің үйге кештетіп екі кісі келді шапқылап, мал жоғалтқан екен. Шамасы малдарының қайда екендігі жөнінде бал аштырғалы келгенге ұқсайды. Жоқ жоғалтқан кісінің алдымен ойлайтыны малдың қолды болуы, бәлекеттің адамнан келуі ғой, – деп, мен үшін тым алыс көрінетін, сонымен бірге өзім түсіне бермейтін, өзгеше бір сезімге бөлейтін ескі әңгімелерді еске алып, жаңғыртып, ауық – ауық терең күрсініп, шұңғыл, терең қабақтың арғы түбіне жайғасқан кішкентай шүңірек көзіне жас алып отырып айтушы еді. Ең өкініштісі, сол көненің көзін көп сөйлетуді, біздің әулеттің сырын шертетін аңыз-әңгімелерін айтқыза беруді еш ескермеппін. Айтқандарының өзіне мән бермей ұмыт қалдырыппын. Өзі мені өте жақсы көріп:

– Сапанжан айналайын, -деп айналып – толғанып отырушы еді. Өмірден ерте өтіп кеткен інісінің көзімін ғой. Қайтсін енді…

Сол жолы атам Ергөбек ешқандай бал ашпапты, құмалақ та шашпапты.

– Ергөбек тәтем, – деп алып Дүрия әпшем, – Жарықтықты әкемнен үлкен болса да «Тәте» деуші едім, – деп, біртоқтап, ойланып отырып, – Солай демей қайтейін енді, әкем де, шешем де тым ерте кеткен ғой, есімде ештеңе жоқ, көзімді ашқаннан тәтемнің қойнында өстім, менің көрген-баққаным тек  солар еді ғой, тағдырдың жазуы да, – деп ауыр күрсініп қойып, әңгімесіне қайта оралып еді.

– Тәтем екі құлағын жерге кезек-кезек қойып, біршама уақыт тың тыңдады. Сонан соң барып, тіктеліп отырып, жоқшыларға малдарының ұрланбағанын, тек өзі желдеп жайылып, шығандап кеткенін жеткізді. – Түйелерің дін аман, ешқандай кісі де, ит-құс та тимеген. Кәзір күнбатысты бетке алып жүріп кетсеңдер, Құдай біледі деп айтайын, малдарыңды табасыңдар. Сол бағытта алдарыңнан үлкен бір өзек шығады. Малдарың сол өзекте жайылып жатыр, – деп, жоқ іздеген жолаушыларды  жолға салып, шығарып салғанын айтып еді. Мен осы әңгіменің жобасын тарихшы, дінтанушы ғалым, досым Зікірияға айтып, сенер-сенбесімді білмеген таңданысымды жеткізгенде ол:

– Несі бар, ондай жағдайдың болуы әбден мүмкін. Демек, атаңның ақ сайтаны болғаны, ол кісі сол ақ сайтанын жұмсап, біліп барып, жоқ іздеген адамға жоғының жайын, дерегін айтады, –  деп, мен түсіне бермейтін шыйырға салды. Ең бастысы менің атамның  қазақ айта беретін көріпкелі болғаны. Бұл менің ұққаным, түйгенім.

Сыр бойында «Шөң қора» деген өзгеше бір құрылыс үлгісі болады екен. Бір үйдің бүкіл қыстауы мен қора қопсысы тұтас сиятын, үлкен аумақты алып жататын әрі өте биік, мал астынан шыққантезек аралас кәшек-құшаққа топырақ қосып басқан,жалпақ қабырға- дуал үстіне тоғай ағашын салып, айналдыра қора болып жабылады екен. Қас қылғанда, қазақтың қоржын там, итарқа, тоқал там секілді қыстаулық үйлері де осы кең шөң қораның бір шетінен орын алса керек. Үлкендердің айтуына қарағанда, бұл шөң қора қыстың қай уағында болса да, ысқыра соққан үскірік желге де, қақаған аяз бен қысқы дауылға да дес бермейтін, жылы жай болады екен. Сондай шөңғоралардың бірі, ел қатарлы дегендей, менің атам Ергөбекке де тиесілі болған. Жалпы Ергөбек ұста жұрттан асып бай да болмаған, ыңыршағы айналып, «ит мініп, ирек қамшылаған» кедей де болмаған, өз аузы өзіне жететін дегендей, дөңгелек шаруаның кісісі болғанға ұқсайды. Бірақ Сыр бойының байлығының мөлшерін Арқа қазағының мың-мың жылқы айдаған, жылқыдан өңге малын мал деп қарамаған мөлшермен қарауға болмайды. «Біздің елге барсаң, несін айтасың, жатып та ішесің, тұрып та ішесің» дегендей, Сыр бойына егін де салатын, көктемде тасыған Сыр суымен толып отыратын көлі мен көлшігінің балығын аулап, қамысын орып, қамыссыз өлкелердің, таулық қазақтардың қыстаулық тамы мен қора қопсысының құрылысына сатып отыратын, аз малды, көп бейнетті шаруа – Сыр бойының қазағы. Түркістан жұрты.

Күндердің бір күнінде, шамасы көктем кіріп қалса керек, біздің үйдің жел жағындағы қоңсылары қора-қопсысын тазалап, қыстан шыққан кәшек-құшағын өртеп, көп қыбырлайды. Біздің үйдің кісілері жанған оттан қорқып, қоңсыларына көп қауіп айтады. Қоңсылары:«Отты өшіріп жатамыз, уайымдамаңдар», – деп уәде етеді. Бірақ, түн ортадан ауа, бәлкім, кенет көтерілген жел ұйытқи соғып, сөндірілген оттан шоқ тауып, қайта тұтанған отты біздің үйдің шөңғорасына әкеліп тықпалайды. Қанша жерден топырақ қосқанымен, қора қабырғасының дені шөп пен тезек қой. Жайлап тұтанған от ұйытқи соққан желмен алапат өртке айналады. Күндізгі қарбалас тірліктен қажыған ел қалың ұйқыда. Тек әбден күшіне мінген өрттің шарпуымен ұянып дүрлігіседі. Ауыл түгел ұянып қапылғанмен, қаһарланған өртке қарсы еш қайрат қыла алмайды.Тек, құр шуласып сабылысады. Дүрия апам:

– Түкібай марқұм су құйылған текеметті жамылып, отқа оранған үйге кіріп кетеді де қолына ілінген нәрсені алып шығады, байғұс. Әсіресе, бойжетіп қалған, шамасы он үштердегі қарындасын көп іздеді. Қайта-қайта айқайлап, ұйықтауға жатқан жерін, төсегін жобалап кіріп, отқа шарпылып, түтінге тұншығып қайташығады. Қайта кіреді. Бәрібір тауып алып шыға алмады. Шамасы өрт алғаш басталғанда-ақ ұйқыда жатқан қыз түтінге тұншығып, уланып, есінен танып қалса керек, – деп айтып отырушы еді.

Әсіресе әпкемнің алапат өртке қатысты айтатын мына әңгімесі тіпті таңғаларлық жәйт еді. Менің өзім де еске алған сайын ішкі сұраулы оймен дағдарам.

Біздің үй сол күні жаз тұтынатын заттарын,алтықанат ақ үйін, төрт-бес қанат қарүйін(Қара үй деген сөз. Біздің ел бұ сөзді алты қанаттан бастап өсе беретін сәнді, салтанатты ақ үй, ақ ордалардан өзге киіз үйлердің бәріне қолдана берген секілді) бүкіл жасау жабдығымен  сыртқа шығарып, күнге жайып, шөңғораның ішіне қайта кіргізген екен. Қазақтың киіз үйі қазақтың тек баспанасы ғана емес, жан дүниесінің сәні, салтанаты ғой. Сол көзге ыстық, жүрекке жылы қу дүниені күллі мал-мүлікпен бірге тілсіз жау – өрт жалыны жалмады. Өрт соңында азанға дейін отпен табыссыз алысқан, ұтылған ауыл, дұшпан ұйқының иектеуімен оттан ақ көйлек, ақ дамбалмен ғана қашып шыққан Ергөбектің үй іші қалды. Үйсіз-күйсіз күйде қалды. Ауыл ортасында аңырып, айдалада қалғандай күй кешті. Осы сәтте Ергөбек ұстаның ес – түссіз, есірік күй кешкен қатыны Сейдін қатты дауыс салып, аңырап боздап жылаған екен. Жұрттың алдымен сай сүйегі сырқырап, соңынан қатты шошыпты. Шошығаны кешегі күніне жоқтау айтып, бүгініне налып, күйініп зарлаған менің әжем өрт жалмаған бір қызды аз көргендей, тіпті кісі бір сәт ойға алуға да қорқатын, жан түршігерлік сөздер айтыпты:

– О, Тәңірім! Мынандай күйге салып қорлағанша, бүйтіп сорлы еткенше ұлымның бірін алсаң болмас па еді?! Ағайын жұрт жыйылып кеп, қайысып тұрып, көңіл айтса болмас па еді?! Сонда мен осы күйде зарлап, жоқтауымды айтып, Сен алған ұлымды жоқтап отырсам болмас па еді?! О,Тәңірім!

Мына сұмдық көрініс, ащы зармен айтылған, сандалған сандырақ сөздің Тәңірге қара тілек боп жетуінен, қабыл болып кету мүмкіндігінен үрейленген жұрт алдымен көздерімен жер шұқысып, соңынан бастарын шалт көтерісіп, қатты қорқынышпен:

-Тәйт, тәйт! Алла аласысын алды онсыз да. Малды да алды, жанды да алды. Әлде сен Алла алған бір жанды аз көріп отырсың ба?! Алла аларын адамнан сұраушы ма еді?! Құдіреті күшті Құдай өзі береді, өзі алады. Аманат жан Алланікі. Не қылса да өзі біледі. Аллаға асылық келтірме, – дескен көрінеді қатты шошып. – Тәйт! Тәңірдің ісіне қашан да тоба лайық, тоба қылмасқа шараң кәні?! Бәрібір тірлігің бүгінмен бітпейді. Ертеңгі күніңе Тәңірден ақ тілек тіле, «Шын тілегеннің Тәңір тілеуін береді деген», -десіп, сабырға шақырысып, шуласыпты жағаларын ұстасып. Бірақ «Айтылған сөз – атылған оқ», дейді біздің қазақ. Иә, менің әжемнің аузынан шыққан қара тілегін Құдай қабыл қылып қойыпты. Қабыл қылғаны ғой арада біраз уақыт өтіп барып үлкен ұл Түкібай көкпарда аттан құлап мерт болыпты. Сонда Сейдін әжеміз өзі айтқандай аңырап ұлын жоқтамай ма, қалың туысқан ел қайысып келіп көңіл айтпай ма… Иә,  дәл солай болыпты. Сол сәтте ботасынан айырылған аруанадай аңырап отырған жеңгесіне Төлепбай атамыз (Бабам Бердіқожаның інісі Үсеннің баласы):

– Ой, сорлы, неменеге көзің ағарып отыр сенің, а?! Осы баланың өлімін Тәңірден тілеп алған өзің емес пе едің, а?! – деген екен. Ауыр, ауыр да болса шындық. Қыршын боздақ өлімі үстінде ащы айтылған шындық. Мұны естіген Сейдін қайтсін. Қайғысына қайғы үстеп, ащы запыран өкініш қосып, көкірегін қарыс айырып онан әрі өкіреді.

Осы жәйт бізге не ұқтырады? Қу дүниенің кісі жанына, жан дүниесіне сонша ыстықтығы, тәттілігі, бір сәтке болса да, жаны ардақты жақсыдан да, бауыр еті баласынан да артық ардақталып қалып тұр ғой бұ қу дүние.

Әттең, бір қапы дүние-ай…Сенің опасыздығыңды, арсыз алдамшылығыңды, жалған, өтпелілігіңді біле тұра адамзат баласы саған қайта – қайта алданады ғой. Құдды бір шығыс ақыны көп жырлайтын, отқа ғашық болып, өзін сол отқа тастап, опат ететін пәруана көбелек күй кешіп… Солай жалғаса береді. Иә, солай…

Әйтсе де Құдайдың халықтық үлгіде айтыла беретін: «Бәрін өзім істеймін, бәндәм бір-бірінен көреді», – деген сөзі де бар емес пе. Содан да болуы керек бәріміз бала күннен Адам Ата мен Һауа Ана Тәңірдің тыйым салған жемісін жеп, күнәһар болып жұмақтан қуылды деп жүрген пайымымызды тәрік етіп Майлы ақын: «Шайтаннан себеп азғыру, Ықтияр Алла егемде», – деп жырлайды. Түп атамыз бен анамыздың көрген қиыншылығы мен тартқан тақсіретінің түп себебі Тәңірдің өзінде жатқанын «Шайтанды Көкке шығарды, Бұларға бәле жапқалы», – деп көрсетеді. Қазақтың «Алла Тағаланың бұйрығынсыз адамның басынан бір тал шаш та түспейді, бір тал шөп те сынбайды», – деп айта беретініндей ақын: «Себебі шайтан азғыру, Әзәлдә жазған іс еді…Қалауы болды Құданың», – деп бұл істің шешуін құдіреті күшті Алла Тағаланың өзіне, Ол жазатын тағдыр тақтасына сілтейді. Қазақтың діни ойшыл ақынының өлеңіне қарап мен де ойлаймын-ау өзімше, сонда Құданың қалауы Адам Ата мен Һауа Ана ұрпағының Жер бетінде өрбуі болғаны ғой, сондықтан да Ол қасиетті Жер Анаға айналған және Адам Ата, Һауа Ана ұрпақтары Алла Тағалаға үнемі күнәһар көңілде тірлік кешіп, төмен жүзді, құлдық бейілді болып, кешірім сұрап құлшылық етіп өтуі… Иә, бұл – құдіреті күшті бір Алланың қалауы… Иә, Бір Алла тағдыр өзіңнен…

Сапарбек СӘРСЕНҰЛЫ,

Түркістан қаласы

Жалғасы бар…

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button