Назым сөзТаңдаулы

НАЗЫМ СӨЗ

 

НӘЗИРА БЕРДАЛЫ

ГАРМОНИЯ

Күн батты.
Ақшам уақыты.
Кеудемді күй кернесін кеп!
Күй тыңдап, мен жылап тұрмын
«Әрқашан Күн сөнбесін…» деп.
Күннен Сен жақынсың, Раббым!
Күнді де жарық қылған – Сен!
Бәлкім, Сен – ақынсың, Раббым?
Жерді де ғаріп қылған – Сен.
Мәңгілік Күнді айналдырып,
Кете алмас ғашық еткен Сен,
Біздерге, төзе алмас ек-ау,
Осындай қасірет берсең!…
Жер беті – ғаламат майдан,
Сен ғана сақтаған жанын,
Майданға аттанған(дар)дың…
Жер беті – мұң менен кайғы…ң…
Қайғымды азайтшы, Раббым!
Түннен соң таныңды атыр,
Күніңмен жылыта бер де,
Бір саған тәуелді пақыр
Пендеңді ұмыта көрме!
Бұл әлем шектелмес Жермен,
Жердегі гұмыр бір – фәни…
Шын әлем – Сен сыйған кеудем,
Шын әлем – Сен сүйген нәби!
Күн батты.
Ақшам уақыты.
Жас болып тамдым сағаттан…
Шын  әлем – екеуміз, ЖАНЫМ!
Әлемді БІЗден жаратқан…

ҚАЙДАСЫҢ

Алладан тілеп бозала таңда-ай,
Асыға күткен мені апам.
Асырап-бағып балапан қаздай,
Алқатып күткен шері атам.
Қалжама, ұлдай, ақ қошқар сойса,
Еншіме атап көк атан,
АқшаХАН қызын Ақжүніс қойса,
Назира қойған ЕрмаХАН.
Ертегі тыңдап, ерке өскен болсам,
Ойлашы, кімнен қорқармын?
Түсімде келіп тұратын мың сан
Тарланға мінген Ер Тарғын.
Өрмекті жүрдім өлеңнен тоқып,
Қағазға қалды ол жазылмай…
Өзіңді бір күн келер деп тосып,
Қамбарды күткен Назымдай.
Асуды бермей жайбасарларға,
«Айқын» деп сендім, – «келерің».
…Ауызы жалын айдаһарларға
Құрбан ғып тосты мені елім…
Өрмек қып өрген тынысым – өлең,
Өзіңді күткен жол қалды…
Қырық құлаш алмас қылышыңменен
Құртқаны құтқар, Қобыланды!
У-сөзден егер уланар болсаң,
Жаныңды сүтпен сақтармын
Шын сөзім осы, иланар болсаң,
Сырымды саған ақтардым.
«Батырдың жары – осы» дегізіп,
Атырам алдан ақ таң, Күн!
Қысыр қулықты қырық күн емізіп,
Тайбурылыңды баптармын.
Еңіреп туған ер болсаң егер,
Еліңнің қамын жырларсың!
Бір хабар берші, бар болсаң егер,
Мұңайды гүлдей Гүлбаршын.
Заманда бейбіт, өмірде – думан,
Көрінер жырым жарты аңыз…
Жиделі-Байсын жерінде туған
Қай жерде жүрсің, Алпамыс?…
Мұратқа жетіп кейіпкерлері,
Ертегі бітер ақырын…
Ертегі ғана кейіпте ме едің,
Қайдасың, менің БАТЫРЫМ?

ГҮЛ СИЯҚТЫМЫН…

Гүл сияқтымын…
Бөлме гүлі.
Топырағым – көзеде.
Терезеден телміретінімді,
Өзімді-өзім сендіретінімді
Күндердің бір күнінде кезігеміз деп,
Анау Күнім сезе ме?…
Жапырағымды тосып сәулеге,
Жылу ала алмай
Жаным әуреде.
Жаным – аласапыран.
Жаңаша тұрам,
Жанарымды жұмып қарап жарыққа,
Мен – гүл сияқтымын.
Тәнім топырақ-табытта…

 

БОЛАМЫН КҮНГЕ  ШЫН ҒАШЫҚ

Көңілімді – мұң,
Сенімімді – түн басып,
Болғам жоқ әлі Күнге шын ғашық.
Жүз қадам артқа шегініп,
Алдыға қарай бір басып,
Болғам жоқ Күнге шын ғашық.
Қарашы Күнге!
Жанарында оның тұр ма шық?
Бұл – жауапсыз махаббат.
Болғам жоқ оған шын ғашық.
Күннен тусам,
Мұнша суық болар ма ем?!
Күнді сүйсем,
Бәйшешектей солар ма ем?…
Күнді сүймей,
Кімді сүйгем, Тәңірім?
Жүрегіме қонар ма ем?
Жүрегіме, арқалаған ар жүгін…
Бір өзіңе арнайтұғын жан гүлін
Маған неге бұйыртпадың, Тәңірім,
Күнбағыстың тағдырын?
Сонда мен де сәулеңменен сырласып,
Жермен бірге жылуыңнан ұрласып…
Болар ем Күнге шын ғашық,
Боламын Күнге шын ғашық…

О, ӨМІР!

Көп көргеннен сұрармын,
Көп белеске шығармын.
Кей сұраққа келгенде
Күмілжумен тынармын…
Көрінгенге ұнармын,
Күйінгенде…жылармын…
Күлермін…
О, Өмір!
Мен өзіңе құмармын.
Мен өзіңе іңкәрмін –
Жапырағы жыр-талдың!
Жазылмаған хаттарды
Жүрегімде жыртармын…
Әр деміңді сезініп,
О, Өмір!
Сені мәңгі шырқармын.
Ән ғып сені шығардым,
Гүл ғып сені жұлармын…
Фәниге екі келмеспін,
Бақида екі туармын…
О, Өмір!
О, Өмір…
Сені қашан ұғармын?…

АҒА

Жүректі тілгілесе пышақтай мұң,
Сіз үшін түк емес-ау «ұсақ» қайғым!
Өмірді іңкәрлікпен өле сүйген,
Мен Сізді ешкімге де ұқсатпаймын.
Жақсылық әкелсін деп келер ай, күн
Сыртыңыздан дұға ғып,
Қасыңызға тым жақын келе алмаймын.
Адамзаттың барлығын сүйесіз Сіз,
Ал мен Сізді ешкімге бере алмаймын…
Көңіліме ұя салған қарлығашым,
Сен мәңгісің,
Сен мәңгі бар боласың!
Тағдыр атты тар жолда мың сүрініп,
Тағы да Сізге келем арып-ашып,
Менің Сізге, себебі, жаным ғашық…
Жаным, мейлі, жаншылсын,
Бола берсін басымда ұсақ қайғым!
Қазақтың Рухы болып Сіз тұрғанда,
Сіз тұрғанда мен қалай ұсақтайын?…

АЙТҚАНЫМ, АНА, ӘН БЕ ЕДІ?

Айтқаным, Ана, ән бе еді?
Арманым асқар тау ма еді?
Сол таудан бүгін құладым, Ана –
Жер бетінде ұстап тұрған жан мені…
Соғылды тасқа басым көп,
Жүрекке тұнған жасым көп,
Бірақ та, Ана, сен барда
Жылауға менің хақым жоқ.
Қирады айна-сезімім,
Қалмады тағат-төзімім.
Ал мен сен үшін
Жердегі көлеңкесімін бақыттың,
Бәлкім…бақыттың өзімін…
Сол үшін әлі тірімін…
Сендік өмірдің гүлімін,
Өзің сыйлаған жарық әлемге әлі ғашықпын,
Жан-Ана!
Әрі сәулелі, жылымын…
Жылымын, әлі әлемді талай жылытам!
Алдымнан күліп атар да менің жылы таң…
Мейіріміңнің тал бесігінде тербеліп,
Тәтті әндер тыңдап өскенімді қалай ұмытам?

Айтқаның, Ана, ән бе еді?
Арманым менің бар ма еді?
Бауырыңа басып, маңдайымнан иіскеші,
Жер бетінде ұстап тұрған жан мені…

 

 

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button