Гүлжазым

Ибрагим Исаев, ақын: Сезім – тіршіліктің құнды құпиясы

Сезім деген – сені бір сөзің жетпейтін, көзің жетпейтін жұмбақ күйге жетелейтін жан құбылысы ма деймін. Адамды қуаншқа, құштарлыққа, құмарлыққа жетелейтін де сезім сияқты. Бірақ сол сезім барлық адамда бірдей болмайды – ау. Біреуде мол, біреуде кем соғып жатуы мүмкін. Жалпы , сезім – жан нәзіктігінің нышаны.

Адам неғұрлы қатқылданған, қаталданған сайын, сезім солғұрлым азая беретіні анық. Сезімнің мол ұясын, негізінен, шығармашылық адамдарының бойынан табуға болады. Бірақ бұл да қатып қалған қағида емес. Адамның көңіл-күйі мен сезімнің арасындағы байланысты тағы ұмытпаған жөн. Көңіл күйсіз жасалынған істі –  сезімсіз жасалынған іс деп бағалағанымыз дұрыс шығар. Кейде бір жақсы әнді нақышына келтіріп жеткізе алмаған әншіні «сезімсіз айтты» деп жатамыз. Кейде бір қарабайыр жазылған шығарманы да «сезімсіз жазылған екен» дейміз. Демек, сезім адамның жан дүниесіне бағынышты емес, қабілетің, күш-қуатың сезімнің алдында әлсіз. Әйтсе де, қазіргі заманда адамдардың бойынан сезімнің жоғалып жатуы – заңдылық. Электроника мен экономика жаулаған кеудеден сезімнің ұясын іздеудің өзі – артықшылық. Сезім азайған сайын тыныштық пен туыстық та әлсірей береді.

Сезім – тіршіліктің ең бір қасиетті де, құнды құпиясы.

Ал енді шығармашылық адамының, оның ішінде ақын сезімі жайлы не білеміз? Ақынның сезімтал екені рас. Бәрі бірдей емес, әрине. Сезіммен жазылған дүние жаныңды үйіріп алып кетеді. Сол сезімнің шырмауына өзіңнің де қалай түсіп қалғаныңды сезбейсің. Мысал керек пе, жетеді. Төлеген Айбергеновтің көп өлеңдерін оқып отырып, бұл ақынның тұла бойы тұнған сезім бе деп ойлайсың. Не деген тіл жетпейтін теңеулер мен иірім, ырғақтар. Тұманбай ағамыздың жырларында да сезімнің небір әсем сәулелері шағылысып жатады. Сырбай көкеміздің тіршіліктегі табиғатына сыйыспайтын сезім сәулелері «Ақ түн», «Құлын», «Сен мені ойладың ба?…» сынды кей өлеңдеріне керемет бір сиқырлы суреттерді көз алдыңызға әкеледі. Сағи Жиенбаев та солай. Тізе берек, бұл тізім де біразға барып қалады. Кейде маған сезімді өлеңмен өрнектеу тек қана қазақ ақындарына ғана тән сияқты болып көрінеді. Мүмкін басқа тілдерді білмеген соң маған солай шығар.

Өз басымда сезіммен жазылған дүниелерім бар сияқты. Әдебиетке жаңа келген жас емеспін ғой, көзі қарақты, көңілі ояу оқырман танып, тауып оқып жүрген болар. Ол жағын сол өлеңсүйер қауымның толғамы мен таразысына қалдырайын.

Жазып алған Гүлжаз ҚАРЫБЕКҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button