Сахна сөзТаңдаулы

АЛАМАН ДОДАНЫҢ АСАУ ЖҮЙРІГІ

 

 

Айтыс десе делебесі қозып, ішкен асын жерге қоятын қазақ аламан доданың кіл жүйріктері «атқа қонғанда» тақымын қысып отырады. Әйтсе де сол жүйрік атаулының барлығы бір төбе де, шашасына шаң жуытпайтын асау арғымағы – Балғынбектің өзі бір төбе.  Ел оның әр айтысын асыға күтіп, «Шіркін, Балғынбектің әзілін-ай», «Мәссаған ол бүгін Айнұрды айнытпай келтірді ғой», «Сен оның орысша айтысын айтсаңшы?!» деп біраз уақытқа дейін қауқылдасып, алған әсерлерінен арыла алмай жүреді.  Ал егер «бұл айтысқа Балғынбек шықпайды екен» десе, ол қазақ үшін «айтыс болмайды екен» дегенмен бірдей.  Сөйткен Балғынбек кім? Ол қалай айтысқа келді? Оның басқа айтыскерлерден ерекшелігі қандай дегенге тоқталып көрейікші.

 

 

«Балғынбек-шоу»

 

Еуропада «театр одного актера» деген бар, яғни, бір өзі бір театр адам. Айтыс та театр секілді синкретті өнер. М.Әуезовтің айтқан сөзі бар, «айтыс – дала театры» деп. Суырып салмалық, әртістік қабілетті бір адамның бойына жинайтын өнер. Кешегі Шашубай ақынның құйрығымен сырғанауын, Нартай ақынның бригадасын ертіп концерт қоюын өз заманындағы театрландырылған шоу десек болады. Осы айтылған қабілеттер бір адамның бойынан табылса, халықтың жадында сақталады. Осы тұрғыдан келсек, Бір ғана Балғынбектің өзі – бүтін бір театр деуге әбден болады. Ән керек пе, әзіл керек пе, салмақты ой керек пе, салиқалы сөз керек пе, аспапта ойнау..бәрі-бәрі бар онда. Шыны керек, Республика сарайы толы халықты әзіл кештерінде бірнеше адам жүріп күлдірем деп «бүлдіріп» алатын жағдайлар жиі кездеседі. Ал, нағыз ақын бір өзі аспапта ойнай отырып, ойын «жігін шығармай» халыққа әдемі әуенмен жеткізу арқылы миллиондаған халықты аузына қаратуы керек.

Айтыс –дала мінбері, сахнадан отырып ақын күйіп тұрған мәселеден күлкі де туғыза алады, елдің мәселелерін де жырлай алады, тарихты да толғай алады, халықтың көңілін бірде құзға шығарып, бірде құлдиға түсіреді. Айтыс деген өнердің ішіндегі ең қиыны, ақынның әр сахнаға шығар алдындағы жүрек толқынысын ешқандай сезіммен салыстыруға келмейді. Сондықтан, қазіргі айтыста көркемдік қуат та мықты, әзіл де, ән де, сән де, салихалы сөз де бәрі бар.

Әсіресе әзіл-қалжыңға келгенде жұртты қыран-топан күлкіге қарық қылатын ол бала кезден айтыспен «ауырған» екен. Қалжың, шымшыма, әзіл-сықақ әңгімелер мен өлеңдерді газет-журналдардан іздеп жүріп оқыған. Тіпті «Деген екен…» сериясымен шыққан кітапшаларды қалт жібермесе керек. Сондай-ақ жүрген жерлерінде естіген анекдоттарын жаттап жүреді екен. Яғни, оның қалжыңының өзі құрғақ сөз емес, үлкен ізденістен туған негізі бар дүниелер. Өмірдің өзі ақ пен қара түстен ғана тұрмайтынын ескерсек, Балғынбектің анекдоттары мен қағытпалары  көрерменнің көңілін көтеріп, айтысқа айрықша әр береді. Ол бір, екіншіден Балғынбек қалжыңмен қағытып отырып-ақ талай ақиқаттың бетін ашады. Яғни, мақтап отырып-ақ мақтамен бауыздайды деуге болады. Алайда, Балғынбек бүгінде байсалды бола түскен. Оның себебін өзі «Орынды қалжың болса, жөні бөлек. Ал, бос күлкі жүректі қарайтатынына әбден көзім жетті. Қазір күлсем – бейғамдыққа, надандыққа, ашкөздікке күлемін. Рахаттанып емес, ызадан күлемін» деп түсіндіреді. Белгілі сатирик Көпен Әмір-Бек ағамыз айтпақшы, «күле білу – өмір, күлдіре білу- өнер» дегендей, Балғынбек Имашев үшін әзіл-сықақ жай «қысыр сөз», арзан күлкі емес, кәдімгі құдіретті құрал.  Оған ақынның айтыстағы сатира мен юморды ғылыми тақырыбына негіз етіп алып, диссертация қорғағаны дәлел бола алады.

 

 

«Мақамдардың мастері»

 

Сөздің көркі мақал болса, айтыстың көркі – мақам. Бұрындары ақындарды мақамы арқылы қай өңірден екенін танитын болса, бүгінде мақамның функциясы аздап өзгерген. Жалпы, ақындар айналасы бес-алты мақамнан шыға алмай жүргенде, Балғынбек ол жағынан тапшылық көрген жоқ.

Керісінше, мақамды мың құбылтудың шебері атанды. Әуелі айтысқа енді келген кезінде ол Айтақын Бұлғақовты пародия жасады ма, әлде өзіне сол мақам жылы ұшырады ма екен, әйтеуір аға буынға жақсы таныс «хайләйлім, хайлім, хайлайлім-ай» деп екі иығын қозғалтып, аяғымен жер тіреп айтысатын. Бірақ бара-бара Балғынбек хитқа айналған әндердің әуеніне салып айтысатын болды. Онысы көрерменнің көңілінен шыққаны сонша, жұрт тіпті «Балғынбек бұл жолы қандай мақаммен айтысар екен?» деп баратын болды. Бірде ол Қайрат Нұртастың «Мейлісіне», бірде «Ауырмайды жүрегіне» салып айтса, келесіде басқа бір хит әнге сала қояды.

Таяуда ғана белгілі айтыскер, Балғынбектің байырғы жұбы Айнұр Тұрсынбаева өзінің сахнада 25 жыл толуына орай шығармашылық кешін өткізген болатын. Сонда тізгінді өзі ұстаған Балғынбек өлең жолдарын бүгінде хитқа айналған «из 90» әніне салып айтып, жұрттың көңілін серпілтіп тастады.

«…Жүрсіннен бөлінді топ бала,

Ішінде Айнұр бар, опана.

Одақтан мені, Шығарып таста,

жаланы Жүкең жабады босқа.

 Сақалға бола сектаға қоспа.

Біз ханафимыз из девяноста!«, – деп өлеңдетті ол.

Және ең қызығы шығармашылық кеште ол Айнұрға жылан сыйлады. Оған ел де, Айнұрдың өзі де аңтарыла қарап еді. Балғынбек дереу тағы да сол

«из 90» әнінің мақамына салып:

Жыланнан қорықпа,

денеңді бос ұста,

сыйлықты саған,

бермедім босқа.

Айнұрды мәңгі,

баладым досқа.

Бұл менің кобрам,

из девяноста! – деп әдеттегідей сарказммен іліп әкетті.

Тағы сол кеште Балғынбек сонау 90 жыдарға шолу жасап:

Ол кезде Мэлс Оралдан еді,

Дәулеткерейлер оралман еді,

Айтыстың сәні Ақмарал менен

Кәрима апам, Оралбай еді.

Аманжолдарда мақам боп еді,

Мұхаммеджанда сақал жоқ еді,

Бекарыс киллер аттанған еді,

ал Серікзатта атақ жоқ еді», – деп әдемі әзіл-қалжыңмен айтыс тарихын өрді де берді.

 

Тағы бірде Жандарбек Бұлғақовпен айтысқан кезінде Балғынбек Алматы жайлы толғанысын «О, қала» әнімен жеткізді:

– О, қала,

Қонаев салған қала,

Қып-қызыл алмаң қайда?

Жап-жасыл баулар қайда?

Сыймады-ау тар маңдайға.

 

О, қала,

Тоналып қалған қала,

Жеп кеткен байлар қайда?

Шетелде тайраңдай ма?

Үкімет ойланбай ма?

 

Жалпы, өзінің неліктен айтысты танымал әндерге салып айтатыны жайлы ақынның өзі былай дейді: «Біз айтыста танымал әншілердің орындауындағы әндерге салып айтқанда, оларға жарнама жасайын деп жатқанымыз жоқ, мақсат-керісінше, олардың танымалдылығын («хит» дейді ғой) пайдалана отырып жастарды айтысқа тарту, түрлі жаңашылдықпен қызықтыру» деген сөзінің жаны бар. Келешекте жас айтыскерлердің шеберлігін ұштап, айтыс барысында тек заманауи әндер ғана емес, ескі халық әндерін қара өлең формасында қосып, сарынды да түрлендіріп отыруға машықтандыру керек. Бірақ, көркемдік деңгейін түсірмей әрине. Айтыс – синкретті өнер. Сондықтан әр айтыскер өз бойындағы ерекше қасиеттерін ұтымды пайдаланып, өз орындарын тапса, өз мүмкіншіліктерін көрсете білсе, бір – біріне ұқсамайтын стильдер қалыптастырса, көрермен де, тыңдарман да разы болар еді. Ал, ол үшін дәл осындай іс – шараларды жиі ұйымдастырып тұру керек».

Яғни, әзілдеп отырса да, Балғынбектің әр сөзінің түбінде зілді ой жатады. Ол айтысқа шығып жүрген отыз жылға жуық уақыт аралығында талай шындықты тайсалмай, тіліп айтқан ақын. Ол – ешкімге жалтақтамайтын турашыл ақын. Ол ешқашан ешкімнен жеңіліп көрмеген ақын. Шын жүйрік. Ол тапсырыспен ән жаза алмайтын шын өнердің өкілі. Эстрада мақамына салып айтысса да, дәстүрлі әндерді сүйіп тыңдайтын нағыз ұлтжанды. Ол үшін ең басты құндылықтар әуелі Алла, сосын иман, одан соң Отан!

Мәриям ӘБСАТТАР

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button