Қоғам және бізТаңдаулы

ОМАР ЖӘЛЕЛҰЛЫ: «САТЫП АЛҒАН САРҒАЛДАҚТЫҢ САБАҒЫ БАЛ ТАТИДЫ»

 

 

         Омар Жәлелұлы,  «харекет» сөзін қоғамға енгіздіңіз. Жақында «Жақсы» кітабыңыз жарық көрді. Халық арасында сұранысқа ие кітаптардың біріне айналып үлгерді.  Семинар-тренинг қазаққа керек пе? Керек емес дейін десең аудиториясыз қалып жатқан тренер жоқ. Қаптаған тренингшілерден көз аша алмай қалдық, белгілі формасы да жоқ, баға да әртүрлі… Осыған қарап қазақ рухани ашыққан дейміз бе?

 

ОМАР ЖӘЛЕЛҰЛЫ:  Жалпы XXI ғасыр  тренингтердің заманы. «Трайнинг» деген сөз  ағылшын тілінен аударғанда педагогика деген мағынаны береді екен. Қазақ Ұлттық университетінде бір профессор визиткасын берген, сонда «воумен найшнел трайнинг университи» делінген.  Тренер үйретуші.  Бізде тренинг деген кезде көп адам ол сөздің байыбына бармайды.  Тренер үйретуші, педагог.  Бұрынғы дәстүрлі білім беру жүйесі жеткіліксіз болғандықтан адамдар одан өзінің керегін ала алмай отыр. Иә, неге аудитория толып жатыр дейсіз,  адамдар қазір альтернативті білім көздерін іздеуде. Мысалы тренинг дегеніміз бұл альтернативті білім беру жүйесі. Енді қазақта тренинг көп болып кетті  ме, аз болып кетті ме дегенде жалпы мынадай бір нәрсе бар. Қайшылық қайдан пайда болып жатыр. Қазақ орыстың отарына түскеннен кейін білімді бағалауды доғарды. Қазақтың бәрінде ақыл сатылатын бұрын. Мысалы, бай мен бала келе жатыпты, ақыл сатамын аласың ба? депті деп басталатын ертегілер өте көп. Сонда қазақтың өзі айтады «Ақылың жетпесе, ақыл сатып ал» дейді. Ал енді Абайдың заманында ақылды тегін берсе, алмайтын заман келді. Ол халықтың деңгейінің төмен түсіп кеткенін білдіреді. Тіпті Абай айтады ғой «Қазақтың деңгейінің төмендегені сондай ұялмас ақы тілеуге» дейді. Тыңдағаны үшін ақы тілейтін қазақ пайда бола бастады дейді. Қараңыз, бұрын қазақ ақыл сатқан, одан кейін тегін қабылдайтын кезең болған, ол да енді біршама жақсы кезең әйтеуір ақылыңды тыңдайды.  Қазақтың руханияты тіпті төмендегенде ешқандай руханият қажет етпейтін адамдар, ақыл айтсаң міндетсіп, ей мен сенің ақылыңды тыңдап тұрмын ғой, соған ақыр бер дейтін деңгейге жетті дейді ғой.   Тәуелсіздік алғаннан кейін сол бұрынғы қазақтың өзінің ежелгі ақылы  ол сатулы болуы керек. Неге? Өйткені қазақ айтады: «Тегін нәрсенің қадірі болмайды» дейді. Осы оңтүстікте естідім мен, Шымкентте бір құдалыққа барғанда құдаша айтты: «Сатып алған сарғалдақтың сабағы бал татиды» деді.

(күлді)

Сондықтан тренинг не үшін ақылы болу керек, тренингке келген адам өзінің нәпсі барьерінен өтіп, соны жеңіп рухани азық алуға дайын тұрады. Ақша төлеу дегеніміз, нәпсісін жеңу деген сөз. Өйткені нәпсісі күшті адам тренингке келмейді. Құрысыншы ол жерге барып біреудің бірдеңесін тыңдағанша ресторанға барып тамаққа тойып алайын немесе бір көйлек сатып алайын дейді. Өз ақылым өзіме, керек емес дейді. Сонымен ол ақы дегеніміз адамның нәпсі барьерінен өтуінің алғы шарты. Мысалы Шамиль Аляутдиновтен сұрайды ғой неге сіздің тренингтеріңіз ақылы деп. Сонда ол айтады «Кешіріңіз, сіз Түркияға бару үшін дайындаласыз, ақша жинайсыз. Ал енді мынау тренингке келу үшін де адам дайындалуы керек» дейді. Ақша жинап, бірдеңеден үнемдеп, сонда дайын болсаң анау білім сіңеді» дейді.

 

Қазір қоғам екіге жарылды. Тренингке баратындар, бармайтындар және барғандарды сынайтындар.  Жалпы Ресейде, басқа да елдерде семинар-тренингке жылына екі рет қатысу қалыпты жағдай. Біз неге шошып жатырмыз?

 

ОМАР ЖӘЛЕЛҰЛЫ:  Американың 250 ден аса штаты бар.  Ғалымдар зерттеген екен тренингті белсенді өткізетін штаттар тез дамып кетіпті. Тренингке немқұрайлы қарайтын штаттар дамымай қалған екен. Сонда тренинг деген адамның қозғалысқа түсуі. Біреуді үйретіп, біреуді қинап әкелудің қажеті жоқ тренингке. Өйткені Мәшһүр айтады ғой «Өмір өзі үйретпеген жаманды, үйретем деп әуре болма» дейді. Ол тренингке ізденістегі адам келеді, өмірден соққы жеген, қиналған, адасқан, бір сұрақтардың шешімін таба алмай жүрген адамдар келу керек. Талаптанған адамдар келеді. Талапсыз адамға түкке керегі жоқ ол тренингке келудің. Өйткені Абай айтады ғой: «Білімдіден шықққан сөз талаптыға болсын кез» дейді. Іздегенге сұраған, іздеген адам ғана келу керек тренингке. Сонда мынау ақы төлеу сенің бойыңдағы немқұрайлылықты, нәпсіңді, бойкүйездікті жеңудің параметрі.

 

 Форматы, ақысы әртүрлі бола берсін дейсіз ғой…

 

ОМАР ЖӘЛЕЛҰЛЫ: Бола берсін. Адам әртүрлі, өзінің шамасына қарай барады ол тренингке. Ал шын мәнінде бұл инвестиция ғой. Әрі беріден соң сол тренингке жұмсалған ақша, ертең саған еселеп қайтады. Өйткені қазақ айтады «Ал мәнісін білмеген бер мәнісін білмейді» дейді.  «Берсең аласың, ексең орасың». Ал біз нәпсінің жетегіндегі біраз бөлігіміз тек қана ала бергіміз келеді. Олай болмайды, бірінші алу үшін беру керек.  Әйтпесе «алма піс, аузыма түс» деп жатуға болады, жатқанға жан жуымайды. Өзі сол тренингке бармайтын, кісі ақылымен бай болғанша өз ақылыммен жарлы болайын деп жүргендер ертең олар сүрініп қабынып жұрттың артында қалған кезде, маңдайлары тасқа тиген кезде өздері келеді тренингке. Бірақ  маңдайына тимеген, әлі қадіріне жетпеген адамды сүйретіп әкелудің ешқандай қажеті жоқ. Неге? өйткені олар дайын емес. Қазақ айтады ғой «Сүйреп салған тазы түлкі алмайды» дейді. Мысалы сіздерді ешкім зорлаған жоқ, өздеріңіз бардыңыздар. Неге, өйткені сіздер өздеріңіздің нәпсілеріңізді жеңіп, зона комфортадан шығып, рухани сапарға шықтыңыздар.

 

 

 

 Рухани сапар деп қазақша атау қойсақ та болады екен, иә?

 

ОМАР ЖӘЛЕЛҰЛЫ: Болады, болады рухани сапар деуге. Енді көрдіңіз бе, мысалы бизнес үйрететін жерлерге рухани сапар деп айта алмайсың. Маған келеді. Менікі дәріс, рухани дәріс қой. Жан, адамның жанын тірілтуді үйрету.

 

 Алғашқы сұраққа қайта оралсақ, «Жақсы» сөзінің қоғамға енуіне бір кітап пен семинар аздық етпей ме?

 

ОМАР ЖӘЛЕЛҰЛЫ:  Мысалы харекеттің енуі үшін бір кітаптың шығуы жеткілікті болды.  Харекет деген кітап шықты, идея тарай бастады. Айтуға оңай Харекет болып өзгерді, Харекет деген қор құрылды қазір.  Халық жаппай бұрын «Айтуға оңай» деп қарап тұратын адам, өзіңнің сөзіңді тосып, өз бидайыңды өзіңе қуырып беріп тұратын адам қазір харекет ет деп айтатын болды. Үлкен жетістік бұл. Қазір халық түсінді. Харекет етпей, Алладан берекет жоқ екенін түсінді. Енді жақсы сөзі не үшін керек дегенде жақсы болу да өзіңнен, жаман болу да өзіңнен. Яғни элитный өмір сүру үшін жақсы ой ойлау керек, элитный ой ойлау керек, жақсы элитный сөз айту керек және жақсы іс істеу керек. Жақсылық деген не, жақсының өмірі ол жақсылық. Жақсының қасында ғана жақсылық жүреді. Ал жаманның қасында жамандық жүреді.  Жақсы болудың пайдасы қандай? дегенде жақсы адам, элитный адам ешқашан ешкімді кінәламайды. Қазақ айтады: «жақсы ісінен көреді, жаман кісіден көреді» дейді. Сонда жақсы деген кім? Өзінің нәпсісін жеңген адам. Нәпсісін жеңе алмаған, сол өзінің атаққұмарлығын, өзінің мансапқұмарлығын жеңе алмаған адам жаман болып кетеді. Бірақ енді бұл жерде мынадай бір мәселе бар. Жаман жақсы болып кете ме, кетпей ме деген кезде мысалы біздің қазақта мынадай көзқарас айтады. Адамның жақсы болуы, жаман болуы неден? деген кезде  «ол туысынан» дейді. Сонда бұл жерде неге айтылады бұл әңгіме? Баланы жақсы қылып туу керек, түсінесіз бе?  Баланы жақсы қылып туу керек, өйткені қазақ айтып отыр ғой «есекті баптағанмен ат болмайды, жаманды мақтағанмен жақсы болмайды» дейді.

 

 Енді қайттік?

 

ОМАР ЖӘЛЕЛҰЛЫ: Мысалы адам туа бітті жаман болса, сен оны қанша тәрбиеле болмайды. Өйткені қазақ айтады «Қара қойдың терісін сабындап жусаң ағармайды» дейді.  Мәшһүр Жүсіптің бір сөзі бар, қатты айтады ол кісі: «Өлі тірілді дегенге сен, жаман жақсы болды дегенге сенбе» дейді. Өлі тірілмейді ғой мысалы. «Тау қозғалды дегенге сен, әдет қалды дегенге сенбе» деп қазақ айтады. Яғни бұл жерде бір-ақ жол бар, жақсы мен жаманды неге айыруымыз керек болды, халықтың сапасын көтеру үшін керек болды. Өйткені жақсы мен жаманды айыра алмайтын адам сапасыз өмір сүреді. Халық та сапасыз өмір сүреді.  Халықтың сапасын арттыратын жамандар емес, халықтың сапасын анықтайтын Жақсылар. Олар ат төбеліндей ғана. Олар өзі көп болмайды, аз болады. Олар сүттің бетіндегі қаймағы, қаймақ аз болады ғой, сүт көп болады. Сорпаның бетіндегі майы дейді. Бірақ оларды сыпырып алсаң тобыр қалады. Жақсы деген ол мемлекеттің тактикасы мен стратегиясы, элитасы. Элитасыз ел болмайды. Неге біз бұл әңгімелерді айтамыз? Адам егер өзі жақсы болуға ұмтылса, жақсы болады.  Мысалы, өзі жақсы, жақсыдан туған, бірақ өз өзін дамытпаған адамдар болады. Білім, өнер арқылы өзін дамытып жақсыға айналса, кейіннен Алла қаласа ол жақсыдан жақсы балалар туады. Жақсы болу да өзіңе байланысты, жаман болу да өзіңе байланысты. Адамға Алла тағала екі жол ұсынып отыр: «Мына жолмен жүрсең жақсы боласың, мына жолмен жүрсең жаман боласың» дейді.

 

 Тренингтердің  аншлагпен өтіп жатқанына қарап, қоғамға қандай баға беруге болады?

 

ОМАР ЖӘЛЕЛҰЛЫ: Қоғам ізденіс үстінде. Даму үстінде. Өйткені Шәкәрім айтады: «Қозғалмаған нәрсе көшпейді, көшпеген нәрсе өспейді» дейді. Біздің жанымыз қазір ізденіс үстінде.  Тәннің айтқанына көніп, өзінің сызып қойған шеңберінде жүре берсе, жан ешқашан дамымайтынын түсінді. Қазақтың жаны өзіне өзі жасап алған «комфортная зонадан» шығуға талпыныс жасап жатыр.

 

 Сөзіңіз аузыңызда, тренингте әйелдер туралы көп дүние айтасыз.  «Жақсы» кітабының ішінде де «Қазақ қоғамындағы әйелдің кешегісі, бүгінгісі, ертеңі» деп жақсы айтылған екен. Мысалы жақсы ойлайтын білімді келіншектер, «қатындар» сіздің тіліңізбен айтқанда, үлкен істермен айналысып жүр.  Жалпы  белсенді әйелдер қоғамға  керек пе?  

 

ОМАР ЖӘЛЕЛҰЛЫ: Сіздің негізгі  міндетіңіз  дүниеге ұрпақ әкелу және сапалы ұрпақ әкелу. «Жаманның барынан да жоғы жақсы» дейді. Сапалы ұрпақ әкелуіңіз керек, сол сапалы ұрпақты жақсы қылып тәрбиелеу Сіздің қолыңызда. Сіз мысалы жұрттың бәріне уағыз айтып, өзіңіздің балаңыз қараусыз, тәрбиесіз болып өссе, онда сіздің еңбегіңіздің еш кеткені. Сонда негізінен әйел адамның ең  негізгі жұмысы дүниеге дұрыс ұрпақ әкеліп, соны жақсы қылып тәрбиелеу. Әйел адам завод сияқты…

 

 Әйел өзі оқымаса, ізденбесе қайдан жақсы бала тәрбиелей алады?

 

ОМАР ЖӘЛЕЛҰЛЫ:  Сол баланы тәрбиелеу үшін іздену керек. Әйелдік жанын сақтап қалу, иманын сақтап қалу білім ғой ол? Ақылын сақтап қалу, онан кейін малды көбейту. Ол үшін экономикалық білім болу керек әйелде. Еркектің тапқан малын екі ету керек. Ол тек қана әйелдің қолынан келеді. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дейді. Бала тапқаннан кейін дейді, Мағжан айтады мысалы: «Қазақтың әйелдері баланы туады да, бесікке бөлеп, қыдырып өсек айтып кетеді» дейді. «Содан баланың аузына шыбын тышады,  бала іші кетіп өледі» дейді. Сосын қазақтың надан әйелі: «не істейін енді, құдай өзі берді өзі алды» дейді» дейді. Немесе қазір надан әйелдер ұйықтап жатып баласын таптап өлтіріп алып жатыр. Неге? Көрдіңіз бе, баланы дүниеге әкелгеннен кейін оны өсіріп бағып, адам қатарына қосу үшін де үлкен білім керек. Педагогикалық, дәрігерлік, психологиялық, сан салалық, соның бәрін меңгеру керек әйел. Сіз  қазір бір кітап жазарсыз. Ал кітап деген немене ол? Сен тірі адамды дүниеге әкеліп жатырсың, ол шығармашылықтың шыңы. Сапалы бала туып, тәрбиелеген ана ол ең құрметті, ең пайдалы, ең зор іс істеп жатқан адамдар. Оның ісі президенттің ісінен де артық түсінесіз бе? Өйткені президентті де дүниеге әкелетін ана ғой. Ғабит Мүсірепов айтады: «Ең жаман деген әйелдің қолынан дүниеге адам әкелу келеді» дейді. Ең супер еркек бұны істей алмайды. Содан ол мен жұмыс істеймін дейді, сонда не бала туу жұмыс емес пе? Жұмыстың көкесі ғой ол. Бала тәрбиелеу жұмыс емес пе? Ерін күту жұмыс емес пе? Үлкен жұмыс негізі. Өйткені қазақ айтады «Босанған әйелдің бір аяғы көрде, бір аяғы төрде» дейді. Қиналыстың шегіне жетеді. Босанған әйел неге әулиелік деңгейге жетеді? Өйткені өлім аузына барып келеді екен. Сонда қазақ айтады екен «Тыныштықтың қадірін толғатып, бала тапқан әйел біледі» дейді. Тыныштықтың қадірін еркек білмейді екен… «Өмірдің қадірін өліп, көрде жатқан біледі» дейді. Біз өмірдің қадірін білмейміз. Ал әйелге Алла тағала өмірдің қадірін, тыныштықтың қадірін білетіндей мүмкіндік жасап қойған.

 

Әйел өзінің белсенділігін басқа тарапта таныту керек.  Әйелдер дұрыс ұлдарды өсіре алмай жатыр. Негізгі міндетін атқармай жатыр. Қазір қазақ қызын неге оқытады, өйткені қазақ болашақ күйеу баласына сенбейді. «Бірдеңе болып қалса» дейді, не деген сөз ол? Тастап кетсе, ажырасып кетсе, сол үшін оқытады түсінесіз бе? Өз күнін өзі көреді дейді.  Сенім болу керек. Мысалы Сіз  қызыңызды ана болуға тәрбиелеуіңіз керек. Мал табуға емес, мал табу еркектің ісі. Ал еркек «әйелімді асырау менің қасиетті парызым» деп түсінуі керек. Оны құлағына құятын ана, өйткені бала кімді жақсы көреді соған ұқсап кетеді. Әкесі мың жерден жақсы болсын,  шешесі құрттап отырса құрттап отырған шешесіне ұқсап кетеді. Өйткені ананың махаббаты төсінен, әкенің махаббаты кіндіктен төмен ғана дейді.  Сонда мен өзім ойлаймын сіз сияқты әйелдер нағыз тұлға болатын ерлерді тәрбиелеу керек қой. Өйткені Ер Жәнібек бар ғой, соның шешесі айтады екен:  «Балам, оқ артыңнан тимесін, жалғыз арманым» деп.  «Оқ артыңнан тимесін, қашпа!» деп тұр, сонда қазақтың әйелі батыр болып тұр ғой, көрдіңіз бе? Сол батыр анадан ғана Керей, Жәнібек туып тұр. Ал біздің анамыз не дейді? «Үйде отыр, өлесің шықпа» дейді. «Үйде отыр, амандығың керек маған» дейді, сондай анадан қандай жақсы бала туады? Бойкүйез, үйкүшік, ертең қатынының каблугының астына түсетін бала қылып тәрбиелеп жатырсыз. Ал егер анасы  «Әкең біледі, әкең біліп қоймасын, әкең шешеді» деп ұстап отырса, бала ертең қатынына күші жететін болып өседі. Өйткені «көрген көргенін істейді, көсеу түрткенін істейді» дейді.

 

Гүлжаз ҚАРЫБЕК,

Түркістан қаласы

 

 

 

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button