Қалам-ЖүрекТаңдаулы

ҒАЖАЙЫПТЫҢ ҒАЖАЙЫБЫ!

 

Ана – кімге болсын қымбат  шуақты есім, ғажайып әлем!.. Осы сөзді жоққа шығаратын жан жоқ шығар… Алайда жанында жүргенде оны кім тарқатып, үнемі айтып отырады дейсің… Еуропалықтардың ділі солай болар, олар, бәлкім, «Сіз – кереметсіз, мен Сізді жақсы көрем» деп айтып отырар‑ау, ал біздің мәдениетіміз де, тәрбиеміз де бөлек….

Әрине, анаға ықылас‑құрмет, әнмен, өлең жолдарымен өрілген ыстық сезім арнасы мол. Алайда анаға көрген сайын ағынан жарыла сөйлеп, үнемі «Анашым, сенің мына қасиетің ерекше, дүниедегі дана да, дара да сенсің» деп қайталап айтып отыратын перзент күнде кездесетін құбылыс емес.

Ақын, өнерде өз орны бар досымыз анасына ән шығарып, жүрегі алып‑ұшып Алматыдан Сыр өңіріне аттанады. Анасына шығарған әнін орындап береді.  Сағынышқа толы ән… «Анашым, сағындың ба, кішкентай ақ қозыңды?» деген жолдарды естігенде анасының көзінен мейірім мен ризашылық байқайды. Марқайып, қайтадан Алматыға аттанады. Жатақханаға келгенде жарыса келген хабар анасының қатты ауырып жатқананынан хабардар етеді. Ауылға қайта келген Қойшан дос аяулы жанның ес‑түссіз екенін көреді… Әні, перзентінің әні,  анасының соңғы естіген аққу сазы екен…

Анасын жоғалтқан жандарды көргенде, олардың қайғысы мен тебіренісін жақсы түсінем. Адам уыстан шыққан алтынның бағасын уақыт өткен сайын бағалайды ғой. «Анашым!» деп жүрегі қарс айрылған адам көрсем, «Менің анама еркеле»,  «Менің анамды өз анам деп қабылда» деп айтамын және оны үнемі анама ескертемін: «Анашым, бүгін сенің перзенттерің еселенді», ‑ деп. Анам сабырмен: «Дұрыс болыпты», ‑ дейді және үнемі сұрап отырады. Үйге келсе, әлеуметтік желіде жар саламын, жапырлай амандасып, есендік сұрасқандарға анамның батасы дайын. Тіпті сәлем‑сауқат та атайды, біреуге жүзік, біреуге орамал, өзі өрнектеген жастықшалар мен көрпешелер және т.б.

Анамның амандығы мен осындай қазынаны бұйыртқан Аллаға шүкіршілік етемін. Алайда жоғарыдағыны айтып жүремін деп өтірік айта алмаймын. Себебі анам көзіне мақтағанды ұнатпайды. «Ел кешкен тағдырды мен де кештім» деген қарапайым қағидасы бар. Ал сол ұстанымының артында тұнып тұрған тарих, адам баласы бастан кешетін, жеке адамның маңдайына жазылатын, алайда қоғам мен тарихтың дамуының бір талшығы боп табылатын тағдыр сүрлеуі бар.

Анамның бағасын шынайы берсем деймін…Сонда қалай? Кітап жазып, кино түсіру немесе анамның атын әнге қосу… ол идеялар тың емес қой?…

Тың емес… сонда да болса анам туралы ақтарыла сыр шертуді жөн санадым. Оның жасы да, адами болмысы да, тұлғалық тұғыры да менің қазақ даласына жар салып: «Мен анам туралы айтамын, ал сіздер оны мақтануға тұратын дала қызының тағылымды тағдыры деп қабылдаңыздар!» дегім келеді. Анам арқылы аналар эпопеясын жалғастырмақпын, ол – перзенттік борышым… Мен анам арқылы қазақ әйелінің, қазақтың дана әйелінің келбетін көрдім: яғни ол қарапайым да қайсар, қасиетті де құдіретті аналардың жиынтық бейнесін беретін кейіпкер…Бәлкім, бұл менің ұлылыққа тағзымым. Анаға арнайтын ұлы дүниемнің бастауы болар?…

 

Ғажайыптың ғажайыбы

Құр таңдалған тақырып емес, толғаныстан туған толғамды атау. Ана –табиғаттың ерекше құбылысы, өмірді жалғастыратын қасиетке ие, перзентіне жарық дүниенің мәңгілік ғажайыбын сыйлайтын ғажайыптың ғажайыбы…

Бес‑алты жасымдағы бір оқиға жадымда жатталып қалған: бір күні басым ауырып, қатты қиналдым…Пешке жапқан нандарын көтеріп ішке енген анам менің жүзіме қарап шошып кетті. Жаныма келіп не болғанын сұрады да, аяқ астынан жинала бастады, мені киіндіріп алып шықты. Дәрігерге апарады‑ау деп деп қорқып келемін. Жоқ, күнбастысқа қарай беттеп келеміз, ауыл маңында күріш суғаратын каналдан өттік, бес жүз метрдей жерде ағып жатқан Іле өзенінің жағалауына келдік. Өзен қайырын кешіп өтіп, бүлдірген тердік. Аса терең емес қайыр суына шомылдырды. Басымның ауырғаны ұмыт болып, құлан‑таза айығып кеттім. Үйге қайтар жолда ән айтып, тақпақ оқыдым. Анам бір әдемі әндерді төгілтті. Сол кезде анам 41 жаста екен. Кейін тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде тағы сондай бас аурудан қатты мазасыздандым. Анам жасап жатқан ісін қоя салып, бөріқарақат теріп қайтуға ұсыныс жасады. Төгіліп тұрған бөріқарақатты теріп, ортасында демалуға отырдық. Таза ауа, табиғат. Жануарлар бейнесіндегі печеньелерді жайылған дастарқан үстіне тізген анам олар туралы өлең жолдарын айтуымды сұрады. Қайсысын көрсетсе, мен сол туралы өлең жолдарын оқуым керек, соңында суырып салып өз жанымнан өлең жолдарын айта бастадым. Әр шөптің ерекшелігі мен пайдасын айтып берді. Сонан кейін менде табиғатпен сырласатын дағды қалыптасты. Кейін мұғалімдік жұмысымда да табиғатта сабақ өту әдетіме айналды. Анамның әдісін балаларыма да, оқушыларыма да қолданамын. Әрқайсымыз да анамыздың қандай да бір ісін, ақылын, әдеттерін жүрегімізде жаңғыртып, жадымызда сақтап жүреміз ғой. Аналар – тәрбие темірқазығы, отбасы мен әулеттің құты, берекесі. Ана тағылымы арқылы халық тәрбиесінің технологиясын саралаймыз. Ана – адамзат баласы бағалайтын Жер мен Көктің ортасындағы ұлы ұғым, ғажайыптың ғажайыбы!

 

Тарихтың хаты

Анамның тағдыры – қазақ елінің тарихы! Туа салып тарихпен тұтасқан өмір өзенін кешкен. 1927 жылы Ілені бойлап, Балқашқа құйған сағасына дейінгі өңірді жайлаған елге аты мәлім ақынжанды әрі шешен Рашиттің отбасында дүниеге келген Зібікен есімді қыздың анасы Жұлдызай – Талғар өңіріндегі ауқатты Бесбайдың қызы. Бірде сөз арасында: «Анашым, сенің жүз жасауың керек»,  дедім. «Бұйыртқаны болар, бірақ сен не себепті олай дедің?» ‑ деп қызыға сұрады. «Бурят ламасы Сіз туған жылы менің жаназамды шығарып, жерлеңдер, жетпіс бес жылдан кейін қазып алыңдар. Жүз жылда қайта оянамын деген екен. Сол тіріледі, соны көресіз», ‑ дедім де, ғаламтордан  хамбо лама  Итигэловтің суретін көрсеттім. «Ә, солай де… адам баласының тарихында тіркелетін ғажайып оқиға болады екен. Ол да бір ойшыл шығар, мақсаты бар адам ғой. Ол – өліп‑тірілуді мақсат тұтпаған адам, адамға мәңгі өмір сүру мансұқ емес, елге керек іс жасау – меже. Ойы терең адам ғой, әріден ойлайтын әулие, мұндай жандар қазақта да болған ғой. Шынымен тірілетін болса, онда оның есте сақтағандары – тарихтың хаты десеңші… Біздің әулиелердің қайсысымен тұстас екен? ‑ деді. МәшҺүр Жүсіптің осыдан хабардар болғанын айттым. Анам таңданған жоқ, тап осыны еститінін біліп, дайын жүргендей шешімді ой айтты. Естіген ақпараттарынан ой қорытты. Мен таңдандым… Соғыс кезінде небәрі төрт сынып оқыған жанның логикалық ойлау жүйелілігі мен сындарлы ой қорытуы, болжам дәлдігі таңдандырды. Тарихи кезеңдерді дәл басып, жылына дейін атап, түстеп береді. Інісі дүниеге келген күні үйлеріне түнеген кісіге баласына ат қоюды сұраған Рашитке жас командир бір эскадрон әскер жасағын басқарып, Ақкөл көтерілісін басуға кетіп бара жатқанын айтып, баланың есімін Эскадрон қойған екен. Ашаршылықтың зардабын тартқан балалық шағын айтып  отырса, құдды бір кино көргендей боласың. Әкесі халық жауы ретінде ұсталып, кейін атылып кеткен. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде Талғар өңіріндегі нағашыларына барады. Сол кездегі адамдар, қоғамдық оқиғалар мен әлеуметтік өмір деректерін нақты, түйінді ойларымен айтып отырады. Неміс тілін оқығанымызда анамыз жатқа оқыған өлең жолдарына таңданатынбыз. Таза сөйлейді. Неміс тілінен соғыстан зағип болып қайтқан мұғалім берген екен. Жаттатып үйреткен, сөйлеу тілі жатық болуын қадағалаған екен.

 

Аманаттың туы – анам!

Анасы екінші рет бас қосқан Байғұтты есімді азамат анамды мақтан тұтып, «Жалғызым» деп еркелеткен екен. Мектепте мақтау қағаз алған күні әкесі еңбеккүнін алып, Алматыдан базарлық әкеп беріпті. Мейірімді де адал пейілді әке еді деді. Әскери комиссариатқа шақыру алғанда әкемнің артынан біраз жер еріп едім, артына бұрылып: «Жалғызым, үйге қайт, мен жарымжан адаммын, мені соғысқа алмайды» деді. Сосын қайтып кеттім, ертеңіне біреуден «Соғысқа атанатын болдым, жалғызымды бір иіскейін» деп сәлем айтып жіберіпті. Алматыға жаяулап жеткенше, эшалон жүріп кетіпті. Әпкем екеуміз ары‑бері жүгіріп, нан сатып отырған әйелден сұрап едік: «Жалғыз қызымды көре алмадым деп еңіреп кеткен сенің әкең болар?» деді, үлгермей қалыппын, атын өшірмеймін деп серт бердім. Аманатқа адал анам соғыста із‑түзсіз жоғалған әкесінің атын өшірмей, қастерлеп, бізге үлгі етті. Анам әулеттің тағдырына жауапкершілік, әулеттегі адамдарды құрметтеу, салт‑дәстүрге беріктік парызын әр баласына жүктеді.

 

Әулет шежіресінің алтын діңгегі…

Соғыстан кейінгі жылдарда Балқаш өңіріне оралған анам соғыстан оралған Асылхан есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Он төрт жасынан білімге құмартып, Қапал уезіне барып мұғалімдік оқуды оқыған Асылхан соғысқа дейін мектепте істеп, кейін өзі сұранып, соғысқа аттанған. Генерал Коневтің қол астында соғысқан, көзі ашық, көкірегі ояу жан бүкіл ғұмырын мұғалімдікке арнаған. «Қазақ ССР‑інің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі» атағын алғашқылардың бірі болып алған, еңбегі елге аңыз болған нағыз ұстаз. Анам әкеміздің әке‑шешесін көрмесе де, аталас туыс, немере ағайындарының алдынан кесе көлденең өтпеген, тәрбиелі келін болды. Әлі күнге дейін «Ұста жәкем», «Дүр жеңешем», «Қоқи қайным» деп өмірден өткендердің өзін еске алғанда келін әдебін көреміз. Өз шаңырағының берекесі мен алтын қазығы болып қана қоймай, аталас ағайындардың басын қосқан әулеттің қызырлы өрісі болды. Ағайынның басын қосып, қиындығын бөлісіп, бар баланы бауырына тартты. Бізден бөлек «Анашым» дейтін балалары жиырма шақты.

Иә, менің анамның тағдыр жолы сол кезеңдегі қазақ әйелдерінің өмір жолымен ұқсас. Алайда ананың болмысын танытатын өлшем – оның әулеттегі орны, балаларына берген тәрбиесі мен өзі жүрген орта, қоғамдағы бағасы. Білмейтін ел: «мына баланың бәрі Сіздікі ме?» ‑ деп сұрап жатады. Оның жанында өз балалары көзге көрінбейтін, еленбейтін бір топпыз. Менің анама ерекше сөз арнамағанымның сыры да сол: анамыз деп иемденген балалардың сағын сындырғым, анамды қызғанғандай болғым келмеді. Сондықтан жақсы көргенімді жорта жасырып, өзімді байыпты ұстауға тырысатынмын. Жылдар өтті. Есейдік, жас та ұлғайды. Енді ол балалардың өз балалары бар, өздері ата‑ана. Биыл бір батылдық бітіп, ауылға арнайы барып, төрт көзі түгел топ алдында анама арнап ән салдым. Жылдар бойы ойымда жүрген сөздер… Ән айтып тұрып қарап қоямын. Сол байсалды қалпы, әр сөзді өзіндік бояуымен, өзіндік философиясымен қабылдады. Асып‑таспады. Ән біткенше анамды зерттеумен болдым. Тек кейін оңашада: «Анаға арналған қай өлең болса да ерекше ғой» деді. Әпкем үнемі анамды: «Ол – дана әйел!» ‑ деп бағалап отырады. Мен де сол тұжырымды қабылдадым. Аман бол, алтын діңгегім!

 

Адамдықтың серті

Ой өресі табиғаттан біткен терең біліммен өрілген анамыз әкемізді қолдап, даналығымен әкемнің даңқын үстеп, абыройын арттырып отырды. Шаңырақтың шаттығын, балалық бал дәуреннің бақытын сыйлаған анамыз – жоқтан бар жасаған іскер адам. Барын басқаға ұсынатын әкемізге еш кейіместен, көшеден көрген жанды үйге ертіп әкелетін әкемізге қабақ шытпастан келістіріп дастарқанға пейілін салатын. Қандай ас ұсынса да жарқын пейілмен жарқылдай ұсынған анамның асы ерекше дәмді. Барға қанағат еткен жан Қыдыр қолдаған берекенің бұлағы болады екен.

Адалдық пен ізгіліктің ілімін бойына сіңірген анам – өмірдің жылдар белесін бағындырған басқа қазыналы қариялар сияқты адамдықтың серті, адамгершіліктің формуласын дәледейтін дала данасы. Халықтың қазыналы тәрбиесін кімге болса да дауысын көтерместен, ақырын ғана түсіндіріп, оңашада ескертіп отыратын. Елдің көзінше дауыс көтеру, біреуге өкпелеп ат құйрығын шорт кесу, өсек айту деген улы әрекеттерді ешқашан көрсетпеді, бар өмірінде пәк, таза, періште пейілді… Анамның ұзақ жасауының сыры осында шығар, бәлкім?..

Бата бергенде сөздің салмағын сезіндім… Ойы кемел, сөзі даналық теңізінің інжу‑маржанындай кілең өсиет пен қисынды хикметке толы… «үштің сертін сақта», «жетінің сертін ұстан» деген қолданыстарын қайталаған кезде жазып алып жүріп, толықтырдым.

 

Үштің серті дегені:

  • Барлық адамды өзіңдей көр, сенен артық та, кем де жері жоқ…Бағасын біл, өз бағалағанның өз бағасы биік болады;
  • Асқақтама, аспанға ұшпайсың… мекенің – жер! Жер жарықтық адам таптаса да мейірімді, берекесі мол, қарапайым күйде қашанда… Жер сияқты кең бол, құлағанды деме, қанаттанғанды қолда… төменнен қарағанның көзі өткір, көкірегі тынысты болады;
  • Өмірдің өтетінінен қорықпа… Бұл дүниеде адамның білім жиып немесе бір істі үйренбегені – қатер, білгенін немесе үйренгенін кейінгімен бөліспегені – обал, елдің игілігіне еңбек еткен жан – нағыз адам атына лайық азамат, ақберен!

 

«Жетінің серті» дегені:

Таза бол: көзің жаманды көрмесін, қолың арамды ұстамасын, аяғың ласты баспасын, мұрның хош иісті, ауызың адалдықты ұлықтасын;

Кішік бол: «тау қопардың» дегенге масаттанба, келесі істі абыроймен атқаруды ойла… Адамға қолпаштау, мақтау, менмендік пен даңқ‑дабыра абырой әпермейді. Оның да кезеңі өтеді. Шыққан биігің  адамгершілік шыңы болсын!

Сыйлай біл!Сыйлаудың басы – бағалау. Адамның барлығын бағала, әркімнің өз қасиеті, өз бағасы бар. Қасиетсіз адам болмайды, қасиетін танып, барын бағаласаң, сол адамға қанат бітіресің: ол – үлкен сауап! Үлкен мен кішіні, шалқайған мен иілгенді бөліп‑жарма, түсінуге тырыс, бәріне құрметің бірдей болсын;

Көмек бер: көмектің көзі – тіршілік жасауға баулу… Ақша беру немесе ақыл айту– арзан әрекеттер. Ырзық пен несібені арттыратын іске баулу, жаныңа ертіп, жол көрсету керек. Үйрете жүріп, өзің де үйренесің. Білгеніңді еселейсің.

Білуге ұмтыл!Білуге ұмтылған адам білім жинайды. Білімді адам білгенін ақылмен сараптап, ойын жүйелейді. Білім – дананың қаруы.

Асылық сөйлеме!Ойланып сөйле: қолың жеткенді айтып даурықпа, біреуден салтанатың артық екенін білдірем деп жөнсіз мақтанба, ататегім асыл, балаларым мықты деп есіп сөйлеме: бәрінің артында көптің көзі, өмірдің сынағы мен адамның көңілі тұрады. Бірі болмаса бірінен опық жейсің! Ойланып сөйлеген адамның ойы – тұлпар, жүлдесі қанжығасында жүреді, берекесіз көп сөйлегеннің –  тіршілігі бекер, айтқан сөзі қанша жақсы болса да, құмға сіңген сумен тең….

Бардың қадірін біл! Жоқ деген нәрсе – жоқ! Адамның ақылынан артылатын нәрсе жоқ. Байыптаған адам жаманның артындағы жақсыны көреді. Бәрі бітті деп байбалам салған жан қасиетті қашырып, ырысты үркітеді…Барлық заттың баламасы болады. Зер салып зерделеген жан – заңғар биіктің адамы. Ол адам «жоқ» деген сөзді серік етпейді. Тығырықтан жол табады… Қиындық, кедергі дегенді білмейді… Олар мұнан айналып өтеді

 

Ол тоқсан үш жастың жауапкершілігін данышпандықпен астастырыпты. Ойы – тұп‑тұнық, мөп‑мөлдір, нәрлі… Болмысы парасатқа толы. Енді ол – жеке адамның анасы емес, даналық кемеліне жеткен, елдің қазынасы болып табылатын құндылықтардың алтын көмбесі болып елдің анасына айналған аяулы жан. Ол – жылдар шыңдаған шынайы асыл.

 

Сонымен, ана деген құдіреттің формуласын сипаттайтын сөздерімді тұжырымдап, ой қорыттым. Ол: көкірегі –  тарихтың хаты, адамдық аманаттың туын көтерген  қазақы тағылымның алтын діңгегі, адамдық жауапкершіліктің серті, ұрпақтың ұранына айналған, ақылдың кені, мейірімнің көлі, адам баласының өмірінің кілтін сыйлайтын нағыз ғажайыптың ғажайыбы!

 

Айсұлу ҚАСЫМБЕК

Осы айдарда

Back to top button