ГүлжазымТаңдаулы

Дидар Баяндиева: «Енді жазбаспын дедім!»

Мектеп оқитын кезде Шарбану құрбым екеуміз хат күнделік жазуды бастадық. Мен лагерге кеткенде мектеп жаңалықтарын маған дәптерге хат қылып жазып жүрді. Ол жоқта мен өз жаңалықтарымды жазып жүрдім. Бір күні сол күнделік суық қолдардың арқасында сынып балаларының қолында жүр. Иә, белгілі ғой мектеп қызының қоғам туралы ой толғамайтыны?! Сыныптастарың туралы алуан пікірлер жүрген ішінде… Әй, өкінгенім-ай жазғаныма… «Енді жазбаспын!» дедім.

2018 жыл. Кәмшәт Бегжігітованың өзіңді тану туралы курсына қатыстым. «Ішіңіздегі бүкіл өкпені шығарыңыз, өзіңізге қуаныш әкелмейтін өткен шақпен қоштасыңыз!» деген сынды сабақ болды. Күнделіктерімді оқысам, тек мұңайған сәттерімнің куәсі екен. Барлығын ақтарып, бір қуанып, бір қуарып, барлығын пешке өртедім. «Енді жазбаспын!» дедім.

Әлеуметтік желі заманымның хиті болғанында түртіп жүретін ойларды смартфонға түрте бастадым. Бірде жұмыстағы бастығымыз әлдебіреудің ойына пікір білдіргенім үшін хабарласып, «олай жазбасын, бұлай жазсын!» деген сынды хабарлама жіберді. «Енді жазбаспын!» дедім.

Мен жазумен неше қоштассам да, жазу мені жайыма қалдырмады. Күнделіктерімді неше өртесем де, жаңасы қиылып қасымда тұрды. Хат жазуды доғарсам да, ішім бүлкілдеп «Баста!» деп тұрды.

Жазу маған керемет эйфория сыйлайды. Жазып отырып керемет эмоцияларды бастан кешемін. Ол жарияланбауы да мүмкін, көппен бөліспеуім де мүмкін. Бірақ мен жазу арқылы өзімді көремін, өзіммен кеңесемін.

Дидар Баяндиева,

ұлағатты ұстаз

Созақ ауданы

 

P.S. Гүлжаз Қарыбектің «Жазу өнері» курсы негізінде жазылды.

Осы айдарда

Back to top button