Назым сөз

СҮЙІСПЕЙ ҚОШТАСАЙЫҚ!..

Мөлдір Айтбай, ақын, І. Жансүгіров атындағы «Алтын жұлдыз» медалінің иегері.

Есалаң!

Ойыншық па сезім не саған?

Көз жасты аттап кеткенсің,

«Келемін» десең кеше алам.

«Келмеймін» десең амал не,

Сезімім үшін өш алам.

Елірген.

Сезімді іздеп көгімнен.

Өшімді алам мен сені

Кеткенше сүйіп өмірден.

Сорың болса да сүйемін,

Бағың болса да төгілген.

Жарың болса да сүйемін,

Сен үшін артқа шегінбен.

Сен сонда,

Қанша тасжүрек болсаң да.

Еңіреп мендей жыларсың,

Әлің де келмей аңсауға.

Өзгелер емес, жаным-ау,

Жұбатар сені мен сонда.

Жабулы,

Қаламан есік қағуды.

Кете бер сенің соңыңнан,

Ұят санамаймын баруды.

Сен сүйген бәрін мен сүйдім,

Әкең мен шешең, бауырды.

Ойынды, асты, киноны,

Тіпті, сен сүйген аруды.

Қақырап,

Жұтса да мені топырақ.

Сүйермін бәлкім өзіңді,

Түнек табытта жатып ап.

Осының барін сезбейтін,

Сезімің сенің соқыр-ақ.

Сезбегенің үшін сүйемін,

Ей, ақымақ!

Сүйіспей қоштасайық!..

Жат болып кете алмаймын,

Хақым жоқ жақындауға.

Шыдармын, өтер қайғым,

Қалмасын атың дауға.

Кетейін көп бөгелмей,

Әр минут қауіп маған,

Сүймей де жек те көрмей,

Тағы іздеп тауып барам.

Қызығар қылығын жоқ,

Сұлулық, ақылын да аз.

Сезінің гүлі бүрлеп,

Сонда да ақының мәз.

Сүймей ақ сағынамын,

Жүрмей ақ жақсы көрем.

Ағымнан жарыламын,

Төгіліп ақ сыр өлең.

Жүректі жараладың,

Емдеуге рұхсат етпен.

Дос болу бар амалым,

Шақырып тұрса көктем.

Өткенің, бүгініңнің,

Бәрінен қызғанамын.

Мен үшін ғұмырыңның,

Арнасын бұзба жаным.

Менікі тәтті қиял,

Күтетін ханзадасын.

Бір ғана сәтті қияр,

Жазуға жан жарасын.

Сыр толы сандықтарға,

Серт етіп, достасайық.

Сүйем ғой сондықтан да,

Сүйіспей қоштасайық!..

 

Өлең менің қай жерімнен шығады?

Жүрек пе екен?

Көңіл ме екен кінәлі.

Селт еткізер дүниенің бәріне

Әуен қосқым келеді де тұрады…

Өлең әлде шыға ма екен бүйректен?

Сәттерімде сезімді сүйреткен.

Зәр бөлдіру мүшесінен ән тумас

Оған Құдай соны ғана үйреткен.

Бәлкім мидан шыққан болар…

Мың ойдан.

Өмір мені іздеп келіп сұрайды ән.

Қуаныштан көкке жетпей қалғанда

Сәттерімде сағаттардан мұңайған.

Әлде көзден шыға ме екен ағылып.

Үзілгенде, Жалғанғанда ақ үміт.

Көргенінен сөз құраған сол шығар,

Алмасында әлем кейде тарылып.

Қолым шығар?

Кім біліпті құрғырды..

Емдеп, сермеп, ерінгенде сындырды.

Ол тылсымнан келген ыстық өлеңді

Қатесімен көшіріп ап үлгерді.

Білмейді екем, болмысыммен жазам ба?

Жазбай қойсам қаша беред мазам да.

Қайдан шықса онан шықсын,

Өлеңнің

Анасы боп оянамын азанда.

Мен білмеймін.

Туар нәрсе туады.

Сезімді де,

Сауапты да,

Күнәні,

Айды, күнді,

Өзім, сосын өмірді,

Өлең еткім келеді де тұрады!

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?
Close
Back to top button