Қоғам және бізТаңдаулы

ВИКТОР ЭМИЛЬ ФРАНКЛ

Ол іздеп тапқан ем-домын тозақ ішінде жүргенде өзіне қолданады...

Тегінде, Зигмунд Фрейдтің шәкірті, Карл Юнг пен Альфред Адлердің үзеңгілес жолдасы Виктор Эмиль Франкл, көп ізденістерден соң, түптің түбінде, өз мектебін қалыптастырды.

Бірақ, өмір бойы еңбектерінде, адамның терең құпиясын ашып, күрделі жұмбақ сырын шешуде, орасан зор рөл атқарған, біте қайнасқан қос данышпан құрған жүйе қағидаттарымен айтысып өтті.

Фрейд пен Адлер – бүгінгі күні тарихтың таңғажайып қаһармандары, дегдар ұстаз Франкл болса, әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.

Психоанализ ілімі ләззатқұмарлықты ауытқушылықтың кешенді негізі  санаса, жеке тұлғалық психология, әдетте, мәртебе иеленіп, дәрежеге талпынған ұмтылысты зерттеп-зерделеудің объектісі тұрғысында қарастырады. Соңғысын туа біткен үштаған инстинктердің бірі – жетекші қағидатына (көбею, өзін-өзі сақтау немесе өмірге құштарлықпен қатар) жатқызады.

Қазір тіл меңгеру қарым-қабілеті мен метафизикалық мағынаға деген құштарлықты да инстинкт дәрежесіне көтеріп жүр. Сонда классикалық үш тұғырлы таныс топ санатына тағы туа біткен екі қасиет қосылады.

Демек, пенде адам бойындағы терең рухани әлем, тумысынан ғұмырына мән жүктеп, мағына артып, мұрат көрген, құндылықтар қалыптастыруға талпынған ниет, зады, мәнге деген құмарлық деп аталады.

Бұл адам табиғатына, ақыл-ойына, сана-сезіміне ғана тән құбылыс. Мақұлықта сырт дүние мен ішкі жаратылысты метафизикалық тұрғыда танитын рухани әлем жоқ. Бірақ, психотерапия аталған ниетті төл танымында жүйке дертіне айналдырып жібереді, сөйтіп, мән-мағына табамын деген метафизикалық көзқарас, асыл ниет сырқаттың әлсіздігі бола қалады.

Алдына келген пациенттің рухани кеңістігінен бейхабар терапевт дәрігер оның ұлы ұғым-түсініктер туралы ойларын, кешіп жүрген психологиялық күйін дерт шалған белгі, науқасты қинаған симптомдар тұрғысында көреді.

Веналық Бірінші және Екінші мектеп тәжірибесінен кейін, Франкл Үшінші мектептің іргетасын қалады.

Логотерапия сөзін Франкл жас кезінде, жиырмасыншы жылдары айналымға енгізе бастады. Оны экзистенциалистік анализ сөзіне балама ретінде қолданды.

Ертеректе, логос сөзі “қолданбалы психотерапия” категориялық ұғымына синоним болды. Медикаментоздық және хирургиялық ем-домға альтернатива ретінде ұсынылды.

Франкл үшін бұл түсінік тек қана сөз емес, ойдың, идеяның, мағынаның нығыз квинтэссенциясы.

Ол көне гректер түсінген мағынада қабылдады. Көне гректер философиясында логос сөзді де, түсінікті де, ойды да, мағынаны да білдіреді. Гераклит, тұңғыш рет логосты зерттеп, мәңгілік әрі жалпыға бірдей қажеттілік, демек, тұрақты заңдылық санады.

Бұл түсінік сан өзгерді, адамзат тарихында түрлі интерпретацияны бастан кешті, бірақ, ақыр соңында логос дегеніміз болмыстың терең, тұрақты, басты құрылымы, жалпылама заңдылықтар жиынтығы, ғаламзат іргетасы, тәртіп пен үйлесімділіктің өзгермейтін қалыбы, бүкіл әлемдік парасат, тәңірлік құдырет, Құдай мен жаратылыс арасындағы дәнекер деп танылды.

Отызыншы жылдардың соңына қарай, жарық көрген көптеген мақалаларында Франкл логотерапия мен экзистенциалистік анализ туралы ілімін толық пысықтап, жаңа мектеп қалыптастырады.

1928 жылы Франкл Вена қаласында Жастарға кеңес беру орталығын ашады. Орталықты 1938 жылға дейін басқарады. 1930-1938 жылдар аралығында Нейропсихиатриялық Университет клиникасында қызмет жасайды.

Ол, сонымен қатар, қарама-қайшы интенция емдеу тәсілін ойлап табады,  психотерапиялық инверсиондық метод, пациентті билеген үрейді күшейте отырып қарсы жақтан шипа жасау.

1933 жылы Франкл “жұмыссыздық неврозын” тоқтату саласындағы ізденістерінде қомақты табыстарға қол жеткізеді.

Австрия Германия құрамына енгенде, мүмкіндігі бола тұра, ол АҚШ-қа қоныс аудармайды, туған-туысын ойлайды, концлагерьге түскенде, кездейсоқта кездескен бұрынғы пациенті, тізім жасаушы гестапошы оны көріп, хаттап жатқан құжатынан өшіріп тастайды.

Бірақ, Освенцим, Дахау ажал абақтысына қамалады. Бірге туған ағайыны (анасы, әйелі, екі қарындасы) тегіс концлагерлерде қаза табады.

Original Caption: Emaciated survivors of one of the largest Nazi concentration camps, at Ebensee, Austria, entered by the 80th division, U.S. Third army on May 7, 1945.

Ол жұртты сауықтыру мақсатында іздеп тапқан ем-домын тозақ ішінде жүргенде, адам төзгісіз бейнет кешкенде, өзіне қолданады. Нәтижесінде, азапта қорытындыларын сынап, мағыналық ілімін іс жүзінде дәлелдеп шығады. Бірақ, бұл табыстары аса қымбатқа түскен еді.

Өмірден күдер үзбей, мұратына қол созған әрекетінен мағына көрген жұрт тұтқында, кез келген қиындықта, мехнатқа шыдап, ажал аузынан тірі шығады, оларды азаттыққа алдағы сол бостан күндерге деген үміт жетелейді, ал үміт, өз кезегінде, іс-әрекетінен мағына тапқанда ғана қолдайтын, қорғайтын, сүйрейтін күшке айналды.

“Не үшінге” жауап тапқан адам кез келген “Қалайға” да жол табады (Ницше).

Күрестен мағына көрмеген концлагерь тұтқындары, сүйенетін тірегінен айырылғанда, әлсіздіктен, құсадан, дерттен өле бастайды.

Бастан кешкен бейнет, азапты жылдар туралы ол “Концлагерьдегі психолог” атты кітап жазды. Әуелі кітап тозақта жүргенде, қиялында ойша құрастырылды, бостандыққа шыққан соң, қағазға түсірілді.

1959 жылы шығармалары ағылшын тіліне аударылып, жетекші елдерде жарық көре бастады, таралымы екі жарым млн данаға жетті.

Қырқыншы жылдардың соңына қарай баспалардан бірнеше кітаптары, яғни “Дәрігер мен жан”, “Психотераия мен экзистенциализм”, “Мәнге деген құштарлық”, “Уақыт және жауапкершілік», “Беймәлім сана Тәңірі”, “Қолданбалы психотерапия” атты туындылар бірінен соң бірі басылып шықты.

Ол 1946 жылы Вена неврологиялық аурухана директорлығына тағайындалды, университеттерде дәріс оқыды, 1949 жылы философия докторы атанды, 1950 жылы Австрияның психотерапевтер қоғамын басқарды.

1960-шы жылдары Франкл дүние жүзіне танымал болды. Логотерапия өмірінің мағынасын жоғалтқан жұртты емдейтін әдіс-тәсілге айналды. Әдетте, қоғамдағы, жеке ғұмырындағы әділетсіздіктер, қиыншылықтар, ар-ұяттан безгендер іс-әрекеті, кісіліктің жоғалуы тұлғаны тығырыққа тірейді.

Әр уақыттың өз психотерапиясы бар, деп жазды Франкл.

Ол жауапкершілікке арқа сүйеген философияны “қасіретті оптимизм” атады. Оптимизм – адам қарым-қабілетіне деген сенімділік, қасіреттілігі – көп жағдайда зұлымдық үстемдік құрып, тіпті, кейбір ситуацияда жақсылықтан гөрі әлдеқайда құндырақ көрінуі мүмкін.

Бойымыздағы періштені тұңшықтырсақ, ол Ібіліске айналады, деп ескертті ойшыл.

Франкл қалыптастырған “логотерапия” мен “экзистенциалистік анализ” – табиғат және адам мәнін философиялық, психологиялық және медициналық  тұрғыдан зерделеген көзқарас. Франкл үштаған теория қалыптастырады: “Мәнге деген құштарлық ілімі”, “Ғұмыр мәні туралы ілім”, “Еркіндік еркі туралы ілім”.

“Мәнді өмір сүруге деген құштарлықты” Франкл туабітті қасиет санайды. Ғұмырдың мәні табылған соң, ендігі кезекте адам сол мәнге сенуі тиіс. Сенгенде ғана мәннің мәні болады. Тіпті, өзіне-өзі қол жұмсаушы, деп ой түйеді Франкл, ғұмырдың болмаса да, өлімнің мағынасына сенеді.

Мағынасын жоғалтқан адам “экзистенциалистік вакуум” деген құсаға ұшырайды. Аталмыш вакуум көптеген “ноогенді неврозды” тудырады. Егер мағына іздеген адам объективті дүниеден мағынаны таппаса, вакуумға ұшырайды.

“Ғұмыр мәні туралы ілім” мағынаның бар адамға қолжетімді екенін негіздейді. Ол, тіпті, жынысына, жасына, өресіне, біліміне, мінез-құлқына, ортасына, қала берді, діни наным-сеніміне қарамайды, деген постулат енгізеді.

Ол әмбебап құндылық-мағыналық түсінікті құрылымдық тұрғыдан тұрақтандырады: бірінші, , «шығармашылық» арқылы (мағына түзу немесе дүниеге беру), екінші, күй кешу арқылы («переживание» немесе дүниеден алу), үшінші, «қарым-қатынас құру» арқылы тағдырымызға берік болу.

Шығармашылық, тегінде, еңбектің арқасында ғана жүзеге асады, еңбек әрекет ретінде емес, ол мағынаға айналады, қоғамға қосқан үлес саналады.

Франкл күй кешудің ішінде махаббатты алға шығарады. Ол – үлкен құндылық тудырушы. Рухани биіктіктегі қарым-қатынас. Басқаның даралығын, қайталанбастығын бақыт көру.

Үшінші қарым-қатынас құндылығына келсек, бұл – күрделірек мәселе, кез келген жағдайда біз қалыптасқан жағдайды өзгерте алмасақ та, бұл жағдайға аса терең мән беріп, мазмұнға толтыруымыз керек.

Мағынасыз өмір жоқ, дейді ұстаз, адам қаракеті ешқашан, ешбір жағдайда мағынасыз болмайды. Мағына соңғы деміңіз біткенше, дәм-тұзыңыз таусылғанша көкірегіңізде тұрады.

Шынында, мағынаны табу бір басқа, сонымен қатар, оны жүзеге асыру бар.

Адам өз өмірі, мағынасы алдында жауапты.

Бірінші бөлім. Философия және көпшілік (тобыр)

Меніңше, көп (“большинство”, “много”) ұғымына көпшілік (“масса”, “тобыр”) термині тең емес.

Кезінде Ортега-и-Гассет (“Көпшіліктің көтерілісі” немесе орысша нұсқасында “Восстание масс”) пен Элиас Канетти (“Көпшілік пен билік” немесе орысша нұсқасында “Масса и власть”) философиялық-публицистикалық шығармаларынан көрініс тапты, жалпы XX ғасырда сәуегейлік жасап, болашақты болжаған абыз тұлғалардың еңбектерінде бұл жаңа ұғым жан-жақты қарастырылды, талқыланды, пысықталды, ақыр соңында, культурологиялық мән-мағынасына, демек, мазмұнына ие болды. Көпшілік тобыр түсінігіне туыс, жедеқабыл терминге айналды, көп ұғымына табиғатын анықтаған оқшау, бөлек мәртебе берілді.

Көпшілік туралы философиялық ізденістер терминнің күрделене бастағанын аңғартты, бірте-бірте пәнаралық категориялар құрамына енді, терминді бұқараландырған ақпараттық технологиялар құралдары еді.

Философия да бұқараланды. Көпшілік нұсқада – жұпыны мән тапты.

Қазір, тегі, философия, қарыштап дамып келе жатқан масс медиа арқасында, қоғамның назарына, көптің көзіне түсті. Ақпараттық технология, сосын, оны көпшіліктің қолжетімді ақпар-мәліметі, әдепкі информация дәрежесі, шағын хабар деңгейіне дейін төмендетті. Мәртебесі түскен, күрделі сипатынан айырылған философия біртіндеп бұқара игілігіне айналды.

Сөйтіп, философия кітапханалар табалдырықтарынан аттап, көшеге шықты, даңғылдарға құйылды, бульварларды аралады, аулалар, бақтар, аллеяларды адақтап, ғимараттарға, үйлерге кірді.

Жүйелі ғылыми-академиялық бірсарынды дәрістердің орнын табанды мотивациялық және эмоциялық лекциялар басты.

Категориялар метаморфозаға ұшырады. Пәлсапалық түсініктер бастапқы мәнінен айырылды, кенет халықтық сипат алды. Бірт-бірте категориялар екінші бейнесіне, жаңа мазмұнға ие болды. Демек, философия өзгерді. Өзгерістер – өңделген, бейімделген, түрленген  категориялар қызметінің жемісі, нәтижесі еді.

Бұл өзгерістер, парадокс, философияға деген қызығушылықты оятып, шаңға көміліп жатқан мәтіндерді оқуды жандандырды, кітап саудасын арттырды, құрып бара жатқан модерндік институттар қайта қалпына келтірілді, ажалы қайтып, бойына қан жүгірді, қазаға ұшырағандар тіріле бастады: әдебиет, пәлсапа, тарих, ғылым, таным, өнер, мәдениет. Себебі, БАҚ жансыз қалайы қасықты да елге танымал ете алатын күшке ие болды, күнде таңертең белгілі бір тұрақты мезгілде көрермен аудиториясына көрсетілетін қасық бір айдан соң аймақтағы ең танымал қасыққа айналды, қоғам дамуын өндіріс емес, жылдан жылға кемелденіп келе жатқан жоғары технологиялы ақпарат құралдары деңгейі арқылы өлшеді.

Екінші бөлім. Көшірме

Масс медиа ойшылдықты көпшілік кеңістігіне шығарды. Ой түсінікті болуы үшін кешенді жүйелер, тұжырымдамалар, ұғым-түсініктер оңтайландырылды. Күрделілік күрт өзгерді, қымбат дүние таралымы көбейген сайын арзандай түсті, ертеде дана, әсілі, дара еді, әрі дара, әдетте, түпнұсқа болатын, сөйтіп, фотоаппараттан байқалған бұқаралық тосын сипат көпшілік құбылысын тудырды. Қараның сипаты дараның қасиетіне айналды. Көп дауыстың ішіндегі оқшау дауыс бөлек үнінен айырылды.

Көпшілік мәдениетінде түпнұсқалық жойылды. Көшірме тегін (сойын) іздегенде тегін (құнсыз) көшірмеге нұсқады. Коннотация үстемдік құрды, жалған образдар көбейді, шынайыны көрсеткен, шынға бағыт сілтеп, ақиқатқа қарсы жүрген денотация мұратынан адасты. Мәдениет, дәлірек айтқанда, өзі емес, ол туралы түсінік дағдарысқа ұшырады. Бұрын қиындықтан, күрделі құрылымнан қанағат табатын, рақат көретін, бақыт іздейтін ақыл-ой, сана-сезім, демек, талғам, дүниетаным өзгерді. Қазір, керісінше, қиындықтар оңайландырылады, жұрт күрделі нәрсені қабылдамайды, ойшылдықты кем санайды, артық көреді. Ойсыз қоғам пайда болды.

Карл Маркстің сөзімен қисындасақ, бұрын дүниені түсіндіріп келген философия енді белсенді іс-әрекетке көшті, өмір сүріп жатқан әлемін өзгерте бастады. Іс-әрекет бейбіт философияны ақырындап қарулы идеологияға айналдырды.

            Көпшілік – кез келген  ақпаратты немесе ойды сыни көзқарассыз қабылдайтын сана. Ортасына кірсеңіз, қара құрдым тәрізді қара жиын Сізді құшағына дөңгелетіп құлатып, жұтып қояды, бойына сіңіріп алады, Сіз көпшіліктің (масса) бір бөлшегіне айналасыз, сөйтіп, көпшіліктің Сізді меңгерген қасиеттері ендігі кезек Сіздің өзіңізді басқаруға көшеді. Көпшілік – өсуге құмар құбылыс, төңірегін шеңберлеп бойына тартып тұрады. Ықпалына түскенді ырықсыз жібермейді. Көптің, тегінде, көпшілік статусына ұмтылатын ғадеті бар. Көптік – көпшілікше ойлайтын дағды.

Көпшілік мәдениеті фотоаппараттың үздіксіз фото түсіре алатын қабілетінен туды. Түпнұсқа жоқ, бірақ, көшірмелері көп.

Әдетте, көшірмеде түпнұсқалық аура болмайды, ол – жансыз. Жансыз дүние қашанда – суық. Өнердің күші – жылылығында. Өлімді түсінбейтігінде (Осип Мандельштам). Суық хабарды қабылдамайтығында.

Үшінші бөлім. Логотерапия

Қазір мінбелер босады. Бос тұрған мінбелерге таласа түрлі ілімдер ағылды. Бірі – шын жүйелер,  бірі – жалған тұжырымдамалар. Қалыптасқан көпшілік мәдениеті кез келген “оң – теріс” немесе “дұрыс – бұрыс” ойдың дәні түскен құнарлы топырағына айналды.

Мен Виктор Франклдың “Мән іздеген адам” атты кітабымен тоқсан екінші жылы таныстым. Бұл кітаптың шын ізбасарлары елімізде жиырма бес жылдан кейін қалыптаса бастаған екен.

Бірнеше онтологиялық, экзистенциялық, аксиологиялық тақырыптарды қамтыған жаңа туындылар қазақ өмірі, халық таным-түсінігі, ұлт санасы, салт-дәстүрі, жөн-жоралғы пәлсапасы туралы төңірегінде әңгіме өрбітеді.

Логотерапия табыстарын зерделеген, ойшыл Санжар Керімбай бастаған талантты топтың «Отбасылық хрестоматиялар» жинағына енетін «Махаббат мәні» атты кітабын қолыма қалам алып отырып мұқият оқып шықтым.

Қызық дүние.

Даулы уәжі көп дүние.

Тіпті, кездесе қалса, Виктор Франклдың өзіне де қоятын сауалдар табылар еді.

Демек, бірнеше мәселелер туындайды.

Сосын, авторлардың австриялық философты қаншалықты қазаққа таныстыра алғандығы да үлкен әңгіме.

Үркердей топтың атқарған еңбегі зор. Қазаққа қажет жазбалар екені рас.

Философиясы (мәнге деген құмарлық немесе құштарлық) мен қолданбалы психотерапиялық әдіс-тәсілі (логотерапия: эрос-логос-этос немесе соматика-психика-ноологика) арасындағы байланысты қазақ топырағына түсіргенде қалыптасқан «тән-жан-рух» кешенді концепциясы «жыныстық құмарлық-романтикалық сезім-шынайы махаббат» үштаған тұжырымдамасына үйлесе ме, «шығармашылық» (мағына түзу немесе дүниеге беру), күй кешу  «переживание» немесе дүниеден алу), «қарым-қатынас құру» құндылықтарына сәйкестене ме.

Бір қарағанда, кейбір (көп емес) терминдердің орынды қолданылғанына күмән бар, десек те, талпыныс құптарлық.

  1. a) жақпын

Авторлар Франкл пысықтаған логотерапия ілімін жүйелі күйінде қазақ өміріне, бүгінгі тыныс-тіршілігіне қондырады. Ілім, шынымен де,  логотерапияны басқа дін, діл, сана аясында емдік шарт түрінде қолдануға мүмкіндік береді.

Жоғарыда үштаған теория туралы жазған едік (“Мәнге деген құштарлық ілімі”, “Ғұмыр мәні туралы ілім”, “Еркіндік еркі туралы ілім”).

“Мәнді өмір сүруге деген құштарлықты” Франкл туабітті қасиет санайды. Ғұмырдың мәні табылған соң, ендігі кезекте адам сол мәнге сенуі тиіс. Демек, сенгенде ғана мәннің мәні болады. Тіпті, өзіне-өзі қол жұмсаушы, деп ой түйеді Франкл, ғұмырдың болмаса да, өлімнің мағынасына сенеді, дедік.

    • At first, “Ғұмыр мәні туралы ілім” мағынаның бар адамға қолжетімді екенін негіздейді. Ол, тіпті, жынысына, жасына, өресіне, біліміне, мінез-құлқына, ортасына, қала берді, діни наным-сеніміне қарамайды, деген постулат енгізеді. Бұл – аса маңызды шарт. Басты қағиданың бірі. Есте сақтайтын қорытынды.
    • At second, cосын, ол – ендігі кезекте, әмбебап мағыналық түсінікті құндылық дәрежесіне көтереді. Демек, мағынаның өзі үшке бөлінеді. Мағына құндылыққа айналады.
    •          Әлқисса, қашанда зейін қойып оқитын шарт: бұл – маңызы зор – градация немесе дифференциация: бірінші, «шығармашылық» арқылы (мағына түзу немесе дүниеге беру), екінші, күй кешу арқылы («переживание» немесе дүниеден алу), үшінші, «қалыптасқан қарым-қатынас» арқылы өзгерте алмайтын тағдырымызға берік болу.
    •         At first & at second, яғни бірінен бірі туындайтын қос ереже, демек, шығармашылық философиялық топқа логотерапия жүйесін алаштандыруға жол ашады.
    • At third. Мағынасын жоғалтқан адам “экзистенциалистік вакуум” деген құсаға ұшырайды. Аталмыш вакуум көптеген “ноогенді неврозды” қоздырады. Егер мағына іздеген адам объективті дүниеден мағынаны таппаса, вакуумға ұшырайды.
    •        At fourth, мағынасыз өмір жоқ.
    •        At fifth, сондықтан, мағынаны ойлап таппайды, іздейді.
    •        At sixth,  мағынаны тапқан соң, оған сену қажет. Себебі, адам бойында мағынаға деген құштарлық бар: бұл Виктор Франкл философиясының да, логотерапиясының да фундаменті.

Тағы бір мәселе. Санжар Керімбай тобы ұлттық проблеманы айту үшін жеке адамның тәжірибесіне сүйенеді. Халық абстракциядан гөрі нақтылықты жақсы көреді, жақсы көретін себебі – тез түсінеді. Бірақ, нарратив философия мен логотерапия жүйесі шеңберінде өрбиді: логотерапия жүйесі – ұлт мәселесі – жеке тәжірибе жолы.

Авторлар, қайткен күнде де, құнды еңбекті арзандатуға тырыспаған, яғни, көптің жетегіне ермей, керісінше, көпті жетектеген. Күрделі философияны этикалық тұрғыдан түсіндіргенде, жеңіл жол, оңай табыс іздемегені анық көрінеді.

Жазу барысында келтірілген мысалдар, негізінен, қазаққа таныс, түсінікті, айқын нәрселер, жағдайлар, сөз орамдары.

  1. b) қарсымын

Авторлық топ, жалпы, тақырыптық категориялар жүйесін жеткілікті меңгерген, талқы кезінде, жазу барысында еш қиындықсыз қолданып, кез келген салалық ой-түйінді дөңгелетіп әкетіп отырады. Десек те, кейбір термин өз орнын таппай тұрғандай көрінді .

“Осыған дейін адамзат өркениетін жалғап келе жатқан ұрпақ өндірісі сонда мәнсіз, мағынасыз бола ма” (5 бет)?

“Владимир Маяковский мен Сергей Есенин”, меніңше, сәтті мысал емес, онда Маяковскийше, Есенинше қалам тартқан қазақ ақындарын не істейміз? Екі шайырдың қозғаған тақырыптары, жазу мәнері кітапта айтылатын арсыздықтарға аса сонша келіңкіремейді (16 бет).

Шынайы махаббатқа байланысты: сүйген ару мен сүйген сезімнен туған құндылықтар қалыптастыру талпынысы екеуі бір-бірінен автономды, оқшау өмір сүре алмайды, сүйген адам дүниеге және ғұмырға ғашық жардың, сүйген көңілдің көзімен қарай бастайды, бәріне жақсылық жасағысы келіп тұрады, ол ұлы туындылар тудырмауы мүмкін, өшпес ерлік жасамауы да мүмкін, тіпті, ешқандай құндылықтар сомдамауы да мүмкін, алайда оның жүрегінде, көкірегінде ғашығына деген ешкімге айта қоймайтын махаббат жатуы мүмкін (54 бет).

“Көкірегі құндылыққа толған индивидтер сан түрлі өнерімен дараланып шығады” (131 бет). Құдай өнер бермегендер – не істейді? Адалдығы, сертке беріктігі ше?

Сосын, индивид пен тұлға (личность) ұғымы бір-біріне тең емес, арасында айырмашылық бар. Адам туғанда – индивид, қалыптасқанда – тұлға. Индивид – адамзат нәсіліне жататындығын білдіретін философиялық категория. Яғни, бүгін жануар мен жәндіктен айырмашылығы жоқ тірі организм, бірақ, ертең адам болатын қарым-қасиеттері бар жан иесі дегенді меңзейтін сөз. Сондықтан, априори индивидтің көкірегі бос, ал құндылық толғанда ол тұлғаға айналады.

“Маркстің идеясынан қателікті байқады” (62 бет). Жалпы, Маркстің идеясында қателік жоқ, қателестірген Владимир Ульянов-Ленин. Социализмді жеке бір елде орнатуға болады деп жұртты адастырған Ильич. Карл Маркс – алапат ойшыл. Ол қоғам дами келе социализмге жетеді деген пікірді ұстанды. Қоғам дамуын бес формацияға бөліп, даму өлшемі ретінде өндіріс құралдарын (кемелденуін) ұсынуы – өте ғажап идея.

  1. c) таным түрлері

Кітаптың алғашқы тарауларының бірінде авторлар логотерапия ілімін ғылымға теңейді: “Адамның осындай аянышты ахуалы логотерапия ғылымында ЭКЗИСТЕНЦИЯ ВАКУУМЫ  деген терминмен бекітілген” (12 бет).

Бұл тұжырым көптеген сұрақтар туындатады: көзқарас дегеніміз не, ілім дегеніміз не, ғылым дегеніміз не?

Адамзат баласы өз тарихында, дүниені түсіндірудің үш жолын қалыптастырды: діни, гуманитарлық және ғылыми, әдетте, бұл үштаған дүүниетанымды көзқарастар деп те атайды.

1) Ғылыми таным методы үш этаптан тұрады: болжам (құбылыстың себеп-салдары туралы), гипотеза (құбылыстың және оның қасиеттерін бірін қалдырмай түсіндіретін жалпы принциптің тууы), теория (көп гипотезаның ішінен бірінің тәжірибе жүзінде бірнеше мәрте дәлелденуі), соңғысы – логиканың индукция және дедукция әдісіне құрылған, танымның үшінші сатысында тұрақтанған ғылыми білім.

2)  Гуманитарлық (философиялық) таным ғылыми дәйектер емес, толық білім ретінде қалыптаса қоймаған категориялық түсініктермен жұмыс істейді. Ілім де сол, ғылыми негізі тұрақтанбаған, постулаттары шындық деп жарияланған постулаттар, түсініктер жүйесі. Ғылыми теориядан ерекшелігі – ілім ешқашан, дағдарысқа ұшыраған кезінің өзінде де, сахнадан кетпейді, тіпті, қағидалары қайшылыққа түсіп жатса да, ілім мәлімделген принциптерінен бас тартпайды, бас тартқаны – өліммен тең, сондықтан ілім дамымайды, қашанда тұрақты болады.

2) Діни көзқарасты түсіндірудің қажеті жоқ сияқты.

Бұл – әлемде қалыптасқан тәртіп: танымды осылай жіктейді.

Сондықтан, Виктор Франкл философиясы – ғылым емес, ілім, жедеқабыл гуманитарлық таным, тіпті, автордың өзі: “Әр дәуірдің өз психотерапиясы бар”, дегені – логотерапияның әлеуметтік-философиялық көзқарас, дүниетаным негізіндегі ем-дом жүйесі екендігін білдіреді.

Эпилог

Әрине, ұлттық мүдде шеңберінде, қазақ тілінде атқарылып жатқан кез келген еңбек мақтан-мадақ, сый-сияпат, қадір-құрметке лайық. Жас ұлттың мұраты көп болады. Көне халықтардан құралған қазақ елі жаңашылдыққа құштар, ескіге сергек, білімге деген қызығушылығы орасан, десек те, түсіріліп жатқан мәтіндер сапалы, кітаптар мәнді болғаны аса маңызды мәселе.

Біз талқыға салған кітап – жақсылардың қатарынан, қажет дүние, тілі бай, құнарлы, жатық, ойлары тез, ұшқыр, әдеби сауаты, пәлсапалық дайындығы бар қаламнан туғандығы айқын көрінеді.

Қолға алған тақырыптары да – қат нәрсе. Қазаққа қазір бәрі керек, алаш жұрты ұлы мұраттар жолында жасампаз ғұмыр кешіп келеді.

Сын қашанда сұқбаттастыққа құрылып, жеке мүдде емес, ұлт мақсатына қызмет етуі тиіс.

21-27.11.2018

Дидар Амантай, 

Осы айдарда

Back to top button