Сахна сөзТаңдаулы

Оңай деп талаптанба, қиын деп талаптан…

Райымбек Сейтметовтің Әшірбек Сығайға жазған хаты

«Айналайын Әшірбек інім! Сәлемет пе? Өзің, ата-анаң, мектептес достарың, ұстаздарың аманшылықта ма? Сәлем айтарсың. Біріншіден, ғафу өтінемін, інішегім. Бірден жауап жазуға уақыт тапшылау болып, ішінәра бір кезекті сьемка қолбайлау болып дегендей, ең бастысы, М.Әуезов пен Л. Соболевтің «Абай» деп аталатын трагедиясын сахнаға шығару тауқыметімен әуреленіп жатырмыз.

Оны «жандандырып» жатқан талантты режиссер – Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов. Оған театрымыздың бас артистері, бар артистері, өнер ардагерлері тегіс қатысады. С.Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, Қ.Бадыров, Ы.Ноғайбаев, Ш.Мусин, М.Сүртібаев, С.Майқанова, Х.Бөкеева, Б.Римова, Ш.Жандарбекова сынды апа-ағаларымыз өнер толғайды. Осы жолы жастарға, яғни біздерге де зор үміт артылып отыр. Ф.Шәріпова, Н.Мышбаева, Р.Әуезбаева, Т.Тасыбекова, С.Оразбаевтармен бірге мен де бас рольдердің бірінде көрінбекпін. Ол – Әбіштің ролі.

 

«Абай жолы» романын оқыған боларсың. Оқымасаң, тез оқып шық. Түсініп оқы. Түйсініп оқы. Сыдыртып шықпай, ойлана, мазмұнына ене оқы. Хатыңа қарағанда өзіңді зерек пе деп қалдым. Тоғаныстарыңды қағазға жақсы түсіріпсің.

Өнерге деген көңіл (әсіресе, ауылдық жерлерде) пәлендей емес. Әйтсе де, мен де сол ауылдан шықтым. Менің әріптестерімнің көбі… Асанәлі де, Сәбит те, Матан да… тағы басқалар да…

Тілің, түсінігің жақсы екен. Жазуға деген қабілетіңді де құптаймын. Оны тастама. Өнер мен әдебиет егіз. Мырғалымсай мектебінде (кейіннен Кентау) жүргенде мен де әдеби үйірмелерге белсене қатысқанмын.  Өлең жазуға да,  талаптанғанмын. Ол жас кезіңде міндетті түрде басыңнан өтуге тиіс жағдайлар.

Ал, өнер табиғаты тегінде аса нәзік құбылыс. Ол еліктіргіш, еліттіргіш. Үстірттікті жақтырмайды. Өнерге оңай деп талаптанба,  қиын деп талаптан. Құр сырттай құмартушылық алысқа апармайды. Әсіре қызыл, әлем-жәлем жеңілтек ойлармен өнер дүниесіне кірігу екіталай нәрсе. Өнер жайлы әдебиеттерге зер сал. Олар сирек, әрине. Дегенмен, газет-жорналдарға шыққан өнер мақалаларын назарыңда ұста.

Айтпақшы, Шымкент облыстық қазақ драма театры Кентау, Түркістан төңірегінде ойындар қойып, жиірек жүретін біздің кезімізде. Қазір қалай? Соны тамашалап, мүмкіндік болса, қойған спектакльдерін құр жібермеуге тырысқаның жөн. Онда да елге еңбектері сіңген Ж. Тұрсынов, Ж. Серікбаева, А. Абдуллина, Р. Байкенов, О. Жұмабеков, Ә.Ордабаев секілді өнер шеберлері баршылық.

Біздің театрдың дәл қазір ол жаққа жолы түспей тұр.

Ал, енді өнер оқуы жайында. Біз, бір топ жастар, Құрманғазы атындағы консерваторияның театр бөлімін осыдан екі-үш жыл бұрын ғана бітіріп шықтық. Түгелдей, дерлік, Алматыдағы қазақ театрына қызметке қалдық. Сол актерлік бөлімінің бірінші түлектері болғанымызды мақтаныш етеміз, әрине. Енді ол оқу орны жыл сайын талантты жастарды тұрақты түрде оқуға қабылдап тұрмақ. Егер сахна өнерін шын сүйсең, сонда түсіп, оқып қалуға ұмтыл. Түсу шарттары мынадай:

1.Қара сөз оқу (проза). Мәнерлеп, мазмұнды түрде, артистік қабілетпен, әрине. Оны кезінде көрерміз, даярлық үстінде әлі-ақ түсініп аларсың.

2.Өлең сөз оқу. (поэзия). Тақпақтамай, тарсылдатпай, ойыңды ұғынықты мақамда жеткізу.

3.Әзіл-сықақ (күлдіргі оқиға). Жеңіл түрде, юморлық көңіл-күйде дегендей…

Сосын, дүниетанымыңды байыта түс. Айналаңда болып жатқан түрлі жағдайларға деген өз көзқарасыңды пысықтағайсың. Орта мектепті бітіруіңе әлі екі-үш жыл бар екен. Түбі – жолығармыз.

Өйткені, Кентаудың орталығында соғыс ардагері Мәрайым деген туған ағам тұрады. Шахтер, Шешем сол кісінің қолында. Биылғы жазғы демалыста екі-үш күнге Кентауға  соғып, анамның, ағамның халдерін біліп кеттім. Енді, бұйыртса, келесі жазда жол түсер. Сол кезде кездесуіміз әбден мүмкін. Әзірге осы бар айтарым, інім Әшірбек.

Алғашқы таныстығымыз (хат арқылы болса-дағы) сәтті болды-ау деп ойлаймын. Менің өзім де тәжірибе арттыру жағынан жастаумын. Сонда да болса, меселіңді қайтармау үшін осы жауапты жазып отырмын. Кездескен сәттегі әңгіме бұдан да кеңірек һәм тереңірек болары сөзсіз.  Өнерге деген әуестігің  күшейе түссін деген ізгі тілекпен – Алматы академиялық қазақ драма театрының  артисі, жерлес ағаң Райымбек Сейтметов (қолын қойған).

11 қараша, 1962 жыл.

Кентау жұртшылығына сәлем. Мектептеріңе де, ұстаздарыңа да»

Иә, ағам Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов жазған алғашқы хат менің менің тағдырыма үлкен өзгерістер әкелген еді. Болашағымды айқындап, тағдырымды таңдап алуға даңғыл жол ашқан еді

                                                                                           Әшірбек СЫҒАЙ

Р

 

Осы айдарда

Back to top button