Қоғам және біз

Мектеп – тәрбие жаршысы

мектептегі тәрбие саналы, креативті, жан-жақты тұлға тәрбиелеуге бағытталған

     Мектептің басты міндеті – оқушыға сапалы білім беру. Дегенмен, әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», — деп айтқан сөздерін өмір тәжірибесі дәлелдеп отыр. Тәрбиесіз, адами қасиеттері жоқ физик адамзатты жоятын қару ойлап табуы мүмкін ғой. Сол себепті балаға сапалы біліммен қатар балаға саналы тәрбие берілуі керек. «Отбасы – тәрбие басы, мектеп – тәрбие жаршысы», — демекші, алғаш бала тәрбиені отбасынан алады, ал мектепке келгенде оның тәрбиесіне ұстаздары, қоршаған ортасы әсер етеді.

     «Қазақстанның болашағы  — мектептен басталады», — деп, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, бүгінде мектеп оқушылардың білік, қабілет, дағдыларын дамытатын білім ордасы ғана емес, үлкен тәрбие институтының рөлін атқарып отыр. Қазіргі қоғамдағы қарқынды даму үдерістері, білім саласындағы инновациялар, жаңартылған білім мазмұнынына сай оқыту жүйесі мектеп ұжымы, ата-ана, оқушы алдына жаңа міндеттер қойды. №27 мектеп-лицейінде жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәлім-тәрбие беруде мектеп, ата-ана және оқушы үштік одақ болып Тәрбие тұжырымдамасында көрсетілген тәрбие жұмысының сегіз бағыты негізінде,
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жағдайындағы тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Тәрбие жұмысының негізгі бағыттары бойынша төмендегідей іс-шаралар өткізілді:

Қазақстандық патриотизм және азаматтық тәрбие, құқықтық тәрбие бағыты бойынша Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік-ел тұғыры» мерекелік концерт, «Жасұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына оқушыларды қабылдау, Ұланбасын сайлау рәсімдері, Тұңғыш Президент күніне арналған «Елбасына сыйлық» шығармашылық сайыстары, Бірлік күніне арналған «Қазақстан – достық зертханасы» фестивалі, Жеңіс күніне орай ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсету мақсатымен «Ұлы ерлік – ұрпаққа үлгі» мерекелік құттықтау салтанаты, Отан қорғаушылар күніне саптық түзеу байқауы,  құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша «Міндеттемелерсіз құқықтар жоқ», «Жаман әдет немесе әкімшілік құқықбұзушылық», «Жанжалдан қылмысқа бір қадам» тақырыптық дәрістер, «Өз құқығыңды біл!» тақырыбында викториналар т.б. іс-шаралар өткізілді.

      Рухани-адамгершілік тәрбие бағыты бойынша оқушылар «Қамқорлық», «Мектепке жол» акцияларына, Қарттар күніне арналған «Махаббатпен»  челленджіне, Жалпыадамзаттық құндылықтар күніне арналған «Жақсылық жаса» видеосайысына, «Мейірімділік пен қайырымдылық – бұл адамның адамгершілік қасиеттері» тақырыбындағы тәрбие сағаттарына белсене қатысты.

Ұлттық тәрбие бағыты бойынша «Тіл – тәрбие бастауы» тақырыбында Тілдер мерекесіне арналған апталық, айтыскер ақын, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының шеф-редакторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, ф.ғ.к. С.М.Дүйсенғазының қатысуымен әдеби кеш, Наурыз мерекесіне орай «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» тақырыбында сынып сағаттары, айтыскер ақын Балғынбек Имашевпен кездесу, Мұхтар Мағауиннің 80 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел, «Бауыржан Момышұлы – қазақ халқының феномены» видеоүзік сайысы, Ұлы Абайдың 175 жылдығына, ұлы ойшыл Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған мәнерлеп оқу, көркем сөз оқу, эссе жазу сайыстары ұйымдастырылды.

Отбасы тәрбиесі бағыты бойынша мектебімізде жаңашылдық енгізілді. Әр сыныптың ата-аналары кестеге сәйкес сенбі күндері мектеп оқушыларына арнап әр түрлі саладан шеберлік сағаттарын ұйымдастырды. Мәселен, қолдағы бар заттардан шырша, қуыршақ жасау, торт  пісіруден, каратэ, фитнес жаттығуларын көретуден т.б. ата-аналар шеберлік сағаттарын өткізді. Мектепте Әкелер кеңесінің ұйымдастыруымен  волейболдан, баскетболдан турнир, «27 мектеп аруы» сайыстары, челлендждер өткізілді.  Әр сыныптың ата-аналары Қамқоршылық кеңес, Құқықбұзушылықтың алдын алу кеңесі құрамының тұрақты мүшелері, олар мектепке қатысты жұмыстарға араласып, маңызды шешімдер шығаруға белсене қатысады.  Сонымен қатар, «Парасатты отбасы» видеоүзік сайысы, «Мен отбасым» фотоколлаж, «Спорт сүйетін отбасы» байқауы т.б. сайыстарға, «Балалардың психологиялық денсаулығы: жауапты ата-анаға бағыт», «КZ ұрпағының ерекшелігі мен әлеуметтену қауіптері»,  «Дағдарыстық көңіл-күй дегеніміз не?» тақырыптарындағы дәрістер, тренинг, семинарларға ата-аналар қатысып жүр.

Еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие тәрбие бойынша оқушылар «Эко Асар» қоғамдық бастамасы аясында «Сарыға таста» қалалық эко-фестиваліне, «Пластик» тақырыбындағы сынып сағаттарына, «Менің экомектебім» т.б. іс-шараларға, «Жасыл ел» ұйымының көгалдандыруға негізделген жобасына, сенбіліктерге белсенді түрде қатысып келеді. Сонымен қатар оқушылар  «Bombino» балмұздақ шығару зауытына барып, ондағы өндіріспен танысты. Жоспарлы түрде жыл сайын кәсіби бағдар жүргізу мақсатында 9, 11-сынып оқушылары колледж, университеттердің ашық есік күндеріне, білім беру көрмелеріне қатысып жүр.

Көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие бойынша оқушылар ән, би, күй сайыстарына белсене қатысады. Мектептегі «Звук» музыка және  «Шаңырақ» би студиясының қатысушылары қалалық сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.

Зияткерлік тәрбие, ақпараттық мәдениет тәрбиесі бойынша «Кибербулинг дегеніміз не?», «Интеллект дегеніміз не?» тақырыбында сынып сағаттары, «21 ғасыр көшбасшысы» сайысы, «Сүйікті кітабым» кітап оқу бойынша таныстырылымдар, «Парасат» зияткерлік сайыстар, викториналар өткізілді.

     Бүгінгі пандемия жағдайы салауатты өмір салтын ұстанудың маңызды екендігін көрсетіп отыр. Мектебімізде дене тәрбиесі, салауатты өмір салты бағыты бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Оқушыларымыз қалалық, республикалық, халықаралық спорт додаларында топ жарып жүр. Мәселен, қала мектептері оқушылары арасындағы спартакиадада №27 мектеп-лицейі бірінші орын алып, республика деңгейінде Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғады.

Мектепте оқушылардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Мектептің техникалық базасы, мектепте жүргізілетін спорттық секциялар балалардың спортпен шұғылданып қана қоймай, үлкен додаларда топ жаруларына мүмкіндік туғызып отыр. «Спорт және дене шынықтыру – бұл ең жақсы мәдениет» акциясы, әр түрлі спорттық жарыстарға, видеоүзік сайыстарына, ата-аналармен өткізілетін «Әкем, анам және мен, спортты сүйетін отбасы»  тақырыбындағы сайыстарға оқушылар белсене қатысады. Балалардың бос уақытарын тиімді пайдалану бойынша мектебімізде оқушылардың спорттық, шығармашылық, инттеллектуалдық, дарындылық қабілеттерін ашуға бағытталған «Тоғызқұмалақ», «Қазақ биі», «SMM», «Дебат», «Акварелька» т.б. үйірмелер жұмыс жасайды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалалық «Біздің қаламның көшелері» жобасы бойынша жұмыстар атқарылуда. Төлеген Айбергенов атындағы № 16 орта мектепте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Біздің қаланың көшелері» атты қалалық жобаның ашылуы болды. Ашылу салтанатына №14 мектеп-гимназия, №16 орта мектебі және №27 мектеп-лицейі, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры Нурпеисов Үкібай Абдуманапұлы қатысты. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры өз сөзінде мектептерді алдағы уақытта бірігіп жұмыс істеп, ұмыт болып бара жатқан есімдерді жаңғыртуға ат салысуға және әр оқушы, ата-аналарға осы жобаға қатысып, қала тарихында өз қолтаңбасын қалдыруға шақырды.

Оқушылар жоба аясында көше тұрғындарымен сұхбаттасып, сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижесінде тұрғындардың өздері тұратын көшенің атымен аталған тұлға жайлы аз білетіндері анықталды. Оқушылар тұлғалар туралы арнайы флаерларды жасап, тұрғындарға таратты. Балалар жоба бойынша материалдар жинау мақсатында кітапханаларға, мұражайға, Ж.Тәшеновтың туған жері Ақмола облысы Аршалы ауданында орналасқан  Ж. Тәшеновт атындағы орта мектепке барып, мектептегі мұражайда сақталған деректермен танысты.

Жоспар негізінде «Менің көшемнің тарихы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел кезінде оқушылар өздеріне берілген «Отанға қызмет етудің үлгісі —  Жұмабек Ташенов»,  «Қабанбай батыр – азаттық күресінің символы», «Сәкен Сейфуллин – ұлтжанды ақын», «Би падишасы — Шара Жиенкұлова», «Ұлы дала батыры – Қажымұқан Мұңайтпасов», «Шоқан Уалиханов: географ, зерттеуші, саяхатшы», «Қазақ даласының бұлбұлы — Күләш Байсейітова» тақырыбындағы жобаларымен таныстырып, көшенің тарихына тоқталды, танымал тұлғалардың өмір жолы мен елге сіңірген еңбектерінен сыр шертті. Әр жоба талқыланып, ерекшеліктері айқындалды.

«Қала көшелері кімнің аттарымен аталған?» бірыңғай сынып сағаттарында оқушылар өздері тұратын көшелер туралы ақпарат дайындап, қызықты деректер келтірді. Көп оқушыларды тұлғалардың өмірі мен еңбектері, шығармашылықтары қызықтырды. Сонымен қатар, оқушылар өз көшелерінде орналасқан мәдени, ойын-сауық орталықтары т.б. ғимараттар туралы ақпараттармен бөлісті. Онлайн форматқа өтуге байланысты  оқушылар арасында инстаграм желісінде «My street» челленджі өтті.

«Рухани жаңғырудың жарқын жолы» тақырыбында педагогикалық кеңесте атқарылған жұмыстар туралы есеп беріліп, жоба жұмысының барысы таныстырылды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде  Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында өткен «Рухани жаңғыру – ұлт қуаты» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстелде осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстармен, өзімнің тәжірбиеммен бөлістім.

Қорыта айтқанда, мектебіміздегі тәрбие жұмысы білімді, жаңа өзгерістерге тез бейімделе аталатын мобильді, елінің тарихын, салт-дәстүрін білетін, мемлекеттік тілді құрметтейтін, жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген саналы, креативті, жан-жақты тұлға тәрбиелеуге бағытталған.

 

Хамитова Айгерим Тауасаровна

Нұр-Сұлтан қаласы №27 мектеп-лицейі

директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Ілмектер

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close