Қоғам және бізТаңдаулы

ҒАЖАЙЫП ЖАН

     1.Елін сүйген тұлға


       Біз сөз еткелі отырған жан бала жастан ата-әже құшағынан нәр алып, ұлттық құндылықты бойына сіңіріп өскен, бұл күндері елімізге танымал қайраткер болып қалыптасқан, шығармашылығымен де өз орнын тапқан  тұлға.

Елін сүйген, жұртын сүйген, Отан алдындағы перзенттік парызын өтей білген, қазақ тілінің нағыз жанашыры атанған, тіпті Қазақстан делегациясын Америкаға басқарып барғанда да тек қазақ тілінде сөйлеген ғажайып жанға  арналады.

Ия, өткен өміріне шынайы көзбен қарасаңыз көп дүниеге көз жеткізесіз. Бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты кезінде ештеңеден қаймықпай, еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға бар күш-жігерін аянбай жұмсағанын ұғасыз. Ол парламентаризм тарихында қалған, есімі құрметпен аталатын, қазақ тілінде тұңғыш заң жазған азамат. Заң болғанда қандай, атамекенге сырттағы қандастарды  оралтуға, еліміздің қәуіпсіздігін арттыруға арналған заң. «Халықтың көші-қоны туралы» заң! Осы заңды қабылдату үшін үкіметпен бір жылға жуық күресті. Онсыз болмайтын еді, онсыз мүмкін де емес еді. Себебі үкімет ұсынған жоба қабылданып кеткен сәтте… Отанымыздың бағыт-бағдары өзгеріп, тәуелсіздігіміз тұманданып, босқындар еліне айналып кетер ме еді, кім білсін? Әлемдегі соғыстың зардабынан қашып, күллі панасыз жүргендердің мекеніне айналар еді-ау. Сондай-ақ елім деп еңірегендерге, атамекенім деп аңсағандарға емес, Қазақстаннан көшіп кететіндерге қомақты қаржы бөлу жағы да қарастырылған еді.  Міне осындай салғыртықтың жолына балта шабу мақсатында Үкіметке балама әрі мемлекттік тілде өз жобасын ұсынды. Алдымен мемлекеттік тілде жазылған заң жобасына үрке қарайтындар, оны мойындамайтындар табылды. Бәрінен бұрын «Ресми түрдегі аудармасы жоқ, қалай талқылаймыз?» деп Үкіметтің өкілі наразылық білдірді. Бұл да оңай соққан жоқ. Еліміздегі аудармашылар орыс тілінен қазақ тіліне аударуға машықтанған екен. Ал керісінше аударма қалыптаспаған. Осы сеңді бұзуына тұра келді. Орыс тіліне аударту үшін заңын қолтықтап, баспаған есігі қалмады. Әйтсе де жанашыр адамдар аз емес екен. Бүкілхалықтық талқылауға ұсынғанда мұны қолдаушылар саны артқанында ұқты. Тілеулестері қолдан келгенінше аянбады. Көптің көмегімен жасалған аудармаға «орыс тіліндегі аудармасы нашар» деген сылтау табылды. Қарлығаштай шырылдаған үніндей қазақ тілінде жанайқайын жеткізген жанды халық қалаулылары қолдай білді.Бұлардың бәрі кедергінің басы ғана екен. «Заң жобасына тиісті мекемелердің берген оң қорытындысы жоқ. Біз бұны заң жобасы деп есептей алмаймыз» деген де  сылтау шықты. Қиындықпен оған да қол жеткізді. Себебі бұл кісіде тәкәппарлықтың нышаны да жоқ. Нағыз қазақи, еңбекқор, тынымсыз, айналасына мейірімді, ешкімді де алаламайтын мінезі кімді де болса баурап алатын. Міне ата мен әжеден алған тәрбиесі, осы қарапайым да төзімділік қасиеті талай қолдан ұйымдастырылған кедергілерден өткізді! Парламент қабырғасында өз жобасын  бір жылға жуық қорғаған, 42 рет пленарлық, кеңейтілген комитет отырысында кеңінен  тартысты өткен талқылаудан соң жеңіске жеткізді. Ол дегенім нағыз халық қалаулысына айналған, жұртшылықтың құрметіне бөленген, 1997 жылдың «Жыл адамы» атанған Әкім Ысқақ еді.

Бұл жөнінде сол кездегі әріптестері, қоғамдағы белгілі тұлғалардың пікіріне назар салғанымыз жөн шығар.

           Бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің Төрағасы Марат Оспанов:

      — Бұл өмір талабы, уақыт талабы заманына сай лайықты өзгерістер болуға тиіс. Келешекте әр нәрсе өз орнымен айтылады, мына заң Әкім Ысқақтың заңы деп аталады. Әкім, жеңісіңмен құттықтаймын!

        Бірінші шақырылған Парламент Сенатының Төрағасы Өмірбек Бәйгелди:

      — Әкім, сен мықты шықтың! Сенің Үкімет заңына балама жоба ұсынуыңның өзі төрт жылдық депутаттығыңды ақтайды.

Қайраткер, бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты Қаратай Тұрысов:

Әкім Ысқақ ұлты үшін ұлы дүние жасады. Алыстағы ағайынның қамы үшін, қандастардың жаны үшін қара терге түсіп, атаның басын төрге сүйреді.  

Академик, бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты Өмірбек Жолдасбеков:

— Әкім сен тарихта қалдың, атқарған жұмысың, еңбегің соған лайық!

 

Халифа Алтай:

         —  Әкім Ысқақтың шетелдегі қазақ бауырластар үшін жасаған пайдалы еңбегі үзілгенді жалғайтын ағайынның «алтын көпірі».

Осы сөздердің өзі-ақ біз білетін ғажайып жанның қандай дәрежедегі тұлға екендігін айқындап беріп тұрғандай.

Әбекең туралы ел алдындағы танымал қайраткерлер Қ. Мұхамеджанов, Ә. Нұрпейісов, М.Қозыбаевтардың сөзімен айтсақ «Оның Қажыгелдин үкіметіменен, Коржова министрлігімен бір жыл бойы ашық айтысқа түсе отырып, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының балама жобасын дүниеге әкелуі тіл жеткісіз ерлік еді. Ол сонысымен де Қазақстанда жеке заң дайындаған депутат, Қазақстанда қазақ тілінде заң дайындаған депутат, Қазақстанда Үкімет заңын күшінен қалдырған депутат ретінде тұңғыш тұлға болып қалды. Кәсіпқой парламентшілер ішінде ол өзінің халықшылдығымен, ержүректігімен, ең бастысы қазағына тән қарапайым қамқоршылдығымен шын мәніндегі халық қалаулысы екендігін дәлелдеген адам».

Біз де бұл сөзден артық ештеңе айта алмаспыз.

 

  1. Біз қалай таныстық?

 

Әкім Ысқақ  әрбір қазақтың жүрегінен орын алған мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, сондай-ақ ақын, жазушы, журналист, сазгер, сатирик ретінде республика жұртшылығына аты мәлім талантты жан. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты,Ордабасы, Сарыағаш аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, республика білім беру ісінің үздігі, Қазақстан педагогика академиясының профессоры, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Халықаралық Журналистер одағының мүшесі,

Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, мектеп оқулықтарына бірнеше шығармалары енген, 30-ға жуық кітаптары жарық көрген, туындылары бірнеше тілге аударылған тынымсыз еңбек ете білетін нағыз шығармашыл тұлға.

«Бір физиктің махаббаты», «Гүл қауызындағы тамшы», «Күн ұлы­мын», «Біздің Бапақ», «Жү­рек­­тегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін», «Жан жаңбыры»,  «Өмір, сені  сүйемін”, «Ой-шырағдан», «Тұңғыш генерал»,  «Ақ сауытты Ақтамберді», «Көңіл қымбат», «Алтыным» сын­ды және т.б оқырман көңілінен шыққан кітаптарымен оқырманға бай адам  Әкім Ысқақпен таныстықтың қалай басталғанына тоқтала кетейін.

«Адам іздеп жүрген» Әбекеңмен сан қырлы, жан-жақтылығымен танысу өткен жылдың жаздың соңғы айы тамыз айынан басталып еді.

Бәрі Түркістан қаласында тұратын, №19 мектептің кітапхана меңгерушісі Әлима Пашанованың телефон қоңырауынан басталды.

— Жұпар апай апай!  Сізді  ерекше, жақсы бір жанмен  таныстыруға Шымкентке ертіп кеткім келіп отыр, — деді.

Шынымды айтсам, тек сырттай ғана білетін тұлғамен танысуға қарсы болмасам да қазақи әдеп сақтап, именгенім рас.

— Ешқандай да ыңғайсыз емес! Менмендігі, тәкаппарлығы жоқ, өте қарапайым жан, ізгілігі мол керемет адам! Оның үстіне ол кісіге жұмыс айтуға емес,  шағын, санаулы адам ғана қатысатын шығармашылық кешіне барамыз ғой. Шығармашылығымен таныссаңыз өзіңіз-ақ жақсы көріп кетесіз, — деп мені бастырмалата түсті.

Індеттің кезінде болса да Әлима көңіл қимайтын сыйлас жан болғандықтан ғана келістім.

Ол кісі туралы ғаламтордағы мәліметтерді ақтардым. Өмірде жалпы шығармашыл адамдар көп қой. Бәрінің дүниесі қызықтыра бермесі анық. Жоғарыда аты аталған кейіпкеріміздің жазған шығармаларын тапқан сайын терең де қызықты әлемге тарта түсті.  Шынында әрбір шығармасы адамға ой салып, өзіңді жақыныңдай сезіндіреді екен. Жап-жақсы әсер алып, бірді-екілі туындыларымен еркін тыныстап, бейне бір жақын таныс сияқты қомданып қалдым.

Тау тұлғаның 60 жылдық мерей тойы туған жері Ордабасы ауданына қарасты Бөржар аулында басталды. Әбекеңнің өзімен, шынайы сөзімен, ел-жұртымен таныстым. Халықтың шексіз құрметіне бөленген азамат ретінде  көз жеткіздім. Жүрегінің тынысынан «елім-жерім» деген қайраткерді таныдым. Ең бастысы халықтан биік емес екенін танытып, ата-әжесі, әкесі, анасы, ұстаздары, оттан да ыстық өмір туралы байыпты әңгімелері өнегеге толы екен. Әлима айтқандай нағыз Алтын адамды көкірек көзіммен сезіндім.

Сондай әсермен келіп, Кентау қаласындағы орталықтандырылған кітапханаға басшысы Гүлнар Кокуловамен келісіп, шығармашылығына қатысты арнайы айлық өткізетін болдық. Ия, бір айға арналған іс-шарамызға қатысушылар саны күн өткен сайын арта түсті. Әр туындысынан Әбекеңнің жаңа қырын танығандай, ол әлемді тауыса алар емеспіз.

Сол таныстық тамырлап, Кентау қаласында Шәмші Қалдаяқов атындағы Мәдениет үйінде басты кейіпкердің қатысуымен «Көңіл қымбат» атты музыкалық-әдеби кеш өткіздік. Қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Ақылбек Бауыржан Момынқанұлының, «Қаратау тәжі» атты әдеби бірлестіктің төрағасы Рақым Балабиевтің  бастамасымен, ең бастысы қала әкімі Мақажанов Дәурен Сәбитұлының қолдауымен ерекше, әсерлі, айтып жүрерліктей керемет кеш болды.

Қала әкімінің орынбасары Бекайдар Әлайдаров кеншілер қаласының     65 жылдық медалін  табыс етіп, аса зор құрметпен  қазақтың дәстүрімен шапан жапты. Кентау қаласының бас ақыны Рахым Балабиев Әкім Ысқақ ағамызға ыстық ықыласын өлеңмен өрнектеп, батаға жалғастырды. Кеншілер қаласында оқырмандарының көптігінен болар, тоқтаусыз бірнеше өлеңдері мен қарасөздері жатқа оқылды.  Мәдениет үйінің әншілері мен актерлері    кеудені қағып тұрып орындайтын әсем  әндерімен  көрермендерін тәнті етті. Әсіресе «Көңіл қымбат», «Көк тудың желбірегені», «Соңғы вальс», «Оралшы жаным қайтадан», «Күзді сүйем», «Анашым» және тб.  көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерге айналғанын тыңдарман қауымның ерекше қошеметі соның айғағы деп білемін.

 

  1. «Алтынымдағы» алтын сөздер

«Алтыным» деген кітабы қолыма тиген күн ең бақытты сәттерімнің бірі деп айта аламын. Ондағы алтын сөздерді көңілге тоқымау мүмкін емес. Кішкентай баладан еңкейге қарияға дейін осы кітапты оқуға құмар.  2018 және 2020 жылы қайта жарық көрген «Алтыным» атты қысқа қайырымды ой-толғамдары республика  мектеп мұғалімдері мен оқушыларының сүйікті кітабына айналып келе жатқаны бекер емес.  Осынау қарасөздерінен оқылған «ӨМІР. СЕНІМ. АРМАН.» («Алтынымның» үзінділерінің дыбысталған нұсқасы) дискі жинағы да жарық көрген. Түркістан қаласындағы 19 мектепте (кітапханашы Әлима Пашанованың бастамасы бойынша) екі жыл қатарынан бұл кітап мектеп оқырмандарының «Ең таңдаулы кітап» номинациясына ие болыпты.

Біздің Кентау қаласындағы кітапханадағы  оқырмандардың да және  өзбек мектептерінде өзбек тілінде шыққан «Олтиним» (өзбек тіліне аударған жас жазушы Мафтуна Нәжиева) ең сүйікті кітабына айналып келеді. Мұғалімдер мен оқушылар арасында кітаптан үзінді оқу дәстүр боп қалыптасты. Еліміз бойынша екі жылдан бері түрлі деңгейдегі «Алтыным» оқулары, байқаулары өткізіліп келеді. Нұрсұлтан қаласындағы 56 мектеп-лицей педагог-психологы Айгүл Рақымжанова «Өзін-өзі тану» пәнінде  тереңірек оқытса,  Ақмола облысы, Аршалы ауданы Ж.Тәшенов атындағы орта мектеп педагог-психологы Айдана Сембиева   кітаптан «Адалдық сағатын» өткізсе, психолог бастамасымен апта сайын мұғалімдер мен оқушыларды  «ӨМІР.СЕНІМ.АРМАН.»  дискі жинағын тыңдату үрдіске айналыпты. Ал Атырау қаласындағы оқырманы Айгүл Бауыржан өз бастамасымен өз дауысымен «Алтыным» кітабын тұтастай электрондық нұсқасын жасап шығарды. 2018  жылы қаламгер шығармаларына арналған, тілеулес  оқырмандарының қолдауымен өткізілген «Алтын ғұмыр» республикалық байқауында Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Сабыр бас жүлдеге ие болды. Нұрсұлтан қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театр әртістері Бақыт  Жұмағұлова оқыған «Мен Адамдарды жақсы көремін», Гаухар Жүсіпова оқыған «Іздеймін Сізді» және Түркістан облысы, Ордабасы аудандық «Жастолқын» жасөспірімдер театры (жетекшісі Перизат Баймаханова) орындаған «Алтынымға» жасалған бейнероликтері  әлеуметтік желіде кең таралып келеді.

Ия, Әбекеңнің әрбір сөзі отанды сүюге бағыттайды, әрбір сөзінен өмірге ғашық бола түсесің!

   «Мен қазақпын! Қазақ болып туғаныма мақтанамын. Жанымда қайсар қазағыма деген махаббат аттай тулап, 62 тамырым қазақ деп соғады!».

Жүрегі қазағым деп соққан, жаны мөлдір, өзі қарапайым, менменсінуді мүлдем жаны қаламайтын жаны таза «Алтын адам» Әкім Ысқақты үлкен-кіші де жанындай жақсы көреді. Адамдығына, өмірге, досқа адалдығына тәнті болдым. Ұлтжанды мінезі,  ізгілікті көңілі шынайы сыйластығы, жас баладай тазалығы, нағыз жанашыр оқырманына айналған достың біреуі мен болдым. Шабыттанып, көңіліме көктем ұялап, Әбекеңе арнап ән жаздым.

  1. «Ғажайып жан» ән жазуыма не себеп болды?

Адамды екі жағдайда танисың. Сөзі мен ісі. Яғни тиянақты тірлігі. Сөзі – ол шығармашылығы. Ал тірлігі тиянақты айналасына шуақ шашып жүреді. Ал мінезінде менмендік жоқ. Адамдардың барлығын жақсы көреді. Ол үшін қиын жағдайға да тап болады. Ең бастысы кешірімшіл. Бұл кім дейсіз ғой? Бұл мен таныған Ысқақ Әкім Әбдіқайымұлы! Бойындағы асыл қасиеттері, адами құндылықты жоғары ұстануы, туған жерін, елін, Отанын, Ордабасын сүюі шексіз тәнті етті. Ата-анасының берген тәлімін сақтай білгеніне, кішіпейілдігі көзінен сезінетіндігіне, ұлтжанды мінезі жарқырап тұратындығына, қазағым деген ерекше пейіліне бас идім.

Бала жастан өнерді ту еткен шығармашылыққа деген еңбекқорлығын, жас дарынға қамқорлығын, жаны жаралы  жасқа сүйеніш бола  білетіндігін, нағыз нар тұлғалы ғажайып жан, қазақтың бір тума азаматы екенін таныдым!

Алланы шексіз сүйген қарапайымдылығын, ізгілігін, үлкен-кішіге  деген ыстық ықыласын, өмірге деген құштарлығын таныдым. Осындай асыл қасиеттері бойындағы жақұт, асыл маржан сөздеріменоқырмандар жүрегінен орын алуы –өмірге құштарлығынан.

Бір ғана «Алтыным» атты кітабы үлкен-кішіге өмірлік сабақ беретін қара сөздері мен афоризмге  толы алтын қазынасы  өшпес тарих. Және Әбекеңе көңілімдегі ой иірімдерімді ыстық-ықыласпен достық махаббатымды өлең өрнегі мен әнім арқылы жеткізуді  өзіме парыз санадым. Міне, менің «ҒАЖАЙЫП ЖАН» деген әнім осылай дүниеге келді.

ҒАЖАЙЫП ЖАН

Мемлекет, қоғам қайраткері, тұңғыш рет қазақ тілінде көші-қон туралы заң жазған, ақын, композитор Әкім Ысқаққа арналады.

Әнге айналып ел сүйетін «Көк туың»,

Көкке қарай жеткізді ғой ел үнін.

«Жүректегі жазуларың» өшпейді,

«Адам іздеп»қайта жақтың сенімін.

Қайырмасы:

Жан сарайың мөлдіреген бұлақтай,

Нар адамсың, нәр алғансың даладан.

Бұл өмірде «Көңіл қымбат» қашанда,

Айналайын сені туған анадан!

 

Шартарапқа әнің қалқып барады,

Жағылады көңілдердің шырағы.

«Алтыным» деп басын қостың бәрінің,

Сенің туың биік болып тұрады.

Қайырмасы.

 

Алғашқы рет өз тілімде заң жаздың,

Қазағыма нұрлы үмітті сыйладың

Оқырманы»Алтын адам» атаған,

Жақұт сөзді, бір өзіңнен жинадым.

Қайырмасы

  Кентау қаласы,

ақын, сазгер Жұпаркүл  Бекшораева

 

 

Осы айдарда

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Back to top button
Close
Close