ТаңдаулыТүркі жұртында

«Ақынжанды анамның алдынан шыққан шайырмын…»

Айтыс - ақиқаттың азуы

 

Үнемі атам мен әжемнің ортасында отырып көк жәшіктен айтыс тамашалайтынбыз. Бала болсам да айтыстағы қағытпаларды, әзіл-қалжыңдарды  түсініп, езуім бір жиылмайтын, ой құшағына берілетінмін. Сол кездері үлкендер менің бойыма қаншалықты тәрбиенің негізін қалап жатқанын ұғынбаған да болар… Бір білерім қазаққа сөз қадірін түсінер бір перзент сыйлады. Ол бала өсіп жетілді. Көк жәшіктен көрген ақындарын біртіндеп түгелдеп, сүбелі сұқбаттар жасады.  Міне, айтыстың ақтаңгерімен әңгімелесудің де сәті түсті. Ішімдегі бала  Гүлжазым бақытты. Себебі кішкентай күнімдегі арманынымды орындап, рухым ғайыпқа жалғанғандай әсердемін…

Бекарыс аға, бізге солай көрінеді ме, әлде, шындықтың өзі солай ма, әйтеуір, соңғы жылдары, сіз қоғамдық өмірде сиректеу бой көрсететін секілді көрінесіз…

Қоғамдық өмір – қай кезде де қайнап жатқан тіршілік: күнделікті күйбең ғана емес, асыл армандарға ұмтылу, мұратты мүдделерге қол созу. Айтыс – жүйріктердің қамаутері кеппей жиі-жиі өткізіліп, қара қазанының сексеуіл-шоғы бет қарыған алаулы сәттерде (баспасөз беттерінде өзіміз де, сөзіміз де жарқылдап жарияланып жатады) сырт көзге қоғамдық өмірдің бел ортасында, белуардан қызық кешіп жүргендей көрінген де шығармыз, әйтпесе, бүгінгі таңда да бұрынғы қалыпты тірлігімізді, жұмысымызды жасап жатырмыз.

2020 жылғы қара қытай індеті – елдің еңсесін езіп, жігерін жасытып тастады. Ақпан айында бір-екі айтыстан кейін арасы ұзақ үзіліп, қара күзде «Алтын домбырамен»  жалғасын тапты. 2020 жылы екі-үш айтысқа қатысып, жылды түйіндедік. Ал, негізі тірлігіміз қалпымен, өзіміз жалпымен қоян-қолтық күн кешудеміз…

 

 Ел сізді айтыскер ақын, талантты өнерпаз ретінде таныды, сіздің Шойбек атаңызды ауыл-аймаққа әжептеуір сыйлы ақын, ал, нағашы әжеңіздің күміс көмей келісті әнші болғандығынан құлағдармыз, қалай дейсіз: өнердің төресі – сіздің табиғатыңыздан ба, болмаса ежіктеген еселі еңбектің жемісі ме?

Қазақтың баласы ақын немесе әнші болса, таңғалудың қажеті жоқ. «Әу» демейтін – қазақ жоқ. Қазақтың кез келген қызы мен ұлы тойдың төрінде бір ән салуға жарайды.

«Ақындық өнер қайдан келді» дегенде, менің Шойбек атам «ел аралап, жер аралап, мынамен айтысқан» деген айтыстары сақталмаса да, ауыл-аймаққа белгілі ақын болған. Ел ішінде қайым айтыстарының ізі бар. Соғыс жылдары елге жұртқа демеу беріп, айтысқан сөздері жоғалмаған. Өзінің тұстасы Балтабай деген ақын кісімен сөз қағысқан тұстары да, ел аузында. Өкінішке қарай, жазып алмағандықтан, толық мәтіндері сақталмаған. Бұдан бөлек, «Шойбек айтыпты» деген уәж сөздерді жұрт жиі естеріне алады.

Ал, нағашы әжемізді өзіміз көрдік. Кәдімгі ақындығы, әншілігі бар кісі болды. Маған сөз өнеріндегі қабілет-қарымым, бәлкім, Шойбек атамнан да, нағашы әжемнен де дарыса керек. Өзімнің анам – Ұлбазар ақындығы да, әншілігі де басым жан. Менің алғашқы айтыстардағы  өлеңдерімді жазып берген сол кісі болатын. Анамның шумақтарын көшіріп жазып, жаттап шығатынмын. Енді «осымен тоқтайтын шығармыз» деп ойлайтын едім, Әселхан апайымыз бен Қаныбек ағайымыздың алдына барғанда қызығушылығымыз оянып, жампоз ақындардың жетегіне еріп кеттік…

 

 Айтыскерлердің де болмысы сан-алуан. Өзіңіз хақында Мэлс Қосымбай: «Оңтүстіктен келгенмен інім менің, екпіні солтүстіктен соққан желдей» демекші, әдетте, сіз салмақты қалпыңызбен, салиқалы сөзіңізбен ерекшелендіңіз. Бұл – ататектің жалғастығы ма, өнердегі таңдап алған тұлғалық кейіп пе?

 

Айтыс өнері – актерлік шеберлік сабағы емес, бізді ешкім сахнада өзіңді ұстауға немесе кәсіби жүріп-тұруға үйретпейді. Тіпті, әнші-актерлер секілді біздің бетімізді опалап, сақал-шашымызды күземейді. Айтыскер – үйде қандай қалыпта болса, түзде де сол табиғи болмысынан өзгермейді.

Көбіне  «Өмір мен сахна – екі әлем» деген сөз жиі айтылады, ал, мен үшін екеуі – тым етене, өте жақын, егіз дүние сияқты. Өйткені, сахнаға шыққанда – өмірдегі, болмыстағы, жүрегіңдегі, көңіліңдегі түйіткілдерді тіліңе тиек етесің…

 

 Асыр салған алтыншы сыныпта қызыл тілдің додасына алып шыққан Әселхан Қалыбекова мен Қаныбек Сарыбаевты өзіңіздің ұстаздарыңыз санайсыз ба?

Екі адуынды ақын, сырбаз сүлейлер менің асыл ұстаздарым. Ақынжанды анамның алдынан шыққан мені осы бір ардақты жандар баптады. Алдымен, аудандық оқушылар айтысында алдын-ала жазып берген өлеңді оқып, жүлделі бірінші орын байрағын қанжығаға байлап едік арада біраз уақыт өткенде Әселхан апайымыз бен Қаныбек ағайымыз Отырар ауданынан отыз шақты оқушы қыз-жігіттерді жинап: «Айналайындар, біз сендерді таңдап алып, өнерге баулымақшымыз. Біз қазір айтысып жүрсек те, уақыт озған сайын қартайып жатырмыз. Артымыздан жолымызды басатын інілер мен сіңлілер керек. «Сендерді үйретейік» деп, аудандық Мәдениет сарайына жинадық» – деп, судай жаңа әл-Фараби атындағы мәдениет сарайына бізді апта сайын жинап, айтыстың қыр-сырын үйретуге белсене кірісті.

Қазір ойлап отырсам, «Қартайып бара жатырмыз» деген сол кісілер, шамамен, біздің дәп бүгінгі күнгі жасымызда екен. Не деген көрегендік десеңші!

Ә дегенде, кәдімгідей аяғымыз дірілдеп, асып-сасқан біздердің ол кезде білмейтін нәрсеміз шаш етектен екен-ау: ақындардың айтыста бір-біріне қағысулары мен қағытпаларын түсініп, сіңірудің өзі – асу бермес заңғардай еді. Әселхан апай, Қаныкең, Тәушен апа, Көкбай аталарымыздың араларындағы қағытпалардың өткірлігі мен өзектілігі, тапқырлығы мен тағылымы ғажап болатын.

Жас жүрегімізде айтысқа деген гүл бүр жарып, іңкәрлік сезіміміз түйін байлады. Өзіміз асығып, адуынмен тасынып тұратын болдық соған. Ұстаздарымыздың педагогикалық әрі әдістемелік ұтқырлығы – кітаптан үйренген кіріптарлық емес, табиғи қонған қабілет еді, әйтпесе, ол кісілер бізге дейін ешкімді тәрбиелеп, үйреткен адамдар емес.

«Бес саусақ – бірдей емес», уақыт тезімен отыз баладан соңында алты-жеті бала қалдық. Табиғаттың заңдылығы шығар, ер жігіттер – Қаныкең жаққа қарай ығысып, қыз балалар – Әселхан апайға қарай ойысты. Қаныкеңнің қолтығының астындағы біз – Әселхан апайдың аялы алақанындағы сұлулармен қыз-жігіт болып, айтысатын болдық,

Әселхан апайдың қыздары мен Қаныкеңнің қылшылдаған жігіттері айтыстың аламан айқасына түсіп, әрдайым кезекпен жеңіп-жеңіліп жүрдік. Әдетте, Жәкен екеуміз «Қаныкеңнің шәкірті» аталып, Маржан мен Айгүл Асановалар «Әселхан апайдың тәлімгері» болса да, меніңше, бөліп-жаратыны жоқ, шындығында, осы кісілердің алдында бірге тәлім-тәрбиесін сіңіріп, қоңыр қозыдай қатар өстік.

Біздің бағымызға қарай, «айтыстың аруанасы» Әселхан апайдың тәлімінен қыздармен айтыстың терең тылсымдарын: өзімізді ұстау, не айту, шегіне-шабуылдау, әсерлі сөзбен әспеттеу т.с.с. түсініп, меңгердік.

Қаныкең сезімге – сері, сөзге – ұста жазба ақын әрі ұстаздық қыры басым болғандықтан, аламан айтыстарда алысқа шауып, биіктерді бағындыру үшін танымға – тапқырлық пен ұйқасқа – ұсталықты үйретті.

Осыдан тура отыз жыл бұрын Шымқалада тұңғыш рет тау тұлғалы Тәушен апамыз қатысқан республикалық айтысқа шығыпсыз…

Сірә, бұл – тұңғыш реткі емес-ау. Ол кезде Тәушен апамыз республикалық айтыстарда көп көріне бермесе де, апамыз қатысқан біраз айтыстарға қатыстым. Мысалы, апамның алпыс жылдық мерей тойында жүйріктің жүгенін жібердік. Тәушен апамның көзін көріп, бәйгеде қатар шабу – үлкен мәртебе.

«Қайым айтыс» пен «Сүре айтыстың» хас ұстасы Тәушен апамыз, әттең, айтысқа кештеу шығып, тұстастары тым сиреп қалды. «Қатарың болмаса, тойға барма» демей ме қазақ, сара сөздің сардарына – желкілдеген көкөрім жас балалармен айтысу – аса ауыр.

Тоқсаныншы жылдардың басында Тәушен апамыздың жалғыз тұстасы түлкібастық ақын Тұрар Байсариев көкеміз ғана қалды.

Тәушен апам – аузын ашса, өлең төгілген, әр сөзі қыздың шашындай көркем өрілген, сөзі таза ұсталық қалыптан шыққан, айналасының көркін қыздырған әзіл-қалжыңы жеңіл де жылы, насихаты нақты, талғамы терең нағыз айтыстың алдаспаны еді. Мен таң қалып: «Ойпырмай, алпыстан асқанда да аламан-тасыр алысып, айтысуға болады екен-ау!»–деп, ойлайтынмын…

 

 Жасырып қайтеміз, оқта-сонда бас қосатын айтыс аламандарының жүлделері қомақты болғанымен, сары қарын бәйбіше мен қара қазан балаға күнде тамақ ішу керек, сіз соңғы жылдары ағартушылық ісіне етене араласып, білдей қаланың білім саласына басшылық еттіңіз. Бірақ, бір сәт бақылау аймағынан шығып кеткен ұшаққа ұқсап, көрінбей қалдыңыз. Себебі не?

Себебі, біреу: мемлекеттік қызмет. Ресми лауазым, биліктің тәртібі – еркін жүріс, талғамсыз тұрысыңды көтермейді…

 

 Шығармашылық адамы – еселі еркіндік пен емен-жарқын кеңістікке дағдыланған…

Ойындағысын ашық, тіліндегісін тура айтып тастайтын  шығармашылық адамына оңай тимеді. Бойыма жинаған ой-түйіндерімді айтыста ақтарып тастайтын ақын болсам да, әлбетте, аяғы аспаннан салбырап түскен ешкім жоқ, мен де лауазымды қызмет, жауапты мансапқа саналы түрде барған азаматпын. Сондықтан, тиісті саланың тәртібі мен ережесіне көнуге міндеттісің. Мысалы, айтыста да қажетті ереже мен тәртіпті сақтауға тиіссің.

Әр жердің өз талабы болғанымен, обалы кәне, мені бірінші рет қызметке тағайындаған кезде-ақ басшымыз, қала әкімі марқұм Әліпбек Өсербаев ағамыз кісілік һәм кеңшілік танытып: «Қарағым, «айтысқа жібермей жатыр» деген сөз болмауы үшін қажетті айтыстарыңа барып тұр» – деп, өнерімді өрістетуге ешқандай шек қойған жоқ.

Алайда, қызметіме қарасты қала мен ауылдардағы жүздің үстіндегі мектеп пен балабақшаны аралауға уақыт жетпей жатқанда, айтысқа қарауға қайдан мұршаң болсын.

 

 Білім саласындағы басшылық мектебі сізге не берді? Бүгінгі күннің терезесінен өзіңізге сырттай қарағанда, не көресіз?

«Сырт көз – сыншы» деген тәмсіл шындық десек те, медальдің екі жағы болады, неге десеңіз, кейде және көбіне сол сырт көздің – көргіштігінен емес, айтқыштығынан зардап шегуіміз басым. Айталық, мен негізі «өнерде жүрген адам» саналғаныммен, мәдениет саласында өмірімде небәрі алты ай ғана жұмыс істеппін.

Ал, күллі ғұмырым білім саласында өтті: университет, өнер мектебі, білім саласының басшысы… Қазір де білім саласындамын. Бұрын сырт көз ретінде «былайша жасауға болады» деген нәрселерім – саланың ішіне кіріп, нақты көргенде, басқаша болуы мүмкін. Өйткені, не нәрсенің де өзіне тән заңдылықтары, ережелері, талаптары бар.

Алты жылға жуық өнер мектебін басқардым. Сосын, мүмкіндік туған кезде білім саласының басшылық лауазымына «өзімнің күш-жігерімді байқап, сынау үшін әдейі бардым» десем болады. Өйткені, алты жыл өнер мектебін басқарғанымда білім саласының басшысы мектебімізге бір рет те келмеді. ««Шағын мектеп» деп, менсінбеді ме» деп, іштей ренжитінмін…

Бір жылдан кейін біз үлкен концерт жасап, басшымыздан бастап, бізге қарасты бүкіл мамандарды түгел тайлы-тұяғына дейін арнайы шақырдық. Бір адам келген жоқ. Уәждері: «Жиналыс болып қалды».

Бір күні білім ордамыздың 5 жылдығы келіп, «Бітіруші түлектерімізге алғашқы куәлігімізді береміз» – деп, тағы да құрмет көрсетіп, шақыру хаттарын жеткіздік. Ешкім төбесін көрсетпеді… Ескі сылтаулары қайталанды: «Жиналыстан шыға алмадық»…

Өзім сала жетекшілігіне тағайындалғанымда, «Жиналыстың жетегінде кете берсең, бір мектепке де бара алмайды екенсің» деген тұжырыммен өз аяғыммен барып, әрбір мектептің есігін ашып, өз көзіммен көруге тырыстым…

Бірақ, басқа бір өмірлік ақиқатқа көзім анық жетті: ешкім өз еркімен, өз қалауымен, өз білгенін жасап, мемлекеттік қызметті атқара алмайды. Себебі, мемлекеттің білім мен ғылымды дамыту бойынша қабылданған арнайы бағдарламалары бар: балабақшада, орта мектепте, орта-кәсіптік білімде, университетте т.б.

Мықты болсаң, үтірі мен нүктесіне дейін айқын көрсетілген осынау тұжырымдамаларды тиянақты, сапалы, уақтылы, толық жүзеге асырып, өзіңнің білімің мен білігіңнің, тәлімің мен тәрбиеңнің, ұсталығың мен шеберлігіңнің деңгейін нақты нәтижелермен дәлелде!

Ең алдымен, басшы – мемлекеттің сенімді өкілі, жауапты қызметшісі; мақсаты – мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру.

Әлбетте, тиісті салада қажетті ұсыныстар айтып, талап-тілек білдіріп, пайдалы пайымдар жариялауға әбден болады, дегенмен, мемлекеттік бағдарламаны мойындамауға, ауытқуға, өзгертуге, орындамауға құқың жоқ. Сол себепті, менде мемлекеттің бағдарламасын және менің басшы ретінде алдыма қойған тапсырмасын  әл-қадірімше атқаруға тырыстым.

 

 Осындай орасан жауапкершілік, тынымсыз тәуекел, тоқтаусыз талпыныс, үзіліссіз жүгіріс – серке өнердің сырбаз серісін ширата алды ма?

Мемлекеттік қызмет дегеніміз, ең алдымен, темірдей тәртіп пен ортақ мүддеге жұмылу және белгілі бағдарға бағыну. Уақыттың қадірін, бардың бағасын терең түсінесің: бүгін бітуге тиіс шаруаны ертеңге қалдырсаңыз – ертеңнің несібесі қосылып, еселене түседі.

Білім саласы – біздің өміріміздегі ең маңызды сала: бала-шағамыздың, ұрпағымыздың болашағына атүсті қарауға болмайды, қызық-шыжығы шаш-етектен болса да, тірнектеп теріп, тиянақты атқаруға тиіспіз…

Танымалдық – тіреу болуымен қатар, табаныңызды тайдырған сәттер кезікте ме?

Әу бастағы мақсат-мүддемізге сай өмір сүруге тырысып келе жатырмын. Дәл мені бір қысымға алып, ұстанымымнан айнытқан кездер есімде жоқ.

Ғұмырлық ұстанымға тұрақты болу ауыр ма?

Менің ұстанымым Қайыпназар Әйтпеновтің термесіндегі:

«Адам боп келдім өмірге,

Адам боп өту – тілегім!

Бәріңе соны тіледім» – деген ғибратымен үндес.

Адам болудың өзі де, Адам болып қалу да, Адам болып өту де оңай емес!

«Ақын – атамзаманнан халық пен билік арасындағы алтын көпір» деген бұрнағы ұстанымыңыздың іргесі сөгілген жоқ па?

Бұл ұстанымның іргесі сөгілмейтін шығар. Егер айтыс аман-есен тұрса, оның қызметі –халық пен билік арасына алтын көпір салу. Айтыс қазір осы міндетін тікелей атқарып келе жатыр. Қатты айтып, қара қылды қақ жарған; жұмсақ сипап, ар-ожданыңды қытықтап оятқан екі ақын да – ақырғы мұрат, соңғы мүддесіне жетсе, бәйгеден келгені.

Әр ақынның әдісі алуан, тәсілі тарамды болуы ықтимал, бірақ, мақсаты біреу – қара қазақтың мұңын айту, тілегін жеткізу. Ұлтына жанашыр, жұртына бауырмал ақынның аузына береке мен бірлік, ынтымақ пен ырыс деген сөздер түседі. Дегенмен, шындықтың қашанда ащы да кермек болатындығын ескерсек, кемшілікті көріп, қателікті дөп басқан ақынды «халықтың жауы» санамау керек. Шындықты шыңғырта айтып, сынай алмаған ақынның азуы сынып, қызыл еті қалса, оның сөзінде не құн, өзінде не құн қалады?..

 Өзіңіздің өнер мектебіңіз туралы толығырақ айта кетіңізші?

Білім саласында «мектептен тыс мекемелер» деген түсінік дәреже бар. Негізінен, мектеп оқушыларының бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында құрылған мекемелердің қатарына Өнер мен Саз мектептері, Балалар мен жасөспірімдер орталығы жатады. Мемлекетте белгіленген тәртіп бойынша, мысалы, Саз мектебі әуен-сазға ғана дайындайтын домбыра мен түрлі аспаптарда ойнауды үйретеді. Саз өнері – сөзге ауысқанда, эстрадалық нұсқа саналатын вокал немесе хореография қосылады. Ал, Балалар мен жасөспірімдер орталығы қолөнер, пәндік сияқты әралуан үйірмелерге тәлімдейді.

«Тәуекел түбі – желқайық» деп, өнер мектебінің іргесін қалағандағы басты арман, асқақ ойымыз – жастарды айтысқа, халық әніне, жыр-термеге, толғауға, күйішілікке тәрбиелеп, ұлттық өнерімізді дамытатын мықты мектеп қалыптастыру болатын.

Ең маңыздысы, бүгінгі таңда жас ұрпақты шама-шарқынша өнерге баулып жатқан білім мен тәлім ордамыз нәтижелі еңбегінің арқасында жыл сайын айтыстан, жыр-термеден облыстық, республикалық сайыстардың жүлделі орындарын иемденіп, жеңімпаздар атануда.

Ұстаздар қауымының арасында жүзден жүйріктер аз емес, айталық, «Халық әні» бойынша Қажыбек Бекбосыновтың тікелей шәкірті Аязбек Рүстемов әрдайым алдыңғы қатардан көрінеді. Аракідік Қажыбек Бекбосыновтың өзі де дәріс оқып, тәлім береді. Қожа Ахмет Яасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен қарым-қатынасымыз ықыласты, өнерпаздарымыз ынтымақты.

Ең өкінішті де өзекті түйіткіл – өнер сүйер жастарды оқытатын тұрақты да кеңқолтық ғимараттың жоқтығы. Демек, мектептен тыс мекемелерге мемлекет белгіленген индикатор көрсеткіштер бойынша әлі де айқын тапшылық байқалады. Өнер шаңырағының уығы қадалса, іргесін кеңейтуге болады. Өйткені, кез келген ұлттың беделді бет-бейнесі – өрісті өнерінен көрініс табады…

 

 Білім саласында басшы болдыңыз, абырой-беделден де кенде қалған емессіз. Осынау ұзақ уақыт, жарқын жылдарда ғимарат мәселесінің шешілмеуіне не себеп?

Еліміздің білім беру саласының ең алғашқы орынында – жалпы негізгі білім беру тұрады. Негізгі білім беру үшін үш ауысымда оқуға жақын мектептеріміз көп. Мұның өзі жақсылық көрсеткіші, яғни, аймағымыздағы бала туу көрсеткіші жоғары. Бір сыныпта қырық баладан оқып, әр оқушының атын атап, бір-бірлеп шақырғанда, қырық минут өтіп кетеді…

Бір сыныпта қырық оқушы қысылып-қымтырылып отырса, жақсы білім алуға қалай мүмкіндік болады? Сыныпта ауа жоқ, демалу қиын. Балалар сыныпта иық тіресіп отырып, дәлізде сыймай, соқтығысып жүреді. Бір баланы «артықсың» деп шығарып жіберуге заң жүзінде құқың жоқ. Ата-анасына: «Балаңызды аяңыз, оқушысы сыймай жатқан мектепке емес, үйіңізге жақын сыныптары кең мектепке беріңіз» десең,  құлақ аспайды. Баяғы қасаң түсінік, қатып қалған қалыппен «Ата даңқымен – қыз өтеді» демекші, аты бір жақсы жағынан шыққан мектепке баласын қырық оқушының ортасына тұншығуға жібереді. Ол жерде ешкімнің басының қақпағын ашып, білім құйып бермейді…

Бүгінгі таңда мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы негізгі қаржымен қарайласып, өңіріміздегі бүлдіршіндердің балабақшаға орналасу мәселелері біршама шешімін тапты.

Аймағымыз жаңғырып, қаламыз орталыққа айналғалы қаржылық әлеуетіміз күшейіп, қазір жыл сайын екі-үш мектептен, тіпті, мың балаға арналған білім ошақтарын қосарлап салып жатырмыз.

Менің ойымша, Елбасының бастамасымен, мемлекет басшысының ықпалымен өңіріміздің қазына-қоржыны молайып, қомақты қаржы еселеп көбейгендіктен, мемлекттік мектептердегі оқушыларға орын жетіспеушілік мәселесі де жылдам реттелетін болады.

Келесі кезекте «мектептен тыс мекемелер» дәрежесіндегі «қосымша білім беру» мекемелеріне қарайласу тұр…

 Айтыс – атамыздан қалған көне мұра. Еліміздің еркіндік алғанына отыз жылдан асса да, осынау орасан байлығымыз айтыс – уақытша демеуші, қаржылай жебеуші іздеген бейшара күйде. Сондықтан, сіздің «Айтыстың иесі жоқ» деп қалған ащы сөзіңіз – нағыз шындық. Мемлекетіміз айтысты өз қамқорлығына, шынайы жанашырлығына қашан алады, деп ойлайсыз?

Шынайы жанашырлықпен «айтысты жарылқай қояйын» деген ешкімді көрген жоқпын. Әйтпесе, осы ойды айтып жүргенімізге көп болды. Мәдениет министрлігінің негізгі жұмысы – ұлттық өнерімізді дамыту. «Рухани жаңғыру» деп, үргін-сүргін болып жүргендерге айтарым: «Рухани жаңғырудың атасы – айтыс».

Мәдениет министрлігі жылына бір рет өткізетін «Алтын домбырасын» міндетсініп, келесі жылға дейін жатады. Сонда ақынның бәрі «Алтын домбыраға» қарап, жыл бойы аузын ашып отыруы керек пе? Түрлі айтыстарды өткізуге міндетті ғой, Мәдениет министрлігі. Бірақ, Мәдениет министрлігі ««Алтын домбыраны» өткізу ғана міндетім» деп, есептейтін сияқты.  Мәдениет басқармалары да кірпігін қимылдатпайды…

Қазіргі Түркістан облысының Мәдениет басқармасы соңғы үш жылда бір айтыс өткізген жоқ. Мәдениет басқармасы жоспарына кіргізіп, «айтыс өткізем» десе, қолын ешкім қақпайды. Біздің басқармалар талай шараларды жоспарына кіргізіп, флешмоб өткізеді. Флешмобты көрдік: жиналған жастар қолын алға бір сермейді, артқа бір сермейді де, «біз бірдеңені қолдаймыз» дейді… Флешмоб – белгілі бір науқан мен шараны қолдауды білдіріп, өткізетін жастар белсенділігінің бір түрі шығар. Бірақ, «Рухани жаңғыру» деп, қаншама құрғақ ұрандатсақ та, мәдениет саласы айтысқа келгенде жаңғырмай тұр. Тек айтыс қана емес, Кенен Әзірбаев атындағы әнші-термешілердің республикалық байқауы сияқты әйгілі конкурстар да көзден ғайып болды.

Айтыстың «жүрегін тоқтатпай тұрған» – салалық Одақ пен анда-санда қарайласқан «НұрОтан» саяси партиясы.

 

 Айтысты нақты қолдауға, еліміздегі екпінді партия пәрмен бермей ме?

Саяси партия дегеніміз – мемлекеттік құрылым емес, қоғамдық бірлестік болғандықтан, ұсыныс айта алады, бірақ, мемлекеттік орындарды міндеттейтін пәрмен беруге құқы жоқ. Турасында, жетекші партияның қолдауын күтпей, облысымыз бен қаламыздың – жаңа облысымыз бен оның орталығында жасалып жатқан қырғын шаруаларды көрсетіп-айтып, үгіттеп-насихаттап, елге жеткізудің әдемі жолы ретінде айтысты таңдап алуына әбден болады. Мысалы, егілген жас жетек талдарды – жұлып тастаған; жарқыраған самаладай жаңа шамдарды – қасақана шағып-сындырған; андыздап мөлдір су аққан таза арықтарды – әдейі бітеп, көзін көмген надандық пен енжарлықтың таспасын тіліп айтып, ақиқаттың ащы нөсерін төгетін айтыс емес пе?!.

Жаңа аймақ,  өңірдің идеологиялық қаруына айналуға тиіс өнердің атасы, халықтың батасы – айтыстың қадірін түсінбеу мен бағасын білмеу  парасат-пайымның көрінісі емес.

 

 «Жастар – айтысты білмейді немесе сүймейді» деуден аулақпыз, бірақ, соңғы жылдары айтыс жанкүйерлерінің арасында қатары сиреп бара жатқандай…

Баяғыда менің бір айтыста айтқаным бар: Шымкентте Наурыз айтысы болып, алдыңғы 4-5  қатарда – ата-апалар, сосынғы қатарларда – орта жастағылар, соңғы қатарда – жастар отырады. Алдындағы кісілер келесі жылы да мызғымайды, олар арнайы шақырылған қонақтар емес, бірақ, айтыстың нағыз шынайы жанашырлары. Сол кезде айтқаным бар еді «төрдегі апаларым мен аталарым, сіздердей көрерменнен айырылсақ, біз далада қалатын сияқтымыз…» –деп…

Айтысқа жастардың да ынтасы ыстық. Барған жерімізде көріп те, сеніп те жүреміз. Жап-жас жігіттер мен қыздар амандасып, «айтысты жақсы көреміз» деп жатады. Әлеуметтік желілерде қаралымдары бірнеше мыңға тартатын айтыстар бар. Сол бекер емес.

Айтыс – жалықтырмайтын жанр. Әнді бір-екі рет тыңдап, жалығуың мүмкін, бірақ, бір айтысты – ешқашан екінші айтыс қайталамайды. Айтыс – синкретті жанр, құр сөз ғана емес, ішінде саз да бар. Айтулы ақындарымыз нешеме алуан мақамдарға салғанда, сұлу жорғаға мініп кетердей делебең қозады. Айтыстың мол қырлы мүмкіндіктерін пайдалана алу керек.

 

 Бүгінгі таңда әралуан айтыссымақтар пайда болды (мысалы, ақын мен әнші айтысы), сондай теріс тәсіл, әңгүдік әдістер туралы сауал қойып, сізге қолдан дұшпан жасамай-ақ қояйық, бірақ, «Мен бір нәрсе бітіріп жүрсем, қолымнан бір нәрсе келер болса, ол – осы айтыс қана» – деген сөзіңізді ескеріп, айтыстың болашағы жайлы ойыңызды білгіміз келеді…

Айтысты небір шоу-бағдарламаларға тарту – телеарналардың рейтингі үшін жасалып отырған дүние ғой. Шоу-бағдарламаларда «ақын мен әнші», «ақын мен балуан» деп, рейтинг көтерудің әуресімен әлек. Бұл әрекеттердің шынайы айтыс өнеріне ешқандай пайдасы жоқ. Бәлкім, біреулердің танымал болуына ықпал ететін шығар. Бірақ, арналы айтыс – өз жөнімен, өзінің ізімен кете береді. Маған да осындай айтысқа қатысуға қолқа салған. Қазір сол кезде қолым тимей қалғанына қуанамын…

Астанада айтыс мамандығын оқытатын «Шабыт» университеті бар, біздің Өнер мектебімізде ақындарды тәрбиелейміз. Егер Астанада жылына бір-екі айтыс: «Тәуелсіздік күні айтысы» мен «Астана күні айтысы» ғана өтсе, аталған қос білім ошағының түлектері «қайда барам» деп оқиды, «қай айтысқа қатысам» деп ойлайды?.. Сондықтан, менің түйсігім бойынша, айтыс тұрақты өтіп тұратын тыңғылықты жүйе құру керек. Сонда айтыстың өтуіне жағдай жасалса, демек, белгілі бір дәрежеде айтыскерге де жағдай жасалады.

Халықтың ықыласы ыстық айтыс өнерінің отын жағып, шоғын үрлеп тұру үшін екі айда немесе тоқсан сайын республикада, облыста, қалада, ауданда міндетті айтыс сайысы өтуге тиіс. Ақындар бойын жинап, ойын түзеп, сөзін күзеп, әрбір жарыстың кезекті сатысынан сүрінбей өту үшін өзін-өзі іштей де, сырттай да баптайтын болады.

 

 Республикалық «Алтын домбыра» айтысында жас ақындардың көрінбеуіне негізгі себеп осы дейсіз ғой…

«Бұлақ көрсең – көзін аш» деген, көзін ашатын механизм керек, жас ақынды қатыстыру үшін, алдымен, аяқ алысын көру керек. Жас перілерді көрсететін аламандар керек. Тани алмаған асыл-маржандарымыздың туған топырағымыз – Түркістан аймағының талай бөктерлерінде де «бұғып» жатуы әбден мүмкін…

 

 Ең соңғы «Алтын домбыра» айтысынан кейінгі туған сауал: бас бәйгені бір ақынға бірнеше мәрте беру саясат па, әлде  шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктің шындығы ма?

«Саясат» дегенін білмеймін: көзім көрген жоқ, құлағым естіген жоқ. Негізі, Мұхтар Ниязов – шын жүйрік. «Алтын домбырада» ғана емес, талай айтыстарда топ жарған тарлан.  Ал, айтыста – әділетсіздік баяғыдан бар. Оны көрермен де, өзіміз де көріп жүрміз. Бұл – қазының ар-ұятының барометрі. Соған салып бағалайтын нәрсе. Басқа ештеңесі жоқ….

 

 Әр адамның құмар ісі, жанына жақын кәсібі болады. Ұзынқұлақтан сіздің асылтұқымды атқа, көкпар мен бәйгеге құштарлығыңызды құлағымыз шалып қалды…

Атбегілік, атқұмарлық – ата-бабамыздың мұрасы. Біздің әулетімізде айрықша атқұмарлық бар. Біздің ауыл – Отырар. Менің бала кезімде 1980-90 жылдар арасында көкпар Түркістанда болатын. Ауылдан төтесімен шықса, Түркістанға 50 шақырым. Көкпар Отырабат бекетінің тұсында өтеді. Соны біздің ауылдан қарап отыратын. Бірінші соғысқа әскер шыққандай лег-легімен аттар аттанады. Сонда алдында 20-30 қариялар шығатын. Жол бастайтын қариялар екен. Өздері ерте жиналып, 20-30 шақты шал бірінші шығып кетеді. Артынан кәдімгі отыз-қырықтағы жігіттер ереді. Сосын, тай-құнандар, ақырында, біз шығамыз, есекпен…

Бір атта – бір адам. Бір есектің үстінде – үш адам. Өз-өзімізбен тартысып, есек көкпар шауып қайтамыз, кешке дейін улыған-шулыған болып. Сонда біздің ауылдың өзінен 100 ге жуық адам шығады. Баласы бар, қариясы бар. Сол жерге таяу Абат деген көкеміздің қыстауында шалдар бұрын, кейін екінші лек келіп, шәй немесе айран ішеді. Соңына бізде ілесеміз: бір таба не жапырақ нанға. «Не деген береке ана үйде» деп қызығатын едім. Сол кезде Абат көкемнің айтатыны ғой: «Ей, қайтарда соқпай кетпеңдер!» дейді…

…Тоқсаныншы жылдары тоқырау басталды. Көкпар не нан табу – мұң болды. Малдың бәрін Түркістанға келіп, ұнға айырбастайтын. Ақша жоқ. Біздің ауылда көкпарға шығатын ат қалған жоқ.

Біздің үйде бір ат қалды. Сонда көкпар өте сирек. Тіпті, Түркістанның өзінде аз. Арыста, Ордабасыда болады. Біз сол көкпарға бір атымызды артып алып шығамыз. Мәшине табу қиын. Көкпарға бәріміз құмармыз. Атымызға беретін жем-шөп табудың өзі кәдімгідей қиын кез. Сондайда анамыз: «Бір ат – бір үйдің ырысын ішеді» деп, отыратын…

Қазақтың баласына жылқының басы – ырыс. Аттың құдыреті – құмарлық. Қазір Астанада апта сайын дүркіреген көкпар өтеді. Салымы да жақсы, аты да көп. Бекболат ағаларымыз қайнаған көкпардың ішінде жүр. Шабандоздар қалалардың екі ортасыда ұшып, көкпар шауып жүр.

Ат барған жерге – қазақылық барады. Аттың үстінде жүрген адамға – ерекше рух бітеді. Баяғыда бір көкпарда атқа мінген атақты Төребек көкеміздің жанынан атпен ағызып өте шығыппын. «Ей, Шойбеков!» деп біреу айқайлады, артыма қарасам, Төребек көкем екен. ««Күрең атқа міндім» деп, кісіге сәлем бермейтін болыпсың ғой» деді. Сәлем беріп, «Келіңіз, мына атқа мініңіз!» деп, көкемді атқа мінгіздім. «Көрейікші, сенің атыңды» деп, бір айналып келіп; «Ей, Шойбеков, мына атың, шынында, кісіге сәлем бергізбейтін ат екен» деді. Сол айтпақшы, аттың желі деген – сұмдық. Ақ бұлттың ар жағына бір-ақ шығарып жібереді…

 

 Шамамен, жеті жыл бұрын Ақжайықтың аққыраны Жансая Мусинамен наурыз аламанында:

«…Бұрынғының дауларын билер шешсе,

Бүгінгінің дауларын сот шешеді.

Өздерің күнде көріп жүрсіңдер ғой,

Шешсе де бірдеңеңді «жеп» шешеді.

Соттан әбден зәрезәп болған халық,

Қазір сотқа бармайды, беттеседі.

Дауға айналып, өзара жауға айналып,

Біржола көрместей боп кектеседі.

Ақыры, бір-біріне мылтық тіреп,

Сот шешпеген нәрсені «оқ шешеді».

Би – түзу, билік – әділ болып тұрса,

Дәл мұндай жағдайға жетпес еді…

Ақиқатқа жете алмай ашынғандар,

Шетінен жыртқыш болып кетпес еді…» – деп, қара қылды қақ жарып едіңіз, қазір мемлекет басшысы да, сот іс жетекшісі де ауысты, өзгеріс-өріс сезіле ме?

Иә, бұл айтыс – есімде. Есімде болатын себебі, мен жаңылмасам, Төле би ауданында ма екен, бір отбасылардың арасында дау-жанжал болады. Жерге таласады-ау, шамамен. Шағымданып сотқа да барады, шешілмейді. Сосын, бір-бірімен атысып, шешеді… Мемлекеттің әлсіздігі ғой. Жүйені дәлелдеп, көзіне көрсетіп, шегелеп ақиқатын шешіп, мойындатып жіберу ғой – соттың жұмысы. Бұрын бидің алдына барған кезде би «сен жеңдің, сен жеңілдің» демеген, көзін жеткізіп мойындатып, кәдімгі қол алдырып, жеңілген адамның айыппұлын төлетіп, қайтып ол мәселеге оралмайтындай етіп жіберген… Біздің сот та нақты көзін жеткізу керек. Көзін жеткізгенде – көзсіз тірліктерге бармайды. Бұл – бір-ақ мысал.

 Түрік баласының рухының қағбасындай болған Түркістан облысқа айналғандағы, ең алғашқы әсеріңізбен боямасыз бөліссеңіз…

Сұмдық қатты қуандық. «Түркістан облыс болады» деген үш ұйықтасақ – түсімізге кірмеген. Өйткені, осы уақытқа дейін біздің қарияларымыздың президентке жазған хаттарының барлығы Түркістанға облыс орталығын емес, қала мәртебесін сұрады. «Өз алдына жеке бір қала болса» деп сұрап келді. Бұл – Елбасының тікелей идеясы, бастамасы, ілкімді ісі. Бұған ешкім жармаса алмайды, шындығы осындай.

Тіпті, облыс орталығы болған кездің өзінде де «Түркістан облысы болады» деп, ешкім ойлаған жоқ. «Оңтүстік Қазақстан облысы» болады деп ойлады. Елбасымыз бәрімізді таңғалдырып,«Түркістан облысы» деп атады. Облыс орталығын көшірді. Жаңа қала салып жатыр…

Түркістанның адамдарды тартатын күші бар, бәлкім, ата-бабалар рухының тылсымы болар. Қай қазақтың түбін қазып келсең, бір бабасы – осы жерде жатыр. Қазақтың қаншама хандары, билері, батырлары Түркістан топырағында бақилық байыз тапты. Қазыбек бидің сүйегін сақтап, алты айдан соң осы жерге алып келген нәрсе не құдірет?… Биді, батырды осы жерге тартқан нәрсе не?  Ал жақсы әулие шығар.  Сонда әулиенің қасиеті не? Осы нәрсені кішкене халыққа ашыңқырап халықтың өзінің тілінде жеткізу керек. Мен үнемі Д.Кенжетай секілді Яссауи танушы кісілерге сіздер жақсы ғылыми еңбектер жазасыздар, бірақ тым тереңдеп кетесіздер, халықтың тілінде жазылса деймін. Иә, қасиетті жер, бұл жерде Яссауи бабамыз жатыр дейміз,  әрі қарай бара алмаймыз. Сосын бізден   «Яссауи несімен әулие, не қасиеті бар?» десе не айтамыз елге? Дін таратқан. Жақсы, одан басқа ешкім дін таратқан жоқ па? Пайғамбардан бері қарай қаншама сахаба, машайх әулие-әмбие дін таратты ғой.  Ерекшелігі неде осының? Жұрттың бәрінің құмар болатындай не қасиеті бар? дегенге халықтың өз тілінде жауап беру керек деп ойлаймын.  Алдымен жергілікті ұлттың, халықтың санасына әбден сіңіру керек.  Соны сіңіріп жіберген кезде халықтың өз болмысы да өзгеріп шыға келеді. Рухтанады. Рухани орталық меніңше сондай болу керек.  Рухани орталық деп жазып қойғанмен одан рухани орталық болып кетпейді.  Құрылыстар жүре берер. Бұл жақсы. Сол руханият жағына көңіл бөлуіміз керек. Шынымен халықтың рухын оятуымыз керек.

Түркістан топырағының қыр-сырын, құдірет-қатпарын, тылсым-құпиясын ғалымдар біледі. Меніңше, ғалымдар халықтың рухын ояту үшін – халықтың тілінде сапалы да түсінікті еңбектер жазу керек.

Сөздің тоқетері, бүгінгі Түркістан – жаңа ғасыр басында іргесін қалаған қазақтың жаңа астанасы Нұр-Сұлтанды еріксіз көз алдымызға келтіреді. Түрік баласының рухани астанасында ғасыр құрылысы қайнап жатқанда, тепсе темір үзетін келісті қырықтың кемеліндегі алаштың аймаңдай азаматы сіз – «Ұл тілегі – ұлтында, құл тілегі – құлқында» деп ақын Сабыр Адай ағамыз айтпақшы, қызу шаруа, несібелі науқанның қою ортасында жүруге тиіссіз ғой…

Біз руханият жағында жүретін шығармыз. Әркім өз қолынан келетін нәрсесімен үлес қосу керек, қала мен облыстың дамуына. Құрылысшы – құрылыс саласында, етікші – әдемі етік тігу керек, саудагер – жақсы саудасын жасау керек деген сияқты. Мұғалім өз үлесін қосу керек. Біздің үлесіміз – бойымыздағы азын-аулақ өнерімізді шәкірттерімізге үйретіп, мектептерді дамыту болса керек.

Басқа жағынан керек болсақ, еш аянып қалмаймыз. Қыш қалау керек болса, несі бар, бір үйден салдық бәріміз, кесек те қалаймыз… Шынында, қалада түсімізге кірмеген нығметтер болып жатыр. Түркістанда жаз бойы жаңбыр тама қоймайтын еді, соңғы жазда нөсерлі көп жауын жауды.

Табиғи отынның жақсылығы – қаншама бейнеттен құтқарды. Бұрын қаланың еңсесін қара түнек басып тұратын. Қазір тап-таза болып кетпесе де, қою қара бұлт – сирек ала бұлтқа айналды. Құдай қаласа, келесі жылы көгілдір аспанды тамашалармыз…

Қанша жол жасалды, көшелерге тас төселді, тақтайдай жолдар, әдемі шамдар… Күллі қазақтың қалтасынан жинап, салықты сығып алып, біздің шаһарымызды жандандырып жатыр, біз соншама байлықты, мәселен, көшенің жарқыраған самала шамдарын сындырмай, әдемілеп ұстауымыз керек қой.

 Иісі түркінің рухани астанасы Түркістанда кіндігін кескен «Сарасөз» – аймақтағы жалғыз республикалық журнал…

Жаңа баспасөз құралын шығару – қашанда айрықша қажыр-қайрат пен ерекше күрескерлікті талап ететін қасиет. Өркениет иектеп, баспасөз әлемі де ерікті түрде электрондық қалыпқа ауысып, цифрлы бейнеге ыңғайланғанымен, меніңше, бәрібір, адамның әсер алуы мен ләззатқа бөленуі – қағаз газет-журналды қолға ұстап, оқығандай болмайды. Қолға ұстау, оқу, аудастыру, парақтау, тіпті, қағаздағы әріптің майының мұрныңа келу үрдістері – асықпай ойлануға, сабырмен толғануға алып келеді… Темірқұрсаулы суық гаджеттен – эстетикалық ләззат ала алмайсың. Газет-журналдардың өзіндік әдемі исі болады.

 

Меніңше, халыққа қажет нәрсе: рухани байлық пен эстетикалық талғам.

«Сарасөз» журналынан өз басым осы қос қажеттілік қасиетті көрдім. Мысалы, өнер мен білімді қатар серік еткен Бекжігіт Сердәлі ағамызды бәріміз білгенімізбен, сіздің журналыңызды оқыған адам – ол кісінің жан-дүниесіне тереңірек үңіліп, толығырақ түсінеді. Өмірде адамның жан-дүниесін танудың маңызды болатын себебі – жақсы кісінің бай да қазыналы қасиеттерін неғұрлым етене таныған сайын – соғұрлым өзіңнің жан-дүниең де тазарып-түлей береді.

Жақсылық, жылылық, жұмсақтық – рухани дәрумендері – «Сарасөз» журналының болмыс-бітімімен әрдайым біте қайнассын!

 

Сұқбаттасқан Гүлжаз ҚАРЫБЕКҚЫЗЫ,

Түркістан қаласы

Осы айдарда

Back to top button