Қоғам және бізТаңдаулы

Көк мұзға — көк қарға қатты…

Сайлаудың ойлауы

Мыңжан БАЙЖАНИН,

қоғам қайраткері.

Сайлаудың табиғаты егізөрім, қосқанат: ұғымы – байлау, тұғыры – әділдік. Жалғыз қанат құс– ұша алмайды, өмірем қабады; қос қанаты қайырылса, ажал табады…

Ұшқан құс, жүгірген аңның – мұқымы қу тамақтың қамында. Адамның Алла Тағала бұйыртқан артықшылығы – ақылы мен санасы, сезімі мен мейірімі. Әйтсе де, қорек түгесіп, аштық қысып, құрсақ құрғаса, адам баласының арыстанша айбат, қасқырша  қаһар қылуы кәдік…

Кертартпа тағы бір тылсым құбылыс: жемсауы толы құс, өзегі тоқ жануар байып қалып пен байыз тапса, керісінше, қарны май бітіп, қары күжірейген пенденің көзін шел басып, өзін шер қысады… Майлықожаның мыңтарау толғауы естен шығады:

«…Пендені дәулет мас қылар,

Қырауды кешкен жылқыдай…

Қызықтырған түлкідей,

Дүние өтер бір күні-ай!»

Бауыры – шылқыл, бәтуәсы – былшыл бұлтың-бұлтыңтағы мыршай-мінез қылды. Өзегі талған өңшең өре түрегелмеді, еңселі ерді көрмеді. Қарқұрым қара қарға қыр басына қайтара саңғыды…

Кеудені – өксік, көкіректі – шер қысты. Шердің қамаутері – көзсіз қиянат. Мас-мансаптың буы бұрқырап, есалаң құзыр едірең етті.

«Момыннан жаман – қорқақ жоқ,

«Қу», «пысық» деген ат қайда?!

Арсыз болмай атақ жоқ,

Алдамшы болмай бақ қайда?!.» (Абай).

Батпан сырқат, ауыр ауру – арсыздық. Ақыры – емсіздік. Ал, алаяқтың алты ауызы – алдамшының қиян қонысы…

Алаштың азаттығын аңсап, қазақтың қасыретін кешкен Ахмет атам (БАЙТҰРСЫНҰЛЫ) нәпсіге былғанбаған шариғи шартымен, атаукере бусанбаған байсал қалпымен шүберекке түйген жалқы жанын ұлтының ұлық мұратына құрбан қылды…

«Ай, Абылай, Абылай!

…Дәулет бітіп басыңа,

Қызыр келді қасыңа…

Жұлдызың туды оңыңнан,

Жан біткен ерді соңыңнан,

Ақ жол тапты күніңіз.

Арсы менен Күрзіге,

Тайталасты үніңіз!» – деп, Бұқар Жырау ардақты атын асқақтатқан, қазақтың үш Жүзінің басын қосып, елінің есін, жауының айылын жиғызған айбынды Абылай ханның алып тұлғасын – құлқыншыл «Боқ көтерген боқтың қабы» мансұқтауға тыраштанып, қырық сідік кірменің «көңілін таптың» деген долбар-далбасамен балағымызды былғады…

…Бұқарды білмейтін, Абайды түсінбейтін, Майлықожаны танымайтын кілең жусақ, өңшең өлекшін…Он бір мың тәуліктен асқан билік пен тасқан байлық – арсыз һәм түпсіз қарынды қызыл бидай қуатындай жарып жіберерге жақын…

Қара сөздің қабыланы Шерхан Мұртаза көне Тараздағы әңгімешіл көкем Несіпбек Дәутайұлына тәлімі терең тәмсіл айтыпты: «Антон Чеховты білесің ғой, соның қыс туралы ең қысқа әңгімесі бар. О заман орыс әдебиетінің дүрілдеп тұрған кезі. Лев Толстой, Федор Достоевский, Иван Тургенов, Максим Горький… Өң алып. Бірде ең қысқа әңгімеге бәйге жарияланады. Қатты қыс туралы. Енді жазады келіп… «Солқыста…», деп қойып, құдай-ау, нені айтпады. Қар адам түгілі, ағаштардың бойынан асып кеткен, деревньялар қарға көміліп қалды, жол үстіндегілер адасып, үсіп… Бәйгеге қатысқандардың қаламынан небір сұрапыл қыстар жарыса ысқырып шығып, оқығандардың иманын ұшырып, жүрегін сулатады. «Сөйткенекен» деп, оларға ешкім бәйге бере салған жоқ. Бәйгені Чехов алды. Сондағы жазғаны жалғыз-ақ сөйлем: «Осы қыста көк қарға, көк мұз болып қатып қалды». Сұмдық қой. Егер қандай да бір қатты қыстан тірі қалса, тек көк қарға тірі қалады екен…»

Әбден, рас. Маңғаз жылдың табалдырығында қазақ баласы да көк қарға – көк мұз болып қатып қалған сұмдық қаңтарды бастан кешті…

Еркіміз ескерілмей, ырқымыз ысырылса да, түртінектеп тірі қалдық…

 

Алматы шәрі,

қаңтар, 2021 ж.

Осы айдарда

Back to top button
Close
Close